Дактиль
Сағадат Ордашева
Үш актілі пьеса
Ғалия — кемпір 75 жаста. Кәсіпкер. Ұстаз болған. Қалада бірнеше сауда үйі, балабақшасы бар.
Зария — журналист, жазушы, 35 жаста. Акиматта жұмыс істейді.
Разия — келіні 30 жаста. Үш қызы бар. Психолог, коуч, бизнес тренер.
Екі қабатты коттедж іші, кең бөлмелер, әдемі қымбат жиһаздар қойылған. Сахнадан ақ сұлбалы аруақ өтеді. Артынан бөлмелерді аралаған Ғалия аяғын әрең басып кіріп, жан жағына жалтақтап қарап, әлденені іздейді. Әр жерге барып анықтап әр затқа қадала қарайды. Қасында Зария бар.
Ғалия. Сен көрмедің бе?
Зария. Нені?
Ғалия. Бір аппақ біреу өтті мана...
Зария. Есік алдында бір ақсақалды көрдім.
Ғалия. Қай ақсақал? (Екеуі отырады.)
Зария. Мана кірген жерде, есік аузында отырды ғой.
Ғалия. Ааа, ол ма? Ақсақал дегені несі?
Зария. Неден бастаймыз, қалай жазамыз? Соны ақылдасып алайық.
Ғалия. Иә, мен кітап жазғым келеді. Маған өз кітабымды жазу керек. Менің өмірім өте қызық, тыңдағандар кітап жазсайшы деп қоймайды ғой. Үйдегі келін білсе, бұлай шошаңдамас еді. Кітапты екеуміз жазамыз ғой?
Зария. Әрине. Қалай жаз десеңіз солай жазамыз. Тек екеуміз отырып, әуелі жоспар құрайық.
Ғалия. Мына кең сарай үйді көріп отырсың ғой. Осының бір бұрышында бүрісіп жатып, ойланатын дертке ұшырадым. Түн түссе, көз ілмеймін. Жас кезім, көрген азабым есіме түсіп ұйықтамайтын болдым. Айналайын, осы кітапты жазбасам болмайды. Тағдырымның осындай қиын болғанына бір жігіттің көз жасы ма деп ойлаймын.
Зария. Сіз басынан бастасаңыз, мен диктофонды қосайын. Жалпы, кітап барлық ғұмырыңызды қамтиды ғой, балалық шағыңыз, студенттік кезең, ұстаздық жылдарыңыз...
Ғалия. Үйдегі келін, тик ток, инстаграмда ақылды-ақылды посттар жазып, эфирлер салып, жастардың бәрін аздырып барады. Өмір көрмеген адам қалай-қалай ақыл айтады и?
Зария. Кітапты өз атыңыздан жазасыз ба, әлде үшінші жақтан жазайық па?
Ғалия. Осы үйдің әр кірпішін өз қолыммен қалағанмын, қазіргі баршылық өмір үшін көп бейнет шеккенмін. Дайын сарайға кіріп, еңбектену туралы дәріс өткізгені ақылға сия ма?
Зария. Автобиографиялық кітап болған соң асықпай баппен баяндаған дұрыс. Көрген бейнетіңізді басынан бастасақ...
Ғалия. Кітаптың жалпы кіріспесін айтып жатырмын ғой.
Зария. Кітап келініңізге арнала ма?
Ғалия. Жоға, оның не қатысы бар? Мен... мені өмірбойы сүйіп өткен жігіттің қызымен жақында сөйлестім. Үйінің төрінде менің жас кезімдегі портретімді салып, үлкен етіп жасап іліп қойыпты. Күнде портретке қарап тұрмаса әлгі жігітімнің ішкен-жегені батпайды екен бойына. Өмірімдегі ең үлкен махаббат хикаясы бұл.
Зария. Өмірбойы ғашық болған ба сізге?
Ғалия. Сол жігіттің әйелі менің жан досым болды. Курстасым Гүлсім.
Зария. Жігітіңіздің аты кім?
Ғалия. Ерболат. Соңғы жиырма бес жылдықта осы есім бойтұмарыма айналды.
Зария. Әже, онда ана кіреберісте кездескен кісі кім онда?
Ғалия. А-а-а, ол осы үйдің шалы да. Менің шалым ғой.
Зария. Аа, иә. Ерболаттың қызы сізді қалай тапты?
Ғалия. Анасы Гүлсімнің телефонынан тапса керек. Ол да бес жыл бұрын қайтыс болған. Қызы Розаның айтуынша, Ерболат пен анасы ерлі-зайыптыдай ғұмыр кешпепті, тек бір үйде тұрғаны болмаса, ортасында өмірбойы мен тұрған екенмін. Розаға бір күні жылап айтыпты «қызым, өмірім құр өмір болды, Ерболат әйел деп маған назар салған емес, аузынан Ғалиясы бір түспеді. Отырсақ та, тұрсақ та, жатсақ та сол. Әйел бақытын сезіне алмадым. Роза, айналайын, сүйгеніңе қосыл» дейді екен жылап.
Зария. Сонда сізді сүйе тұра, Ерболат Гүлсіммен қосылды ма?
Сырттан Разия кіріп келеді. Қолында телефон. Сторис түсіріп келе жатады.
Разия. Жолдастар, қалайсыздар! Бүгін сториске көп шыға алмадым. Базарлатып жүрмін. Кешірек не сатып алғанымды көрсететін боламын. Ой, мама, үйге қонақ келген бе?
Зария. Амансыз ба, Разия.
Разия. Мама, айтпақшы, кітап жазатын қыз осы ма? Білесіз бе, мамамыз әдемі естеліктерін музыка қосып қойып айтқанды жаны сүйеді. Мама, музыка қосайын ба? Ау, Алиса?
Зария. Қажет емес сияқты, музыка керек емес, қайта тыныштықта мұқият тыңдап отырмын.
Ғалия. Разия, біз шай ішсек пе едім? Шай ішесің ғой иә, Зария.
Разия. Газ бен шәйнек асханада тұр, көтеріп кеткен жоқ сияқтымын. Қалай ойлайсыз, Зария, шайды өзіңіз де іше аласыз ғой?
Зария. Әрине ішкім келсе айтармын. Алайда бізге кітапты тезірек бастау керек.
Разия. Сәттілік онда. Зария, атамыз да (кіреберісті нұсқайды) мамамызға өлердей ғашық болып, бұрқыратып хаттар жазған ғой. Оны да ұмытпау керек. Разия кетеді.
Ғалия (артынша кеткенін байқап барып сөйлейді). Шалды жазу, жазбау мен жұмысым, ұмытпа дейді ғой.
Зария. Сіз Гүлсіммен бұрын кездестіңіз бе? Жалпы араласып тұрдыңыздар ма?
Ғалия. Гүлсім менің жан дегенде, жан досым болды. Туған күніміз де бір күн, бір ай еді. 19 — қаңтар. Екеуміз де кесек мінезді болдық. Тағдыр солай болды ғой, Ерболат мені сүйді де онымен тұрды. Ойласам ше, мен бүкіл өмірімде маған ғашық болған жігіттерден қашып жүріппін. Мектепте әдебиет сабағынан беретін Әбдікәрім ағай «Бақытсыз Жамал», «Қамар сұлу», «Ақбілек» секілді романдарды оқығанда жас қыздарды тоқалдыққа алатын байларды, еркектерді өте жиіркенішті етіп суреттейтін. Сондай аузы сасық, түк сүйкімі жоқ байларға әйел болған қыздардың мұңын жетемізге жеткізіп бейнелейтін. Көз алдыма тақалып келіп бес батпан қабаттанған әжімін жиып-жазып, ернін бұртитып «мәне, былай сүйеді, олай жұлқиды» деп көрсететін тіптен. Сол жиіркеніш мені өмірбойы қуып келе жатқандай әлі де есіме алсам тұла бойым тітіркеніп, үрейленемін. Жас кезімде ажарлы болдым ба, жұрт жүзіме үңіле қарап, көз тайдыра алмай қалушы еді. Бұрқырап хат жіберетін біреулер арқылы. Мен болсам бар ойым абырой сақтау ма, қорқам ба алып қашады деп, түрімді көрсетпейін деп орамалды көзіме түсіріп тағып, беторамалмен аузымды жауып жүретін де болдым. Өз түрінен, сұлулығынан жапа шеккен мендей адам болмаған шығар.
Зария. Сұлулықты аңсамайтын қыз жоқ қой. Сұлу болу да сый емес пе?
Ғалия. Сый болмады маған. Осы біреуге бер десе бере салар ем. Зария, осы оқиғаларды бұрын достарыма, айналама суреттеп айтқанымда көз жасын көлдетіп, уһілеп отырып тыңдайтын. Өзім де бұл оқиғаларды тереңдетіп, кинодағыдай еелстетіп суреттейтін едім. Саған соншалықты әсер етпейтін сияқты.
Зария. Мен журналистпін ғой, мұндай оқиғаларды көп естимін. Бірақ, оқиғаға кіру үшін әсерленіп жылап, эмоцияға берілу міндет емес деп ойлаймын.
Ғалия. Қызық, осы күнге дейін бұл әңгімелерді айтарда көзіме жас тығылып, есеңгіреп қалушы едім. Саған бір жай бардым келдім деп айтып тұрған сияқтымын.
Зария. Адам жанын жаралаған, жан құпиясына, өкінішіне айналған оқиғаларға бой үйрететіні сондай, сол аяулы дүниесін қайта-қайта өткерудан ләззат ала бастайды. Егер қазір жай ғана айтып жатсаңыз, демек жараңыз жазыла бастаған шығар деп ойлаймын. Енді, кітап жазуға әбден дайынсыз.
Ғалия. Анда барсам ана жігіттен қашам, мұнда барсам мына жігіт жүрегін ұсынып хат жазады. Ол кездің ықыласы, көңілі хатта жазылатын еді ғой. Сезімін солай білдіретін. Мына шал да, Разия айтпақшы, 5 кластан бері жүректің суретін салып маған жолдаушы еді. Сол жүректің не мәні бар екенін түсінбей, әкеме оқып берші деп әкеліп оқытатын едім. Баламын ғой.
Зария. Шалыңыздың аты кім?
Ғалия. Ой, ол шалды қайтесің? Шал ғой мана көргенің.
Зария. Кітапқа солай жазамыз ба шал деп.
Ғалия. Манап. Айналып келгенде сол, тісі ақсиған, түр десе түрі жоқ, бүкшиген, тыриған, үнемі аузы насыбай мен арақтан босамайтын жиіркенішті адамға тұрмысқа шықтым ғой, қарашы. Міне, 50 жылдай болды, бір шаңырақ астында тұрамыз, бірақ, әу деп сөйлесу жоқ. Сондай жиіркенемін сенсең. Саған сырымды да айтып кеттім ғой. Әлі де қасымнан өтсе, бүкіл денем тітіркеніп, жек көріп тұрам.
Зария. Сізде сонда, ешбір жігітке көңіл болмады ма?
Ғалия. Соны өзім де түсінбеймін, ойласам әлі де сол кездегі өз мінезіме, жүріс-тұрысыма түсініктеме бере алмаймын. Анау сүйем десе қашып, мынау сүйем десе қашып тығыла беріппін. Менің ойым тек, әкеме жанашыр болу, әкеме қолғабыс ету, қасында болу екен. Қайда жүрсем де, қай жігітпен сөйлессем де әкемнің көзімен қараушы едім, қай жігіт болсын әкеме ұнамайтындай көрінуші еді. Әкем сияқты жігіт те кездестірмедім. Сол Ерболат әйтпесе, бақандай 3 жыл студент кезімде артымнан қалмады. Кейінгі 30 жылдықта хат жазуын, іздеуін тоқтатпады. Жас кезімдегі қылығымды не деп түсіндірерімді білмеймін қазірге дейін.
Зария. Ерболатты да сүймедіңіз ба?
Ғалия. Сүйіп — күйіп, ғашық болғаным есімде жоқ. Тек оның маған деген өмірбойы ықыласын, махаббатын сезінуші едім. Сол кезде сезімім болды деп айта алмаймын. Қазір мен ғашық болған сияқтымын. Енді ол жоқ қой...
Зария. Бір нәрсе қызық маған ше, айып етпеңізші, адам сезімсіз болуы мүмкін бе?
Ғалия. Мен сөзден, елдің сөзінен қатты қорықсам керек. Намыс дегенді алдыға қойдым. Ол кезде елдің «пәленшемен жүреді екен» деген сөзінің өзі масқара ұят болатын. Біреуді біреуге теңеу, біреумен бір көшеде ұстап алу деген үлкен қылмыс сияқты. Сөзден қаштым ба, әкемнің абыройын ойладым ба, мен жігіт атаулыға көңіл бөлген емеспін. Бірақ, Ерболаттың өмірбойы құрбым Гүлсімге мен туралы айтатынын, іздейтінін, портретіме қарап жылайтынын білгенде, көкірегім қарс айырылып, алғаш рет қатты өкініп өкіре жыладым. Ана үйдегі шалдан қаншама таяқ жеп, бет аузым көгеріп, жейтін ас болмай, қиналып жатқанда Ерболаттан кешірім сұрайтын едім. Білмеймін неге екенін, Ақтөбенің теміржол вокзалына қашан барсам да, жан жағыма алақтап қараушы едім. Ерболатты көріп қалсам ғой деген үміт па, сағыну ма... өмірбойы сол теміржол вокзалына барсам, жүрегім су етіп ол қарап тұрғандай болушы едім.
Зария. Ерболатпен теміржол вокзалында қоштастыңыз ба?
Ғалия. Мені неше рет іздеп келгенін естідім. Ол келгенде мен қалада болмай шығушы едім. Бір қызығы, сол теміржолда сауда жасаймын деп жолға шығарда, ол дәл сол жерде тұрғандай жүрегім алып ұшатын.
Зария. Сіз өте сұлу, әдемі болған сияқтысыз. Қазір де жүзіңізден әр таймаған. Кескіндісіз.
Ғалия. Міне, ескі альбомдарды қарашы. (Екеуі ақтарыстап қарайды.) Мынау, міне Ерболат, мынау Гүлсім.
Зария. Той суреттері қайда?
Ғалия. Той болған жоқ. Той болмады. Мына шал, мені зорлықпен алып қашты. Қашып барған соң қалдым ғой, ол кезде табалдырықты аттасаң болды, келін болып түскенің. Түстің ба қайту жоқ. Есік көрген атанасың, елдің сөзі жаман. Әкемді қарабет атандыруға намысым жібермеді. Келген жерім той жасау түгілі, киіндіруге ақша таппады. Сөйтсем, мына шал, сол кезде сотты болып қамалайын деп тұр екен. Бір айдан кейін ол қамалды да кетті. Мен ішімдегі ұлмен бес жылға қалдым да кеттім. Ол келгенше, жападан жалғыз енем мен атамның қолында жүрдім. Олардың қабағы бір ашылмады. Құтты болмады деп, қайғыны мен әкелгендей суық қабылдады. Не керек, бұл шалмен өткен өмір өксіккке толы болды. Айтуға ауыз бармайды.
Зария. Өте ауыр екен, мұның бәрін кітапта жазсақ, ағайыныңыз бар, туған-тума, балаларыңыз бар, қалай қабылдайды?
Ғалия. Шындық жазылуы керек. Менің кешкен ғұмырым әркімге өрнек. Менің өмірімде үлкен махаббат болды.
Зария. Бірақ, сіз оны сезіне алмапсыз, ұстай алмапсыз. Сол қызық...
Ғалия. Студент кезімде қазақ әдебиетінен беретін ағай маған қатты ғашық еді. Менің алдыма келгенде өзін ұстай алмай, қызарақтап, ұялып, тілі байланатын. Мұны мен бақылап отырып та түк түсінбейтін едім. Қай жеріме ғашық болады екен? Сол ағай, мен оқу бітіріп кеткен соң қайғырып ішіп кетіпті. Ақыры құсаға салынып, бір ішкенде төбелеске араласып сол жерде мерт болыпты. Бір қызығы, маған ғашық болатындардың бәрі ішіп кетіп, қылмыс жасап сотты болатынын естуші едім. Ерболат та маған қолы жетпеген соң, сенбі сайын ауылдағы өзенге барып сылқия ішіп алып жатады екен. Сондай бір күні судың жағасында жатқан адамды сілейтіп ұрған. Ол да түрмеде жатып келіпті. Ал, мына шалдың қамалуының себебі де сол, маған бала кезден хат жазуын тоқтатпаған еді, кейін де ауылға оралып мектепте жүргенде де жазды. Алайда, менен жауап болмады. Мен осы хаттардың мәнін жете түсініп, оқыған емеспін, қабылдаған емеспін. Еркекшоралау, тікмінез, суық болсам керек. Тек әкемнің қасында жүрсем ғана, шынайы бақытты сезінуші едім. Бұл шал маған қолым жетпеді деп ішіп алып, бір күні көлігімен адам басып кеткен екен. Сол қылмысын кейін маған жапты. Өмірбойы сенің кесіріңнен қамалып қатты соққы алдым деп ішкен сайын айтатын, қол көтеретін болды. Сонда менің бар кінәм, сүйген жігіттерге жауап бермегенім, сүймегенім бе? Неге мен жауап беруім керек еді?
Зария. Олар ғой, олар сезімін блдіріпті, сіз мүлдем ешкімді сүймедіңіз бе?
Ғалия. Түсінсең, қазір осы даңғара мына үйде жалғыз бүрісіп жатып жаным махаббатты, ғашықтықты аңсайды. Сол кезеңдер келсе, қол ұстасып, серуендеп, сүйіп-күйіп, сыр бөлісіп жүрсем деп ішімде қиялдаймын. Ерболатпен сол күндерге ораламын да махаббат қызығына батамын. Айтуға ұяламын. (Бетін жауып, саусағы арасынан сығалайды.) Бірақ, мына келін білмесін, білсе мазақ етеді. Жан дүниемде романтиканы аңсаймын. Жап жас Ерболатты кезіктіріп, екеуміз қыдырамыз, сырласамыз, ойнаймыз, ресторандарға барамыз. Ой, құдай-ай десеңші, не айтып кеттім...
Разия. Жолдастар, бүгін кешке дәстүрлі «Түнгі шәй» болады. Баланы жатқызып, байды қуып жіберіп, ененің көңілін жайлап, жатыңдаршы шуламай деп бір ұрсып алып, құрал сайманыңды дайындап қойып, эфир қараңыздар. Мошный-сочный контент, шок контент болады. Көп жаңалықтар айтамын. (Разия телефонына қарап сөйлеп кіреді). Ооо, кешіріңіздер, бөліп жіберсем. (Ғалияға қарата.) Мама, мен Заринаны мектептен алып үйірмесіне апарып келем. Шай ішпегенсіздер ма?
Зария. Қажет емес. Рақмет.
Разия. Зария, негізінде адам шай ішкісі келсе іше беруі керек. Өтірік ұялудың қажеті жоқ. Мен мамашкім ұнап жатыр ма? Әңгімені өлтіреді иә? Тыңдағам талай. Сочный етіп жазсаң бар ғой, менен де сыйлық болады. Окей?
Зария. Окей. Разия кетеді.
Ғалия. Осы келіннің келгенінен кеткеніне қуанатын болыппын. Кетсе тынысым ашылады. Қартайғанда, осы, міне, билік жоқ, шай берсе ішесің, болмаса жоқ.
Зария. Шай ішкіңіз келсе, мен-ақ қойып берейін.
Ғалия. Шай ішкім келсе ішем ғой.
Зария. Онда Разияға айтып қайтесіз, өзіңіз де іше беріңіз.
Ғалия. Сонда келін деген осылай бола ма? Адам құсап шай бермейді.
Зария. Келіннің шай бергенін қайтесіз? Қазіргі келін келін емес адам. Үйде қызметші ұстау керек жалпы.
Ғалия. Қызық, қызық сөйлейсің өзің. Біз өмірбойы ата-енеге қызмет еттік, құрметтемесе де, аяққа шылғаудай етіп жұмсайды, көндік. Бұлар бірін де көрмей, тіптен шай беруге қатты қиналады.
Зария. Сізді түсінемін. Әрине. Дұрыс қой бірақ...
Ғалия. Өй, бұл келін емес, жүрген бір салдақы. Елге курс сатып, аузына келгенді айтады. Өзі бір өнегелі болып жатса шіркін. Көрдің бе, мамашкі дейді. Оның мамасы емеспін, енесімін. Қартайғанымды бұлдамаймын, бірақ, жөнімен жүріп қызметін де жасамайды. Ау, қалайсың, тірісің ба демейді кейде.
Зария. Біз кітапты жалғастырайық.
Ғалия. Кітапты жазу керек. Менің өмір тарихым өте бай, кедейліктен шығып бай болдым. Ұстаз бола жүріп саудаға кеттім. Қысылтаяң кездерде мына шал ішіп жүріп қаңғыса, мен үш баланы оқытам, тоқытам деп саудамен айналысып жүріп жеткіздім. Үшеуі де жоғары білімді. Үшеуінде де жеке бизнесі бар. Мынау, келін көктен түсіп, мына мен салған үйді иеленіп, подписчиктеріне менің үйім деп мақтанатынын қайтерсің?
Зария. Сіз ешбір әңгімеңізде анаңыз туралы айтпадыңыз? Анаңыз бар ма, айып етпеңіз сұраққа.
Ғалия. Анам ба... а-а, осы елдер де әңгімемді тыңдап отырып-отырып анаң туралы айтпадың дейтін. Анам бар, болды. Ол аса үлкен байдың қызы болған екен. Қуғын сүргінде байлар бүкіл жылқысын айдап қашып көшті ғой. Сол кезде менің әкем ауылнай болып, анамның әкесіне көшуге рұқсат қағаз жасап беріпті. Сол рұқсат қағазының өтеуі деп анамды берген екен әкеме. Аяқ асты байдың қызын тегін алған әкем байып шыға келеді. Өйткені, қыздың жасауындағы дүниелердің бәріне алтын жалатылған, әшекейлерінің бәрі алтын екен. Әжеміз сол алтындарды аштық жылдары сатып күн көріпті. Білмеймін, анамның өмірде болғанын білемін, бірақ ол кісіні бауырыма басып, жақсы көре алмадым. Салқынқанды, суық кісі еді. Бірақ, ажарлы сұлу еді. Анамды әкемнен өмірбойы қызғанып, екеуі қатар отырса арасына кіріп отыратын едім. Түнде ұйықтаса да ортасына жататын едім. Мен әкемді қатты қызғандым. Анам болса, әкеме де, бізге де соншалықты мейірленіп көрген емес. Әкемді онша менсінбей тіптен жиіркенетін де. Білмеймін бәріміз әкемізге қарай жүгіретін едік.
Зария. Бәлкім, сізді сүйген жігіттерге назар аудармауыңызды осы жерден іздесек, себебін табатын сияқтымыз. Бірақ, мен психолог емеспін. Мұны сіз психологқа айтуыңыз керек.
Ғалия. Ой, атама сол жалмауыздарды. Өзгенің отбасын құртудан басқа амалдары жоқ. Жүрген жоқ па, міне, абьюзер дей ма ау, еркектерден құтыл деп курс сататын келін. Разия, жас қыздарды бұзып жатыр, қол көтерсе кетіп қал, ақша таппаса қуып жібер деп айтады. Мен міне, балаларым әкесіз өспесін деп отбасымды бұзбай отырмын. Ана шал не десе де көнемін. Ажырасқан жоқпыз. Атам қазақ «кіммен ағарсаң, сонымен қарай» деген. Келіннің өзіне білдірмей тығылып тик тогын қараймын. Жалмауыз бар ғой, ұялам кейде, осы келіннің тірліктерінен. Туыстар да айтып-айтып болды, шаршады келініңді тый деп. Мұны тыятын балам да жүрген жоқ па салпақтап айтқанын екі етпей. Ой, тоба, осындай ынжық баланы мен өсірдім ба, мен тудым ба деп қоямын. Қайтейін...
Зария. Жазатын кітабыңыздың аудиториясын ойлап отырмын. Егер шалыңызды жаманатқа салып жазатын болсақ, оның үстіне, оның мәртебесі төмен болса үйде, келініңізбен де жағдай мынау. Бәлкім, бұл кітапты тек құрбыларыңызға жазарсыз? Тек достарыңызға.
Ғалия. Кітабымды ел-жұрт оқуы керек. Артымдағы ұрпағым да. Балаларым, немерелерім.
Зария. Ал, сіз кітапты не үшін жазатыңызды ойладыңыз ба? Не үшін жазасыз? Не мақсатта?
Ғалия. Сен өзі, мінезің шәлкем-шалыстау қыз екенсің. Неге жазатынымды айтпадым ба?
Зария. Неге жазатыңызды анықтап айтпадыңыз. Меніңше, бүгінге жетер. Ертең келейін, бүгінгі әңгімені қағазға түсіріп, өңдеп, әсерлендіріп жазып әкелемін. Ойыңызды бөлмей, тағы не айтарыңыз бар соны ойлансаңыз.
Ғалия. Жарайды, ертең көрейік. Бүгін тас төбем ауырып түсіп барады. Мына келінді көрген сайын түңіліп кетемін.
Зария. Кітапты неге жазасыз? Ойланыңызшы өтініш. Бұл кітапты жазу мен сәтті аяқтау үшін керек. (Зария кетеді.)
Ғалия. Сұрақтары қандай өзінің? Аттан түскендей. Кітапты неге жазасың дейді. Елдің бәрі кітап жазып таратып, мерейтойын тойлап марқайып жатқан жоқ па? Кітапты неге жазады адам? Сол да сұрақ болып па?
Аппақ аруақ жүріп өтеді. Ғалия аңырап қарап қалады. Қолын созып артынан еріп шығып кетеді.
Асханада шай үстінде дөңгелек үстелді айнала Ғалия, Разия, Зария шай ішіп отыр.
Ғалия. Жақында Астанаға барам, республикалық телеарнаға соғып, сұхбат берсем деймін. Біздің осы биліктегілер, қазіргі әлеуметтік желідегі неше түрлі беталды кеткен курстарды сатылуын тоқтата алмайды. Үлкенге құрмет, дәстүрді ұстану дегендер қайда қалды?
Зария. Телеарналарға ма? Оларды кім қарайды? Қазір тик-ток қарайды 2 жастан 80-жасқа дейінгі бүкіл Қазақстан. Телеарнада ашып, сұхбат тыңдап отыратын қауым жоқ қазір. Әже, қайта сіз тик-ток ашыңыз да, күнде эфир жүргізіңіз. Сізге кепілдік берем, оқырманды тез жинайсыз.
Разия. Во-о, күшті идея! Мамашкі, күнде жұмыстан келсем іші толып отырады. Тик-ток жүргізу керемет идея.
Зария. Иә, Нұрлан имамды білесіз ғой. Әр айтқаны хит, әр эфирі талас тартыс. Ол кісі уақытында тик-токқа шығып, халықтың ішіне толған сұрақтарына жауап берді.
Ғалия. Өй, оның бір сөзі былай, бірі олай. Ол да лағады арасында.Маған тик ток ұнамайды. Тым жеңілтек орта.
Зария. Егер жеңілтек деп қабылдасаңыз, жеңілтек деуге болады. Алайда, уақыттың талабы сол, тик ток сіз қандай салмақты дүние жасайсыз, сондай салмақты дүние көретіндерді алып келеді сізге. Ол ақылды нейросеть қой.
Разия. Астанаға барып сұхбат жасап шықсаңыз, бәріміз тізіліп отырып тыңдар едік. Әй, сол әңгіменің барлығы маған арналатын шығар деп ойлаймын да. (Тырқылдап күледі.)
Ғалия. Әй, Разия, өзім білемін не айтуды. Қылжақтамай отыр қонақ алдында әдеп сақтап. Зария, осы сен қалай ойлайсың, біз азып тозып бара жатқан жоқпыз ба? Құрметтеу жоқ, адам бетіне келіп өжеңдеу жоқ еді баяғыда.
