Дамир Амантай

378

Қыздың жоқ дегені...

Сенімсіздік туралы драма

 

Қатынасушы кейіпкерлер: 

Арман — өз-өзіне сенімсіз, комплекстері көп жігіт. 18-де.

Мақсат — өзіне сенімді, еті тірі ер-азамат, Арманның ағасы. 25-те.

Еркебұлан — Арманның ең жақын досы. Көңілді, пысық, ақылды жігіт. 18-де.

Томирис — Арман сырттай ұнататын, көңіл білдіруге бата алмай жүрген қыз. 17-де.

Аружан — астаналық студент қыз. Кофеханада даяшы. Мақсаттың ұнататын қызы. 20-да.

Оншақты көрермен — қосалқы кейіпкерлер, жыныс, жас, басқа да ерекшеліктері маңызды емес.

 

Пьеса оқиғасы қазіргі заманда орын алады. Сюжеттің негізгі бөлігі Алматы қаласында,  басы мен соңы Астана қаласында өтеді. Пьеса толыққанды сегіз сахнадан тұрады және бес түрлі локация қолданылады.

 

 

Бірінші сахна

 

Күндізгі уақыт. Астана қаласындағы кофехана.

Мақсат екі адамға арналған кішігірім үстелге келіп жайғасады. Сөмкесінен планшет шығарып, бір жұмыс істеуге кіріспекші болады. Оның жанына даяшы Аружан келіп, үстеліне кофе және торт қояды.

 

Аружан. Мақсат аға? Айтыңызшы, сіз неге үнемі чизкейк жейсіз? Бір рет болсын медовиктен көрмейсіз бе?

Мақсат. Ой, мен деген өзіме қатты ұнайтын нәрселерге қатты берік адаммын ғой! Чизкейк деген сұлуым бар кезде Медовик көзге де көрінбейді! Аружан, сен өзі маған «аға» деп сөйлегенді қашан қоясың? Өзімді біртүрлі үлкен біреу сияқты сезініп кетемін!

Аружан. Ағай, сіз қызықсыз! Жиырмаға енді ғана толған студент қыз «айхай, жиырма бесті» айтып жүрген  ер-азаматқа «аға» демегенде не дейді екен?

Мақсат. Сенің «айхай, жиырма бес» деген көне дәуірдің әнін білуің таңғалдырады! (Жанындағы лампаны бұрап, жарық қосу батырмасын басып көреді, бірақ жанбайды.) Әлі жөнделмеген екен ғой. Жаңа лампа алынып па еді?

Аружан. Иә, бұл жап-жаңасы. Бірақ жанбай тұр. Негізі, сіздің кесіріңіз. Сіз келе бастағалы бұл жердің лампасы мүлде жануды қойды. Ауыстырсақ та сол. Ойлап қарасам, қарғысыңыз тиген сияқты. 

Мақсат. Ой, сен де айтайсың! Мейлі, қосымша жарықсыз-ақ жұмысты істей береміз. Қымбатты Аружан! Қалай ойлайсың, ақырындап маған «аға» деудің орнына «жаным» деп атай бастасаң қайтеді?

Аружан. Ағай, қойсаңызшы ондайды! Ұялмайсыз ба? Маған ондай қалжыңдар ұнамайды!

Мақсат. Ешқандай да әзіл емес бұл! Жүз пайыз шындық! Аружан, сенің көздерің тура бір  бағалы асыл тастай құлпырады! Тамсанып қарай бергім келеді!

Аружан. Иә, иә, иә, ал менің күлкім жүрегіңізді елжіретіп, бойыңызға ерекше күш береді. Мақсат аға, бұндай сөздерді үнемі естіп келемін ғой. Біреу маған әрбір жігіттен естіген комплимент үшін мың теңге беріп отырса, баяғыда-ақ жап-жаңа айфон алып үлгерер едім.

Мақсат. Ендеше былай келісейік. Сен маған «аға» деуді қоясың, мен саған бұдан былай мүлде қырыңдамаймын. Келістік пе?

 

Мақсаттың телефоны шыр ете қалады. Ол телефонын алып, экрандағы «Анашым» деген жазудан мамасының қоңырау шалып жатқанын байқайды. 

 

Аружан. Жақсы, кедергі келтірмейін сізге! Мақсат аға!

 

Мақсат қызға жалт бұрылып, таңдана қарайды. Даяшы Аружан кетіп қалады.

 

Мақсат. Осы қыз біртүрлі! Бірақ өзі үшін осында келе беретін болыппын! (Экранды түртіп, қоңырауға жауап береді.) Сәлем бердік, мама! Қалыңыз қалай? Алматының ыстығы басыңызды ауыртып жатқан жоқ па? Ерекше өртеніп жатыр дейді ғой соңғы кездерде! (Біраз уақыт жауабын естіп, «аха», «мхм», «ммм» сияқты тиісті дыбыстар шығарып отырады.) Астанада бәрі дұрыс, жұмыс та сол, орнында. Денсаулығыңыз қалай, бәрі жақсы ма, мама? (Жағымсызжауап тыңдап, бетінен күлкі кетеді.) Түсінбедім, мама! Арманға не болды дейсіз? (Мұқият тыңдайды.) Ол біреулермен төбелесіп жүр ме сонда? (Тыңдайды.) Емханаға апардыңыз ба енді? (Тыңдайды.) Әлбетте, мұғалімдер дым білмейді ғой! Қағаз жұмыстарға көмілген байғұстар, дұрыстап көңіл бөле алсын ба?.. Жақсы, мама! Мен осы апта соңында, құдай қаласа, бірер күнге демалыс алып Алматыға келемін. Сіз Арманды сұрақтармен мыжғылай бермеңіз, одан бетер ашуланып бірдеңені артық қылып жүрер. (Тыңдайды.) Жақсы, мама, уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады!

 

Мақсат телефонын қойып, бетін сипалап күрсінеді. Аружан Мақсаттың қасына келіп, оның көңілсіз екенін көреді.

 

Аружан. Мақсат аға? Не боп қалды? Бәрі жақсы ма?

Мақсат. А? Иә, иә, иә! Бәрі бұрыс! (Өз-өзін қолға алып, күлімдеп қарайды.) Мен апта соңында бірнеше күнге Алматыға барып қайтатын болдым. Отбасылық жағдайлар шығып қалды. Мен қайтып оралғанша сен ешбір ер адамға «аға» деп сөйлемей-ақ қойсаң, шын айтайын, өте күшті болар еді. 

Аружан. Түу, сіз де бір, қоймадыңыз ғой! Отбасыңызда бәрі дұрыс па, аға?

Мақсат. Інім біреумен төбелескен бе, бірдеңе. Өзі қатты таяқ жеген көрінеді. Аман-сау екен, бірақ үсті-басы гематома, миы шайқалған, қабырғасына зағым келген. Және көзінде фингал да бар. Барып мәселенің мән-жайын анықдау керек боп тұр.

Аружан. Аман-сау болғанына шүкір. Жарақаттың бәрі жазылады ғой. Әлі-ақ дүзеліп кетеді бәрі.

Мақсат. Інім мүлде ондай емес еді. Оны «төбелескіш бала» деп айтуға келмейтін. Сабағын жақсы оқитын, бұзықтық жасамайтын, үнемі дұрыс жүретін бала ғой ол. Бірдеңені бүлдіріп, сындырып, біреуді жылатып дерліктей емес ол. Енді, міне, төбелес пе, басқа ма, түк түсініп тұрған жоқпын. Бәлкім өзгерген де шығар, оны көрмегелі де әжептәуір болып қалды. Бірақ адам бұлайынан толықтай өзгере қоймайды ғой? 

Аружан. Менің байқауымда балалар арасындағы төбелес тек үш нәрсеге қатысты болады, Мақсат аға. Намысқа тиетін сөздер айтылса. Немесе бір қызға таласып қалса. Не болмаса біреу қоқан-лоқы көрсетіп ақша ма, телефон да, сондай бірдеңе талап етсе. Осы үшеуінің бірі деп ойлаймын. Басқа себеп болуының ықтималдығы өте төмен.

Мақсат. Ұлдардың төбелесу психологиясы туралы қайдан білесің?

Аружан. Менің ағаларым көп қой. Туған ағаларым. Олардың төбелестерін өз көзіммен көріп өстім. Өзгелермен де, бір-бірімен де қырылыспай жүре алмайтын еді.  Кезінде мені  жақсы көрген балалардың барлығы солардың кесірінен қаша жөнелетін. Бірақ қазір ағаларым табыстары бар, бизнестері де бар, бала-шағалы, «сабыр түбі сары алтын» деп отыратын философтарға айналып кетті. Біз бір-бірімізге өте жақынбыз. Оларға бірдеңе болса мен де өз-өзіммен тыныш отыра алмас едім. Сол себепті сізді жақсы түсініп отырмын. 

Мақсат. Ағаларыңмен жақын болғаның жақсы екен онда. Өкінішке орай, мен өз ініммен ондай байланысым бар деп айта алмаймын. Біздің қарым-қатынас біршама қиындау.

Аружан. Мақсат аға, сіздің ініңіз тірі ғой. Тек өлім ғана проблемаларды шешілмес етіп қатырып тастайд. Ал сіздің ініңіз әлі де тірі, сізде барлығын реттеуге уақыт жеткілікті.

Мақсат. Айтуға оңай ғой ол. Проблеманың тамыры тым тереңге жайылып, жапырақтары гүлдеп кеткен сияқты маған.

Аружан. Соншалықты не боп қалып еді?

Мақсат. Сегіз жыл бұрынғы жағдай ғой. Түсінікті болсын десең, айтып берейін. Мен соңғы сыныптамын, мектепті бітіруге аз қалған. Інім Арман он жастағы бұзық бала. Әлі даусы да жуандаған жоқ, сақалы да шықпаған, енді-енді тығылып, жалаңаш қыздардың суретін қарай бастаған кезі. Қаладағы нағашы ағамның үйіндеміз. Мамамыз жұмыста құлап, аяғын сындырып алған. Ауруханада гипстелген аяқпен тұра алмай жатыр. Әкеміз болса таңнан кешке дейін өліп-тіріліп жұмыс істеп жүр. Үнемі шаршап шалдығып көңілсіз келеді, төсегіне жатады да ұйқыға кетеді. Үйдің барлық тірлігін Арман екеуміз істеп жүрміз. Тамақ та істейміз, үй де жинаймыз, кірді де жуамыз, әйтеуір тентірейтін біз емес. Бір күні киноға барамыз деп шешеміз ғой. Аздап жинап жүрген тиын-тебен болатын, соны алып алғанбыз. Қаланың ортасында бір-бір донерден жеп, мәз боп келе жатырмыз. Бір кезде көзімізге әкеміз іліне кетеді. Бір кафеде отыр. Қасында әп-әдемі бір жас әйел, екеуі құшақтасып алған. Сағызға өлердей таласып жатыр десек болады. Бірден тәбетім қашты сол кезде.

Аружан. Ужас!

Мақсат. Мені қоя берші, он жетідегі жігітпін ғой. Ес кіріп, оң-соңымды түсініп қалған адаммын. Әкеммен де онша жақын болған емеспін. Оның өзі бізбен жақын болуға тырыспайтын. Маған да, Арманға да жылулық бергені болған емес. Ол кезде мені тек мамамның жағдайы алаңдатқан еді. Аяғы сынып, ауруханада тұра алмай жатыр, ал әкем болса бір бейтаныс әйелмен мәз-мейрам боп отыр!

Аружан. Арманға қиын болған шығар?

Мақсат. Ашу-ызадан жарыла жаздады ол. Сол жерде-ақ бірден жанжал шығаруға дайын тұрды. Көтеріп алып қаша жөнелдім. Үн қатпауға көндірдім. Ол да тынышталып, айтқанымды жөн деп тапты. Бара жатқан киномыз да жайына қалды. Үйге қайттық сосын. Ешкімге ештеңе айтқан жоқпыз. Бір күні Арман «ешкімге ешқашан ештеңе» айтпауға ант етуді сұрады. Тура өзінің сөздері бұл, дәл осылай айтқан еді. Шаңырақ шайқалмауы керек деп ойлады ғой. Мен оған уәде бердім.

Аружан. Бірақ сөзіңізде тұрамадыңыз ғой?

Мақсат. Арман сияқты тіс жармай жүре алмадым. Сөздің тоқ етеріне келсек. Сол кезден кейін әкеміз ашынасына қосылып, бізге әке болудан бас тартты. Алимент те төлеген жоқ. Мен үшін емес, мен он сегізге толып үлгердім ғой ажырасу процессі басталған кезде. Бірақ Арман үшін төлеуге міндетті болған. 

Аружан. Әкеңіздің кетуін Арман сізден көре ме? 

Мақсат. Солай сияқты. Сол кезге дейін біз өте жақсы достар едік. Бірақ сосын байланыс та мерекелік құттықтаулармен шектеліп қалды. Шақырып жүретін ол мені, Алматыға келсей деп. Бірақ барғым келмеді. Ұялдым бетіне қарауға. Демалыс кездерінде ғана сирек барып тұрдым, оның өзі азғантай күнге ғана. Шыны керек, Арман екеуміз алыс туыстардай болып кеткен сияқтымыз. Онымен қалай сөйлесерімді де ұғып тұрғаным жоқ.

Аружан. Қам жемеңіз. Ініңіз ғой ол. Дұрыс сөз керек кезінде табылады.

 

Аружан кетіп қалады. Мақсат тортын жеп, шәйін ішіп ойға батады. Бірінші сахна бітеді. 

 

 

Екінші сахна

 

Күндізгі уақыт. Еркебұланның үйі. Жер үйдің кең әрі жайлы залы. Диванда өңкей жұмсақ ойыншықтар қатар отырғызылған. Кенет залға жап-жаңа костюм киген Еркебұлан кіріп келеді.

 

Еркебұлан. Армысыздар, армысыздар, құрметті жиналған қауым! Алдыларыңызда тұрған мен, Еркебұлан Таңатаров! Болашақ актер! Модель! Әнші! Және сұлу қыздардың любимчигі! Мені көргенде жүректеріңіз қатты-қатты дүрсілдейді және мен оны өте жақсы білемін! Әрине, дәл қазір тоғызыншы сыныпта оқимын, бірақ күте тұрыңыздар, жетістіктердің бәрі алда! Сіздерге арнап бір әнімді шырқайын, қабыл алыңыздар! Мен сіздерге Авичи деген әншінің «Hey, brother» деген әнін шырқап берейін! Керемет ән ол! «Жыл оқушысы» байқауында айтатын боламын! Бірақ әншінің өзіне айтып қоймаңыздар, өтініш, әнін айтуға құқық алмаған едім. Оны төлейтін ақшам да жоқ. Сонымен, кеттік! HEY, BROTHER! THERE’S AN ENDLESS ROAD TO REDISCOVER!.. (Терезенің тоқылдағанын естіп селк ете қалады.) Ойбай, мама! Үуф, есімді шығардың ғой! Кір ішке, есік ашық тұр!

 

Залға Арман кіреді. Бір қолымен қабырғасын сипалаған. Бір көзі көгерген. Шамалы ақсаңдайды. Ол бірден дивандағы ойыншықтардың жанына жайғасады.

 

Арман. «Өте, аса, күрделі, маңызды шаруа» деп жазыпсың жіберген хатыңда. Мені мыналардың қасына отырғызып, попса әндеріңмен азапқа салғың келіп тұр ма?

Еркебұлан. Ассалаумағалейкум уа рахатуллахи уа баракатух! Сізбен осылай амандасу керек сияқты ғой! Негізі, дені дұрыс, қоғамда бір-бірін дос деп қабылдайтын, араларында сыйластық бар адамдар бірін-бірі көрген кезде амандасады! Содан кейін өзге әңгімелерін бастайды! Әлде сізге келіндер сияқты сызылып сәлем салу керек пе? Мейлі. Сәлем бердік сізге, Арман мырза!

Арман. Алдық сәлеміңді, бопты. Жарайсың. Ұл тап енді.

Еркебұлан. Кеше мамаң хабарласты маған. Қызықты сұрақтар қойды. Өте өзекті сұрақтар десек болады. Еске мынадай сөздерді салады. «Не ғой, Еркебұлан! Ертең мен сабаққа бара алмайтын сияқтымын. Ауырып қалдым. Біртүрлі боп тұрмын. Тамағыма ангина шығып кетіпті. Температурам да бар. Апайларға түсіндіріп айта салшы, өтініш. Сабаққа жазылған соң барамын. Справка болады деп айтарсың». Не дейсің бұл туралы?

Арман. Шынымен де ауырып тұрмын ғой енді.

Еркебұлан. Әрине, ауырып тұрсың! Көріп тұрмыз ғой! Біреу жақсылап тұрып сенің «боксерский груша» ретіндегі қабілетіңді тексерген екен! Жап-жақсы нәтиже шығыпты! Андағы түріңмен мешіттің жанында қайыр сұрасаң, вип-қазақтар сияқты көңіл көтеруге ақша жинайсың!

Арман. Ренжіме. Дұрыстап айту керек еді. Сені әурелегім келмеді.

Еркебұлан. Мені жетіп келіп ауырып тұрған жеріңе мазь жағып береді деп пе едің? Ары кетсе, сок пен бутерброд әкеліп, қалыңды сұрап қайтатын едім ғой!

Арман. Дәл сондайды қалаған жоқпын. Онсыз да мамам үшін абуза болдым, сол да жетеді.

Еркебұлан. Ей, сен ешкімге де абуза емессің, тем более мамаңа. Уайымдайды ғой ол. Мен де уайымдаймын. Айтшы, не болды? Кімнен таяқ жеп жүрсің?

Арман. Ой, білмеймін соны! Білсем бақыттан басым айналар еді! Өмірі көрмеген түсініксіз бір жынды тайотадан түсті де быт-шытымды шығарды! Бар шындық сол! Не үшін, не керек болды, не істеп қойдым, ешқайсысы түсіндірген жоқ! Қалтасынан пышақ шығарып бірдеңе істемекші болды маған. Қорқытқысы келді ме, әлде мені бауыздағысы келді ме, білмеймін. Қуанышқа орай, бір әйел шыға қалды айғайлап. Түсініксіз жынды тура сол сәтте машинаға отырып зытты! 

Еркебұлан (сәл кідіріп). Кім екеніне қатысты мүлде теория жоқ па?

Арман. Шатасып кеткен сияқты. Одан басқа ойыма ештеңе ойыма келмей тұр. Біреу ұрып тастауға дұрыс емес сипаттама берген. Немесе ол өзі қателескен. Білмеймін. Құдайға шүкір, қатты ештеңе болған жоқ. Екі-үш аптада сауығып кетемін.

Еркебұлан. Ал мамаңа не үшін айтпадың? Сонша уайымдатып не көрінді?

Арман. Ой, мамам деген бүткіл әлемді басына көтеріп шулатып жібереді! Полиция, мектеп, көршілер, уатсаптағы чаттар, барлығын шулатады! Сосын телефоннан тікелей эфирді қосып алып бастайды әңгімесін! «Менің баламды біреу сабап тастады!». «Баламның құқығы тапталды!». «Әділет деген қайда?!». Және тағы да басқа бла-бла-бла! Президентке ашық хат жазады, масқара қылып тұрып! Мен тура осылай ешкімнің назарында болғым келмейді, түсінесің бе? Одан да тып-тыныш түк болмағандай өтіп кеткені артық.

Еркебұлан (кідіріп) Хорошо, түсінікті. Әрине, мен сенің ойымды мүлде дұрыс деп ойламаймын. Орныңда болсам, өзім-ақ шу шығарар едім. Бірақ таңдау сенікі. Қалай десең солай болсын. Алайда мамаңа дұрыстап түсіндіруің керек.

Арман (күрсініп). Мен оған алдында ғана мектептен кейін Ыстанбұл Университетіне түскім келетінін айтқам, Еркебұлан. Қандай реакция болғанын айтайын ба? Пайда жоқ түсіндіргеннен. 

Еркебұлан. Онда бір өтірікті тауып айт. Алтынай тәтенің жаны тыныш болсыншы.

Арман. Бопты. Бірдеңе тауып айтармын. Жабайықшы бұл тақырыпты. Одан да сен істеп жатсың, соны айтшы? Мына киімің не?  Мына ойыншықтар не?

Еркебұлан. «Жыл оқушысы» деген байқау басталды. Сен «ауырып» қалмағаныңда оның не екенін білер едің. Соған ән айтып дайындалып жүргенмін. Сүйікті көрермендер алдында. Жақсылап тұрып нәтиже көрсетіп, екінші орын алсам күшті болар еді.

Арман. Неге екінші орын? Неге бірінші емес?

Еркебұлан. Бірінші орынды Томирис алғалы тұр ғой. Мектептің ханшайымы. Өте әдемі, өте сұлу, өте ақылды қыз! Қолынан келмейтіні жоқ! Мұғалімдерге де ұнайды, оқушыларға да ұнайды, балаларға да, маған да, саған да, бәріне ұнайды! Оны жеңе алмайтыным түсінікті өзіне. (Арманның біртүрлі ұялып қалғанын байқайды.) Сен неге соншама қысыла қалдың?

Арман. Ешқандай да қысылған жоқпын! Бәрі жақсы менде! Емін-еркін отырмын!

Еркебұлан. Томиристің атын айта қалғаннан соншама ұялып кеттің бе?

Арман. Қайдағыны айтпашы! (Тұрып үстелдегі судан ішеді.)

Еркебұлан. Өй, сезімдеріңнен қысылмай-ақ қой, бәрі де дұрыс. Томирис — күшті қыз. Түр десе түрі, дене десе денесі, мінез десе мінезі бар! Күшті жар да, күшті келін де, күшті дос та бола алатын қыз! Құптаймын таңдауыңды!

Арман. Қандай таңдау?! Сен деген мына ойыншықтармен әбден ойнап, біраз есіңнен адасайын деген екенсің!

Еркебұлан. Томирис біздің сыныпқа жетінші сыныпта келді. Сол кезде, менің құрметті парталас досым, сен қызға бір қарадың да сынып қалдың.

Арман. Мен Томиристі әдемі деп ойлаймын, жақсы адам ретінде құрметтеймін, сөз жоқ. Бірақ…

Еркебұлан. Мені ондай өтірікпен қорламай-ақ қойшы, досым! Жақсы көресің ғой ол қызды!

Арман. Оны балалардың бәрі жақсы көреді ғой, соларды неге тергемейсің? Сәкен, Дәуіт, Мирас, барлығы жақсы көреді! Маған жабыса қалдың ғой!

Еркебұлан. Енді, ең жақын досымның махаббаты туралы ойламағанды кімдердікін ойлайды екенмін? Сәкен, Дәуіт, Мирас дейсің бе?  Үшеуі де иттен жаман!

Арман. Қыздардың бәрі оларды жақсы көреді ғой. Ал бізді бірдеңе керек кезде ғана естеріне алады. Тек Томирис қана маған адам сияқты қарайды қыздардың арасында. Пікірімді тыңдап, бағалап, қиын сабақтар бойынша көмек сұрап жүреді. Бірақ онікі жәй жылы ілтипат қой.

Еркебұлан. Енді жылы ілтимат деген терең, тұңқиық, мөлдір сезімдерге, махаббатқа айнала алады ғой! Сен сол себепті оған арнап өлең де жаздың! Иә, білем сен екеніңді, ғашық ақынсымақ! Күштілеп өлең жазып, партасына қойып кеткенсің конверт ішіне салып! «Сені жақсы көретін жігіт!» деп әдемілеп жазып та қойғансың! Сен жазған өлең мектепішілік  чаттардың барлығында тарады ғой! Тіпті мұғалімдер де талқылады! Енді көрсейші қызды киноға шақырып! Немесе театрға баруға шақыр!

Арман. Білмеймін. Келіспесе қайтем?

Еркебұлан. Келіспесе киноға да, театрға да сенімен мен барам. Жақсылап тұрып сосын кфс жейміз. Қыз жоқ дегеннен өлмейсің. Бірақ келіссе ше?

Арман. Онда тіптен қиын ғой. Ешқашан қызбен қыдырып көрген емеспін, не істеу керектігін де білмеймін. Сен де білмейсің, пайдаң да жоқ бұл сұрақта.

Еркебұлан. Ағаңнан сұрасаңшы онда. Бабник деп едің ғой оны бір ретте?

Арман. Ой, ол айтса да әбден мазақтап барып бір-ақ айтатын шығар.

Еркебұлан. Сұрап көр ағаңнан не істеу керектігін. Бәлкім сосын маған да айтарсың оның кеңесін. Келешекте өзім де қолданармын. Әзірге өз-өзімді дамыту маңыздырақ, бірақ мендей күннің нұрына бір қыз күндердің бір күні арқасын қыздырады ғой.

Арман. Шыныңды айтшы маған, Еркебұлан. Сен өзің Томириске қызығып тұрған жоқсың ба?

Еркебұлан. Досым. Екеуміз «любовный треугольниктің» екі бұрышана айнала қоймаспын. Қам жемей бұл туралы. Томирис менің талғамыма мүлде сәйкес келмейді. Мен актер болатын адаммын ғой. Сондықтан тек өнер әлемінен шыққан қызға қосыламын.

Арман. Маған жазылғанша күте тұру керек шығар, иә? Мынадай түрмен кездесуге шақырғаным жаман болар.

Еркебұлан. Телефоныңды шығар да ағаңа хабарлас. Әйтпесе сылтау тауып Томириске жоламай қоятын түрің бар. Әбден сырттай ойлап жүргенге үйреніп алғансың сен.

Арман. Жоқ, кейін хабарласам. Қазір Макс жұмыста шығар.

Еркебұлан. Мақұл, өзім-ақ хабарласамын оған. Құдайға шүкір, номері бар. (Қалтасынан телефонын алып, тиісті контактты іздей бастайды.)

Арман. Досым, қоя берші, өтініш! Макспен сөйлеспей-ақ қойды! (Еркебұланның қолынан телефонды тартып алмақшы болып қасына жақындайды.) 

Еркебұлан. Комфорт зонаңнан шығуың керек! (Арманға өзін ұстатпай, диван айналып қашқалақтайды.) Бұның бәрі сенің ынжық болып қалмауың үшін!

Арман. Еркебұлан! Таста деймін телефонды! (Диванның үстімен жүріп, қашып үлгергісі келген Еркебұланды ұстап алады, бірақ динамик арқылы гудок барып жатқан телефонды ала алмайды.) 

Мақсат. Алло! Алло? Алло, естілмейді!

Еркебұлан (Арманнан телефонымен бірге құтылып шығып). Саламалейкум, Мақсат аға! Бұл Еркебұлан ғой, көршіңіз. Арманның досымын ғой.  

Мақсат. А, иә, иә, Еркебұлан, таныдым! Қалың қалай, бәрі жақсы ма?

Арман. Таста дейм! Таста!

Мақсат. Ау? Ести алмадым!

Еркебұлан. Иә, кешіріңіз, бір ыңғайсыздықтар болып жатыр! Мен Арманға байланысты хабарласқан едім! Ініңізге қатысты бір ситуация болып тұр! 

Мақсат. Иә, естідім, соған байланысты Алматыға келе жатырмын, сенбі күні пойызға отырамын.

Арман. Сен Алматыға келе жатырсың ба? Не үшін?!

Мақсат. Арман? Бұл сен бе? Алло?

Арман. Мама саған бәрін айтып берді ме?

Мақсат. Иә, хабарласты маған. Апта соңында Алматыда боламын. Дұрыстап көзбе-көз сөйлесеміз.

Арман. Макс, саған келудің қажеті жоқ. Бір шатысқан мәселе боп қалды. Шу шығаратындай тірлік емес!

Мақсат. Соның бәрін мен келгенде түсіндіресің. Келгенімше бірдеңе бүлдіріп қойып жүрме.

Арман. Мен не бүлдіріппін?!

Еркебұлан. Қам жемеңіз, аға! Досыма бас-көз болып жүремін! Бірақ хабарласуым басқа мәселе еді…

Мақсат. Не боп қалды?

Арман. Келгеніңде сөйлесеміз! Саған да түсіндіру керек нәрсе бар! (Еркебұланның қолынан телефонды жұлып алып, байланысты үзіп, телефонды диванға тастай салады.) Енді бұл мылжыңның лекциясын тыңдап отыру қалып еді! 

Еркебұлан. Ағаңды соншалықты жақтырмайсың ба не?

Арман. Бұл қиын тақырып.

Еркебұлан. Ендеше былай істейік. Сен маған осы бір Мақсатқа қатысты «қиын тақырыбыңды» баяндайсың. Не болмаса менің көзімше Томиристі киноға шақырасың. Қайсысын таңдайсың?

Арман (сәл кідіріп). Екеуі де жақпайды маған. Бірақ таңдар болсам, Томиристі таңдаймын. Құрысын Мақсат! Томиристің қайда екенін білесің бе?

Еркебұлан. Әрине, білемін. Бір немесе екі минут ішінде осы үйге кіреді ол.

Арман. Не?!

Еркебұлан. Томирис менің қарындасыма ағылшын тілін үйретіп жүр. Аптасына екі күннен дәл осы уақыттарда тура мына үстелде отырып, «London is the capital of the Great Britain» деп ағылшын үйретеді.

Арман. Ал сенің қарындасың қайда?

Еркебұлан. Бөлмесінде ұйықтап жатыр. Әрмен қарай ұйықтай тұрады. Мен асүйде тұра тұрамын. Құлағымды түріп. Егер Томириске оңашада сөз салам десең.

Арман. Сен бұның бәрін әдейі істедің ғой, солай ма? Мені тура осы уақытқа шақырдың ғой әдейі?

Еркебұлан. Бұның бәрі сен үшін, досым. (Есеіктің қағылғаны естіледі.) АШЫҚ ТҰР ЕСІК! Дайындай бер сөздеріңді!

Томирис. Қайырлы күн, Еркебұлан! (Залға кірмей амандасады.) Бүгін бізбен бірге оқисың ба, әлде әдеттегідей… (Залға кіріп Арманды көреді.) О, привет, сен де… (Арманның көгерген көзін байқап, шошып таңданады.) Астапыралла! Арман?!

Еркебұлан (Арманның құлағына сыбырлап). Как раз жаны ашып жүрегі елжіреп тұр! Моментті қолданып қал!

Томирис. Мен есітіп едім сенің біреумен төбелесіп қалғаныңды! Бірақ тура осындай жағдайда деп ойламаппын! Қалайсың? Қатты зақым келген жоқ па, тәуірсің бе?

Арман. Сәлем, Томирис! Иә, жақсы барлығы. Көгерген көз бен бір-екі жарақат қана менде.

Еркебұлан. Қабырғадағы ушиб пен сотрисениені қалай бір-екі жарақат деп айтып тұрсың?

Томирис. Сотресение?! Саған ауруханада жату керек қой, Арман!

Арман. Менің миым шайқалған емес, олай шошудың қажеті жоқ. Бастапқыда басымдағы шишканы көріп, солай деп ойлаған дәрігерлер. Бірақ ертесі күні ренгенге түсіріп нақыталады. Бірақ сол аралықта қате диагнозым туралы бәріне тарап үлгерді.

Томирис. Сонда да, енді, ауруханада қалмадың ба? Дұрыс ем алып дегендей? Қабырғаға зақым деген де салғырт қарайтын нәрсе емес.

Еркебұлан. Мен барып бәрімізге бір шәй дайындап жіберейін. Сендер сөйлесе беріңдер. (Арманға көзін қысып шығып кетеді.)

Арман. Аурухана тегін жатқызайын деп тұрған жоқ қой. Мамама қажетсіз шығын турдырғым келмеді. Дәрігерлердің емдеп бергені бар, әлі де қабылдау керек дәрілер бар дегендей. Әжептәуір сумма болып кетті.

Томирис. Ондай кезде мамаң үшін ақша маңызды болмайды ғой. Олай ойламасаңшы. (Өз телефонын шығарып зарядкаға қояды.) Әрбір ана үшін баласының денсаулығы әлдеқайда маңызды емес пе? Мамаңның орнында болсам сені өзім-ақ палатаға байлап кетер едім сені.

Арман. Мамам да тырысты. Бірақ мен қалаған жоқпын. Мені қойшы, әлі-ақ сауығып кетемін. Өзің қалайсың, Томирис? Сенің осылай кішкентай балаларға ағылшынша үйрететініңді білмейді екенмін.

Томирис. Иә, қосымша ақша жасап жүрген түрім ғой. Менде тағы бірнеше клиент бар. Оларда бірінші-екінші сыныптағы қыздар мен ұлдар. (Үстелге барып, ақырындап сөмкесінен кітап-дәптер және қалам-қарындаш шығарып дайындауға кіріседі.) Көбіне әңгімелесу жағына көңіл бөліп оқытамын мен. Әйтпесе тілдің өзінде сөйлей алмай, ережелерін үйрену қажетсіз.

Арман. Иә, дұрыс айтасың. Мен де ағылшыншаны америкалық сериалдарды субтитрмен көріп үйрендім ғой. Ережелер әлемі шынымен де басқаша болады. Айтпақшы, сені «Жыл оқушысы» байқауына қатысып жатыр дейді ғой? Еркебұлан сенен жеңілем деп кәміл сеніп отыр!

Томирис (күліп жібереді). Ой, Еркебұлан бұл жөнінде объективті ойда емес, шынымды айтайын. Ол өз дайындығымен де, өнерімен де мені асып түсуі мүмкін. Тек өз-өзіне сенсе болды ғой.

Арман. Ойбай, Еркебұлан деген өз-өзіне махаббат поэмасын жазуға дайын адам ғой!

Томирис. Иә, ол өз-өзін көп мақтайды. Бірақ «күштімін» деп айқайлау бір нәрсе, расымен де солай болу — мүлде басқа нәрсе. (Арманның өзі өзгеше көзқараспен қарап тұрғанын байқап, ыңғайсызданып қалады.) Бетіме бірдеңе жағылған ба?

Арман. А, жоқ! (Ұялғаннан қайда қарарын білмей қалады.) Сырғаларыңа қарап қалғаным ғой!  Өте әдемі екен! Өзіңе сондай жарысып тұр! Құлпыртып көрсетеді екен сені!

Томирис. Рахмет! Бір жақсы танысым туған күніме сыйлаған еді. Жақында ғана он жетіге толдым ғой. 

Арман. Өте қымбат сыйлық екен. Қандай таныс ол сыйлаған?

Томирис (ұялып жауап береді). Бір жақсы таныс.

Арман. Жігіт емес шығар әйтеуір?

Томирис. Неге емес шығар дейсің?

Арман. Енді саған қайдағы бір жігіттермен жүру ерте ғой. Бұндай кезде оқуға, дамуға көңіл бөлу керек дегендей.

Томирис. Оқу мен дамуға жігіт болғаны кедергі келтіре ме? Неге олай ойлайсың?

Арман. Енді қазіргі заманның жігіттері патриархал түсініктегі адамдар ғой. Әйелдері үйде отырып, бала бағып, тамақ істеуі керек деп ойлайды көбісі.

Томирис. М-м-м. Сен де сондай жігітсің бе, Арман?

Арман. А, жоқ! Мен табиғатымнан феминист адаммын ғой. Менің ойымша қыздар да, ұлдар да бірдей дамуы керек.

Томирис. Иә, дұрыс айтасың. Тура осы ойыңды өзгертпе, Арман. Сонда жақсы қызды оп-оңай тауып аласың!

Арман. Томирис, сондай қызды мен тауып қойған сияқтымын. Томирис, не ғой, осы демалыстарда, бар ғой, менімен бір киноға барып қайтуға, ыңғайы келсе деймін де, қалай қарайсың? Тек екеуміз, жігіт пен қыз ретінде дегендей?

Томирис (кідіріп). Арман, менің жігітім бар. Жүріп жүргенімізге біраз болды. Келісе алмаймын. 

Арман. Солай ма? Жігітің бар екенін білмеппін мен.

Томирис. Оны не үшін білуің керек?

Арман. Жоқ, білуге міндетті емеспін, негізі. Сен де айтуға міндетті емеспін. Жәй, білмеппін дегенім ғой.

Томирис. Онда неге ренжіп сөйлегендей болып тұрсың?

Арман (кідіріп). Жарайды, шынымды айтайын. Сен маған ұнайсың. Өте қатты ұнайсың. Қыз ретінде. Өзіңді кездесуге шақырғым келіп жүрген. Шақырайын деп жігер жинап жүр едім. Өткен жолғы поэзияны да мен жазып қалдырған едім партаңа. Бірақ астына өз атымды жазуға бата алмадым. (Кішкене үнсіз тұрады.) Кешір. Мен бекер айтқан сияқтымын. Ыңғайсыз боп кетті ғой.

Томирис. Иә, шамалы ыңғайсыз болып қалды. (Не айтарын білмей, сәл кідіріп.) Мен қолымды жуып келейін. (Залдан шығып демде қайтып кіреді.) Ренжіме, Арман, мен бірден жауап беруім керек сияқты. Негізі, сен өте жақсы жігіттің. Шынымен де, жүрегің таза, кішіпейіл, сөзіңде тұратын азаматсың. Сендей жігіттің сезіміне лайықты болудың өзі қуаныш. Алайда, түсесің бе…

Арман. Иә, иә, түсінем. Қам жеме. Сенің жігітің бар ғой. Менде мүмкіндік те болған жоқ қой.

Томирис. Арман, мен сені досым ретінде қатты бағалаймын. Әрмен қарай дос болып қала берсек, өтініш. Сен өз қызыңды әлі-ақ кездестіресің. Сендей жігіт ұзақ уақыт жалғыз қалмайды.

 

Томирис Арманға күлімдеп бір қарап, шығып кетеді. Келесі сәтте Еркебұлан кіріп, қолын шапалақтайды.

 

Еркебұлан. Браво! Бәрін дұрыс істедің! Молодец!

Арман. Қойшы, а? Қызға сөз салудан эксперт деп пе едің мені?

Еркебұлан. Енді жақсы көрем деп бетіне жайып салғаның не?! Адам сияқты айттым ғой, киноға дос ретінде шақыр деп! Дос ретінде киноға барар едіңдер, душевный әңгіме болар еді, бір-біріңді терең тани түсер едіңдер. Солай-солай мүмкіндігің артар еді. Ал сен бірден алдың да романтикалық ниетіңді білдіріп қойдың.

Арман. Өзің естідің ғой, жігітім бар дегенін!

Еркебұлан. Ей, жігіт деген күйеу емес қой!

Арман. Айналайын, қоя қойшы!

 

Бір орамалға қолын сүртіп Томирис залға қайта кіреді.

 

Томирис. Еркебұлан, қарындасыңды шақырасың-ау. Сосын бізді оңаша қалдырсаңдар.

Еркебұлан. Иә, әрине! Күте тұр қазір.

 

Еркебұлан шығып кетеді. Арман Томириске қарап тұрады.

 

Томирис. Екеуің тыныш сөйлесе алмайды екенсіңдер, білесің бе? (Үстелге барып, кітаптарды тиісті беттерін ашып қояды.) 

Арман. Томирис, бір нәрсе сұрасам бола ма?

Томирис. Сұрай бер.

Арман. Егер жігітің болмағанда…

Томирис. Жоқ, Арман. Жалғыз болсам да келіспес едім сенің сезіміңе. Құр босқа үміттенбей-ақ қойшы. Өтініш.

 

Томиристің телефоны шыр ете қалады. Арман автоматты түрде зарядкада тұрған телефонды алып, экранға бір қарап, қатты таңданып, Томириске береді. Еркебұлан да залға кіреді.

 

Еркебұлан. Қазір келеді қарындасым.

Томирис. Түсінікті. (Қоңырауды қабылдап, құлағына қойып.) Привет, жан! Иә, сабақ беруге келіп едім. Қазір, оңаша шығайын. (Залдан шығып кетеді.)

Еркебұлан. Не болды, Арман? Түрің неге қашып кетті?

Арман. Телефонды алғанда Томиристің жігітін көрдім экраннан. 

Еркебұлан. Саған қарағанда красавчик пе екен?

Арман. Еркебұлан! Мені ұрып кеткен жынды — Томиристің жігіті!

Еркебұлан (шамалы ойланып). Такс, былай істейміз. Сен қазір үйіңе қайтасың. Бізге қазір өте мұқият болу керек керек.

Арман. Томирис мені өлтіргісі келген адаммен жүріп жүр, түсінесің бе? Қалай түк болмағандай үйге қаята қоямын?!

Еркебұлан. Қазір оған қалай айтсаң да ол саған сенбей қояды. Объективті түрде ойлансаңшы. Алдымен өзіміз жағдайды түсініп алайық. Толық картинаны көрейік. Себебін, дәлелін табайық. Өтініш, ештеңе істеме әзірге.

 

Томирис қайтып кіреді. Арман оған ашулана қарайды. Қыз шошып кетеді. Арман ызалы қалпында кетіп қалады. Есіктің тарс еткені естіледі.

 

Томирис. Сен досыңа дұрыс кеңес беріп үйренсеңші. Махаббат пен қыздарды ойлайтын жаста емес қой ол.

Еркебұлан. Ал өзің ше? Жасыңнан ерте есейген періштесің бе? Айтшы маған, жігітің универді бітіріп тастаған, армияға да барып қойған, көп ақша беретін жұмысы бар ересек пе?

Томирис. Онда жұмысың болмасың.

Еркебұлан. Иә дегенің ғой бұл. Түсінікті. Тағы да сұрайын. Сенің он жетіңе толғаның жақында ғана. Ал жігітіңмен жүргеніңе біраз болды. Қалай ойлайсың, жақсы еркек кәмелетке толмаған он алтыдағы қызбен «серьёзный» қарым-қатынас құра ма? Әлде все-таки бұл «шуры-муры» ма?

Томирис. Абайлап сөйле, Еркебұлан!

Еркебұлан. Арманның сенімен ешқандай шансы жоқ екенін о бастан білгем мен! Бірақ «жоқ» деген жауапты естіп, әрмен қарай өз өміріне зейін салсын деп ойлаған едім! Сол себепті де саған көңіл білдіруге мәжбүрлей бергем! Алайда, Томирис, досыма сенің кесіріңнен бірдеңе болатын болса, менен жақсылық күтпе!

 

Еркебұлан шығып кетеді. Томирис үстелге барып отырады. Екінші сахна бітеді.

 

 

Үшінші сахна

 

Кешкі уақыт. Арманның үйі. Кең әрі жайлы асхана. Есік ашылып, ішке чемоданын сүйреген Мақсат кіреді. Оның қолында телефон, мамасымен сөйлесуде.

 

Мақсат. Иә, мама, міне кірдім есіктен. (Үйде ешкім жоқтығын байқайды.) Арман залда ұйықтап жатыр екен, уайымдамаңыз. (Жауап тыңдап жүріп, чемоданды бір бұрышқа қойып, кружкаға су құйып ішеді.) Жоқ, мама, кешірімі несі, түсінем ғой жұмыс екенін! Мені де бастықтар жібермей ұстап қалады жиі-жиі. Алаңдамай, істей беріңіз. Бірдеңе болса бірден қоңырау шаламыз ғой. (Телефонды үстелге қойып, жан-жағына қарайды.) АРМАН?! (Кідіріп.) Жоқ екен ғой! Қайда жүр бұл бәлі бұндай уақытта?! (Жан-жағына тағы қарайды.) Онша ештеңе де өзгере қоймапты. Бәрі де сол қалпында. (Есіктің тоқылдағанын естіп, бұрылып қарайды.) ЕСІК АШЫҚ!

 

Есік ашылып, ішке сенімсіздей адымдап Томирис кіреді.

 

Томирис. Сәлеметсіз бе! Арманды іздеп келіп едім, үйде ме екен?

Мақсат. Жоқ, мен үйде жалғызбын. Келгенім жаңа ғана. Інімнің қайда екенін білмедім, ренжімеңіз. Сіз кім боласың?

Томирис. Менің атым — Томирис. Арман екеуміз бір сыныпта оқимыз. Сіз Мақсатсыз ғой, иә? Астанада тұратын ағасы бар деп естіп едім. Соңғы жағдайға байланысты келдіңіз бе?

Мақсат. Солай десе де болады. Келіңіз, отырыңыз! Мен бір шәй дайындап жіберейін!

Томирис. А, жоқ, әуре болмаңыз! Тек бір шыны су болса болды. Тамағым кеуіңкіреп қалып еді. (Дастархан басындағы орындыққа отырып, Мақсат құйып берген суды сіміріп ішеді.) Кешіріңіз! Қатты шөлдеп те қалыппын!

Мақсат. Ештеңе етпейді! Шөліңіз қанса болды. (Бөтелкеден тағы су құяды.)

Томирис. Рахмет! (Асықпай ішеді.)

Мақсат. Сонымен, Томирис, Арманға қатысты жағдай жайлы не білесіз?

Томирис (мұқият сөйлейді). Біреумен төбелесіп қалған дейді ғой. Оңбай таяқ жепті.

Мақсат. Сізде қандай да бір ақпарат бар ма сол төбелеске қатысты? Кіммен төбелесіпті? Не себепті дегендей?

Томирис (ұялып). Жоқ, білмейді екенмін. Мен Арманға басқа мәселе бойынша келіп едім. Сабаққа қабысты. Апта соңында «Жыл оқушысы» байқауы болады, соған презентация жасауға Арманның көмегі керек еді.

Мақсат (кідіріп). Мен сізді бір мақтағым келіп тұр, Томирис. Сізді өтірік дегенді жақсы айтады екенсіз. Бірақ мені алдай алмайсыз. (Қыздың көзіне тура қарайды.)

Томирис. Мен бұл туралы Арманға айтуым керек боп тұр, айып етпеңіз. Мен сізді көргенім қазір, танымаймын да, білмеймін де. Сеніңкіреп тұрғаным жоқ, шынымды айтсам. (Қобалжи күледі.)

Мақсат (қызға үнсіз мұқият қарайды). Сіз бірдеңеден қорқып отырған сияқтысыз. Әлде біреуден бе?

 

Томирис өзін ыңғайсыз сезініп, жауап бермекші болады. Бірақ сол сәтте есік ашылып, ішке шамалы мас Арман кіреді. Артынан Еркебұлан еріп кіреді. Оның мас Арманды үйіне жеткізем деп шаршап кеткені білініп тұрады.

 

Арман. Мен жүз пайыз сенімдімін есікті жауып кеткеніме! Қалай ашыла қалды екен, досым?

Еркебұлан. Қарасаңшы көзіңді ашып! Адамдар бар ғой! Қалайсыз, Мақсат аға?

Мақсат. Иә, амансың ба! (Арманға қарайды.) Ал саған не болған?

Арман (Томиристі байқап). О! Онша көп ішкен жоқпын, бірақ көзге кәдімгідей елестеп тұр ғой! (Мақсатқа қарамай, Томириске жақындап, алақанымен қызды үркіте бетін ұстайды.) Сенің беттерің сондай жұмсақ, білесің бе? Рахат қой осылай сипалаған! Ерніңнен де сүйіп-сүйіп алғым келеді! Неге ойымнан мүлде кетпейсің сен? Өзің туралы қиялдай беремін, қиялдай беремін! (Қызды құшақтап алады.) Жаман ойлап қалма, қиялдарым ондай ұятсыз емес! Бірақ ондай да фантазиялар бар менде, түсінетін шығарсың! Қиялдарымның бәрі — екеуміздің бақытты отбасылық өміріміз. Мен сені бақытты қылар едім. Негізінде сен бұл жерде жоқсың, әйтпесе бұлай айта алмаймын ғой. Бірақ қатты шынайы сезілесің!

Еркебұлан. Досым, таңертеңгісін конкретно ұялайын деп тұрсың ғой!

Арман. Не үшін?

Томирис. Мен галлюцинация емеспін! (Арманның итеріп жібереді.) Сонша ішіп не көрінді?!

Арман. Дупль мас емеспін ғой. Өліп ішкен болсам дұрыстап сөйлей алам ба? Титтей ғана ұрттады мен. Бірақ соның өзі қатты теуіп жіберген екен, жақсы көретін қызым елестеп жатыр.

Мақсат. Еркебұлан, досыңды моншаға апарып, салқын суға басын батырып-батырып алшы. Есін жинағанша.

Арман. Е, құрышы бар! Келе қалып маған папа бола қалғаныңды-ай! Түк те пайдаң жоқ сенің! Астанаңда жата бермейсің бе, басқа бәле болмай! 

Еркебұлан. Өй, досым, қоя ғой ондайды! Ағаңа олай сөйлеме сен. Жүре қойшы, екеуміз жуынып келейік.

Арман. Екі еркектің бірге жуынғаны несі?

Еркебұлан. Қазіргі заманда бәрі болады, ештеңе етпейді. 

 

Еркебұлан Арманды ертіп кетеді.

 

Томирис. Мен жүре берейін, ренжімеңіз. Арман сөйлесетін жағдайда емес сияқты.

Мақсат. Айыпқа бұйырмаңыз, бірақ түннің бір уағында жалғыз ешқайда бармайсыз.

Томирис. Мен он сегізден асқанмын, заң жүзінде ересекпін. Сіз мені күштеп ұстай алмайсың.

Мақсат. Сіз кәмелетке толдым деп құлақтап теппей-ақ қойсаңыз нұр үстінен нұр жауар еді! Әлі кішкентай екеніңіз көрініп тұр ғой. Көшеде біреу-міреу жәбірлеп кетсе, құдай алдында жауап беретін менмін. Кеткіңіз келе ме, ата-анаңызға дәл қазір динамикті қосып хабарласыңыз. Келіп алып кетсін.

Томирис. Мен өйте алмаймын. Терезеден секіріп шығып кеткенмін. Үйдегілер мұнда екенімді білмейді. Құрдан құр басым бәлеге қалады ғой.

Мақсат. Онда осында қонасыз. Немесе шамалыдан кейін сізді үйіңізге өзім шығарып саламын. Жалғыз ешқайда кетпейсіз.

 

Томирис дастархан басына барып қайта отырады. Аяқтарын дірілдетіп, қобалжи береді.

 

Томирис. Арман сізді ұнатпайтын сияқты ғой? Оның соншалықты сезімтал болғанын көрмеппін. Үнемі тұйық болып, сыпайы жүретін бала ғой. Барлық мұғалімдер оны мақтайды. Тұратын үйі де керемет. Бірақ ішкен кезде біртүрлі екен, шынымды айтайын.

Мақсат (қыздың жанына отырып). Арман екеуміздің арамыздағы қиқылжыңның қазіргі әңгімеге еш қатысы жоқ. Бұл жердегі тақырыптың бәрі сізге келіп тірелген сияқты. Сонымен. Арман сізге ғашық екен. Екеулеріңіз жүресіздер ме?

Томирис (қобалжи күліп). Жоқ, әрине! Өз сезімдерін өзі түсінбейтін бала басқа біреуді қалай жақсы көрсін?! Армандікі жәй құмарлықтан туған қалау ғой! Түрімді, денемді жақсы көреді! Бар болғаны сол!

Мақсат. Әйгілі төрт сөзді ол жақында ғана айтқан сияқты ғой? Сіз жоқ дедіңіз, солай ма? (Кідіріп.)  Сұрауым парыз боп тұр, інімнің қандай да бір мүмкіндігі бар ма еді?

Томирис. Арман — шынымен де жақсы жігіт, Мақсат мырза! Бірақ сол екен деп жоқ сезімді мәжбүрлікпен оята алмаймын. Ондайды сұрамай-ақ та қойыңыз. 

Мақсат. Сізден оны талап етіп тұрған мен емес, Томирис ханым. Алайда жүрегін ұсынған адамға жоқ деп алып, оның үйіне түнжарымды жетіп бару — біртүрлі әрекет.

 

Арман мен Еркебұлан қайтып кіреді. Арман басын орамалмен сүртіп, өкпелеп сөйлейді.

 

Арман (Еркебұланға). Түсіндім мен, ызыңдай бермеші! (Томириске қарап, ұялып.) Томирис, мен кешірім сұраймын. Менің істегенім артық әрі ерсі болды. Ендігіде қайталанбайды. Азғантай ғана ішкен сияқты едім, қатты әсер еткен сияқты. Перегардың иісі шығып тұр үстімнен. Кешірім сұраймын!

Мақсат. Үйге бірінші болып мен келдім, Арман. Мен емес, мама кіргенде не істер едің? Мына түріңді қалай түсіндірер едің?

Арман. Мама бастық болғалы жиі кеш келеді. Түнгі бірлерде. Кейде екілерде. Қазір сағат он бір болды. Мен еш қысылмай әлі бір сағаттай Самат ағайдың жанында іше берсем болар еді. Көшенің әйгілі алқашы есіңде ме, Макс? Біресе тастайды, біресе ішеді, үнемі қайталана беретін процесс қой. Қазір де ол кісі ішу стадиясы. Бірге отырдық, біраз әңгіме айттық.

Еркебұлан. Мен сүйреп әкелмегенде ішіп отыра берер едің ғой.

Арман. Сол үшін медаль берейін бе енді?

Мақсат. Не үшін сонша іштің, Арман? Қыздың жоқ дегенін көтере алмай қалдың ба?

Арман (абдырап, бірдеңе айтқысы келіп, бірақ айтып сөйлейді). Өмір үйретуге деген талпынысың керемет екен! Қане, айтшы ақылыңды! (Үстелге отырады.) Үлкен ағамсың ғой, шетел көрген, оқу оқыған, күшті ақша табатын! Өмірді қалай сүру керектігін білесің ғой, түсіндірші маған!

Еркебұлан. Досым, жүрші, тағы да бір жуынып келейік!

Томирис. Мен кетейінші! Мына жердегі негативті ауаны көтеру мүмкін емес!

Мақсат. Мен өз сөзімді екі мәрте қайталайтын адам емеспін, Томирис ханым! Айттым ғой, үйіңізге шығарып саламын деп!

Арман. Мәссаған! Енді менің қызыма қырыңдадың ба?! «Шығарып салам» дейді ғой!

Томирис. Мен ешқандай да сенің қызың емеспін!

Арман. Иә, иә, білем, сенің жүрегің бір есалаң педофил деп соғады, айтпай-ақ қой!

Томирис (кідіріп, стакан суды Арманның бетіне шашады). Сен өз сезімдеріңді шынымен де махаббат деп ойлайсың ба? Сен самооценкаңның, self-respect деген нәрсеңнің толықтай ноль екенін білесің бе? Үнемі әр ісіңе күмәнданып, әрдайым қорқып, ынжық болып жүретін мылжыңсың ғой! Сабақ оқып бес алғаннан басқа қолыңнан дым да келмейді! Бетіңе бір күліп, мынаны істей салшы десең, шапқылай жөнелесің! Жалғыз мына есек досыңнан басқа ешкіммен жөнді араласпайсың! Ондай баланы, — жігітті емес, еркекті емес, — баланы қандай да бір қыз жақсы көріп қалады деп шынымен де ойлайсың ба? Сен өз-өзіңді жақсы көрмейсің! Қалай сені біреу жақсы көреді?!

Еркебұлан. Томирис, сен тым артық кеттің!

Томирис. Ал сен мүлде аузыңды жап! Елдің артына кіріп, әркіммен достасып, оларды қажетіңе қолдана беретін адамсың сен! Бірақ, for some reason, бәрі сені жақсы көреді! Күшті ән саласың, әзілдейсің, харизма деген ұрып тұр, бірақ сондай идиотсың, білесің бе? Және аузың жабылмайды! Сөйлей бергенді жақсы көресің!

Еркебұлан (таңдана күледі). Кешір! Аяқ асты орыс тіліндегі мынандай фраза ойыма келе қалды! «Лучшая защита — это нападение» деген! Айтқан сөздерің мені соншалықты ренжітеді дейсің бе? Мен туралы не ойлағың келсе, пожалуйста, ойлар бер! Пікіріңе түкіргенім бар! Бірақ сын деген нәрсені өзіңе айтып үйренсеңші! Не бәрі он жеті жастасың, мектепті бітірген де жоқсың, ересек ретінде өмір де сүрген емессің, бірақ өзіңнен ондаған жас үлкен ересек біреудің сөздеріне сеніп отырсың! Сенің жігітің мына Мақсат ағадан да үлкен ғой! Ал бұның өзі — магистратура бітіріп, жылдар бойы жұмыс істеп, ойлау жүйесі басқа деңгейге өтіп кеткен ересек адам!

Арман (күледі). Таптың салыстыратын адамды! Менің Мақсат ағам физикалық тұрғыдан ересек шығар, бірақ ой-санасы бәрімізден де төмен! Әйтпесе осыншалықты оңбаған болар ма? Бірақ Еркебұлан дұрыс айтып тұр, Томирис. Мені жақсы көрмесең көрмей-ақ қой, бірақ педофилдің құрбаны екеніңді өз-өзіңе мойындашы!

Томирис. О, тоба, мен саналы түрде шешім қабылдап тұрмын ғой! Қазақстанда келісім жасы он алты жастан бастап екенін білесіңдер ме өзі?! (Үһілейді.) Сендерге айтқаннан еш пайда жоқ. Бәрібір түсінбейсіңдер.

Мақсат (сәлден соң). Бұл тақырып әзірге жабылған сияқты. Енді басқа мәселеге көшейік. Арман, мен не себепті оңбағанмын? Мүлде түсініп тұрған жоқпын осы сөздеріңді! Ашып тұрып, себеп келтіріп тұрып, нақты-нақты аргументтермен айтшы!

Арман. Құрышы бар! Өз бетіңше түсіне алмасаң, ненің құрметіне айтып отыруым керек? Айтпаймын мен!

Еркебұлан. Мен айтайыншы бұл мәселені. Томирис айтқандай, сөйлегенді жақсы көремін ғой мен. Менің досым сізді, Мақсат аға, студенттік шағыңызда әр мереке сайын, маңызды туған күндер сайын осында келеді деп күткен екен. Өзіңізге хат жіберіп те, қоңырау шалып та шақырып жүрген екен. Ал сіз үнемі бір сылтау тауып, Астанада қала беріпсіз. Жаз айларында да келіп-кетуіңіз ары кетсе бір-екі күндермен шектелген көрінеді. Нәтижесінде Алтынай тәте, яғни мамаңыз әрдайым мұңайып, көңілсіз болыпты. Арман қанша тырысса да сізді сағынған мамаңыздың жүрегін тынышталдыра алмапты. Сол себепті де сізге шамалы өкпелі.

Мақсат. Шынымен де сол үшін бе, Арман?

Арман. Еркебұланның ойы ғой бұл.

Томирис (Арманға қарап). Өмірің толған total mess! Ал сен ұялмай маған ақыл айтасың, иә? (Мақсатқа қарап.) Не артымнан еріп жүріңіз, не қалыңыз! Мен қайтамын!

Мақсат. Інімнің аузынан шындықты естімей, орнымнан қозғалайын деп тұрған жоқпын! Сіз де ешқайда жалғыз кетпейсіз, Томирис ханым! Жыныма тие бермеңіз!

Арман (Еркебұланға қарап). Ересек еркектердің барлығы ненің құрметіне Томириске жабысып қалған? Ағам да оны жібергісі келмейді!

Мақсат (үстелді бар күшімен бір ұрып, бәрін шошытады). Жетер осымен! (Бәріне отты көздерімен бір қарап өтіп, інісе тесіле қарайды.) Жауап бер менің сұрағыма!

Арман (кідіреді). Мен онша ешкіммен араласпаймын. Томирис әдемілеп айтып өтті ғой. Нақтылап айтқанда, шын өмірде араласпаймын. Бірақ инстаграмда біраз адамдармен жақсы араласам. Сөйлесеміз, талқылаймыз, кеңесеміз. Баяғыдан бері сондай топтар бар. Астана қаласында да таныстар көп. Бір таныс балаға сен туралы айтқанмын. Біз Найнти Уан әндеріне деген қызығушылық негізінде танысқан едік. Бір күні ол өз әпкесіне бір жігіт қарастыра бастады. Дені дұрыс жігітпен таныстырам деп сұрастыра берді. Ол уақыттарда сенің кім екенің әлі ашылмаған еді маған. Сені дұрыс адам деп ойлайтынмын. Сенің суретіңді, мекен-жайыңды бердім. Жақсылап тұрып мақтадым. Жақсылық тіледім ғой саған. Білесің бе, не болғанын? Айтайын ба? Ол сенің тұратын жеріңе барды. Сосын сені фотоға түсіріп жіберді. «Сенің ағаң ба?» деп сұрап жазды. Сақал өсіріп алған екенсің ғой ол кезде, менде тек сақалсыз фотоларың болған. Сенімсіз болған ғой, сен бе, сен емес пе деп. Ол жіберген фотода сен бір адаммен құшақтасып тұрған едің. Сосын бір әйелдің қолын күлімдеп қысып тұр екенсің. Осыдан бір жыл бұрыңғы оқиға бұл. Қазанның орта тұсы. Әрмен қарай жалғастырайын ба?

Мақсат. Арман. Мені мұқият тыңдашы.

Арман (орнынан атып тұрып). Қоя қойшы екіжүзді әңгімеңді, жарай ма? Құрдан құр басымды ауыртып отырсың! Осыдан сегіз жыл бұрын тура осы жерде мен сенен жалынып сұрадым! Ештеңе айтпай-ақ қояйық деп жалындым! Мама құрдан құр жылап қалатын еді, жүрегі жаралы болатын еді! Бірақ, жоқ, менің ағам шыншыл болуы керек, принциптері бар, опасыз әкеміздің иттігі туралы айтуы керек мамаға! (Томириске қарайды) Аяғында ата-анамыщ өлердей соғысып ажырасты! Әкеміз басқа қатынмен жоқ болды! Мақсат та безді Астанаға! Ал мен маманың жанында жалғыз қалдым! Бүткіл негативті де, ренішті де, ызаны да жалғыз көтеріп шықтым! (Мақсатқа қарайды) Ал сен ше? Айтшы маған, әкеміз  Астанаға қашан көшіп барыпты?!

Мақсат (орнынан тұрып, інісіне жақындайды). Арман. Ашу-ызаға жабысып өмір сүруге болмайды. Сен соны түсінуің керек.

 

Арман бар күшімен Мақсатты бетінен бір ұрып құлатады. Томирис пен Еркебұлан шошып кетеді. Ешкім үн қатпайды. Мақсат орнынан тұрып, бетін сипап, қан түкіреді.

 

Еркебұлан (Мақсатқа жақындап). Сіз Томиристі үйіне жеткізіп саласыз ғой деймін, Мақсат аға?

 

Мақсат Еркебұланмен ергендей әрекет етеді, бірақ күтпеген жерден Арманды ішінен бір ұрады. Арман бүктеліп жерге жата қалады.

 

Еркебұлан. Ағай, одан бетер зақым келсе не істейсіз?! Жындысыз ба?!

 

Ызалы Арман демде тұла бойынан күш жігер тауып, атып тұрған бойда Мақсатты прогибке лақтырады. Мақсат көтеріліп, Арманды құлатады. Екеуі бір-бірімен төбеле бастайды. Еркебұлан оларды зорға дегенде ажыратады. Ақыры Мақсат еденде ет-бетімен жатады, ал Арман үстелге отырып, кружка суды сіміреді.

 

Еркебұлан. Неғып жүрмін мен мұнда? Өз үйімде, жып-жылы төсегімде жататын адаммын ғой!

Томирис (Еркебұланға). Екеуміз кете берейікші! Өздері былыға берсінші!

Мақсат. Ешқайда бармайсыз, Томирис ханым! (Орнын тұрып, қызға қарайды.) Сіз бұл үйге бір себеппен келдіңіз. Ініме бірдеңе айтқыңыз келді. Соны айтпай кетпейсіз. Мына жерде айтылмай тұрған бір тақырып бар. Айтылуы керек нәрсе деп ойлаймын.

Томирис (кідіреді, Арманға жақындап барады). Бәріне сен кінәлісің. Көзіңдегі фингалға д,. Қабырғаңдағы зақымға да, барлығына да. Әлгі сорлы поэзияңды маған жазбай-ақ та, бермей-ақ та қоюың керек еді. Кінәлі адам өзіңсің бәріне! Қаншама қыз толып жатыр, неге мені ұната қалдың?

Арман (орнынан ақырын тұрып, қызға тура қарайды). Сен барып тұрған қаншық екенсің!

 

Томирис Арманды шапалақпен аямай ұрады. Арман бірінші аң-таң болады. Сосын ашуланады. Тұла бойын ыза билеп, өзі де Томиристі жұдырықпен бір ұрып құлатады. Қызды киімінен көтеріп алып, тағы да ұрмақшы болады, бірақ Еркебұлан мен Мақсат оны айырып әкетіп, үстелге қолын қайырып жатқызады. Арман жынданып, жұлқыланып, айқайлай береді.

 

Арман. ЖІБЕР МЕНІ! ЖІБЕР ДЕДІМ! ҚАЗ КӨРСЕТЕМ БҰЛ ҚАНШЫҚҚА!

 

Томирис өз-өзіне келіп, есіктен шығып кетіп қалады. Еркебұлан Арманның аузын қолымен жабады.

 

Еркебұлан. Мақсат аға, қыздың артынан барыңыз! Ата-анасына айтпауы керек, әйтпесе Арманның басы бәлеге қалады! Болыңыз! Арманмен өзім болам, тынышталдырам!

 

Мақсат Томиристің артынан шығып кетеді. Арман сәл жұлқынады да басылады. Еркебұлан оны жібереді. Арман екеуі бір-біріне үнсіз қарайды. Арман үстелге отырып, бетін жауып жылай бастайды.

 

Арман. Не істедім мен? Құдай-ай, не істедім мен?!

 

Жарық сөнеді. Қап-қараңғы болады. Үшінші сахна аяқталады.

 

 

Төртінші сахна

 

Кешкі уақыт. Кең көше. Айнала қараңғы. Соққы тиген жерін ұстаған Томирис ызалы әрі өкпелі қалпында қатты жүріп барады. Жылағысы келіп, өксігін ұстап келеді. Артынан Мақсат қуып жетеді.

 

Мақсат. Томирис ханым?! Томирис ханым, тоқтай тұрыңызшы!..

Томирис (жалт бұрылып). Жоламаңыз маған! Тиіспеңіз! Қазір айқайлаймын! КӨМЕКТЕСІҢДЕР! КІМ БАР?! КӨМЕК!…

 

Мақсат Томиристің артынан келіп, бір қолымен қыздың аузын жауып алып, жұлқына берген қыз тынышталғанша мықтап ұстап тұрады.

 

Мақсат. Арманның ісін мүлде қолдамаймын! Ақтауға да келмейді! Бірақ жалынып сұраймын! Ешкімге айтпай-ақ қойыңызшы! Бір рет көз жұма қараңызшы! 

 

Мақсат Томиристі жіберіп, көзіне тура қарап, бірнеше адым артқа жылжиды.

 

Томирис (қорқып сөйлейді). Жарайды! Айтпаймын! Ешкімге де білдірмеймін! Тек кетіңізші менен аулақ, тиіспеңізші!

Мақсат. Арман ондай емес қой. Білесіз ғой өзіңіз де. Бәрі менің кінәм. Ішіп алғаны бар, қызып тұрғаны бар, жынына тиіп кеттім. Сіздің сөздеріңізді естіп, өз-өзін ұстай алмай қалды. Түсінесіз ғой?

Томирис. Иә, түсінемін! Олардың еш күнәсі жоқ! Ешқашан күнәлі емес! Әрдайым мәжбүр солай істеуге! Ұстай алмай қалады өздерін!

 

Үнсіздік орнайды. Томирис көз жазын сүртіп, әрмен қарай жүреді. Мақсат сәл кідіріп тұрып, бірден қыздың алдына шығып тоқтатады.

 

Мақсат. Сіз Арман туралы айтып жатқан жоқсыз ғой, солай емес пе? Даусыңыздан сезілген реніш тым қатты. Ұзақ уақыт пісіп жетілген.

Томирис. Неге маған жабыса қалдыңыз сіз?! Менен сізге керек?!

Мақсат. Томирис! Шындықты ашатын уақыт келді емес пе? Жігітіңіз ұра ма сізді?

Томирис (кідіреді). Таяқ жемейтін қыз бола ма өзі? (Қобалжи күледі.) Сөз бар еді ғой, «күйеуінен таяқ жемеген әйел — әйел емес» деген. Әрине, мен әлі әйел болған жоқпын, бірақ…

Мақсат. Неге айтпайсыз онда? Жәбір көріп жүрсіз ғой, ата-анаңызға, полицияға, журналисттерге, бәріне айтпайсыз ба?

Томирис (таңдана күледі). Өз айтқаныңызды өзіңіз түсініп тұрсыз ба? Жаңа ғана менен не сұрадыңыз? Арманның мені ұрғанын «айтпа ешкімге» дедіңіз ғой?

Мақсат (ұялады). Бұл мүлде басқа нәрсе ғой…

Томирис (одан бетер күледі). Керемет! Айтарға сөзім жоқ! Қазіргі эмоциямды жеткізетін фраза да басқа келмейді ғой!

Мақсат. Өзіңіздің кішкентай сіңіліңіз немесе ініңіз бар ма, айтыңызшы?

Томирис. Бар.

Мақсат. Олар сіздің жыныңызға тимей ме? Жүйкеңізді қоздырмай ма? Тіл алмай, шулап, құтырып, бірдеңені бүлдірген сәттерде оларды бастарынан бір ұруға ниет болмай ма сізде? Арман екеумізді көрдіңіз ғой, төбелесіп те алдық. Бірақ қастандық істеуді қалады дейсіз бе? Біреу жынға тиген кезде бәріміз үшін сабырлық сақтау өте қиын!

Томирис. Мақсат мырза! Неге ақталып тұрсыз?! Неге таяқты да жейтін мен, кінәлі болатын да мен?! Жарайды, ситуацияны тудырған болайын! Болмайтын сөздерді айтқан болайын! Намысқа тиген-ақ болайын! Бірақ мынандайға мені лайықты деп кім айтты сіздерге?! Жарайды, Арман ішіп алып, өз-өзін ұстай алмады дейік! Ішкеніне де мен күнәлі шығармын! Ақылға еш қонымсыз, ақымақ жолмен, быт-шыт жолмен сезімін білдірген жігітке «жоқ» деп айтқаным үшін осыған лайықты шығармын мен! Бірақ айтыңызшы, Мақсат мырза, айтыңызшы, неге менің «жоқ» деуіме бола Арман сонша қайғырады?! Неге?! Кіммін мен соншалықты ондай құдіретке ие?! Бір ғана сөзбен Алланың құлы болуға жаратылған толыққанды пендені езіп тастайтындай мен кіммін?!

 

Томирис отыра қалып жылай бастайды. Қатты ыңғайсызданған Мақсат не істерін білмей абдырап қалады. Ақыры ол бірінші болып өз-өзін қолға алып, қыздың жанына отырады. Қалтасынан сүлгі шығарып, Томириске ұсынады. Бірер сәттен кейін Томирис өзін-өзі тыныштандырып, өксігін басып, Мақсат ұсынған сүлкімен көз жазын сүртеді.

 

Мақсат. Мен өз өтінішімді қайтып алдым. Інімнің де істегенін айтыңыз. Ештеңені жасырмаңыз. Өтірік айтудың да қажеті жоқ. Не болса да Арман өз басымен көтереді. Ағасы ретінде жанында боламын. Кешіріңіз мені!

Томирис (сәлден соң). Енді ғана жолыққан адамға іштегінің бәрін қалай шығарғанымды өзім түсінбей тұрмын.

Мақсат. Бір нәрсе сұрайыншы сізден. Арманның өз сезімін білдіруі соншалықты жаман болды ма?

Томирис (күліп жібереді). Әңгіме ортасында былш еткізіп айта салды ғой. Romantic date деген нәрсе ойына мүлде келмеген ғой. Еркебұлан оған алдымен киноға шақыр деп айтқан көрінеді.

Мақсат. Тым жабық, тым өз-өзімізге сенімсіз болсақ солай ғой. Әрекет етуге бата алмаймыз. Айтуға да, түсінуге де, сезінуге де. Тек үміттеніп, қорқып, күмәнданып жүре береміз. Оның бәрі іште жинала береді, жинала береді. Қыр соңында бірдеңе түрткі болып, бәрі сыртқа шығады. Сіздің де маған шер тарқатуыңыз солай боп тұр ғой. Қарап тұрсаңыз, ініммен ортақ тұсының да бар екен.

Томирис (кідіреді). Мен Темір туралы ешкімге айтқан емеспін. Барлығына жігітім бар деп қана айтып жүре бердім. Бәлкім түңғиықта түсінген де шығармын оның тым үлкен екенін. Бірақ жанымдағы құрдас балалардың барлығы сондай «бала» ғой! Ойларының барлығы балалардың нәрселері! Еш таңғалдырмайды! Ешқандай сезім оятпайды! Олардың қасында өзіңді ересек сезінесің! Мен деген жігіттерден жауапкершілікті, ізденімпаздықты, тырысуға деген ниетті қалаймын ғой! Темірдің бойында соның барлығы да бар сияқты көрінді маған! Үлкен ер адамның көңіл бөлуі, ересек ретінде қабылдауы, қымбат сыйлықтар сыйлауы!.. (Күрсінеді) Мені аңқау деп ойлайтын шығарсыз?

Мақсат. Бұл жердегі мәселе араңыздағы жаста емес, Томирис. Негізгі проблема оның ересек болуында. Сіз өзіңізді қанша жерден есейген ересек сияқты сезінсеңіз де, айналып келгенде, бәрібір кәмелетке толмаған қызсыз. Иә, бағана айтып қалдыңыз, келісім жасы он алтыда деп, бірақ ол дұрыс емес қой. Әрине, он алтыдан бастап ресми жұмыс істей берейік, бірақ ересек адамдармен қарым-қатынас дұрыс па?

Томирис (күледі). Есіме Темірдің сөздері түсіп кетті. Жиі айтады ол. «Мен отыз бесте болсам, сен жиырма бесте болсаң, ешкім де бізге мән бермес еді». Әрдайым алаңдай бастаған сәтімде осылай айтады.

Мақсат. Онікі енді рас. Жиырма бес те, отыз бес те — ересек адамның жасы. Сондықтан ешкім қарамайды. Ал он алты мен жиырма алты, он алты мен отыз, он алты мен отыз без мүлде басқа. 

Томирис. Баяғы заманда адамдар қалай қосылған екен онда? «Он үште отау иесі» деген бар емес пе? (Қобалжи күледі) Есіме түсіп кетті осы. Түсінем ғой басқаша заман болғанын.

Мақсат. Ғасырлар бұрынғы он үш жас қазіргі таңдағы жиырма үш шығар? (Томиристің күлімдегенін көреді.) Адамдарға жылау емес, күлу әрдайым жарасады. Тіпті сізге де. (Кідіреді.) Ата-анаңызға бәрін де айтыңыз. Жасырмаңыз ештеңе. Олар сізден бас тартпайды. Өлтірмейді сізді. Ары кетсе бір ұрсып қояр. Бірақ ұрсыс естімеген күніңіз болып па еді?

Томирис. Мен Арманды жек көрмеймін. Шынымды айтайын, оған кешірім сұрауға келіп едім. Оны ұрып тастаған Темір екенін білген жоқпын ғой.

Мақсат. Түсінбедім, не дейсіз?

Томирис. Осыдан біраз бұрын Арман партама бір қағаз өлең қалдырып кетіпті. Өзі шығарған. Әп-әдемі, мағыналы өлең екен. Кәдімгідей таңғалып қалдым. Кімнен екенін бірден түсінгем. Почеркіне мән беріп, қолданған сөздерін саралап анық білгем. Темірге де айтқанмын, менімен бірге күлетін шығар деп. Арман менің көзімде жүрегі таза ыжықтау балақай еді. Бір ерлік істепті деп қабылдадым. Өзгеге көңіл білдіру таңғаларлық ерлікті талап етеді ғой. Тіпті анонимді өлең шығару да ерлікті талап еді. (Кідіреді.) Сол күні Темір бірінші рет мені… (Айтуға бата алмайды.) 

Мақсат. Түсіндім бәрін. Айтпай-ақ қойсаңыз да болады.

Томирис. Ертесіне ол қымбат сырға әперді маған. Керемет дәу гүл әкелді. Тізерлеп тұрып кешірім сұрады. Көздері сондай аянышты еді. Даусы да өкінішке толы болды. Ешқашан қайталанбайды деп уәде берді. Жақсы көрем ғой, кешірдім. Сөйтіп бәрі қалпына келгендей болды. Иә, сосын естідім Арманды біреу сабап тастағанын, бірақ Темірдің қатысы бар деп мүлде ойлаған жоқпын. Бір бандиттерге ұрынып қалған шығар дедім. Сосын өткен жолы Арман сезімін білдіріп, көңіл күйімді кәдімгідей түсірді. Оны Темір де байқады. Қайта-қайта сұрап, барлығын айтқызды. Артынан барып білдім мен. Темір Арманды өлтірмекші болыпты. Ал содан кейін… (Күрсінеді.)

Мақсат. Тағы да ұрды ма?

Томирис (басын шайқайды). Мақсат мырза, мен екіқабат болып шығуым мүкін.

Мақсат (ауыр күрсінеді). Әттең, Арман өз-өзіне сенімді, қыз баласымен дұрыстап тілдесе білетін, харизмасы бар жігіт болғанда ғой! Темір дегенге қарамас едіңіз! (Кідіреді.) Бәлкім байланыс жиірек болғанда, ініме көбірек көңіл бөлгенімде бәрі басқаша болар ма еді? (Кідіреді.) Бәрі осылай бір-біріне шимайланып байланған ғой өмірде.

Томирис. Не істеймін мен енді?

Мақсат. Ата-анаңызға айтыңыз.

Томирис. Олар шынымен де мені түсінеді деп ойлайсыз ба? Менің анам әкемнің айтқанынан шықпайды. Ал әкем маған сыннан басқа ештеңе айтпайды. Оған айтар болсам, ертесіне-ақ Темірге үйлендіріп тынады ғой. «Сен қыз бізді ұятқа қалдырушы болма!» (Күрсінеді.) Білем ғой мен әкемді.

Мақсат. Ата-аналар кейде мүлде біз ойлағандай болмай шығады. Ата-анамыз бізді жақсы көреді деп ойлауымыз мүмкін, бірақ шындығында олар бізден бас тартуға дайын-ақ тұрады. Біз ата-анамызды дым білмейтін, дым түсінбейтін, ескі түсініктегі пенделер деуіміз де мүмкін, бірақ аяғында ең дана адамдар солар болып шығады. Басымыздағы ата-ана бір басқа, шынайы адамдар ретінде олар мүлде басқа. Әкеңіз сізге не болғанын естісе, мүлде басқаша айтуы ықтимал. Кім білсін, мүмкін анаңыздан да бұрын соңды көрмеген батылдықты байқап қаларсыз? Олардан бірден бас тартпаңыз.

Томирис. Сіз сол үшін әкеңізбен татуластыңыз ба?

Мақсат (кідіреді). Менің әкем қайтыс болған, Томирис ханым. Алдында ғана Астананың зиратында жерленді. Онкологиямен қатты ауырып қалған. Ажалы жақындаған адамның шерін тыңдамауға арым батпады. Ешкім де білмейді бұл туралы. 

Томирис. Арман ғана емес, сіз де сондай екенсіз ғой. Бәрін жасырып, іштей тынып жүре бересіз. Өмірдегі бар проблема содан шығар? Маңызды нәрсені айту керек кезде — іштей тына қаламыз, ал үнсіз болу керек сәтте — аузымызға құлып табылмайды.

 

Алыстан келе жатқан көліктің дыбысы естіліп, Мақсат пен Томиристің назарын өзіне аударады. Көлік жақындап келіп тоқтап, екеуіне фара жарығы түсіп өшеді. Көліктен ешкім түспейді.

 

Мақсат. Бұл кім тағы? Тайота ма мынау?

Томирис. Ағам ғой бұл. Жүрейін мен. (Орнынан тұрады.) Мен жаңағы оқиға жайлы айтпай-ақ қойдым ешкімге. Сіз де Арманға ештеңе айтпай-ақ қойыңыз. Айтқандарым туралы білгенін қаламаймын. Одан да әкеңіз жайлы айтыңыз. Ол білуі керек қой. Өзіңіз де ештеңе істемеңізші. Темір — тым қауіпті адам. Ешкімді оңдырмайды. Шамаңыз жетпейді. Сіздің де, Арманның да. Құр босқа менің кесірімнен опық жейсіздер. Рахмет тыңдағаныңызға. Енді бәрін өзім шешіп реттеймін.

 

Томирис көлікке отырып кетіп қалады. Төртінші сахна аяқталады.

 

 

Бесінші сахна

 

Кешкі уақыт. Көше бойында. Мақсат үйге қарай адымдап бара жатады, қақпаға жетіп қалғанда есік ашылып, сыртқа Арман шығады. Артынан Еркебұлан ерген.

 

Арман. Томирис қайда? Үйінде ме? Барып сөйлесуім керек!

Мақсат (Арманды қолынан ұстайды). Сен қазір үйге кіресің, Арман. Сосын бұдан былай Томириске жоламайсың.

Арман. Құрышы бар! (Қолын сілкіп Мақсаттың ұстауынан құтылмақшы болады.)

Мақсат (Арманның қолын одан бетер қысып өзіне жақындатады). Не айтпақшысың ол қызға? А?! Бір ұрып құлатқаның жетпей ме?!

Арман. Оным үлкен қателік болды, мойындаймын! Сол үшін барып кешірім сұрауым керек!

Мақсат. Оған не айтсаң да ештеңе өзгерте алмайсың.

Арман. Жібер дедім мені!

Мақсат. Не істейсің жібермесем?! Тағы да ұрасың ба?! Ұр ал! Қиқ етсе жұдырық көтеру сен үшін сән ғой! (Арманды жіберіп, қолын екі жаққа жаянды.) Ең қатты соққыңды жібер! Аяма мүлде!

Еркебұлан. Тағы да мүйіз қағыстыру ма?..

Мақсат. Сен өшіре қалшы үніңді! (Еркебұланды бір ұрып құлатады.) Қане, күтіп тұрмын мен! (Арман оны ұрмайды.) Не болды? Аяқ асты агрессияңды ұстай алатын адамға айналдың ба? (Бұрылып кете берген Арманның артынан жүреді.) Білесің бе, ең негізгі проблемаң не екенін, інім? Сенің ешкімге керегің жоқ! Керегің болмаған да! Иә! Туған күнің қыркүйекте сенің! Математиканы ал да есепте! Желтоқсанның соңында жасалғансың! Жаңа жыл мерекесі кезінде шампан пен шарапқа тойып алған ата-анамыздың төсектегі ақылсыз қатынасы нәтижесінде пайда болдың! Сен о бастап қателіксің!

Еркебұлан. Мақсат аға?!

Мақсат (Арманның алыдына шығады). Мамам сені бағып-қағам деп бүткіл өмірін құртты! Өзін-өзі ұмытты ол! Фигурасы да, жұмысы да, бәрі құрдымға кетті! Сені өсіргенде емшегінен сүт те шыққан жоқ, бұның өзі белгілі бір деңгейде белгі емес пе? Неге үндемейсің? Неге үнмейсің деймін?! Сен титтейіңнен маманың бар назарын өзіңе тартып алдың! Маған да, әкемізге де көңіл бөлуіне мұрша бермедің! Соның салдарынан әкеміз жалғызсырап, ішқұса болып, қатты қиналды! Ақыры ол өзін титтей болсын бағалаған басқа әйелдің артынан ерді де кетті! Арман, сенің маған да қажетің болған жоқ! Сен болмағанда біз әлі де отбасы болып қалар едік! Шындығына келгенде, сен мамаға да, әкеге де, маған да, Томириске де, тіпті мына жынды Еркебұланға да қажет емессің! Бұл мыжыманың өзі де сенімен маманың бастық болуына байланысты дос болып жүр! Бұны алып тастасақ, сенің жаныңда ешкім де қалмайды! Айтшы маған, осыдан кейін кімсің сен қателік болмағанда?!

 

Ызалы Арман бірінші болып Мақсатты ұрып, екеуі төбелесе бастайды. Екеуі төбелісіп жатқанда Еркебұлан алдыға қарай шығып, мұрнын сүртіп, қалтасымен темекі мен сіріңке шығарады.

 

Еркебұлан. Бұлардың араларында жүріп қалайша шекпей кетесің? (Темекіні тұтатып, ұзақ тартады.) Бір жағынан, маған жұдырық тигені жақсы болған сияқты. Байқап қарасам, бұл оқиғаға қатысты маңызды кейіпкерлердің барлығы бір-бір соққы жеді ғой. (Артына бір қарап қояды.) Түу, не деген энергия деймін де! Не үлкені қоймайды, не кішісі берілмейді! Ағамның да, інімнің де жоқ екеніне осы бір сәтте қатты қуанып тұрмын! Жалғыз ғана қарындасым бар, бірақ онымен мен вряд ли мыналар сияқты келешекте төбелес өнерін дәріптеймін! Ары кетсе қарындасым тиктоктан бір пранк, тренд, прикол дегендерді көріп алып, соларды  маған жасайды ғой! Ал ондайға көнуге болады!

 

Еркебұлан темекіні тартып шетке кетеді. Арман мен Мақсаттың төбелесі үлкеннің жеңісімен бітеді. Мақсат Арманның екі қолын арқасына қайыра ұстап жібермей отырады.

 

Мақсат. Неге сонша намыстанасың, айтшы?! Неге?!

Арман. Айтқаныңның бәрі өтірік!

Мақсат. Қай жері өтірік? Барып тұрған шындық! Сен күніге осылардың бірін өзіңе ұйықтар алдында айтып жүрген жоқсың ба?

Арман. Оттапсың!

Мақсат. Жоқ, мен сені білемін! Сен шынымен де айтқан сандырағымның барлығын шындық деп қабылдайсың! Бәріне өзіңді кінәлайсың! Сен болмағанда барлығының өмірі жақсы болар еді, солай емес пе? Ештеңеге лайықсызбыз деп сенесің! Тағдыр саған бақытты болуға есіктер артынан есіктерді үнемі көрсетеді, сен біреуіне де кіруге батпайсың! Өтірік пе сол?! (Арманды жіберіп, орнынан тұрады.) 

Арман (тізерлеп, көзі жасаурап отырады). Сен сияқты бола алмаймын, енді не істейін?! Сен ғой ештеңеге басыңды қатырмайтын! Бас жұлсаң да қалағаныңды істейсің! Өзіңдікін дұрыс дегенше тоқтаусыз бәрін шұқылай бересің! Бопты! Айтқаның-ақ ақиқат болсын! Мен-ақ қателік болайын, мен-ақ құбыжық болайын, мен-ақ жолы болмағыр болайын! Онсыз да барлығың үшін қарғыспын!

Мақсат. Ой, миы жоқ бәле! Сен — менің інімсің, иттің баласы! Қандай жағдай болса да, мен де, мама да, мына досың да, басқа қыруар адамдар да, барлығымыз сені жақсы көреміз! Сенен ешқашан бас тартқан емеспіз, бас тартпаймыз да! Иә, мен өз өміріме қатты көңіл бөліп кеттім, мойындаймын, мен бар болғаны өз өмірім үшін жауапты адам болғым келді! Бірақ алысқа кетіп, сирек келуім, анда-санда хабарласуым сенен бас тартқаным емес қо! (Кідіріп, ойын жинақтайды.)

Арман. Неге бәрің бас тартпайсыңдар онда менен?! Неге жартыңа соншалықты керекпін де, басқаларыңа бір пайыз да пайдам жоқ?! Титтей кезімде өзім батырдай көргем ағамсың сен, бірақ бүгінде менен қашасың да жүресің! Құдайдай көрген әкем бір ауыз сөз айтқан да жоқ маған! Тастап кеткелі тек саған ғана кешірім сұрап барды! Ал мен ше?! Менен де сұрауына болады ғой?! Неге менен сұрамайды?! Ал Томирис ше?! Өзін қадірлеуге, бағалауға, жақсы көруге, аяулауға дайын жүрген шын пейілді маған емес, алдапсігер, қызғаншақ, абьюзер, педофилге ғашық болады! Иә, бойы ұзын, күші көп, машинасы да жап-жаңа, ақшасы да тасып жатыр! Бірақ менің пейілім шынайы ғой!.. (Шарасыздана күрсінеді.) Өмірде мама ғана мені керек қылады! Бірақ оның өзі баласы болғаным үшін! Егер баласы болмағанымда ол маған жоламас та еді! Іске асырған түгім де жоқ! Бәрін бүлдірем де жүрем! Бір рет «Мынау менің балам!» деп мақтанарлық ештеңе тындырған жоқпын мама үшін! Мамамыздың мінсіз баласы сен ғой, Мақсат! Қай жерге барсақ та сені айтып мақтанады! Маған да айтады, ағаңдай емессің, неге сондай еңбекқор болмайсың, тырыспайсың, жасамайсың деп!.. Менің жанымда жапандағы жалғыз досым — мына Еркебұлан ғана! Ол болмаса баяғыда-ақ есімнен адасқан екенмін! Дым да талап етпейді, шарт та қоймайды, ештеңе де сұрамайды, әйтеуір досым деп жүре береді! Онысына да лайықты емеспін, шыны керек! Үнемі өз  проблемаларыммен әурелеймін де жүремін оны! Бір күні қандай екенімді түсініп, менен де бас тартатын шығар!

 

Үнсіздік орнайды. Ешкім ештеңе айтпайды. Кенет тыныштықты Еркебұлан бұзады.

 

Еркебұлан. Менің көп сөйлейтін әдетім бар. Өздерің де байқаған шығарсыңдар. Бірақ кішкентай кезімде тым жиі артық әзілдеп сөйлейтінмін. Көп балалардың намысына тиіп, оларды жылатып та жіберетінмін. Бір күні үстіне сок төккен бір баланы келеке етпеймін бе? Өз ойымда онша артық ештеңе айтпаған едім. Тек бәрін күлдіріп, көңілдерін көтергенмін. Сөйтсем, ол бала үйіне еңіреп жылап барыпты. Содан кейін айқай-шу мен арыз жазу басталды. «Еркебұлан деген буллинг жасағыш бұзақы!» деген әңгіме шықты. Папам мектепке шақырылды. Тізерлетіп тұрып маған кешірім сұратты сол баладан. Ұяттан жердің астына кіре жаздадым. Папамның қатты жүйкесі қозды. Ал ол кісі жүйкезі қозғанда, қалай айтсам екен, белдігін шешіп қолына алатын әдеті бар еді. (Темекіні бітіріп, шетке лақтырады.) Содан кейін әр сөзімді бақылап, өз-өзімді ұстайтын болдым. Жыл өткен соң осында көшіп келдік. Жаңа сыныпқа ауыстым, бесінші сыныптан бастап өзіңмен парталас болдым. Сенің қасыңда маған тырысудың да, абайлап сөйлеудің де, басқаша болудың да қажеті болмады, Арман. Сені жамандасам да, саған әзіл ұстасам да, болмашы нәрсе айтсам да, көтере бересің. Еш ренжімейсің. Сол себепті де жүрмін ғой досың болып. Ал басқалардың барлығы «Қолайлы болсаң — досыңмын!» деп қарайды. 

Арман. Бұл туралы маған бұрын неге айтпадың?

Еркебұлан. Ұялдым. Қорықтым. Ыңғайсыз болды. Дұрыс сәті келмей қойды. Себебінің маңызы бар ма? Себеп табуға деген талпыныс — бір кінәліні тауып, соны жазалауға деген  жасырын талпыныс сияқты. Бәрібір сплошной негатив.

Мақсат. Екеуің енді ғана он сегізге толдыңдар ғой. Мектепті де әлі бітірген жоқсыңдар. Өмірлерің әлі де алдыда. Универге түсесіңдер, өліп қыдырасыңдар, ішесіңдер. Топастармен ерегесіп төбелесесіңдер. Қарызға белшелеріңнен батасыңдар. Ғашық боласыңдар, қыздарды жылатасыңдар, сендерді де жылатады, Шаршап жұмыс істеп үйренесіңдер, ақша табасыңдар, сосын жоғалтасыңдар, көтерілесіңдер, құлайсыңдар. Бәрі де алдыда. Мектепті бітіре сала  тасып байыған, ең жақсы қызды тапқан, өмірін толықтай керемет қылған жігіт жоқ қой өмірде. Болса да, мың адамның біреуіне ғана бұйыратын тағдыр. Білем, Арман, Томиристің «жоқ» дегені бірталай жараны тырнап, ащы шындықты қазбалауға мәжбүр етті. Сол себепті де арақпен бәрін басқың келді.

Арман. Менің қанымды қайнатып тұрғаны ол ғана емес.

Мақсат. Иә, тек ол ғана емес. Бірақ барлығы содан басталып тұр ғой? Арман. Сен өз  басыңмен Томиристі бір көргеннен-ақ иемденіп алғансың. Қиялыңда ол сенің ең күшті ашынаң, таңғаларлық жұбайың, ең сенімді серіктесің. Тіпті бірнеше балаларыңның анасы болып кеткен әйелің. Өтірік деші? Арман, ол ешқашан да сендік болған емес.

Арман. Білемін ғой оны.

Мақсат. Білуі, рас, білесің. Бірақ сезінген жоқсың ғой. Сен оның жігіті туралы естідің де сол мезетте барып анық түсіндің. Ашуға беріліп, қызға өз махаббатыңды жайып салдың. Өтірік пе?

Арман. Солай да шығар.

Мақсат. Арман, сен Томириске сезіміңді білдірген жоқсың. Сен оны «опасыздық» үшін жазалағың келді. 

Арман. Макс, менің махаббатым шынайы ғой!

Мақсат. Оған күмәнім жоқ, інім. Адам деген оңай жаратылыс емес.

Еркебұлан. «Еркек деген оңай жаратылыс емес» десеңізші! Үшеумізге подушам сөйлесу үшін алдымен төбелесіп алу керек болыпты! Неге қыздар сияқты бір шәугім шәй істеп, бір торт алып, әңгіме дегенді экологиялық тұрғыда жібере бермейміз? Әйтеуір бірінші жұдырық сөйлеуі керек!

Арман. Макс, мені өлтіргісі келген адам — Томиристің жігіті.

Мақсат. Иә, білем оны. Томирис айтты. Қызға өлең жазғаныңды жігіті біліп қойып, жазаңды бергісі келген екен. Томирис сол үшін кешірім сұрауға келіпті. Ал сен оның жынына тиіп, айтқан сандырағына сене қалдың.  

Арман. Не істеймін енді? Оның шірік жігіті мені өлтіргісі келді ғой. Жәйдан-жай қалай қоя саламын?

Еркебұлан. Иә, түк білмегендей жүре беру маған да жақпай тұр. Бір әрекетін қылу керек бізге, Мақсат аға. Ересек бол деп алып, бізді бала сияқты баспаңыз.

Мақсат. Не істесек те ертеңге қалсын, жігіттер. Дұрыстап ойланып, қалай ерекет ету керектігін асықпай жорамалдайық. Қазір түнжарым ғой. Томирис те үйіне жеткен шығар? Ағасы жаңа ғана көлігімен алып кетті оны...

 

Арман мен Еркебұлан бір-біріне күдіктене қарайды. Мақсатқа түсінбей қарайды.

 

Мақсат. Не болды сендерге?

Еркебұлан. Томиристің інілері және сіңілілері бар, Мақсат аға. Бірақ ешқандай ағасы жоқ.

Арман. Қандай машина алып кетті оны?

Мақсат. Қара тойота. (Інісінің түріне қарап-ақ бәрін түсінеді.) Жігітінің көлігі ғой? Қыз дың сандырағын мен сезбей қалдым ба?..

Арман. Ертеңге қалдыратындай уақыт жоқ енді. Не істейміз?

 

Мақсат, Арман, Еркебұлан үшеуі бір-біріне үнсіз қарайды. Бесінші сахна аяқталады.

 

 

Алтыншы сахна

 

Кешкі уақыт. Арманның үйі. Асхана. Арман, Мақсат, Еркебұлан үшеуі ішке кіреді. Ішеуі де жігерленген, әрекет етуге дайын, бірақ не істерлерін білмейді.

 

Мақсат. Ең бірінші кезекте Томирис өз үйінде ме, соны білуіміз керек. Бәлкім жігіті, қанша жерден оңбаған болса да, үйіне жеткізіп тастаған шығар?

Арман. Ондайға қатты сеніңкіреп тұрған жоқпын.

Мақсат. Сонда да көрейік. Бірден жаманды ойламайық.

Арман. Егер де Томириске бірдеңе болса…

Еркебұлан. Қойшы негативті! Звондап жатырмын. (Қалтасынан телефонын шығарып, Томириске хабарласады, бірақ алмайды.) Томирис көтермейді. Қазір інісін көрейін. (Хабарласады) Алло, Хақназар, қалайсың?.. Плейстейшн қашан қайтарасың?.. Алдында әпкең інім үшін деп қанды ішіп сұрады, досым ғой деп бергенмін, бірақ уақыттың да шегі бар!.. Мақұл, тағы бір аптадай өзіңде қалдыра тұрайын, бірақ алдымен әпкеңді телефонға шақыршы… Ей, Хақназар, қойсай, ұйықтап жатыр дегенің қалай кетті? Оят бар!.. А, үйде жоқ па? Бірден солай айтпайсың ба, адамды алдамай!.. Ала алмай жатырмын оны, маңызды әңгіме боп тұр, қайда кетуі мүмкін әпкең?.. Жігітімен дейсің бе?.. Көргенсің бе оның жігітін?.. Жаман біреу сияқты?.. Такс, Хақназар, былай істе. Тағы бір сағаттай күт, содан кейін мамаңа бар да әпкеңнің жоқ екенін, жігіті жайлы, ерсі қылықтары жайлы бәрін де айт... Ей, Хақназар, әпкеңнен қорқатындай щеголсың ба соншалықты? Қорықпа, жеп қоймайды сені!.. Ой, айта береді әпкең! Кесіп тастамайды тасағыңды!.. Болды, давай! (Телефонды қойып, үһілейді.) Інісін бұлай қорқытып тастайтындай ол не бүлдірді екен?

Арман. Мүлде маңызды нәрсе емес ол. Енді не істейміз?

Мақсат. Енді жігіт жайлы ақпарат керек бізге. Оның есімі — Темір, мен соны ғана білемін. Томиристің ешқандай жан құрбысы жоқ па?

Арман. Жансая екеуі жақсы дос.

Еркебұлан. Екеуі үнемі бірге жүреді. Бір-бірлерінің қотырларына шейін білетін шығар.

Арман. Томирис оған шынымен де айтты деп ойлайсың ба? Біреу бұрыс бірдеңе істесе, Жансая деген талқандап тастайды ғой оны!

Мақсат. Айтпаған болса да бірдеңе білуі мүмкін.

Арман. Мен онымен сөйлесе алмаймын, ол мені жек көреді. Үнемі менсінбей қарайды.

Еркебұлан. Мақұл, как раз мегабайтым көп еді. Бірақ жеке барып сөйлесейін. Алдында бір конфликт боп қап еді арамызда. Сендерге ол туралы айтуға дайын емеспін.

 

Еркебұлан басқа бөлмеге кіріп кетеді. Мақсат мұздатқыштан қатып тұрған етттерді алып, жартысын Арманға ұстатады.

 

Мақсат. Бетіңе, ішіңе, қолыңа басып ұста. Қатты көгеріп кетсе одан да жаман болады.

Арман. Иә, мамаға түсіндіру де қиындайды. Рахмет!

 

Ағайынды екеуі үстелдің екі жағына отырады.

 

Мақсат. Арман, кішкентай кезіңде Гүлсана деген қызға ғашық едің ғой? Шаколад, чупа-чупс, чипсы әперіп жүретінсің, есіңде ме? Яғни маған алдырып, сосын өзің беретінсің. Сол қызға не болды?

Арман. Білмеймін. Бір күні үй-ішімен басқа жаққа көшіп кетті. Оны шынайы махаббат болды деп айта алмаймын. Түріне ғана қызыққан сияқтымын, әдемі еді.

Мақсат. Ал Томирис ше? Оған қалай ғашық болдың?

Арман. Жетінші сыныпта келді ғой біздің мектепке. Ұрысқақ завуч апайымыз болатын, қыздардың шалбар кигенін жақтырмайтын, сол кісі кіргізген сыныпқа алғаш рет. Бір қарағаннан сұлулыға тәнті болдым. Сол кезден шығар.

Мақсат. Ондай көркем шығармашылық әңгімесін айтпай-ақ қой, інім. Сұлу қыздар көп қой өмірде. Есентайға, Арбатқа, Көктөбеге бар. Бір сағаттың ішінде жүздегені алдыңнан өтеді. Неге нақты Томирис?

Арман. Қалымды сұрап келді ғой үйге. Мен бір ретте баспалдақтан тайып құлап, аяғымды шығарып алғаным есіңде ме? Видео арқылы сөйлескенбіз екеуміз. Сол кезде бір профессорды жамандап едің! «Қашан қатын аласың?» деп миыңды жей беретін профессор ше? Мен оңбай құлағаннан кейін Еркебұлан мені жетектек ауруханаға апарды, өзі де келіп жүрді, бірақ басқа сыныптастарға бәрібір еді. Тек Томирис қана уайымдап келді. Бір сендвич  пен сок әкелді. Қатты дос та емес едік біз. Келуге міндетті болмаған. Бірақ келді. Содан бері ғашық шығармын.

 

Еркебұлан атып кіреді. Қолында телефоны жоқ. Өзі біршама әбіржіген.

 

Еркебұлан. Арман, мамаңның бөлмесінен бір көйлек алайын мен.

Арман. А?!

Еркебұлан. Жансаяны түнжарымда көмек сұрап мазаласаң, спецификалы талаптар қояды.

Арман. Түсінбедім.

Мақсат. Селфи жасап жібер дей ме?

Еркебұлан. Ой, одан да жаман. Тиктоктың гүлі болып кетпесек болды енді. Короче, Жансаямен әңгіме ұзағынан болайын деп тұр.

 

Еркебұлан бір бөлмеге кіріп, демде әйел киімін алып шығады.

 

Арман. Андағы көйлекпен шықпашы мына жерге. Ондай травманың қажеті жоқ маған.

Еркебұлан. Ой, кроссдрессингке өзімде құлшыныс ұрып тұр еді! Папам естімесе болды! Көрмей-ақ та қойсын! Әйтпесе соңында артыма қойдың майын өзің жағасың!

 

Еркебұлан телефоны тұрған бөлмеге кіріп кетеді.

 

Мақсат. Осындай достың болғаны не деген бақыт! Саған өзім қызғанып отырмын, шынымды айтайын.

Арман (күліп, сосын қайтадан мұңаяды). Томирис мені жек көре ме енді?

Мақсат. Ол қазір нешетүрлі нәрселерді сезінуде. Бірақ сені жөк көреді деп айтуға келмейді. Көңілді қалды сенен. Сол рас. Саған деген жалынды махаббатты сезіне алмайды.

Арман. Жоспарлаған ойым мүлде іске аспады ғой. Бәрі басқаша болуы керек еді. Ойлағам ғой, анонимді түрде өлең жіберемін, ол кім екен деп таңданады, сосын инстаграмға, тиктокқа, чаттарға тамсанып, кім жазғанына қызығып салады деп. Сосын гүл жіберем, шаколадты клубника жіберем, сүйікті әншісінің концертіне билет әперіп қуантам!.. Кейіннен екеуміз бітіру кешінде вальс билер едік! Сол кезде сезімімді білдіріп, кездесуге шақырғым келген! Бәрі мінсіз өтуі керек еді! Ол кезге дейін мен оның досы болып, жақсы жігіт екенімді дәлелдеп шығар едім!

 

Әйел киімін киген Еркебұлан атып шығады. Қолында телефоны бар. Мақсат пен Арман оған  тесіліп қарап қалады.

 

Еркебұлан. Ренжіме, досым. Психологтың ақшасын өзім-ақ төлеп беремін. Бірақ алдымен оператор болуың қажет боп тұр. Жансая маған осы көйлекпен билеп тұрып ән айтып видеоға түсіріп жібересің дейді. Анық түскен видео болсын деп тұр.

Арман. Ол ондай видеоны не қылады?

Еркебұлан. Білмеймін. Мұңайғанда қарап көңіл күйін көтеретін шығар? Әйтеуір әбден қорлайын деп тұр ғой.

Мақсат. Не мәселе екенін түсініп тұр ма ол қыз? Берші телефонды, өзім сөйлесейін.

Еркебұлан. Ой, бәрібір боп тұр оған, Томирис екеуі қырылып қалыпты жақында ғана. Өзі оған жаман ренжулі.

Арман. Не боп қапты оларға?

Еркебұлан. Жансая біліп қойған Томиристің жігіті туралы. Томиристің өзі айтпаған. Біреумен сөйлесіп жүрмін деген, бірақ отыздағы еркек екенін бөліспепті. Жансая ақылға салуға қанша тырысса да, «сен түсінбейсің, біздікі шынайы махаббат, ондай пәк сәзім жасқа қарамайды» деген принцессамыз тыңдамай қойған. Ақыры Жансаяға да біраз нәрсе айтып тастаған ғой.

Арман. Қандай қасиет тауып тұр бұндай адамнан Томирис?!

Мақсат. Мейлі, түсіру керек болса түсірейік сол видеоны. Бірақ Жансая шынымен де біле ме екен қайдан табуға болатынын Томиристі?

Еркебұлан. Бір локация бар екен. Соның құны менің женский көйлекпен «Дүнген қызы» әнін айтуым болып тұр.

Арман. Басқа ән жоқ па?

Еркебұлан. Сүйікті әні екен. Ана бөлмеге барып түсірейікші, Арман. Мамаң келіп қалса ұят болады-ау.

Мақсат. Билегеніңді көре алмайтыным өкінішті, әрине.

 

Арман мен Еркебұлан шығып кетеді. Мақсаттың телефоны шырылдайды.

 

Мақсат. Алло, мама! Бәрі дұрыс па? Келе жатырсыз ба?.. (Жауап естиді.) А, жо-жоқ, қона беріңіз әріптесіңіздің үйінде! Кеш боп кетті ғой, сіз жетем дегенше түннің бір уағы болады!..  Уайымдамаңыз, мама, тамақты істеп қоямыз, кенжеңіз аштан өлмейді… Ой, мама, қайдағыны айтпаңызшы, мен неге ренжуім керек, мүлде олай емес, мама… Иә, сөйлестім, біраз жақсы әңгіме болды, қорқатындай жаман нәрсе емес екен, бірақ зейін салатын нәрсе… Жоқ, Арман бұл жерде бұзақы емес, жаман жолға түсіп кетпеген, керісінше сондай адамға ұрынып қалған байқаусызда… Енді сізді қинағысы келмейді де… Мама, енді ол есейіп қалды ғой, кішкентай бала емес, ыңғайсызданады… Жарайды, мама, ертең бе, арғыкүні ме жүзбе-жүз отырып дұрыстап сөйлесейік… Жақсы, қайырлы түн!

 

Арман мен Еркебұлан қайтып келеді. Еркебұлан өз киімін киіп шығады. Асүйдегі бір бұрышта тығулы тұрған арақты шығарып, ыдысқа кішкене ғана құйып сіміріп алады.

 

Еркебұлан. Олай қарамаңызшы, Мақсат аға! Я этот стакан заслужил. Солай ойлаймын.

 

Арманның қолындағы телефонға хаттар келеді.

 

Арман. Смайликтер өңкей. «Жұлдыз боласың, қыздардың бәрі сенікі болады».

Еркебұлан. Мақұл, таратса тарата берсін. Спордан жеңілгеннен деп түсіндіремін бәріне. Жап-жақсы айттым әнді, биді норм биледім, қыздарский болса да. Жүргеновке түскенде плюс болып та қалар.

Мақсат. Жарайсың, Еркебұлан. Әкеңе барлығын артынан өзім түсіндіріп беремін. Ол риза болады деп ойлаймын.

Еркебұлан. Көрерміз онысын.

 

Арманның қолындағы телефонға тағы хат келеді.

 

Арман. Жіберді мекен-жайды. Онша алыс жер емес. Жалға берілетін коттедж дейді. Әлгі шірік сол жерді жалдап, Томиристі апарып жүрген көрінеді. Жасы отыз екіде екен оның.

Еркебұлан. Кеттік онда. Көтін айырайық.

 

Үшеуі еш күмәнсіз, толыққанды сенімді қалыпта шығып кетеді. Алтыншы сахна аяқталады.

 

 

Жетінші сахна

 

Түн ортасы. Бір коттедждің ауласы. Еркебұлан, Мақсат, Арман үшеуі шығады. Арман телефонға қарап қалған, бірдеңені мұқият оқып тұр.

 

Еркебұлан. Әні тұр машинасы.

Мақсат. Коттедждің жарықтары да жанып тұр. Демек осы жерде.

Еркебұлан. Қандай жоспар бізде? Есікті тоқылдатып «Машина сынып қалды, телефонда зарядка жоқ, сіз арқылы звондап алайықшы» деп айтамыз ба? Әлді басқаша әрекет істейміз бе?

Мақсат. Адасып жүрген адам болған дұрыс қой, телефоны өшіп қалған. Біреуіміз оны солай шығарып алсақ, кейін қолын қайырып алған жеңіл болады.

Еркебұлан. Досым, сен менің телефонымнан не оқып жатырсың?

Арман. Жансаяның жазған хаттарын. Қыз біршама есалаң болса да, зерттеушілік қабілеті зор екен. Темір туралы кәдімгідей ақпарат тапқан ғой. Әбден сұрастырған сияқты. 

Еркебұлан. Бәрібір де бір қорлады ғой ол мені. Не жазыпты соншалықты?

Арман. Бізге тұра беруге болмайды, әрекет ету керек. Мына ақпаратқа сүйенсек, Темір деген — психикасы нашар адам. Іс-әрекетін болжау мүмкін емес.

Еркебұлан. Өзім тоқылдатып жынды қылайын онда. Сіздер шабуылға дайын тұрыңыздар.

Арман. Сен әңгімемен арбап тұрғанда біреуіміз басқа есіктен кіріп Томиристі ертіп шықсақ қайтеді?

Мақсат. Басқа есіктер жабық тұрса ше?

Арман. Ол жағын ойламаппын.

Еркебұлан. Сіздерге есікке жақын, бірақ көрінбей тұру керек. Дайынсыздар ба?

 

Ауланың жарығы жанып, үшеуіне жарық түседі. Екінші қабаттағы терезеден Томиристің дауысы естіледі, бірақ ол өзі де, жігіті де ортаға шықпайды.

 

Томирис. Менде бәрі де жақсы, Мақсат мырза! Алаңсыз кете беріңіздерші!

Мақсат. Бәрі дұрыс па, Томирис? Ешқандай жарақатың жоқ па?

Томирис. Аман-саумын, шын айтам! Қайтыңыздаршы, өтінем!

Еркебұлан. Жігітің қайда, Томирис? Шақырсашы әңгімеге? О, дәл өзі де көрінді! Қайырлы кеш, Темір мырза! Жасырмай айтайын, шын өмірде сіз одан бетер урод екенсіз!

Томирис. Еркебұлан!..

Арман. Жынына тимей тұрсаңшы! Томириске бірдеңе істеп жүрсе! 

Еркебұлан. Сізді түсіну қиындау боп тұр маған, Темір мырза! Керемет машинаңыз бар, мынадай зәулім коттеджді жалдауға ақшаңыз да бар, демек қаражаттан қысылмайсыз, жап-жақсы жұмыс істейсіз, бәлкім табысты бизнесіңіз де бар шығар? Түріңізге қарасам, бойыңыз да ұзын, денеңіз де шымыр, спортпен доссыз ғой деймін! Бірақ қалайша мына бір қалтасында көк тиыны жоқ, бар нәрсесін мамасы алып берген, тындырған тірлігі кәдімгідей аз, ынжық баланы өзіңізге конкурент көріп жүрсіз? Қалайша мына сұлу Томирис осындай бейшараны таңдайды деп қорқа бересіз? Он сегіздегі баланың жанында өзіңізді титтей сезіндіңіз бе?

Томирис. Оның пистолеті бар, қашыңдар!

 

Екінші қабаттан үшеуіне бағытталып оқ атылады, бірақ жерге тиеді. Мақсат пен Еркебұлан бір ағаштың арғы жағынады, Арман машинаның арғы жағына тығылады. Оларға қарай бағытталған тағы оқ атылады.

 

Томирис. Жаным, қойшы, есіңді жиші! Өлтіресің ғой оларды! (Қыздың қатты шапалақ жеп құлап түскені және жылай бастағаны естіледі.)

Мақсат. Дәл сондай әңгіме айтпай-ақ қойсаң болмайтын ба еді?

Еркебұлан. Қайдан біліппін пистолеті бар екенін?! Раз на раз шығуға ұсыныс тастап, далаға шығарып алам деп ойлағам!

Мақсат. Осы сәтке дейін басың күшті істеді ғой, немене аяқ асты аңқау боп қалдың?!

Арман. Жабыңдаршы ауыздарыңды! (Екі қабатқа қарайды.) Ей, Темір! Естіп тұрсың ба мені?! Өткен жолы ұрып тастап едің мені, есіңде ме?! Ренжіме, пышақпан менң тілмекші болған адамға «сіз» деп сөйлей алмай тұрмын! Мен бір нәрсе айтқым кеп тұр саған! Мұқият тыңдап ал! Мен қазір шығамын, тек тыңда мені! Сосын атып өлтіресің бе, өзің білесің?!

Мақсат. Арман, жап аузыңды!

 

Арман қолын көтеріп, жарыққа қарай ақырын шығады. Мақсат та шығып, оны алып кетпекші болады, бірақ Еркебұлан мүмкіндік бермейді. Тапанша атылмайды.

 

Арман. Мен сен туралы біраз мәлімет білемін, Темір. Телефоныма бүткіл өмірбаяның жіберілді. Жүз пайыз толық емес шығар, бірақ сенің қандай адам екеніңді түсінуге болады. Темір, біз екеуміз кәдімгідей ұқсас екенбіз. Жалғыз басты ананың тәрбиесінде өскенсің. Кішкентайыңнан мамаң сені тым қатты жақсы көріп өсірген екен. Өз бетіңше қателік жіберуге, сол қателіктен үйренуге, проблема шешуге мүмкіндік бермеген екен. Үнемі жағдайыңды жасап беріп отырған екен. Бала күніңнен бері тіл алудың қажеттігін, сабақ оқудың маңызын басыңа әбден сіңірген адамсың, солай емес пе? Сол себепті универде тек қана білім алуға көңіл бөлдің! Ешкіммен араласпадың да, сөйлеспедің де, қыдырмадың да! Достарың да болған жоқ! Үстаздар ғана сені жақсы көрді! Бірақ бітіргеннен кейін не істеріңді білмей абдырап қалдың, солай ғой? Көмек сұрайын десең, ешбір досың жоқ! Жұмысқа тұрайын десең, сұхбат кезінде дұрыстап сөйлесе де алмайсың! Елдің бәрі таныстарымен кіріп алған, ал сен ешкімді білмейсің! Мамаңнан бастап барлық жақындарың үйлен дейді, әке бол дейді, адам бол дейді, ал сен өмірден не қалайтыныңды ұқпай жүрсің! Ешкім де саған түсіндірмейді! Сөйтіп, әйтеуір дегенде бір жұмысқа тұрасың! Бәлкім, өзің тапқан шығарсың, бәлкім, мамаң кіргізген шығар, маңызды емес, әйтеуір жұмыс таптың! Істей бастасың, ақша жасадың, өз-өзіңе шектеу қойып, қаражатыңды күшейтуге, көлік алуға, үй алуға, әйтеуір бір мақсаттарға жетуге зейін салдың! Солай-солай отыздан астың, аяғыңа нық тұра бастадың, енді әйел алғың келді! Отбасы құрғың келді! Құрдастарыңның барлығында әйелдері бар, екі-үш баладан бар, ал сенде оның бірі де жоқ! Қызбен сөйлесіп те көрмегенсің, қол ұстасып та көрмегенсің, махаббат тақырыбына келгенде сән әлі де іштей жас баласың, солай емес пе? Диссонанс қой, иә? Отыздан асқан еркек болсаң да жан-дүниең әлі де жас, өзіңді мүлде ересектей сезінбейсің! Отыздағы әйелдерге қарай да алмайсың, олардың барлығы сенің көзіңде тәтелер, апайлар, әдемі дымдары да жоқ! Өтірік пе айтқандарым? Сөйтіп бір күні Томиристі жолықтырасың! Әдемі, сұлу, ашық жарқын, ақылды, керемет қыз! Иә, сен отыздасың, ол он алтыда, бірақ жүрегіңе әмір жүрмейді! Иә, өзгелер сені педофил деп ойлайды, бірақ сен педофил емессің ғой! Сен бар болғаны ерте есейіп кеткен он алтыда болса да, менталды түрде өзіңмен құрдас қызға ғашықсың! Мектепті бітірген сәтінде-ақ үйленіп алуды жоспарлап қойдың! Бірақ жүрегіңнің түбінде күдіктене бересің, солай емес пе? Томирис саған өз махаббаты туралы қанша айтса да, дәлелдесе де, бәрін істесе де, сене алмайсың! Ақыры қайдағы бір бейшара оған өлең арнайды! Өлең Томириске қатты ұнайды! Сенің соған қаның қайнатады, солай ма? Мен сені түсінем, Темір! Сенің бар қалауың — ел қатарлы адам болу! Жападан жалғыз қалғың келмейді! Томиристі жақсы көресің, отбасы құрғың келеді, адал күйеу болғың келеді! Бірақ, Темір, бір сәтке қарашы жаныңда жатқан қызға! Саған махаббатпен қарап тұр ма, әлде зәрезі ұшып қорқып тұр ма? Өтініш, Темір, құбыжыққа айналмай-ақ қойшы! Бұдан Томирис бақытты болмайды ғой! Сен де бақытты болмайсың! Өтініш, ойланшы! Жіберші қызды! Бәлкім сонда шанс болар? Бәрі де жақсы болар бәлкім?

 

Тыныштық орнайды. Бір мезетте оқ атылып, тура Арманның кеудесіне тиеді. Томирис шыңғырады. Мақсат та інісінің атын айтып айқайлайды. Арман ішін ұстаған қалпы құлап түседі. Сахнадағы барлық жарық сөнеді. Жетінші сахна аяқталады.

 

 

Сегізінші сахна

 

Күндізгі уақыт. Астана қаласындағы кофехана. Жетінші сахнадан кейін арада бір жылдай уақыт өткен. Ортаға Еркебұлан шығып, көрермендерге қарайды.

 

Еркебұлан. Кешіріңіздер, құрметті жиналған қауым! Сіздерге өзекті тақырыпты көтерген қызықты да тұңғиық оқиғаны баяндап бердік деп ойлаймын! Осымен аяқталды, қайта берсеңіздер болады!

Бірінші көрермен. Қайтқаны несі?! Финал қайда?! Не болды Арманға оқ тигеннен кейін?!

Екінші көрермен. Өзің қайда шығып кеттің?! Қызықтырып, еліктіріп, уайымдадып тұрып айтып тұр едің ғой, қайда кете қалдың?!

Еркебұлан. Менің әкем хабарласып қалды. Ол кісінің звоногын игнорға жіберуге болмайды. Ол — өте ауыр күнә. Ал оқиғаның қалай бітерін білгілеріңіз келсе, онда ертең кешкі сегізде келіңіздер, міндетті түрде айтып беремін!

Бірінші көрермен. Е, болмайды ғой олай! Қай атаңнан көрдің сюжетті қызық жерінен бітіре салатын?!

Еркебұлан. Кинодан көрдім, кинодан! «Клиффхенгер» деген терминді білесіздер ме? Көркем шығармаларда, фильмдерде, сериалдарда, комикстерде сюжетті ең қызық жерінен бітіреді де жалғасын кейінге қалдырады! «Гуглдан» қараңыздар, немесе «Чат ДжиПиТи» дегеннен сұраңыздар!

Екінші көрермен. Ал келмей қойсақ ше ертең?!

Еркебұлан. Онда Арманға не болғанын ешқашан да білмей өтесіздер. Шешім өздеріңізде, құрметті көрермендер! Бүгіндікке мен болдым.

 

Оншақты көрермен қойылым залынан шығып кетеді. Еркебұланның жанына Мақсат мен Аружан шығады.

 

Мақсат. Кофехана клиенттері өзіңнің арқаңда көбейіп жатыр, Еркебұлан, бірақ мынауың тым қатал тәсіл емес пе? Бірталайы ренжіп кетті ғой саған.

Еркебұлан. Жарты бөлігі келеді ғой. «Не болыпты ақыры?» деген сұрақ оларға тыныштық береді деп ойлайсыз ма? Келетін адамдар достарын ба, әріптестерін бе, әйтеуір тағы адамдарды ерте келеді.

Аружан. Мен бұл оқиғада бір нәрсені түсіне алмадым, шынымды айтайын. Жақында ғана күйеуім атанған мына сүйкімді арыстанымның айтуынша, ол сені итеріп жіберіп, інісіне жүгіріп барған. Оқ тиген жарасын басып, жедел жерден келгенше ояу қылыпта ұстаған. Бірақ Тамыр ма еді, Темір ме еді, Мақсатты неге атпады?

Мақсат. Ей, мамамның келені! Маған оқ атылмағанына көңілің толмағандай интонация қайдан шықты?

Аружан. Енді өзің дұрыстап айтпайсың ғой сол сәттерді!

Мақсат. Інім қолымда өлейін деп жатты, еске алғым келмейді!

 

Кенет Арманның даусы естіледі. Өзі де ортаға шығады.

 

Арман. Бұл ақпаратты мен бере аламын. Қалайсыңздар?

Еркебұлан. Еее, досым-абрикосым! (Арманмен құшақтасып амандасады.) ҰБТ-ға дайындық не боп жатыр? Біздің заманымызда біршама қиын боп еді, сендерде қалай болады екен?

Арман. Екі ай бойы комада жатқанымды олай бетіме баспай-ақ қойшы, досым. Бір сыныпқа қалып қойғаным өзіме де ұнаймайды.

Аружан. Қалайсың, еркебала? Жақсысың ба?

Арман. Сәлем, жеңгетай! Өзіңе құрдас қызға «жеңге» деген біртүрлі екен, негізі.

Мақсат. Мұнда не істеп жүрсің, Арман? Еш хабарсыз келіп алатын әдет тауыпсың ғой!

Аружан. Жан, ініңді көргеніңе деген қуанышың осы ма? Күліп, құшақтасып, қал-жағдай сұрасуға болады ғой!

Еркебұлан. Ой, бұларда ондай нежность деген жоқ! По душам сөйлесер алдында конкретно бір төбелесіп алу бар, мойындау керек.

Арман. Мойындау демекші, сен өзіңнің салған суреттеріңді көрсеттің бе ел-жұртқа? Маған бір жіберіп едің ғой! Міне, жеңгетай, қара! (Телефонын ашып көрсете бастайды.) Комикс жанрында салған ғой. Маған оқ тигеннен кейінгі коттеджде болған жағдайды сипаттаған. Керемет салынған, менің ойымша! Міне, мынау — Томирис, ал мынау — Темір. Қарашы, Томирисдің эмоциясын! Зәресі ұшып қорқып тұр мына жерде. Сосын маған оқ тигеннен кейін қорқынышы жоғалады. Мына жерде батылдығы артып, тумбочкадағы ручканы алып Темірдің аяғына тығады!

Аружан. Еркебұлан, сен мынаны таза боевик қылып салыпсың ғой!

Еркебұлан. Бос уақыт болғанда сурет салатын әуестігім бар енді…

Мақсат. Тура осылай бола қойған жоқ-ау. Бұл тек сенің қиялың ғой.

Еркебұлан. Енді примерно қалай болғанын түсінуге мүмкіндік береді емес пе бұл? Сізге оқ тимеуі, Томиристің үйден қан-қан болып шығуы, сосын жедел жәрдемнің Арманды ғана емес, Темірді алып кетуіне осы иллюстрация ғой. (Қолындағы сағатына қарайды.) Мақұл, кетейін мен! Жатақханада онға дейін кіріп үлгермесем, комендант Нұрай тәтенің ұсқынсыз тоқымаларын мақтау керек болады! Желание жоқ ондайға!

Арман. Өмір бойы Жүргеновке түсем деп Шабытқа тапсырғаныңа әлі таңғалам, шынымды айтайын.

Еркебұлан. Енді Алматы үйім ғой. Үйде қалсам ересекке айналуым қиынырақ болар еді. Жақсы онда, көрісерміз!

 

Еркебұлан кетіп қалады.

 

Аружан. Мен саған шәй әкелейін, еркебала! Бірдеңе жейсің бе?

Арман. Медовик қой, жеңгетай.

Аружан. Наконец-то! (Мақсаттың қатаң түріне қарап.) Қазір келем мен!

 

Аружан шығып кетеді. Арман мен Мақсат бір-біріне қарап тұрады.

 

Арман. Өзіңмен бір сөйлесу үшін келдім мен. Комадан тұрғалы даусыңды ғана естідім ғой телефоннан. Тойыңа да келуге мүмкіндік болмады. Кешір сол үшін. Бірақ сендер демде  жасап жіберіпсіңдер.

Мақсат. Өліммен әбден күрестің ғой сен. Өмірдің маңызы туралы кәдімгідей ойландық содан кейін. Артық уақыт құртуға менде құлшыныс болмады. Кел, отырайық!

Арман. Мамамен сөйлестім мен. Маған оқ тигеннен кейін әбден қырылыпсыңдар. Біраз нәрсе айтылыпты ғой. Әсіресе әкеміздің марқұм болғаны туралы.

Мақсат. Иә, соған қатысты біраз айқай-реніш айтылды. Бірақ татуластық, түсіністік.. Не ғой, Арман, сен де мені кешірші. Әкеміздің өлімі туралы саған айтуып керек еді.

Арман. Иә, айтуың керек еді. Бірақ болар іс болды ғой. Мамам да біліпті ғой ол туралы. Бірақ ешкімге айтпапты.

Мақсат. Иә, комада жатқаныңда ол да белгілі болды. Неге ғана тиісті кезінде сөйлеспегенбіз, өзім де білмеймін. Құрдан құр өкпелеп жүре бердік.

Арман. Әкем хат қалдырыпты. Мамаға берген екен. Мамамыз әкемізді қанша жерден жек көрсе де, хатты құртпапты. Маған берді. (Қалтасынан конверт шығарады.) Ашқан жоқпын хатты. Не жазғанын да білмеймін.

Мақсат. Көрмедің бе оқып?

Арман. Оқығым келмейді. Бірақ құртуға да батпай жүрмін. Ашып оқуым керек сияқты, бірақ ақыл-ес қалағанды көңіл қаламайды. Сенде бола берсінші. Бір күні дайын болсам, өзіңнен алып оқырмын.

Мақсат. Жақсы, менде-ақ болсын. (Інісі ұсынған конвертті алады.) Маманың қалы қалай?

Арман. Бәрі де дұрыс. Жақында біз болашақ туралы сөйлестік. Түркияға оқуға кетем дегеніме разы болмады, бірақ қабылдады. Мен кеткеннен кейін жеке-меншік театр ашуға көңіл бөлетінін айтты. Бұрыннан бергі арманы сол екен. Ал мен ақымақ мамамның ешқандайда арманы жоқ, мені өз өмірінің мәні қылып алған деп құрдан құр ойлап жүр екенмін. Баяғыда сөйлескен болсақ, шетелде оқимын деген арманым үішн ұяла бермес едім. Неге ғана сұрамағанмын о баста?

Мақсат. Қорқыныш қой. (Кідіреді.) Томирис туралы не естуің бар? Қал-жағдайы қалай екен?

Арман. Білмеймін. Есімді жиғаннан кейін бір рет келіп кеткен ол. Біраз сөйлестік. Түсіністік. Содан бері мүлде байланыс жоқ. Қайда жүр, аман ба, жаны тыныштық тапты ма, дамып өрлеп жатыр ма, білмеймін. Жағдайы жақсы шығар деп үміттенемін. Ол ең жақсыға лайықты ғой. Мен қызды құтқарып, «герой» болғым келді. Істеген ісімді жуып-шайғым келді солай. Бірақ ол өзін-өзі құтқарды.

Мақсат. Абьюзерге қарсы тұруға батылдық тапты ғой сенің арқаңда. Ол да маңызды деп ойлаймын. Томиристің сені кешіргені де дұрыс болыпты, қуаныштымын.

Арман. Кешірген жоқ ол мені. Сұрадым одан кешірімді. Бірақ қуанарлық жауап болмады. Ешқашан кешірмеймін деді. Бірақ жек көрмейтінін де айтты. Дұрыс адам болуыма тілек білдірді. Соның өзіне рахмет. Шынымды айтайын, мен жүрегімнің бір бөлігімен оның кешірімін қалаймын. Лайықты емеспін. Кешірілмеуім керек сияқты. Білмеймін. Әлі де ойлаймын Томиристі. Жолығып қалсақ, араласып кетсек, жұп бола алсақ деп. Бірақ оным дұрыс емес қой.

Мақсат. Қорықпа. Түркияңа кеткеннен кейін жаңа өмір басталады. Томиристі де ақырындап ұмытасың. Қыздың «жоқ» дегені ақырзаман емес қой. Өмір әрман қарай жалғасады. Бәлкімғ сен түріктің қызымен махаббат құрып, мамамызды есінен талдырарсың!

Арман. «Қазақтан келін табылмады ма сонда?!»

 

Арман мен Мақсат бір күліп алады.

 

Мақсат. Арман. Сол күні Темірге айтқандарың бар ғой. Маған да айтқандарың…

Арман. Білем айтқандарымды. Жұмыс істеп жатырмын ол бойынша өз-өзіммен. Қолымнан келіп жатыр. Бәрі де жақсы болады менде.

Мақсат. Бірақ сонда да айтқым келгені — сен Темір емессің. Біз ұқсаспыз деп айттың ғой оған. Сен ондай емессің, Арман.

Арман. Рахмет осы сөздеріңе. Бірақ агрессиямды ұстай алмай, мен де ұрдым ғой Томиристі. Ұқсастықты жоқ деуге келмейді бұл жерде. Ол мені қызғаныштан ұрып-соқты, бірақ атуының себебі қорқыныш емес пе? Оның жүрегіне үңіліп, шындыққа мен ғана көрдім. Ол содан қорқып кетті.

Мақсат. Сен өз ісіңе өкініп, жақсы адам болам деп жүрсің. Ал ол болса қазір түрмеде жатыр. Әлі де басқаларды айыптайды.

Арман. Менде сен барсың ғой, Макс. Еркебұлан бар. Мамам бар. Жеңгетайым да қосылды жақын адамдар қатарына. Сендердің арқаларыңда дұрыс жүруге шамам жетіп жүр. Ал Темір  болса, оның қасында анасынан басқа ешкім жоқ. Кейде аяп та кетемін. Кейде жек көремін. Өзім де білмеймін. 

Мақсат. Ол туралы ойлай берме. Өз өміріңе зейін сал оданда.

 

Арманның көзіне жанбай тұрған лампа түседі.

 

Арман. Мынаған не болған?

 

Арман лампаны бұрай қалған кезінде ол жанып кетеді. Мақсат таңдана қалады.

 

Мақсат. Сенің келуің керек болған екен ғой!

Арман. Түсіндебім.

Мақсат. Жәй, маңызды емес.

 

Аружан поднос көтеріп шығады.

 

Аружан. Шәй, медовик, чизкейк және круассан. (Мақсатқа қарайды) Барлығының құнын өзің төлейсің!

Мақсат. Ей, кофехана сенікі ғой, жынды қыз!

Арман. Жеңгетай, айтшы, мына жердің иесі екеніңді ағамнан қанша уақыт жасырып келдің?

Аружан. Ой, оданда алғаш рет естіген сәтіндегі реакциясы туралы айтайын!

 

Үшеуі отырады да әңгімелерін жалғастырады. Жағымды музыка ойнап, олардың әңгімелері естілмей кетеді. Шымылдық ақырындап жабылады. Сегізінші сахна аяқталады.

 

Соңы

Дамир Амантай

Дамир Амантай — Алматы қаласында дүниеге келген жас драматург. Бала кезінен әдебиетке құштар болып, жазушы болуды арман еткен. Осы арманын жүзеге асыру мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алып, қазіргі таңда театр саласында қызмет етеді.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon