Көкбөрі Мүбарак

72

Ішіңіздегі мұражайды тонатып алмаңыз

Сен түрлі даңқтарға бөленуің мүмкін. Қабілетті болуың да мүмкін. Бірақ, соған еш қарамастан қалай өмір сүруді білмеуің де мүмкін. Ол үшін өмір сүруді жақсы білетіндерден үйрен. Әйтпесе, өзің біліп-білмеген, өмірді мықты сүретіндердің шахмат тасына айналып кетіп жүрерсің. 

Адам мінге тоймайды. Біреудің мінін ақтарып-төңкеріп білген сайын адам одан рухани қуат алады. Оны сезбей де қалып жүрер. Әрбір жолыққан адамның сөзсіз бір олқы жерімен танысып қайтамыз. Бірақ, бізге біреудің міні керек емес. Оның бойында кішкене болса да жанып тұрған  ұлтжандылық, ар-ұждан тазалығы, мейірім, зеректік қасиеті болса соң ең басты керегіміз. Әрі қарай ұсақ міндері маңызды роль атқармайды.

Әр шоқының басынан бір күйкентай соқтығып кетеді сізге. Бойыңыздағы кері бұрқасындардан абайлаңыз. Біреудің лай мінезінің түртпегін жұқтырмай, қағып отырыңыз. Өз тілінің тікені өз көмейіне батсын! Тілінің тікенін қабылдамңыз!

Далаға айналған адаммын. Даланың менен, менің даладан еш айырмам болсашы?! Айырмамызды таппадым. 

Бір ұлы өлең шығатын күні.

Сол күні мені ренжіткен жанды кешіре салдым. Есемді жібере салдым — соқтыққан тас меңіреу надандыққа. Сол күні біреудің тапсырмасын тез орындап бердім. Сол күні дәрет алып өлең жаздым. Сол күні жақындарымның  аман-саулығын сұрап шықтым, көңіл шарштарлық дүниеге кейімегем. Сол күннің құдіретін өзім білем. Жеңіл өмір сүре білуді үйреткен маған — Өлең болатын. Сол күннен кейін аспанда бұлттар емін-еркін, жайлы жүзіп жүрді. Менің көңіл-күйіммен ғана жасалып тұр еді аспандар.

Нағыз жыраулық міндетімді таныдым. Тұла бойыма рахатқа толы бір сезім серік болып қосылды. Біреулер түрлі елдердің ақынына еліктеп ұйқассыз тармақтарын жаза берсін, поэзияны дамытып әлемге көтеріп тастайтын сияқты сезінсін сол еліктеулермен. Бірақ,біз өлеңнің киесі қонған халықпыз. Орта Азия көшпенділеріне өлең қонған. Мұндай өлеңнің үйіріліп шықпайтын, қуаласаң кетпейтін мекенінде жасап жатырмыз. Біз Құдайдың өлең қондырған даласының хақысын беруіміз керек.

Ақындықтың тіл шеберлігінің шыңы бар. Оған жетуге болады. Біздің қазіргі Қазақтың өзін ақынмын деп жүргендерінің қатарынан онға таяу адамнан ғана сол ұлы шеберлікке жақындағанын байқадым. Жеткені де бар. Бұрынғы уақытта өзі өлең қонып туған ұлдар көп уақыт күттірмей-ақ тіл шеберлігінің шыңына баратын да, ендігі міндет ешкім жырламаған ерлік тақырыпты немесе өзіне ұстаздық еткен буынның аманатындағы бір ұлы шығарманы жалғастырып жырлайтын. Тіл шеберлігін бағындырсаңыз, қаздың жыбыр-жыбыр ізінің көл шетінде қайталанып басыла беретіні сияқты, ұсақ өлеңді қайталап тудыра бермей, тіл шеберлігі қатаң сақталғаг алып эпос жаз. Осындай бөлек үлкен еңбек керек. Өйткені, сен тіл шеберлігін бағындырып осыған дайын тұрсың.

Сол қайталанусыз ұлы эплстарды тудыра алсаң  ұлттың нағыз байлығы сол. Одан асқан дүние жоқ. Осы сағат, осы минутыма дейін  ұлтымның кім екенін оқытқан ең ұлы ұстазым — халықтың ең ескі ауыз әдебиеті нұсқалары.  Сондықтан,  бір ұлы эпосты тудырған да  оны әндетіп үзіндісін жырлаған ұл мен қыз да халықтың өте бағалы қарашықтай қорғалатын адамдары. Өйткені, бір ұлттың рухы, ішкі мәдениет қамбасы соның бойында қорытылып,  ұлттың жанын келесі ғасырларға апару үшін қызмет етеді.  Әрине, ол өмірде жай ғана он екі мүшелі адам, мәселе ішінде.

«Ішін рухқа толтырып қойдым»

Міне бұл сөз менің бір киелі шығармамның оқырманды елең еткізер бірінші жолы. Мұнда мақтан жоқ, мұнда асқақ кеуде бар, тәжілі сөздер бар. Шимайлап жарты бет жазсаң да ол сенің киелі шығармаң. 

Қыз басындағы биіктікке, еркіндікке ешкімнің қолы жетпейді.

Бір мұражай үшін бір елді бір ел жаулайды.  Себебі,  сол мұражайда осы шабуылға өткен елдің өткен өмірі жайлы ең құнды мазмұндар мен қазыналар тығылған болуы мүмкін.  Сіздің қаныңыз бен жаныңызда біздің бабамыз салып  кеткен рухани мұражай бар.  Ол бірде оянбаса да,  бірде оянады.  Біздің бүкіл тарихымызды бұрмалап, халықтың санын азайтып,  мәдениетімізді тас-талқан еткен күннің өзінде де кейбір адамның қанында ұлттың ұлы құпиялары сақталып қала бермек. Жеке адамның ұлтына деген сүйіспеншілігі мен шынайы еркіндігі оны оятады. Ендеше, жан әлеміңіздегі ұлттың ұлы мұражайын ойрандап алмай,  жат әуен,  лас сөз,  мағынасыз қимыл, кірлеген ойлауларға жүрек мұражайыңызды қимаңыз.  Оны қорғаңыз,  сақтаңыз. Бұл менің сізге ұсынысым әрі құрметім.

Бір сұлу түсіңізді әлі іздеп жүрсіз бе?

Түс те,  айтылған ақыл да,  көкейге салынған ойлар да,  ұшқыр қиял мен жалт еткен сағымға ие шабыт та сізге «ҮМІТ» сыйласам екем деп ғана жан әлеміңізден бой көрсетеді. Бірақ,  кілт - өзіңізде. Өмірден шаршап кетесіз, көп емес,  керек десеңіз бірер сағат бойы ғана. Сізді жалықтырмайтын нәрсе ойлап табу достарыңыздың да,  менің де қолымнан келер емес. Тек техниктер ойнап тапқан телефон ғана сізді алдарқатуда. МЕНІҢ БАҚЫТЫМНЫҢ ТҮРІ КӨП. Ендеше,  сіз де менің талпынысымды дос көріп,  өзіңізге неге бақыттың көптеген түрін жасап алмайсыз?

Нағыз прозада әңгіменің шын-өтірігі айырылмайды, таңғалысты күй кештіреді.

Көк төбелер бұрқырап, көгілдір теңіздер қайнауда. Қолыңызда бір тал ақ құмыра. Каспийде тұрсыз... «Теңізге кетсе екен осы бетімен» дейсіз. Ішіне жұмарлап хат саласыз. Ол хатты ешкімнің тауып алып оқитынына сеніміңіз жоқ. Өйткені, бүгінгі дәуірде ішіне хат салынған құмыра кімге таңсық дейсіз. Құмыраңыз Иранға ағып барсада оны тауып,  құмарланып оқитын адам жоқ қой. Ақтаудан аққан құмыра Атырауға барса да, оны тауып алған Қазақтың Қазақ тіліне,  Қазақы көркем хатқа деген құштарлығы белгісіз? Бірақ,  сізге мынаны ескертейін. Хатыңызды біреудің тауып алып оқуы қажет емес, мейлі, жайынның ауызына сол құмыраңыз жұтылып кете берсін.  Ең бастысы, сіз осындай толқынысқа толы теңізде, кемеде ерекше хат жазып шығуға, өмірді шексіз сүйетініңізге, ешкімге өкпелі емес екеніңізге сенімдісіз бе? Тәуелсіз мемлекеттің тұрғынысыз, бірақ тәуелсіз махаббатыңыз барма?  Тәуелсіз өміріңіз барма?  Хатта осыларды айта аласызба?

Оюлы киімді көптеген таныс-жақындарымыз жақсы көреді. Мереке күндері ұлттық ою-өрнекке толы киімдерді сіз де киесіз,  мен де кием,  бастысы ол емес.  Сол кездегі сізден көрінген сәбилік көңіл, сол Қазақы жымиысыңыз бәрінен қымбат еді мен үшін. Оюдан да қымбат. Біз бір-бірімізге Қазақы бейнемен жымиып жүрейік.

Бауырмалдықпен жасалған әр екі адамның сұхбаты әр екеуін оттан құтқарады.

Ой да бір-бірін іздеп табады.

Адамның күшін еркіндік молайтады.

Оттан да ыстық рухтар бар. Адамның топырақ текті денесі көтере алса Құдайым бізден рух пен шабытын аямаған. Қызыл-жасыл теңіздердей төгіліп келген шабытымды түсінер жұрт,  қабылдай алар есті болса, мархабат!

Біздегі ең ескі қорғандарды оятатын, ең ескі тарихты оятатын да сол тастар мен күміс-алтын естеліктерден бұрын, ақын мен ғалымның ұлтжанды жүрегі.

Ескі храмдарда, шынайы адамзаттық орталарда болдым.  Бүкіл адамзаттық сезім жүрегімде тұрды.  Үндістанның қайнаған жаңбыры,  Якутияның сүйікті аязы,  тұрқы мінсіз Алтай,  Бетпақ-Даланың шөлі,  ананшымның жатырындай болған Арал теңізі...  Өмір күн сайын өзінің махаббатын ашады. Жүрегіміз махаббатқа толып кетті.  Осы дала мен адамдарды,  базарларды,  тіршілікті махаббатпен жаратқан Құдайға айтар дұғаңызда тымқұрыса, сөзіңізге азырақ махаббат қосып «шүкіршілік!» деңізші.  Біз бірлікте «шүкірлік!»  деп айтайық.

Ең ескі храмдар қашан да Құдайды іздеп тұрады. Үндістанның тым ежелгі храмдарына көз суарған сайын, Үндістаннан маған жүрегіме бір туыстық шыға береді. Үндістанға шөлдеймін де тұрамын. Адамдарында нем бар?! Ол жердегі тарихи іздер сағындырады. Басқа әлем.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon