Иосиф Бродский

330

Достоевский туралы

Қазақ тіліне аударған Әлихан Махаш

 

Асылында, жер, су, ауа және отпен бірге адам баласы жиі санасуға тура келетін бесінші элемент ақша. Достоевский қайтыс болғаннан кейін жүз жыл өтсе де, оның шығармаларының өзектілігін сақтап қалудағы көптеген себептерінің бірі бәлкім, ең бастысы болуы да мүмкін — осында жатыр. Қазіргі әлемнің экономикалық эволюциясының бағытын ескере отырып, яғни жаппай кедейлену мен өмір сүру деңгейін унификацияландыру процесінде Достоевскийді пайғамбарлық құбылыс деп санауға болады. Болашақты болжауда қателіктерді болдырмаудың ең жақсы жолы – оған кедейлік пен кінә призмасы арқылы қарау. Дәл осы оптиканы Достоевский қолданған болып шықты. Жазушыға ынтық сезіммен құлай берілген табынушысы Елизавета Штакеншнейдер — өткен ғасырдың 70-80-жылдары салонында жазушылар, суфражисттер (әйелдерге сайлау құқығын беру қозғалысына қатысушылар — Ауд.), саясаткерлер, суретшілер және т.б. жиналатын петербургтік ақсүйек ханым — 1880 жылы, яғни Достоевскийдің өлімінен бір жыл бұрын, күнделігінде былай деп жазба қалдырады:

«...бірақ ол тоғышар. Иә, тоғышар. Дворян да, семинарист те, көпес те емес, суретші немесе ғалым секілді кім көрінген біреу де емес, барып тұрған тоғышар. Ал осы тоғышарымыз – терең ойшыл һәм тамаша жазушы... Қазір ол ақсүйектер, одан қалды мәртебелі герцогтардың үйіне жиі бас сұғады және, әрине, барлық жерде өзін осынау сән-салтанатқа лайықты түрде ұстайды, бірақ бәрібір оның бойынан тоғышарлық тұлғасы көрінбей қоймайды. Онысы кескін-келбетінен көрінеді, сырластық әңгімелерде байқалады, көбінесе шығармаларында... ол үшін ең көп сандармен өрнектелетін мол қаражат дегеніміз алты мың рубль болып қала бермек».

Бұл пікірдің шындықтан ауылы, әрине, алыс: «Нақұрыстағы» Настасья Филипповнаның алауошағына жаңағы алты мың рубльден бірнеше есе көп сомма түспеуші ме еді. Екінші жағынан, оқырман санасында үнемі өшпес із қалдыратын әлемдік әдебиеттегі ең ауыр көріністердің бірінде капитан Снегирев қарға екі жүз рубльден көп емес ақшаны таптап тастайды. Әйтсе де, мәселе мынада: шындығында, айтып отырған атышулы алты мың рубль (қазір шамамен жиырма мың доллар) бір жылдай лайықты жағдайда өмір сүруге жеткілікті болды.

Өз заманындағы әлеуметтік стратификацияның жемісі, миссис Штакеншнейдер тоғышар деп отырған әлеуметтік топты қазір «орта тап» деп атайды және бұл топ таптық шығу тегімен емес, оның жылдық табысының мөлшерімен анықталады. Басқаша айтқанда, жоғарыдағы қаражат көлемі не ессіз байлықты, не сіңірі шыққан кедейлікті емес, жай ғана адамның нысапшыл өмір жағдайын білдіреді: адамды адам ететін де осы нәрселер. Алты мың рубль — қалыпты-орта өмір сүрудің көрсеткіші, егер мұны түсіну үшін тоғышар болу керек болса, онда тұрған не бар екен.

Өйткені адамзаттың ұмтылысы дәл осыған — қалыпты өмір жағдайына жетуге байланысты. Көзіне алты мың үлкен көлемдегі қаражат секілді көрінетін жазушы, осылайша, қоғаммен бір физикалық және психологиялық кеңістікте әрекет етеді. Басқаша айтқанда, ол өмірді өзіндік, жалпыға қолжетімді категорияларда сипаттайды, өйткені кез келген табиғи процесс сияқты, адам болмысы да ұстамдылыққа ұмтылады. Керісінше, қоғамның жоғарғы сатысына немесе төменгі әлеуметтік топқа жататын жазушы, сөзсіз, белгілі бір дәрежеде анықталмаған көмескі келбет береді, өйткені ол екі жағдайда да өмірге үстіртін қарайды. Қоғамды барлық тұстан сынға алу (өмірдің өзі осы секілді) [шығарманы] оқуды қызықты етуі мүмкін, бірақ оны ішкі сипаттау ғана оқырманды санасуге мәжбүр ететін этикалық талаптарды тудыра алады.

Сонымен қатар, орта тапқа жататын жазушының позициясы өте тұрақсыз, сондықтан ол төменгі деңгейлерде не болып жатқанын асқан қызығушылықпен бақылайды. Тиісінше, жоғарыда болып жатқан барлық нәрсе — қолсозым жерде болуының арқасында — ол үшін құпиялық ореолынан айырылады. Қандай жағдай болса да, орта таптың жазушысы өз аудиториясын кеңейтумен айналысады, бұл Достоевскийдің кеңінен танымал болуының тағы бір себебі  сонымен қатар Мелвилл, Бальзак, Харди, Кафка, Джойс және Фолкнерлерде де осы жағдай. Алып қарасақ, алты мың рубльдің өзі асқақ әдебиеттің бірден-бір кепіліне айналғандай көрінеді.

Мәселе мынада, бұл соманы табу миллиондарды «жасаудан» немесе азапты өмір сүруден гөрі әлдеқайда қиын — қарапайым ғана себеппен осынау қалыптылық жағдайы қажеттіліктен гөрі көбірек талас тудырады. Сондай-ақ  бұл соманы, оның жартысын, тіпті оннан бір бөлігін иелену, бірден баюға әкелетін кез келген алаяқтыққа немесе аскетизмнің кез келген түріне қарағанда, адамнан әлдеқайда көп ақыл-ой күшін талап етеді. Сонымен қатар, қажетті сома қаншалықты қарапайым болса, оған қол жеткізу соншалықты эмоциялық шығынмен байланысты болады. Осы тұрғыдан алғанда, шығармасында адам психикасының лабиринті маңызды рөл атқаратын Достоевскийдің алты мың рубльді неліктен орасан зор сомаға санағаны түсінікті. Ол үшін бұл үлкен мөлшердегі эмоциялық шығындарға, нюанстардың алуан түрлілігіне, орасан зор әдебиетке тең болды.

Біз метафизика секілді нақтылығы жоқ ақша туралы айтып отырмыз. Оның романдарының барлығы дерлік тіршілігінде тығырыққа тірелген адамдарға қатысты. Мұның өзі кітаптан бас көтермей оқуға жетіп жатыр. Алайда Достоевский ұлы жазушыға сюжеттің шытырмандығының, тіпті ерекше психологиялық талдау мен жанашырлық дарынының арқасында емес, құралдың, дәлірек айтсақ, өзі пайдаланған материалдың физикалық құрамының арқасында айналды, яғни орыс тілінің арқасында. Бұл өз алдына — кез келген өзге тіл секілді ақшаны мықтап еске түсіреді.

Күрделі жайттарға келсек, бастауышы сөйлемнің соңында келетін, мән-мазмұны көбінесе басыңқы бөлігінде емес, бағыныңқы бөлігінде болатын орыс тілі тап бір жазушылар үшін құрылған сияқты. Бұл «не/немесе» баламасы бар аналитикалық ағылшын тілі емес — бұл қарсылықты бағыныңқы сөйлемнің тілі, бұл «әйтсе де/алайда/дегенмен» негізіндегі тіл. Бұл тілде айтылған кез келген идея бірден қарама-қарсылыққа айналады, ал орыс синтаксисі үшін күмән мен өзін-өзі қорлаудан асқан қызықты және еліктіретін әрекет жоқ. Сөздіктің күрделілігі (орысша сөз орта есеппен үш-төрт буыннан тұрады) кез келген нанымды пайымдаудан гөрі сөз арқылы толық бейнеленетін құбылыстардың бастапқы, элементар сипатын ашады, ал көбіне жазушы өз ойын дамытуға келгенде, кенет сөздің дыбысталуына келгенде тоқтап қалып, оның фонетикасы бас қайғысына айналып кетеді — бұл оның пайымдауын күтпеген бағытқа апарып соғады. Достоевскийдің шығармашылығында тақырып метафизикасының тіл метафизикасымен үздіксіз байланысынан туындайтын, кейде садистік үстемеге жетелейтін күшті анық сезінуге болады.

Достоевский орыс грамматикасының ретсіздігін барынша пайдаланды. Оның сөйлемдерінен ерекше қызбалық пен даралықты сезінуге болады, ал мазмұны мен стилі бойынша көркем әдебиеттің ауызекі тілмен және бюрократизммен психикалық әсерлі үйлесімі болып келеді. Әрине, ол бір жаққа үнемі асығысумен болды. Өзінің кейіпкерлері секілді күнкөріс үшін жұмыс жасады, оның жолында несие берушілер мен баспалық мерзімдер тұрды. Сол мерзімдері таяп қалған адам ретінде ол тақырыптан өте жиі ауытқып кететінін атап өткім келеді: тіпті оның бұл ауытқулары көбінесе сюжеттің талаптарына емес, тілдің өзіне байланысты деп айтуға болады.. Қарапайым тілмен айтқанда, Достоевскийді оқығанда сана ағынының қайнар көзі мүлде санада емес, сананы түрлендіретін сөзде екенін түсінесің.

Жоқ, ол тілдің құрбаны болған жоқ; дегенмен, оның адам жанына деген қызығушылығы өзін-өзі анықтауға күш салған орыс православиесінің шегінен асып кетеді – синтаксис сенімнен әлдеқайда үлкен дәрежеде бұл тәуелділіктің сипатын анықтады. Барлық шығармашылық жеке тұлғаның өзін-өзі жетілдіруге және әулиелікке деген ұмтылысынан басталады. Жазушы ерте ме, кеш пе, қаламының жан дүниесінен әлдеқайда жоғары нәтижеге жететінін байқайды. Бұл ашылған жаңалық көбінесе жанның жармақталуына әкеп соғады және ол әдебиеттің кейбір кең тараған топтарға қолданатын жағымсыз бейнесіне жауап береді. Шын мәнінде, бұл белгілі бір мағынада дұрыс-ақ, өйткені серафимді (Киелі кітапта серафимдер – Құдайдың жақын жүретін жоғарғы періштелер тобы — ауд.) жоғалту әрқашан дерлік өлім құрығынан құтылмайтындар үшін нағыз бақыт іспетті. Оның үстіне кез келген мұқтаждық әрқашан да іс пыстырырлық нәрсе, ал жақсы жазушы қай кезде болмасын аспан әлемі мен түпсіз тұңғиық арасындағы байланысты көре алады. Бірақ бұл қосарлану автордың немесе қолжазбаның физикалық өліміне әкелмесе де (Гогольдегі «Өлі жандардың» 2-томы сияқты), дәл осы арадан қалам мен жан дүниесінің арасындағы қашықтықты қысқарту арқылы өз міндетін анықтай алатын жазушы шығады.

Оның қаламы үнемі жанды өзі уағыздаған діни нанымының шекарасынан ығыстырып шығарғанына қарамастан, мұның барлығы Достаевскийге қатысты болып қала бермек. Өйткені жазушы болу протестанттықты немесе протестанттық адам концепциясын ұстануды білдіреді. Орыс православиесінде де, римдік католицизмде де адамды Құдай Тағала немесе Оның Шіркеуі жазаға тартады. Ал протестантизмде адам өзіне-өзі Аяусыз Жаза секілді үкім кесе алады, осы мәселеге келгенде ол өзін  Құдай мен шіркеуден жақсырақ тани алатындықтан (өзінің сенімі бойынша), өзіне-өзі олардан да асқан мейірімсіздікпен қарайды. Сондықтан да ол өзін-өзі кешіре алмайды. Дегенмен, бірде-бір автор тек өзінің қауымына (приход) ғана арнап жазбағандықтан, әдебиет қаһармандары мен олардың әрекеттері әділ сотқа лайық. Тергеу неғұрлым жан-жақты қамтылған болса, шығарма соғұрлым нанымды болады, ал жазушы бәрінен бұрын шынайылыққа ұмтылады. Әдебиетте әулиеліктің өзі жоғары бағалана бермейді: қарт Достоевскийдың да жағымсыз болуы сондықтан.

Әрине, Достоевский Жақсылықтың, яғни христиан дінінің қорғаушысы болды. Бірақ ойлап қарасаңыз, Зұлымдықта ешқашан айлакер қорғаушы болған емес. Классицизмнен ол өте маңызды принципті үйренді: өз дәлелдеріңізді ұсынбас бұрын, өзіңізді қаншалықты дұрыс және әділ деп санасаңыз да, алдымен қарсы тараптың барлық дәлелдерін тізіп алу керек. Мәселе тіпті жоққа шығарылған дәлелдерді тізімдеу процесінде қарама-қарсы жаққа қарай бейім болуда да емес, мұндай процесстің өзі өте қызықты болуында. Ақыр соңында, сіз өз сенімдеріңізбен қала аласыз; дегенмен, барлық дәлелдерді зұлымдықтың жағына шығарып, сіз шынайы Сенімнің постулаттарын құлшыныстан гөрі, сағынышпен еске аласыз. Бұл сонымен бірге Сенімділік дәрежесін арттыратыны сөзсіз.

Достоевскийдің кейіпкерлері сенімге ие болу үшін кальвинистік табандылықпен оқырманның алдында адам жанының қатпарларын айқара ашады. Достоевскийді олардың өмірін түбегейлі өзгертуге және жан дүниесіне терең үңіліп, барлық қалтарыс-бұлтарыстарын қарауға тағы бір нәрсе мәжбүр етеді. Мұны біз Ақиқатқа ұмтылу дей алмаймыз. Оның инквизиция нәтижелері шындықтың өзінен асып түсетін тағы бір нәрсені анықтайды: олар өмірдің негізгі тінін ашады (және ол көріксіз болып шықты). Оны бұл әрекетке итермелейтін нәрсе – тілдің тоят таппас ашкөздігіне бір күні Құдай, адам, шындық, кінә, өлім, шексіздік және Құтқарудың өзі жеткіліксіз болатын болса, ол өзін де осы қатарға қосып жібереді.

1980

Иосиф Бродский

Иосиф Бродский (24 мамыр 1940, Ленинград, КСРО — 28 қаңтар 1996, Нью-Йорк, АҚШ) — орыс және американдық ақын, эссеист, драматург, аудармашы, педагог. Ол өлеңдерді негізінен орыс тілінде, эссеистиканы ағылшын тілінде жазды. 1987 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon