Айжан Нұрсұлтан

198

30 ақпан

Қыз — Айлин

Мұғалім — Жанар

Жас жігіт

 

Бірінші сахна 

 

Марс, далада ештеңе жоқ, тек отыратын орындықтар тұр, артында оқу ғимараты.

Сахнаға қыз шығады, үстіндегі ақ көйлегі кір-кір, алба-жұлба, шашы ұзын, жиналмаған. Көзінде мұң, дәл қазір өз отбасымен мәңгілікке қоштасты, олар жерде, ал қыз Марсқа көшіп кетті. Жер өлді, қалған адамдар қаза тапты. Ол ешнәрсе сезбейді, тек ішінде үнсіздік. Сахнаның алдына келіп отырады, ойланады, содан соң:

 

Қыз. Сағым болып барады бұл дүние,

Ерте ме, кеш пе, өзгерме,

Тек алға ұмтыл, батыл бол,

Отбасыңды ойла, бекем бол,

Сабыр сақта жүректе,

Өзгерме тек, шектелме,

Бұл жерде енді өзіңмен-өзің құрдас бол

Жақынсыз, жалғыз әр адам

Марсқа жетіп, жетім қалған

Соны біл!

 

Ол қатты ойға беріліп кетеді, жылайын десе жасы бітіп қалған, өмірі күл талқан болып жатыр. Бір кезде бір мұғалім шығады, әйел, шамамен 35-40 жаста, шашы қысқа, қара түсті киімі өзіне сай, қатал, классикалық үлгіде, үстінде белдемше мен ақ көйлек, кенет қызды көріп қасына барады.

 

Мұғалім. Сәлем, сенің есімің кім? Неге бұл жерде отырсың, барлық студенттерді оқу ғимаратына шақыртып жатыр, жүр, мен саған жолды көрсетіп жіберейн.

 

Қызға жақындап, қолынан ұстап, көтерілуге көмектеседі, қыздың әлсіздігін түсінеді, ол мүлде тірі жанға ұқсамайды.

 

Қыз. Мен бұлай өмір сүргім келмейді, неге мені жерде қалдырып кетпедіңіздер? (Ол мұғаліміне бүкіл ішіндегі жеркенішпен қарайды.) Мен өз отбасыммен болғым келеді! Жіберіңіз мені, мен, мен... (Деп айғай салып, жылайды.)

 

Мұғалім қызды құшағына алады.

 

Мұғалім. Жылап ал, ішіңді босат, мен түсінемін, саған қазір қиын, бұл жағдай барлығымыздың басымыздан өтіп жатыр, жарты жылдың ішінде әр күн сайын Марсқа жүздеген жас қыздар мен ер азаматтарды алып келді, түсінші, біз барлық адамдарды құтқара алмаймыз... Бүгін 30 ақпан, біз бұл күнді мәңгіге қазалы күн деп санаймыз, бірақ сен ешнәрсе өзгерте алмайсың, өмір осындай, бізге әрі қарай жылжу керек, түсінесің бе? Тұр, қане, маған қара, сенің есімің кім, қай жерденсің? Отбасың туралы айтып берші. Сен құтқарылған соңғы адамсың, яғни, сенің бұл өмірдегі жолың аяқталған жоқ.

 

Қыз әзер есін жинап, мұғаліміне тік қарайды, әлсіз дауыспен сөйлейді.

 

Айлин. Мен Айлин Ерасылқызымын, жасым 16 да, іммм... (Күрсініп.) Менің отбасым Тараз қаласынан болған, олар ғалымдар, Ерасыл және Мариям 20 жыл ғылымға өздерінің өмірін арнаған, мен олардың жалғыз қызы едім...

 

Айлин қайтіп уайымға кіріп кетеді. Бұл сәтте мұғалімінің есіне жаңағы айтылған есімдер жақын болып көрінеді.

 

Мұғалім. Тоқта, сенің ата-анаң Ерасыл және Мариям дедің бе? (Мұғалімнің түрі күрт өзгереді.) Сонда сен... (кері бұрылып, залға қарата сыбырлап айтады) сонда сен 20 жыл бұрынғы эксперименттің нәтижесі болғанын ба? (Қызға қарап сөйлейді.) Айлин, сен өзгеше қызсың, басқаларға мүлде ұқсамайсың, сен бізге керексің (дейді мұғалім Айлинға көзі жайнап қарап), бұл ғылыми жобада көптеген қиындықтар болған, алайда, қазір сені көріп, өз көзіме өзім сенбей тұрмын, сен жалғыз өстім дейсің бе, ешқандай сіңлің болмады ма, егізің жоқ па?

 

Бағанадан бері не болып жатқанын түсінбей отырған Айлин мұғалімге қарап.

 

Айлин. Сіз не деп кеттіңіз, дым ұқпадым, қайдағы ғылыми жоба, қайдағы егіз? (Өз-өзімен сөйлесіп.) Бұл кісі алжыған ба, не деп отыр өзі? (Енді есін жиып, әңгімеге қызыға бастайды.)

Мұғалім. Айлин, мен саған қазір бәрін айтып беремін, сен тек таңғалма, 2071 жылы біздің мықты деген ғалымдар жиналып, клондау жобасын ашқан еді, қаншама жыл бұл эксперименттен еш нәтиже болмаған соң, оны «жабамыз» деп шешті...

Айлин (мұғалімнің сөзін бөледі). Тоқтаңыз, оның бұл өмірге не үшін қажеті бар? 

Мұғалім. Эх... Бұның бәрі 2053 жылы басталды, адамдар мүлде көбеймей, керісінше күннен күнге азая бастады, жасанды жатырмен тапқан балалар ұзақ өмір сүрмей, тек 10 жылдай өмір сүретін. Сонда ғалымдар бар адамдарды клондау немесе жаңадан адам жасау жобасын ойластыра бастады.

Айлин. Мен табиғи емес, жасанды адаммын ба сонда? Менің сынарым қайда, олай болса? (Ол бұл сөзге сенбейді.)

Мұғалім. Мен өзім бұған сенбеген едім, жай ғалымдардың қиялы шығар деп, бірақ, бұл өмірде бәрі мүмкін, өзің соған дәлел боп тұрсың, ал сыңарыңды білмедім...

Айлин. Ренжімеңіз, бірақ мен сіздің сөздеріңізге сенбеймін, сіз мені қара ойдан алып қалу үшін алдап отырсыз ба?

Мұғалім. Жоқ, жүрші, мен саған бір нәрсе көрсетемін, дәлелдеп беруге тырысамын.

 

Қыз оған күмәнмен қарап, біраз ойланып.

 

Айлин. Жарайды, жүріңіз.

 

Екінші сахна

 

Мұғалімнің үйі: аз ғана жиһаз, бөлмесі кең, диван, кішкентай үстел, оның үстінде көптеген қағаздар, үйі қараңғылау.

 

Мұғалім. Кел, жайғас, шай, тамақ ішесің бе?

Айлин. Жоқ, рахмет... (Сәл ойланып.) А... бір стақан су бола ма? Және мен бүгін тамақ ішпеген едім. (Ұялып.)

Мұғалім (күлімсіреп). Иә, әрине, қазір мен саған нан мен май, шұжық алып келем, күте тұр.

 

Кетіп бара жатып, қалтасынан бір түймені басып: «Ол қыз менің үйімде», - дейді де ары қарай кетеді.

 

Айлин (өзінің ішіндегісімен бөлісіп). Әке-ана, неге жасырып келдіңіздер менен бәрін?

Қиянат жасамай өсіргендеріңізге рахмет,

Енді қайтіп сезінем өмір нәрін?

Бәрін білмей-ақ жүргенім жақсы еді,

Әттең жауап бере алмайсыздар сіздер қазір.

Көмек қатты керек кезде

Бір көмек беретін бар ма уәзір

Уақыт та өтпейді екен неге лезде?

Жақыннан айырылу өте ауыр,

Ешкімге сене алмаймын енді мен.

Бар ма екен, шынымен, менде бауыр?

Бере ала ма екен ол маған жаңа дем?

 

Күрсініп ойланып кетеді, сол сәтте мұғалім келеді. Қолында бірнеше бутерброд және ыстық шай.

 

Мұғалім. Су ішпей, шай ішші, жаураған сияқтысың ғой. (Айлинге шай мен тамақты береді.)

 

Айлин тамақты жеп.

 

Айлин.  Ммм, өте дәмді, рахмет сізге! Ііі, кешіріңіз, атыңызды да сұрамаппын.

Мұғалім. Менің есімім Жанар, кезінде сенің ата-анаңның қоластында лаборант болып жұмыс істегенмін.

Айлин. Аа, рахмет сізге. Жанар ханым, жаңағы әңгімеге қайтып оралсақ... Қандай дәлел бар дедіңіз? (Дейді қасын керіп, сүйкімді болып, аузындағы тағамды шәйнаған күйі.)

 

Жанар лезде қораптардың ішінен бір құжаттарды іздей бастайды.

 

Жанар. Мен осының бәрі басталғанда, жердің ыдырауын айтам, қолыма лезде осы құжатты ұстап зымыранға қарай жүгірдім, басқасы-басқа, осы құжат болмаса, маған ешкім сенбес еді, – ол қолындағы құжатпен Айлинның қасына келіп отырады.

 

Айлин қолындағысын тастай сала, Жанарға жақын отырып, қағазға қарайды.

 

Жанар. Бұл жерде былай делінген: «Эксперимент сәтті өту үшін, біз бір адамда бар қасиетті екіге бөлуге мәжбүр боп тұрмыз. Біздің байқауымызша, екі жасуша бір біріне қосылып, үйлесіп тұр, ал оны бөлетін болсақ, жақсы нәтиже шығуы мүмкін». (Қағаздан басын көтеріп.) Айлин, айтшы, сен өзіңде қандай сезімдер жоқ деп ойлайсың?

Айлин. Иә, ондайды байқадым, мен мүлде қуана алмайды екенмін, кішкентай кезден қуаныш дегенді білмеппін, сосын тағы қорқыныш сезініп көрмеппін... (Ойлана бастайды.)

Жанар. Сонда сен сезе алмайтын сезімдерді сенің сыңарың сезіне алады және де мында былай айтылған (қолымен нұқып оқиды): «Бұл адамдарды ажырата да аламыз, қайта қоса да аламыз. Бірақ, барлық қосындылар сәтсіз аяқталып, егіздердің біреуі қайтыс болып кете береді». Хм... Мүмкін сенің сыңарын бұл өмірде жоқ болар?

Айлин. Мүмкін, бірақ, енді мен ол сұрақты жауапсыз қалдыра алмаймын, маған көмектесе аласыз ба?

Жанар. Қандай көмегім қажет?

Айлин. Менің сыңарымды тауып беріңізші.

Жанар. Білмеймін, оның тірі болуы екіталай. Біріншіден, оны сенің ата-анаң бұл уақытқа дейін қайда жасырды? Екіншіден, мүмкін, ол жерде қалып қойды, Марсқа тек керек адамдарды және жастарды алды, өзің білесің. Ал, үшіншіден, оны қалай іздейміз?

Айлин. Менің ойымша, ол тірі, жүрегім сезеді. (Жерге қарап ойланып отырады.) А... мүмкін оны біздің оқу мекемесінің бас хатшысы біледі? Ол кісіде бүкіл оқушының тізімі бар ғой?

Жанар. Сен оның аты жөнін білмейсің ғой, қалай табамын деп ойлайсың?

Айлин. Мен табамын, сіздің көмегіңізге рахмет, мен барып, хатшымен сөйлесіп қайтайын. (Ол тұрып, шайын бір ұрттағанда, есікті біреу қағады...)

Жанар. Мен қазір, көріп келейін, кім болды екен? Отыра тұр, асықпа.

 

Есік сахнада, ол есікті ашып, ұзын бойлы жас жігітті көреді, екеуі сыбырласады және Жанар қолымен Айлинді көрсетеді.

Жас жігіт Айлинға қарай ұмтылады, Айлин қаша бергенде, аяғы істемей қалып, соңғы сөздерін айтып, құлай бастайды.

 

Айлин. Не болып... кетті? Анау шайда... бірдеңе... бар... ма? (Көзі жұмылып құлайды.)

Жанар. Көтер оны, бұл – тірі қалған жалғыз клон, біз оны толық зерттеуіміз керек, жүр!

 

Жас жігіт Айлинді көтеріп, сахнадан кетеді.

 

СОҢЫ

Айжан Нұрсұлтан

Айжан Нұрсұлтан — жазушы, драматург. 1999 жылы туған. Кішкентай кезінен өлең жазған. Мектепте оқып жүрген кезінде Ералаш сериалының қазақша нұсқасы 2-3 бөлімге түскен, сол кезден киноға деген махаббаты ашылып, 9 сыныптан соң Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк коледжіне «Көркем сөз оқу шебері» мамандығына түсті. Оқуды қызыл дипломға бітіріп, ары қарай басқа жолмен кетті, алайда жазуға деген құштарлығы одан сайын артып, 3 ән шығарған. Драматургияға қызығып алғашқы «30 ақпан» атты пьесаны жазған.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon