Дактиль
Ақжан Аманжол
Қатысушылар:
Қыз
Жігіт
Қабырғаларындағы түсқағаздары тозыңқыраған ескі пәтер. Шам жыпылықтап тұр. Ақ киімді қыз беті шытынаған үлкен айнаға үнсіз қарап тұр. Үстел үсті шашылған. Қара киімді жігіт жақындап келіп, үстел үстіне ноутбукты қояды.
Жігіт (наразылықпен). Үстелді әлі жинамапсың ғой. Мен мұнда қалай жұмыс істеймін?
Қыз (жігітке қарамаған күйі). Осы айнаға қараған сайын өзіме күмәндана түсемін. Қарашы. Мен емес сияқтымын. Жоқ, айна сынғалы бері осылай.
Жігіт (күбірлеп). Қараңғыда өз қорқынышыңнан басқа бірдеңені көру қиын.
Қыз (жігітке қарап). Анау шамды қашан жөндейсің? Айнаның түрі мынау.
Жігіт. Осы үйде бір сау дүние бар ма өзі? (Басын көтеріп, жыпылықтаған шамға қарайды.)
Жігіт ноутбугын алып, жатын бөлмеге кетеді.
Қыз үстел басында альбомдағы суреттерді ақтарып отыр. Жігіт жатын бөлмеден шығып, қыздың жанындағы орындыққа отырады.
Қыз (альбомнан басын алмай). Суреттерде біз әрдайым басқа сияқтымыз. Мен бұрын бақыттырақ болғандаймын. Айна сынып қалмай тұрып.
Жігіт. Неге оны әлі күнге дейін ойлайсың? Ол баяғыда болған нәрсе ғой.
Қыз. Біздің үйдегі суреттер, жазулар, бояулар — бәрі де уақытқа сіңіп қалған. Уақытқа сіңіп қалған естеліктер әлдеқашан бізден бөлек өмір сүре бастаған. Біз сәттерге сіңіп кеткенбіз.
Жігіт. Иә, бірақ естеліктер — өткен шақтың айнасы ғой. Тек сол сәттермен ғана өмір сүре алмассың.
Қыз. Мәселе айнада емес қой. Кейде терезе де — айна, адам да — айна. Ал мына шам... (саусағымен жоғарыға нұсқап) жөнделмей-ақ қойды. Тура біз сияқты.
Жігіт (күліп). Күрделендірмеші. Бұл жай ғана шам.
Қыз. Сен үшін солай шығар. Сосын айна сынғалы бері мен өзімді өз қалпымда көре алмайтын болдым. Сен де мені шынайы қалпымда көрмейтін секілдісің.
Жігіт. Олай емес. Мәселенің барлығын трагедия қыла бермейікші бұлай. Сені өте жақсы сезінемін. Кейбір елеусіз нәрселердің саған ауыр тиетінін де білемін. Бірақ бәрін сыртқа шығара бермеймін көп.
Қыз. Ұстамдылығыңды ұнатқанымды ұмытып кете беремін.
Жігіт. Қазір ұнатпайсың ба?
Қыз. Қорқыныш бар жерде сезімім қалай суымасын?
Жігіт. Неден қорқасың?
Қыз. Саған бірдеңе айту-айтпау немесе қалай жеткізу деген сұрақтардың айналасында шырмалып қалдым. Ол жақындық емес. Ол қорқыныш. Себебі не айтсам да, сенің сөзің «сүймейсің»-ге кеп тіреледі.
Жігіт. Мойындаймын. Сезімді қалыпқа сыйдырып жіберетін шығармын. Сенен де соны іштей талап етемін.
Қыз. Мен образ емеспін бе осы ойыңдағы?
Жігіт. Сен сондай тазасың менің ойымда. Өмірді сүюге, көркемдікті сезінуге, түсінуге келгенде... Адамды баурап тұрасың жан-дүниеңмен. Бірақ біржақты көп кетіп қаласың.
Қыз. Қалай?
Жігіт. Өзіңді бақытсыз сезінуге құмарсың. Өзіңді ылғи сүреңсіз ойлардан, зиянды заттардан, ауыр қарым-қатынастардан іздейсің. Сенің жаратылысың оған лайық емес мен үшін.
Қыз. Сен мені сүйесің, жаным. Бірақ түсінгің келмейді.
Жігіт. Енді түсінеді екенмін деп сені жұбата берсем, одан сайын батырамын ғой.
Қыз. Бәрі бекер сияқты. Біз бір иллюзияда өмір сүріп жатқандаймыз.
Жігіт. Мүмкін біздің шындығымыз осы шығар. Бірақ біз кем дегенде бір қадам жасай аламыз ғой.
Қыз (күрсініп). Иә, бір қадам. Олай болса, шамды жөндеші.
Жігіт (орнынан тұрып). Жоқ. Біз нені түзетуге тырыссақ та, шындықты жасыра алмаймыз. (Айнаға жақындап.) Айна соны үнемі есімізге салады.
Қыз (орнынан тұрып). Сен не істегелі жатырсың?
Жігіт. Барлығын түзету мүмкін емес. Сынған нәрсені лақтыруды үйрену керек.
Қыз. Содан бірдеңе өзгереді деп ойлаймысың?
Жігіт (айнаны ұстап). Өзгермесе, көрерміз. Маған бір рет болсын сенші.
Жігіт айнаны көтеріп, алып кетеді.
Шам өшіп қалады.
Қыз бен жігіт қараңғыда үнсіз отыр.
Жігіт. Сен осы... (сәл кідіріп) кімсің?
Қыз. Айнаға көп қараймын.
Жігіт. Неге бұлай істейсің?
Қыз. Маңызымды жоғалтқым келмейтіндіктен шығар.
Жігіт. Дәл қазіргі күйің қорқытады. Я мен өзімді жек көріп кетем, я сен мені.
Қыз. Сенің мені жек көріп кетуің деген нұсқа қайда?
Жігіт. Сен ондай мүмкіндік қалдырмадың. Басынан бастап...
Қыз. Солай ойлайсың ба?
Жігіт. Дәлелдеуге тырыспа.
Қыз. Екеуіміз ажырамас болып кеткенбіз. Құдды бір дерт секілді.
Жігіт. Мына түнек бізді жұтып жатқан сияқты.
Қыз орнынан тұрып, бұрын айна ілулі тұрған қабырғаға жақындайды.
Қыз. Бұрын айна тұрған қабырғаға қарасам, әлі де өзімді көретін секілденем... Бұл әдет айнаға шын мәнінде не болғанын жиі ұмыттыратынын байқадым. Оның сансыз көп сынықтарға ыдырағанына немесе жай ғана орны ауысқанына байланыссыз, өзім жоқ жерден өткеннің бөлшектерін іздейтінім де содан шығар...
Ақжан Аманжол — 2001 жылы 31-наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Псевдоним – Ай қызы. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Кинотеледраматургия мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда осы оқу орнында өнертану магистранты. «Қолтаңба» поэтикалық бірлестігінің жетекшісі. 2018 жылдан бері шығармашылық кездесулер мен поэзиялық кештер өткізіп жүр. Burshaq шығармашылық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ұлан» газеті, «Мәдениет» журналы секілді республикалық басылымдарда, «Массагет», «Qalamger», «Әдебиет порталы», т.б. интернет-порталдарында жарияланған. 2019 ж. тамыз-қараша аралығында Қазақстан Жазушылар одағында, Азия жазушыларының форумы аясында сайт редакторы болып қызмет атқарды.