Әйнел Әмірхан

171

Тасадағы әйелдер

Бірде менің подкасым OY-DETOX-қа қонаққа келген журналист, кино және медиа зерттеуші Молдияр Ергебеков «қазақ әйелі мен қазақ тілінің тағдыры ұқсас. Екеуі де отарланған. Ал, сіз, қазақ тілінде контент өндіретін әйел ретінде осы екі ауыртпалықты қатар алып келе жатсыз» деген ойды айтқан болатын. Патриархал қоғамда өмір сүріп, осы уақытқа дейін әлемге ерлер көзімен қарап, көбіне солар жазған әдебиетті оқып, қойылымдар мен киноларды көріп өскен біз, қазақ қыз-келіншектері үшін көп нәрсе қарапайым, қалыпты болып келді. Тек ара-тұра, сені қоршаған орта, сен оқыған тәуелсіз медиа мен әлеуметтік желілер арқылы көзің шалған ақпарат сана түбіндегі сұрақтарды алға шығарып тұратын. Шыны керек, қарапайым, консервативті қазақ отбасында өскен мен әйелдер тақырыбына кейде кездейсоқ келгендеймін. Кейде ол заңды дүниедей көрінеді. Бірақ мен былтыр бастаған «тасадағы әйелдер» жобасының өзіндік алғышарттары жоқ емес екендігін ойлана бастасам түсінемін. Мен небәрі үш көшеден тұратын шағын ауылда туып-өстім. Ауылда жүзден астам отбасы тұратын. Ауыл қыздарын білім алуға емес, келін болуға дайындайтынын кейін, ес білгенде бірақ түсіндім ғой. Бізде жылдан жылға сақталып, анадан қызға жететін бір оқиға бар-тын. Оны өзінше қазіргі тілмен «мем» деп айтсақ та болатын шығар. Бірде қазанның қақпағы қолынан сырғып түсіп кеткен келінін Қалабай деген кісі ай-шайға қарамай, «не, бізді жақтырмай тұрсың ба?» деп қуып жібереді екен. Содан ауылдың кез келген үйінде қандай да бір қызы ыдыс-аяқты сылдырлатса болды, еститіні бір сөз: «сылдырлатпа! Қалабай шал келінін сол үшін қуып жіберген. Сондай күйге түсейін деп пе едің?!» Не керек, әйтеуір екі нәрседен қорқып өскенім есімде: бірі өмірімде көрмесем де, Қалабай кісі болса, екіншісі, тұрмысқа шықпай қалу болатын. Бүгінде, әрине, мұның бәрін белгілі бір жасқа жетіп, «салмақ» жинап, бір кездері тұру тұрмақ жүрудің өзі арман болған «алтын квадраттағы» пәтеріңде отырып алып еске алу күлкілі. Қиындықтар да, таптаурындармен күрес те, қалаған өміріңді қалыптастыру жолында төгілген жас пен жұмсалған күш те уақыт өте ұмтыла бастайды. Бірақ айналаңда сен бір кездері жүріп өткен жолды жүріп, сен бір кездері кезіккен мәселелерге енді кезігіп жатқан бойжеткендерді көргенде еріксіз өзіңді есіңе алады екенсің. Енді лирикадан құрғақ статистика тіліне көшейік. 2022 жылғы қаңтар айындағы мәлімет бойынша, елімізде 9,84 миллион әйел бар екен Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2%-ға көп. Яғни елдегі әйелдер саны республикадағы жалпы халық санының 51,4 пайызын құрап отыр. Бірақ саясатта, ірі бизнесте, басшылық қызметтерде әйелдер саны неге аз? Бұл сұраққа саналы да сапалы, эмоциясыз жауап беретін отандық әдебиетті де, зерттеуді де кездестірмедім. Байқағаным — қазір әйелдер арасында «Мен нені қалаймын», «Бұл расында да менің таңдауым ба?» деген рефлексия жүріп жатыр. Ал бұл сұрақтарға тек «Қазақ қызы осындай болуы керек» не «Біздің менталитет осындай» деген сөздермен жауап беру жеткіліксіз. Нақты қандай да бір зерттеулерге, мәліметтерге негізделген жауаптар, қоғамдық дискуссия қажет болды.

2019 жылы қаламыздағы кітап дүкендерінің бірін аралап жүріп, көзім британиялық журналист Кэролайн Криадо Перестің Invisible Women: Exposing Data Bias in a World Designed for Men (Көзге көрінбейтін әйелдер. Неге біз еркектерге ғана ыңғайлы әлемде өмір сүреміз?) деген гендерлік мәліметтерге негізделген кітабы түсті. Бәрі сол кезден басталды десем де болады. Жылдар бойы көкейімде санасыз түрде пісіп, жетілген сұрақтардың жауабы ойымда тізіле бастағандай, кітаптағы әр бет, әр жаңа параграф, әр бөлім сансыз сұрақтарыма жауап бере бастағандай болды. Перес кітабында түрлі саланы талдап, гендерлік деректер көбіне ер кісілерді негізге алып жиналатынын айтады. Ал бұл күнделікті өмірімізге әсер етіп, соның негізінде, мысалы, кинотеатр мен театрлардағы дәретханалардың саны, кеңселердегі қолайлы ауа температурасы (қолайлы деп арықша келген 40 жастағы еркекке ыңғайлы температура алынады) анықталады екен. Дүниежүзі тұрғындарының тең жартысы әйелдер болса да, қандай да бір ғимаратты салғанда, жаңа дәріге сынақ жасайтын кезде тек ер кісілердің мүддесі ескерілетіні мені таңдандырды. Себебі о бастан адам дегенде тек ерлерді мысалға алады екен. Бір мысал келтірейін. Кітапта көліктерге жүргізілетін краш-тест жайлы айтылады. Автокөлік қауіпсіздігіне арналған сынақтың бәрінде ерлердің антропометриялық деректері алынады екен. Көлік әйелдердің салмағы мен бойын ескеріп жасалса, олар рульге және басқышқа жақынырақ отыруы керек. Сонымен қатар қауіпсіздік белдіктерін жасағанда әйелдердің анатомиялық ерекшеліктері ескерілмей келген. Бұл әйел жүргізіп келе жатқан көлік өзгесімен соқтығысса, олардың ерлерге қарағанда ауыр жарақат алу ықтималдығы 47%-ке және қайтыс болу ықтималдығы 17%-ке жоғары екенін білдіреді. Не керек, осы кітап мені «Тасадағы әйелдер» жобасын бастауға түрткі болды. Жоба арқылы өзімнің де, өзге қыз-келіншектердің де бірқатар сұрақтарына жауап беруге тырыстым деп ойлаймын. Енді бұл бастаманы тағы бір жаңа деңгейге көтеріп, деректі проза тілімен жауап беруге талпыныс пайда болғанын жасырмаймын. 

Мен 2021 жылы алғаш рет елімізде рұқсат етілген феминистік маршқа шықтым; 2022 жылы жиырма жыл өмірімді арнаған сала – пиар саласымен қош айтысып, медиа әлеміне беймәлім подкастер болып оралдым; 2023 жылы қалың көпшілік назарына youtube парақшам арқылы «Тасадағы әйелдер» жобасын ұсындым. Осы ретте, мен де мыңдаған замандастарым сынды әлі күнге дейін өзімді іздеп келе жатқандаймын. Көкейімдегі қазақ әйелі туралы сан мың сұраққа 2024 жылы қандай жолмен жауап табуға тырысар екенмін? Бұл, шыны керек, өзіме де қызық болып тұр.

Әйнел Әмірхан

Әйнел Әмірхан — PR маман, тәуелсіз журналист, подкастер. Әйнелдің PR саласында 20 жылдық тәжірибиесі бар. Түрлі жылдары үкіметтік емес ұйымдарда PR маманы қызметін атқарды. Қазір OY-DETOX подкастының, «Тасадағы әйелдер» YouTube-жобасының авторы. Әйнел әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі, Саясаттану ғылымдарының магистрі. 2013 жылы Санкт-Петербург Жоғары Басқару мектебінде PR бойынша біліктілігін арттырды. Роберт Гордон Университеті жанындағы «Шығармашылық және мәдениет» мектебінің (Шотландия) «Корпоративтік коммуникация және қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша магистранты (2022, шілде)

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon