Рашида Стикеева

185

Роза

Орыс тілінен тәржімалаған: Алишер Рахат

 

 Бір актілі пьеса

 

Қатынасушылар:

Роза (Розалия Экман), жүз жаста, азат ету қозғалысының ардагері

Эва, монах әйел, қарттар үйіндегі күтуші, елу жаста

Медбике, қарттарын үйіндегі медбике, елу жаста

 

Оқиға орны:

Қарттар үйіндегі бөлме. Кіре берісте ілініп тұрған қорапшада «Әкімшілікке арналған хаттар» деген жазу бар. Үкіметтің жаялығы жабылған төсек, жанында үстел, үстел үстінде жарықшам және әлдекімнің фотосуреттері жатыр. Кемпір үстел басында отыр. Үстіне ұзын ақ көйлек киген. Қаламсаппен бірдеңе жазып отыр.

 

Бірінші көрініс.

 

Эва (дауыстап оқиды). Азат ету қозғалысының ардагері — Розалия Экманнан Хайфа қаласындағы қарттарды емдеу үйінің бас дәрігері... (естіртпей атайды) мырзаға... Хабарлама. Асхананың бір қызметкері, аты-жөнін білмеймін, жай ғана «сорпаның тұзы аз» дегенім үшін мені «жалмауыз, даңғой кемпір» деп атады.

Роза. Мен оған тәрелкені лақтырып жібердім. Енді қайтеді екенмін? Асхана қызметкері ұғатындай етіп түсіндіріп отырайын ба?

Эва. Осы оқиғаны тексеруіңізді талап етемін... Кешірім сұрауын және қарт большевиктің ар-намысына тигені үшін... (естіртпей айтады). Хайфа қаласындағы қарттарды емдеу үйінің бас дәрігеріне. Өткізіп жібереміз... Розалия Экманнан. Хабарлама. Азаматша Норштейн...

Роза. Кәрі қақбас!

Эва. Түш (жалғастырады) нөмірі (естіртпей айтады) бөлмедегі, менімен көрші тұратын азаматшаның теледидарды даңғырлатып қоятын әдеті бар. Мен оған ескерту жасадым, бірақ ол мені балағаттады. Сосын мен ол қаншыққа лайықты жауабын бердім. Аз уақыт бұрын ғана билік кімнің қолында болғанын есіне түсірдім.

Роза. Оның миы жоқ басында өсетін шашының бірнешеуін өзіме естелікке алып қалдым. Арқасынан таяқпен періп кеп жібердім.

Эва (жалғастырады). Сосын бізді ажыратып, Норнштейнді басқа бөлімшеге ауыстырды, бірақ мен осы оқиғаны тексеруіңізді талап етемін, кінәлі адамның кешірім сұрауын және қарт большевиктің ар-намысына тигені үшін жазалануын және... (естіртпей айтады). Сонымен қоса мына нәрсені сізге жеткізгім келеді: әлгі азаматша революцияға дейінгі Одесса жезөкшелер үйінің ұятсыз әндерін ішінен айтады.

Роза. Тегі жоқ тексіз, есектің құйрығы, сүйегі қураған жезөкше, әдірем қалғыр!

Эва. Хайфа қаласындағы қарттарды емдеу үйінің бас дәрігеріне. Розалия Экманнан. Хабарлама. Бұл қарттарды емдеу үйінің бақташысы, аты-жөнін білмеймін, демалыс уақытында дауыстап ән айтты.

Роза. Жетесіз!

Эва. Осы оқиғаны тексеріп, кінәлі адамның кешірім сұрауын және қарт большевиктің ар-намысына тигені үшін жазалануын сұраймын. Коммунисттік сәлеммен, Роза Экман.

 

Екінші көрініс

 

Роза (жазып отыр). Құрметті... (ақырын, түсініксіз), Сізге хат жазып отырған — жолдас Роза. Менің жасым біразға келді, көп болғаны сонша, қанша екенін өзім де анық білмеймін. (Ойы бөлінеді.) Дәл осы жасымда, өзімді жалмауыз кемпірмін деп жазсам да болады. Сырт көзге жүзге келген адамға ұқсаймын. Қарттар мен жалғыз қалған жандарды емдеу үйінде өмір сүремін. Мен аты өшкір жаман аурумен ауырамын. Рак. (Жазыуды жалғастырады.).Біздің израильдік емдеу үйі мемлекеттікі. Хайфа қаласында орналасқан. Бұл жақсы жер, дәрігерлері көп, мейірбан медбикелер мен басқа да қызметкерлер бар. Мені осында әкелгенде, бірден жеке палатаға орналастырды. Әрине, сөйтпегенде?! Мен дегенің соғыс ардагерімін, отызыншы жылдардан бастап партия мүшесімін, оның үстіне репрессия құрбанымын, жалғызбын. Сондықтан да маған жеке палата бергендері заңды.

 

Эва Розаның хаттарын қоқыс жәшігіне лақтырады.

 

Роза. Сайтан алғыр, не істеп отырсың?! Мына Эва деген күтуші әйел жақын маңдағы ғибадатханадан екен. Әрине, біз бірден ұрсысып қалдық. Анығын айтқанда, мен оған ұрыстым. Ол көбіне үндемейді, ал мен қоямын ба?! Бәрін айтып тастадым, жалпы дін туралы да, біраз православ христиандық жайлы да. Мен мұндай монахтарды білемін... екіжүзділер мен жатып ішерлер! Өтіріктен мүләйімсіп, төмен қарап жүргендерімен, өздерінің ғибадатханаларында істемейтіндері жоқ. Сапарда жүргенде ондайлардың талайын көргенмін. Соғыстан кейін Польшада қаптап кетіп еді. Маған берсе, солардың бәрін зауыт пен фабрикаға қуып тығатын едім. Жоспарды орындатқызатын едім, ал кім орындай алмаса, жертөлеге қамап тастайсың, бір күн бойы жалбарынады, ертесі өзгеріп шыға келер еді. Құдайға да жақсы, қоғамға да пайдалы. 

Эва. Мен оны тыңдап біткеннен кейін, өзімнің католик екенімді, оған көмек керек болған соң осында екенімді айттым.

Роза. Әрине, мен оған айғайладым, дегенмен де: «қандай көмек? Оның маған не керегі бар?» деп сұрадым. Жай сұрай салдым. Әйтпесе мен ешкімнен көмек сұрағаным жоқ қой, оның үстіне қай-қайдағы монахтан. Сонда барып ол жауап берді. Менің анализдерімнің қорытындысы келіпті. Рак екенмін. Көрер күнім аз қалыпты.

