Дактиль
Тілеубек Батыс
Менің зебра мінгім келеді…
Мынау қазақтың апайтөс даласын зебрамен кезгім келеді.
Үйірімді іздеп кісінеп, арқырап,
Тұяғым тиген жер ошақтай тасты ойып,
Тұрқымнан құс ұшып, аң үркіп, қалтырап…
Айшылық жол жүріп, кідіріп, қаңтарып,
Жосылған қанша жер, қанша аспан, қанша бұлт.
Сахараның емшегін емген зебрамен шарласам...
Күн батыста көз іліп, күн шығыстан оянған ежелгі Түркі дүлдүлдеріндей
Атар таңды дүбірмен қарсы алып.
Қыл арқан тимеген бесті асаудай тарпаңдық, тағылық,
Жабығып өткенді, қамығып, сағынып…
Өлмес күндердің өтеуіне алты құрлықты тітіретсем
Кешегі Шалқұйрықтың, Тайбурылдың туысы —
Қарала зебрамды ағызып.
Берісі қадым заманнан қалған бетпақ шөл мен қарт тауларды шарлап,
Орхон даласын кезіп арысы.
Көшпенді халықтың тылсым құпияларымен танысып.
Кереге қанат ақиық қырандармен,
Жазықтың киігі, ақбөкендермен жарысып,
Менің зебра мінгім келеді.
Ақбас шыңдар мен ай сәулесі түскен көл бетін,
Шарласам шіркін, ілкілік сағыныш меңдетіп.
Бір сыдырғы өмірдей жаймашуақ күнгі изең жүрісімен
Ықылымда ұмыт болған белгісіз әуенді тербетіп.
Менің зебра мінгім келеді…
Сен зебра мінген қазақты көріп пе едің?!
Кәдімгі қоңыр, торы, қылаң, күрең, буырыл жылқы тұқымы емес,
Қарала түсті зебра мінген қазақты көріп пе едің?!
Асауға үйір халықтың ұрпағы атанып,
Құдайдың құдыретімен қылқұйрық зебра міндім.
Өмірдің ақ-қарасын бағамдамағанымдай бағдарсыз бет алдым.
Ол да желден жаралған жылқы тұқымы емес пе?!
Тағасы кетіліп, табанын уақыт мүжитініне қарамай екі бүйірі солқылдап шаба жөнелді.
Ол да құлағын қайшылап әлденеге елеңдейді.
Әлденеге елегізеді.
Оның да дүбір көрсе табаны қызып, қиқуласа делебесі қозатындай.
Жылқы үстінен түсіп қалған қазіргі көшпенділердей мен де оның үстінен құлап қалудан қорқамын.
Жалы күдірейген байырғы қазанаттардай оның да сүрініп омақасуынан қорқамын.
Айқай мен ұранға бөккен асау шабыстан үркесоқтай тақымымды қыса «Көшпенділер» деп айқайлаймын.
Қарт қыраттар «Көшпенділер» деп жаңғырады.
Айқайдан жеті қат жер астындағы көшпенділердің әруағы ыңыранады.
Айқайдан дере ағаштың басына ілінген арғымақтың қу басы кісінейді.
Мен сонда мың жыл бұрынғы жылқының сүйегін көріп осқырынған зебраны қамшылай түсемін.
Менің зебрам!
Сенің құндылығың — сенің еркіндігің!
Сенің құлындарыңды жасанды өрісте желіге байлап, сауым сайын идіріп сауса,
Ашытқанда қандай нәрлі алкагол шығатынын көксесем де,
Адамдардың сені қашан тұсап ұстап еркіндігіңнен айырғанын күткім келмейді.
Дүбірі дүйім халықты тітіреткен Сақ пен Ғұнның жылқысындай сенің де көлікке жарамай белгісіз жәрмеңкеде тауарға айырбасталғаныңды елестете алмаймын.
Елеусіз бір ет дүкенінде болмашы ақшаға сатылғаныңды көрер болсам жүрегім дауаламайды.
Бүкіл дүниені сидыратын жанарыңнан бір шиырды айналған бойкүйездіктен аққан жылымық жасты көргім келмейді…
Сахараның зебрасы!
Айдарынан жел ескен, сағымдай жүйткіген еркіндігіңді сақта!
Еркіндігіңді сақта!
Түсімде жұлдыз түкті ақ сұр зебраны мініп қан көшеде келе жатқанымда, ол ақ жолақты сызықтан үркіп мені жығып кетті…
Тілеубек Батысұлы — 1999 наурыздың жетінші жұлдызы ҚХР Тарбағатай, Майлы тауында дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Өлеңдері «Құдай туралы ойланатын қала» атты жас ақындардың антологиясына енген.