Зария. Қазір ашық қоғам, мен ашық қоғамға қарсы емеспін. Президент айтпақшы, әділетті, тең қоғам орнауы керек түбі. Бұл қоғамда ешкім ешкімге орнын көрсетіп, статусын, мәртебесін немесе төмендігін айтып нұсқай алмайды. Бұл қоғамда бәрі бірдей жауапкершілікке ие, бәрі өз орнын білуі тиіс.
Разия қарқылдап күліп, шапалақ соғады.
Разия. Не деген мынау жауаптар, не деген ақылдысың Зария. Менің курстарымды оқыған жоқсың ба сен?
Зария. Жоға, курс оқу қажет емес қой. Менің де енем бар, талабы мен тілегі ешқашан бітіп, көңілі толып, маған рақмет деген емес. Әйтпесе, 10 жылдан астам қолында тұрып, көңіліне қарап, қызметінде болдым. Өз карьерамнан бас тартып, сол енем қалаған жұмысты істеп, сол қалаған жолмен жүрдім күйеуімді айтпағанда. Күйеуім жұмыс жасамай отырса да, ақша таппай, тапса да ойынға салып отырса да соған шабыт сыйламаған, көңілін таппаған мен кінәлі болдым. Ақыр аяғында кетіп тындым үйден. Шыдамның да шегі бар. Қазір ешкім ешкімнің құлы емес, әркімнің өз қалауы, өзі сүйген өмірі болуы керек.
Разия шапалақтап тұрып, Зарияны құшақтап сүйіп алады. Ғалия орнынан тұрып кетіп қалады ашуланып.
Разия. Зария, құдай-ау, сені құдай жібергені ма? Жаным кіріп қалды ғой.
Зария. Енеңізді аясаңызшы, сіздің сөзіңізді сөйлеп жатқан жоқпын мен.
Разия. Енеме осыны жеткізетін адам болмай жатыр еді. Енешканы әбден қорқытып, үркітіп қойғам ғой. Маған қарсы келе алмайды. Байқадың ба?
Зария. Иә, алайда, бәрі жөнімен болу керек. Не дегенмен, енеңіз ғой.
Разия. Өй, бұларды сөйтпесең, ермек қылады сені. Айтып отырған жоқпысың, үйден кеттім деп. Не сонда, езіліп жаншылып, соңында үйден кету керек пе сеніңше. Күресу керек. Сенің қателігің күресе алмауыңда. Қарсы тұру үшін ішкі жігер керек. Тұрып беретін айла керек. Айланы тауып, аузын жапқан жоқпыз ба? Құрметтемей не істеп отырмын?
Зария. Мен барайын, тым артық кеттім ау деймін. Әжеге барайын.
Разия. Тоқта, екеуміз селфилетейік, сториске салам бүгінгі қуанышты. Уау, түзден іздегенім үйден шыққаны қалай? Құдайдың жар болғаны ғой.
Екеуі құшақтасып суретке түседі. Зария асхадан шығап қонақ бөлмеге барады. Ғалия бетін алақанымен жауып ойланып отыр.
Ғалия. Мені ұстап бердің ғой, мені масқара еттің.
Зария. Әже, ондай ойым болған жоқ. Мен өз ойымды айттым бар болғаны. Кітапты жалғастырайықшы.
Ғалия. Осы келінді қалай етсем болады? Әкіреңдеп, қылжақтап, беттен алып әбден менің абыройымды төкті.
Зария. Сізге бір-ақ нәрсені түсіну керек. Дәстүр өзгерді, сана өзгерді. Бұрынғыдай ешқашан болмайды.
Ғалия. Сонда қалай, кейінгі ұрпақта мүлдем отбасы, қадірлейтін құндылық болмай ма? Ертең тіптен бір-бірімізді көруден, араласудан қалатын шығармыз.
Зария. Араласуды міндеттілік, отбасыны қамауға алынған екеу, қадірлеуді құлдық секілді елестететін қоғам ба? Ендігі қарым-қатынастар қашықтық сақтау арқылы орнағанымен шынайы болады. Жалғыздық ендігі жерде бақытсыздықтың символы емес, бақыттың, өзгешеліктің белгісі ретінде қабылданады. Әже, жаңалықты, жаңа заманды қабылдауға дайын болу керек.
Ғалия. Ата дәстүрді аттау — өз ұлтыңа, өз бабаларыңа қиянат емес пе? Сенен мұны мүлдем күтпеп едім. Бар сырымды айтып сеніп отырсам.
Зария. Сізге әдебиеттен сабақ берген ағайды айтам, оның бар мақсаты шынтуайтында, қыздарды, әйелдерді сондай құлдыққа салған, қалауынан тыс зорлыққа салған байлардың көзі жойылса екен деген арман ғой. Сол қыздардың көз жасын жүрекке бекітіп, сіз талай жігіттен қашқан жоқсыз ба? Жиіркеніп, еркек деген қауымнан аулақ қашсаңыз да, ақыры сасық байға тидім деп отырсыз. Ол да сізді зорлықпен иемденген. Солай бола тұра, бүгінгі еркін әйелдің еркіндікке қол жеткізуіне, қалауынша өмір сүруіне қалай қарсысыз? Құрметтеуді құлдық деп ойлағаныңыз, көндігуді дәстүр деуіңіз орынды ма? Келін болса да, маңдайына енеңмен бірге таң азанмен бірге жүріп, ыстық суыққа түсіп, ол көрген бейнетті қайта кешу керек деген мөр басылған жоқ қой. Ол да қыз. Біреудің мәпелеген, аялаған қызы. Ол және мәңгілікке қыз. Жан дүниесі ерке, сүйікті, нәзік қыз. Ол әлемге әлемге еркелеу үшін келген. Ал, еркек қанша ұлғайса да бала болып қала береді деп қақсайтындар қыздың еркелігін, еркіндігін мойындай алмайды. Түптен келгенде, сол Қамар сұлудың, Бақытсыз Жамалдың, Ақбілектің аңсаған арманына біз қол жеткізіп отырмыз. Тең қоғам деген осы. Бұл қоғамда статусымыз бір, сізге шындықты айтуға батылым барғаны да сондықтан. Ашық қоғам деу - пікірді ашық айта білу. Айта алмаған адам бәрібір өзі жапа шегеді.
Ғалия. Сонда сен үйден кетіп қалай өмір сүріп жатырсың? Байың қайда?
Зария. Ол да жөнін тапқан. Бір күні екеуміз сөзге келгенде жалдаған үйден маған кет деп қуа бастады. «Айналайын, бұл үйді сатып алсаң, өзің тапсаң бір сәрі екен. Өзің кет» дегем. Сөйтсем, шынымен жиналып кетіп қалды. Дұрыс болды. Кететін адамның кеш болса да өміріңнен кеткені дұрыс. Жалпы, қандай да қағидалар, шариғат шарттары деп қаламаған адаммен тұру, өмір сүру өзіңе үлкен қиянат екенін түсіндім. Әрі барса ажырасармыз.
Ғалия. Сонда сен ажырасуға да барасың ба? Балаларыңды қайтесің?
Зария. Ажырасу соншалықты апат емес. Жаныңмен үйлеспеген адаммен бірге тұрып та ажырасуға болады. Мысалы, сіз... шалыңызбен әу демепсіз қаншама жыл... қаншама жыл отбасымды сақтау үшін деп, балаларым әкесіз болмасын деп бірге тұрып келе жатырсыз. Бірақ, жаныңыз бірге ма? Ажыраспаған неңіз қалды? Бар мәселе, неке куәлігінде ғана емес қой. Жаныңыз қаламаған адамға өзіңізді байлау дәстүрі қаншалықты дұрыс?
Ғалия. Иә, мен ажырасқан секілдімін. Оған көңілім еш жібімейді. Жиіркенемін одан. Қарағым келмейді.
Зария. Солай екен, ендеше, Разия айтпақшы, «көтензорлықпен» өмір сүруге болмайды.
Ғалия. Разияны мүлдем айтпа, жалмауыз ол, сол шалға болысып, екеуі шүйіркелесіп жүреді. Екеуі тіл табысып алыпты.
Зария. Біреудің біреуді құрметтеуіне, қарым-қатынасына қол сұғуға бола ма? Әже, құдай да оны аяйды ғой. Құдай да әділетті ғой. Қашанғы біреуді төмпештей берсін. Ол да құдайдың құлы. Несіне қызғанасыз?
Ғалия. Қайынатасына қар күретіп, көршілерге шелпек таратқызып, баласының көтенін жуғызып жұмсау құрмет пе?
Зария. Мейліңіз, күйеуіңіз сізге соны да көрсете алмады ғой. Ал, еркекті жұмсамау деген не қағида ол? Тең қоғамда ешкімді жұмсамай ақ, әркім өзі жүгіріп, өзінің теңдігі мен құрметі үшін үйдің де, сырттың да жұмысын жасауы керек. Еркекпен бірге әйел де тең табыс тапса, неге әйел үйге келіп бүкіл шаруаны өзі көтеріп алу керек? Бөліссін. «Еркек түзде мырза, үйде құл» дегенді естуіңіз бар ма?
Ғалия. Еркекті жұмсау, қатын шаруасына араластыруды біздің уақытта ар көретін. Еркекті жұмсап не береке табасың деп, қатын еттің ғой деп сөгетін. Еркек төрде отыру керек.
Зария. Ендеше, ол неге кіребесрісте отыр?
Ғалия. Өзі отырған, өзіне өзі орын жасаған.
Зария. Әже, кешегі әңгіменің бәрін қағазға түсіріп әкелдім. Екеуміз отырып оқып шықсақ деп едім.
Ғалия. Қатты әңгімеге беріліп кеттік ау деймін. Кітап та жөнінде қалды. Басым да шыңылдап ауырып кетті.
Зария. Келіңіз, бәрін де қояйық, сізге ақыл үйретуге келген жоқпын. Кітабымызға кірісейік.
Ғалия Зария берген қағаздарды оқи бастайды.
Ғалия. Оқиғаларды құрғақ жазыпсың. Нәрлендіру керек шығар. Ұнамай тұр. Сосын шалымды тым жаманатты етіп жазыпсың. Қап ай, иә? Бұлай кетуге болмайды ғой. Елу жыл отассам да шалым болды, оны осылай кемсітіп жазуым дұрыс бола ма? Мынау дұрыс емес.
Зария. Кеше осыны ойлағам, күйеуіңіздің қай қылығы болсын, кітапқа шындықты жазу үшін басқа формада жазу керек. Яғни, біреу сырттан естіп өз баянымен жазса, бәлкім сізді ақтап алуға болар еді. Бірақ, сіз кітапты өз атыңыздан жазып отырсыз.
Ғалия. Шалымның көрсетпегені жоқ. Ит қой ит. Бірақ, балаларым мынаны оқып ертең ренжиді ғой. Жаман да болса әкесі.
Зария. Бұл жазылғанды дәл осылай баспаймыз ғой, әлі де өзгертіп, нәрлендіріп, киіндіріп, бояндырып жасаймыз. Бұл тек скелеті, сүйегі ғана. Кітаптың жобасы алғаш осылай жазылып, сосын бас аяғы құралып түгенделеді.
Ғалия. Жан жүйем езіліп отырмын. Бәлкім, кітапты жазбай-ақ қояйын ба? Не үшін жазып отырмын?
Зария. Кеше осы сұрақты қойғам сізге. Сіз кімге жазып отырғаныңызды білсеңі, кітапты да сол оқырманға ыңғайлап жазар едік. Меніңше, сіз құрдас-достарыңызға жазып отырсыз. Ұрпағыңызға бұл тарих қаншалықты маңызды болар екен?
Ғалия. Мен ұрпағыма, артыма қалған жастарға, ағайын-тумаға арнап отырмын. Бірақ, мынау әңгіме енді ұяттау, ана жігіттен қаштым, мына жігіттен қаштым, ақыры мына шалға тап болдым дегенімді оқыса, «мына кемпір жынды екен» деп күлетін шығар.
Зария. Жарайды, сіз мұны алып қалып, артынан оқырсыз. Біз бүгін жаңа әңгімеге кірісейік. Бала кездегі естеліктерден бастайық.
Ғалия. Жігерім құм болып отыр. Ойлануым керек. Жалғыз қалуым керек. Мынау бұлай болмайды.
Зария. Өз шындығыңызды айтуға да қорқасыз. Сізге шынымен ойлану керек.
Ғалия. Мен бұл кітапта тек махаббат хикаясын емес, бүкіл өмірімді жазсам деймін. Мен қаншама қайырымдылық жасап, қаншама адамға жақсылық жасадым. Қайбір жылы құлдықтан бір адамды құтқардым. Ол туралы бүкіл газеттер басты. Менің ерлігімді ел біледі. Жұртым құрметтейді. Бірақ... қаншама жылдан бері кітап жазуға отырам да, айнып қала берем «не үшін жазам?» деп. Соңғы кездері ішім ойға толып кетті. Барлық бейнеттен қашуға болады, көңілсіздіктен амал тауып басқаға айналып кетуге болады. Алайда, түнгі ойлардан ешқайда қаша алмай, азапталып ұйқы көрмеймін. Ой жеп бара жатыр. Мыңжылдық ой... барлық естеліктер көзалдымда тұрып алып, тыныштық бермейді. Аруақ та...
Зария. Кітап жазу оңай емес. Өткенді қайта өткеруге дайын болу керек.
Ғалия. Бүгінше осылай аяқтайық. Сені өзім шақырамын жарай ма? Дайын болғанда шақырамын. Қазір демалу керек.
Зария қоштасып шығып кетеді. Ғалия еңірейіп сахнада отырады.
Ғалия. Жан дүниемді ешкім түсінбейді. Өмірім бейнет болды. Мына баршылыққа, байлыққа оңай жетпедім. Қаншама тоз тозым шығып, таусылып базарда тұрдым. Ешкім мені аямады. Енді міне, отырысым, бала да бай да анау, ешкім керек етпейді. Ал, мына басым толған ой... қой мен құрбыммен сөйлесейін, ақылдасайын, мына кітапты бұлай жазуға болмайды.
Бөлмеден көлбеңдеп аруақ өтеді. Артынан аңырып тағы ереді.
Бөлме іші күңгірт. Ғалия бөлмені айналып жүр, аяғын әрең зорлана басады. Сырттан Разия жуылған ақжаймаларды жиып ішке кіреді. Ақжаймалардан басы да түрі де көрінбейді. Ғалия аңырайып тұрып қолын созады.
Ғалия. Ерболат сен бе? Сен бе мені іздеп келген... Ерболат жаным, кешірші, кешші мені. (Разия түк түсінбей тұрып қалады.) Ерболат мен саған ғашықпын. Мен саған зармын. Келші, құшшшы мені... (Ғалия Разияны ақжаймасымен бірге құшақтайды. Әр жерін сипайды. Разия қулана күліп тұра береді.) айналайын, Ерболат, қадіріңді білмедім, сүйген қатты сүйген екенсің, неге түсіме кірмейсің? Неге көзіме елестейсің? Ерболат сенесің бе, саған ғашық болып қалдым. Мына жүрегім тулап, түнімен ұйықтатпайды. Махаббат жайлады бойымды. Денем қызып барады. Сүйем сені, Ерболат. Бірауыз сүйем деші мені... сүйем деші... өмірімде ешкім мені ынтыға мына еріннен сүймеді ғой, ләззат алмадым ғой... ал, қазір денем қызып барады, аңсап барамын, шөлдеп барамын... сүйші мені құшақташы... (Ғалия табанына жатып, екі аяғын сүйеді. Разия ара тұра басын шығарып жылтыңдап қарап қояды.) Ерболат... жаным, кешірші мені, сүйші мені... (Разия даусын жуан етіп қатқылдана сөйлейді.)
Разия. Шешін, Ғалия... Шешін... (Ғалия есеңгіреп ағыл-ғұпыл шешіне бастайды. Разия осы сәтте көзін ала бере басқа бөлмеге кіріп қашып кетеді.)
Ғалия. Қайдасың... Ерболат қайдасың? (Ғалия жартылай шешінеді, ішкөйлекте тұр. Разия келесі бөлмеден атып шығады.)
Разия. Мама, не болған саған? (Ғалия дереу есін жинап киіне бастайды.)
Ғалия (естіртпей). Мына жалмауыз қайдан жүр? Ештеңе, не болушы еді, киім ауырып тұрмын ғой.
Разия. Мама, мен кеше осы жерден бір аппақ аруақ көрдім.
Ғалия. Қойшы, саған көрінбейді ол, маған көрінеді. (Сасып, аузын жаба қояды.)
Разия. Кім ол? Ерболат емес па?
Ғалия. Қайдағыны айтпа.
Разия. Сізге келген болды ғой, аа енді түсіндім. Ғашықтық деген осы.
Ғалия. Зарияны күтіп отырмын, сен үйде ме едің?
Разия. Иә, үйде болғам. Айтпақшы, Зария келе ма?
Зария кіріп келеді. Қолында қағаздары бар.
Зария. Қайырлы кеш, әже. Қалайсыз Разия? Сізге не болды әже? Ауырып тұрсыз ба?
Ғалия. Иә... ауырып тұрмын. Түнімен көз ілмедім.
Зария. Басқа күні келермін онда?
Ғалия. Жалпы, келмеуіңе де болады. Қазір еңбекақыңды да аударып жіберемін. Сен енді келмейсің ау...
Зария. Кітап жазуға бел байлаған сіз, мен емес. Өзіңіз білерсіз.
Ғалия. Сен журналист бола тұра, оқыған-тоқыған, көргенді жердің қызы бола тұра, неге дәстүрге қарсысың? Неге күйеуіңнен ажырастың, енеңді құрметтемейсің айтшы?
Зария. Күйеуіммен ажыраспау үшін он үш жыл шыдап бақтым білсеңіз, екі баланы жетім ету кімге оңай? Ол маңдытып жұмыс жасамайды, он екі мүшесі сау бола тұра үйде жатады, жатқанымен қоймай ойынның түбіне түскен. Әрине, сіздің шалыңыз секілді қорлықты көрсетпеді. Қол көтермейді, табыс таппауы да ештеңе емес. Бар тапқан ақшасын ойынға салып, құмардан шыға алмаған адамды құтқару мүмкін емес болды. Бұл енемнің ерен тәрбиесінің жемісі деп білемін. Баланы өбектеп өлгенше жақсы көру — оның қанатын кесумен бірдей ғой. Енемді құрметтемедің деген бос сөз. Мені сол үйде ешкім құрметтемеді. Сіз айтатын дәстүр — әйелді таптаған надан дәстүр.
Ғалия. Сонда екінің бірі осылай ажырасса не болады? Қазақтың дәстүрі деген ол бірлік, берекеге шақыру ғой.
Зария. Шындығында, сіз де ажырасып отырсыз ғой. Бір үйде тұрып, екі бөлек ғұмыр кешу ажырасудың өзі ғой. Мына кітапта да соны айтып алып, енді шындықты жазудан бас тартып отырсыз. Дәстүр дегеніңіз өзіңіз сүймейтін, қаламайтын өмірді сүру ма? Былайша айтқанда, сол дәстүрге лағнет айтып, кітапты жазбақшысыз? Солай ғой?
Ғалия. Қалай, қалай?
Зария. Иә, кітапты жазу мақсатыңыз сол — «дәстүрден аттамайын деп, ел не айтады деп, еркім болмады деп, дәстүрдің құрбанымын халайық деп елге жар салайын деп жазып отырсыз. Сізден келгелі сұрадым, «кітапты неге жазасыз?» деп. Сонда Ерболатқа қосылуға кім кедергі болды? Мейлі, қызды-қыздымен жас кезіңізде шалыңыздың етегінен ұстадыңыз, кейін ше? Ерболат неше рет іздеп келгенде де кездесуден қорықтыңыз. Гүлсімнің бақытсыз тағдырына себепші болдыңыз. Шалыңызды да өмірбойы қабылдай алмай, кіреберісте ол отыр. Сонда осының бәрін «амал қанша, ей, халқым, осы сендердің дәстүрлеріңді ұстанам деп бұла басым құла болды» дегіңіз келе ма? Олай болмаса, шындықты жазуға неге қорқасыз? Тағдырыңызды талқан еткен адамды атын атап тұрып неге жазбасқа?
Ғалия. Зария... тоқта... сен... не деп кеттің?
Зария. Анаңыз туралы бір жылы естелік атамағаныңыз қалай? Түсініп тұрмын, анаңыз әкеңізді ешқашан көзге ілмеген ғой. Бай-бағланның қызы бола тұра, жаман кедейге кісі деп қалай қарасын? Бүгін де сол анаңыздың меймана көңілін көрсетіп, шалыңызды төрге оздырмайсыз. Анаңызды не үшін жақсы көрмейтініңізді айтыңызшы? Бір рет болсын, ол кісі туралы жақсы сөздер жазып көріңізші кітабыңызда. Бәлкім, Разияны сонда түсінерсіз?
Ғалия. Разияны мүлдем тілге алма! Ол көргенсіз!
Зария. Разия ол қайта оралған анаңыз — Қапия. Қапияны кешірмей, қабылдамай, оған деген өкпе-ренішті шығармай өле-өлгенше Разиямен текетіресіп өтесіз. Сол бір тозақта отырасыз.
Ғалия. Анамды еске алдың ғой... ең ауыр жарамды аштың ғой... анамды жақсы көрген емеспін. Анам... бізге мейірленіп қараған емес. өз болмысын күтіп, өзін сүюден басқа оның жұмысы болған жоқ. Анамды жек көрдім.
Зария. Анаңды жек көрі — өзіңді де жек көру. Өзіңіздің ешбір жігітке көңіл бермеуіңіз, ешкімді сүймеуіңіз осы анаңыздан келген емес пе? Ойлап тұрсам, тіптен сол ғұмыр бойы сүйіп өткен Ерболатқа да сіздің бір жылт еткен сезіміңіз болған емес. Тек өзіңізді аяйтын адам іздеген боларсыз. Сүймегенсіз. Бұл не деген қаталдық!
Ғалия. Айналайын, сөзді доғарайық, ақыңды төлермін. Кітапты кейін бір қолыма алармын.
Зария. Түптеп келгенде, кітапты келін үшін жазып отырсыз. Разияның курстары, Разияның танымалдығы, оның махаббатқа толы өмірін қызғанасыз. Оның еркіндігіне, тұсаусыз басына, өз қалауымен өмір сүруіне қарсысыз. Кітап сол қарсылық танытудың жолы ғана.
Ғалия. Басым төбемнен төніп барады... молда келіп үшкірсін мені... шаршадым, Зария сенің мынау сөздерің орынсыз. Журналист болсаң өзіңе, қарағым, қайт үйіңе.
Зария. Бір сөзіңізде, курстасыңыз Гүлсім Ерболат қайтыс болғаннан кейін достарына сізді «Ерболаттың бәйбішесі» деп таныстырды дедіңіз. Тым болмаса өлген Ерболаттың тірі бәйбішесі болуға өзіңізді қимапсыз, қойыңдар ұят болады деп ат-тоныңызды алып қашып кетіп қалыпсыз. Елдің алдында айтылған сөзге ұялып, қайдағыны айтпа, Гүлсім, олай емес деп бетін қайтарыпсыз. Жетпіс беске келген кемпірге не айтылса да, ендігі жерде ел тергеп отыра ма? Неге өзіңізді Ерболаттың жары болуға да лайық көрмейсіз? Айтыңызшы, неге соншама асқақ, паң ақсүйектердей елден ерек болуға тырысасыз? Өз өміріңізде өзіңіз жоқсыз ғой, білесіз бе? Өзіңіз қалаған өмірді қашан сүресіз? Қашанғы өмірді әлдекімдермен, әлденемен толтырасыз? Байлық пен баршылық бақыт болса, неге бақытты емессіз?
Разия кіреді.
Разия. Жолдастар, қалайсыз? (Сторис түсіріп келе жатып, кілт тоқтайды.) Үшінші дүниежүзілік соғыс басталған ба жолдастар?
Зария. Кітапты талқылап, әбден сөйлесіп кетіппіз. Кітапты жазбайтын болдық.
Разия. Қалайша? Мен оқиын деп едім. Түһ, жоспарым бұзылды. Аудиториям бұл кітапты сағына сарсылып күтіп отыр еді. Мамашкімнің маған арнап жазған кітабы деп таныстырып, оқып шықпақшы едім. Жеке курсымның да жақсы фишкасы болар еді ғой, қап әй! Қалай тоқтаттыңдар, Зария?
Зария. Жалпы, қай тірліктің де алдында не үшін жасап жатырмын деп сұраған абзал ғой, соны талқылап, жазбаған дұрыс деп шештік. Әже, солай ма?
Ғалия. Кітапты жазбасам не болады?
Зария. Өз өміріңізді бастайсыз. Бүгіннен бастап, біреуге ақыл айтуды, біреудің көзін шұқуды, өз өміріңізді өнеге етуді, өзіңізді құрбан етуді қоясыз. Кітабыңызды жазып тастайсыз да, өз күнделігіңіз ретінде сақтайсыз.
Ғалия. Ол кімге керек?
Зария. Өзіңізге ғана.
Разия. О-о-о, браво, жолдастар, мен жоқта біраз шайқас болғанға ұқсайды. Сториске түсіріп салайын, қане, қараймыз.
Ғалия. Мені ойыншық етіп қылжақтаудан басқа мұның тапқаны жоқ.
Разия сторис түсіріп бастайды.
Разия. Жолдастар, бүгінгі инсайт, бүгінгі тамаша идеяның бірін айтайын. Егер жаныңыз қысылып, әлемді, енеңізді, келіңізді, абысыныңызды жек көріп, ұрысқыңыз келіп, жынданып тұрсаңыз, дереу отырасыз да кітап жаза бастайсыз. Бүкіл өміріңізді еске түсіріп жазуға отырасыз. Қалай кітап жазуға отырасыз, солай түсінесіз, сіз жек көріп отырған жан — ол өзіңіз, анаңыз болуы мүмкін. Өзіңізбен, анаңызбен жұмыс істеу арқылы ғана айналадағы өштесіп жүрген әйелдердің себебін түсінесіз. Жалпы, жазу бұл мықты терапия, ішкі сезімдерін танып-түсініп білмейтін жандарға таптырмас құрал. Достар, бүгін осындай ойға неге келгенімді айтайын ба? Енем өз өмірі туралы кітап жазып бастап, енді жазбайтын болды. Өйткені, оны жазу өте ауыр болды, жазып отырып өзінің түрлі комплекстерін, ішкі кедергілерін тауып алды. Ал, ол кедергілерді кітапқа жазу үшін - оған енді дух керек қой. Ондай дух тек жетілу үстінде жүрген адамға тән. Жолдастар, жазыңыздар, өздеріңізді табыңыздар, жауды алыстан іздемеңіздер.
Ғалия ештеңеге қарамай салғырт отыр. Басы салбырап екі иіні түсіп кеткен.
Ғалия. Менде ендігі не өмір қалды? Кітап жазайын десем оны да көп көрдіңдер. Уһ, Аллам-ай, қартайғанда мазақ болғаным қалай? Мына жалмауыздан қашан құтылам?
Зария. Өзіңді сүй, өзгелерге ұрынба,
Дүние кезек, қартайғанға қорынба!
Әйелдер тек жаратылған сүюге,
Ең құдіретті күш бар оның қолында!
Разиямен Зария бірге шырқайды. Ғалияны тұрғызып алып, қолұстасып айналады.
Әйелдер тек жаратылған сүюге,
Ең құдіретті күш бар оның қолында!
Дәстүр деген басталады әйелден,
Анаң, қызың, қарындасың, серігің,
Ол бүгінгі Қамар сұлу, Ақбілек,
Қайта оралған Қыз Жібек пен Ақ Баян.
Шымылдық
Сағадат Ордашева — жазушы, аудармашы, «Кек жуған» прозалық шығармалар жинағының авторы. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы баспасөз хатшысы. «Әдебиет. Рух. Қоғам - 2023» республиалық әдебиет байқауының жүлдегері.