Эва. Ол маған айғайлап, таяғымен қуып шықты. Сосын түні бойы ұйықтай алмады.

Роза. Менің ауруым әйелге тән жерден екені кейін белгілі болды. Бірақ мен өзімнің әйел деген санатқа жататынымды ұмытып та қалған едім. Қатын болып туғанымды ұмытыппын... қашан?.. Шын мәнісінде өзім де сондай бірдеңені күтіп жүргендей едім. Дәл осылай боларын білген сияқтымын. Менің ішімде көп нәрсе жиналып қалған... айтатын несі бар! Әйтеуір бір жерден шығу керек болды да. Рак болып шықты! Е, қайтейін, бәрібір жақынарада өлемін. Жоқ, бұл қарт большевиктің өз-өзін ұстай білуінен емес, фактіні қабылдауы. Факт деген факт, ол қайыспайтын темірдей аргумент. Енді бар күшімді жинап, қарт лениншіл адамға тән, аяушылықсыз, көз жассыз, жақсы аттануға дайындалуым керек.

Таңертең ол қайта келді. Үн-түнсіз, ештеңе болмағандай өзінің, не еді әлгі, Інжілін оқып отырады. Солайша біз күні бойы бір-бірімізге тіл қатпадық, ал кешкісін ол кетіп қалды. Мен оның қашан, қалай кетіп қалғанын байқамай да қалдым, бірақ әлдебір түсінбеушілік көкейімде қалып қойды. Жоқ әлде сендер әдетте сөйтесіңдер ме: адамға рак екенін айтып, сосын жерге қарап, үн-түнсіз отырасыңдар ма? Қандай қақыларың бар?! Мен ұзақ өмір сүрдім, көпті көрдім, ал мыналарыңның маған өйтуге қақысы... Ойландым да, оның өзіме жақындауына рұқсат еттім... Бір себебі болды...

 

Үшінші көрініс

 

Үстіне әдемі желеткесін киеді де, ашық түсті орамалын тағады.

 

Роза. Бала күнімде өкіл шешем болып еді. Есімі – Ева еді. Ол кезде бәрінің өкіл әке-шешелері болатын. Бірақ менің өкіл шешем... бәрінен де керемет сияқты көрінетін. Еміс-еміс есімде: мінезі қатал еді, бірақ мен дегенде көңілі бөлек болатын. Еркелететін, тамақ беретін, әсіресе тәттілерін жақсы көретінмін. Бір жерге барып тығылып қаламын да, соларды жеймін... Соған қатты қуанатынмын. Жалғыз өзім ғана жейтінім үшін... арасында қолы тигенде көңіл бөліп жүріп, менің сауатымды ашты. «Керек болады Розажан, бәрі болашақта керек болады» дейтін. Ол кісінің сөйтіп маған көңіл бөлгені жүрегімді жылытатын, күш-қуат беретін, өзімді сенімді сезінетінмін. «Ештеңе қарамастан, мақсатыңа нық қадам бас» деуші еді. «Адамдарға сенбе, бірақ өз адамыңды жіберіп алма» дейтін тағы. Менің өкіл шешем сенуге тұрарлық адам болды. Басқа басқа, ол адамдарды жақсы тани алатын. Өмір бойы базарда сауда жасаған адам. Дауысы жуан, жұмысбасты, бастаған ісін соңына жеткізетін қайсар адам еді! Мынадай монахқа қайда ондай болу? Бар болғаны есімдері аттас. «Адамдарға сенбе, бірақ өз адамыңды жіберме». Дәл солай істедім де.

 

Төртінші көрініс

 

Роза. Сонымен, сенің Құдайың менің жағдайым туралы не дейді?

Эва. Құдай жалғыз және Ол жалбарыну керек дейді.

Роза. Сонда не үшін жалбарынуым керек екен? Қиындықты көп көрдім. Одан кейін бәрі ауру болып сыртқа шықты.  Бірақ не істесем де, бәрі менің өз шешімім. Мен, жалғыз өзім шешім қабылдадым.

Эва. Онымен сөйлесу керек!

Роза. Сенің Құдайыңмен не туралы сөйлесемін? Мен не саған, жындымын ба, өз-өзіммен сөйлесе беретін?!

Эва. Саған ләжі болса... Осы сөзден кейін ол мені қуып шықты да, күні бойы ашуланды. Келесі күні мен қайта оралдым.

Роза. Ай өтті. Қуатым кеміп, құсқым кеп, әлсіздік дендеп барады. Ал мен бар күшімді жинауға тырысып жатырмын, тырысып жатырмын, бірақ бір кезде түсіндім: мен шынымен өліп бара жатырмын ғой. Өмірімде талай рет өлім аузына барып келдім ғой, бірақ осы жолы құтыла алмайтынымды түсіндім. Бойымды үрей билеп алды! Шынымен қорқынышты. Эваның Польшадан екенін кейін білдім, білдім де, бірден түсіндім. Бәрі бекер емес еді. Өйткені мен де батыс Украиналық поляк еврейімін ғой. Әйтеуір, анық есімде қалғаны сол. Сол Эва маған құлшылық етуім керек екенін айтты.

Эва. Мен оған құлшылық ету керек екенін айттым. Өз ойларыңды Құдайға сеніп тапсыруың керек екенін... Айтылмаған ойлар адамды ішінен жей береді: мұңайтады, жаңа ойлардың тууына, ойыңды таза ұстауға кедергі келтіреді... Адам жаны Құдайды есіне алғанда ғана жай табады. Құдай біздің қамқоршымыз, Құдай біздің қорғанышымыз. Сондықтан да жалбарынып сұрау керек, сонда Ол жәрдем қылады.

Роза. Ұрсысуға шамам болмады. Ойланып-ойланып жаттым да, егер бар болсаң, мені естірсің, егер жоқ болсаң, өз-өзіммен ақ сөйлесе беремін деп шештім. Менің айтарым бар. Өзімнің сорақы адам екенімді білемін, бірақ енді Құдайдың сорақы адамы ретінде бір ғана өтінішім бар: түсіну! Мен өлімнен қатты қорқамын. Ол жақта мені не күтіп тұр? Мен қалай істедім, солай істедім, солай болды. Мені соңына дейін тыңдап, түсінші!

