Дактиль
Ақжан Аманжол
қандай өмір сүруге кеңес бересіз?
қандай ауа жұтуға кеңес бересіз?
бейтаныс жолаушыға «сіз» деп айту қажет екенін
ұмытуға қалай қарайсыз?
ұмытайық.
сәттеріңнің азайып бара жатқанын сезгеннен соң
уақытың
өзегіңе солған гүлдің тамырындай жармасқанда
өкініштеріңнің топырағын күлмен былғағаныңды
өзіңе кешіре алармысың?
көзілдіріксіз әлемге қарай алмайтының,
әуендеріңді біртіндеп жоғалта бастағаның,
өзіңе оралу мен өзіңнен арылудың арасындағы баспалдақтарды
өз еркіңмен салғаның
кешірім сұрауды қажет ете ме?
дегенмен,
өзіңді кешіріммен байланыстыра алмағаныңды есіңе алған сайын
өкініш толы чемоданыңды алып,
кезекті сапарға шығып кететінсің.
өзіңе ғана аян шындығыңды
кездескен әр жолаушың өтірік аралас күйінде жұтатын.
жолаушыларыңның көптігін
сол шындығыңды бірге ішіп тауысқанда ғана байқайтын секілдісің.
бірақ, өкінішсіз…
шаршағаныңды ше?
иә, шындығың да сенен шаршады.
ендеше,
ұмытуға қалай қарайсыз?
ұмытайық.
қолымның дірілін жазам,
күбірін жазам жолымның,
жанымның жырығын жазам,
күдігін,
күлін көңілімнің,
көзсіз сенімін жазам,
сені де жазам, жарығым.
иісің сіңген сезімді жазам,
тынысың бөлген сөзіңді,
сөзге қимаған сәттерді жазам,
(үнсіздігімнен безіндім…)
түтінді жазам өкпеге тұнған,
білмеймін, бәлкім, тағдырға,
өкпемді жазам
күйреуік мұңға,
мезгілсіз жауған жаңбырға…
бәрін де жазам,
әлі де жазам,
жарығым, сен тек оқыма.
жай ғана сезін.
көп
өлген сөздің құрметіне
бірнеше минут үндемейікші:
байқаусызда жоғалтып алған,
жұтылып кеткен,
айтылмай қалған;
қарға көмілген —
ауырлығынан тұншыққан,
бәлкім,
тұншықтырылған;
жүрекке жетпей,
ауаға сіңген
таусылмас ойлар жүгімен бірге;
уақыт та оларға бола алмас қорған,
себебі жеңіл,
себебі жалған,
себебі терең тамыр жаймаған,
себебі
жүрек білмейді мүлде
тыңдайды кімді, айтады кімге
тірі сөздерді
ендігі
өліге айналған...
Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны
бүкіл әлемді жылыта алар еді.
Бірақ,
оның
ескі суреттерді өртеп жібергісі келді.
Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны
бүкіл әлемді жылыта алар еді.
Бірақ,
ол
шылым тұтатты.
Ол қолындағы соңғы шырпыны
Күнге ұқсатқысы келді.
Бірақ,
шырпы сөніп қалды.
Сәттердің шырмауында жоғалдым, адастым,
қаштым өзімнен, өзіңнен.
Қасықтап жинап, алақанымда жылытқаным —
үнсіздік саңылауынан төгілген сөзің бе?
Қаймағын сүзіп ала алмадым ойларымның,
сынапқа айналыпты олар.
Менің ақиқат деп таңдағаным —
қары еш күрелмеген жолдар.
Жүрегімді қиянатымен қоса жұта алатын адам,
әмиянымда жасырын сақтаған сурет
көңіліме тәтті мұң боп жабысып қалған,
бірақ
саған еш қауіп төнбейді, жүрек.
Мен жоғалудың бергі жағында тұрмын,
ал сен арғы жағында жағалаудың.
Дертің не дерсің…
Үнсіздігің түнектей қара құрдым,
жанасқаны қарғыстай жанарлардың.
Жоқ әлі сенсіздіктен тапқан емім.
Қажет пе осы
өзгеден түңілмес үшін өзіме үңілгенім?
Ей, менің мұңлы өлеңім,
Сезім вокзалында шығарып салғым келмеп еді Сені…
Мазамды алған шіркей ойларым
санамның шекарасында бейбіт шеруге шықты.
Олардың нендей наразылықтары барын,
қандай арманның жалауын ұстағандарын білмеймін.
Шіркей ойларым әуелде шіркей болмаған шығар дедім сосын.
Бәлкім олар еркіндігі шектелмей тұрып, көбелек болған
немесе
мүлде менің санамнан тыс өмір сүрген шығар.
Байғұс шіркей ойларым…
Шерудің шыншыл саясатына сенетін ойларым,
сендер білмейсіңдер…
Менің тәнім жылдар бұрын өліп қалған жанымның бейіті ғана.
Ал жаным ғасырлар үнін арқалап келген қосөркешті түйе секілді.
Керуеннен адасқан,
шаршаған,
тамағы кеуіп,
жанары шырмалған…
Байғұс шіркей ойларым,
Кешіріңдер…
Сендер шеруге шыққан санамның шекарасы даламдай тарылған,
суымдай тартылған…
Жылы құшағымды ұсынар ем, әттең,
бөтен біреулер еніпті онда,
Жылы сөзім де қалмапты,
жұлма да жұлма…
Мазамды алған шіркей ойларым
санамның шекарасында бейбіт шеруге шықты.
Аман қайтса екен әйтеуір…
Ақжан Аманжол — 2001 жылы 31-наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Псевдоним – Ай қызы. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Кинотеледраматургия мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда осы оқу орнында өнертану магистранты. «Қолтаңба» поэтикалық бірлестігінің жетекшісі. 2018 жылдан бері шығармашылық кездесулер мен поэзиялық кештер өткізіп жүр. Burshaq шығармашылық бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ұлан» газеті, «Мәдениет» журналы секілді республикалық басылымдарда, «Массагет», «Qalamger», «Әдебиет порталы», т.б. интернет-порталдарында жарияланған. 2019 ж. тамыз-қараша аралығында Қазақстан Жазушылар одағында, Азия жазушыларының форумы аясында сайт редакторы болып қызмет атқарды.