Бибизада Бекжан

431

Лашын

(Үзінді)

І

 

Тау бөктерінде орналасқан Қасқасуға суық ерте түседі. Қазір де  қарашаның қара суығы ысқырық атып, далада ызғарлы жел есіп тұр.

Таң сәріде атасы намазын оқып болған соң, қос қолын жайып дұға жасап, бетін сипады да, түрегеліп, төрдегі төсағашта ұйықтап жатқан немересін оята бастады.

— Лашынжан, тұра ғой. Мен малға шөп, су беріп келгенше дайын бол,- деді де, емірене қап-қара толқындай ұзын шаштарынан сипап, аппақ маңдайындағы қоңыр қызыл меңінен сүйіп, далаға шығып кетті.

Лашын тәтті ұйқысын қимай, біраз жата тұрғысы келген. Алайда атасының түнде «Ертең ертемен аңға шығамыз» дегені есіне түсті де, орнынан қарғып тұрды.

Жуынып келсе, атасы талқан мен сүт дайындап қойған екен. Асығыс тамағын жеп, дорбасына бірнеше құрт салып алып, далаға шықты.

Аспанды қалың бұлттар жауып, суық өкпек жел соғып тұр екен. Атасының атына мінгесіп, екеуі ақ көбігін шашып, гүрілдеп ағып жатқан Қасқасу өзенін бойлай орманға бет алды.

Атасы Лашынды екі жылдан бері садақ атуға баулып келеді. Осы көктемнен бастап, ол аң-құс аулап мергендігін де көрсетіп жүр. Кейде атасына еркелеп:

— Ата, мен әкем сияқты мергенмін ғой, иә? — десе.

— Иә, қарағым, — деп, көзіне жас үйірілетін.

 

Лашынның әкесі — Батырбек құралайды көзге атқан мерген болған. Орыс патшасының қазақтарды «Тыл жұмысына алу туралы» Заңына қарсы шығып, кейіннен Ұзақ батыр бастаған Албан көтерілісіне де қатысқан еді. Совет өкіметінің уәкілдері ауылдарда астық пен малды тартып алып жатқанда, соңы жұт пен аштыққа ұласты да, ер жігіттер атқа қонып наразылық көрсетіп жатты. Қасқасу өңіріндегі бір топ жігіт те Батырбек мергеннің маңына топтасып, тау-тасты кезіп, аң-құс аулап, ауыл тұрғындарының басына бұлт үйірілген шақта жұмыла жұмыс жасады. Бұл топ тек қана аң аулап, елді ет-терімен қамтамасыз етумен ғана шектелмей, уәкілдердің ауыл жұртынан тартып әкеткен астықты межесіне жеткізбей, барымталап, қарапайым халыққа қайта үлестірумен де айналысты. Жаңа өкімет бұл сарбаздарды «контра» деген желеумен, қарулы әскер жіберіп, біржолата жою мақсатында бірнеше мәрте соққылар жасады. Ақыр аяғы сатқындардың кесірінен, осыдан екі жыл бұрын, бұл топ тұзаққа түсіп, қақтығыс кезінде жігіттердің көбісі қаза тапты. Батырбек қайтқаннан соң Лашынның анасы да көп ұзамай төсек тартып жатып қалып, осы жазда дүниеден озды. Сол Батырбек мергеннің соңынан қалған жалғыз тұяқ – Лашын биыл он бір жасқа аяқ басты.

Немересімен күрең атқа мінгесіп алып, тау беткейін бойлай біраз жүрген соң атасы аттың басын тартып, тоқтауға ыңғайланғанда:

— Ата, келіп қалдық па? — дей берген Лашынға атасы сыбырлай сөйлеп:

— Салқында кекіліктер қорек іздеп, осы жаққа түседі. Қанжығамыз майлы болу үшін жылдам қимылдауымыз керек, олар өте тез жүгіріп жүреді, — деді.  

Желмен жерге түскен жапырақтарды еппен басып, бір-бірін өкшелей келе жатқан екеуінің алдарынан, күтпеген жерден, жер бауырлап бірнеше кекілік ұша жөнелгенде, атасы садағын керіп, атып қалды. Мүлт кеткенін байқап, садағын Лашынға ұсынды. Лашын садақты алып, жебені адырнаға керіп, сәл кідірді де, пыр етіп көтеріле берген құстарды көздеп атып қалғанда, бір кекілік топ етіп жерге құлап түсті. Бұл аңшылықтан атасы мен немересі мол олжаға кенеліп, қас қараймай ауылға қайтпақ болды.

Тау беткейінде жайыла өскен арша орманы, өзен жағалауында қалың қайың орманы бар Қасқасудың табиғаты қай мезгілде де өте сұлу. Бастауын Алатаудан алып, жол-жөнекей көптеген жылға, бұлақтар қосылатын асау Қасқасу өзенінің екпіні кейде атанды жығардай алапат болады. Ешкімге ырық бермейтін алқынған ағысты өзеннен астындағы аты мен өзінің қайрат-қажырына сенетін әккі аңшылар ғана өте алады. Осы өзеннің ағысына таңырқай көз тастап тұрған Лашын:

— Ата, біздің ата-бабамыз бұл мекенді қайдан тауып алып, қалай келді екен мұнда? — деп, сұраулы көзқараспен атасына қарағанда, жасыл-қоңыр көзі Қасқасудың бар сұлулығын жанарына өңгеріп алғандай көрінді. 

— Әй, Лашыным-ай... Осы сұрақтарды сен қайдан тауып қоясың?.. Бұл Қасқасу жері біздің кіндік қанымыз тамған құт мекеніміз, қара шаңырағымыз, ботам. Қазақтың төбе биі — Төле би бабамыздың ұрпақтары өсіп-өнген жер. Кәне, Төле би бабаң сенің нешінші атаң болады, жеті атаңды айтып бере қойшы, Лашынжан? — деп атасы атына мініп, ақырын ғана тебініп қалды.

— Батырбек, Дулат, Құлшынбай, Бесмырза, Қожабек, Төле би, Әлібек би, — деп мүдірмей айтып шыққан Лашынға сүйсініп:

— Ал, енді, біз кімнен тарағанбыз, соны айтшы? — деп сұрады өзеннің сағасынан өтіп жатып.

— Бәйдібек би мен Домалақ анадан Жарықшақ, одан Албан, Суан, Дулат тарайды. Ал Дулаттан Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс тараған, — деп еш кідірместен айтып шыққан Лашынның басынан еміреніп иіскеп тұрып:

— Садағаң кетейін, атасының алғыр, ұғымпаз қызы, — деп еркелетті.

Атасының қайталап сұрай беретін бұл сұрақтарына Лашын да үйреніп қалған, әр сұрағанында шамданбай тәптіштеп айтып береді.   

Ауылға кіргендерінде, іргелес көршілері Садық, алыстан сәлем беріп, атасымен біраз уақыт әңгімелесіп тұрды. Лашын құсты тазалап, астың қамымен жүргенде, атасы қабағы қатулы күйде үйге кірді.

Лашын бүгінгі олжасына көңілі көтеріліп, ызыңдап ән айтып жүріп, дастархан жайды. Кешкі асқа өзі атып алған құстың сорпасы мен етін буын бұрқыратып әкеліп қойды. Атасының қабағы ашылмағанын байқаған Лашын да тіл қатпастан үнсіз тамақтана бастады. Ас қайырып бола бергенде, әлі де түнеріп отырған атасы:

— Лашынтай, бүгін Тасарықта уәкілдер ауыл жұртының көзге ілінген мал, бидайын алып кетіпті. Олар бізге де көп ұзатпай келеді. Таң ата жылқыны тауға айдап тастаймын. Жылқы малы, жарықтық, ақылды ғой, көктемге аман шықсақ, өзі тауып келеді. Ал үйдегі малды түнімен үлгергенімізше бауыздап, еттерін қарынға салып, ұрада сақтап қоямыз. Қарында сақталса ет бұзылмайды. Лашынжан, мен әлім келгенше малды бауыздап берейін, сосын ұраны дайындайын, еттерін өзің жайғастыра берерсің, — деді де іске кірісе бастады.

Түнделетіп атасы үйдегі қойларды шетінен бауыздай берді, Лашын болса терісін сыпырып, еттерін атасы тазалап берген қарынға салып отырды. Түнауа әрі шаршап, әрі тоңазып дірілдей бастаған Лашын:

— Ата, екеуімізге бұл ет көп болмай ма? Бұның бәрін не істейміз? — деп, қарынға толтырылған етті сүйреп әкеле жатып, атасына ренішпен бұртия қарады.

Маңдайынан аққан терін орамалмен сүртіп тастап:

— Ботам-ау, бұл жетсе жақсы ғой. Мына өкімет бәрін кәмпескелеп, қарсыласқанды атып, аямастан итжеккенге де айдап жатыр. Аштық қысқанда, адамның адамшылықтан кетуі оп-оңай. Ауылда жарлы жетім-жесірлер де көп, сұрап келіп жатса, еттен аздап бересің. Оның о дүниеде де, бұл дүниеде де қайырымы болады, ботам — деді де атасы Лашынның қолынан бір қарын етті алып ұраға орналастырды. 

Таңға жуық жеті қарын етке бірер дорбадан талқан, бидай, құртты да қосып ұраға салып болғанда, атасы:

— Айналайын Лашынжан, «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген, бүгінгі тірліктеріңді көріп сүйсініп отырмын. Төле би бабамыздың әруағы қолдап жүрсін, саған бабамыздың батасын берейін. Отыра ғой, ботам, — деді де қоңыр дауысы күмбірлей жөнелді: 

 

Бір үйдің баласы болма,

Көп үйдің санасы бол!

Бір елдің анасы болма,

Бар елдің данасы бол!

 

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп қарала.

Өзегің талса өзен бойын жағала

Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.

 

Өзіңе-өзің кәміл бол,

Халқыңа әділ бол,

Жауыңа қатал бол,

Досыңа адал бол!

 

«Әумин» деп екеуі де беттерін сипады.

Ұраның үстіне текеметті төсеп жіберіп, төсағашты жылжытып, үстіне қабаттап көрпе салып қойды да Лашынға:

— Осы жерге жатып ұйықтай бер, — деп атасы таң намазын оқуға ыңғайланды. 

Атасы айтқандай ертесі-ақ сәске түсте ауылға салт атты бір топ уәкіл сау ете кіріп келгенде аядай ауылдың берекесі кетіп, елдің мазасы қашты. Уәкілдердің бір тобы үй-үйді, қора-қораны тінтіп, елдің қолда ұстап отырған бір-екі ешкі, арық қойларын, тіпті тауықтарына дейін тартып алып жатса, екінші тобы тартып алынған малды тізімге енгізіп жатты.

Лашын мен атасының үйіне де баса көктеп кірген біреуі:

— Бұл кім, неге жатыр? — деп көрпені ашып, тіміскілеп жатқанда, атасы «немерем, ауырып жатыр» деп көрпені Лашынның үстіне қайта жауып қойды.

Қора жақты да тінтуге шыққан уәкіл қорадағы малды азсынып:

— Өкіметтен жасырған басқа да малың бар ғой. Қай жерге тықтың? Айт, жаныңның барында, кәрі қақпас! — деп атасына шүйлікті де, мылтықпен жауырын тұсынан түйіп кеп қалды. "Өй, қарияны ұрғаның не? — деп араша түсу үшін, зор денелі Садық өре түрегеліп, уәкілге қарай жүгіре жөнелді.  Бұндай қимылды күтпеген уәкіл қорыққаннан оқтаулы мылтығының шүріппесін тартып жіберді. Басына тиген оқтан Садық жерге сұлап түсіп, сол жерде жан тәсілім етті. Атылған мылтық үніне, наразылық танытқан ауыл жұртының айқай шуына Садықтың әйелі Дәмелінің зар жылаған ащы дауысы да қосылып, алақандай ауыл әп-сәтте азан-қазан болды. Уәкілдер бар тапқанын алып, елді жылатып, ауылдың ойран-топырын шығарып кетті.  

 

Қой жылының қатты қысы онсыз да қиналып жүрген жұртты титықтатып жіберді. Лашын түнделетіп аздаған еттен сорпа жасап, атасы екеуі азық қылып күнелтті. Қас қарайғанда іргелес көршісі Садықтың жесірі Дәмеліге, қиын жағдайда отырған басқа жетім-жесірлерге де бірер жапырақ еттен, кейде бір уыс бидайдан апарып беріп жүрді.  

Лашынның атасы ауыр соққыдан соң әл-қуаты нашарлай берді. Әр түні бала жүрегі бірдеңе сезгендей, қайта-қайта атасын жағалап, күзетіп шығатын болды. Қақаған аязды қыстың бір таңы атасы намазға тұрмады. Санаулы ай бұрын анасын жоғалтқанда да дәл осындай көрініске куә болған Лашын, сенбестен қайта-қайта оятуға тырыса жұлқылап, айқайлай берген. Таң ата Дәмелі үйге кіргенде әбден шаршап, есеңгіреп, бір нүктеге қадала қарап отырды. Тек ағайын-туыстары атасының денесін үйден алып шығарда ғана кеудесіне өксік тығылып, көзіне жас толды.

 

Қыс аязы қайтып, ауа райы жылына бастаған бір күні азанымен Лашынның үйіне баласын құшақтап, Дәмелі кіріп келді.

— Амансың ба, Лашын? Өзің де естіп, біліп жүрсің... Жағдайымыз күннен күнге нашарлап жатыр. Леңгірде тұратын ағаларымнан мен барып, көмек сұрап келейін. Мынау Бегеш екі жастан асып қалса да нәзіктеу, қыстың суығы әлі бар, жолға шыдамас. Сенің жаныңда бола тұрсын, иә — деп, Лашынға өтіне қарағанда, ол басын изеді де қойды. Дәмелі арта келген түйіншегін кіреберіске қойып, Бегешті Лашынның жанына отырғызды да, бөгелместен, қайта шығуға ыңғайланды. Есік аузында артқа бұрылып:

— Лашынжан, соңғы уақытта ауыл шетін торуылдап жүрген аш қасқырлар көбейіп жатыр дейді. Өздеріңе сақ болыңдар, — деп, шығып кетті. 

 

Түнде Лашын көрпелерді биіктеу етіп төсағаштың үстіне салды. Бегешті жастықта тербетіп, ұйықтатты да, жанына садағын алып жатты. Түн ауғанда үйдің ірге жағынан шыққан дыбыстан оянып кетіп, қолына бірден садағын алып, отыра қалды. Дыбыс шығып, қозғалып жатқан тұсты дәлдеп отырып, бар күшімен садағын тартып кеп жіберді. Шәңк еткен дауыс шықты да, тынышталып қалғандай болды. Аздан соң, үйдің іргесін қазып жатқан дыбыстар естіле бастады. Лашын орнынан тұрып, дыбыс шықты-ау деген жерлерді дәлдеп, садағымен ата берді, ата берді. Тыныштық орнап үлгерсе де, жүрегі елегізіп, жартылай жамбастаған күйде жарық түскенше сыртқа құлағын түрумен болды. Қанша уақыт өткені белгісіз, атуға дайындаған садағын адырнасымен құшақтап отырып, талықсып ұйқыға кетті.

Таң атқанда Бегеш орнынан тұрып, үй ішіндегі қадалып тұрған оқтарға аңтарыла қарап, далаға шықты. Есік алдында тістері ақсиып, созыла, қатып жатқан ақ қасқырды көре сала, қорыққаннан:

— Апа, апа, дәу ит, — деп, жан дауысымен айқайлағанда, Лашын оянып кетті.

 

ІІ

 

Жылғалардан су ағып, жер бетіне көк шығып жаңа тіршілік тынысы біліне бастады. Тау бауырында жатқан Қасқасуда қытымыр қыстан қысыла шыққан ауыл жұт пен аштыққа тап болды.

Бірінен кейін бірі орын алған оқиғалардан соң Лашын тіпті тұйықталып, көбінше сөйлемейтінді шығарған. Бұрын атасымен бірге істейтін үйдегі шаруаның бар ауыртпалығы енді өзіне түсті. Осындай қиын-қыстау күндерде ыстық-суықты Бегеш екеуі бірге көріп, бірге жетіліп, өз қатарларымен салыстырғанда ерте есейді. 

Лашын жалғыз қуанышы Бегешке тез бауыр басып, туған інісіндей қамқор болып жүрді. Бірге ошақ басында от жағады, арықтан су әкеледі. Бірге аң-құс аулауға шығады. Томаға-тұйық жүретін Лашынның осы кездерде ғана кішкене болса да қабағы ашылып, аппақ жүзіне қан жүгіретін. Оны байқаған елгезек Бегеш әпкесінің көңілін аулап, былдырлап, күлдіруге тырысатын. Күннің ұясына қызара батқанын бірге тамашалап, жұлдыздар жана бастағанын қызықтап қарап тұрады. Лашынның қыр соңынан қалмай еріп жүретін Бегеш жымыңдаған жұлдыздарға қарап отырып, кейбірін жануарларға ұқсатады, кей жұлдыздарға қарап анасының бейнесін көргендей болады.

— Әпке, сіз не көріп тұрсыз? Әртүрлі бейне сізге де көрінеді ме? — деп сұрады бірде. 

Лашын:

— Жоқ, — деп, Бегештің маңдайынан иіскеп, емірене құшақтады. Сәл ғана ойланып тұрған соң: 

— Атаммен күн сайын аспанға қарайтынбыз. Аспанға қарап, ертеңгі күн райын, алдағы қыс-жаздың қандай боларын айтып отыратын. «Малшы бол, аңшы бол, егінші бол аспанды, жұлдыздарды жақсы білуің керек» дейтін, — деді, көмейіне өксік тығылып. 

— Анашым қашан келеді екен, оны жұлдыздардан білуге бола ма? — деп сұрады да, Бегеш сәл ғана жымиып, Лашыннан жауап тосты. 

Лашын тізесін бүгіп, Бегешті иығынан құшақтап, оң қолымен жоғарыны нұсқады:

— Қарашы, анау алып жұлдызды көрдің бе? Ол — Темірқазық жұлдызы, аспан мен жердің тірегі болады. Атам «Темірқазықты білсең жолыңнан адаспайсың» деп айтайтын еді. Ал анау шөмішке ұқсаған жеті жарық жұлдызды — Жетіқарақшы жұлдызы дейді. Осы жеті жұлдыз түні бойы жарқырап тұрады. Ай көрінбеген кезде осы Жетіқарақшы жарық беріп, адамдарға жол көрсетеді. Егер сенің анаң адасып қалған болса, осы жұлдызды бағытқа алып, ауылды тауып келіп қалады, уайымдама. Қазір үйге қайтайық, тоңып қаламыз. Саған Темірқазық пен жетіқарақшы туралы ертегі айтып беремін, деп Бегешті қолынан жетектеп үйге қайтты. 

 

Былтыр осы уақытта атасы екеуі бір шоқыға шығып, жұлдыздарды бақылағаны Лашынның есіне түсті. Сол түнде атасы: «Үркер жерге түсті, енді алты ай жаз басталады» деген еді.

Жыл сайын Үркер жерге түскенде Лашынның атасы ауылдастарының басын қосып, арық-атыздарды тазалатып, тал егіп, бұлақ көздерін ашатын. Атасының айтуынша, бұл жұмыстарды аяқтаған соң ауылдастар Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын тойлайтын. Наурыз көже дайындап, көкпар шауып, ат жарыстырып, алтыбақан теуіп ел қуанышқа кенеледі екен. Алайда мұндай шат-шадыман мерекені Лашын әлі көрген емес.

Көл-көсір, берекелі дәурен өтіп, қазір ауылды кедейлік жайлаған. Аршалы орманға жалғасқан қырларда сирек қылтиып көріне бастаған шөп пен гүлдер де ауыл жұртының бар тауқыметін сезетін сияқты. Тұрмыс-тіршілік күн өткен сайын ауырлап, ел тозып жатты. Күн жылынғалы бала-шағаны жетектеп, атажұртты тастап, жан сауғалау үшін жан-жаққа босып жатқандар көбейді. Кейбірі жаяу-жалпы қырғыздарға тау асып жатса, кейбірі арбаға жүктерін салып Тәшкенге жол тартты. Лашынға қарайлап тұратын ағайын туыстар да жеке бастарының қамымен әлек болды Жанашыр туыстарынан бірі келіп, Тәшкенге алып кетпекші болған еді. Лашын көшуден бас тартып, Бегештің анасы Дәмеліні күтетіндерін айтқан болатын.

Бір кездері ойда егін егіп, қырда мал жайып, молшылықта өмір сүрген жаныстар ауылында қазір қаңыраған үйлер мен қоқырсыған қоралар қалып жатты.

Лашын мен Бегештің ішіп-жейтін ас-сулары таусылуға таяп, ашаршылықтың шеті біліне бастады. Күнделікті ас-ауқатын орманнан немесе қырлардан тауып жейтін болды. Жолдары болған күні аң-құс атып немесе қырдан саңырауқұлақ теріп, үйде ыстық сорпа жасап ішетін. Ара-тұра бұрқанып жататын асау Қасқасу өзенін бойлай тауға өрлеп, қырғауыл мен тау кекіліктерін атып, олардың жұмыртқасын да азық етті Аңшылықта жолы болмаған күндері орманда пісе бастаған жабайы алма, бүлдірген және өзен жағасындағы шөптерді теріп жеп, өлместің күйін кешіп жатты. Күнде жол қарайлап Дәмеліні тағатсыз күтіп жүрген үміттері де үзілуге жақын. Азғана үй қалған ауылда тұру да қауіпті бола бастады.

 

Бірде таң азанымен екеуі құс атуға орманға шыққан еді. Ағыны қатты тау өзені тастан тасқа секіріп арнасынан тасып жатқан соң, тау баурайына биіктеп көтерілуді  қауіпті санап, кері қайтты. Жолай атарға аң-құс та кезікпей, екеуі жидек, саңырауқұлақ жинап алды. Ауылға жақын қырдан рауаш тере бастағанда, үсті бастары алба-жұлба, түрлері қап-қара күстеніп, сақал-шаштары өсіп кеткен екі адамды байқады. Олар да Лашын мен Бегешті алыстан байқап, өзара күбірлеп сөйлескендей болды. Сескеніп қалған Лашын Бегешке «тезірек кетейік» деп жүрістерін жылдамдатты. Әлгі қаңғыбастар да сүрініп-жығылып арттарынан ілеспек болды. Қанша жылдам жүргілері келсе де, бірте-бірте аралары жақындап қалғаны сезілді. Лашын тоқтай қалып, бұрылып садағын тартып тұрып:

— Кімсіздер, сіздерге не керек?, — деп, естірте айқайлады.

Олар Лашынның қолындағы садақты көріп, именіп тоқтап қалды. Бірақ оңайлықпен кетпейтінін білдіріп:

— Өзің кете бер, бірақ баланы бізге таста! — деді. 

Жүрегі дір ете қалған Лашын, Бегештің алдына шығып, тасалап тұрды да:  

— Енді бір адым аттасаңдар, атамын, — деді дауысын қатайтып. 

— Баланы таста да, кете бер, — деп, алға ұмтылған қаңғыбастың аяғын дәлдеп, садағын тартып қалды. 

Ол ойбайлап, аяғын ұстап жерге отырып қалды. Екіншісі оны қолтығынан демеп, тұрғызып, екеуі қиралаңдап, балалардың соңынан бар күштерін салып, жүгіре бастады.

Лашын Бегештің қолынан ұстап, қапелімде қай жерді паналарын білмей кідіріп қалды. Артқа бұрылып, тағы да садағын кезене бергенде «айт-шу» деп айқайлап, бір бозбала жігіт арбасымен әлгі екі адамды қаға соға өтті де, Лашын мен Бегешке, «Қане, тез мініңдер» деп бұйырды.

Лашын алдымен Бегешті көтеріп арбаға мінгізе сала, өзі де арбаның соңынан жүгіріп мініп алды. Қаңғыбастар қуып жете алмайтындарын түсінді ме, жол жиегіне отыра кетті. 

Ауылдан шыға бере арбакеш жігіт артына бұрылып қарады да, аттың басын тежеп, арба бірқалыпты жүріске түсті.

— Қырдан жүгіріп келе жатқандарыңды байқап қалдым. Қасқасудан боласыңдар ма? Әке-шешелерің бар ма? — деп бұрылып қараған бозбала жігіттің дауысында үрей әлі де байқалады. 

Қойнына тығылып, өксігін баса алмай отырған Бегешті жұбатып, арқасынан сипай қағып отырған Лашын үндеместен басын ғана шайқады.

— Енді қорқатын ештеңе жоқ, олардан алыстап кеттік, —деп жігіт те Бегешті жұбатқандай болды. Аттың тізгінінен ұстап сәл тартып қойып, Лашынға бұрылып:

— Қасқасу тасып, тулап жатыр ғой қазір, биікке көтеріле алдыңдар ма? Таудан олжалы қайттыңдар ма? — деп сұрағанда, Лашын тағы да үнсіз басын шайқады.

Басына байламша орамал тартып алған, ат жақты, мұрты енді тебіндеп шығып жатқан жылы жүзді арбакеш жігітке барлай қарады. «Қайда барамыз, қай жерді паналаймыз?» деген сұрақтар ішін мазаласа да Лашын тіл қатпастан, айналасына қарап отырды. Күн шуағын төгіп, көк шығып, қыратты белестер көркем кейіпке еніпті. Айнала гүлдеп, жақын алқапта сары-қызыл қызғалдақтар бой көтере бастапты.  

— Менің атым Бектемір, Қаратөбеден келе жатырмын, — деп, үнсіздікті бұзғанда, Лашын бозбалаға күмәндана қарады. Сөзін жалғаған Бектемір: 

— Біздің ауылдың бар малын сыпырып әкеткелі, адамдар жанжаққа кетіп жатыр. Шымкенттен жұмыс табылар деп шыққан бетім. Сол жақта бұрынырақта кеткен туыстар бар. Қаласаңдар, менімен Шымкентке жүріңдер, — дей бергенде, Лашын жұлып алғандай: 

— Бізді Леңгірге дейін жеткізіп тастайсыз ба? — дегенде, Бегештің көзі күлімдеп, Лашынға жымыңдай қарады. Бектемір артық сұрақ қоймастан, жеткізіп тастайтынын білдіріп, басын изеді.

Түске таман Сайрамсу өзенінің жағасына тоқтаған Бектемір арбадан қазан алып, жерошақ дайындады. Дорбасынан кептірілген аз ғана етті алып, қазанға салып, қайната бастады. Сорпа дайын болғанша, Лашын мен Бектемір садақ тартып, бақтарын сынап көріп жатты. Бектемір Лашынның көздеуде қате жібермейтінін байқап, мергендігіне риза болып тамсана қараумен болды. Көптен бері Лашынның бұлай жайдарыланып жүргенін көрмеген Бегеш өзен жағасындағы көкке шығып, дала гүлдерін теріп, бір құшақ гүлді Лашынға әкеліп ұсынды. Иісі аңқыған бір құшақ гүлді алып, құшырлана иіскеп тұрып, Бегешті бетінен шөлп- шөлп сүйген Лашын масайрап, шат-шадыман болды.  

Дайын болған сорпаны Бектемір ағаш кеселерге құйып, аздаған етті де үшеуіне теңдей бөліп берді. Көптен ыстық сорпа ішпеген Лашын мен Бегеш аз болса да ет жеп әлденіп, сорпа ішіп маңдайлары шып-шып терлеп, көңілдері де көтерілді. Бектемір ас ішіп отырып, жол бойы үн қатпаған Лашынды әңгімеге тартып, ауылы мен отбасы жайлы, Бегештің отбасы жайлы сұрастыра бастады. Бектемірдің жанында өздерін жайлы сезінген Лашын мен Бегеш бұлай көптен бері езу жимастан шүйіркелесіп, әңгімелеспеген еді.

 

Күн екінтіге таянғанда ауылға жеткен арба, дөңгелектері шиқ-шиқ етіп, ауыл шетіндегі ескі тамға беттеді. Бектемір аттың тізгінін тартып, арбаны тоқтатты да, арбадан түсті. Бір жөткірініп алып, қоржын тамның ауыз үйіне кіріп кетті. Лашын мен Бегеш состиып арбада күтіп отыр. Жан-жағына көз салып отырған балалар Леңгірдің Қасқасуға қарағанда үлкен ауыл екенін байқады. Адамдардың тұрмыстары да жинақы, ауқаттырақ көрінді.

Аздан соң үйден Бектемір шығып:

— Үйге жүріңдер, үйдегі ақсақал өздеріңді шақырып жатыр, — деді.

Лашын мен Бегеш Бектемірдің соңынан жасқана еріп, ауызүйдің оң жағындағы бөлмеге кірді.

Үйдің төр жағында бірнеше сандық үстінде жиналған жүк және дуалға тақап қойылған ағаш кереуеттер бар екен. Кереует тұсына түскиіздер ілініпті.  Жерге текемет төселіп, үстінде құрақ көрпешелерде қария, оны жағалай немерелері, келіні отыр екен. Есік алдында қысылып тұрған Лашын мен Бегешке қария жылы жүзбен:

— Қанеки, жоғары шығыңдар, төрлетіңдер, — деп тәспі ұстап отырған қолымен төрді нұсқады. 

— Келін, көжеңнен әкел, құдайы қонақтарға ас ауыз тигіз. Қырықтың бірі Қыдыр, бұл жас қонақтармен үйіңе құт кіреді, — деді.

Бегешпен қатарлас немерелері үрпиіп, көздері жыпылықтап, көз қиықтарымен беймезгіл келген қонақтарға қарап қояды да, қарияның қойнына барып тығылады.

Келін ауыз бөлмеге шығып, пеште ысып тұрған қара көжеден құйып әкелді. Қара суға көп қайнатылған талқан мен бидай қара қошқыл тартып, ерекше дәмді болған екен. Қара көжені ішіп үшеуі қуаттанып алды.

— Иә, қайдан келесіңдер? Әңгімелеріңді айта отырыңдар, қай елден боласыңдар? — деп қария балаларға қарағанда, Лашын мен Бегеш бір-біріне үнсіз қарап қалды да, Бектемір сөз алып:

— Менің есімім Бектемір, елім — Сиқым, Қаратөбеден. Әкем мен ағаларым қарулы әскермен шайқаста шейіт болған. Олардың күйігіне төсек тартып жатып қалған анам жақында бақилық болды. Өткен жылы егін шықпай, қолдағы бар малымыз да кәмпескеленіп, жағдайымыз қиындап кетті. Ауылымыз қаңырап босап жатыр. Атымды тауға айдап жіберген едім, көктем шыға қайтып келген соң, мен де Шымкентке кеткен туыстарымды іздеп барамын, — деп сәл кідірді де, Лашын сөзін жалғастырмаған соң, ары қарай: 

— Мына Лашын мен Бегеш Қасқасудың Жаныстары. Лашынның әкесі Батырбек — мерген, кәмпескеленген малды ауыл жұртына қайтарып жүрген топтың басшысы болыпты. Бірнеше жыл бұрын әскермен шайқаста қаза болған екен. Атасы мен анасы да көп ұзамай қайтыс болыпты. Ал, мына, Бегеш деген батыр, сіздің ауылға жиен болады. Анасы биыл қыстың аязы қайта бастағанда, Леңгірге ағаларынан көмек алуға кетіп, оралмапты. Мүмкін сіз танып та қаларсыз, нағашы атасының аты Абыл екенін біледі. 

Қария Бектемірді үнсіз тыңдап алды да:

— Абыл датқа тұқымынан, ел алдында беделі бар бақуат ақсақалымыз еді. Итжеккенге айдалып кетті ғой. Балаларының үстінен «бай тұқымы» деген арыздар түсе берген соң, олар да көп ұзамай бір түнде көшіп кетіпті. Қайда кеткендерін ешкім білмейді. Бірақ «ағаларын іздеп қарындасы келді дегенді естімедік» — дегенде Бегеш біресе Лашынға, біресе қарияға жалтақтай қарап, көзі жасқа толды. Лашын Бегешке жақындап, иығынан қысып, құшақтап отырды. Қария алдындағы шайдан бір ұрттап алды да, сөзін жалғап:

— Айналамызда аштық кеңірдектен алып, аласапыран уақыт болып тұр. Жан-жағымыздағы мал бағып күнелтіп отырған ауылдар қаңырап босап жатыр екен. Үшеуің де бөтен емессіңдер. Сендер сиқым, жаныс болсаңдар, біз шымыр боламыз. Бәріміз бір Дулаттың баласымыз. Елде ахуал бір қалыпқа келгенше, осында бола тұрыңдар. Жағдайымыз мүшкіл деп айта алмаймын. Кейде белгісіз бір азаматтар түнделетіп қаппен бидай тастап кетеді. Әрі балам жергілікті көмір кен орнында жұмыс істейді. Сол жерден саған да жұмыс табылып қалар, — деп, Бектемірге қарады. Бектемір аз-кем ойланып тұрды да:

— Ауылымыздағы медресе жабылып қалған соң, әкем Бұхара медресесінде оқытамын деп жиі айтатын. Бұхараға бармасам да, Шымкенттегі қала мектебінде білім алсам. Ал Лашын мен Бегештің осында қалғаны дұрыс болар, — деді де Лашынға қарады. Жаңалы бері үнсіз отырған Лашын басын дереу көтеріп алды да:

— Біз де Шымкентте оқығымыз келеді, — деді, ойланбастан.

Қария жас балалардың бұл тосын шешіміне абдырап қалса да:

— Өнерлі, білімді болғандарың, әрине, жақсы ғой. Онда кешқұрым жүрмей, осында түнеп, ертең жолға шығыңдар, — деді де, батасын берді.  

Таң ата Лашын мен Бегеш оянып, далаға шықса, Бектемір аты мен арбасын сайлап дайындалып жүр екен. Олар дайын тұрған таңғы астан дәм татып, жолға жиналды.

Үйдің келіні көп сөйлемегенімен, «жолға азық қыларсыңдар» деп Бектемірге бір дорба талқан мен құрт ұстатты. Балалар көңілдері көтеріліп Шымкентке жол тартты.  

 

Көп ұзамай жол-жолда аштықтан жүдеген, айдалада қауқарcыз жатқан адамдарды, сайларда шіріген, көмусіз қалған денелерді көріп шошынған  үшеуі де әңгімелерін сап тыйып, үрейден үндері де шықпады. Бегеш Лашынның бауырына тығылып, көзін жұмып алды. Тал түсте жеткен Шымкент көшелерiнде де қаңғыған аш адамдар, үй-үйдің есігін қағып, қайыр сұрап жүргендер көп екен.

Бектемір базарға жақын тұратын туыстарын сұрастырып, іздей бастады. Базардың  артындағы қуыс-қуыс  көшелерге кіре бергенде еңгезердей бірнеше жігіт алдарынан шығып, көлденең тұра қалды. Ат үркіп кетіп, балалар арбадан жығыла жаздады. Жігіттердің бірі Бектемірді итеріп, арбадан құлатып жіберді де, арбаны басқа көшеге бұрып, айдай жөнелді. Құлап қалған Бектемірді қалғандары тепкілей бастады. Лашын мен Бегеш зәрелері ұшып, арбада арлы-берлі теңселіп, бір-бірін қысып құшақтап отырды. Арбаны айдап кеткен жігіт бір көшеге келгенде тоқтады да:

— Қане түсіңдер, жандарыңның барында, — деп зіркілдеді. 

Лашын Бегешті қолтықтап түсіре бере, қозғалған арбадан тек садағын ғана алып үлгерді. Ары қарай екеуі қол ұстасып, қаша жөнелді. Бектемірді көше-көшелерден іздемек болып еді, екеуі адасып кетті. Қайда барарларын бiлмей, әлдері құрып, бір тамның алдында кеш батқанға дейiн отыра берді.

Күн батарда бұлардың қасынан төрт-бес адамның денесі артылған атарба өте беріп, тоқтай қалды. Арбакештің бiрi арбадан түсіп жылы cөйлеп, қайдан келгендерiн cұрады. Бегеш сөйлей алмай, еңкілдеп жылап жіберді. Күндізгі оқиғадан үрейі әлі басылмаған Лашын үндеместен Бегешті құшағына қысып, өбектей берді. Бегештің арасында «Бектемір, мектеп» деп айтқанын түсінген арбакеш:

— Ендеше, мініңдер арбаға. Ғани деген жігіт көшедегі балаларды жинап, интернат ашқан. Сол жерге апарайын сендерді- деді.

Лашын мен Бегеш бір-бірін иығынан демеп тұрып, арбакештің жанына келіп отырды.

Арба интернат-үйіне келіп тоқтағанда Лашын мен Бегеш арбадан түсіп, арбакештің соңынан ілесіп жүрді. Күттіріп барып есікті ашқан егделеу жастағы тәрбиеші:

— Бізде бала саны толып қалды деген еді, Ғани ұстаздан сұрау керек — дей бергенде оның ту сыртынан ұзын бойлы, жылы жүзді, аққұба жігіт ағасы жақындап келіп:

— Ассалаумағалейкум, Мәке, — деп арбакешпен жылы шыраймен амандаса сала, Лашын мен Бегешке мейірлене қарап: 

— Бұл балалар ағайынды ма? Қызым, өзің мерген көрінесің, атың кім болады? — деп, садақ асынған Лашынның жанына тізесін бүгіп отырды.  

— Менің атым Лашын. Біздің жақта Қасқасуда мергендер көп. Әкем Батырбек сұрмерген болған, — деді, Лашын ерекше сенімді дауыспен. 

Ғани ұстаз Лашынның батылдығына сүйсініп, орнынан тұрды да:

— Лашын, бұл балақай інің бе? Біз мектеп жасына толғандарды ғана қабылдайтын едік, — деп үстелден қалам, қағаз алып жазуға оңтайланды.

— Бұл — Бегеш, әкесінің аты Садық. Туған інім сияқты, анасы маған «қарайлап тұр» деп кеткен. Бірақ сол кеткеннен оралмады. Мектеп жасына жетпесе де, біз бір жерде болсақ жөн болар еді, — деп Бегешті құшақтады. 

Бегеш көзі жәутеңдеп Лашынның кеудесіне басын тығып:

— Әпке — дей бергеннен екі көзінен жас саулап, жылай кетті. 

Бағанадан бері бір қағазға жазу жазып отырған Ғани ұстаз:

— Бегешжан, көп ұзамай сен де осы мектепке келесің. Қазір өзің жастылармен балалар үйінде болуың қажет. Лашын әпкеңді саған жиі ертіп келіп тұрамын, сөз беремін, — деп жылы жымиып Бегештің жанына келіп, маңдайынан иіскеді де, арбакешке бұрылып:

— Мәке, мына қағазды балалар үйінің басшысына берерсіз, — деп бір жапырақ қағазды қолына ұстатты.  Әлі жылауын тоқтатпаған Бегешті Лашын жетектеп арбаға дейін әкелді де, қысып құшақтап:

— Бегеш, сен енді дәу жігітсің. Мен саған барып тұрамын. Есіңде болсын, біздің еліміз, қара шаңырағымыз — Қасқасу. Барған мектебіңде сұрап жатса, сен Қасқасу жаныстары Садық пен Дәмелінің ұрпағысың, — деп, Бегештің бетінен сүйіп, арбаға отырғызды. 

Лашын санаулы уақыт өтсе де Бегешке әрі әпкесі, әрі анасындай бауыр басып қалғанын түсінді де, жанарына жас үйірілді.

 

III

 

Биыл Шымкентке көктем ерте келді. Жер көктеп, ағаштар бүршік жарып, бүкіл тіршілік иесіне жан біте бастады. Шымкенттің осы ғажап кезеңін Лашын ерекше ұнатады. Ал жаздың аптап ыстығы түсе бастағаннан туған жері Қасқасудың тауын аңсайды. 

Лашын жан құрбысы Рабиғамен сыныпқа кіре сала, терезелерді ашып жатып: 

— Таң ата бастағаннан сайрайтын осы құстардың үнін ұнатамын. Біздің Қасқасуда да ерте көктемнен құстар ән салып оятатын. Саған да ұнайды ма, Рабиға? — деді құрбысына қарап.

— Шынымды айтсам, ұнайды деп айта алмаймын. Таң атпай адамға ұйқы бермейді, — деп еркелей күлген сұлу өңді, қараторы құрбысы терезе әйнегіне түскен келбетіне сүйсіне қарап, иығына дейін түскен қоңыр қара шашын саусақтарымен салалап, қайырып қойды. 

 

Лашын алғашқы күннен мектеп өміріне тез үйреніп кетті. Әсіресе тарих және әдебиет сабақтарын ерекше ынтамен оқиды. Себебі, бала күнінен атасы айтып отыратын әңгіме-қиссаларға қанығып өскен еді. Ғани ұстаз да атасы сияқты жыр-дастандарды, тарихи оқиғаларды жүйелі түрде майын тамызып айтқанда, еріксіз Қасқасуда қалған балалығына оралып, атасын сағынышпен еске алатын. Өзге  оқушылар да Ғани ұстаздың әр сабағын асыға күтіп, ерекше қызығушылықпен ұйып тыңдайды. Әр сабақтың қызық өтетіні соншалық, оқушылар сабақ соңында да түрлі сұрақтар қойып, пікір таластыратын. Сол себепті оқушылардың сұранысы бойынша ұстаз сабақтан тыс әдебиет үйірмесін ашқан еді. Кітапхана қорында латындық жаңәліппен жазылған еңбектер сирек болғандықтан, ақын-жазушылардың араб жазуымен жазылған еңбектерін өзі оқып беретін. Өйткені латындық жаңәліп қолданысқа еніп, араб әліпбиі жүйесінде жазылған ескі шығармалар ол әліпбиді білмей өскен жас оқырмандар үшін қолжетімсіз еді. Үйірме сабақтарында ұстаз араб жазуымен жазылған әңгіме-өлеңдерді латын әріпіне аударып тақтаға жазады да, ал оқушылар үлкен дәптерлерге көшіріп жазып, кітапхана сөрелеріне апарып қояды. Қазақ әдебиетіне қызығатын кез келген оқушы кітапханаға келіп, осы дәптерлер арқылы латындық жаңәліпке әлі көшіріліп үлгермеген шығармаларды оқи алады. Ұстаздың айтуынша, үйірмедегі әрбір оқушы құнды тарихи және әдеби еңбектерді латындық жаңәліпте дәптерлерге жазу арқылы қазақ әдебиетінің дамуына өз үлесін қосады. Одан бөлек үйірме барысында оқушыларға төте жазуды үйретіп, жыр-дастандарды жаттатып, жиі сайыстар ұйымдастырып отырады. Сол жыр мүшәйраларына Лашын да белсене қатысып, бірнеше рет топ жарып шыққан еді.

 

Ғани ұстаз өзге оқушылармен бірге сыныпқа кіргенде, құрбылар да өз орындарына барып отырды. Ұстаздың көздері қанталап, бет-аузы көгеріп, ісіп тұрғанын көріп, Лашын мен Рабиға алаңдаулы жүзбен бір-біріне қарады. Әрдайым ашық-жарқын жүретін, күш-қайраты мол, келбеті келісті ұстаздың соңғы айлары ұнжырғасы түсіп, шаршаңқы күйде жүргені байқалатын.

Ұстаз сыр берместен жайбарақат дауыспен сабағын бастап кетті. 

— Балалар, бүгін Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ хандар шежіресі» кітабынан «Қазақтың түп атасы» өлеңін оқып, жазамыз, талқылаймыз. Бұл кітапты ол Стамбұл, Париж қалаларында тарихымызға байланысты алған мағлұматтары негізінде жазған, — деп, өлең шумақтарын латын әріптерімен тақтаға жаза бастады. Оқушылар үнсіз дәптерлеріне жаза бергенде, үнемі алдыңғы қатарда отыратын аласа бойлы Бижан:

— Ұстаз ақын өлеңді «Қазақтың түп атасы — батыр Түрік» деп бастапты. Осы жолын ашып түсіндіресіз бе? — деп сұрады.     

Ғани ұстаз қолындағы кітабын үстелге қойып, сәл ойланып тұрда да:

— Тарихта «түрік» деген есімді алғаш рет Түрік қағанаты қолданған. Қазір біз білетін қырғыз, қазақ, өзбек, татар, ұйғыр, түрік ұлттары тайпалар ретінде топтасып, орта ғасырларда «Түрік қағанатын» құрған екен. Түрік қағанаты екі жүз жыл бойы Азияның ірі мемлекеті болып тұрған.

Оқушылардың ұйып тыңдап отырғанын байқаған ұстаз сөзін жалғастырды:

— Бұл Түрік қағанатының үлкен қалалары көп болған. Мысалы, Турфан, Қашғар, Үрімші, Ташкент, Самарқан, Бұхара, Үргенш қалалары керуен сарай, хауыз, базар, монша, оқу орындарымен өте танымал болған. Өкінішке қарай, түріктердің Азиядан Еуропаға көшуі және де бір-бірімен болған соғыстарының әсерінен, әрі моңғол, қытай, арабтармен болған соғыстардың нәтижесінде көп жазбалары сақталмай қалған. Десе де, әдебиет, ғылым, өнер салаларында біраз түрік ғалымдарының еңбектері осы кезге дейін жетті. Және де Түрік қағанатының өз әліпбиі болғандығын дәлелдейтін ақпараттар да жеткілікті. Өздеріне тән жазулары — жалпы түрік халықтарының сауатты болғандығын көрсетеді. 

Білімге құштар, ықыласты оқушылары өзара күбірлесіп, талқылап кеткеніне  көңілі масаттанған ұстаз бір жөткірініп алып:

— Түрік халықтарында тарихты, әдебиетті ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізуші шежірешілер, жыршылар көп болған. Ауызша тараған шығармалар уақыт өте өзгеріске түсіп, көптеген нұсқаларының пайда болуы заңдылық қой. Ал Шәкәрім атамыз келер ұрпақтың тамырынан ажырап қалмауы үшін, тарихымыз бен шежіремізді жазбаға түсірген, — деді де:

— Міне, сіздер де латын әріпіне қаншама еңбекті жазып тастадыңыздар, жазбаша әдебиетке үлкен үлес қосып отырсыздар, — деп, оқушыларға мейірлене көз тастап, тақтада өлеңді жазуын жалғастыра берді.

 

Рабиға жазудан талып кеткен қолын сілкілеп жатып, аузы бұртиып:

— Ұстаз, латын әліпбиіне не себепті ауыстырылды? Қаншама ғасыр бойы жазылған барлық еңбектерді латын әріпімен жаңадан басып шығару мүмкін емес шығар, — деп шағымдана сұрақ қойды.

Ғани ұстаз өлеңді тақтаға жазып бітірген соң, борды үстелге қойып, қолын орамалмен асықпай сүртіп жатып:

— Негізгі ойың дұрыс, Рабиға, — дегенде Рабиға Лашынға жымыңдап қарап қойды. Ұстаз терезеден далаға көз тастап, аз уақытқа ойға шомды. Сәлден соң өзін мұқият тыңдап отырған оқушыларына бұрылып:

— Тарихқа көз жүгіртсек, Түрік халықтары әртүрлі әліпбилерді қолданған екен. Осы ғасырға дейін, шамамен мың жыл араб жазуы негізінде жазба мәдениеті қалыптасты. Қазіргі таңда басқа түрік мемлекеттері латын әліпбиін қолдана бастады. Біздің де ғалымдарымыз «тілдің ескі түрін ұстап отырмайық, өзгерістен қалмайық» деп, өзге түрік мемлекеттері сияқты латындық жаңәліпті қабылдады. Рабиға, дұрыс айтып отырсың. Ғасырлар бойы жазылған ғылыми, тарихи, әдеби еңбектерді толығымен латын әліпбиіне көшіру мүмкін емес. Алайда әр адам өз саласында қолдан келгенше үлесін қосқаны жөн.-  деді.

Сыныпта бір сәтке үнсіздік орнап, оқушылар Шәкәрімнің өлең жолдарын мейлінше ұқыпты жазуға тырысып жатты. Лашын жазуды бірінші аяқтап, орнынан тұрды да, дәптерін ұстазына ұсынып: 

— Ұстаз, ендеше араб әріптерімен жазылған көптеген ескі еңбектердің жоғалып, келешекке жетпей қалу қаупі де бар ғой, иә? — деді. 

