Дактиль
Ғалиябану Мейрамқызы
Драма
Кейіпкерлер:
Дидар — 25 жаста, фотограф.
Ләйлі — 21 жаста, дидардың сүйген қызы, 4 курс студенті.
Жігіт — 25 жаста, Дидарға жолыққан бейтаныс адам.
Кешкі уақыт. Тыныштық. Аэропорт жанындағы автобус аялдамасы. Аялдама дәл отрасынан екі түрлі түсте боялған. Оның жанында өзге әлемнен түскендей, түрі ерекше ағаш өсіп тұр. Аялдамаға Дидар келеді. Қолында жүк сөмкесі мен фотоаппараты бар.
Дидар. Бүгін өзі біртүрлі күн болдығой.
Жан жағына қарап, қолындағы шағын сөмкесін аялдамадағы скамейканың астына орналастырып жатады. Дидардың жанына аялдамаға бір жігіт келіп отырады. Дидар оның келгенін байқамай қалады.
Жігіт. Қалай ойлайсың, егер өтірік екі жаққа да тиімді болып тұрса, адамға шындықты айту қажет пе?
Дидар қасында отырған өзі қатарлы жігіттің бетіне түсінбей қарады. Бейтаныс жігіт орнынан кері тұрып, Дидарға тағы сөйлейді.
Жігіт. Қасыңа отырсам қарсы емессің бе?
Дидар оған сол күйі абдырап қарап отыр.
Жігіт. Неге олай қарадың? Өміріңде остановкадан адам көрмеп пе едің?
Дидар. Жоқ. Яғни... иә. Олай емес. Жәй келгеніңізді байқамай қалдым.
Жігіт. Мен адам жемеймін.
Дидар жауап қайтармай, аялдаманың бір шетіне барып тұрады.
Жігіт. Бір жаққа кетіп бара жатырмын де.
Дидар. А?
Жігіт. Бір жаққа жолға шығып бара жатырсың ғой деймін.
Дидар. Иә... Мәскеуге.
Жігіт. Енді неге мында отырсың?
Дидар. Рейске әлі ерте.
Жігіт. Ерте түгі де жоқ, дәл екі сағат қалды.
Дидар. Екі сағат көп уақыт.
Жігіт. Немесе жәй ғана кеткім келмей отыр десеңші.
Дидар. Мүмкін... Жоқ, тоқтаңызшы. Сіз неге маған жабысып қалдыңыз? Ана жақта орын да, адам да көп, егер ішіңіз пысып отырса.
Жігіт. Ашуланба. Маған сенің түрің нашар көрінді...
Дидар жігіттің айтқанына күледі.
Дидар. Сыртыңнан бейшара болып көріндің де.
Жігіт. Мен дәл олай деген жоқпын. Мүмкін...
Дидар. Бүгін шынымен біртүрлі күн болып жатыр.
Жігіт. Не дейсің?
Дидар. Ештеңе.
Дидар жігіттің қолындағы кітабын байқап қалады. Кітап оған таныс көрінеді.
Дидар. Бұл не кітап?
Жігіт. Адам болмысының мәнін жоққа шығару.
Дидар. Қызық... Мен де бұл кітапты оқығанмын.
Жігіт. Ал керек болса! Сонымен, мәнін жоққа шығаруға болады ма екен?
Дидар. Білмейм... Кітап солай дейді. Бірақ мен мұнымен келіспеймін. Сіз ше?
Жігіт. Мен әлі оқып аяқтамадым. Дегенмен, келіспейтінімнен, келісетінім көбірек сияқты.
Дидар. Нигилистсіз бе?
Жігіт. Жоқ. Тек кейде адам өмірі туралы ойлар шынымен мәнсіз секілді көрінеді.
Дидар. Маған бұрын бір кісі айтып еді: «Философтарға салсаң, өмір — қисынсыз. Оны сүрудің мәні жоқ. Бәрі абсурд».
Жігіт. Иә, философтардың ішінде жазады дегенге жаза бергендері де бар. Бұл да рас. Келісемін.
Дидардың көз алдында өткенінің фрагменттері пайда болады. Басын ауырлық қысып, құлағы бітеліп қалғандай. Қасындағы жігіттің соңғы не айтқанын да естімей қалады. Жігіт оның бұл түрін байқамайды.
Жігіт. Айтпақшы, мен осында келмес бұрын бір нәрсе айтып жатыр едің ғой. Мен негізі сол үшін осында отырдым.
Дидар. Не айтып жатыр едім? Ендігі есімде жоқ.
Жігіт. Құс дедің бе, түс дедің бе бірдеңе...
Дидар. А-а-а-а, иә! Түсімді айтып отырғанмын. Оны не істейсіз? Әлде түс жоритыныңыз да бар ма?
Жігіт. Ондайым жоқ. Жәй әңгіме болсын дегенім ғой.
Дидар. Бүгін... Кеше... Бірнеше күннен бері қайта-қайта бір түсті көре беремін. Түсімде аялдамада отырамын. Маған қарай бір үлкен құс ұшып келеді. Құстың аузынан бір жарық шашылып жатыр, от емес... (Айтатын сөз іздеп.) Жұлдыз! ИӘ.. Жұлдыз! Жұлдыздар жерге түсіп, түскен жерінің бәрін отқа орап жатыр. Анау тұрған ағаш... жанып жатыр.
Дидар тоқтап, сөзін жалғастыруға ойланып қалады.
Жігіт. Осы ғана ма?
Дидар. Сол құстың көзінен... Бір қатты таныс бейнені көрдім.
Жігіт (Дидарға ойлана қарайды). Кімді?
Дидар тағы тоқтап, біраз ойланып барып сөзін жалғастырады.
Дидар. Оны... Оны көргенде қатты қорқып кеттім. Әлгі ағаштың өрті менің де денеме тиіп, күйдіріп жатты. Құстың көзіндегі Ләйліге қарап тұрып, сол өрт мені де анау ағаш сияқты күл қылып жіберсе ғой деп тіледім.
Жігіт. Ләйліңмен араларыңда не болып еді?
Дидар. Ол енді маңызды емес. Бірақ түсімде сол құс мені де өртеп жіберсе, жеңілдер едім деп ойладым.
Жігіт. Өлсем, мәселеден құтылам дедім де.
Дидар оған жауап қайтармайды. Біраз үнсіздіктен кейін жігіт тағы сөйлейді.
Дидар. Ләйлі деген кім? Сүйіктің бе?
Жігіт. Ол... Иә... сүйіктім. Әрі сүйікті жазушым.
Дидар. Ол жазушы ма?
Дидар. Мамандығы бойынша, жоқ. Бірақ мен оның жазғандарын қатты жақсы көремін. Және тек жазғандарын ғана емес. Оның көкке боялған шаштарын, маған қараған көздерін...
Жігіт. Қазір ол қайда?
Жігіттің сұрғына жауап бергісі келмей, қалтасынан темекісінің қорабын алып шығып, біреуін тұтатады.
Дидар. Біз айырылысқалы бір жыл болып қалды...
Жігіт. Себебін сұрғанмен, айтқың келмейтін шығар.
Дидар. Дәл солай.
Жігіт. Махаббат деген қызық дүние ғой. Сүйесің... сүйгенмен, қосыла алмайсың...
Дидар. Сол менің қолымда болса... Өмір өзі екеуміздің тағдырымызды шешіп қойыпты. Бізден рұқсат керек пе еді?
Жарық сөнеді.
Бірінші сахнадағы көріністен бір жыл бұрын. Мост. Мосттың бойында Дидар мен шашы көгілдір- қара түсті Ләйлі. Дидардың үстінде ақ рубашка, Ләйлінің үстінде етегі мосттың асфальтына тиіп шаң болған ақ көйлегі, аяғында конверстер.
Ләйлі. Білесің бе, негізі саған кәдімгі, есі дұрыс қыз керек.
Дидар оның айтқанын мүлдем естімейді.
Ләйлі. Саған кәдімгі, есі дұрыс қыз керек деймін.
Дидар. Тағы не ойлап таптың? Кәдімгі қызы несі...
Ләйлі. Ештеңе ойлап таппадым. Бірақ осы ой маған жиі келеді. Неге үндемейсің?
Дидар. Ойланып тұрмын.
Ләйлі. Не туралы?
Дидар. Өмір туралы.
Ләйлі. Өмір туралы?
Дидар. Адамдардың принциптері туралы.
Ләйлі. Так, сонымен қайсысын ойладың?
Дидар. Екеуін де.
Ләйлі. Өмірлік принцип!
Дидар. Иә.
Ләйлі. Барлық адамда принцип бола ма?
Дидар. Иә. Яғни...
Ләйлі. Тоқта. Меніңше барлығында емес.
Дидар. Мен өз айтақынма сенімдімін. Принципсіз адам болмайды.
Ләйлі. Содан...
Дидар. Қара, принциптер біздің күнделікті өміріміздің базасы. Мысалы мен біреуін айтайын: Бүгін жасар істі ертеңге қалдырмау. Бұл менің өмірлік принциптерімнің бірі. Немесе мен мүлде таңғы ас ішпеймін. Бұл да жеңіл мағынада бір принцип.
Ләйлі. Осы соңғы айтқаның, меніңше, парадокс.
Дидар. Келіспеймін. Білесіңбе нағыз парадокс деген не? «Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етілген». Міне, осы нағыз парадокс, Ләйлі.
Ләйлі. Бірақ осыны ұстанатын адамдар бар.
Дидар. Бар. Өкінішке орай.
Ләйлі. Тек принцип пен әдетті шатастырмау керек. Мана сен айтқан таңғы ас-біреулер үшін әдет. Әдет кейде бұзылады, ал прицип бұзылмайды. Яғни, бұзылмауы керек.
Диар. О! Өте керемет жеткіздің.
Ләйлі. Енді мен өзімдікін айтып көрейін: Адам өмірді сүйе білу керек, ал оны қалай сүру — әркімнің жеке таңдауы.
Дидар. Мәссаған. Бірақ бұл принципке жатпайтын сияқты.
Ләйлі. Сен менімен келіспейсің бе?
Дидар. Менікі былай сәл керісінше сияқты. Адам өмірге оны сүру үшін келеді, иә, рас. Бірақ, оны сүюге міндетті ме?
Ләйлі. Біз өмірді қалай бар, солай көргіміз келмейді. Біз өмірді өзіміз қандаймыз, солай көреміз. Мәселе осында.
Дидар. Бұл жауап емес.
Ләйлі көйлегінің етегін көтеріп, конверстерінің бауын байлап жатады.
Ләйлі. Жоқ, бұл жауап. Тек сен естігің келген емес.
Дидар да жерге оның жанына отыра қалып, сөзін жалғастырады.
Дидар. Ләйлі, тыңдашы, мен үнемі мына нәрсе туралы ойланамын: қалай, шын мәнінде, мына өмірде, өміріне риза, бақытты адамдар өте көп! Айналаға қарашы: байдың пафосы, кедейдің бейшаралығы, айналада жоқшылық, азғындық, маскүнемдік, екіжүзділік, өтірік... Осының барлығымен қатар өміріне риза адамдар өте көп.
Ләйлі. Кейде сенің мынадай ауыр ойларыңнан миым сәл ойланғысы келмей қалады. Шын айтам.
Дидар. Ой, Ләйлі. Өмір туралы ауыр ойлардың иесі нағыз өзіңсің ғой. Менікі жолда қалады.
Ләйлі. Мен тек жазған кезде ғана сондаймын. Ал былай өмірге жеңіл қарау керек.
Дидар. Жақсы. Бірақ менің манағы сұрағыма жауап берші. Айналада жоқшылық, азғындық, маскүнемдік, екіжүзділік, өтірік... Осының барлығымен қатар өміріне риза адамдар өте көп. Сен айтқандай, өмірін сүйетін адамдар. Мен түсінбеймін. Өмірді қалай сүюге болады осылардан кейін.
Ләйлі. Бұның несі жаман? Өмір болғасын бәрі елу де елу.
Дидар. Камюдың бір сөзі бар еді осы туралы. «Великий вопрос жизни — как жить среди людей».
Ләйлі. Кәдімгідей. Оның үстіне мен Камюдың философиясына қарсымын. Оның ойынша, адам өмірі — абсурд. Ал мына әлем — қисынсыз. Маған салса, абсурд деген- Камюдың философиясы.
Ләйлінің сөзіне екеуі де күледі.
Ләйлі. Эх, Дидар... Біздің бірге болғанымыз қандай жақсы. Әйтпесе, мына ойларымызды біреу естісе күлетін еді.
Дидар. Сенің менде барың қандай жақсы! Ал ойларымыз туралы, шынымен солай ойлайсың ба?
Ләйлі. Әрине! Бір суретші, бір жазушы — сымақ, пәлсапа соғып отыр. Күлмеген де!
Дидар Ләйлінің сөздеріне тағы да күледі. Ләйлі кенет оның бетіне қарайды.
Ләйлі. Бірақ саған шынымен кәдімгі қыз керек!
Дидар. Ой, Ләйлі! Қойшы осы әңгімеңді.
Ләйлі. Сен мені түсінбедің.
Дидар. Оданда сен маған мынаны айтшы, ең үлкен арманың қандай?
Ләйлі орнынан тұрып көңілденіп, ары бері әуенсіз билеп жүріп, сөйлей бастайды.
Ләйлі. Арман деймісің? Менде арман көп... ең үлкені-і-і... айтсам күлесің.
Дидар. Күлмеймін.
Ләйлі оған сенбей, бетіне біраз қарап тұрады.
Дидар. Шын айтамын.
Ләйлі. Мен биші болуды армандадым. Жәй армандамай, мектеп кезімнен бастап сол арманымның орындаларына жүз пайызға сендім. Сендім. Сендім. Тағы да сендім. Солай жүріп мүлдем басқа нәрсені қалайтынымды түсіндім.
Дидар. Сонда не?
Ләйлі. Қазір үлкен арманым кітабымды жарыққа шығару. Бірақ жазғандарымды кәсіби шеберлер қабылдамайтын сияқты. Мен тырысып жатырмын. Тағы да... тағы да...тағы да. Бірақ...
Дидар. Сенің осыған деген фанатизмің кейде мені кәдімгідей ойландырады. Неге көңіліңді басқа нәрсеге бөлмейсің?
Ләйлі. Сен тым әсірелеп тұрсың. Маған жазған ұнайды. Мен одан қиналып жатқан жоқпын. Оданда маған мынаны айтшы, сен өзің осы қазіргі жұмысыңды армандадың ба?
Дидар. Мектеп кезімде мен сиқыршы болуды армандағанмын.
Ләйлі. Сен менен өткен қиялсыңғой. Ал неге болмадың?
Дидар. Болдым емес пе? Фотографтың сиқыршыдан несі кем, а?
Ләйлі. Жарайды, жарайды. Келістім.
Үнсіздік.
Ләйлі. Дидар, саған шынымен кәдімгі қыз керек деймін.
Дидар. Не айтып отырсың? Тағы да бастадың ба?
Ләйлі. Енді... ес — ақылы орнында. Біртүрлі емес. Шаштары да қара...
Дидар. Саған не болыпты?
Ләйлі. Мен «кәдімгі» болуға тырысып жүрмін. Бірақ ол сенің жаныңда болу үшін жеткіліксіз.
Дидар. Ләйлім, кейде сен біртүрлі нәрселер айтасың. Маған сеннен басқа ешкім керек емес. Және сенің көк шаштарыңды да жақсы көремін.
Ләйлі сәл үнсіздіктен кейін көзін сүртіп, Дидардың иығына басын қояды.
Ләйлі. Жақсы көремін... Ал жақсы көру, сүю деген не? Маған бір мысал айтшы.
Дидар. Махаббат... Сүю деген... Ол — қараңғыда жанып тұрған от.
Ләйлі. Бұл тым аз.
Дидар. Тым аз?
Ләйлі. Сүю деген сен айтқан үш сөзбен сипаттала қоятын болса, сезімнің ұлысы болмас еді.
Дидар. Әрине, мен ойыма бірінші келген тіркесті айттым. Ал сен үшін ше?
Ләйлі. Махаббат деген — сигнал. Бойыңда жүріп жатқан қаныңды, бірқалыпты соғып тұрған жүрегіңді орнынан қозғайтын сигнал. Бұл былай ережесі ғана. Ал мен үшін махаббат деген...сенсің, Дидар.
Ләйлі тағы сұрақ қояды.
Ләйлі. Біздің қалай танысқанымыз есіңде ме?
Дидар. Әрине. Сен универдегі төменгі курста оқитын ең сұлу, әрі ең өзгеше қыз едің.
Ләйлі. Сен де универдің асханасында кездестірген ең әдемі жігіт болдың. Онымен қоймай, бірінші өзім барып саған сөйледім, иә?
Дидар. Иә. Сол кезде саған өмірімде 10 қызбен жүрдім дегенім есіңде ме?
Ләйлі. Есімде.
Дидар. Ол өтірік болатын.
Ләйлі. Білемін.
Дидар. Мен саған дейін тек 9 қызбен ғана жүргенмін.
Екеуі бір сәт бір-біріне қарап отырды да, тағы да ұзақ, ессіз күледі. Тоқтағаннан кейін екеуі бір нүктеге қарап отырады. Үнсіздік.
Дидар. Сен өміріңде неше адамды ұнаттың?
Ләйлі. Ұнаттым?
Дидар. Сүйдің деп сұрамай- ақ қояйын. Иә, ұнаттың. Екеуі екі бөлек қой.
Ләйлі. Тым аз. Ары кетсе бір-екеу.
Дидар. Мүмкін емес. Бірақ сен маған бірінші болып келіп, әңгіме бастадың ғой. Өмірі біреуді ұнатпаған адам солай жасайды ма?
Ләйлі. Мүмкін, бір көргеннен ғашық болған болармын.
Дидар. Ал мен сені сол кезде біраз уақыттан бері ұнатсам да, өзіңе жеке айта алмай жүргенмін.
Ләйлі. Сонда сенің менен бірінші байқаған нәрсең не?
Дидар. Қою көк шашың. Бірінші көргеннен, сол шашатарың көзіме түсті.
Ләйлі. Шын айтасың ба? Олар менің өзіме де ұнайды. Бірақ, мына шаштарыммен есі дұрыс адам маған қарай қоймас деп ойлайтынмын.
Дидар. Демек қателестің. Мен есі дұрыс адам (жігіт) деген категорияға жататын болсам, әрине.
Ләйлі. Маған қарағанда, сенде шанс көбірек бұл категорияға.
Дидар. Қойшы, тағы бастадың ба?
Ләйлі. Жарайды-жарайды.
Дидар. Бірақ маған мынаны айтшы, неге көк? Қызыл, сары, күлгін... түс көп емес пе, а?
Ләйлі. Көк түс мен үшін «өзімді тірі сезінуді» білдіреді. Мысалы, мынаған қарашы... (Ләйлі Дидардың қолын алып, екеуінің білегіне мұқият қарайды.) Білегіміздегі тамырлар көк түсті. Оның үстіне, тарам- тарам өздері. Менің шаштарым дәл осылар секілді.
Дидар. Шынымен.
Ләйлі. Әрине мен бұл шашыммен өмір бойы жүрмеспін, дегенмен маған ертең не болатыны емес, қазіргі сәт маңыздырақ.
Дидар. Енді сенің айтқаныңнан кейін, көк түс маған да тірі болуды білдіретін сияқты. Ал осыған дейін мен жасыл тіршіліктің белгісі деген бәріне белгілі оймен жүргенмін.
Ләйлі. Жасыл- тым іш пыстырарлық.
Үнсіздік.
Ләйлі. Екеуміз алғаш кездесуге шыққанда, көшедегі бір кафенің жанында шыққан музыкаға билегеніміз есіңде ме?
Дидар. Әрине, есімде.
Ләйлі. Сол кездегідей билейікші.
Өлең қосылып, екеуі билейді.
Nazzarbeck «Nesine».
Екінші сахнадағы көріністен бірнеше айдан кейін. Күз. Кешкі уақыт. Ләйлінің бөлмесі. Ол өзінің жарығы аз, көп жерін қағаздар мен кітаптары алып тұрған бөлмесінде отыр. Қолында сөнуге айналған темекі. Көздерін бір-екі сүртіп, айнаның жанындағы үстел үстінде жатқан қағаздарын қолына алады.
Ләйлі. Мен бүгін түс көрдім. Бүгін , кеше, оның алдыңғы күні де бір түсті қайталап көре беремін. Әлгі түсімде мен шеті көрінбейтін теңіздің жағасында тұрмын. Теңізге ұзақ қараған сайын, одан бір естеліктерді, қуанышты әрі мұңды сәттерді байқаймын. Қызық, бұл естеліктер кімдікі екен деп ойлап тұрмын. Бұл ойымды артымнан сезілген біреудің демі бұзып жіберді. Бұрылып қарап едім, алдымда маған қатты ұқсайтын қыз. Тек шаштары қап- қара екен, көк емес. Ол менің бетіме қарап күлді де, «Мына естеліктер кімге тиесілі деп тұрсың ба? Онда жақыннан қарасаң түсінесің» — деп, мені жартастан теңізге қарай итеріп жіберді.
Ләйлі үнсіз бір нүктеге қарап тұрып қалады да, қағазын тастай салып өзі жазғандарын қайталай бастайды.
