Дактиль
Әсем Анықбекқызы
Жол жазбалары циклі
Саяхат — өзімізді қайтадан іздеп табуға арналған ең ұлы ғылым
Қалалар да кей адамдар сияқты, жақсы танымасаң, сұсты көрінеді. Париж де алғаш келгенде суық, қатігез, адам талғап қалған өзімшіл көрініп еді. «Романтиканың астанасы» дегеннің иісі де шықпады.
Бірақ, екінші келгенде ескі достай жылы күтіп алды. Әлде мен оны жақсы тани бастадым ба, бұл жолы басқа қырынан ашылды.
Қонақүйім Хаусман, кейбір жазбаларда барон Осман стилінде салынған деп көрсетілетін ғимаратта, Париждің қақ ортасындағы Сегізінші аймақта не басқа атауы – Музыканттар ауданына орналасқан екен. Таңмен ерте тұрып, орама баспалдақпен төмен түсіп, кетуге ыңғайланып тұрғанымда, қонақүйге тіркеу орнында ағылшынша сөйлеу мәнеріне қарағанда Англиядан келген, орта жастан асқан ерлі-зайыптыны кездестіріп қалдым. Екеуі, құдды бір, өзіміз кинодан көретін ақсүйектер секілді. Әйел мойнына маржаннан алқа тағып, әдемі шілтері ақ қалпақ, органза белдемше киген, күйеуінің үстінде қымбат зығырдан тігілген костюм. Екеуіне сәл ұзақтау қарағаныма ыңғайсызданып, ағылшынша амандасым едім, олар да жымиып сәлемімді қабыл алды. Әсіресе, әйелдің жүзі жылы көрінді.
Қонақүй есігінен шығып, адымдай алға басып бара жатқаным сол еді, әлгі ағылшындық ханым соңымнан жүре, «тоқтай тұр!» деп айқайлады. Артыма бұрылып, «не болып қалды екен?» деп таңырқап, тоқтай қалдым. Әлгі кісі қасыма жеткен соң, «футболкаңның заттаңбасы сыртқа айналып, көрініп тұр екен» деп, өзі қолын соқып, жөндеп жіберді. Жүрегім еріп сала берді.
Үйде де асығыс киініп шыққанымда, анам үнемі киімімнің затбелгісін жөндеп жіберетін. Мен «Анашым, бала емеспін ғой, өзім ақ жөндеймін» деп мұрнымды тыржитатынмын. Ағылшындық ханымға шын ықыласпен:
— Рахмет үлкен, тура анам сияқтысыз, — дедім.
— Менің де сендей қызым бар, — деп жымиды ол.
Жақсы күн болатынын сездім де, Версаль сарайына қарай жол тарттым.
Франция астасынан Португалияның астанасына ұшатын күн. Таңғы төрт шамасы. Ресепшндегі ағай таңғы асымның ақысын алды да, қонақжайдың сыртқы есігін ашып, «Ақ жол!» деді, содан соң есікті тарс жауып алды. Вестибюльден түсіп тұрған жалғыз сәуле көзі өшті де, көше қараңғылыққа батты.
Күндіз әуежайға жеткізер темір жол бекеті мен оның қасындағы Villier метросы да қонақүйге жақын көрінген еді. Ал, қараңғыда бата алсамшы. Әлде жол ұзарып кетті ме? Бекетті іздеп, шарқ ұрғаным сонша, көзілдірігімнің күші жетпей жанарым уайымнан бұлыңғыр тартып барады. Айналада ешкім жоқ, тек ішімдікке тойған бірнеше күйсіз ара тұра кезігіп қалады. Қай елде болмасын, мұндай уақытта сау адам жүрмесі анық. Енді не істеймін? Мына бір келе жатқан жігіттің жөні түзу сияқты, «соңғы рет содан сұраймын, болмаса, әмияным азып қалса да убер шақырармын» деп шештім. Әлгі келе жатқан жігіттен:
— Кешіріңіз, Шарль Де Голль аэропортына жүретін теміржол бекетіне қалай жетсем екен? — деп сұрадым.
— Мен де сол жаққа бара жатырмын.
— Шынымен бе?
— Иә. Сіздің терминалыңыз қандай?
—Т1.
— Менікі де!
— Сізді маған Құдай жіберді! — деп қуанышымды жасыра алмадым.
Ол әлсін жымиды. Сөйтсем, бекетке түсер жері елеусіз болғандықтан, мен сол тиіп тұрған жерді шыр айналып жүре беріппін. Сәлден соң жер астына түстік. Бірден поезд келді. Екеуміз бір вагонға кірдік.
Вагонда да шарапқа қанған бір адам бар екен, не айтқанын түсінбесем де, ауызына келгенін оттап отырғаны анық. Енді «қайда отырамын?» деп тұрғанда, «маған жақын отрыңыз» деп әлгі қара торы жігіт ұрттап алған адамға сұсты өткір көзімен бір қарады да, өзі шыға беріс жол жаққа жайғасып, мені терезеге жақын отырғызды.
Мен одан:
— Қай жерге ұшып бара жатырсыз? Багажыңыз жоқ сияқты, — деп сұрадым.
— Аааа, мен бе? Мен әпкемді Үндістаннан күтіп алайын деп бара жатырмын. Сол елде бір ай саяхаттады. Ал, сен қай елден келдің? Қайда ұшайын деп бара жатырсың?
— Мен Қазақстаннан келдім, Лиссабонға достарыммен жүздесуге бара жатырмын.
— О, менің Қазақстаннан бірнеше досым бар. Мен өзім музыкантпын.
— Қандай аспапта ойнайсыз?
— Гитарада. Сен ше, қандай да бір аспапта ойнайсың ба?
— Біздің ұлттық аспап домбырада.
— Мен домбыраны білемін ғой, ерекше аспап...
«Жақсы әңгіме жол қысқартады» демекші, тыпыршыған жаным енді жай тауып, күн шығысымен бүкіл үрей сейілгендей болды.
Полиглот
Күн шуағына шомылған, Дору өзені бойында орналасқан Порту қаласы әр кез саяхатшыларды өзіне магниттей тартқан. Кей жандарды азулежумен безендірілген ғимараттар, кейбіреулерді сол жердің атақты шарабы, ал мені әйгілі Лело кітапханасы қызықтырды.
Бұл кітапхана Джоан Роулингтің «Хәрри Поттер» романындағы сиқыршылар мектебі Хогвартс кітапханысының прототипі деседі. Бірақ, қаланы араламас бұрын, ең бірінші жатар жерді дайындап алған жөн.
Саяхатта бюджетті үнемдеудің бір тәсілі — хостелде түнеу. Ортақ бөлме, асүй, әжетхана кейбір туристерді шошытса, жалғыз саяхатышаға дос табу үшін бұл үлкен мүмкіндік болуы мүмкін. Қаланың қақ ортасында орналасқан қалтаға сай хостелді тапқаныма қатты қуандым. Еуропада көбіне ерлер мен әйелдерге арналған аралас бөлмелерге сұраныс көп, ал тек қыздарға арналған бөлме жартылай бос не толықтай бос болады. Бұл жолы да солай екен, сегіз қызға жабдықталған бөлменің бесеуі бос. Үш керуетті жайлаған үш түрлі елдің қыз-келіншектері.
Бөлмеге кіріп жайғасып жатқанда, екі қыз-келіншектің әңгімесін құлағым шалып қалды. Біреуі акцентіне қарағанда, француз келіншегі. Өзі жинақы, сыптай екен. Екіншісін киім кию стиліне — футболка мен шорты кигеніне — қарап, АҚШ тан келген томпақ қызға ұқсаттым. Әңгіме қызып жатыр екен.
Американдық бойжеткен:
— Бір ай болды, өзім саяхаттап жүрмін. Испаниядан Португалияға жаяу келдім. Әйгілі «Саньяго” жолымен жүріп келемін.
— Жолай қайда қондың?
— Палаткада.
— Қорықпадың ба?
— Жоқ, мен сияқты саяхатшылр көп қой. Әрі испанша да, португалша да білем.
— Мәссаған! Тағы қандай тілдер білесің? — деді француз келіншегі қызығып.
— Ағылшынша, французша, орысша... — деп әлгі қыз тілдерді санамалап жатқанда:
— О, орысша, — деп мен де қосыла кеттім.
— Иә, орысша, мен Ресейден келдім ғой.
— Керемет, мен де орыс тілін білем, — деп, орысша сөйлей кеттім.
— Сізді құшақтасам бола ма? — деді ол кенет, қарасам, көзінен жас шығайын деп тұр.
— Әрине, — деп мен де құшағымды жайдым.
Солай бірнеше минут танымайтын жанмен құшақтасып тұрдық.
— Екі ай болды, ана тілім — орысшаны есітмедім де, сөйлемедім де. Үйімді қатты сағындым. Қазір осы хостелде жуынып-шайынып, адам кейпіне еніп, ертең елге қайтам.
— Мықтысыз ғой, жалғыз палаткамен саяхататау екінің бірінің қолынан келмейді, — деп батылығына риза болдым.
— Иә, өзім жалғыз көп жерге барсам да, палаткада қону мен үшін қиындау. Ал, сен ше, қанша тіл білесің? — деді француз келіншегі енді маған үлкен теңіздей көк көздерімен қарап.
— Мен... тек үшеу ғана, — дедім мен полиглоттардың қасында ұялыңқырап.
— Үшеу емес, «ҮШЕУ!”деп мақтанышпен айт, ол да керемет. Мен тек французша білем, ағышынша енді үйреніп жүрмін, әлсін-әлсін, — деп еңсемді көтеріп қойды ол.
— Біздің Чехов айтпақшы: «қанша тіл білсең, сонша рет адамсың”. Сізбен сәл өз тілімде сөйлеп, сағынышым басылды, өзімді бір сәтке болса да үйімдегідей сезіндім, — деп жымиды орыс қызы.
— Мүмкін тамақтанармыз, қыздар? — деп француз келіншегі таныстықты әрі қарай жалғастырғысы келіп еді.
— Мен қазір сәл сауда жасап үлгеруім керек, — деп жауап қатты оған орыс қыз.
— Ал, мен қуана қосыламын Сізге. Етті сағынып кеттім, Еуропаға келсем веган сияқты жүрем.
— О, сен де вегансың ба?! Менде көкөніс бар, — деп француз келіншек бір үлкен дорбаны тура алдыма тартты, сыптай болуының құпиясын ашқандай.
— Жоқ, веген емеспін, веган секілді болам, — деп бір күліп алдым мен.
— А, айттым ғой, ағылшыншам нашарлау, — деген француз келіншегімен хостел асханасына тарттық.
Қасық
Тағы бір саяхаттауым Польша елінде тәжірибеден өтуіммен байланысты еді.
Польша университетінің баспаханасындағы тәжірибенің бірінші күні. Барлық шеберхана мен цехтарда мұсылман қауымы үшін пайғамбар, ал, христиандар үшін Құдайдың ұлы саналатын Исаның бейнесі ілулі тұр. Қызметкерлердің кеңсеге келе сала, әркім магнитофондағы өз дұғаларын қосып, құлшылық етіп, содан соң жұмысын бастауы — күнделікті салт.
Қызметкерлердің басым көпшілігі орта жастағы ағайлар мен апайлар. Бүкіл жұмыс процесін түсіндіріп, тәжірибелерімен бөлісіп жүргенде, түскі ас уақыты да келіп қалған соң, асханаға бәріміз бірге бардық. Бүгінгі мәзірде ет пен гарнир. Атауы «голонка” екен.
— Бұл ненің еті? — деп Еуропада жүргенде астанар алдындағы үйреншікті сұрағымды қойдым мен.
— Шошқа ғой, — деп жымиды бір түптеуші апай.
— А, түсінікті, — деп тек наннан ауыз тидім.
Ертесіне де етпен тамақ болды. Сәл ыңғайсызданып, тағы сол сұрақты қойдым. Бұл жолғы жауап «Тауық” . Ішімнен «алақай” деп тұрмын. Әлгі түптеуші апай:
— Ал, ертең балық болады, содан соң сиыр етінен «гуляш». Енді уайымдамай астана берсең болады, — деді де, менен сәл алыстау ыдыстағы қасықты маған жақындатты.
Махаббат уақыты
Баспаханада университетке керек қатты мұқабалы кітапті басып, оны әрлеу жұмыстары қызу жүріп жатты. Түптеуші шебер ханымдардың бірі, байқауымша, күнде сағат 11:11-ді көрсеткенде үнемі телефонмен сөйлесуге шығып кететін. Телефон қоңырауы шалған сайын жүзі нұрланатын.
Бір күні сағат 11-ден 15 минут кетті, оған телефон ешкім шалмады. Оның қабағынан қар жауып, онсыз да Польшаның қиыр солтүстігі, әріптесіңнің көңіл-күйі болмаса, тіптен суып кетеді екен. Мен одан:
— Бәрі дұрыс па? — деп сұрадым.
— Иә, — деп қысқа жауап қатты ол.
Сәлден соң:
— Ол бүгін телефон шалмады, — деді.
— Кім?
— Жұбайым.
— Отандасқандарыңызға қанша жыл болған еді?
— Жиырма бес жыл. Күнде осы уақытта телефон шалатын, уақытынан асып кетті.
— Мүмкін қолы босамай жатқан шығар. Кім болып жұмыс жасайды?
— Аяқ-киім шебері.
— Алдында тапсырыс берушілері көп шығар, өзіңіз телефон шалып көрсеңіз ше?
Ол сәл ойланды да, телефонын алып, дәлізге шығып кетті. Сәлден соң есіктен елудегі апай емес, бір бойжеткен кіргендей болды.
— Не дейді ағамыз?
— Шынымен жұмысы көп болыпты, қолы телефонға жетпей жатқан екен, кешірім сұрады.
— Көрдіңіз бе?! Сізді ұмытып не көрініпті? — деп әріптестермен күліп алдық.
Барлығы өз ретіне келді.
Әсем Анықбекқызы — Алматылық ашық әдебиет мектебінің (ОЛША) студентімін. Биыл екінші рет қатысудамын. Балалар әдебиетін жазып жүрмін. ОЛША курсында жазған шығармамды ұстаздардың айтуы бойынша баспаларға ұсындым, жауап күтудемін.