 

Бесінші көрініс

 

Роза. Бүгін бірінші Наурыз. Аз жазады екенмін. Күнәларым шаш етектен екен, бірақ әйтеуір ұйқым тыныш. Қатты ұйықтаймын. Өйткені менің күнәларым құтқару, құтқарылу үшін істелген. Тек бүгін ғана дұрыс ұйықтай алмадым. Денем сырқырады, ауырғаны басылып еді, ойға батып кеттім...

Анам түс көріпті. Түсінде мені бір байдың үйіне қызметші қылып береді екен. Көрші ауылдан келіпті. Біреу... Бәрі маған қадала қарап тұрды. Анама бірдеңелерді сыбырлап айтып жатыр. Әйелі қимылсыз жатып қалыпты дейді... Өзі бұқадай дәу, беті қып-қызыл. Менен көзін алмайды. Ернін тілімен жалап, жымиды. Ал мен қырсығып қарсы болдым. Байдың үйіне барғанша, белім қайысып алқапта жүргенім артық дедім. Қыз болсам да, оған менен не керек екенін түсініп едім. Мен ол кезде ғашық едім. Менің ғашығым текті жерден шыққан, мәртебелі, сымбатты жігіт еді. Кедей емес. Мені ханшайымым деп атайтын. Менің өмірімдегі ең алғашқы еркек. Бірақ ол мені сатып кетті. Иә, иә, менің аймақта ең сұлу қыз болғаныма қарамастан тастап кетті. Мені тастап, мені баяғыдан бері жек көретін ескі құрбыма кетті. Екеуіміз келе жатқанда еркектердің көзі маған түсіп, менің жолымды бөгейтіні үшін жек көретін. Іші күйетін, сұр жыланның! Сол үшін ғашығым мені тастап, оған кеткенде, жай ғана жаным ауырған жоқ, менің жауыма кеткені үшін өзегім өртенді.  Себебі менің аяғым ауыр болатын және мен тезірек құда түсу керек деп асықтырып едім. Балаға өз әкесі керек қой, ал ол созып жүріп алып еді... Әке-шешем, анау-мынау деп, міңгірлеп жүріп алды... Содан бәрін ашып айттым. Бекер айтыппын... Оның өңі бозарып кетті... Ерні дірілдеп... Мені ұстап алды да, жұлқып... Ары қарай не болғанын нақты есімде жоқ.

Түсік тастадым. Денем ауырғаннан айғайладым, ал анам мені түйреуішпен ұрды. Өкіл шешем болмағанда өлтіріп қояр ма еді. Бірақ мен бір тамшы жас шығармадым. Таңертең ерте тұрдым да, үйден қашып кеттім.

Жаздыгүні таңертең болғаны, есімде. Біреу-міреу дыбысымды естіп қоймас үшін, жалаңаяқ жүруге тура келді. Таңғы шықтан аяғым қатып қалды. Ішім ауырып, шыдатпай барады. Басым айналып... Бірақ мен ештеңе сезбедім. Бар ойым: қашу, қашу... Анамның таяғынан, қызыл бетті еркектен, дірілдеген еріннен, бәрінен қашу...

Мен оны қазір түсінемін... Ол да қорыққан ғой, қанша дегенмен жас бала, әке-шешесінен қорқады, әке-шешесі оның да басынан сипамайды ғой істегені үшін.

Сөйтіп мен кейіннен коммунист болдым.

Қалай дейсің бе? Жай, жай ғана бола салдым. Қаладағы вокзалдың жанында бірнеше күн күнелттім. Сол кезде бір бойжеткеннің ауыр чемоданын үйіне дейін көтерісіп апардым. Ол маған алғысын айтып, тамақ берді. Сосын кім екенімді, қайдан жүргенімді сұрады.

Менің хат танитынымды біле сала (өкіл шешеме рахмет), қатты қуанып кетті! Сөйтіп сол бойжеткенмен бірге қалдым. Күндіз үй шаруасына көмектесемін, кешке берген тапсырмаларын жазып, көшіріп беремін. Басында түсінбейтінмін, тек қатесіз жазылғанына қарайтынмын. Кейін жиналыстарға қатысуыма рұқсат берді, сонда барып бәрін түсіне бастадым. Әсіресе байлар туралы жерлерін өте жақсы түсіндім. Көз алдыма қиналған анам, әлгі қызыл бет келе қалды... Менің тумай жатып шетінеген балам... Қаным қайнағаны сонша, ары қарай ештеңені түсіндірудің қажеті жоқ еді. Сосын әлгі бойжеткен менімен аттас, әйел құқықтары үшін күрескен белсенді Роза Люксембург пен оның құрбысы Клара Цеткиннің фотокарточкасын көрсетті.

 

Роза үстел үстінен фотокарточканы алады. Қарайды.

 

Неткен ғажап әйелдер! Менің де солар сияқты болғым келді! Жаным ауырды! Қан кетіп, өзімнен бұлшық ет ағып түскенін қайта сезінгендей болдым. Бойымды ашу-ыза кернеді... Кек алғым келді. Сол кезде маған қалай ауыр болса, оларға одан да ауыр болғанын қаладым. Қатты ауырғанын тіледім! Қатты, қатты! Ендігіде өмір үшін емес, өлім үшін күрес басталды. Бастапқы кезде жертөледегілерге қолымнан келгенше көмектесіп жүрдім. Партияға кіргеннен кейін насихатшы болдым. Батыс Украинаны түгел аралап шықтым, ал ол кезде Кеңестіктермен байланысы бар адам үшін ол жақ өте қауіпті еді. Мені ұстап алды да, Львовтағы түрмеге қамады. Мені кім ұстап бергенін білдім. Соғыстан кейін, арнайы бөлімде жұмыс істеп жүргенде сол документті көрсетті маған. Арандатушы мені ұйымдағы ең басты коммунист деп жазыпты. Негізі олай емес еді. Менен жасы үлкен, тәжірибесі мол жолдастар болды, бірақ мен коммунисттік идеяға жан-тәніммен сендім. Мен сияқты сенген адам болды ма екен, жоқ па екен? Және өмірімнің соңына дейін сол идеяға адал болып келемін. Мені ештеңе өзгерте алмайды деп ойлайтынмын. Одан бері қаншама жыл өтті, қаншауы өлді, ал кім идеяға адал болып қалды? Өлгендер мен мен ғана!

Міне, ақыры арамызда осындай әңгіме болған екен, мені түсінетін бұл әлемде біреу бар болса, ол Сен ғанасың деп ойлаймын. Сен мұның мәні неде екенін көріп тұрсың ғой? Мен соны көргеніңді қалар едім. Иә, мен коммунисттік идеяға жан-тәніммен берілген адаммын. Партия маған әке де, шеше де болды. Ол маған бәрін берді: идеалдарына сендірді, әділдікке үміт берді, зеңбірекпен алдыңа келсе де, әділдіктен бас тартпауды, оны сүюді үйретті. Мені өте қатал және қатыгез болғансың дейді. Тіпті, қанпезер, жауыз болғансың дейді. Коммунизмнің идеалдарына өте қатты сендім және сол үшін күрестім. Алайда сен білесің ғой, маған басқа өмірдің керегі де жоқ еді. Менің сүрген өмірімде бәрі түсінікті және шынайы. Сатқындарды жек көремін және қор санаймын! Қазір мен күні-түні төсекте жатырмын, арасында бір тұрып, бөлмені бір айналып шыққаным болмаса. Біздің ісіміз ұмытылып, ол идеяны сатып кеткендерін ойласам, дем алуым қиындап кетеді. Иә, мен партияның фанатымын. Болғанмын және сол қалпымда қаламын. Мына жерде бұрынғы Кеңестен қалған бұрынғы коммунисттер толып жатыр. Аласы да, құласы да... Бірақ ешкім өзінің бұрынғы өмірі туралы айтпайды, құдды бір бұрын ештеңе болмағандай. Эх, қолыма тапанша берсе, бұрын кім болғандарын бәрінің есіне түсіртер едім. Бүгінге осы.

 

Алтыншы көрініс

 

Роза. Бүгін Сәуірдің бесі. Таңертең Эва екеуіміз сөйлестік. Қызық. Өмірімде алғаш рет оны көргеніме қуандым. Болмашы нәрселер туралы айтсақ та... ауа-райы жайлы, көршілер туралы. Кенет, ол менен балаларым бар ма деп сұрады. Айқайлағым келді, бірақ теріс айналып, керегеге қарап бір сағаттай жаттым. Иә, балаларым болған. Еркектерім де... Мен оларды жек көрдім. Менің алқаш әкемнен бастап, олардың бәрі қорқақ, ез еді. Балалар өмірге келді, өйткені сақтанатын нәрселер болған жоқ, аборт болмады. Тұңғышым Анна еді. Мен оны тура соғыстың алдында Львовтағы Бригитка түрмесінде тудым. Кішкентай Аннаны балаларына үйіне жіберді. Ол жерде ол қалай өмір сүрді білмеймін. Ол уақытта мен партиялық ұйымның жетекшісі болдым. Өмірге құлшынысым зор болды, қатты асықтым, тіпті бала тұрмақ, тамақ ішуге уақытым жоқ кездер болды. Дегенмен де анаға тән бірдеңе менің кеудемде қалып қойды. Соғыстан кейін қызымды тауып алдым да, жанына бардым.

 

Үстелден бір қағаздарды алады да, әңгімесін жалғастырады.

 

Балалар үйі Загорскіде еді. Мәскеудің маңайында болатын, әйтеуір, қазір нақты есімде жоқ. Сол жерде түгел Совет Одағындағы поляктың балаларына арналған балалар үйін жасаған. Ал Аннаның анкетасында әкесі де, шешесі де поляк деп жазылған еді. Тіпті, оны ол жерден алып кеткім келді, бірақ қайтадан түрмеге түстім. Бұл жолы Советтің түрмесіне. Сосын лагерьге жіберді. Сталин өлгеннен кейін мені түрмеден босатты, бірақ әрине бірден емес, екі жылдан кейін ғана.

Эва. Анна қазір қайда?

Роза. Америкада. Тоғышарға айналған. Шыттай киініп алған. Костюм. Туфли, сырға, алтын алқа мен сақина... барлық саусағына дерлік сақина таққан. Ұлы бар, қазіргі заман туралы кәнігі әдеттегі америкалықтар сияқты ойлайтын. Кездескенімізде аузынан сағызы түспеді, шайнаңдап... маған қарап тұрып-тұрып, «қаруыңыз бар ма?» деп сұрады. Құдды бір коммунисттердің бәрі өмір бақи қолына қару ұстап жүретіндей. Қаруым болмағалы біраз болды деп едім, ары қарай оған қызықсыз болып қалдым. (Пауза.) Құдайым, сен мені тыңдап тұрсың ғой, иә? Маған қазір мені тыңдағандары керек!

Эва. Білесің бе... Анна осыдан бес жыл бұрын қайтыс болды. Өкпесіне бірдеңе болған. Өкпесі әлсіз болыпты. Сен соны білдің бе?

Роза. Таң қалатын несі бар, ол түрмеде дүниеге келді емес пе.

Эва. Біз тағы үнсіз қалдық. Сосын ол өзін жалғыз қалдыруын өтінді.

Роза. Ұйықтай алмадым. Аздап ауырдым, бірақ қозғалыссыз жата бердім. Жоқ, мені арым мазалаған жоқ, өйткені мен өмір бойы идеяға адал коммунист болдым ғой. Жұмыс істедім, түрмеде отырдым, орманда соғысты көрдім, лагерьде өлім аузында жаттым, сосын қайтадан жұмыс істедім. Бәрі идея үшін. Біз жеңілгенге дейін...

 

Жетінші көрініс

 

Эва. Немерең сені іздеп жүр. Келгісі келеді екен...

Роза. Не керегі бар? Біз әртүрлі адамдармыз, оған менен не керек?

Эва. Анасының хаты бар екен. Саған жазған.

Роза. Ешқандай хаттың керегі жоқ! Ештеңе керек емес! Көргім келмейді!

Эва. Аннаның әкесі кім?

Роза. Жертөледе бірге қызмет істеген бір жолдас. Партиядағы. Оған кейін не болды білмеймін. Аннаның әкесіне қатысты нәрсенің бәрі қара дақ. Ол да бәріміз секілді партияға адал жолдас болған. Бірақ кейіннен сәтсіздіктерге ұшырай берді. Арамызда сатқын бар екенін бәріміз түсіндік. Соңына дейін өзінің кінәсіз екенін айтып бақты, бірақ оны атып тастады. Мен оны ұмытуға тырыстым және ұмыттым да. Сатқынды еске сақтаудың не қажеті бар?!

Эва. Оған кезекті дәрілерінен құйғаннан кейін, ұйықтап қалды.

Роза. Қазір түн. Мен саған хат жазып жатырмын және сенен өтінемін... тіпті не өтінерімді де білмеймін. Анна үшін бе? Лагерьден шыққаннан соң, бірден Польшаға оралдым. Анна ол кезде Варшавада еді. Мен оны таптым да, ақыры алып кеттім. Бір жылдай ғана бірге тұрдық. Ол кезде ол бой жетіп қалған, үлкен қыз. Жиі ұрсысып қала беретінбіз, сосын оны амалсыздан қайтадан беруге тура келді. Католиктердің монастырьіне орналастырдым. Жұмысым көп болғандықтан, сирек баратынмын оған. Конфирмациясына ақ көйлек сатып алып бермегенім үшін монастырьден қашып кетті. Оны білген жоқпын, іздемедім де. Жоқ, жалпы неғылған қыңырлық онікі? Ақ көйлек үшін?! Сосын, сосын мүлдем қолым тиген жоқ. Мен соғыстан кейін мазасы қашқан Польшаның шекаралас аудандарына ұзақ мерзімдік іссапармен кеттім. Ал Аннамен осында, Израильде жолықтық. Ол біздің соңғы кездесуіміз еді. Оның алдында ол баласы апасымен, яғни менімен жақынырақ танысқысы келеді деп жазып жүрген. Қарсы болғаным жоқ. Әйтеуір, бір жаздыгүні, түстен кейін келді. Ұйықтайын деп жатқанмын, сөйтсем: «Сізге кісілер кеп тұр» дейді.

Біраз уақыт тіл қатпадық. Айтпақшы, ұлы ол кезде кішкентай, оған қызық болса керек, менен көзін алмайды. Әлгінде айтқанымдай, Анна әдеттегі америкалыққа ұқсап кеткен және сол нәрсе менің жыныма тиді. Өміріне риза, мұнтаздай таза киініп алған, беті жып-жылтыр қатынды ұнатқаным жоқ. Өзіне оны айттым да. Анна мені қатты жек көретінін айтты... Маған бәрібір еді. Шын мәнісінде өзімді солай жігерлендіретінмін. Анна, Анна! Мен сонда оны іздеп, шақырып, қайтып келуін өтінуім керек пе? Мен ондай адам емеспін.

Дұға оқуды білсем, оның жанына тыныштық бере гөр деп дұға оқитын едім. Бірақ... Бар сүйенерім бір өзіңсің, Құдайым. Аннаға айтшы, қайткенменде ол менің қызым... байғұс қызым.

 

Сегізінші көрініс

 

Роза. Мамыр айы келді. Терезеге қарап тұрып, соғыс кезінде Белоруссияның орманында партизан болғаным есіме түсті. Алдымен гетто болды. Жиырма жылдай батыс Украинада жертөледе жұмыс істедім. Басшылық менің тәжірибемді жақсы бағалады, Орталықтың тапсырмасы бойынша еврей екенімді ескеріп, сол жаққа жіберді. Иә, өте қиын жағдайда кезекті жұмыстарымды істедім. Маған сенді, мен ұятқа қалдырғаным жоқ: ең ержүрек деген жиырма шақты адамды геттодан орманға алып шықтым. Жалғызізілік, қоршаудағы ұзақ жолдармен жасаққа жеттік. Ары қарай, адамдарды соғыс алаңына апарып тастадым. Ел қатарлы соғыстым. Соғысқа қатыстым...

 

Қолына ұстаған баласын тербейді, құшақтайды, тынышталдыруға тырысады.

 

Геттодан қашқаннан кейін жарты жылдан соң, ұл тудым. Витекті. Ол түнде жылайтын. Жасақтағылар маған ала көздерімен қарайтын болды. Оның үстіне күн суық, адамдар аш. Бастапқыда аздап сүтім бар еді, кейін ол да суалып кетті. Екі аптадан кейін ол өлді. Дұрыс істеді! Қысқасы, мен оны сол орманның ішінде, жеркепеге жақын жерге жерледім.

 

Көрермендерге арқасын беріп отырады да, жер қазады. Тербелуін тоқтатпайды.

 

Эва. Баланың әкесі кім?

Роза. Геттодағы бір еврей. Сөзіміз жарасты, бірге тұрдық, бірақ ол қашудан бас тартты. Қорқақ еркек еді. Қашсақ, немістердің ашуына тиеміз деп қорықты. Солай болды да. Таңертең геттода қалып қойған адамдарды немістер атып тастады.

Эва. Роза, егер мен олар үшін дұға оқысам, қарсы болмайсың ба?

Роза. Қарсы болмаймын, әрине, оқы. Олай істеу менің миыма кіріп шықпапты.

Эва. Кішкентай Витек үшін де дұға оқимын, тура осында, сенің қасыңда отырып. Оны ол жақта ұмытпауын Құдайдан өтініп сұраймын.

Роза. Білесің бе, бастапқы кездері мен уайымдадым. Түсімде оның көгеріп кеткен қол-аяқтарын көретінмін. Кеудемнен сүт іздеп, бетін кеудеме тақай беретін. Сүт қайдан болсын. Сұмдық ашаршылық болды. Тұрғылықты тұрғындар бізді аса жақтырған жоқ. Шөп пен ағаштың жапырақтарын жедік. Жақын маңдағы қалада діни пәтер бар екен, маған сол жерде қалуды ұсынды. Ал мен өте құнды агент едім, нашар ана болсам да. Жақсы ана бола алмай-ақ қойдым. Сондықтан олай істей алмадым, себебі жасақта екі-ақ коммунист едік: бірі — мен, екіншісі — командир. Қалғандарының бәрі қашқындар, тұрғылықты тұрғындар. Олардың көңіл-күйі әр уақытта әр түрлі болатынын ескеруіміз керек болатын. Менің арым таза. Мен партиялық міндетімді адал атқардым, одан басқа ешкімге жүрегімнен орын бергенім жоқ. Жарайды, Құдай, осымен әңгімені доғарайын, әйтпесе жылағым келеді. Ал мен көз жасты жек көремін, өзім ешқашан жылаған адам емеспін. Менің партиялық тәртібім сондай.

 

Тоғызыншы көрініс

 

Роза. Эва мамыр айының соңында келді. Бір айға жуық келмеп еді. Қайда болды, не істеді хабарым жоқ, өйткені ол маған айтпады. Сол уақыттың ішінде тозаққа түскендей күй кештім. Бәрі есімде.

Эва. Бұл жолы жақсы киініп бардым. Мойныма орамал тақтым. Бал әкелдім.

Роза. Мен қатты қуанып кеттім де, оған шын жүректен алғысымды айттым. Өкіл шешемнің маған бал жағылған нан пісіріп беретіні есіме түсіп кетті. Мен оларды жеген соң, бәрін жақсы көріп кететінмін... таңғы астан кейін сөйлескім келді. Солайша біз әңгімемізді жалғастырдық. Мен жасақтың құрамында қырық төртінші жылдың соңына дейін болдым. Әр жерде соғыстық. Біресе жау оқыстан тап береді, біресе біз оларды өртеп кетеміз. Бұрынғы құрамнан бірде-біреуі қалмаған. Сосын қызыл армия келді де, фашисттерді батысқа қуып тастады. Жасақты қайта жасақтады, ал мені аяғым ауыр болған соң, тылға жіберді. Қайтем енді, қатын болып туған соң. Жасақтағы бір жауынгермен байланысым болған. Тұрғылықты жігіт еді. Үйінде әйелі мен үш баласы бар еді. Сондықтан оған арқа сүйей алмадым. Мені ары да емес, бері де емес, Мәскеудің өзіне жіберді.

Эва. Ұл тудың ба, қыз ба?

Роза. Екі ұл. Егіздер. Екеуімен әскери емханада жатқанымда, маған құқық қорғау орындарынан адамдар келді. Оларға партизан жасағының әрекеті туралы айтып бердім. Ауыр босандым. Бірақ бізге жақсы қарады, тезірек қалпыма келдім. Ұлдарымның да денсаулықтары жақсы болды.

Эва. Оларға қандай есім қойдың?

Роза. КСРО-да қалам деп ойлағандықтан, оларға орысша ат қойдым. Александр және Иван деп ат қойдым. Босанғаннан кейін маған бөлме бөліп берді, бала күтушісін жіберді де, өзімді арнайы бөлімге жұмысқа жіберді. Сөйтіп төрт жыл жүрдік. Бәрі орнына келе бастап еді, мен тіпті Аннаны алып кетемін деп ойладым. Алайда ол кезде өзі қиын уақыт еді ғой...

 

Роза көйлекшең отыр.

 

Роза. Бір күні түнде менің артымнан келді. Белоруссиядағы біздің жасақ туралы әлденеге күдіктенді ме, мені тергеуге, балаларды балалар үйіне әкетті. Оларға не болды, білмеймін. Босап шыққан соң іздеген жоқпын. Бірден Польшаға кетіп қалдым.

Эва. Роза...

Роза. Не Роза?! Мені не үшін он жыл лагерьге жіберді?! Иә, кейіннен жіберді, кешірім де сұрады, бірақ мен енді бұл елді көргім келген жоқ. Тезірек кеткім келді, кеттім. Болды! Басты қатырмашы! Қазір таяқпен жіберіп ұрамын...

 

Оныншы көрініс

 

Эва. Сол балалардың тағдыры туралы білгің келе ме?

Роза. Жоқ.

Эва. Неге, Роза? Төрт жыл оларға ана болдың ғой.

Роза. Ешқандай жақсылық күтпеймін. Бізді тастап кеттің деп айтады. Ал мен шынымен де оларды тастап кеттім. Біз бірге тұрған уақыттың өзінде мен оларды тек түнде көретінмін, ұйықтап жатқандарында. Өйткені көп жұмыс істедім. Бәлкім жанымда жақын адамым болып, «Роза, мұның не десе?»... Бірақ бәрібір оны тыңдамас едім. Эх! Мен мұның бәрін тек қазір ғана түсінемін. Қазір ғана... Түнімен оларды түсімде көрдім. Мен ешқашан түс көрмейтінмін. Ешқашан. Ал түнде тек соларды көрдім, таңға дейін. Қатты қорқып кеттім. Қорқынышты. Анамды есіме алдым. Оның аяғына жығылғым келді...

Эва. Айқайлама, Роза! Естіп тұрмын ғой.

Роза. Мен де өзімді естіп тұрмын! Бірінші рет. Мен үкіметке қатты өкпеледім. Өз отанымнан да қатты жақсы көрген үкіметім мені сатып кетті. Мен үлкен іске қызмет еттім, бірақ өзімнің бірге жүрген жолдастарым мені Колымаға айдап жіберді. Сол жерде бәрін жоғалттым. Денсаулығымды да, адамға деген сенімімді де, күндердің күні бостандыққа шығамын-ау деген үмітімді де, бәрін-бәрін жоғалттым. Тек идеяға деген сенімімді жоғалтпадым! Сол ғана ары қарай өмір сүруге күш-қуат берді!

Эва. Роза, айқайламашы! Мен ертең келемін. Қазір медбикені шақырайын, саған тынышталдыратын, ауруды басатын дәрі салсын.

Роза. Кетіп қалды. Мен өз ойларыммен, көрген түстеріммен, әлдебір түсініксіз сезімдермен жалғыз қалдым. Ертең жалғастырамыз деді Эва. Ешқашан ойланбаған заттарың туралы айтудың қандай қиын екенін білсең ғой...

 

Он бірінші көрініс

 

Роза. Олар туралы Қызыл Кресттен сұрастырып біліп алғанмын. Бірақ ақпаратым аз еді. Ұлдарым Омск облысында болатын, балалар үйінде. Екеуі бірге емес еді. Екеуін бөліп тастаған. Кішісі үлкенінен үш километр жерде еді. Бар білгенім сол ғана болатын.

Эва. Мұнымен біткен жоқ. Иә, екеуін бөлген, екеуі қиналған. Александрдың бүйрегі ауырған, кіші дәретін ұстай алмайтын еді. Оның сол ауруы балалар үйіндегі тәрбиешілердің жүйкесіне тиетін, жек көретін. Әрбір төсекке жіберіп қойғаны үшін аяусыз ұратын. Әр түн сайын ұратын. Екеуі де бірнеше километрде бауыры бар екенін білетін. Берген тамақты жемей, бір үзігін бауырына деп тығып қоятын. Олай істемеу керек екеніне ешкім оларды көндіре алмады. Естігің келмей ме?

Роза. Тура солай болды дегенді қайдан шығардың, Эва? Егер оларды бөлген болса, бөлу керек болған да. Мемлекет коммунизмнің принциптерімен құрылып жатқанын, болашақта ол істі жалғастыратын балалар үшін қолынан келгеннің бәрін істегенін ұмытпа.

Эва. Роза, сен мені естисің бе? Олар қиналған! Күнде түн ішінде олар сені шақыратын, бізді әкетеді деп күнде сені күтетін.

Роза. Доғар! Жап аузыңды! Тыңдағым келмейді сені! Кет!

Эва. Иә, әрине, мен кетемін. Бірақ ертең келемін.

Роза. Жоқ, тоқтай тұр! Тоқта, айтамын!

Эва. Ертең, бәрін ертең айтасың.

Роза. Айтшы, олар тірі ме? Мен өкіріп жыладым. Бар дауысыммен. Жаным да, тәнім де ауырды. Ешқандай дәрілер көмектеспейді. Медбикелер түнімен әбігерге түсті. Міне, енді жіберген сияқты. Мен саған жазып жатырмын. Олар тірі болса да, өлі болса да, менің дұғамды қабыл алшы! Менің басқа амалым болған жоқ. Болды, ары қарай шамам жоқ!

 

Он екінші көрініс

 

Роза. Түсімде балалардың аяқ-қолдарын жиі көремін. Көйлектерінің түсі қандай... Бәрін айтқым келеді, бәрін... мені аяғандарын... мен, мен бейбаққа жандары ашығанын қалаймын! Мұндай жағдайда адамдар не әкесін, не шешесін көмекке шақырады. Ал мен ешкімді де шақыра алмаймын!

Эва. Қайырлы таң, Роза!

Роза. Менің балаларым туралы не білесің, айтшы.

Эва. Оларды табыстырды да, Мәскеудің маңындағы балалар үйіне ауыстырды. Бауырлар біршама уақыт бірге болды, бірақ көп ұзамай біреуі скарлатинадан көз жұмады, екіншісі он сегіз жасқа толмай, асылып өледі. Бауырынсыз өмір сүрудің мәні жоқ деп санады. Екеуі бір-біріне қатты байланған еді. Соғыстан кейін, біз халықаралық Қызыл Крест ұйымының уәкілдігімен КСРО-ға барып, поляк балалардың тағдыры жайлы сұрау салдық. Ешкімге керек емес болған деп айтайықшы, әке-шешесі де, қамқоршысы да жоқ балаларды қамқорлығымызға алмақ болдық. Сенің балаларыңның анкетасында анасы украиналық поляк деп тұрды. Сен тағы да жылап отырсың ба, темірдей Роза?

Роза. Маған дұға оқуды үйретші, Эва! Біреуін болса да үйренейінші. Мен олар үшін дұға қыламын. Құдай оларды күнәсімен қабыл алуы үшін...

Эва. Ол баяғыда болған, Роза.

Роза. Мейлі. Мен бәрі үшін, сосын өзім үшін де дұға жасаймын.

Эва. Міне саған екі шырақ. Жақ та, қайтала...

Роза. Мен оның айтқан дұғасын қайталап отырдым да, жылай бердім, жылай бердім. Құдайым, менің көз жасымды қабыл ал!

 

Он үшінші көрініс

 

Роза. Бір іссапарда бір еркекпен таныстым. Анджей жай бір қарапайым адам еді, жо-жоқ, мен қазір ойлап қарасам, ол маған мейіріммен қараған жан еді. Біз ұзақ уақыт бірге өмір сүрдік. Бәлкім өмір сүре берер едік, егер оның ұлы болмағанда. Бір күні түнде ол есікті қақты. Анасының қайтыс болғанын, басқа барар жер, басар тауы жоқ екенін айтты. Анасы қайтыс болса қайтейін? Менің де балаларымның анасы болған жоқ! Күйеуім әрине, қалбалақтап кетті. Менің көзқарасымды сұрамастан, оған тамақ беріп, түнде үйге қондырып жүрді. Ал біздің тұрған үйіміз менікі еді! Түнде бала тұрды да, нан сұрады. Менің қолым бос емес еді. Партияның облыстық конференциясына доклад жазып отырғанмын. Сөйлейтін сөзімнің жалынды, жігерлі шыққанын қаладым. Сонда да орнымнан тұрдым да, оған нанның шетінен кесіп бердім. Оны жеп болып, тағы сұрады. Қомағай болатын өзі! Тағы да аздан кесіп бердім. Біздің дауысымыздан күйеуім оянды. Баланың қоқым теріп отырғанын көріп, мені ұрып жіберді. Ертесі екеуін де қуып шықтым.

Эва. Бір үзім нанды да аядың ба?

Роза. Мәселе онда емес. Мәселе оның баласында еді. Маған ұнамайтын.

Эва. Неге?

Роза. Неге, неге?.. Өйткені оны көрсем, өзімнің балаларым есіме түсіп кететін. Ал мен есіме түсіргім келген жоқ. Естеліктерге қайта оралғым келген жоқ, арыммен арпалысқа түскім келмеді. Өйткені басқа көптеген ойланбайтын адамдармен салыстырғанда, менің жұмысым көп, әрі ауыр. Түсінесің бе?

Эва. Түсінемін, түсінемін.

Роза. Есесіне, мен өзімді түсінбеймін! Жай ғана адам сияқты өмір сүрсем болар еді ғой?!

Эва. Сен тағы айқайлап жатырсың...

Роза. Ал сен шыда! Күтуші емессің бе! Аурухананың шәшкесін шағып, еденге лақтырып жібердім де, теріс қарап жаттым. Әлгі баланың есімі кім еді, жасы қаншада еді, есімде жоқ. Ода бәрі жақсы шығар деп үміттенемін. Тірі, дені сау, отбасы бар, балалы-шағалы болар. Егер солай болса, ода бәрі жақсы болсыншы! Солай болғанын қалаймын. Мен қазір жылап жатырмын. Жылағаннан жеңілдеп қаламын. Құдайым, мені естіп тұрсаң, ол мені кешірсінші, оның әкесі – Анджей де мені кешірсінші. Мен қазір ұйықтаймын. Әлсіреп қалдым.

 

Он төртінші көрініс

 

Роза. Шешемді жиі-жиі есіме аламын. Бұрын... жоқ, есімде жоқ, есіме түсіргім келмейтін... Ал қазір... Қазір оны жақсы түсінемін! Шешем кіші ініме жаны ашитын. Әлсіз еді, ауыра беретін. Сұлу да, сымбатты, күшті боп өскен мені жек көретін. Әрине, көңілге келеді. Есім дұрыс, денім сау, әдемімін, бірақ анама керек болмадым. Оған тек аурушаң, дімкәс кіші інім ғана керек болды. Өкпелеп, бәрін керісінше істейтінмін. Анамның қолының қаттылығына қарамастан, білгенімді істедім. Ауызбен айтып түсіндіре алмай кеткенде, қолына түскен затпен жіберіп ұратын. Көшедегілердің бәрі білетін. Көзімді жұмсам болды, беті тыжырайған анам мен айғай-шуды қызықтаған көршілерімнің бейнесі көз алдыма келеді. Мен қазір анамның сол кездегі жасынан әлдеқайда үлкенмін. Ол қарапайым шаруа әйел еді, өмірінде сәбізден басқа тәтті дүние жеп көрмеген. Түнде інім мен маған жай ған қарапайым адамның бақытын тілеп, жалбарынып жататын. Енді қазір мен түн ішінде ойша онымен сөйлесемін. Есіме де тек анамды аламын! Кішкентай күнімде басымнан сипағаны, ән айтқаны, әңгімелескені қандай еді! Күнәмді жасырып қайтемін, мен таза есалаң, есуас болатынмын. Мені ешкім сабама түсіре алмайтын, ешкім қойдыра алмайтын. Оның маған айтқандарының бәрі маған емес, біздің ақымақ көршілеріміз үшін сияқтанатын. Сол үшін оны жек көретінмін. Желпілдеп қалған мен үйден қаштым да, ауылдағы өміріме лағнет айтып кете бардым. Менің басқа амалым болмағанын түсінген шығар деп ойлаймын. Мені ешқашан іздемеді, мен де... Оралмадым... Кейде, өте сирек болады ондай, бірақ кейде оның алдына басымды қойып, жатқым келетін. Інім өмірге келмей тұрғанда сөйтетінмін. Қатты-қатты құшақтай алатынмын. Оның иісін құшырлана иіскеп, алаңсыз жата беретінмін. Қазір ойласам, ол мені жақсы көрген сияқты. Жақсы көрді... Ондай сөзді ол кезде ешкім де айтпайтын. Жұрт қатарлы, Құдай қалағандай қылып өсірді, тәрбиеледі. Қалай сезінуші еді, қалай түсінуші еді. Өмірінде қара жұмыстан басқа ештеңе көрмеген қарапайым шаруа әйел соны қалай білді?! Ойыма Анна оралғанда, мен ойша шешеммен сөйлесетінмін: «Қызыңмен қалай сөйлесу керек, не істеу керек, айтшы, мама?!» дейтінмін. Бірақ уақыт өтіп кетті ғой. Сұрайтын да ешкім қалмады!

Бүгін, қарашаның қара түнінде нөсерлеп жаңбыр жауды. Таңертең кемпірқосақ шықты. Бұл Сенің маған берген бір белгің екенін түсіндім. Мен ұйықтап жатқанда келіп, көз жасымды сүрттің де, тынышталдырдың. Енді менің жаным тыныш. Сен менің барлық өтінішімді қабыл алдың. Рахмет саған! Енді мен туралы. Мен өлгелі жатырмын. Ары кетсе, екі-үш күнім қалған болар. Содан кейін мен олардың бәрімен қауышамын да, кешірім сұраймын. Қалай ойлайсың, олар мені кешіре ме? Үндемейсің. Уайымдап жатырмын. Мені ең алдымен анам кешіретін шығар. Кешіреді, жаны ашиды. Мен оған сенімдімін. Басқалары... олардың да мені кешіргендері маңызды. Иә, ондай нәрселерді кешіруге болмайтынын білемін, бірақ сонда да... Төсегімді терезеге қарама-қарсы қоюларын өтіндім. Емхананың ауласына, қақпаға барар жолға қарап жатырмын, әлі жатырмын, құдды бір біреуді күткендей... Аннаны, Витекті, Александрды, Иванды, Анджейді, өкінішке орай ол жайлы есімде ештеңе қалмаған оның ұлын. Эваға шын ниетпен алғыс айтамын: ол мені өзіме оралтты. Бақытты болсын, дені сау болсын! Кешір мені Құдайым, бәрі осымен бітті деп ойлаймын! Сен сондай мұқият тыңдайтын керемет тыңдарман бола білдің. Үнемі сен менің жанымда екеніңді сездім. Көріскенше! Роза.

 

Он бесінші көрініс

 

Медбике. Розаның қайтыс болғанына үш күн болды. Осы уақытқа дейін мен оның жанында болдым. Басына биік жастықты жастанып алып, терезеге қарап жатты. Медбикелердің ол туралы сыбырласқандарын естіп қойдым. Соңғы күндері ол есінен алжасты деседі. Сандырақтап біреулердің есімін айтып, Эва деген біреуді шақырды. Ол о дүниеге кеткеннен кейін, матрацпен қосып бәрін шығарып тастадық та, төсекті бұрынғы орнына қойдық. Розаның жеке заттарын сақтау камерасына апарып қойдық, аяқ-астынан мұрагерлері табылып жатса деп. Екі күн өтпей жатып Розаның туған немересі, Аннаның ұлы келді. Келді де, оны сұрады. Оның өлгенін естіп, таң қалды, құдды бір оны мәңгі тірі болады деп ойласа керек. Осыған дейін бұл әлемде жалғыз туысы Роза болғанын, енді жападан жалғыз қалғанын айтып, жылап жіберді. Қарап тұрып, қуандым: ол Роза үшін жылап жатыр еді! Бейбіт және мейрімді адамдар сондай болуы керек емес пе. Кетуге ыңғайлана бергенде, дәрігер оның кешке асқа қалуын өтінді. Отырып шай ішті, кешке дейін әңгімелесті. Мен бәрін естіп тұрдым! Сондай күшті жігіт, жымиып қалған, тәрбиелі, өзіне жауапкершілік ала алатын азамат. Құдайым, мен оған тілек тілегім келеді! Бұл адамда бәрі тек жақсы болсыншы! Роза қарсы болмас еді, маған сенші. Бұл оның соңғы өтініші.

Рашида Стикеева

Рашида Стикеева. Первое образование — филолог. Второе — магистр в области финансов КИМЭП. Дополнительное — Открытая литературная школа Алматы (курс прозы Михаила Земскова, курс прозы Ю. Серебрянского и Е. Клепиковой). Публикации с 2011 года в журналах «Книголюб», «Литературная Алма-Ата», «Нива», «Автограф», Za-Za (Германия), в литературном альманахе Literra Nova (Алматы), в сборниках ОЛША. Призер Международного грушинского интернет-конкурса 2015 в номинации «малая проза». Номинант литературного конкурса «Славянские традиции» — лонг-лист (жанр — «малая проза», 2015 г.). Дипломант международного конкурса одного рассказа (2016 г.). Дипломант литературного конкурса журнала «Литерра Нова», номинация — «короткий рассказ» (2017 г.).

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon