Мия Алгожаева

19

Беймаза сезім

Пьеса «Күзгі Драмарафон» жобаның аясында жазылған

 

1-кездесу

 

Әл-Фараби даңғылы-Трамплин. Түнгі Алматы. Аздап жел соғып тұр.

 

Жігіт. Мен сізді бір жерден көрген сияқтымын...

Қыз. Алғашында барлығы солай ойлайды!

Жігіт. Бұл дежавю емес пе?

Қыз. Мүмкін...

 

2-кездесу

 

Сейсенбі. 1001 noch-rest. Сағат шамамен түнгі он. 

 

Қыз. Қайда кеттіңіз, мен сізді сағынып үлгердім...

Жігіт. Достарыммен өтірік пәлсапа құрып отырған едім.

Қыз. Маған да айтыңызшы.

Жігіт. Басқа проблемаңыз жоқ болса айтуға болады. (Ойланып.) Біздің өміріміз үш сұрақтан тұрады: біз қайдан келдік, біз кімбіз, біз қайда барамыз... Жауап бергіңіз келе  ме?

Қыз. Жоқ.

Жігіт. Неге?

Қыз (ойланып). Мен жәй ғана өмір сүргім келеді, әрі қызықты болса деймін...

Жігіт. Сіз өміріңіздің қызықты болатынына сенімдісіз бе?

Қыз. Қуанамын, жылаймын, ренжимін, кешіре аламын. Бұл ғажап емес пе?

Жігіт. Ол бәрімізде бар эмоциялар деп ойлаймын.  Сізбен танысқаныма қуаныштымын!

 

3-кездесу

 

Күннің орта мезгілі. Саябақ. Ауа-райы жып-жылы. 

 

Қыз. Сіз қазір не ойлап жүрсіз?

Жігіт. Не ойламай жүрсіз деген сұраққа тез жауап беретін сиқтымын...Ал сіз ше?

Қыз. Ештеңе. Сізге парадокс жауап болсын.

Жігіт. Махаббат жәйлі ше, ол жәйінде ештеңе ойламайсыз ба?...

Қыз. Оны қалай ойламауға болады...

 

4-кездесу

 

Кешкі уақыт. Көліктің іші. Жаңбыр себелеп тұр. 

 

Жігіт. Екеуміз қаланың екі шетінде тұрады екенбіз. Бұл жерде не достықтың, не махаббаттың күші болмаса бір-бірімізге жете алмайтын сияқтымыз.

Қыз. Енді сізге бағытталған магнит іздейтін болдым ғой...

Жігіт (жымиып). Бүгін бір керемет кеш болды. Күзде барлығы сұлулана түсе ме қалай?

Қыз. Әсіресе, жапырақтар. Сіз сияқты сап-сары...

Жігіт. Сіз сияқты мұңды...

 

5-кездесу

 

Event-Bar. Терасса. Екеуі де жаурап тұр.

 

Жігіт (асығыс). Сенсіз жынданып кете жаздап әрең жүрдім...

Қыз (даусы бәсеңдеп). Иә, расында кездеспегенімізге біраз болды...

Жігіт (алаңдап). Неге жоқ болып кеттің?

Қыз (шарасыз). Күзде қолым тие бермейді. Уақытым жоқ.

Жігіт. Бүгін күз, ертең күз...

Қыз. Мәңгі бақи күз...

 

6-кездесу

 

Көліктің іші. Түскі уақыт. Күн шамадан тыс ыстық.

 

Жігіт (қамығып). Бүгін міне күздің екінші айы. Біз әлі бөлекпіз.

Қыз (асығыс). Сен барсың!

Жігіт. Демек бізге қарым-қатынас құруға ешкім де кедергі емес.

Қыз (қыстығып). Егер мен сенімен болсам біраз нәрсемді жоғалтамын...

Жігіт. Ал мен саған біраз нәрсе бере аламын...

Қыз (салқын үнмен). Кейде сенің көздерің өтірік айтып тұрғандай көрінеді.

Жігіт (ызаланып). Неге ылғи өтірік деген сөзді жиі айтасың?!

Қыз (көзін мұң шалып). Білмеймін ғой... Сен тірі емес сияқтысың, әуеде қалықтап жүрген сағымға ұқсайсың. Бір күні жоқ болып кететіндейсің...            

 

Соңы

Мия Алгожаева

Мия Алгожаева — жас жазушы, драматург. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясың кинотеледраматургия мамандығының 3-курс студенті. М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрында әдеби-редактор қызметін атқарады. 2021 жылы «Төңкеріс» пьесасымен «Драма.KZ» заманауи драматургия фестиваліне қатысқан.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon