Аманжол Қазыбек

58

117 ПӘТЕР

Кейіпкерлер:

Исмайл Омаров

1 — Роза.  Ескендір.

2 — Марат. Сара.

3 — Назар. Венера (Шолпан)

4 — Алан. Сәуле

5 — Шал, Кемпір

Лия

Макс

Томирис

Бала

Оқиға бір бөлмелі пәтерде өтеді

 

Сахна 1 бөлмелі кухня-студия пәтер. Ортада төсек, төсек үстінде терезе. Исмайл төсек жинап, шаң сүртіп жүр. Ашулы.

 

Исмайл. Сіздер 117-ші пәтерді көруге келдіңіздер ме? Мен үй иесімін. Бұл өте жайлы пәтер, мұнда кімдер тұрмады, алфавиттің «А» әріпінен соңғы «Я» әріпіне дейінгі фамилиялардың бәрі тұрды. Музыканттарда, мұғалімдерде, бугалтер, шахтёр, спортшы, киллер ой, қандай мамандық бар соның барлығыда осы квартираны паналап кеткен. Қазір бұл сағатына сатылатын пәтер болып кетті. АХХХ! ОХХХХ! Бір жағынан қызық, бір жағынан өте нашар. Бұл квартира ұнады ма? Қарап алыңыздар, міне бұл кіре беріс, ана жақта дәретхана, ас үйі мен жатын бөлме қонақ бөлме бәрі бір, кухня-студия дейді ғой қазір, сондай. Қыста жылы, уақытылы жылуды да қосып тұрады, ыстық суық су ешқашан тоқтаған емес, жарық кейде өшіп тұрады, енді бұл табиғи құбылыс. Қалай аламысыздар? Айына жүз мың теңге арзан? Иә арзан. неге дейсіздер ме? Өйткені бұл үйде ҮЙ ИЕСІ бар. Үй Аруағы немесе сіздерше айтқанда Домовой! Қорықпаңыз, ол сіздерге тимейді. Ол ондай қорқыныштыда емес. Ол шынымды айтсам. Таныстыруға да келмейтін шығар бірақ, бәрібір де алдағы бір сағат бойы оның былшылын тыңдап отыратындықтан таныстырайын. Бұл үйдің ЕГЕСІ, домовойы — МЕН! Есімім Исмайл Омаров Танысқаныма қуаныштымын. Бұл отыз шаршы метірлік үйде қаншама тағдырлар тоғысты. Және де мен солардың барлығының өмірін өз күнделігіме жазып алдым. Айтпақшы бүгін осы үйге жаңа квартиранттар келуі керек. Бірақ олар келгенше өз күнделігімнен сіздерге  бұрынғы квартиранттардың  оқиғаларының  біразын баяндап берейін.

 

Бірінші квартиранттар. Мелодрама

 

Домовой. Жарық? Сап сары свет берші, ретро-свет! О, иә, иә! Рақмет! Музыка?! Ой менің оқиғаларымда музыканы өзім қосамын, қазір магнитофонымды алып алайын, а жоқ. Ол кезде магнитофон таптырмайтын, ол кезде магнитафон бұл үйде болған жоқ. Күйтабақ! Иә! Қазір. (Күйтабақ алып шығады, қосады, блюз музыка ойнайды.) 1975 жыл Шілде, жаз. Бұл үйде қыз бен жігіт өмір сүрді...

 

Үйге продукты көтеріп жас қыз бен Ескендір кіреді. Терезе ашылады парад музыка.

 

Ескендір. Бүгін күн ыстық екен, бекер плащ киіп шықтым.

Роза. Не болып жатыр?

Ескендір. Парад. Совет халқының (КСРОның) классикалық күрестен жазғы алтыншы Спартакиадасы.

Роза. Жаным тіліме теріскен шықты.

Ескендір. Иттің көті.

Роза. Не?

Ескендір. Енді өзің ғой, тіліме теріскен шықты деген.

Роза. Теріскенге иттің көтінің не қатысы бар?

Ескендір. Білмеймін, бірақ кішкентайымнан осылай үйретті, қанша рет жасадым жазылып кетеді, тіліме теріскен шықты деп айтшы.

Роза. Ай қайдағыны айтып сен де, көрейік ал тіліме теріскен шықты.

Ескендір. Мысықтың көті.

Роза. Енді мысық па? Сен мені мазақ қылып тұрсың.

Ескендір. Ой, рас айтамын шыдашы тез ақ жазылып кетеді.

Роза. Тіліме теріскен шықты.

Ескендір. Маймылдың көті.

Роза. Енді?

Ескендір. Тағы екі рет айт.

Роза. Тіліме теріскен шықты.

Ескендір. Жылқының көті. Енді не істесем болады де?

Роза. Не істесем болады?

Ескендір. Жан жағыңа қарасаң, тышып боғын жаласаң кетеді.

Роза. Фу-у-у! Қойшы болды, адамды жынды қылып.

Ескендір. Ой, сенбейтінің не? Көрде тұр бүгіннен қалмай жоқ болып кетеді. Тві тві тві деп түкіре сал.

Роза. Ол хайуандардың менің тіліме қандай қатысы бар екен түсінбедім? Жарайды көрелік, Бүгін қандай тамақ дайындайын?

Ескендір. Не дайындасаң да маған ұнай береді.

Роза. Өзімді дайындасам ше?

Ескендір. Онда аш қалатын болдым.

Роза. Неге?

Ескендір. Өйткені, саған ешқашан тоймаймын.

 

Қыз жүгіріп келіп Ескендіртің мойнына асылады екеуі төсекке құлай кетеді. Домовой үстіне қоянның киімін киіп шығады.

 

Домовой. Ол екеуі өте бақытты өмір сүрді, қолы босаса төсекке жүгіретін. Жалпы осы үйге қоныстанған квартиранттарды шошытып алмас үшін, олардың үй жануарларына немесе кез келген бір нәрсесінің тәніне еніп аламын. Әйтпесе оларды шошытып не үркітіп алуым мүмкін, бас шақта ондай болған, сол себептен айтып тұрмын. Ал мынау менің бейнем бұл Марк деген қоян, анау төсекте жатқан екеуінің қояны. Жарайды мені қойшы мен қызықсызбын. Оқиғаға келейік. Оларда барлығы жақсы еді, тек бір күні олардың тыныштығын телефон қоңырауы бұзды.

 

Телефон шырылдайды. Ескендір төсектен тұрып телефонға барады.

 

Ескендір. Мәссаған, Розочка маған жұмыстан хабарласып тұр.

Роза. Сен жұмыс жасамайсың ғой.

Ескендір. Бұл қалалық баспадан хабарласып тұрған редактор шығар, кеше түйіндемемді қалдырып кеткем. Газетке суретші керек екен. Алло? Бұл кім? Қызық тастай салды.

Роза. Кім ол?

Ескендір. Үзіліп кетті ме білмеймін, біз қай жерге келдік сүйіктім.

 

Ескендір төсекке бара жатады, Қайта шырылдайды.

 

Ескендір. Алло? Тыңдап тұрмын? Алло! Тағы үзіліп кетті.

Роза. Біреу ойнап тұрған шығар.

Ескендір. Мүмкін. Оу жаным жаным жаным.

 

Ескендір қайта төсекке бара жатқанда телефон тағы шырылдайды.

 

Ескендір. Алло! Не ойнап тұрсың? Кімсің? Ей сөйлесеңші мылқаумысың? Уф тағы тастап жіберді.

 

Ескендір телефонды қойып күтіп тұр.

 

Роза. Не істеп тұрсың онда? Кел бері.

Ескендір. Қазір қайта шырылдайтын сияқты. Бес, төрт, үш.

Роза. Кел енді, шырылдамайды, мүмкін қателескенін түсінген шығар.

Ескендір. Екі, бір. Міне!

Роза. Айттым ғой шырылдамайды деп. Келе ғой арыстаным?

Ескендір. Арыстанға әжетханаға бару керек. Шырылдаса алма! Өзі шаршап қояды.

Роза. Шырылдамайды бәрібір. Түйсігім сезеді.

 

Ескендір дәретханаға кіріп кетеді. Қыз қоянды барып сипайды.

 

Роза. Көжек көжек көжегім. Укукуку айыр құлақ.

Домовой. Маған иелерімнің осылай сипайтыны ұнайды. О-о-о-о. Иә... Ах-х-х-х! Болды. Болды деймін. Қыдығым келіп кетті.

 

Қоян секілді секіріп қашып кетеді.

 

Роза. Қандай тәтті еді өзі...

 

Телефон шырылдайды, қыз барып алады.

 

Роза. Алло! Иә мен! А бұл кім екен? Макс? (Әжетхана жаққа қарап, дауысын бәсеңдетіп.) Сен номерімді қайдан алдың? Енді мұнда хабарласпа? Бізде бәрі бітті емеспе? Не? Макс мен қазір басқа біреуді сүйемін. Сау бол, енді хабарласпа!

 

Телефонды қояды, Дәретханадан Ескендір шығады.

 

Ескендір. Тағы телефон шырылдады ма?

Роза. Иә мен жеткенше үзіліп кетті.

Ескендір. Бұған не болды? Бұрын ешқашан шырылдамайтын еді.

Роза. Білмеймін, біреу қателескен болуы керек.

 

Ескендір сурет салып бастайды. Телефон тағы шырылдайды. Ескендір барып алмақшы болады.

 

Роза. Алма!

Ескендір. Неге?

Роза. Қайтесің. Өзің айттың ғой, шырылдап шырылдап қояды деп.

Ескендір. Жарайды. (Ескендір газет оқуға кіріседі.)

Роза. Әне қойды. Мен тамақ дайындайын.

 

Телефон тағы шырылдайды. Екеуі де телефонға ұзақ қарап тұрады да өз істеріне кіріседі. 

 

Домовой. Жас жігіт суретші еді, ой сұмдық салатын, ал бикеш аспаз. Ой мынау мазаны алды ғой. Алсаңдаршы!

 

Телефон әлі шырылдап жатыр. Ескендір газетті оқып отырып жынданып орнынан тұрады.

 

Ескендір. Мынау мазаны алып бітті.

 

Қыз Ескендіртен бұрын телефонға жүгіріп.

 

Роза. Отыра бер өзім аламын. Алло! Түсінбедім! А иә сіз қателесіп хабарласып тұрсыз! Бұл басқа үй. 115-ші емес. Сау болыңыз.

Ескендір. Жұмыстан емес пе?

Роза.  Көршілерді сұрайды.

Ескендір. Қызық екен... Мен алғанда бірден сұрамай ма.

 

Қыз қайта тамақ әзірлеуге кіріседі, Телефон тағы шырылдайды.

 

Ескендір. Алло! Бұл 117 квартира, 115 емес! Сау болыңыз!

Роза. Мәссаған. Ескендір сағат төрттен асты, қазір сағат бесте наубайхана жабылады, ыстық нан қазір бітіп қалады, жүгір.

Ескендір. Үйде мүлде нан жоқ па? Қазір мен барып алып келейін. Бір жола 115 квартираға соғып, сіздерді туыстарыңыз алдырта алмай отыр дей салайын.

Роза. Қажет емес? Ұят қой! Мазалап!

Ескендір. Жарайды сәулем не болды сонша?

Роза. Жай шаршап тұрмын.

Домовой. Сәбіз ала салшы... Бірақ мені бәрібір түсінбейсіңдер ә?! Жарайды, менде ыстық нан жей саламын.

 

Ескендір бетінен сүйіп далаға шығып кетеді. Қыз бірден телефонның қасына келеді, телефон шырылдайды.

 

Роза. Алло? Макс, жаңа айтып ем ғой саған мұнда хабарласпа деп. Өтінемін біз бақытты өмір сүріп жатырмыз, арамызға түсе көрмеші. Кездесейік? Не үшін кездесеміз? Бізде бәрі бітті түсінемісің? Соңғы кездескенімізде дос болып қалайық деп келісіп едік қой! Менің ашуыма тиіп жатырсың, болды енді тіпті доста болмаймыз. Сау бол.

 

Телфонды қоя салады. Телефон қайта шырылдайды.

 

Роза. Ой, Марк. Ақ қояным менің. Телефон шырылдап әбден мазаңды алды ма?

Домовой. Мхм.

Роза. Құлағың ауырып кетті ме?

Домовой. Мхм.

Роза. Ех. Бұрынғы жігітім ғой қоймай жатқан. Албасты, түрмеге отырып кетіп еді. Шығыпты. Көргісі келеді екен.

 

Телефон қайта шырылдайды. Ескендір кіріп келеді.

 

Ескендір. Мен келдім. Міне ып ыстық нан, сосын Маркқа сәбіз ала салдым, ала ғой Марк. Тағы хабарластыма?

Роза. Жоқ, шаңын сүртіп жүрмін.

Ескендір. А-а-а! Ып ыстық нан! Жаңа төмен түсіп бара жатсам 115-ші пәтердегі көршіміз көтеріліп келе жатыр екен. Соған қарағанда олар үйлерінде болмаған сияқты.

 

Қыз продуктыны ас бөлмесіне алып кетеді, Телефон шырылдайды.

 

Ескендір. Алло! Түсінбедім? Сіз кімсіз? Макс? Шамасы сіз 115-ші пәтерге хабарласып тұрсыз ау. Олар міне жаңа ғана квартираларына кірді, енді хабарласып көріңіз. Жақсы рақмет.

Роза. Сүйіктім! Мусор сасып кеткен! Лақтырып келші, қазір иісі үйді алып кетеді.

Ескендір. Жаңа бірден беріп жібермеймісің? Фу! Шынымен сасып тұр!

 

Ескендір мусорды алып қайта шығып кетеді. Телефон шырылдайды.

 

Роза. Алло! сен алжасқанбысың? Онымен қалай ғана сөйлесіп тұрсың? Не? Макс өтінемін, кейінірек өзім хабарласамын!

 

Ескендір келеді.

 

Ескендір. Роза. Кім хабарласқан?

Роза. Көршілер.

Ескендір. Роза! Кім? Ол?

Роза. Мәссаған тамағым күйіп кетті.

Ескендір. Күйе берсін. Кім ол? Айт шыныңды.

Роза. Макс.

Ескендір. Макс сен арамызда бәрі бітті деп ең ғой?

Роза. Бітті ғой бірақ.

Ескендір. Бірақ, сенің онда  әлі ойың бар ма?

Роза. Мен... түсінші. Бәрі жақсы болғанын қаладым. Макс менің бұрынғы жігітім, мен оны қатты жақсы көргем, тек ол түрмеге отырып кетті, сосын сен жолықтың сөйтіп жүргенде телефон соғылып.

Ескендір. Телефон? Роза? Бағана хабарласқан Макспа?

Роза. Иә.

Ескендір. Сонда сен маған өтірік айттың ба?

Роза. Кешірші, Ескендір!

Ескендір. Бірақ біз жақында үйленеміз деп жүрміз, сонда сен маған өтірік айттың ба?

Роза. Менің басым қатып кетті, маған ойлану керек.

Ескендір. Ойлану керек.? Ойланба Роза. Шеш жүзігіңді.

 

Телефон шырылдайды. Екеуі телефонға ұзақ қарап қалады.

 

Домовой. Осылай 1975 жылдың жазы бір түрлі қызық өтті. Өздеріңіз көргендеріңіздей. Міне енді, үйленеміз, күйем, сүйем деп тұрған қос ғашық бір соғылған қоңыраудан кейін ойы өзгеріп сала берді.? Анау жігіт өзінің қызғанышымен, ал қыз... Сонда бұл екеуі бір бірін сүйді дейсіздер ме. Иә сүйді. Бірақ қателесті. Мына жүрек жүрек дей бермей. Ақылмен ойлану керек деп ойлаймын. Өйткені адамдарда махаббат 3 ақ жыл өмір сүреді. Бұл менің жеке пікірім. Иә. Иә дұрыс. Келіспесеңіз өз еркіңіз. Бірақ мен сізге дәлелдеп берем. Сол махаббат жоқ деген менің субективті ойымның дұрыстығына көз жеткізіңіздер. Оған менде тағы бір өз көзіммен көрген оқиға дәлел...

 

Екінші квартиранттар. Драма

 

Домовой магнитафон алып шығады, бағанағы күйтабақ енді жоқ. Ретро стильдегі музыка қосылады. Терезеде күз көрінісі. Жаңбыр.

 

Домовой. Жарық өтініш сұры түс. Рақмет. 1986 жыл қазан. Мен бұл үйде не нәрсенің тәніне кірерімді білмедім, өйткені бұл үй өте нашар тұратын, әрі кезең де сондай еді ғой, сөйтіп мен бұл үйдегі. Бз-з-з-з-з-з-з-з-з!

 

Домовой шыбын болып ұшып ас бөлмесіне кетеді, ол жақта.

Әнші 30-дан асқан еркек майкамен отыр, гитарасын құшақтап ас үстелінде арақ ішіп отыр. Үстел үстінде темекі.

 

Марат (әндетеді).

Жабырқаған шақта

Жоғалған бір бақта

Көңіліңді аулар

Бір жан бар есте сақта

Ренжігенде жаңа

Шаршағанда сана

Далаға шық үнсіз

Жәй ғана айға Қара

Мен тұрамын сонда

Өзіңді әркез қолдап

Жұлдыздарда күлім...

(Қайталайды.)

Мен тұрамын сонда

Өзіңді әркез қолдап

Жұлдыздар тұр күліп

Уффф! Шықпайды!

 

Туалеттен үстіне халат киген әйел шығады ас үйге барып холодильниктен жуа алып турай бастайды.

 

Сара. Тағы бастадың ба?

Марат. Мазамды алмашы... Ән шығарып отырмын.

Сара. Бұл жолы кімге ғашық болдың?

Марат. Бір сұлу бикешке.

Сара. Шеге ме?

Марат. Оның саған не керегі бар?

Сара. Жәй, көзіме елестетейін деп едім.

Марат. Саған елестетіп қажеті жоқ, ол сондай әнді жүрегімен айтады. Бүгін жұмыста жеке вокал сабағына қалды, 3 октаваның лясын тап таза айтып берді, құлағымда үні әлі тұр. Бірақ сен октава тұрғыр лянің не екенін білмейтін шығарсың.

 

Әйел жылайды.

 

Сара. Жуа ашщы екен. Кш! Мына шыбын әлі жүр ме? Кеше ғана у беріп ем. Қырық жаны бар екен.

Марат (әндетеді).

Мен тұрамын сонда

Өзіңді әркез қолдап

Жұлдыздан нұр төгіп

Саған сәлем жолдап

Бір сәт көзді жұмбай

Көруге асық тынбай

Екеуімізге көпір

Болып тұрсын бұл ай

 

Әйел жуаны шықырлатып қуырып, үстіне кеспе салады.

 

Домовой. О-о-о-о! Тама-а-а-а-ақ! Иісін ай!

Сара. Кш! Кш!

Марат. Мазаны алдың ғой. Керемет ән шығарып жатыр едім.

Сара. Кешір, плита қызып кетіпті.

Марат. Тағы да жуа қосылған кеспе ме?

Сара. Иә.

Марат. Қашанғы осыны жей береміз? Басқа тамақ істей аласың ба өзі?

Сара. Басқа тамақты әлгі Ля бикешіңнің үйінен барып іш.

Марат. Сен не ұрсысқың келіп тұр ма?

Сара. Жоқ.

Марат. Жоқ сен ұрсысқың келіп тұр. Сен мені түсінбейсің, мен шығармашылық адамымын. Неменеңе жетісіп қызғанасың? Қызғанатын нең бар? Май сасып бір тамақты күнде қайтара қуырғаннан артық не білесің?

Сара. Жетер, сен ішіп алғансың.

Марат. Ішем, тағы ішем. Жетісіп жүр деймісің. Шабытым сарқылып жүрген соң ішем. Не мынау бір әнді бітіре алмай жүргеніме 3 ай болды. Енді шабытым кеп ән жаза бастап ем сен кеп мазаны алып.

Сара. Мен бе мазаны алған? Кіріңді жуам, тамағыңды істеймін сенің жұмыстан арқалап келген жағымсыз ойларыңды тыңдаймын.

Марат. Анау күйген кеспеңді айтпаяқ қой.

Сара. Айтам. Неге айтпаймын? Айлығыңды түгел әкелмейсің, ішесің, одан қалды хордағы хор қыздарыңмен көңіл көтеріп ақшаның бәрін құртасың. Сол хор қыздарыңнан қор болып біттік. Азғантай ғана қалған ақшаны бір айға жеткізіп, алдыңа ыстық тамақ пісіріп отырмын. Енді маған не дейсің, а?

Марат. Сен мені түсінбейсің! Мен әр күн сайын жақсы нәрсеге ғашық болатын өнер адамымын. Ал сен.

Сара. Үйдің күңі?! Солай айтқың келді ғой? Иә мен мойындаймын. Тамақ сасып жүретінім рас, шашымды да күнде жумаймын, анау Ля бикешіңдей күнде боянбаймын да.

Марат. Мәселе сенің түріңде емес?! Рухани...

Сара. Мені надан дейсің ғой. Иә, наданмын, 9 сыныптан соң алып қашып кеткен өзіңнен көр. Маған жеңгем «Сара күйеуге асықпа оқып ал, жер көр ел көр» деп еді, ал мен махаббаттан басым айналып, енді кәрі өмірі ғашық болмайтындай сенің қолыңнан ұстап жөнеле кетіппін. Наданмын ғой наданмын.

Марат. Саған біреу оқыма деп пе еді?

Сара. Иә?! Қызық иә? Бастапқы екі жыл мен үйден бір адым аттап бассам қызғанып шыға келетін едің ғой. Үйде отыр да үйде отыр. Одан соң бала көтердім, баламен оқу оқып көр ал? Одан соң бала өсіп арамыз қайта жақындаса жөн ғой, оны да құдай алып кетті. сөйтіп оны жоқтап қайғырып жүргенде 16 жыл көзді ашып жұмғанша өте шықты. Қазір иә оқыған білім де жоқ, тапқан бала да жоқ, өліп өшіп сүйетін күйеуде жоқ. Ал? Мен мұндай өмірді қалаппа ем? А? Бұған кім кінәлі? Кімді жазғырайын? Құдайды ма? Кезбе күйеуімді ме? Әлде мынау қоғамды ма? Кімді? Айналып келіп өзімді жазғырам, сол 9ыншы сыныптағы қыздың аңқаулығын жазғырам, мына кеудемдегі жүректі жазғырам.

Марат. Мүмкін ажырасармыз?

Сара. Темекі берші.

Марат. Зиян, ол әйелдерге арналмаған.

Сара. Бірақ сол темекі шегетіндермен бірге жүресің ғой, әкел.

 

Темекі береді. Әйел темекіні тұтатып, жөтелген күйі шегеді.

 

Сара. Тағы біреуін бер.

Марат. Сара? Бұл енді шеттен шығу.

Сара. Біз шығып кеткенбіз, бер.

 

Тағы бір темекі береді, Әйел оны тұтатып аяғына дейін шегеді.

 

Сара. Кет.

Марат. Не? Алжасқанбысың?

Сара. Кет, анау Ля бикешіңе. Әйтпесе қазір өз өзіме қол жұмсаймын.

 

Еркек бөтелкесін алып шығып кетеді Әйел гитараны ойнамақ болады бірақ дұрыс әуен шығара алмайды.

 

Сара. Ля! ля! ля! ля! ля! ля! (Гитараны лақтырып жібереді, үйді шашады.) 

Домовой. Жабырқаған шақта

Жоғалған бір бақта

Көңіліңді аулар

Бір жан бар есте сақта

Ренжігенде жаңа

Шаршағанда сана

Далаға шық үнсіз

Жәй ғана айға Қара

Мен тұрамын сонда

Өзіңді әркез қолдап

Жұлдыздан нұр төгіп

Саған сәлем жолдап

Бір сәт көзді жұмбай

Көруге асық тынбай

Екеуімізге көпір

Болып тұрсын бұл ай

Мен де тұрам мұннан

Қарап суық айға

Жылу күтіп сеннен

Тоңып тұр ғой ай да

Тез кел түнде өтер

Таңда тұр ғой төніп

Бұлғап қолды көтер

Айдан мені көріп

Жолға шықсам айдан

Сеннен жарық тарап

Үнсіз тұрмын, қайда

Жәй ғана айға қарап

 

Әйел терезеден секіріп кетеді. Домовой гитараны қойып көрермендердің алдына келіп темекі шегіп тұр.

 

Домовой. Кезінде менің де махаббатым болған, сол махаббат меніңше өткінші нәрсе секілді, себебі махаббат ол эмоция, ал адамда неше түрлі эмоциялар болады ғой, қорқыныш, қуаныш, таңырқау секілді. Біз Лия екеуіміз бір бірімізбен сүйіп қосылған сияқты едік, ойымша сол махаббаттың күші ме? Көп нәрсенің керісінше жағын көрмейтінбіз. Кейін кез келген эмоцияға үйренеді ғой адам. Мысалы бір қорқып жүрген төбетіңе тамақ беріп үйретіп алсаң қорқынышың сейіледі емес пе? Бір фокус көрсең, үшінші реттен кейін оның бір магия емес екенін де түсінесің. Саған түрлі түсті жейдені жыл сайын туған күніңде сыйлыққа бере берсе оны да қуана қабылдай алмайсың. Сол секілді бізде сол махаббат эмоциясын басымыздан кешірген соң, ары қарай еш нәрсе қызықсыз бола түсті. Күнде ұрсысатын болдық, ойымыз екі жерден шығады. Ажырасу ойымызда да болмаған, Мүмкін қырсықтық шығар бір-бірімізге қырсыққаннан ажыраспай жүре бердік. Кейін ойлайтынмын, неге мен дәл оған жолықтым деп. Егер шыныменде махаббат маңызды болмаса неге әдемісін, өзіме сайын, айтқаныма көнетінін таңдамадым деп. Сол кезде мұндай болмас па еді? Мені неге бұл өмір мен өлімнің арасындағы орта әлемде қалып қойды дейтін шығарсыз? Шынымды айтсам менде білмеймін? Егер білсем мұнда жүре берер ме ем? 

Кейін осы 30 шаршы метрде қаншама жылдарымды өткізген соң бұл жерден шығудың, ана жаққа, әлде мына жаққа ма? Әйтеуір бақи дүниеге қалай кетуімді ойластыра бастадым. Мен бұл үйден шықпаймын, әрі бұл үйдің бұрынғы егесімін. Әрі мені ешкім көрмейді. Демек мен Домовоймын ғой. Ал Домовой жалпы үйде не істеп жүр? Ол үйді қорғап жүр. Үй. Қарап тұрсаң екі ақ әріптен тұратын сөз. Бірақ бұл көбі ойлайтындай жай қонып шығатын, мекен ететін немесе өмір сүруге қолайлы баспана ғана емес. Үй. Ол біздің өміріміз, біздің күнделікті тұрмысымыздың бейнесі. Үйде бір күн ұрыс болса, 40 күн береке қашады. Бұл расымен айтылған сөз. Шын айтам Үйде артық бір кесір дыбыс естілген сайын, айқай не реніш үдейген сайын үйдің қабырғаларын көзге көрінбейтін зең басады. Ал Мен оны күнде көремін. Оны барынша таза ұстағым келеді-ақ. Барлық негативтің алдын алғым келеді ақ. Бірақ бұл үйдің тұрғындары онымды түсінбейді. Бұл үй барған сайын суып барады. Сондақтан мен келген отбасылардың бақытты өмір сүргенін қалаймын. Мүмкін сол үшінде мен осында жүрген шығармын. Дәл осы оймен мен осындағы отбасыларды бақытты қыламын деп шештім. Мүмкін менің бұл әлемдегі міндетім сол шығар...

Махаббаттың бар екеніне әлі де күдер үзбеп ем.

 

Үшінші квартиранттар. Трагикомедия

 

Қыс. Жаңа жыл 1999.12.31 – 2000.01.01 түні.

 

Домовой. 1999 жылы бұл пәтерге мүлде басқаша тұрғындар келіп қоныстанды. Бұл 20 ғасырдың ең соңғы күні, бүгін түнде жаңа жыл, ертеңнен бастап 21ші ғасыр болмақ.

 

Үстіне фрак киген, жүгіріп барып қабырғада ілулі тұрған картинаға кіріп сол жерде портрет болып тұрып қалады.

 

Назар. Дядя Вова, с наступающим.

 

Романтикалық түн, май шам, шампанское, май шамды Назар жағады.

 

Назар. Қалай саған ұнады ма?

Томирис. Иә жаным, бәрі керемет!

Назар. Ой мына үстелдің бір аяғы қозғалып тұр, қазір.

 

Сөреден блокнот тауып алады да оны үстелдің бір аяғының астына тығып қояды.

 

Назар. О, енді дұрыс болды. Бәрі сен үшін, шампаннан алып қояйық. Жаңа жылды сенімен қарсы алып жатқаныма қатты қуаныштымын.

Домовой. Бұл жолғы тұрғындар бұл үйде көп болмайтын. Бірде күйеуі апталап жоғалып кетеді бірде әйелі төркініне кетеді. Бұл мезгілдегі кейіпім қалай жарасады, ә? Вангоктың авто портреті.

Назар. Қорықпа, біз бүгін тек екеу ғанамыз, келіншегім төркініне кеткен.

 

Домовой түшкіреді.

 

Томирис. Олай болса уақытты құр босқа өткізбейік!

Назар. Қазір мен музыка қосайын.

 

МР3 плеер алып шығады. 

 

Назар. Міне мына музыка бізге арналады кел?

Домовой. Мынау күйеуі актер, ал анау көңілдесі. Ал әйелі...

 

Екеуі билейді, билеп, төсекке енді жатқанда олардың биін есік қоңырауы бұзады.

 

Назар. Бұл кім болды екен?

 

Ақырын барып глазоктан қарайды.

 

Назар. Мәссаған, келіншегім. Енді қайттым. Кел шкафқа тығыл.

 

Томиристі шкафқа тығады да, үстін жөнге келтіріп, музыканы романтическийге ауыстырып  есікті ашады.

 

Назар. Махаббатым! Кіре ғой...

 

Үйге нәресте ұстаған Келіншек кіреді.

 

Венера. Неге ашпай жатырсың? Енді ашпағаныңда басқа пәтерге адасып келіп тұрмын ба деп ойлап қалдым?

Назар. Сюрприз!

Венера. Мәссаған. Бұл не? Маған ба?

Назар. Жоқ басқа бір келіншекті күтіп отырғанмын. Әрине саған қабырғам ау! (Бөпені қолына алып.) Оу, менің батырым келіпті ғой, мкмкмкмкмкм.

Венера. Мен саған жаңа жылан кейін келемін деп едім ғой! Қайдан біліп қойдың?

Назар (бір нәрсені мойындағандай). Оның рас, мен саған бір нәрсе айтуым керек.

Венера (нәрестені коляскаға салып қояды). Мкмкмк жата ғой, біз үйдеміз. (Күйеуіне.) Тыныштық па ол не?

Назар. Менің жүрегім, сен жақындаған сайын өте жиі соғады. Ұстап көрші.

Венера. Расымен ұрып тұр.

Назар. Көрдің бе, күнім, жүрегім сигнал берген. Сен маған қарай келе жатқаныңнан бастап ол тез соға бастады, соны сезіп. Жаңа жылдық романтикалық кеш дайындап қойдым. Отыр.

Венера. Мен поезд жеткенше асығып келдім, үстім поезд сасып тұр, қазір киімімді ауыстырып алайын.

 

Шкафқа бара жатады.

 

Назар. Жоқ, жоқ! Ауыстырудың керегі жоқ, керісінше сағыныш иісі шығып тұр. Отыр.

Венера. Жарайды!

Назар. Қалай саған ұнады ма?

Венера. Иә, жаным, бәрі керемет!

Назар. Бәрі сен үшін, шампаннан алып қояйық. Жаңа жылды сенімен қарсы алып жатқаныма қатты қуаныштымын. Келгенің өте дұрыс болды!

 

Келіншек түшкіреді.

 

Назар. Сау бол, жаным!

Венера. Рахмет! Біз үшін!

Назар. Махаббатымыз үшін!

Домовой. Жоқ, бұл бірінші рет емес. Былай оңай құтылып кетуге болмайды.

Назар. Иә, жаңа жыл құтты болсын сәулем!

Венера. Мен сондай бақыттымын.

Назар. Менде, шексіз...

 

Екеуі сүйіскелі жатқанда Келіншек тағы да түшкіреді.

 

Венера. Ой, мен қазір, поезда салқын тиіп қалған сияқты.

 

Келіншек туалетке кіріп кетеді. Назар жүгіріп шкафты ашады.

 

Назар. Мадоннам менің, ренжімеші, мына ақымақ келіп қалды, сен сәл отыра тұр, оған көп ішкізем, қазір мас болып ұйықтап қалады.

 

Келіншегі шығады.

 

Венера. Сен біреумен сөйлесіп жатырмысың.

Назар. Міне картинамен сөйлесіп тұрмын.

Венера. Қалай? Не деп?

Назар. Ол маған қызғанып қарап тұр. Байғұс суретте жалғыз. Ал менің қасымда сен барсың. Кел біз үшін тағы алып қояйық.

 

Екеуі қайта үстелге отырады. Домовой қалтасынан бір қағаз алып шығып оны умаждап шкафқа лақтырады. Тарсылдаған дыбыс шығады.

 

Венера. Бұл не дыбыс?

Назар. Қандай дыбыс?

Венера. Жаңа шықты ғой?

Назар. Қашан?

Венера. Бір дыбыс естілгендей болды.

 

Домовой қалтасынан тағы бір қағаз алып шығып оны умаждап шкафқа лақтырады. Тарсылдаған дыбыс шығады.

 

Венера. Әне? Шықты!

Назар. Көршілер шығар! Жаңа жыл ғой бәрі тойлатып жатыр.

Венера. Иә бірақ.

 

Домовой қалтасынан тағы да бір қағаз алып шығып оны умаждап шкафқа лақтырады. тарсылдаған дыбыс шығады.

 

Венера. Тағы сондай дыбыс, осы үйден шығып тұрған сияқты.

Назар. Қой! Мен мүлде естіп тұрғаным жоқ! Қане?

 

Домовой қалтасынан бір қағаз алып шығып оны умаждап шкафқа лақтырады. тарсылдаған дыбыс шығады.

 

Назар. Ұлымыз шығар, мені жатқызып қойып өздерің тойлап жатырсыңдар деп жатқан.

 

Домовой қалтасынан бір қағаз алып шығып оны умаждап шкафқа лақтырады. тарсылдаған дыбыс шығады.

 

Венера. Міне! Шкафтан шығып тұр.

 

Орнынан тұрып бара жатады.

 

Назар. Тоқта! Мүмкін бұл тышқан шығар. Өзім қарайын.

Венера. Тышқан! Фу!

 

Назар өзі барып шкафты ашады.

 

Назар. Ойбай! Крыса ғой!

 

Шкафты жабады.

 

Венера. Фу! Крыса! Қорқам! Енді не істейміз, мына крыса біздің романтикамыздың бытшытын шығарды ғой.

 

Назар орындықты шкафтың тұтқасын тіреп шкаф ашылмайтындай қылып қояды.

 

Назар. Құрысын, жүре берсін мән берме! Ол енді шыға алмайды. Одан гөрі кел жаңа жылға аз ғана уақыт қалды, бокалды толтырайық.

Венера. Жарайды, бірақ ертең міндетті түрде у әкеліп көзін құртамын.

Назар. Ертең өзі ақ кетіп қалады, уайымдама. Әне сағат 12 ге 10 секунд қалды. Кел бірге санайық.  Тоғыз, сегіз, жеті, алты, бес, төрт, үш, екі, бір. Жаңа жылыңмен менің мәңгілік махаббатым! Тост! Бұл ғасыр бізге тек ғажайып тосын сыйларға толы ғасыр болсын.

Венера. Жаңа жылыңмен қорғанышым!

Назар. Жаңа 21-інші ғасыр құтты болсын.

 

Екеуі ішеді.

 

Венера. Ой мен масайып қалдым. Жүр жатайықшы!

Назар. Тағы бір вокал? Жарайды.

 

Екеуі жатады, келіншек қайта тұрады.

 

Венера. Мына крыса түнде шкафтан шығып мені тістеп алмайма?

Назар. Мен қасыңда жатқанда, сені меннен басқа ешкім тістемейді.

 

Екеуі көрпенің ішіне кіріп кетеді.

 

Домовой. Егер барлығы есік ашқаннан басталғанда, бұл не деген керемет жұп деп таң қалып қалар едік. Байғұс келіншек. Бірақ ақиқат ашылуы керек. 21-інші ғасыр ғой.

 

Домовой картинадан шығып баланы барып қыдықтайды. Баланың жылаған дауысы шығады. Келіншек пен күйеуі орындарынан атып тұрады.

 

Назар. Мынаған не болды тағы? Енді ұйықтап бара жатқанда!

Венера. Жаялығын қарашы, мен орнымнан тұра алмай жатырмын.

 

Назар барып қарайды.

 

Назар. Ыфу, ұлымау не бүлдірдің?

Венера. Ауыстыру керек пе?

Назар. Жо-жоқ жата бер өзім ауыстырамын.

Венера. Жаялық шкафта тұр.

Назар. Шкаф?

Венера. А, ол жақта крыса бар екен ғой, ваннадан қарашы жуылған тазасы болуы керек.

 

Назар ваннаға кіріп кетеді, бала жылауын тоқтатпайды. 

 

Венера. Өзім тұрмасам болмас.

 

Келіншек тұрып баланың қасына бара жатқанда, суреті жоқ картинаны көріп шошып кетеді.

 

Венера. А-а-а? Жан?! Картина!

 

Жүгіріп барып туалетке кіреді, Домовой өзінің суреттен түсіп кеткенін көріп, жүгіріп барып картина болып тұрып қалады.

 

Назар. Не болып қалды жаным? Шкафты ашып қалған жоқсың ба әйтеуір?

Венера. Жоқ!

Назар. Не жоқ?

Венера. Картинадағы адам жоқ!

 

Назар мен Келіншек ақырын барып қараса картинада адам тұр.

 

Назар. Уф! Шкаф ашылып кеттіме деп қалдым ғой!

Венера. Жаңа ғана, картина бос тұрған.

Назар. жаным сен, масайып қалғансың.

 

Назар жаялықты ауыстырады.

 

Венера. Иә, мен ұйықтайын. (Картинаға анықтап қарайды.)

 

Домовой Келіншекке шкафты нұсқап соны аш деп көрсетеді.

 

Домовой. Шкафтың ішін аш! Ішінде мына ақымақтың көңілдесі бар!

Венера. Әне, әне тағыда қозғалды.

 

Назар тағы суретті қарайды, картина дәл сол қалпында тұр.

 

Назар. Жаным саған, ұйықтау керек, бәріміз үшін сол ең дұрыс болып тұр. Маған, оғанда саған да.

Венера. Оған?

Назар. Баламызды айтамын.

Венера. А, иә. Ооо қарашы ұйықтап қалыпты.

 

Келіншек күйеуін тартып екеуі төсекке құлай кетеді де, әйелі ұйықтап кетеді.

 

Назар. Жәә. Ұйықтады. Ақырын шкафты ашып Мадоннамды шығарып жіберейін.

Венера. Кетпеші жатшы, құшақтап ұйықтағым келіп тұр.

Назар. Мккмкмк, әрине жаным!

Домовой. Әрине, жаным! Тағы алданып қалды. Бұлай болмайды. Қашанғы құтылып кете береді.

 

Домовой қайта түседі де шкафтың есігін барып ашады ішінен Томирис шығады. Келіншек пен күйеуі екеуі дыбыстан көрпе ішінен атып шығады.

 

Венера. Не? Не көріп тұрмын мен?

Назар. Мен саған бәрін түсіндіремін, тыңдашы.

Венера. Крыса дейді ғой! Крыса! Шашын жұлам мынаның.

 

Назар барып екеуінің ортасына түседі де Томиристі қайта шкафқа тығады. 

 

Назар. Тыныш баламыз ұйықтап жатыр.

 

Ары қарай тек сыбырмен.

 

Венера. Сен не оны қорғап тұрсың ба?

Назар. Жоқ, жаным тыңдашы мен бәрін түсіндірейін.

Венера. Кім бұл? Мұнда не істеп жүр?

Назар. Ііі, бұлда бір сюрприз!

Венера. не? Қайдағы сюрприз?

Назар. Iіі, енді бұл романтикалық.

 

Келіншек киіне бастайды.

 

Венера. Романтикалық кеш! Жоқ! Мен кетем! Бұл романтикалық кеште мына крыса емес, мен артық сияқтымын. Бәсе дурочка! Романтикалық кеш, жүрегім сезеді деген ертегіге сеніп?! Қалай ғана! Қалай ғана ақымақ болдым.

Назар. Тоқташы кетпеші жаным! Дұрыстап отырып сөйлесейікші, мына түнде қайда барасың? Сен қайдағы бір адам емессің, сен менің жұбайымсың. Сенімен өткен сегіз жылдың, құдай атқан әр таңында, ояна салып, сені көріп, өзімді бақытты сезіндім. Тіпті сен таңда боянбаған қалпың, алба- жұлба шашыңмен, ас үйде маған таңғы ас дайындағаныңды мен сүйем. Мектеп қабырғасында алғаш сені көрген кезімде, мен өмір бойы сені сүйіп өтетінімді ұқтым. Есіңде ме. Құдайдың құтты күні, мектептен үйіңе дейін сенің ауыр сөмкеңді тасыйтыным, үйіңе шығарып салатыным. Мен күн сайын сол сәтті асыға күтетінмін. Ал қазір міне, күн сайын сенің қасыңда болғаныма мен бақыттымын. Өйткені сен менің отбасымсың. Отбасы мен үшін ең маңыздысы...

Томирис. Назар, көріскенше.

 

Томирис шығып кетеді.

 

Венера. Қайда болса сонда! Тек бұл үйге енді қайтып келмеймін.

Назар. Бүгін мереке ғой! Барлық жерлер жабық!

Венера. Бәрібір! Табам, вокзалға барып түнесемде.

Назар. Тыныш баланы оятасың! Ал бала ше оны да алып кетпексің бе?

Венера. Иә, ол менің балам, өзім тудым.

Назар. Жоқ, тоқта дедім саған, мына жеті түнде мен сені баламен жібере алмаймын. Отыр. Бұл мына шкаф ішіндегі не жәй әшейін сағынышымды басу ғой.

Венера. Сағынышыңды басу?

Назар. Иә, мен сені, қайдағы бір шкаф ішіндегімен айырбастайды деп пе едің? Сен менің жұбайымсың. Ол бір күндік, ал сен мәңгілік менің жанымдасың. Міні мына жерімдесің. (Жүрегін ұстап.) Сен менің жүрегіме қалаған әр кірпіш махаббатың, ол үлкен қамал. Бір күндік көбелек оған сызат та түсіре алмайды. Сен менің міні кеуде тұсыма нықтап орныққансың. Оны бұл жерден енді жұлып ала алмайсың. Менің жүрегіме жолды тек сен ғана білесің. Иә мен қателестім. Тура жолдан тайдым. Әр адам екінші мүмкіндік алуға қақысы бар. Кешірші мені. Тек сенен өтінемін. Ашуыңды басшы. Асықпай сөйлесейікші.

Венера. Жарайды, қалам тек сен еш өтіріксіз бәрін айтып бер! Шыныңды айтшы? Бұл нешінші рет болып тұр? Тек шыныңды айтшы.

Назар. Бірінші рет жаным.

 

Келіншек Картинаға қарайды картина оған басын шайқайды.

 

Венера. Жоқ, сенбеймін. Айт шыныңды.

Назар. Жарайды екінші рет, ал?

 

Келіншек Картинаға қарайды картина оған басын шайқайды.

 

Венера. Өтірік! Мен қаншама рет төркініме барып келдім, сен ол уақыттарды жалғыз өткізбеген сияқтысың. Бес? Он? Айт!

Назар (ашуланып). Білмеймін. Санап жүр дейсің бе?

Венера. Не? Санағыңнан жаңылысатындай көп болды ма сонша?

Назар. Иә!

Венера. Ажырасайық онда.

Назар. Неге? Сен үшін отбасы түкке тұрмай ма? Бәрін бір сәтте ойран ету саған осыншама оңай ма? Баламыз ше? Оның тағдыры не болады? Баланың әкесіз өскенін қалайсың ба? Ойлаш осы сәтті өткерсек, болашақта баламыздың қызығын бірге көрмейміз бе? Ертең ақ бәрін ұмытып та кетесің. 

Венера. Осыдан кейін мен сенімен қалай сүремін. енді сен мені сүймейсің ғой.

Назар. Қалай сүймеймін?! Сүйем!

Венера. Онда неге басқамен көңіл көтересің?

Назар. Еркек емеспін бе?

Венера. Еркек емессің! Еркек болсаң сертіңде тұрып мені ғана сүюің керек еді, ажырасайық.

Назар. Ажыраспаймыз, қазір барлығы осылай жүреді. Онда тұрған не бар?

Венера. Онда тұрған не бар? Мен сонда сенімен енді қалай өмір сүремін?

Назар. Басқамен көңіл көтерсем ол тек бір сәттік ләззат, ал өзімнің барымды қамқорлығымды тек саған ғана арнаймын ғой. Тек мен дейсің бе өстіп жүрген? Айналаңның бәрі сондай. Бұл 21-ші ғасыр ғой жаным! Жаңа заман! Заманына қарай адам да қоғам да, қарым қатынасы да өзгереді. Түсінсеңші?! Мен басқамен кетіп қалғаным жоқ қой. Күндіз қайда болсамда түнде үйге ораламын.

Венера. 21-ші ғасыр? Олай болса мен кеттім.

Назар. Жарайды, түк түсінбейді екенсің, Кетсең кет! Сені кім алады балаңмен. Маған әйел табылады. Ал сен қаласың қаңғып. Кете бе,р тек баламды таста. Суық тигізіп ауыртасың. Тастап кет баламды

Венера. Кім айтты бұл сенің балаң деп?

Назар. Не?

Венера. Айналаңа қара жаным ау? Бұл 21-ші ғасыр.

Назар. Оның не қатысы бар?

 

Келіншек баласын коляскасымен алып есіктен шығып кетеді.

 

Назар. Сонда сен не менің көзіме шөп салғансың ба? Қаншық?! Қалай ғана? Қалай ғана? Тоқта!

 

Назар артынан жүгіріп кетеді. Домовой ақырын мұртын, фрагын шеше бастайды.

 

Домовой. Көрдіңіздер ме, қаншама тағдыр, осы тағдырдың бәрін қосып тұрған күш ол махаббат дейсіздер ғой. Жооқ өкінішке орай олай емес. Егер махаббат расымен бар болса мұндай бола ма? Мен осы өмірді сүрген сайын соған көз жеткізіп келем. Бірақ осы үйде әр жыл сайын квартиранттар ауысады, бір күліп жүрген, өздерін бақытты сезінген ешкімді көргенім жоқ. Айқай, ұрыс, түсініспеушілік. У-шу. А айтпақшы бір тыныш отбасы болған...

 

Төртінші квартиранттар. Қара комедия

 

Домовой кеудесін жалаңаштап шығады. Музыка қосады, ойнақы музыка қосады.

 

Домовой. 2010 жыл, көктем. Бұл үйге өте ерекше отбасы көшіп келді. Мен Германмын.

 

Домовой ортаға барып аузына капа салып, қатып тұрып қалады. 

Ас бөлмесінде күйеуі мен әйелі тамақ ішіп отыр. Күйеуі есік жаққа қарайды да, жүгіріп барып есікті ашып ешкім жоғына көзін жеткізіп қайта ас бөлмесіне келеді, өтіп бара жатып, қолына бокс қолғабын Домовойды ұрады. Ұрып ұрып шаршап қайта ас бөлмесіне кәіреді қалады.

 

Домовой.  Бұл жолғы таңдауым дұрыс болмады. Үйге көшіп келгенде өздерімен адамның мүсінін алып келгенге мәз болып, адам кейпіне енсем деп ем, қателесіппін. Груша екенмін ғой!

 

Бұл отбасы есту қабілетінен айырылған адамдар, тек ым-ишара тілінде  сөйлейді.

 

Сәуле. Тамағыңды іш! Не болды сонша? Соншама ұрып?

Алан. Сені ұрып жатқаным жоқ. Қойшы ей, жегенімді желкемнен шығармашы.

Сәуле. Не болды аяқ асты? Кімді күтіп жүрсің? Біреу келетін бе еді?

Алан. Иә, хабар күтіп жүрмін.

Сәуле. Тағы да сол әңгіме! Құдай бермегенді біреу есіктен әкеліп береді деп пе ең?

Алан. Енді жауабы келсін, күтейік.

Сәуле. Саған сол өте маңызды ма?

Алан. Әрине, ал саған сонда не мүлде маңызы жоқ па?

Сәуле. Мәселе онда емес қой?

Алан. Мәселе сонда, мен өзім үшін шыр пыр болып жүрмін бе? Отбасымыз үшін ғой?

Сәуле. Екеуіміз отбасы емеспіз бе? Сол да жетпей ме?

Алан. Бәрібір де, бұл толыққанды отбасының бейнесі. Керемет емеспе. Елестетші үстел үстінде отбасы отыр, мен, балам сосын әрине сен. Үшеуіміз көңілді уақыт өткіземіз. Үйдің бәрін шашады, төсектің үстіне секіріп секіріп ойнайды, даладан кір қожалақ болып кіріп келеді, керемет емес пе?

Сәуле. Иә, білемін керемет. Бірақ. Неше жыл болды, екеуіміздің қолымыздан келмейді.

Алан. Неге? Қазір заман дамыған. Шет елде робот жасап жатыр. Адамдар Космосқа ұшып жатыр.

Сәуле. Енді қанша тәуіпке де бақсы-балгергеде барып көрдік қой. Түк шықпады. Көтере алмадым. Құрсақсызбын. Енді соны қашанға дейін бетіме баса бересің.

Алан. Онда мүмкін. Қазір есікті қарап келейін.

 

Есік жақты бір қарайды, ешкім жоқ қайта ас үйге бара жатып Германды ұрып кетеді.

 

Алан. Білесің. Мен сені қатты жақсы көремін. (Құшақтайды.)

Сәуле. Мен де жаным.

Алан. Екеуіміздің отбасы болғанымызға өте қуаныштымын.

Сәуле. Жан-жарым менің.

Алан. Мүлде өкінбеймін. Бірақ сонда да баламыз болса керемет емеспе.

Сәуле. Иә. Шіркін.

Алан. Мүмкін. Сурогатты әйел тауып, соған бала туғызып аламыз.

Сәуле. Не?

Алан. Қазір сондай ғой. Бұрындары әйелі бала көтере алмаса тоқал алып, ұрпақ жалғастырған. Ал қазір олай қиындатпай, ерікті бір әйел тауып содан бала жасап алуға болады.

Сәуле. Ал біздің махаббатымыз ше?

Алан. Мен сені бұрынғыдай сүйе беремін ғой жаным ау. Мен ол әйелмен тұрып кетпеймін ғой, кәдімгідей ортада келісім жасалады. Ол тек биологиялық ана болады, ал куәлік бойынша екеуіміз бауырымызға аламыз. Бастысы туғанда емес, өсіргенімізде ғой.

Сәуле. Бірақ.

Алан. Ешқандай бірақ жоқ, сені қазір қызғаныш ұстап тұр, ертең қолыңа сәбиді алғанда бәрі ұмытылады. Ойлашы қазір менің күшім барында сол нәрсені жасасақ, бір жылдан кейін ақ есіктен баламызды әкеп береді.

 

Күйеуі жүгіріп барып есікті ашып қалғанда, ар жағынан көрші мен баласы тұр.

 

Көрші (барынша түсіндіріп сөйлейді). Қалайсың көрші? Менде үлкен өтініш болып тұр.

Алан. Жақсы! Не болды?

Көрші. Мен баламды. Бірер сағатқа сендерге қарай тұруға тастап кетпекпін. Ол жалғыз қорқады. Оған телевизор қосып берсең болғаны. Тып тыныш отырады, тәртіпті бала. Тек 1-2 сағатқа үлкеен мәселемен барып келеміз. Басқа көршілер қазақша түсінбейді. Өтініш!

Алан. Жақсы. Әрине.

Көрші. Балам тәте мен ағаны ашуландырмай, тып тыныш отыр. Иә? Біз тез барып келеміз. (Баланы ішке кіргізіп жібереді.) Жақсы!

 

Көрші кетіп қалады, есікті жауып кішкентай балаға ұзақ қарап тұрады, әлгі бала бір түрлі таңырқай қарайды.

 

Алан. Ой! Жүр. Телевизор қара.

Сәуле. Келе ғой. Кел.

Алан. Пульт қайда?

Сәуле. Қазір... таптым.

 

Мультфильм қосып береді. Үшеуі отырып мультфильм қарайды.

 

Домовой. Иә. Сөйтіп үшеуі ұзақ мультфильм қарады. Жалпы. Қазір осылай отырып бір нәрсе қараған қызық қой. Ех... жақсы картина...

 

Алан (әйелін түртіп). Асыл жарым?

Сәуле. Ау?

Алан. Баланың қарыны аш емес пе екен?

Сәуле. Білмеймін. Жыламай отыр ғой. Өткенде бір бағдарламадан, егер бала жыласа қарыны ашты деген сөз дейді, соған қарағанда аш емес.

Алан. Ақымақсың ба? Бұл үлкен бала ғой, сәби емес.

Сәуле. Енді мен қайдан білейін?

Алан. Сұрап көрейін бе?

Сәуле. Көр.

Алан. Балақай? Сенің қарының аш емес пе?

Сәуле. Дұрыстап сұрасаңшы. Бір нәрсе жегің кеп тұрған жоқ па?

Алан. Баланы шошытпашы. Не жейсің? Қарының аш емес пе? Нәм-нәм-нәм. Жейсің бе?

 

Бала басын изейді.

 

Алан. Бар жүгір. Тоңазытқышта не бар бәрін әкел.

 

Әйел ас үйге кетеді.

 

Алан. Бол бол, баланың қарыны ашып барады.

Сәуле. Міне міне. Қазір.

 

Бір табақ, тәтті мен жемістер әкеліп береді.

 

Алан. Міне жей ғой.

 

Бала мәз болып жеп отыра береді.

 

Алан. Күшті жейді, ә?

Сәуле. Иә. Осы кәмпиттерді әкелгеніме біраз болды, я сен я мен жемеймін.

 

Бала бұрылып су сұрайды.

 

Алан. Ойбай жүгір. Әкел, су әкел. Болсаңшы бала қақалып қалатын болды.

 

Әйелі су әкеледі.

 

Алан. Іше ғой.

 

Бала ішіп алады, көріп отқан мультфильмдері бітіп қалады. Пультті алып канал ауыстырады.

 

Алан. Қап. Мультигі бітіп қалды. Енді не істейміз?

Сәуле. А-а-а-а, үйде карта бар ғой.

Алан. Әкел.

 

Әйелі карта әкеледі. Үшеуі отырып карта ойнайды.

 

Алан. Мен жедім. Мен жедім. Осылай. Қап. Ұтып кетті!

Сәуле. Жақсы ойнайды екен, иә?

 

Бала қолын созып Күйеудің басына апарып тоқинек алады. Әйелі күледі.

 

Алан. Онысы несі. Аа жеңген адам өйстеді ме!

 

Содан бала әйелдің басына апарып тоқинек алады. Үшеуі бірдей күледі.

 

Сәуле. Бұл қызық болды.

Алан. Тамаша емес пе? Иә?

Сәуле. Иә керемет.

Алан. Айттым ғой саған. Баламыз болса бәрі керемет болады деп.

 

Осы кезде есік қағылады. Бала есікке көрсетеді. Күйеуі есік ашады.

Көршісі келіп тұр.

 

Көрші. О-о-о! Көрші. Біз келдік. Рахмет үлкен. Қалай балам шуламады ма?

Алан. Жоқ. Бәрі жақсы. Жақсы бала екен.

Көрші. Аа. Ал бала бұзық болмадың ба? Жүр кеттік үйге. Айтпақшы. Міне мына қағазды бір Ескендір беріп жіберді. Бағанадан бері есік қақтым ашпадыңдар дейді.

Алан. Жақсы рахмет. Сау бол балақай!

 

Есікті жабады да бір бірін құшақтайды.

 

Алан. Бұл деген керемет болды.

Сәуле. Иә! Неткен бақыт еді.

Алан. Біздің де сондай баламыз болса, ә?

Сәуле. Болады. Сен айтқандай бір ерікті әйелге туғызып ала берейік.

Алан. Мен сені сүйемін.

Сәуле. Мен де. Айтпақшы  бұл не хат?

Алан. Таңнан бері күтіп жүргенім ғой.

 

Келген хатты аша бастайды.

 

Сәуле. Анализдердің нәтежиесі шығыппа?

Алан. Иә. Міне мынау сенікі, ал мынау менікі.

 

Әйел өзінің, күйеуі өзінің анализін оқиды.

 

Алан. Мүмкін емес. Жоқ! Бұл қалай болғаны?!

Сәуле. Не болды?

Алан. Сіздің ұрығыңыздың сапасы 0,0001 пайыз дейді...

 

Әйел өзінікін оқиды.

 

Сәуле. Менде... бала көтеру мүмкіндігі 99,83 көрсетіп тұр.

 

Үнсіздік. Әйелі күйеуін құшақтайды.

 

Сәуле. Асыл жарым. Көңіл күйіңді түсірмеші. Егер бала бізді бақытты ететін болса, мен ақ басқа еркектен бала көтерейін. Солай келісіп ек қой, Мен сені бұрынғыдай сүйе беремін. Өзің айтқандай кәдімгідей ортада келісім жасалады. Ол тек биологиялық әке болады, ал куәлік бойынша екеуіміз бауырымызға аламыз. Бастысы туғанда емес, өсіргенімізде ғой.

 

Күйеуі бұл сөзге шыдамай, киініп темекісін алып шығып кетеді. Әйел жылап қалады.

 

Домовой. Міне. Міне. Енді махаббаттың барын дәллелдейтін осылар ғой деп ем, жоооқ. Бәрі тұрған бір... менің ұсқыныма қарап мына жас жігіт не ақылсынып тұр демеңіз. Менің жасым 90 да. Өмірді көргендей көрдім. Кей адамдар ұзақ жасауды армандайды ғой. Тіпті ұзақ жасаудан бөлек мәңгілік бір жас қалпында қалсам деп те ойлайды. Бірақ мен айтайын түк те қызығы жоқ. Мен дәл сол қалпымдамын, біраз өмір сүрдім, біраз тағдыр көрдім. Бірақ бұл өмір өзгерген сайын маған өте қызықсыз. Маңыздысы ұзақ өмірде емес ғұмырда секілді. Әрине менің пәлсапалық ойларымды бұл күнделікке жазып жүргеніммен бұны бәрібір ешкім оқи алмайды. Сонда бұны не үшін жазып жүрмін.

 

Есіктің көзіне кілт салынған дыбыс шығады.

 

Бесінші квартиранттар. Драмедия

 

Жаз (сол күнгі ауа райы).

 

Домовой. Ой, үйге жаңа квартиранттар келетін уақыт болыпты. Мен тығылайын. Үйге Шал мен кемпір кіреді, қолдарында бір бір жүгіртпелі сөмке.

Кемпір. Осы үй ма? Өзі? Квартира 117 деп тұр. Интернеттегі суреті жақсырақ сияқты.

Шал. Шыдай алмай барамын. Кірсеңші. Кілті ашып тұрған соң осы үй дә.

Кемпір. Әдре қалғыр! Ақшасын төледің бе?

Шал. Иә! Куәлігімді залогқа алып қалды.

Кемпір. Мәссаған! Енді?

Шал. Ендісі нес? Шығарда қайтарады.

Кемпір. Ойбу! Ал ол куәлігіңе кредит алып тастаса не істейсің?

Шал. Қайдағын оттамашы.

Кемпір. Әне! Айттым саған ұлымыздың үйіне барайық деп.

Шал. Қойш сол ұлды айта бермей. Тіпті күтіп алуға жарамады.

Кемпір. Ең болмағанда қонақ үйге жата салайық дедім!

Шал. Ол қымбат, атасының бағасын сұрайды. Болды миымды жемеші, жарты ақшасын төлеп қойдым. Кеттім түзге отырамын.

Кемпір. Шай ішесің бе? Шәй қойып қояйын.

Шал. Иә!

 

Кемпір шәй қоюға кіріседі. Шал туалетке кіріп кетеді де қайта шығады.

 

Шал. Телефонымды ұмытып кетіппін.

 

Шал қайта кіріп кетеді. Кемпір де телефонын шығарып ойын ойнайды.

 

Домовой. Мәссаған! Бұл квартираға ешқашан егде жастағылар келмеп еді. Бұл бір қызық екен. Менің жас жағынан құрдастарым шығар.

 

Шал туалеттегі есіктен басын шығарады.

 

Шал. Кемпір?

Кемпір. Ау асыл жарым?

Шал. Біздікілер гол салды!

 

Шал қайта кіріп кетеді.

 

Кемпір. Не дейді әкем? Голы нес? Осы шал алжиын депті! Жә, Үндістанда кездесетін жануар, 3 әріптен тұрады дейді. ПІЛ! О дұрыс!

 

Шал қайта басын шығарады.

 

Шал. Атаңа нәлет оларда мықты екен. 1 – 1.

 

Шал Қайта кіріп кетеді.

 

Кемпір. Сен өзі не істеп отырсың шал оу? Тұқымың таралғыр Дәретханаға телефонын алып кіретінді шығарыпты. Бородино шайқасы қай жылы болды? Мәссаған оны қайдан білем?

 

Шал қайта басын шығарады.

 

Шал. Сүйінші Кемпір! Біздікілер тағы соқты!

Кемпір. Ал! Ал сүйіншіңді! Әйтпесе қазір олар тағы гол соғып қояды.

Шал. Өй жаман сөз айтпа! Өзіміз 10 адаммен әрең ойнап жатырмыз.

Кемпір. Шал-оу!

Шал. Не?

 

Кемпір туалетке жақындайды.

 

Кемпір. Бородино шайқасы қай жылы болды?

Домовой. 1812 ау!

Шал. Оны не істейсің? Барайын деп пе едің?

Кемпір. Ойын ғой.

Шал. 1812.

Кемпір. 1812. О! Дұрыс екен. Менің шалым ақылды! Імімімімкмімкім!

Шал. Өһһ! Бітті! жеңдік!

 

Дәретханадан шығады.

 

Кемпір. Кеш батты! Тез шәйімізді ішіп алып жатайық! Ертең қаланы аралаймыз!

 

Шал мен Кемпір үстел үстіне жайғасады. Домовойда бірге отыр.

 

Шал. Е-е-е, бұл қала өзгеріп кетіпті ә?

Кемпір. Есімде жоқ!

Шал. Анау тұрған не нәрсе кітап па?

Кемпір. Қайсы?

Шал. Әні тұр алып беріп жіберші.

Кемпір. Мені жұмсамасаң болмайды, ә?

 

Кемпір тұрып алып береді, шал очкиін қалтасынан алып шығып оқиды.

 

Шал. Блокнот! Исмайл Омаров. 1970 жыл дейді. Мәссаған мына блокнотқа 50 жыл болыпты.

Домовой. Иә, менің осы үйге келгеніме 50 жыл болды рас.

Шал. Сүйікті жарым Лияға. Сосын бос беттер. О міне. 1975 жыл үйге бір жас суретші мен аспаз қыз тұрақтады. Мен Домовоймын! А?

Домовой. Не? Мына шал менің блокнотымды оқи ала ма?

Кемпір. Домовойы несі?

Шал. Ары қарай, мәссаған толтырып жазып тастапты. Ііііі. О 1999 жыл жаңа жылдық кеш, үйдің бұл жолғы иесі үйге көңілдесін алып келді дейді.

Кемпір. Не дейді ей әкем? Көңілдесі несі?

Шал. Білмеймін жазуы өте нашар екен, түсініксіз.

Домовой. Мына шал расымен де менің жазғандарымды оқып отыр ма? Ей шал мені естіп тұрсың ба?

Шал. О міне, Өзінің өмірбаянын жазып қойыпты. Лия екеуіміз ұрсысып қалдық дейді.

Кемпір. О тоба? Неге ұрсысып қалыпты?

Шал. Білмеймін анықтап жазбаған?

Кемпір. Өзі неге екенін анық білмейтін болған соң, анық жаза алмаған да. Анық білсе ұрсыспас еді ғой.

Шал. Мен үйге кеш келдім дейді.

Кемпір. Әні, қаңғыбас болған да.

Шал. Өй құрсын, не оқып кеттік. Шәй ішіп болсақ жатайық.

 

Блокнотты жабады да, төсекке қарай кетеді.

 

Домовой. Ей шал, сен соңына дейін оқысаңшы. Мүмкін маған бір көмегің тиіп қалар а? Ей шал?!

Шал. Құлағым шыңылдайма бір нәрсе.

Кемпір. Анау телефоныңды көп шұқисың содан.

Шал. Ойбай сен меннен кем шұқымайсың ғой.

 

Шал мен кемпір екеуі төсекке жатады.

 

Домовой. Қаншама жыл болды, бұл үйге шал мен кемпір мүлде келмепті. Олар қалайша осы күнге дейін бірге өмір сүріп келді екен а? Махаббат дейін десем ол өтірік, сонда махаббаттанда биік нәрсе бар болғаны ма?

Кемпір. Шал.

Шал. Ау асыл жарым?

Кемпір. Тіліме теріскен шықты.

Шал. Иттің көті.

Кемпір. Тіліме теріскен шықты.

Шал. Мысықтың көті.

Кемпір. Тіліме теріскен шықты.

Шал. Маймылдың көті.

Кемпір. Тіліме теріскен шықты.

Шал. Жылқының көті.

Кемпір. Тіліме теріскен шықты.

Шал. Қоянның көті.

Кемпір. Енді не істесем болады?

Шал. Жан жағыңа қарасаң, тышып боғын жаласаң кетеді.

Кемпір. Тві тві тві.

Домовой. Мына екеуі қуады екен. Не үшін ұрсысыпты дейді ғой? Сол... қалай еді өзі. Ұмытыпта қалыппын.

 

Үнсіздік.

 

Кемпір. Шал. Ана күнделікті айтам.

Шал. Иә, не болыпты?

Кемпір. Сол не үшін ұрсысыпты и?

Шал. Білмеймін? Дұрыс сөйлеспеген шығар.

Кемпір. Неге дұрыс сөйлеспеген екен и?

Шал. Уақыт болмаған шығар.

Кемпір. Неге уақыт таппаған?

Шал. Кемпір сен ұйықтайсың ба өзі?

Кемпір. Қойш сол, өлген соң ұйықтаймыз. Анау күнделік қызық болып тұрғаны.

Шал. Ой сенде бір, алып келші оқиық.

 

Кемпір орнынан тұрып, күнделікті алып келеді. Шал очкиін тағып оқиды.

 

Кемпір. Сонда Лия неге жылаған?

Шал. Білмеймін, ол туралы не жазғанын түсінбедім.

Кемпір. Ол кешірім сұрап па?

Шал. Кімнен?

Кемпір. Лиядан.

Шал. Не деп?

Кемпір. Жылатқаны үшін.

Шал. Білмеймін... Не деп кешірім сұрайды, қазір оқиық.

 

Домовой осы әңгімені тыңдап отыр.

 

Домовой. Расыменде Лияның жылағаны үшін не деп кешірім сұрауым керек? Үнсіздік. Бәрі сол жол апатынан басталды. 1970 жыл...

 

1970. Коляскамен Лия шығады.

 

Исмайл. Лия?

Лия. Келдің бе? Кешіктің ғой?

Исмайл. Иа сол жұмыста бір шаруалар болып қалды.

Лия. Қойшы. Өтірік айтпашы! Келгің келмеді ғой? Иә?

Исмайл. Лия? Рас айтамын.

Лия. Менің мына түрімді көргің келмеді ғой иә?

Исмайл. Қойшы лүпілім кел құшақтайыншы.

Лия. Жоқ! Мен бұлай өмір сүруден шаршадым. Бұл өмір емес.

Исмайл. Лия. Қойшы енді!

Лия. Сен мені шын сүйемісің? Әлде мені аяғаннан жүрсің бе?

Исмайл. Лия!

Лия. Тірі өлік болудан шаршадым. Исмаил. Кетейікші, бұл өмірден кетейікші, мен кітаптардан оқыдым, ана өмірде соқыр көреді, мылқауға тіл бітеді, керең естиді, сал адам сау адамға айналады, екеуіміз бұрынғы қалпымызға қайта оралады екенбіз, мен сұлу әрі, сүйікті боламын. Кетейікші.

Исмайл. Жоқ, Лия, айтып ем ғой бұл сандырағыңа тағы бастың ба?

Лия. Бұл сандырақ емес кетейікші. Сен күні бойы жұмыстасың дала көресің, мен үйде отырамын мұндай өмірдің керегі не? Мен сенімен мәңгі бірге болғым келеді.

Исмайл. Мен қаңғып жүрмін бе? Жұмыс істеп жүрмін. Маған оңай деп пе ең? Мен сен үшін жұмыс істеп жүрмін. Сен мен болмасам не істейтін ең? Сенің астыңды жуып, артыңды тазалап жүрмін ғой, сенің еміңе, анау үміт сыйлайтын дәрілерді табуға күндіз түні бас қатырып жүрмін ғой. Иә қиын, бірақ мен төзіп жүрмін ғой, сен ең болмағанда сонымды сыйлап маза бермейсің бе? Әріптестерім келіншектерімен бірге анда да мұнда да қыдырып жүргенде оларға қарап қызықпайды деймісің?

Лия. Олай болса мені өлтір, саған байлау болмайын.

Исмайл. Лилия, қойшы болды.

 

Шал кітапты жабады.

 

Кемпір. Сұмдық...

 

Кемпір жылайды.

 

Кемпір. Жаңағы оқиғаны тыңдап отырып өзіме үңілдім ақ шал, үңілсем екеуіміздің басымыздан не өтпепті.

Шал. Кемпір, жылап жатсың би? Кел құшақтайын.

Кемпір. Қойшей ұят қой!

Шал. Бәрібір құшақтаймын. Кім көріп тұр. Ары қарай оқиық

 

Шал кемпірін құшақтайды.

 

1970. Исмайл Лияны көтеріп ваннаға салады.

 

Лия. Қайдасың? Қайдасың?

Исмайл. Осындамын. Осындамын.  Бұл үйден енді шықпаймын ал, сенің қасыңда боламын, сені ешқайда тастамаймын, бұл үйден өлсемде кетпеймін сол ма керегі?

 

Лия жылайды.

 

Исмайл. Мен шаршадым ұйықтаймын.

 

Исмайл ұйықтайды. Әйел газдың бәрін ашады. 

 

Лия. Исмайл. Тәтті ұйықта. Білесің бе? Мен кейде сені осы арбада таңылып отқанымды елестетемін, егер екеуіміздің орынымыз ауысар болса, мен сенің қасыңнан бір елі аттап баспас едім. Мен сенің аяғың мен қолың болар едім. Маңыңнан тіптен жаныңнан ажырамас едім.Мен сені сүйемін Исмаил. Кешір мені. Мүмкін, о дүниеде екеуіміз бақытты боламыз...

 

2024.

 

Шал. Біз Лия екеуіміз, қатты ұрсыстық дейді, содан мен теріс қарап жатып алдым, ал Лия жылап жылап ұйықтап қалды, менде шаршағаннан ұйықтап қалдым дейді. Бірақ газ қосулы болып бөлменің ішіне улы газ тарап, екеуіміз мәңгілік ұйқыға кеттік дейді.

Кемпір. Мәссаған, иманды болсын.

Шал. Сон соң оянсам қасымда Лия жоқ, мені тастап кеткен шығар дейді.. Сөйтіп Лияның жаны о дүниеге ұшып кеткен де, ал мынаны жазған жігіттің жаны жалғыз осы үйде мәңгілік күн кешіпті.

Кемпір. Обал бопты. Өзіне де сол керек, жынды ма? Даладағы жағымсыз көңіл күйін үйге арқалап келгені несі.

Шал. Енді қайтсін, шаршаған ғой... Бір бірін қатты жақсы көреді екен, махаббат үшін құрбан болғанда...

Кемпір. Бұнысы дұрыс па енді? Отбасы деген түсіністіктен тұрмай ма? Екі адам арасындағы махаббат отбасын құраса, ары қарай ол парасаттылыққа ұласып, сыйластықпен аяқталмайма. Бір бірін ұғынып, бір біріне тіреу болмаса, бірі айғайлағанда бірі тыңдап, бірі жылағанда бірі жұбатпаса несіне бір үй болады?

Шал. Иә, кемпір бұның дұрыс, байғұс жігіт тілінен тапқан ғой... Жарайды. Біз оған көмектесейік. Кел үйді екі жақтап аластап жіберейік. Бәлкім рухы тынышталар.

 

Үнсіздік.

 

Домовой. Мен түсіндім, Лия, сенің қайдасың дегеніңді түсіндім. Мен осы күнге дейін саған өкпелеп, өзімнің кінәмді көрмеппін.. сенің әр қашан қасыңда жүрмін, тәніммен біргемін деп ойласам, жаныммен алыста жүрген екенмін ғой.

Ашуға ерік бермей, ең бірінші ауызыма келген алдамшы сөзді бетіңе баспай өз өзімді ұстауым керек пе еді, ойыммен арпалыспай бір уақыт өзіңмен отырып жай ғана тілдесуім керек пе еді, қадіріңді кейін емес сол сәтте емес, ертерек түсінуім керек пе еді, өзімшілдікке салынбай бір уақыт сеніңде ойыңды тыңдауым керек пе еді, бақыттың келмейтінін бақытты өзіміз жасайтынымызды ұғуым керек еді...... Кешірші мені Лия.

Міне саған сол түні айтқанымдай ешқайда аттап баспай бұл үйде 50 жыл бойы өмір сүріп келем. Енді сен мені іздемейсің. Мен осындамын. Керісінше мен сені іздеймін. Сені сағындым. Сені көргім келіп тұр, қасыңда болғым келіп тұр. Құшақтағып келіп тұр.

Қайдасың? Лия? Қайдасың....

 

Шал мен Кемпірдің қорылы естіледі. Домовой күнделігін алып есіктен шығып кетеді.

 

СОҢЫ

 

Аманжол Қазыбек

Аманжол Қазыбек — Ақтөбе облысының Мартук ауданы Аққайың аулында дүниеге келді. Астана қаласы мемлекеттік Әзірбайжан Мамбетов атындағы драма және комедия театрының актеры болып жұмыс істейді. Драма.KZ фестивальдің шорт-параққа енген пьесалары: «Тук-Мар қонақ үйі», «018-автобус», «Алло». «Ұрылар» пьесасы Павлодар қаласында Аймауытов театрында жүріп жатыр.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon