Дактиль
Бақыт Жалиева
Пьеса «Ескі жаңа рамарафон» микрофестиваль аясында жазылған
Кейіпкерлер:
Досан — көлік жүргізушісі, 45 жаста
Зағипа — жолаушы әйел, дөрекі мінезді, 45 жаста
Мерей — жолаушы, дәрігер, 35 жаста
Рита — күйеуге шықпаған қыз, 28 жаста
Фарида — аяғы ауыр студент қыз, 19 жаста
Даяшы әйел — 50 жаста
31 желтоқсан, сағат шамамен кешкі 22:00. Ауылдан қалаға шыққан такси көлігі жолда бұзылып тоқтап қалды. Жол бойындағы ескі кафенің ішінде жолаушылар киіммен отыр. Ішінде дұрыс жылу жоқ, ұялы байланыс ұстамайды. Кафе іші көне мишуралармен, жұпыны шыршамен әсемделген. Сырртан жүргізуші ішке кіреді. Өзі тоңған, қолын үріп жылытады.
Досан. Даяшы, ыссы шәйің барма, әкелші тезірек.
Зағипа. Шәйің не көкем ау, күткенімізге 1 сағат болды, тезірек үйімізге жету керек.
Мерей. Апай дұрыс айтады, тезірек жетуіміз керек, мен онсызда кезекшіліктен жарты сағат кешігіп жатырмын. (Сағатына қарап.)
Даяшы Досанның алдына шәй әкеп қояды. Ол асықпай шәйды ұрттайды.
Досан. Жүрмейді көлік, оталмайды. Қазір жылынып алып тағы көремін. (Шәйін сораптай ішеді.)
Рита. Сіз қызықсыз, жаңа жылға бір жарым сағат қалды, ал біз мұнда күтіп отырмыз. (Айналаға жақтырмай қарайды.) Сіздерді үйлеріңізде ешкім күтпейдіме?
Досан. Күткің келмесе жаяу кете бер, машина жүрмесе мен неғыламын енді. Мені де бала шағам әні міне кеп қалар деп күтіп отырған болар. Жол болған соң түрлі жағдай болады, күтетін жердің болғанына шүкір айту керек, далада қалсақ не істер едік..
Зағипа. Жүргізуші шырақ, адам алыс жолға шығар кезде көлігінің жарамдылығын қарау керек, мына бикештің айтуы орынды.
Фарида ішін сыйпап қинала ыңырсыйды.
Фарида. Аға, мен жолда босанып қалсын демесеңіз көлікті тезірек жөндегеніңіз жөн.
Мерей. Мен сізге көмектесейін, қане жүріңіз.
Досан. тым болмаса шәйімді ішіп алайын.
Зағипа. Шайды қоя тұр, тезірек жетуіміз керек. Балаларым мен күйеуім алаңдап отырған шығар, байланыс та жоқ бұ жерде. (Телефонына қарап.)
Досан мен Мерей сыртқа шығып кетеді. Әйел адамдар бүрсіп тоңып отыр. Фарида ішін ұстап мазасыздануда. Жанына Рита келеді.
Рита. Қатты ауырып тұрма, сәл шыдашы. (Маңдайынан сипайды.)
Зағипа (Фаридаға қарап). Арамызда бір күнахардың кесірінен осындайға тап болдық. Әкесі бар ма? (Жауабын күтпестен.) Әй өзімде солай ойлап едім. Құдай қаламасаң бере салады, ал күтсең зарықтырып бермейді. Мен қызымды қырық жасымда дүниеге әкелдім. Еууу қошақаным, мені күтіп отырған болар.(Жүзіне жылулық ұялап, жымия күледі.)
Фарида. Жігітім аяғым ауыр екенімді естігенде жоғалып кетті. Алдыруға тым кеш, маған бұл баланың қажеті жоқ, мен оны өсіре алмаймын, мен әлі жаспын, өмірім алда. (Жыламсырайды.)
Рита. Сіңілім сен айтып тұрсың, керек емесі қалай. Сәбидің не кінәсі бар?
Фарида. Әке шешемнің бетіне қалай қараймын, олар мұндай жағдайда екенімді білмейді.
Зағипа. Қайдағыны айтпа, аман сау босанған соң немерелерін көріп қайта қуанады әлі. Даяшы, ішетін бірдеңкең барма, әкелші бері, босқа отырғанша жаңа жылды бастап, тым болмаса көңілімізді көтерейік. («Беу-у-у өмір ай.. өмір» ай әндетеді.)
Рита. Мен бұл жерде жаңа жылды қарсы ала алмаймын, үйге жетуім керек, бұл дегеніміз сұмдық қой. (Арлы берлі ашулана жүреді.)
Даяшы Зағипаның алдына коньяк пен рөмке әкеп қояды. Зағипа сөмкесінен Қазақстан шоколадын шығарады.
Зағипа. Тағы да рөмкелер әкел. Әй қыз, көрмей тұрмысың, көлік жөнделгенде де біз он екіге дейін үйімізге жетіп үлгермейміз. Осы жерден жаңа жылды қарсы аламыз. Кел оданда алып қояйық.
Рита ашуланып рөмкеге құйылған коньякты бір демде төңкереді де орынына отырады. Бетін басып жылайды.
Рита. Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл солай болады деуші еді. Мен тағы да жалғыз қалдым.. Не күйеу, не бала, не жігіт жоқ.. мына ит өлген жерде, бейтаныс адамдардың жанында. Қайдан ғана жолға шықтым.
Зағипа. Бейтаныс болсақ қазір танысамыз. О, міне жігіттер де келді.
Сырттан досан мен Мерей кіреді. Мерейдің қолында мотор. Қыздар үмітпен жігіттерге қарайды.
Зағипа. Как раз келдіңдер. Келіңдер, жылынып алыңдар. (Рөмке ұсынады.)
Рита. Көлік жөнделдіме, кетейікші бұл жерден. Аға мұныңыз не, сізге ішуге болмайды ғой. (Дауысында таңырқау.)
Досан. Менде адам баласымын, бүгін жаңа жыл. Оның үстіне көлік әлі оталмай жатыр, моторды жылытып, қайта саламыз.
Мерей. Мен ішпеймін, кезекшіліктемін.
Зағипа (таңдана қарап). Есің дұрыспа, қайдағы кезекшілік, біз айдалада отырмыз. Даяшы қане тағы стақандар әкел.
Даяшы стакандар әкеп, коньяк құйылады. Барлығы коньяк ішеді.
Досан (ішімдіктен соң көңілдене). Музыкаң барма, қоссаңшы, билеп бір жылынайық. Қызыл өрік, қызыыл өрік.
«Қызыл өрік» әні қосылады. Жолаушылар көңілдене билей бастайды. Сырт киімдерін шеше бастайды. Сахнада көңілді кеш. Кенет Фариданың айғайлаған дауысына барлығы тына қалады.
Фарида. Уақыты келген сияқты, суым кетіп жатыр. Ах-х-х-х, ух-х-х-х.
Досан. Ойбай у, қарындасым.. Сен жігіт дәрігермін деп едің, көмектессеңші қызға.
Мерей. Мен бірақ балалар дәрігерімінғой. (Абдырап.)
Рита. Не істеп тұрсыздар, көмектесіңіздер.
Фариданы басқа бөлмеге Мерей Рита және даяшы қолтықтап алып кетеді. Зағипа мен Досан оңаша қалған соң рөмкелерін соғыстырып ішіндегісін төңкеріп салады.
Зағипа. Жаңа жыл құтты болсын!
Досан. Берекелі жыл болсын!
Сахна сыртынан қыздың қиналған дауысымен сәбидің іңгәлаған дауысы естіледі. Сағат түнгі 00:00 соғады. Сағат дыбысы мен сәби үні. Бөлмеден баланы құшақтаған Рита мен Мерей шығады.
Рита. Жаңа жылда дүниеге жаңа адам келді. (Жымиып сәбиге қарайды, қолындағы сәбиді Зағипаға ұстатады.)
Зағипа. Айналайын, қош келдің бұл әлемге! (Сәбиді Досанға ұстатады.)
Досан. Өмірге келуіңмен қошақан, енді біздің жолымыз болады! (Сәбидің тәтті дауысы естіледі.)
Арғы бөлмеден Фарида шығып, қолына сәбиін алады.
Фарида. Ұлым бүгін жарық дүние есігін ашты. Жолда, бейтаныс адамдардың арасында босанамын деп кім ойлаған. Сіздер баламды дүниеге әкелуге көмектестіңіздер, сіздер оның кіндік ата-анасы боласыздар. Енді ол жалғыз емес. Оның сіздердей мама папасы бар. (Жылайды.)
Даяшы жұпыны тұрған шырша шамдарын жағады. Айнала жарықтанып, шамдар жанады.
Даяшы. Жаңа жыл келді, осы жерде өмірге сәби келді. Жолда дүниеге келген сәбидің есімін Жолаушы деп қойсақ қалай болады?
Фарида (күлімсіреп). Иа, мен келісемін. Ұлым, сенің есімің Жолаушы. Анаң жолаушы болып, сені бүгін дүниеге әкелді.
Досан (шампан атып). Ал қане жаңа жыл құтты болсын! Жолаушының туған күні құтты болсын! Бейтаныс адамдар боп келген едік, енді бірімізге туысқандай боп кеттік.
Шампан бокалдарға құйылып барлығы соғыстырады. Сахнада әуен қосылып Фарида ән айтып бастайды. Қалғандары қосылады. (Ән. М.Садуақасова «Жаңа жылдың жарқырасын шамдары). Барлығы ән айта отырып шыршаны айнала билейді. Сахнада жылтырақтар, қарлар себіліп, бенгал оттары жанады.
Соңы
Бақыт Жалиева — жазушы, драматург. Мамандығы педагог-дефектолог. Оралхан Бөкей атындағы «Ауыл хикаялары» 2022 жылы Республикалық байқауының ІІ орын, Кемел Тоқаев атындағы Республикалық детектив байқауының 2022 ІІ орын жүлдегері. 2024 жылы Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы Республикалық драматургия байқауының бас жүлдегері, «Алтын қалам-2024» байқауының үздік детектив номинациясы бойынша жүлдегері.