Дәптердегі өлеңді көзімен бір шолып, тексеріп үлгерген ұстаз жылы жүзбен «дұрыс жазыпсың» дегендей басын изеді де, салмақты, қоңыр үнді дауысымен жауап қатты:

— Жалпы алғанда жазу мәдениеті бар халықтың бір әріптен екінші әріпке көшуі оңай жұмыс емес, ұзақ уақытты талап етеді. Бұл уақыт ішінде халықтың рухани дамуы да тежелуі мүмкін. Араб жазуымен бірге біздің мыңжылдық өркениетіміздің де жоғалу қаупі бар екенін әрдайым есте сақтауымыз тиіс. Ал тамырынан ажыраған елдің келешекте өзін сақтап қалуы қиын болады. Сондықтан да бізге, барлық сауатты адамдарға латын әліпбиімен қоса, төте жазуды да үйреніп, мыңжылдық өркениетімізді сақтап, оны келешекке тарату жауапкершілігі жүктеледі, — деп алдында отырған оқушыларға үміт арта қарады.

 

Сол сәтте есік қағылып, кезекші оқушы ақырын басын сұғып:

— Ұстаз, Лашынға ағасы келіп тұр, — деді.

Аштық басылған соң мектептегі кей оқушылардың туыстары табылып, жан-жақтан іздеп келіп тұратын. Лашын таңдана біресе ұстазға, біресе Рабиғаға қарай берген еді, Ғани ұстаз басын изеп, сыныптан шығуына рұқсат етті. «Бір қателік болған шығар» деп ойланып тұрса да, мектеп дәлізіне шықты.

 

Мектепке кіре беріс бөлменің есігін аша бергенде ұзын бойлы, қара торы жігіт отырған орнынан атып тұрып, жақындай беріп:

— Лашын, осында екеніңді сезген едім. Бойың өскені болмаса, қатты өзгермепсің, — деп қуана құшақтап, маңдайынан сүйді де:  

— Бегеш те осында ма? Танымай тұрсың ба, мен Бектемірмін ғой, — деп жымиып күлді.

— Бектемір? — деп өткір көзді, ашаң жүзді, келбетті, жарасымды киінген жігітке таңырқап қарап тұрды да, Лашын балаша мәз болып, Бектемірді құшақтай алды.

 

Біраздан соң мектеп кітапханасында Лашын мен Бектемір шүйіркелесіп, бастан кешкен оқиғаларын айтып отырды.

— Соққы алғаннан кейін көшеде есімнен танып қалыппын. Сол жатқан жерімде Ахмет ата деген бір қайырымды өзбек қария балаларымен көтеріп, өз үйіне алып келіпті. Мені емдеп, аяққа тұрғызды. Ахмет ата сол базардың арқасындағы тар көшедегі үйде туылып, балалы-шағалы болып, өсіп — өніпті. Қазір де сол маңайда атаның төрт баласы төрт үй болып тұрады.

Бектемірді тыңдап отырып, жанары жасқа толып кеткен Лашын: 

— Арбаны алып қашқан қарақшы бірнеше көшеден өтті де, Бегеш екеуімізді арбадан түсіріп жіберді. Екеуіміз сені іздеп жүргенімізде, адасып кетіппіз.

Көзінен жылжып аққан бір-екі тамшы жылы жасты сүртіп, сөзін жалғады: 

— Күн бата бастағанда үлкендеу көшеге шығып, шарасыздан бір тамның түбінде отыра бердік. Қарнымыз аш, әбден шаршап отырған жерімізден бір арба тоқтап, осы мектепке әкелді. Ал Бегешті балалар үйіне апарды. Ғани ұстазбен жиі барып, оған қарайлап тұрдым. Қазір екеуміз де үйреніп қалдық, — деп күлімсіреді де:

— Ал сен, жұмыстасың ба, әлде оқисың ба қазір? — деп сұрады.

— Ахмет ата маған өз баласындай қарап, бағбаншылықтан бастап көп нәрсені үйретті. Атам Совет өкіметі орнағанға дейін Бабаханов деген көпестің кішігірім қорғасын зауытында жұмыс істеген екен. Күн жылына бастағанда Бадам өзеніне жақын жерде салынып жатқан үлкен қорғасын зауытына немересі Хасан екеуімізді жұмысқа орналастырды.

Лашынның күлімдеп қараған қоңыр-жасыл көзінен жанарын тайдырып, Бектемір қайратты шашын қолымен салалап артқа бір қайырып қойды да:

— Ол зауыттың құрылысы жаңадан басталып жатқан екен. Басында Хасан екеуіміз жұмысшыларға арналған жертөле барақтарда тұрдық. Зауыт салынып біткен соң, екеуіміз де қорғасынды еріту бөліміне ауыстық. Кейінірек зауытта ашылған курстарда орыс тілін, латындық жаңәліпті үйрендім. Жағдайымыз да жақсарып, жаңа жатақханаларға көштік. Жақында Хасан екеуіміз енді Ленинградқа оқуға кетпекшіміз, — деп Бектемір көңілдене күлді. 

Иегіне алақанын қойып, мұқият тыңдап отырған Лашынның аққұба жүзі бал-бұл жайнап:  

— Қандай керемет! Сен үшін қуаныштымын, Бектемір! — деп сүйсінгенін жасырмады.  

— Шымкентке келгелі Бегеш екеуіңді іздей бастадым, міне, бүгін жолым болғанына қуанып отырмын. Ахмет атам да қуанатын болды. Сәті түссе, екеуіңді үйіне апарамын, — деді. Лашынға күлімсіреп қарады да, сөзін жалғап: 

— Бегеш екеуің туралы жүрген жерімде айтып жүремін ғой. Ахмет атамыз да білімқұмар жан, кезінде Бұхарада медреседе білім алып, қаланың тіршілігінен үлкен әсермен оралыпты. Бұхарада үйренгенін, көрген-білгенін осында келіп шәкірттеріне үйретіпті. Қаладағы сәулет өнері де ерекше ұнаса керек, әдейілеп бір ұстаны ерте келіп, үйінің қақпасын Бұхарадағы медресенің қақпасына ұқсатып жасатқан екен. Тіпті медресенің алдында өсіп тұрған тұт ағаштарының көшетін де ала келіп, қақпа алдына егіп қойған, — деп Лашынға қарап езу тартып күлді. 

— Енді Ленинградқа қашан жүресіңдер? — деп сұрады Лашын қызығушылығын жасыра алмай.

— Хасан екеуіміз қазір Ахмет атаның бау-бақшасына көмектесіп жүрміз. Жолға келесі апта шығамыз. Оқуға кетпей тұрып Қасқасуға да барып келсем деймін, — деді Бектемір терезеден көрінген тау жоталарына қарап. 

— Менде де Қасқасуға деген сағыныш бар. Мектепті биыл бітіргелі отырмын. Сосын мұғалімдік курсын оқып, Қасқасуға оралып, Ғани ұстаздай мұғалім болсам деймін, — деп, Лашын ағынан жарыла сөйледі. Бектемір сәл ойланып тұрды да:

— Ендеше Ленинградтан келген соң, Бегешті де ертіп, бірге Ленгірге, Қасқасуға барайық. Тауға шығып, аң-құс аулап қайтамыз, — деді.

Лашын қуанышын жасыра алмай, қалай «алақай» деп айқайлағанын аңдамай қалды. 

Бибизада Бекжан

Бибизада Бекжан — Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Проза» аталымында (2024).

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon