Валерия Крутова

136

Тосап актісі

Әңгіме

 

Орыс тілінен тәржімалаған Темірлан Қылышбек

 

— Не бүлдіріп жатырсың? Не қайнатып? Тосап па? Сенің тосабыңның шегі мен шеті жоқ. Оның бәрін кім жейді?

Меніңше, анам осының барлығын қою-қызыл көбігіне сүйсіне қарау үшін әзірлейтін секілді. Егер шәрбәттің бетінде қалқып жүрген шие болмағанда, қайнап жатқан қан деп те ойлап қалуға болар еді. Қызық, қанды қайнатса көбіктене ме екен?!

Тосап бұрын болатын. Шырындар да. Кейіннен анам құты-құты тосап жабуды кілт тоқтатты.

Бұл жайтқа себеп болған бір оқиғаны айтсам ештеңе етпейтін шығар?! Ештеңе?! Ештеңе, өйткені мен ол кезде айта алмадым ғой… Тілім кеш шықты. Шамасы төрт жасымда. Ал бұл жағдай менің үш жасар кезімде болған.  

Бұл… ынтықтыру секілді. Ал шын мәнінде мен өзімнің сол қылығымды қалай түсіндірерімді білмей отырмын…

Ол кезде менің жасым үште еді. Анамның да бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шыққанына үш жыл. Сол күні мені әкемнің жанында қалдырып, өзі базарға кетті. Еркін демалып, кең тыныстау үшін… Онымен қоса қызанақ, қияр және бір жақтарға билет алуға… Қай жаққа болса да маңызды емес, әйтеуір бізден бірер күн болса да демалу үшін…

Көкөністерді алды, бірақ билет болмапты, сол үшін де үйге кіре сала терең күрсінді. Күрсіністің астарында өмірдің барлық келеңсіз сәттерінде өзі жиі қолданантын үш әріптен тұратын сөз тұрғаны түсінікті еді: «я», «л», «б».

Үш жасар мен — әрқайсының қақпағына шеге қағылған шабдалы шәрбәтті құтылардың ортасында отырмын. Балғаны қайдан алдым?! Құтыларды қалай сындырдым?! Әкем неге тоқтатпаған?! Әкем ол кезде ұйықтап жатқан.

Қазір сол оқиғаны күлкісіз еске алу мүмкін емес. Міне, жиырма бес жасымда қайнап жатқан тосапты есіме алып, менің де тосап әзірлегім келді. Өзімнің… Өзімнің тосабымды.

Жол бойынан бір келі шие алдым да анама хабарластым. Ол лезде жетті. Бір жағынан көмекке, енді бір жағынан мені жын соқпағанына көз жеткізу үшін. Түсінемін, жиырма бес жастағы адамдарға көп нәрсе керек, тек тосап емес. Мүмкін тұрмысқа шығу керек немесе түнгі клуб. Болмаса бөлім меңгерушісі болу керек, әлде бала ма?! Акт. Жасау, жарату актісі.

Бірақ мені «тосап актісі» қызықтырды. Әдемі атау, жұмсақ әлі жайлы. 

— Шиең аз, — деді анам.

— Тағы аламын. Қарашы, тегешім қандай?! — арғы бөлмеден үлкен жез тегешімді алып келдім.

Мен оны өткен күндері жайма базардан сатып алғанмын. Сол үшін таңғы бесте тұруыма тура келді, өйткені жайма базарлар біздің қалада таңғы алтыға дейін істейді. Бір түсіне алмайтыным, таңғы уақытта ескі заттар ерекше көріне ме, әлде айрықша иіс шығара ма?! Әлде күн шыққанда — жаңарып, кеш бата — көнелене түсе ме?! Түсініксіз… Алайда, тегешім керемет еді. Өмір көрген, тәжірбиелі егде адамдай. Әр кезеңдегі, әртүрлі тосаптардың тағдырын білетіндей…

— Тегешің тамаша! — таңданысын жасыра алмады.

Үй маңындағы көкөніс дүкеніне барып, тағы шие алдым. Алты келі шие. Әкелген шиелерімді анам екеуміз жуып, жапырағы мен сабағынан тазаладық. Басында шиелерді ұрығынан да тазаламақ болғанмын, алайда анам сүйегімен дәмі боларын ескертекен соң ол ойымнан лезде айныдым. Десе де анам менің үйімде көп жұмыс жасағысы келмегендіктен айтқан секілді. Алайда менің шие шырынына саусақтырымды малып қойып, тосап жасау актісінің барлық кезеңдерінен ләззат алғым келді. Оның үстіне өткенде таңғы жайма базардан көне Кеңестік «у сарымсақ үккіш» алғаным бар. Қызық… Неге оған осы уақытқа дейін дұрыс ат қоймаған екен?! Сол у сарымсақ үккіштің астыңғы сабының ұшында дөңгелек келген ойыс бар, ал жоғарғы сабының ұшында сол ойысқа кіретін шодыр беті.  Бұл меніңше шие сүйегін алуға арналған құрал.  Бірақ күшім көпке жетпеді. Бар болғаны үш келіге. Анам терезеден шылым шегіп тұрып менің бұл қылығыма күлді де қойды.

Жез тегешімді газ плитасына қойдым да, жалын шарпыған ақшыл көк тегешімнің түбіне махаббатпен қарап ұзақ тұрдым. Сосын үстінен жеті келі қант сеуіп, үстінен су құйдым.

— Енді болды, — анам күлді.

— Не болды? — Мен ештеңе түсінбедім.

— Жұмысың енді басталады… қайнатып, араластырып, банкаларға жаппайынша…

— Тыңдашы, мен тек бір-екі банка жауып, тоңазытқышқа салып қойғым келген.

— Мынауың одан бірнеше есе көп шығады, — деген анам ескі жез тегештей жайнап тұр. Ал мен тосап секілді қайнап барамын.

— Тоқташы, сен алған шием аз болады, тағы ал деп едің ғой?!

— Мен қысқа әзірлейтін боларсың деп ойладым, — анам шыдай алмай тағы да күліп жіберді.

— Бірақ сен маған көмектесесің ғой?

— Әрине, ары қарай қалай істеу керегін айтып тұрамын, — терезден басын шығарып кезекті рет шылымын  сораптады.

— Гүлдерге емес, шоғын күлсалғышқа таста, — бұртия қалдым.

Қант еріген кезде үстінен шиені салып, көбіктенгенінін күту барысында ойға батып кетіппін.

— Тез өшір, — ойға шомған мені селт еткізген анамның осы сөзі.

Бұның барлығы тосап жасау процессі. Көбігі жиегіне жете бере отты сөндірдім де, cуығаннан кейін қайта қайнаттым. Араға алты сағат салып. Сосын түннің біраз уақытына дейін жез тегешімнің жанынан өткен сайын араластырып жүрдім.

Таңда анам келді. Екеуміз тосапты тағы біраз қайнаттық. Құятын құтыларымыздың көлеміне байлаынста қайнау барысында бір ұрсысып алдық та. Анам екі литрлік құтыларға жапқысы келген, ал менікі  литрлік, өйткені әжемнен көргенім сол еді…

— Онда өзің жап, — анам ренжіп қалды.

Өзім де солай істегім келген. Тосап актісінің әр сәтінен ләззат алғым келген. Оның үстіне анамның құты жаппағанына қанша уақыт…

Бұл істе тәжірибесіз болсам да, тез бітірдім. Құтыларды сындырмадым, еш жерімді күйдірмедім, тегешімді қолымнан түсіріп ала жаздасам да, төкпедім… Тіпті былай болғанына анамның өзі таң қалды.

Ыстық алты құтыны әкемнің көне тонына орадым да, жетіншісін тоңазытқышқа салдым. Тосап актісі.  Тосап актісі осымен бітті … Жоқ, тегешімді жууым керек…

Кеш бата анам үйіне қайтатын кезде ерекше көңілденіп, мені әдеттігіден ұзағырақ бауырына басты. 

Енді менің жаным тынышталды: мен жидектерден қан қайнаттым, өзімнің ойымды іске асырдым, әлеуметтік желіме фото жүктедім, анаммен жанжалдаспадым да. Мен үшін керемет күн.

Келесі күннің таңында шыдай алмай, кешегі жапқан құтыларыма сүйсіне қарау үшін әкемнің көне тонын ашытым.

Біреуінің қақпағына тігінен шеге қағылыпты…

Валерия Крутова

Валерия Макеева (псевдоним Валерия Крутова) — родилась в 1988 году. Прозаик, детский писатель. Постоянный автор литературных журналов «Дружба народов», «Юность». Публиковалась в литературных журналах «Автограф», «Лиterraтура», «Формаслов». Детские рассказы из сборника «ФтаройБэ» были прочитаны артистами в проекте «От пяти и до без конца», подготовленном МДТ-театр Европа (творческий руководитель Лев Додин). Лонг-лист литературной премии ФИКШН35 (2020). Финалист литературной премии «Данко» (2021).

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon