Нурбек Нуржанулы

86

«Аңыз» жыр топтамасынан

***

 

Білесің бе,

мен бүгін күзді көрдім,

Тіпті, қолын ұстадым —

                                       ыстық, нәзік...

Ол да мені таныды.

Түстік.

           Тозып

                       қалған арым аспанға созып қолын,

шыбығынан жанардың түсті солып...

 

Күз де маған үн қатты мен де күзге —

Аяқ астым жапырақ «пендеміз» деп...

Табан астым созылған алақанға

                                                  «тағдыр» деймін —

сарғайған ендігі іздер,

                                  сол бір іздер — жапырақ...

 

Өңім — қағаз:

Сүйді қалам-шыбықтың —

ерні боп-боз;

жүзімдегі далабы қатып қалған.

 

Солып қалған ағашта уақыттар ма?

Сыбдыр етті, жаны самғап кетті ме екен,

Талға ілінген сағаттар, жел ұшырған.

Ай-жапырақ сарғайып тал ұшында...

кірпігімнің сүйеніп балконынан

күз қарап тұр көз жасым жан ұшымда...   

 

 

***

 

Жапалақтап 

жауған ол қар —

тәнің дер ем,

күпің дер ем,

жаның дер ем...

сені көрем қар ішінде лүпілдеген...

қолғабыңды шеше көрші жауып тұрсын жеңіңнен қар...

орман мен тау бусансыншы деміңнен әр...

Аппақ қарым, келер болсаң көк сырғасын тағынып кел,

Жаудырғанға жауып тұрып, табынып кел!..

Құзғын ұшар тымағымды қалған сәтте сәл көтеріп

Жапырақтар сырғып түсіп балағымнан мен жетермін...

Жүздескен сәт; бізді қар деп ойлап қалар бір қараған.

Түн ішінде

Жаудырған мен жауған аппақ қар ғана бар...

 

 

***

 

Алматы, шие пісіпті,

Сүйе түсіппін өмірді...

Шелектеп жауған нөсерге,

Қарайтын боппын көңілді...

 

жымиып қарайды маған,

арайлы ғалам балауса.

Сүйейін көгім көзіңнен,

Кірпігіңнен нұр тараса...

 

Ұйықтап қалмашы бүгін,

Жармасып тұрып ақ таңның

өрілген алғаш жібіне.

Алдымен кезгін бақтарын,

 

қауызын, жемісін түннің,

тынысын, үнін тыңдағын.

Түн, ол — патшалық;

тыныштық —

қызметшісі ол дағы.

 

Түн — сарай, безендірілген,

Әсемдігі де сезімдей.

Жақұты жарқ-жұрқ етеді,

Қимастың жәудір көзіндей... 

 

Сонсоң таң атады күліп,

Ағарып нұры қытықтар

Сәбидің жалаң табанын.

Бұрышта жатқан сынық па,

 

Шағылған көлеңкедегі —

Оның дерегі: шұғыла

Алагеуімнен құлаған,

Аяқ астына жығыла.

 

Алматы, қанқыз ұшыпты,

Қанқызыл түсті кеш батты.

Алдағым – бала, арманшыл,

Өткенім – ұстаз, салмақты...

 

 

*** 

 

Көбелектер де бекер ұшпайды,

Бекер соқпайды шығыстан самал...

Сайраған үнін қай бір құстардың

шашып жатқандай уыстап ғалам...

 

Не деген сұлу, не деген керім,

Елжірей берем ерке көктемге.

Көзімде әлем кетердей еріп,

Құстар қанатын сілкіп өткенде...

 

Отар бұлыттар жайылып барад

батысқа беттеп көгілдір көкте...

Қарашы уақыт қайрылып маған,

Асығыс едің тегі бір, неткен...

 

Қоштасқан шақтай кідірші бір сәт,

үңіле қалсам әлем-әйнекке...

Даланы қара — өміршең құрсақ,

туып жатқандай гүлді бөбектей...

 

Қарындасымдай көп-көрім бау-бақ,

боянған және әтір себінген...

тербетіп жатыр еңкейіп тау-тас,

сәби-көктемді өмірге келген...

 

 

***

 

Солған қалпын да, тоңған қалпын да

қалыпты сәттер,

қалыпты ауа,

Шуаққа үнсіз кірпігін малып,

жүрегін сипап,

Тыныстайд бөлме қалыпты ғана... 

 

Ақырын ғана жүреді Моцарт,

Баяу сөйлейді кітаптар мүлгіп.

Қоңыр ауада парақ аңқыған

шашады бүрін шуақтар гүл боп.

 

Қарғалар ұшып қара әріптен

Парақтар ұшып аспан бетінен...

Мыжылып жатты қағазда мұңым,

Көзімнен ғазал шашпай өтіп ем...

 

Қай кітаптардан келіп қалды екен

Осы шаһардың тұрақсыз халқы...

Өмірімнен бе,

жүрісімнен бе,

өтіп барады:

Жауапсыз бәрі,

сұрақсыз бәрі.

 

Қай сөредегі, қайсы бір томнан

домалап түсті анау бөтелке?

Таң іздеп жүріп,

кітап ішінде жоғалып қалды,

сыңарсыз қалды қара бәтіңкем...

 

Өзімді іздеп, жолымды іздеп

Бармағымды ылғи тұрамын тістеп...

Қанша кітапты тауысар екем,

Қара бәтіңкемнің сыңарын іздеп.

 

 

***

 

Шымшылап күздің қара суығы,

Ойнайды келіп, қарашы бұны.

Аспанды бұлыт торуылдаса,

Жас үйірілді қарашығыма...

 

Сары жапырақ — сары көбелек,

Сарғайды көңіл тағы да демек...

Ұшып-қонатын жапырақ — жаным,

Қай бір көктемді сағына береді...

 

Жабыға беріп, ойлана қалады;

«Сүйегім менің — жәй ғана шыбық,

Жан-жапырағын іліп ап тұрған,

Ажал үрлесе тайғанап түсіп,

 

сәл ғана мызғып,

базбір көктемде,

оянып қарар қай бір өткенге —

Сонда,

жайқалып, солдым неліктен?

Неге жыладым жаңбыр төккенде?

 

Келіп-кеткенге сая болдым ба?

Таңғы шық қонса аяладым ба?

Құстар сайраса тербелдім бе екен?

Жанымды көкке жая алдым ба?

 

Шағылыстым ба жап-жарық Күнге,

төгілген нұрмен жаңарып мүлдем?..» —

Осылайша мен сан рет толғанып,

жабығып таңды таңға ұрып келем...

 

Бұлыт аспанның тұмшалап жүзін,

Қара суығы шымшылап күздің,

Сұп-суық нөсер өмірден ауыр,

Жапырақ-жаннан тамшылап тұрсың... 

 

 

***

 

Келді, көктемнің бірінші күні,

Қар түсті сұлық.

Қар бала суық: «көктем келді» деп,

Сүйіншілігін сұраса,

жымиям баласынып.

Үнсіздік жұтқан — ауа, 

пайымым:

қаным қайнаған,

кесем кірлген.

Бүгін бейсембі қарапайым күн,

ауаға қар боп, шешек бүрлеген.

Күнтізбенің сол әдетті саны —

бірі,

кәдімгі жылдағы мезгіл. 

Мұңая салатын кенеттен жаны,

Кенеттен күлер; жұмбақ мінезім.

Орнында портфель,

әдепкі жерде —

мен,

өзгермеген,

сәл өскен шашым.

Тозған қабырға, темекілер де,

Сәл соққан лүпіл, сәл ескен ашу.

Жалғызлігімнің суретін ілген

Бөлмемді ескі, шерлі демесең,

жұтуға болад

жүрегім сіңген ауаны,

сағыныш сіңген ең әсем.

Бүгін көктемнің алғашқы күні,

Жұмсарған қар да, өзгерген көк те...

Кірпігімдегі болмашы мұңым

дір-дір етеді кез-келген сәтке.

Дәлізден баяу жүріп өткен кім?

Бірі келер ме жақындап, тосын...

Бүгін —

бірінші күні көктемнің,

нені күтіп ең,

ақымақ басым?..

 

 

БАҒБАН

 

Сүйегі сықырлап аспанның

Түн жауар ақ жұпар моншақтар...

Жұлдыз кірпігінен жас тамған

жасыл жапыраққа жасқаншақ...

 

Тамшылар — жұп-жұмсақ, сұп-суық

ойнайды әйнекте жүгіріп.

Көзімнің тентегі тұп тұнық

жылайды кірпікке жығылып.

 

Бауыры бүлкілдеп ақша бұлт

Ақ көйлек етегін сығады.

Кірпияз гүлдерін бақшамның

Қарашы, жасырын жылауын...

 

Жұбанар,

...тас жүрек емес ем,

Көз жасын себеді бағбаның.

Мен үшін өмір ол — гүл әсем,

Ал гүлдер — бүрлеген ақ жауын...

 

Кеңістікке ұшқан гүлдерім

құстарға айналып... көзімнің

мөп-мөлдір жастарын бүрке-гін

қауырсындарыңмен сезімге...

 

Сезінем, бүрлеймін мен сонда

Әр бауда, кірпікте, жүректе...

Бағбанның жасы ағар аспаннан —

гүлдердің қанаты дір етсе...  

 

 

***

 

Маған ұқсайды:

қала да, бақ та,

Тіпті портрет, жазу үстелі,

Қағаз —

жанымның табы түспеген,

Көкшіл сәуле де — ауада аққан...

 

Есік қағылды, ашсам — көлеңке,

Әйнек соғылды, қарасам — түн, жол.

Бойымнан үйлер аласа мұнда

Кәрі пәтерім жастау менен де...

 

Тек,

қағазы бар бағана түнде

жарнамасымен іздеу салады...

Еріккен кезбе үзсе,

парағы

сыңсиды ұзақ айнала желге...

 

Шыбын-көліктер ызыңдап жатыр

тереземде. Ал, көше — жапалақ...

Шәрім оянар көзі боталап —

өңінде сарай, түсінде пақыр... 

Нурбек Нуржанулы

Нурбек Нуржанулы родился 29 мая 1995 года в селе Акермен Меркенского района Жамбылской области. Окончил факультет журналистики КазНУ им. Аль-Фараби и магистратуру университета Ардахан (Турция). Финалист литературной премии Qalamdas, посвященной памяти Ольги Марковой, в номинации «Проза».

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon