Дактиль
Есбол Нурахмет
Новелла
— Ыхыхы...
Бірдеңе есіне түсіп кеткенде алдымен бір күліп алып әңгімесін бастайтын әдетімен көптен бері сырлас, пікірлес боп жүрген ағам бір қызықты дүниені бастауға ыңғайланды.
— Ыхыхы, біздің ауылда... біздің ауыл, сонау Қытайдың ішкі жағындағы Гансу деген өлкесінде ғой. Ауылға жақын жерден мұнай шығып, ауданнан мұнай өңдейтін зауыт салынып, сол саланың қызметкерлеріміз деп қалың қытай келіп қоныстанды. Қоныстанғанда, мен тумай тұрып ертеде келген ғой, мен ес білгенде, ауылда қалың қытай тұратын. Солардың ішінде зауыттың бірді-екілі ескі складын күзететін Ли деген бір мыжық қытай болды.
Тұрықсыз, өңсіз, тісі ақсиған, көзі ілмиген, өзі әлжуаз, қаңылтақ адам болатын. Сонысын басына ма, бүкіл ауыл мазақ етіп, балаларға дейін тас лақтырып ойнап, ығырын шығаратын. Бұндайда Ли қытай шәңкілдеп бірдеңесін айтып қарсы тұрғанымен, қауқары жетіп ештеңе істей алмайтын. Қытайлар әр жылы өздерінің Шаған мерекесінде демалып, көбі атажұрттарына кетіп, азшылығы ғана ауылда қалатын. Ли қытай көпке дейін ешқайда шықпай қалып қойып жүрді. Бір жылы жұртпен бірге Ли қытай да кетіп, он бес күн дегенде бір аппақ келіншек ертіп, екеу болып оралды.
Келіншегі үріп ауызға салғандай жап-жас қытай қызы. Қыздың жастық нәзіктігі мен сұлулығы, өңінің ақтығы бұндай ауылды жерде кездесе бермейтін бөлек құбылыс еді. Онысы жаман Ли қытайдың жанында тұрғанда тіпті қатты білінді. «Мына жаманға анандай сұлу қалай тиді екен?» десіп жұрт таңданысты. Оның жауабы да көп күттірген жоқ, Ли қытайдың Бәй бикені айттырған оқиғасы лезде ел ішіне аңыз боп тарап кетті.
Ли қытай Шаған мерекесі кезінде атажұртына барып, бірнеше жыл жинаған жалақысына сол кезде екінің бірінің қолына түспейтін, партия басшылары киетін Мао үлгісіндегі көк түсті костюм тіктіріп, басына алты қырлы Мао үлгісіндегі көк шапкіні қонжитыпты. Ол осы киімді кигенде бейне бір беделді мекеменің бастығы, не партияның маңызды кісісі секілді көрініпті. Сосын Шандұң жақтағы өзі білетін, сыртынан қызығып жүрген Бәй бикенің отбасына тіке тартыпты. Сыпайы сәлем беріп, иығына асқан жап-жаңа былғары сумкасын әспеттеп ұстап кіріп барғанда Бәй отбасы аздап абыржып қалғанға ұқсайды. Өзінде жоқ сабырлы мінез көрсетіп, аз күліп, көп тыңдап, нық сөйлеп әрі әдеп-ибасын да ұмытпай отбасының басын әбден айналдырыпты. Сөйтіп, сөз арасында өзін таныстырып, «Гансу деген жердегі үлкен мұнай өңдейтін зауыттың бастығымын» деп соғып жіберіпті. Қыза келе, «Қыздарыңыз тәрбиелі, көргенді екен, мен секілді жоғары қызметтегі адамға лайық деп тауып, сіздердің рұқсаттарыңызды сұрай келдім» дейді.
Көктен тілегені есігін қағып өзі келіп тұрғандай көрген қыздың ата-анасы мәре-сәре болып, қызын екі жақтап үгіттеп көндіріп, Ли қытай әкелген екі қорап «Жұңхуа» маркалы темекі мен екі бөтелке «Ақбидай» арағын («бұл екі зат ол күнде аса мәртебелі мейманға тартатын сый еді» дейді әңгімешім) қыздың қалыңы ретінде алып, ризашылығын беріпті. Қыз әуелде Лидің өңін көріп ұнатпаса да, анақұрша биік мансапты болған соң жағдайым жаман болмас деп еріп жүре беріпті.
Сөйткен Бәй бике алданғанын тозған ауылға жеткенде бір-ақ білген. Оның жүрісі мен киім киісі де бөлек еді, ол көшеден жүргенде қалың бала шұбырып артынан еріп аламыз. Сұлулығын қызықтаймыз ба әлде бұл ауылға бейтаныс болмысы, қимыл-әрекеті қызықтыра ма, әйтеу қаумалаймыз да жүреміз. Бәй бике ауылға келе салысымен екі күн өтпей ұрыс шығарды. Ұрыс үйдің ішінде басталып көшеге ауысты. Бәй ханым Ли қытайды қолына түскен бірдеңемен сабалай қуып жүр. Ли қытай қорғанған болады, Бәйдің соққысы бірде басына, бірде қолына тиеді, екеуінің де ауызы жабылмайды. Қалың бала қоралап алып қызық көріп жүрміз. Бір кезде екеуі алыса кетті, Бәй ханым әлжуаз Ли қытайды алып ұрып астына басып алды. Біз шу етіп күліп, Ли қытайды барынша табалап жатырмыз. Бұған намыстанды ма, Ли қытай күш алып Бәй ханымды аударып тастады. Осы кезде балалардың бірі жүгіріп барып Ли қытайды жұлқылай жөнелді, оған еріп бәріміз қаптап Ли қытайды қайтадан аударып Бәй ханымның астына салып бердік. Өстіп екеуі ұмар-жұмар боп ұзақ төбелесті, біз әрі қызыққа қарық боп, енді бір жағынан Бәй ханымға көмекші боп, Ли қытай күш алып бара жатса қайта аударып, Бәй ханымның астына салып берумен болдық.
Бұл төбелес бұнымен тынған жоқ, құдайдың құтты күні осы көріністі көреміз. Ли қытайдың үйі жақтан айғай шыға салысымен ауыл балалары сонда жинала қаламыз. Тағы да Бәй ханымға көмектесіп, Ли қытайды аударып берумен айналысамыз. Бірақ бір қызығы осы төбелестен Ли қытайдың аздап болсын ашуланғанын, күйзелгенін көрмейміз, орсақ тістері ақсиып, Бәй ханымға күле сөйлеп бірдеңелерді айтумен болады. Ал Бәйдің өңі бір қызарып, бір бозарып, мүлде күреңітіп кетеді, жұқа қабағы түйіліп, жіңішке қастары бұратылып, қып-қызыл еріні жиырылып, шарасыздықтан, дәрменсіздіктен ашуланғаны білініп тұратын.
Шарасыз болатын бір себебі, ауылға жайдан жай көлік келе бермейтін. Ауыл адамдары көбінде атпен, арбамен жүре береді. Ал жұмысшы қытайларды әкелген көлік қайтадан әкету үшін ғана келетін. Айына бір машина көрсек соның өзі үлкен оқиға секілді еді. Бәй ханым «мені үйіме қайтар» деп аласұрды. Өз бетімен қайтып кетуге көлік те жоқ. Бір жағы тұтас ауыл, қазағы бар, қытайы бар, бейшара Ли қытайды «бақытынан» айырғысы келмейтін секілді, ешкім қыздың қалаға кетуіне көмектеспей қойды. Мүмкін, өстіп жүріп екеуі жарасып кетер деп ойлайтындай. Бұндай сөзді жұрттың ауызекі әңгімесінен де естіп қаламыз. «Қанша тулайды, қояды ғой бір күні» десетін үлкендер. Ал, балалар қалай болмасын Бәй ханымның тілеуін тіледік, бірақ ауылдан кетіп қалуын тілеген жоқпыз, оның біздің ортамызда жүргені ұнайтын еді. Ол келгенде ауылға бір жылылық келгендей, сән кіргендей болды, мұны балалардың бәрі сезінді ме, әлде менің ғана сезімім бе, оны анық айта алмаймын. Әйтеу телевизор, интернет деген атымен жоқ сол заманда, желге тозған, күнге күйген ауыл адамынан өзге, аппақ қардай қала қызын көру – бізді әлдебір үмітті дүниеге, өзге кеңістікке қарай тартқаны мәлім. Сөйтіп, Бәй ханымнан басқа ауыл адамдары өзімізше бақытты өмір сүріп жаттық.
Бір күні көрші ауылдан қалаға қи тасып бара жатқан ескі жүк машинасы ауылға келе қалды. Ауылда әлдебір танысы бар ма әлде хат-хабар тасып жүр ме, ол жағы анық емес, ауылдық әкімдіктің алдында бір сағаттай тұрып қалды. Үстіндегі қидың сасық иісі мүңкіп, қолқаны қапқанымен машина деген қызықты зат бізді өзіне тартып, ауыл балалары да маңына үймелей қалдық. Бәй ханым үнемі жолға қарап, өткен-кеткен көлікті күтіп жүретін еді, жүк көлігі осында келгенін байқап ол да осында жетті. Келе сала көлік жүргізушімен сөйлесіп, қалаға ала кетуін сұрап өтінді. Көліктің иесі «кабинада орын жоқ» деп жатты. Бірақ Бәй ханым оған мойымады, анау «міне көріп тұрсың ғой, борт толы қи, оған қалай отыра аласың? Ал кабинада орын жоқ» деп кесіп айтты да әкімдікке кіріп кетті. Бәй ханым көлікті әрі бір, бері бір айналып көрді, қидың иісі мұңкіп тұр, әдетте нәзік болмысымен жағымсыз иіске мұрнын басып, жиіркене қарайтын Бәй ханымға қидың иісі тіпті сезілмейтін секілді. Мүмкін оған осы көлік мынау күйреген ауылдан құтқаратын үміт секілді көрінген болар. Ол өстіп бір-екі айналды да аяғын борттың үзеңгісіне салып, борт жақтауынан мықтап ұстап, қақиып тұрып алды. Өңінен алде бір үлкен іске бекіген тәуекел мен батылдық білінеді.
Біреулер айтып жеткізді ме, сәлден соң Ли қытай да келді. Бәй ханымға жалбақтай сөйлеп, әлде бірдеңелер айтып райынан қайтармақ болды, Бәй ханым онысына елең етпеді. Ли қытай енді күшке салды, әуелі Бәй ханымның етегінен жұлқып, аяғынан тартып жармасты, Бәй теуіп жіберді. Ли де қайтпады, аяғын борттың үзеңгісіне салып Бәй ханымның борт жақтауынан ұстаған қолын босатып алмақ боп әуреленді, онысынан тіпті ештеңе шықпай қойды. Ли қытай өстіп жағаласып жатқанда көліктің айналасына бір қауым ел жиналды. Ли қытай ауызбен де айтып, бір жағынан Бәй ханымның қолымен алысып әбден терледі. Сосын қолын бір сілтеп, маңдай терін сүртіп жерге түсті. Өңі түтігіп кеткен, ашулы. Тағы да самбырлап Бәй ханымға сөйлеп жатыр, Бәй ханым міз бағар емес. Енді ауылдың соқталдай-соқталдан азаматтары Ли қытайға көмектесіп, Бәй ханымды борттан түсірмек болды, бірінен кейін бірі келіп Бәй ханымның қолына жармасты, бара-бара екіжақтап жағаласты. Бәй ханымның қолы бейне тас па дерсің, бір мызғымайды, жігіттер үстінен ұрып та көрді, тырнап, шымшып та көрді, ауру сезімін мүлде ұмытқан секілді, не ауызынан бір ауыз сөз шықпайды, не босаңсып, болмаса бір қимыл да жасамайды, қатқан мүсін сынды. Көлік иесі де келіп, жігіттердің түсіріп алуын күтіп тұр. Әрі күтті, бері күтті, жігіттер қаумалап келіп көтеріп алып қалмақ та болды, бірақ денесін бөлек көтеріп алғанмен борт жақтауынан ұстаған қолы босайтын емес, тек кесіп алсаң ғана ажырайтындай. Ақыры көлік иесінің шыдамы таусылды, «Болды, жіберіңдер, барам деген жеріне барсын» деді. Сөйтті де көлікке отырып, оталдырып жүріп кетті. Қыз ауылдан шыққанша қақиған беті кетіп бара жатты, балалар шулап, біраз жүгірдік те ұзамай қалып қойдық. Ауыл адамдары амалсыз басын шайқасты, ал Ли қытайдың өңі бозарып, не күлерін, не жыларын білмей тұрғандай көрінді.
Бәй бикеден сол кеткеннен хабар болмады, қалай дегенмен мақсатына жеткеніне сендік. Ли қытайды жұрттың бірі мүсіркеп, бірі онан арман мазақ етіп, әрі қарай өмір сүріп жаттық. Кейін келе Бәй ханымды көбі ұмытты, тіпті Лидің өзі де ұмытқан секілді, баяғыдай ыржалаңдап, жұрттың әжуа, мазағын елең етпей, мұңсыз, ойыз күйіне ауысып үлгерді.
Новелла
Әлгінде ғана күн көзін бірде көлегейлеп, бірде сырылып көшіп жатқан ақшарбы бұлттар ұйлығыса қалды да, күрт түйіліп, сіберлеп жаңбыр жауа бастады. Алғашқыда бір жақтан күн шұғыласы қатар түсіп, екінші жақтан жел айдаған майда тамшылар сырт-сырт тама бастаған, сәлден соң батыс жақтан түнере тұтасқан алып бұлт көрінді де сіркірей жөнелді.
Шашының екі жағын жұқартып, төбесін сәндеп қойған, үстіне қысқа жеңді футболка, жұқа джинсы киген, бойы ортадан сәл ғана биік жас жігіт төбесін алақанымен қалқалап, бұрылып жол шетіндегі кафеге кірді.
Бұл кіргені сыртын әйнекпен қоршаған, кафенің есігі алдындағы кең вестибюль екен. Бірнеше үстел, орындықтар тұр, жаздың күнінде мұнда қонақтар отыратын секілді. Әйнек қабырғалардың қай тұсында болсын биік өсетін әсем гүлдер қойылған, кейбірі төбеге дейін жармасып өсіп тұр. Бір шеттегі үстелде кітап оқып жас қыз отыр, басқа жан баласы көрінбейді.
Жігіт орта тұстағы үстелге отырды да көшеге көз салды. Ірі тамшылар асфальт үстін сабалай жауып тұр, бірден, екіден ғана андыздап жеңіл көліктер өтеді. Көше бойы суға тола бастаған. Толған сайын тамшылардың қалай тамып жатқаны анық көрінеді...
— Сәлеметсіз бе!
Жігіт бұрылып қарап еді, даяшы келіп тұр екен.
— Заказ бересіз бе?
Жігіт тағы да сыртқа қарады, аспанға көз салды.
— Кофе бере салыңыз.
— Капучино, латте, американо?..
— Капучино... жо, жоқ, латте. Латте бере салыңыз.
— Жақсы.
Қарсы соққан желден жаңбыр тамшылары әйнек сыртына соғылып, айғыздала ағып жатыр. Арғы жақтағы көріністер әлдебір шебер суретшінің ерекше стилінен туған туынды секілді көрінеді. Жігіт қалтасынан смартфонын алып шығып, шұқылап біраз отырды. Айтқан кофесі де келді. Кофені қолына алып жатып анадай жерде қарсысында кітап оқып отырған жас қызға қарады.
Қыздың макияжы да, киген киімі де қарапайым әрі жарасымды көрінді. Қыз анда-сонда телефонына қарап қояды. Жігіт кофені бір ұрттап қайта қойған соң, бұрылып далаға көз салды. Қалың жаңбыр тіпті үдей түскендей көрінді. Жігіт ебін тауып қызбен әңгіме бастағысы келді. Қыз телефонына тағы қарап қойды, мүмкін біреуді күтіп отырған шығар… Жігіт қыздың қолындағы кітапқа назар салды. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы.
— Жақсы кітап, — деді жігіт қызға дауысын естірте. Қыз басын көтеріп жымиып қана күлді де, қайтадан кітапқа бас қойды, — тек ештеңе оқып көрмеген жас балаларға ғана, — деп қосақтап қойды сөзінің соңын.
Қыз мырс етіп күлді.
— Адамға бірден тисіп сөйлеу мәдениетсіздік болар…
— Мен тек кітап туралы көзқарасымды айтып отырмын.
— Сізден біреу көзқарасыңызды сұрады ма?
— Сізбен қатты сөйлескім келді…
— Неге?
—«Түсі жылыдан түңілме» деген бар ғой, жүзіңіз нұрлы екен… жан дүниеңіз де бөлек шығар деп ойлағам.
— Ойыңыздан қайтып қалдыңыз ба?
— Қазірше үміт бар… бірден сұрақтың астынан алып тергеп кеттіңіз ғой, — деп жігіт жылы жымиды. Қыз сыңғыр етіп әдемі күлді.
— Өзіңіз ғой, әңгімені бірден жағымсыз бастап отырған.
— Сіздің өн бойыңыздан маған таныс нәрсе тек осы кітап қана екен…
— Оның өзін онша ұнатпай тұрсыз ғой…
— Бұны да оқымайтындар қаншама! Оларға қарағанда көрімсіз ғой…
— Бағамды біржола беріп тастадыңыз ғой тіпті, — деп қыз ренжігендей боп сәл тұнжырап қалды.
— Бір жола деп ойламаймын, «адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген бар емес пе, адам бірін бірі сөйлесе келе, уақты өте келе таниды ғой, алғашқы пікірдің өзі мың рет өзгеруі мүмкін. Жалпы біреу туралы ойдың барлығы субьективті дүние, сондықтан менің бағама бола алаңдаудың түк қажеті жоқ.
— Алаңдап қалдым, іхіхі, — қыз сыңғырлай күлді, бұл күлкіде сәл мазақ та жатқандай көрінді.
— Ашық-жарқын жан секілдісіз...
— Жаңа ғана өзіңіз «адамдар бірін бірі уақыт өте келе таниды» деп едіңіз, енді бір қылығыма бола қалайша ашық-жарқын деген баға бере салдыңыз? Мүмкін, мен сіздің алдыңызда шын болмысымды жасырып отырған шығармын.
— Адам көп жағдайда қарсы жағына ұнау үшін шын болмысын жасырады...
Қыз сыңғырлап күліп жіберді.
— Үмітіңіз зор екен.
— Үміт менде емес, сізде секілді.
Қыз тағы күлді.
— Өзіңізге тым сенімді секілдісіз.
— Ақымақ қана өзіне сенімді болады...
— Онда сіздің де ақымақ болғаныңыз ба?
— Есті адамды ақымақ қылатын екі-ақ нәрсе бар, бірі ашу, бірі ғашықтық.
Қыз жігітке сұраулы көзбен тіке қарады. Кітабын жинап бір жаққа қойды.
— Сіз маған ашуланып отырсыз ба сонда?
Қыз әдейі күлді.
— Екінші нұсқаны қарастырмайсыз ба?
— Тым сенімсіз шығып тұр. Сіздей адам кісіні бір көріп сүйіп қалады деп ойламаймын.
— Неге?
—«Адамның алғашқы пікірі де мың рет өзгеруі мүмкін» дедіңіз ғой, оны білетін адам ұзақ ойланып, асықпай шешім қабылдайтын шығар.
— Иә, солай екені рас, бірақ бұл алғашқы сезім мүлде дұрыс емес дегендік емес қой. Мүмкін ең дұрыс сезім алғашқы сезім шығар? Кейбір адамдар өздерін алдап, алғашқы сезімге иланбай, кейінгі ақылмен қабылдаған шешімдермен өмір сүремін деп қателесіп жүрген болуы мүмкін ғой.
— Ойыңыз қызық екен.
Қыз ойланып қалғандай болды. Терезе сыртына қарады, жаңбыр құйып тұр. Суға толған асфальт үстін кесек тамшылар сабалай түседі. Жігіт те сыртқа көз салды.
— Жаңбыр адамды үнемі ойға жетелейді.
Қыз жігітке қарады. Қиылғанына көп болмаған маңдай тұсына сәл еңкейіп тұрған қара-қоңыр шашы, бұдырсыз жазық маңдайы, қою қара қасы мен жайдақтан сәл ғана шүңіректеу көзіне қарады, әдепкіден сәл кесектеу мұрыны, қалың еріні, сақал-мұртсыз таза, шығыңқы иегі — бәрі өзінше үйлесіп тұр. Бетінің әр бөлігі өзінше бөлек фигура секілді көрінді. Жаңбырлы көшеге қарап отырған ойлы жігіт бейнесі қызды қызықтырған секілді.
— Сіз не ойлап отырсыз, егер құпия болмаса? — деп жігіттің назарын өзіне бұрды.
Жігіт мырст етіп күлді.
— Айтуға ыңғайсыз. Бірақ сіздің не ойлап отырғаныңызды айтып бере аламын.
— Тым қиялшыл секілдісіз... — қыз болмашы жымиды. — Ал айтып көріңіз...
— Сіз өткеніңізді екшеп, бүгінгі сәтіңізді таразылап отырсыз...
— Олай жалпылама мен де айта аламын ғой. Мысалы сіз де сөйтіп отырсыз...
— Жоқ, мен болашақты ойлап отырмын.
— Қандай болашақты?
— Сізбен өтетін өмірімді көз алдымнан өткізіп отырмын...
— Қиялшылсыз деп айттым ғой... біз бірінші рет қана кездесіп отырмыз ғой, қалай бәрін қиялдап үлгересіз?
— Егер екінші рет кездессек, сосын үшінші, төртінші рет кездессек, бірімізді біріміз ұната түссек, махаббаттың ыстық отына күйіп, ақыры үйленсек, қалай болуы мүмкін?
— Болашақты болжайтын қабілетім жоқ, кешіріңіз, — деп қыз жымиды.
Қызға жігіттің бұл сұрағы ұнап тұрғандай.
— Егер үйленсек, мен сіздің әр күні көңілді болуыңыз үшін қолымнан келгеннің бәрін жасар едім, егер мені сүйсеңіз, сіз де маған солай қызмет етер едіңіз, біз мүмкін әлемде сирек кездесетіп ең бақытты отбасы болармыз.
— Сіз тым қатты қиялдап кеттіңіз...
— Жоқ, мен бұның бәрін суық ақылмен ойлап отырмын, және бұның екінші нұсқасы бар. Біз бірімізді біріміз сүйіп, ұнатып қосыламыз, алғашқы айлар қызыққа толы болады, мен сіздің болғаныңыз үшін, сіз менің болғаным үшін шүкір айтып жүреміз. Сосын, белгілі бір уақыт өткенде, бір біріміздің кейбір ұсақ қылықтарымыз ұнамайтынын аңғарамыз. Менің кейбір адамдарды менсінбейтінім, қазір сыптай боп отырғанмен сақал-мұртымды, шашымды алмай жүріп алатын кездерім көп болуы мүмкін, кітап үстелім жиналмай, шашылып жататын болуы мүмкін. Сіздің қазір жасырып отырған мінездеріңіз сонда шығуы мүмкін, ұнамаса ұрсып тастауыңыз, қызға сай келмейтін әлдебір дөрекі қылықтар көрсетуіңіз мүмкін. Ал бұл қылықтарда сан жоқ, қате қойылған сұрақтар, түсінбей қалған сөздер, менің кейбір достарым, сіздің кейбір құрбыларыңыз, баланың жылауы, оған қалай жауап қайтаратынмыз, тұрмыстың ауырлығы, кредитке бату, жұмыссыздық. Бұның бәрі біздің қарым-қатынасымызды күрделендіре, қиындата түседі. Бірімізді біріміз түсінбейтін сәттер онан арман көбейе береді. Бұның соңы бір-біріміздің түрімізді көргенде құcқымыз келетін деңгейге жетеміз. Үйдің ішінде күнде айғай, күнде ұрыс болады. Сондай сәттердің бірінде менің қолым сізге тиіп кетуі де мүмкін, бірақ өзімді әйелге қол көтеретін адаммын деп есептемеймін. Тіпті сіз мықты боп мені сабап тастауыңыз да ғажап емес, бірақ қазіргі қалпыңызға қарап, сізді де ондайға бара алады деп ойламаймын.
Ал балалар күнде осыны көріп жылайтын, қайғыратын болады, бірі сізді, бірі мені жақтаймын деп үлкендердің ісіне араласып, балалығын жоғалтады. Өмірге солай психикасы әлсіз, айналасын түгел жеккөретін бір адамды тәрбиелеп жеткіземіз... Ал біз ажырасуымыз да мүмкін, одан да жаманы сол мәнсіз ұрыс-керіске толы тіршілік өзімізге ұнап қалып, бірге тұра беруіміз де мүмкін. Ал менің осы сөздерімді естіп болғанда сіз ашуланып шығып кетуіңіз де мүмкін, екінші нұсқа алдымдағы кофені бетіме шашып кетуіңіз де мүмкін... үшінші нұсқа...
Жігіттің сөзін қыз бөліп жіберді. Қыздың жүзі сәл сұрланып, өкініш, реніш табы біліне қалды.
— Не қылған мәнсіз адам едіңіз! Тек қазіргі сәтпен өмір сүруге болмай ма? Ойыңыз толған негатив... қалай өмір сүріп жүрсіз?
— Мен сізге позитивті нұсқаны да айттым ғой.
— Негативті сонша созып, қызыға баяндап отырсыз ғой.
— Бақытты ұзақ суреттей алмайсыз, бақытты айтып та бере алмайсыз, бақыт, тіпті, есіңізде де қалмайды. Бақыт деген сәттер ғана.
— Һім, өзіңіз сұмдық философ екенсіз ғой...
Қыз телефонына бір қарап орнынан тұра берді. Сырттағы жаңбыр басылып қалыпты. Күн шайдай ашылыпты. Кафенің алдына бір жеңіл көлік келіп тоқтай қалды.
— Менің жігітім келді. Сау болыңыз.
Қыз жұлқына шыға берді. Жігіт мырс етті.
— Жігітіңізбен де екі нұсқаны қатар ойлаңыз.
Қыз тіпті ашуланып кетті. Бұрылып келді де жігітке төніп тұрып ұрысып тастады.
— Сіз өмірде жолы болмаған, адасқан, некеден көңілі қалған адам екенсіз. Бар ойлағаныңыз сол болса, өз басыңызға келсін!
Қыз шығып кетті. Ашулана барып көлікке отырды. Көлік сәл тұрды да қозғалып кетті.
Есбол Нурахмет — писатель. Родился в 1990 году. В 2014 году окончил Евразийский национальный университет им.Л. Н.Гумилева по специальности журналист. Автор сборника рассказов «Неиссякаемая ночь». Лауреат премии Qalamdas, посвящённой памяти Ольги Марковой, в номинации «Проза».