Мен теңіздің түбіне батып барамын. Бірақ түбі жеткізер емес. Жан- жағымнан манағы естеліктер қаптай бастады. Дидарды көріп тұрмын. Мен оған қарай қолымды созамын, бірақ ол тым алыста. Кенет оның бейнесі жоғалып кетті де, әлгі дауыстар шыға бастады...
Ол бір сәт тағы да үнсіз қалып, өзінен-өзі шошына сөйлейді:
Бұл не тылсым, Жасаған? Түсімде есітген дауыстарымды, өңімде де еститін болып жүрмін.
Мен шынымен есімнен адаса бастадым ба?
Бөлмесінің әр жерінде шашылған қағаздарын жинай бастайды.
Дидарға айтсам ол сенбес. Немесе өзімді кінәлар... Бірақ...
Ләйлі қолындағы темекісін қағазының бір бұрышына өшіре салады да, үстел жанындағы айнаға қарап біраз тұрады.
Шешемнің... Бала күнімнен оның біртүрлі әрекеттерін кейде байқайтынмын. Бірақ бұл оның екі күн мас, бір күн сау болып жүретінінен болар дейтінмін. Ол шынымен психикалық тұрақсыз адам еді. Кейін мен оның әлгі аурумен ауыра бастағанын білдім. Басында білінбейтін, кейін тіпті мені танудан да қалды. Үнемі сандырақ. Ол аруды ғылымда шизофрения дейді ғой деймін...
Ләйлі түсінде еститін дауыстарын қайталап айта бастайды.
Үнемі бірдеңеден қашасың... Неден? Шешеңнің тағдырын қайталаудан қашасың, иә? Солай ма? Немесе сол секілді керексіз болып қалудан? Ал сен кімге керексің? Сенің жазғандарың кімге керек?
Өзі айтқандарынан өзі шошып, бір жерде тұра алмай кетеді. Бөлмесін ары-бері айналып жүре бастайды.
Неге мен өңімде де оны естимін? Неге ол үнін өшірмейді? Құдай-ау...
Кенет тоқтап, басын қайта көтереді. Көз алдында әлгі дауыстың иесі. Сол қыз. Міне, оның алдында тұр.
Міне тағы да ол: менің қарсы алдымда. Маған сол баяғы сөздерін қайталап тұр... Кімге керекпін? (Ары- бері жүріп ойлана бастайды.) Кімге? Кімге? Кімге… Оған! Ол маған, мен оған керекпін. Дидарға.
Ләйліге көз алдындағы бейне оны мазақ қылып тұрған сияқты көрінеді. Әйелдің дауысы шығады.
Дауыс. Сенімдісің бе? Ол саған керек. Дұрыс. Бірақ сен оған?
Ләйлі. Өшір үніңді.
Есін қайта жиғандай, тоқтай қалады.
Ләйлі. Соңғы күндері өзімнен өзім шошимын... Айнадан да өзімді емес, «оны» көремін… Не болып барады, Жасаған?
Жарық сөнеді.
Сахнада Дидар. Жарық тек Дидарға ғана түсіп тұр.
Дидар. Ләйлім соңғы күндері мені қатты алаңдатып жүр. Ол маған түсіне кіретін әйел туралы айтты. Әйел ме, қыз ба сондай... Ол оның даусын өңімде естимін дейді. Оның үстіне соңғы күндері көп ұрсысатын болдық... Менің де жүйкем жұқарған сияқты. (Дидар темекісін тұтатып, сахнаның бір шетіне қарай жүреді. Жарық тек Дидарға түсіп тұрады.) Жалпы екеуміздің де жүйкеміз жұқарған сияқты. Бірақ мені оның жағдайы ғана алаңдатады. Оған көмектесуге тырысқан сайын ашуланады. Мен оның маған айтқандарынан кейін бұл жақсы нәрсе емес екенін бірден түсіндім. Оған бірге психологқа, одан кейін психиатрға барайық дедім. Бірақ ол сол баяғы әніне қайта басып, көнбеді.
Ләйлі отырған екінші бөлменің жарығы жанады. Дидар бұрыштан Ләйліге қарай жүреді.
Ләйлі. Бұл сен есіңнен адаса бастадың дегенің бе?
Дидар. Мен ондай ештеңе деген жоқпын.
Ләйлі. Онда неге мені жындыханаға сүйрегеніңді қоймайсың?
Дидар. Мен саған бар болғаны бірге барып тексерілейік деп тұрмын. Және жындыханаға емес, дәрігерге.
Ләйлі. Психиатрға дедің.
Дидар. Иә. Бірақ оған неге сонша ашуланасың?
Ләйлі. Себебі сен мені түсінгің келмейді.
Дидар. Бұл жерде сенің пікірің дұрыс болса, мен түсінер едім. Бірақ, кешір. Бұл жолы келісе де, түсіне де алмаймын. Ең болмағанда кішкене үзіліс жасасаң етті.
Ләйлі темекісін тұтатып, Дидардың алдына жақын келеді. Екеуі ұрсыса бастайды.
Ләйлі. Неден, Дидар? Неден үзіліс? Мына құрып кеткір өмірден бе? Әлде бір-бірімізден?
Дидар. Мына жан жағыңдағы қолдан жасап алған «өз әлеміңнен»! Әлде осылай күн ұзағына отыра берсем, керемет бірнәрсе жазып шығамын деп ойлайсың ба? Олай болса сен мені кешір, бірақ бұл- нағыз ақымақтық.
Ләйлі. Тағы не айтасың? А? Сен осыны маған қайта- қайта айта беруден жалықпадың ба?
Дидар. Құдай үшін, Ләйлі... Тыңдаш, бұлай жалғаса берсе сені шынымен...
Дидар сөзін аяқтамай үнсіз қалады. Ләйлі оның бетіне қарап күліп жібереді.
Ләйлі. Не? Шынымен жынды боласың дегің келді ме?
Дидар. Жоқ! Ләйлі, бұл мүлдем күлкілі емес. Мені тыңдашы...
Ләйлі. Тыңдағым келмейді. Өйткені сен де мені тыңдамақ түгілі, естіп те тұрған жоқсың!
Дидар. Олай емес.
Кенет Ләйлінің көзіне тағы әлгі әйел елестейді. Сахнада бейтаныс қыз. Ләйліге ғана көрініп тұрған, шашы қара түсті жас қыз. Ләйлі біраз үнсіз қалады. Дидар оның жанына жақындайды. Кенет Ләйлі:
Ләйлі. Мен сені сүймеймін, Дидар.
Дидар. Не?
Ләйлі. Мен сені сүймеймін.
Дидар. Сен не айтып тұрсың?
Ләйлі. Не айтқанымды естідің.
Дидар. Аяқ астынан бұл не сөз?
Ләйлі. Мен саған алдында айтқым келген, реті келмеді.
Дидар. Тоқта, мұны қайдан шығардың? Мен әлі түк түсінбей тұрмын.
Ләйлі. Білесің бе, менің өмірімде өкінетін біраз дүнием бар. Тіпті бүтін бір тізім дерсің. Мен саған айтайын, Дидар, сол құрып кеткір тізімде бірінші тұрған- сен.
Дидар. Бұл айтып тұрғаның өтірік.
Ләйлі. О, жоқ! Шын болғанда қандай.
Дидар. Сен неге... Жоқ! Сен маған керексің, Ләйлі...
Ләйлі Дидардың сөзін соңына дейін тыңдамай шығып кетеді.
Жарық сөнеді.
Екеуі бір үйдің ішінде. Бірақ екі бөлмеде. Орталарын қабырға бөліп тұрған сахнаның екі жағында отырады. Жарық тек Дидарға түседі. Дидар Ләйлінің жазғандарын оқи бастайды.
Дидар. Уақыт асығып бара жатыр. Ал мен оған ілесе алмай жатқан сияқтымын- үнемі құлап, құлаған жерімде аяғымды жаралаумен келем.
Бәрі асығып жатыр. Күндер, апталар, айлар. Көзімді ашып жұмғанша, мынау күйбең тірлік жеп қойған «сұп-сұр үлкендерге» қалай айнала бастағанымды да байқамай қалыппын. Қандай бейшара сезім... Жоқ, нағыз бейшаралық бұл емес. Нағыз бейшаралық — уақыттың алдындағы дерменсіздік екен. Асыққан уақытты көріп тұрмын. Көрем де, санамды қорқыныш қоршап, белгісіз сұмдық тамағымды қысып бара жатады.
Қорқыныш пен тұншығу. Алыста қалған және көптен бері жоғалған дүниелердің ескі сезімі- мұздай суық қолдарыңа тұз басқандай сезіледі екен. Оған қол соза алмайсың, саусақпен ізін баса алмайсың, тек қолыңнан келері — өкінішпен артыңа бұрылып қарау ғана. Ал онда ештеңе жоқ. Құр жел ғана. Сол жел шашымды сипап өтіп, жадымның есігін ашты. Оның ішінде — естеліктер. Ол естеліктер уақыт өткен сайын түстерін жоғалтып, бозарып кеткен. Оларға қарағанда, көзімді қанша тырнасам да, бір кездері өміріме мән берген, мені шабыттандырған жарқын сәттерді ендігі ешқашан көре де, сезіне де алмасымды ұққанымда дүние төңкеріліп бара жатқан сияқты болды. Қорықтым.
Дидарға түсіп тұрған жарық сөнеді де, жарық енді Ләйліге ғана түсіп тұрады. Ләйлінің үстінде аздап бүлінген сол бұрынғы ақ көйлегі. Шашы жайылған. Қолында жартылай сөнген темекісі бар. Дидар оқып жатырған жазбаны жалғастырады.
Ләйлі. Қорықтым. Мен мұның бәрін ұмытқым келмеді. Мен өзімді маған қымбат болғанның бәрі жоғалып кеткелі тұрған тұңғиықтың шетінде тұрып құшақтадым. Сол кезде жел мені теріс жаққа адастырып алып кетпес үшін, жартастардан биік ұшатын шағалаларға айналып кетуді қаладым. Дәл сол сәтте табанымды қарып бара жатқан суық пен суды да елемедім.
Басымды көтерсем, алыста дауыл. Бірер секунд бұрын алыстағы дауыл енді маған қарай жақындап келе жатыр. Мен көзімді жұмғым келді. Жұмбадым. Мен өзімнің осы дауылда шыр айналған, мені жұтып жатқан, мені өзіне шақыратын барлық қорқыныштарым мен қол үзген нәрселеріме қарағым келді. Енді міне, олардың ішінен кішкентай өзімді көрдім. Шанаға байланған жіпті және маған деген махаббатын әлі жоғалта қоймаған анамды көріп тұрмын. Басымды бұрдым...
Жарық сөніп, Дидарға ғана түсіп тұрады.
Дидар. Басымды бұрсам, сені көріп тұрмын. Желбіреген қалың шашың мен күлкің, күлгенде көрінбей қалатын қоңыр көздерің. Сол көздеріңнің бұрыштарындағы сызықтарына дейін анық көрініп тұр. Сені көргенде қуаныштан гөрі сағынышты, тіпті кейін кеудемді қақ айырардай қайғыны сезіндім. Тамағымда тас тұрғандай. Ол мені тереңірек, әрі қарай батырып барады. Жадымның әр бұрышынан шыққан шаң көзімді басып, тынысымды тарылтты. Мен... Мен бұдан әрі шыдай алмайтын сияқтымын. Иә, шыдай алмаймын. Бірақ сен алыстап кетсең, мен сенің соңынан еруге тырысып жатырмын. Қолымды саған созам. Бірақ сен бірте- бірте алыстап барасың. Мен саған жетуе тырысқан сайын, алыстап барасың. Ақыры мына жағаластың ішінде сенің күлкің жоғалып кетті. Оның артынан сен де...
Жарық сөніп, Ләйліге ғана түсіп тұрады.
Ләйлі. Мен бұл өмірде жоқ нәрсеге ғашық адам сияқтымын. Ал сен жәй алыстағы сағым. Білесің бе? Кеудемде түпсіз терең теңіз пайда болыпты. Ол мені өзіне шақырып тұр. Әбден адасқан мен оның әміріне мойынсұнып, суық суға дірілдеп түсіп барамын. Жалғыз мақсат, бір ғана оймен қолым жетпей, тым алыста тұрған сені көру. Бірақ айнала түпсіз тұңғиық, қараңғылық. Сен мұнда да жоқсың ба? деген қорқыныш санамды билей бастады. Бірақ теңіздің түбіне жете бергенде сені көрдім. Біз бұрын таныс емес болсақ та, сені көргенде мен өзіңді өмір бойы білетінімді ұқтым. Сен ол едің.
Жарық сөнеді. Дидар отырған жерге ғана жанып тұрады.
Дидар. Жан-жағыма қараймын: бейнелер бірінен соң бірі ауысып жатыр. Оның ішінде мен, қолыма бірнеше тал қалампырды қысып, өзімнің кішкентай бала күндерімнің сәттерін көміп жатырмын. Сол сәтте дауыл соқты. Ол дауыл- уақыт екен. Уақыт өз жолында тұрғанның бәрін аяусыз қиратып, маған тіпті дем алуға да мүмкіндік бермей, алға асығып барады. Бұл оның жалғыз мақсаты сияқты, маған қымбат нәрсенің бәрін жоқ қылу.
Мен жүгіріп барамын. Шаршадым. Діңкем құрып барады. Тоқтағым келеді. Бірақ мен аяғымның ауырғанына, кеудемнің алқынғаны мен жүрегімнің барынша жылдамдаған соғысына мән бермей, алға қарай тоқтамай жүгіруге тырысып барамын.
Жолды білмеймін, бірақ мен жүгіріп бара жатырмын. Өткенге ғана бекінген бұл асығыстықта мен қазіргімнің мәнін жоғалтып жатырмын. Тіпті маған бақыт әкелген сәттерді де елемей артта қалдырдым. Осының бәрін миымда анық түсініп тұрмын, бірақ... Бірақ тоқтай алар емеспін. Әбден адасқан сияқтымын.
Мен жүгіріп бара жатырмын. Жолдан болашақта «басқалардан маңыздырақ» болуға тырысқан «өзімді» көріп қалдым. Сол «өзім» өзгелерден бөлек болуға неге сонша тырысты екен? Мен сол мақсатта уақытты босқа өткізбеу үшін көп адаммен дос болмаппын да. Ал доспен өткен уақыт бос болар ма еді? Мен әдеттегідей өзіме-өзім қойған сұрақтарыма жауап таба алмадым.
Жүгіріп бара жатырмын. Мен өмір бойы тайып, жығылып, жүгірумен келемін. Бірақ оның, яғни уақыттың тезірек екенін, оған жете алмайтынымды түсінбеймін. Бақытымды болашаққа ысырып қойып, қазіргімді ұмытып, жүгірумен келемін.
Ақыры шалшық суға сүрініп құладым. Сөйтсем шалшық суға емес, теңізге құлаппын. Өкініш теңізіне құладым. Өткен балалық шағым туралы. Менің әлі де сүрмеген өмірім туралы...
(Дидар күнделікті жабады. Жапқан күйі ұзақ үнсіз отырады да, біраз үнсіздіктен кейін сөйлей бастайды.)
Бұл... Бұл Ләйлімнің жазғандары. Мен күнде осында келіп, оның жазғандарын оқып кетемін. (Дидар қинала күледі.) Білемін, ақымақтық. Бірақ өзімді тірі адам ретінде оның жанында ғана сезінетінмін. Ал қазір... (Ол арқасын тіктеп, айнаға бір қарайды. Қайтадан үстелдің жанына келіп сөйлей бастайды.) Ол екі ай бұрын мені тастап кетті. Ол көп жылайтын болды... Мені сүймеймін деді... Мен ұнатқан көгілдір шашын да қиып тастады. Мен Ләйлінің оларды қиып тастауына кедергі бола алмадым.
(Үнсіздік.)
Осы бөлмеде оның ес түссіз жатқанын көрдім. Қолының көгілдір тамырларынан тіршілік белгісі байқалмады. Қолының тамырлары енді көгілдір емес... Оларды қызыл бояу шайып кетіпті. Оның жанына отырғаным сол еді, кенет көзіме жас келді... Көзімді жабу үшін қолымды көтердім де, оған бірдеңе дегім келді. Дей алмадым. Сөйлеуге оқталғанымда даусым дірілдеп кетті. Мен оның көк шаштарын кесіп тастауына кедергі бола алмадым. Екі рет те. Мен өзімді ақымақ сезіндім.
Дидар жылап жіберді. Жарық сөнеді.
Сол баяғы аялдамада Дидар мен жігіт отыр. Жігіт Дидардың айтқан оқиғасын соңына дейін бір дыбыс шығармай, үнсіз тыңдап отырған. Ақыры ол Дидарға тартына сұрақ қояды.
Жігіт. Ол өз-өзіне қол жұмсады. Солай ма?
Дидар. Иә.
Үнсіздік.
Жігіт Дидарға тағы бір сұрақ қояды.
Жігіт. Сонымен, қалай ойлайсың, егер өтірік екі жаққа да тиімді болып тұрса, адамға шындықты айту қажет пе?
Дидар. Біртүрлі сұрақ. Иә шығар.
Жігіт. Не «иә»?
Дидар. Шындықты айту керек. Тиімді өтірік дейтін өмір бойы жалғаса алмайды.
Жігіт. Неге?
Дидар. Өтірікті айтқан кезде, дәл сол сәтте ол екі адамға да тиімді болар, рас. Бірақ уақыт өтеді, кейін шындық бәрібір белгілі болады.
Жігіт. Жарайды, онда шындық десең шындық.
Дидар. Не айтқыңыз келіп тұр?
Жігіт. Errare humanum est.
Дидр. Адамдар қателікке бейім?
Жігіт. Дәл солай.
Дидар. Мұнымен не дегіңіз келіп тұр?
Жігіт. Сенің оқиғаңнан кейін ойыма келген алғашқы сөз осы болды.
Дидар. Сіздің ойыңызша, менің қателігім қандай?
Жігіт. Сен оны сүйдің бе?
Дидар. Әрине. Көзім одан басқаны көрген емес.
Жігіт отырған жерінен тұрып, Дидарды айнала жүре бастайды.
Жігіт. Сүйсең, оған неге көмек бере алмадың?
Дидар. Мен тырыстым, бірақ...
Жігіт. Демек дұрыс тырыспағансың.
Дидар. Олай емес.
Жігіт. Бұл жауап емес.
Дидар. Жоқ, бұл жауап. Тек сіз естігіңіз келген емес.
Жігіт. Қойшы, Дидар. Басқа-басқа, мені алдамасаң болады. Сен көп нәрсені көргің келмеді. Солай емес пе? А? Қазірдің өзінде, Ләйлінің жағдайының қандай ауыр болғанын түсіне алдың ба? Жо-жоқ. Яғни, иә, сен түсіндің. Бірақ мойында...
Дидар оның сөздерін соңына дейін тыңдамайды.
Дидар. Иә. Мен қорыққан нәрсе көз алдымда орындалып жатқанын көріп тұрсам да, мойындағым келмеді.
Жігіт. Сен қорыққан нәрсең көз алдыңда орындалып жатқанын көріп тұрсаң да, мойындағың келмеді.
Дидар. Мен оны ұстап тұруға тырыстым, бірақ бұл ұзаққа созылмады. Меніңше... ол есейген соң өзінің қою көк шашын қиып тастауы керек болған сияқты.
Дидар бір уақытқа үнсіз қалады. Ақыры ол жігітке басынан қойғысы келмеген сұрақты қоюға бекінді. Дидар жігіттің қасына жақындап барады.
Дидар. Сен кімсің?
Жігіт. Сұрадың-ау ақыры.
Дидар. Сен. Кімсің?
Жігіт. Сен мені жақсы білесің. Себебі, мен- сен өзіңді түсінуге мүлдем тырыспағаның үшін осындамын.
Дидар. Тоқта, мұнымен не айтпақсың?
Жігіт. Не айтпағымды біліп тұрсың ғой. Қане, айт.
Дидар үнсіз тұрып қалды. Жігіт оны айнала жүре бастайды.
Жігіт. Айтсаңшы, Дидар. Неге сонша қиналасың?
Дидар. Сен... мен... Тоқта-тоқта... Жоқ.
Жігіт. Иә!
Дидар. Жоқ.
Жігіт. Иә, Дидар. Мен ол сенмін.
Дидар сол күйі үнсіз қалады. Жарық сөнеді.
Соңы
*Неге көгілдір шашы емес, шашатары? Көгілдір шаштардың біріншісі- Ләйлінің боялған шашы болса, екіншісі оның қолындағы тамырлары. Пьесада Ләйлі шашын қиып тастаған күні тамырын да кесіп, өзіне қол салады.
Ғалиябану Мейрамқызы — драматург, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің 4-і курс студенті. 2004 жылы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында дүниеге келді. Қазіргі оқып жатырған мамандығы – сурдопедагогика (есту қаблеті зақымдалған балаларды оқыту, жестовый язык). БҰҰ балалар қоры ЮНИСЕФ Қазақстанда екі маусым волонтерлік жұмыс жасады. Бос уақытытта театрға жиі барады, Батыс Еуропа әдебиетін оқығанды жақсы көреді және кейде хобби ретінде пьесаларға талдау жасайды. «Оның көгілдір шаштары» пьесасын 3-курс оқып жүргенде, американдық «TV girl» атты инди-поп топтың «Blue Hair» әнін тыңдап отырғанда келген мотивпен жазған болды. Бұл пьеса оның бірінші рет жазған жұмысы.