Азамат Тұраров

251

Айдағы күн

Кейіпкер:

Қасым, 26 жаста.

 

Сахнада жарты ай тұр. Айнала ақ түтін, жер топырақ, ортада Қасым жатыр, өлген адам тәрізді. Жүзін жылы нәрсе тигендей бір жымиып, бір күліп, мең-зең күйде жатыр. Шошып тұрды.

 

Қасым. Астапыралла, мені тағы қайда әкелді мына қу тағдыр, а? Тірі күнімде тыныштық көрмеп едім, енді осында әкеліп тастағаның қалай? Әлде жұмақ пе екен, а? Жұмақ болса имекеңдер басқаша суреттеп еді ғой, демек бұл жұмақ емес, онда тозақ па екен, онда азабы басталушы еді ғой, тем более мұнда ешкім жоқ. (Айқайлайды, үн жоқ.)

Мен осы точно өлдім бе? (Өзін шапалақтайды.) Жоқ, мен тірі сияқтымын. Демек, мен өлген жоқпын… Бірақ, мен қайдамын. Мүмкін емес, қалай тап болғаным есімде жоқ. Құдай-ай, енді осыны да көр демексің бе, а? Шырылдап жаным шыққанда қыңқ демедің, жалбарынып алдыңда мың отырдым, бір барыңды білдірмедің, енді бір аяққа тұрып, баламды емдей қояйын дедім, ал сен не істедің, осында әкеліп топ еткіздің, енді оған не болады? Сен ол бейшараны ойладың, а, Құдай?

Бірдеңе ойлауға зауқым жоқ, уже ешнәрсе істегім келмейді, сонша жанымды өртеген баламды өзіңе жіберуге дайын болғанда, сен де оның жанын кеудесінен суырыпта алмадың, оның көзін жәутеңдетіп қайда тастап кетемін…

Жоқ үмітке сендіріп баланы алдаусыратып отырған едім, осында тап болдым. Бұл неғылған жер?

 

Айналаға қарап ұзақ жүрді. Ортада тұрған айдың үстіне шығып, біраз тамсанды, әрі жүгірді, бері жүгірді. Жерге аунап, мың құбылды. Басын көтерді.

 

Қасым (ентігіп). Мүмкін Құдай осы бейшара бір күн барлығын басынан шығарып тастап тынықсыншы деген шығар, қандай рахат, ешқандай ақырған бастық жоқ, ыңырсыған бала жоқ, жаның тыныштық табады, айқайлап билеуге де болады, е-е-е-ей.

 

Қуанып жадыраған болады, бірақ, ішінде бір өксік бары көрініп тұр.

 

Қасым (сабырлы). Ееех, бірақ өлмеген болсам, сол күйбең тіршілікке кайтадан кету керек болар, осында қала берсем ғой, шіркін... Бірақ, қайтқаным дұрыс болар, балам бар, оның сырқаты бар, кредит бар, қарыздарым бар, мойныма салық болмай ма? Еркек деген атым бар оның үстіне, қой, жиналайын…

 

Бір жаққа жиналып жатқан адам тәрізді, үсті-басын қағынады. Кетеді.

Айдың арғы жағынан айналып келіп.

 

Қасым. Мынаның шығатын жағы қайда? Мен кетемін деймін, әй, естимісің, өзің үйге қайтар есікті көрсет, үйіме барайын. Мені мұнда ұстап қайтпексің ? Мен бір жүрген маңдайының соры бес елі бейбақпын, тіпті, қай жерде жүргенім белгісіз, не тозақ емес, не жұмақ емес, е өлі емес, е тірі емеспін, баламды аясаңшы, ол бейшара ыңырсып төсекте жатқан болар «әкем қашан келер екен» деп. Ал, мен ақымақ, осында жүрмін. Ал, аңқау басым, тап шығар жолды.

 

Айналаға бір қарап қынжылып.

 

Қасым. Мен есім ауысып өлетін шығармын, сосын жұрт менің өлігіме қарап тұрып «Ә, сорлы, өлген екен ғой ақыры, бейшара зорығып өлді есек секілді» деген кезде өлгеніме өкінетін шығармын. (Тоқтай алмай, қарқылдап күледі.)

Шынында есім ауысып жатыр, бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, он бір, он екі, он үш, он төрт, он бес... Осылай тоқтамай санай берсем, ақылым орнында қалар, о, Құдай-ай, даңғарадай далаңа сыйғызбай, мені айға жібергенің не, а ? Ай ? Ай? Менің аузыма Құдай айды неге салды екен? Мынау ай ма сонда? Иә, бұл ай ғой? (Қарқылдап күліп.) Адамдар айға жете алмай жүрсе, мен осындамын, бірақ, қалай келдім? Біреу ұйықтап жатқан жерімнен ракетаға салып жіберді ме екен? Әй, сорлы-ай, ұйқым сонша қатты болар ме еді?

Мәссаған, не деген ұшы-қиыры көрінбейтін дала мынау, ал, адамдар жерге сыймай жатыр, бірінің үстіне бірі шығып күн көріп жатыр.

Екі мілліион жеті жүз мың шаршы километр жерден он сотық жер бұйырмады, жүз жиырма мың сегіз жүз қырық үшінші кезекте тұрмын, шіркін ай десеңші. Өлуге де уақыт жоқ, кредит бар етегіңді жыртып, тесігіңді жамайсың, жағаңды жыртып етегіңе жалғайсың, әйтеуір, бір ит өмір. 

Оның бәрін қойшы, мен мұнда жападан-жалғыз өлетін шығармын, шешем байғұс айтып еді «қу тізеңді құшақтап өтесің» деп, рас айтқан екен. Көзіме бір көрінсе ғой әжім басқан ақ сүлбесі…

 

Төбеден анасының портреті түседі. Оған қарап ұзақ тұрды.

 

Қасым. Әлі де күліп тұрсың, иә? Сайқымазаққа ұқсап тұрмын ба? Қарашы, шеше, не болғанын… Сен маған мұңдас бола ма десем, сен келіп алып маған күліп тұрсың, әй сонда да қаталдығың орнында, ә? Сен «қалайсың деп сұрамасаң да болады, өйткені бәрі керемет, ақылымнан алжасайын деп жатырмын, бұйыртса, сөйтіп жұртқа мазақ болып өлу қана қалды. Өзімнің жалғыз ұлыма еш көмегімді бере алмай күнде өліп жатырмын, шеше… Ол маған қарап «әке мен жазылып кетемін ғой, иә?» дейді, мен «иә, иә, балам» деймін, ол «қашан, әке?» дейді, мен, қыс болса, «көктемде», көктем болса, «жазда» деп, солай жалғасып келе жатқанына осымен үшінші жыл.

Енді, міне, отырысым, айдың шаңына аунап, жарығына малынып. Жап-жарық неткен нұрлы десеңші. Кішкене кеш батқанда отырып алып, аймен сөйлесуші едім, ал, енді үстінде отырмын. Жердегілерге түкірсем, түкірігім жетер ме екен, а? Дәл қазіргідей сезім менде ешқашан болған емес, құдай, сірә, мені отпускке шығарған болуы керек.

Амал кеш болды, мен жатайын дейін десем, бұл жақта кеш, таң болады ма екен?! Айтпақшы, бүгін қай күн? Ақпан айы-етін. 28-інде кредит төледім, 29-ы четверг, кеше үйде болдым, бүгін 30-ы, ертең 31-і, арғы күні 32-сі, бұл ай қаншасына толушы еді?

Әй, есуас, ақпан 28 күн өмір сүреді, төрт жылда бір рет 29-ы болады, демек, бүгін 30-ы. Үнемі календарым қойныма салып жүруші едім, 30-ы өмірі болмаған күнде, өмірімде болмаған жерде жүрмін. Қашан құтылар екенмін бұл мазақтан?!

Расында, кімге ренжимін, бір түйір баланы өлімнен арашалап алуға пәлен мың доллар сұрады, мен енді не істейін, тапқаным ас-суымыздан артылмай жатыр, онан қалса квартплата, кредит бар, «комуслуги»ың бар, балаға дәрі-дәрмек бар. Бүйрегімді сатайын десем, әбден тозған бүйректі кім керек қылсын…

Болмаса, әкесінің ауызы, жүрегімді алсын. Сол баламды аяққа тұрғызар болса, алсын жүрегімді, Тек сол бала өмір сүрсін, туылғалы не қызық көріп еді? Анасы ерте қайтты, есін жидыртпай мынау сырқат жабысты. Маған жеткілікті осы көргенім, бұл өмірде менің болғанымды ұмытпаса, болды, бауыр етім балам менің, сен үшін әкең өмірін беруге дайын.

Қош бол, менің аппағым, мына жалғанда жалғыз тастап бара жатқаныма өкпелеме балам, сен өмір сүруің керек…

Дауыс. Сіз жүрек трансплантациясына келісіміңізді бересіз бе?

Қасым. Иә, бәрі мүмкін ғой…

Азамат Тұраров

Азамат Тұраров — А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрының актері. 2002 жылы туған. Тараз қаласында тұрады.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon