Дактиль
Әлiбек Байбол
(Пластикаға негізделген сюрреалистік-фантасмагориялық драма)
Идея авторы: театр және кино әртісі, белгілі режиссер Данияр БАЗАРҚҰЛ
Кейіпкерлер:
Еркек.
Әйел.
Жер.
Бұл ерекше оқиға 30-ақпан күні өтті... Жер, Әлем, Ғалам, Аспанның жаратылуынан хабар беретін галограмма... Боп-бос кеңістік. Өлі тыныштық! Сахна тұман аралас қоп-қою қараңғылыққа, түнекке малынған. Бір кезде жарық түседі. Жарық қараңғыны Әзірет Әлінің алдаспанындай тіліп өтеді. Алдымен түскен сұрғұлттау жарық, бара-бара күшейе түседі. Екі жақта — екі адам: біріне-бірі қарама-қайшы жаратылыс иелері. Бірінші — Әйел, екінші — Еркек немесе керісінше, бірінші — Еркек, екінші — Әйел. Екеуі су толы бөшке-құрсақ іспеттес материяның ішінде. Онда көз, мұрын, құлақ, ауыз, қол бар. Олар бөшке-құрсақ ішінде қозғала бастайды. Судың түсі – көкшіл-күлгін сықылды. Құрттар сияқты. Балықтар сияқты. Жыбырлайды. Қыбырлайды. Жыланша ирелеңдейді. Өйткені, олар — тірі жан, тірі... Бір кезде бөшке-құрсақ жарылады. Әйел мен Еркек о дүние мен бұ дүниенің ортасында тұрғандай. Бөшке-құрсақ жарылғанда сумен бірге көз, мұрын, құлақ, ауыз, қол шашылып түседі... Бірінші боп Еркек ес жияды. Басын көтеріп, жан-жағына қарайды. Бос кеңістік. Ешкім жоқ. Жалғыз өзі... Жалғыздық... Ол билей бастайды. Еркек жалғыздық дегенді тек бейсаналы түрде ғана сезеді... ол Жалғыз. Мүлде жалғыз. Мына Әлемде. Мына Әлем оған жат, таңсық. Ол жербауырлап жүреді. Тұрады да сахнаның ана бұрышына бір, мына бұрышына бір барады. Қозғалады. Іздейді. Нені іздейді? Кімді іздейді? Белгісіз! Бірақ, іздейді. Іздеу — өмір белгісі! Еркек жыланша ирелеңдейді, балықша қозғалады, құртша қыбырлайды. Өйткені, Еркек — тірі организм... Ол бөшке-құрсақтағы қимылды айна-қатесіз қайталайды. Себебі, бұл іс-әрекет қанға сіңген. Бір кезде ол мұздайды. Тоңады. Жалғыз болғандықтан тоңады. Артынша тұман түседі. Еркек қою тұман арасымен жүреді. Адасады. Секіреді. Билейді. Сөйтіп, ол сахнаның ортасына қарай ойысады. Ол қолымен ауаны қармайды. Бір нәрсе іздеуде. Ол не болды екен, а? Белгісіз! Іздеу — өмір белгісі. Қимыл — тіршілік нышаны. Тіршілік. Тірі. Адам. Өмір. Қозғалыс. Динамика. Қимыл — ол... қимыл — ол... қимыл — ол... Еркек кеңістік атаулысын сезінгісі бар. Кеңістік және Ол, Ол және кеңістік. Сөйтіп, жүргенде қолына домалақ нәрсе ілігеді. Материя. Сөйтсе, Көз екен. Еркек көзді ішіне, арқасына, басына, аяғына алып барады. Жоқ... орны басқа жерде болса керек. Бетіне алып келеді. Тосын дыбыс естіледі де айнала жап-жарық боп кетеді. Айналасына қарайды. Енді, ол көре алады. Көру рақатын сезінеді. Көзін ұстап көреді. Қуанады. Бір кезде мұрынды көріп... оны жапсырады, бетіне. Танауына иіс келе бастайды. Қос құлақты жабыстырады. Дыбыстарды естиді. Аспан денелерінен жеткен дыбыстарды. Ауызды орнына орналастырады... ұстап көреді. Бұл — ауыз. Иә, ауыз... сөйлеу құралы. Және тағы басқа Біз білетін әрі білмейтін қызметі бар!!! Еркек бөшке-құрсақтан төгілген судан өз бейнесін көреді... мұрнын, көзін, құлағын сипайды. Өзді-өзіне таңырқап әрі қорқып қарап тұрады. «Жаратылыс осындай бола ма?» — «Иә. Осындай болатын шығар...» Жаратылыс деген сөздің естілуі мұң екен, Еркектің жүрегі бірде баяу, бірде қатты соға бастады. Көзінде қасірет... одан туған үрей, одан үдей түскен сенімсіздік бар. Көз — көл. «Сол көлдің тереңіне сүңгитін біреу табылар ма екен, бұ жалғанда?..» — «Ол үшін жүрегіңді жаспен жуып-шай». — «Жылау деген не? Тазару деген не? Жас деген не?» Сұрақ көп. Еркек судағы сұлбаға көңілі толмады. Жек көре бастады. Басты. Тепті. Шашты. Бірақ, ол су ғой... жұмсақ келеді. Оны жеңу үшін сен де жұмсақ болуың керек. Әлсіз екендігін мойындау... шарасыздық... Еркек суға қарап тұр. Әлі... «Қалың қалай, зұлымым? Неге сөйлемейсің? Аузыңа құм құйылды ма? А... Сен ренжулісің ғой. Маған ба, әлде өмірге ме, әлде Құдайға ма? Кімге?» — «Ешкімге!» — «Олай болса, мен сені кепілдікке аламын». Еркек өзін-өзі қылқындырды. Демігіп барады. «Сен мені босату үшін не істейін, айтшы?» — «Мен сенен бір ғана нәрсе сұраймын». — «Нені?» — «Айтқаныма көніп, айдағаныма жүресің». — «Жоқ! Жоқ! Жоқ! Мен өмір сүргім келеді. Құдай үшін». — «Құдай енді ғана есіңе түсті ме?» — «Иә! Кешірші, Құдай». Қол барған сайын буындыра қысты... «Кешір, Құдай!» Буындыра қысты... «Кешір, Құдай! Кешір, Құдай. Құдай, кешір. Құдай, кешір! Құдай, кешір!» Буындыра қысты... «Кешір, Құдай! Құдай, кешір!». Қы-са-а-а-а-а түс-ті-і-і-і-і... «Ке-шір... Құ-дай!.. Ке-е-е-е-шір Құ-да-а-а-а-й-й-й!..» Еркек жерге құлайды... безгекке душар болғандай тұла бойы бір қызып, бір суып, дірілдей бастайды да орнынан тез тұрып кетеді. Не боп кетті, өзі? Бұл не нәрсе? Жан-жағына қарайды. Бір кезде. Бір кезде. Бір кезде ол тағы бір тірі жанды көреді. Әйелді. Алғашында қорқып кетеді. Рефлекс. Өзін-өзі сақтау инстинкті. Тығылады. Аз уақыттан кейін жанына жақындайды. Осы кезде Әйел де қимылдап, қозғала бастайды. Еркек артқа шегінеді. Әйел де Еркектің қимылын қайталайды. Көз, мұрын, құлақ, ауыз, қол... Соларды орнына орналастырады. Әйел де оны көріп қорқып кетеді. Ол да тығылады. Бір мезетте Еркек пен Әйел бастарын қылтитып, жан-жағына қарайды. Орындарынан тұрады. Алғашқыдағы қорқыныш сезімі Тарихқа айналды. Олар бір-біріне ұзақ қарайды. Еркек айналсоқтап жүреді де, ұрымтал сәтті күткен мысықша атылғалы тұр. Алайда, бастапқы ойынынан айнып қалды. Себебі, мұндай сүйкімді жаратылысты бұл жалғанда алғаш көруі. Екеуіне ерекше бір жарық түседі. Ерекше. Әлемде қандай ерекше жарық бар, сондай. Пауза. Пульс. Дк-дк-дк-дк-дк-дк... Әйел ұзақ ұйқыдан оянғандай кейіп танытуда. Ақ матаға қара сия тамды... Дәл сол қалпында қатып қалады. Олар біріне-бірі жақындай бастайды. Бір! Екі! Үш! Төрт! Бес! Алты! Жеті! Жеті... жеті... Әр қадамда бір мағына бар. Әр қадамның өзіндік өзгешелігі бар. Бір-біріне ұзақ қарайды. Жақындай түседі. Тағы. Тағы. Тағы. Тағы. Сөйлегісі келеді. Бірақ, тіл жоқ. Кешірім сұраймын, тіл бар екен, алайда оны қолдану жағы кемшін. Ми жұмыс істеп тұр. Еркек пен Әйел... Әйел мен Еркек... тірі... санадағы форма айқын емес. Ой бар. Сөз пішінін іздеуде. Қалыптанбаған. Санада орнаған хаосты жеңудің амалы қандай? Сөз жоқ. Тек дыбыс бар. Дыбыс. Дыбыста бір мән бар. Дыбыс қайталана береді, қайталана береді. Дыбыста ритм бар. Үндестік. Гармония. Дыбыс. Дыбыс. Дыбыс. Дауыс. Дыбыс. Дауыс. Дыбыс. Дауыс. Дыбыс. Ортада мән пайда болды. Ол мән Сөзге... сұраққа айналуы керек... Сөйтіп, міне!.. Екі көз түйісті... мөлдіреп... Онда момақандық пен еркелік бар. Мүмкін, Әйел оның бойынан жақын адамға тән ерекшелікті байқаған шығар... Үнсіз ғана. «Менің... менің...» Суық. Тым суық. Темір секілді. «Мен ешкіммен...» Бұл кім? Қайдан келді? Жауап жоқ... Сұрақ — ізденудің, қызығудың, білудің нышаны... сұрақ бұл — ... сұрақ бұл — ... сұрақ — ұлы жеңіс. Сұрақ — ... Сұрақтың алғашқы әрпі қандай?.. Иә, қандай?.. Қандай? Қашан? Қайда? Неге? Қалай? Санадағы сан дауыс, жаңғырық қайталана берді, қайталана берді. Жаңғырық күшейе түсті. Барған сайын күшейе түсті. Импульс. Импульс. Спираль... Этножады. Жады. «В начале было Слово, Слово было Бог». Демек, Сөз бар. Әлмисақтан... Бұрыннан. Баяғыдан. Ертеден. Сөз бар. Тек Еркек пен Әйел оны ұмытып қалған. Егер... егер... Ой Сөзге айналмақ. Ауыз қимылдай бастады. ... Алғашқы әріп пайда болды. Әріп сананы шарлап шықты. Миллион, миллиард, триллиард, биллион... сансыз нерв талшығы әрекетке түсіп, рух, жан, жүрек, сезім байланысының әсерінен алғашқы әріп пайда болды. Тағы да сөйлегісі бар. Бірақ не айтады? Қалай айтады? (Се...) (Се...) (Се...) (Сен-н-н-н...) Алғашқы сөз. Еркек жадының бір бұрышынан, өшуге айналған бір сөзді тауып алды да ортаға тастады. Ол — Сен деген Сөз еді. (Сен-н-н-н... К-к, к-к, к-к... А-а-а... А-а-а... Ең алғашқы әріп А... (Алла) Кі... Кі... Се-е-е-е... Н-н-н-н...) Тағы. Тағы. Тағы. (Сен... кі-і-і-і... Кі-і-і Кім?..)
Сен... кім-сің?.. (Иә, жақсы сұрақ. Сен кімсің?)
Әйел (М-м-м-м... Ме-е-е...)
Олар бір-бірін иіскейді. Ұстап көреді. Пауза. Еркек Әйелге, Әйел Еркекке ұзақ қарайды. Құшақтасады. Құшақтары — оттай ыстық... бір жылылық пайда болды. Бірақ, Олар жылылықтың не екенін білмейді. Сезеді, бірақ білмейді.
Еркек. (Сен-н-н-... кім-м-м-м?..) — (Ме-е-е. Ме-е-е-е. Н... Ас-с-п-а-а-а... н...) Мен... Ас-пан!..
Әйел (Се-е-е. Н... Кі-і-і-м-м-м-м-м?). Ал... сен... кім-сің?..
Еркек (Ме-е-е-е... Н... Әл-е-е-е... М...) Мен... Ә-ә-әлем!..
Еркек. Ас-пан!
Әйел. Әл-е-е-ем...
Екеуі билейді. Әуен де, би де өзгеше. Музыка аяқталады, би тоқтайды. Олар бір-біріне ұзақ қарап тұрады. Пауза. Бір-біріне қол созады. Бірінші — Еркек, екінші — Әйел. Нәзік жаратылыс иесі бірден қол соза қоймайды. Ойланады. Толғанады. Содан кейін ғана барып... (сенімсіздеу). Әуелі — оң қолын, содан кейін... сол... Еркек оны Көкке көтереді... Екеуі қайта билейді. Музыка. Балет. Пластика. Еркек — риза. Себебі, теңін... қосағын кезіктірді. Енді, Ол бақытты... сияқты... Еркек Әйелге құмартты. Бойдағы ләззат... Екеуі... Музыка. Би. Музыка күшейеді, күшейеді, күшейеді... бір сәтте пышақ кескендей үзілді. Екеуі — екі жақта. Ұят... би кезіндегі хайуани сезім тазалық атаулыны таптап өтті. Еркектің қимыл-қозғалысы — жылдамдау, Әйелдікі — баяулау... ақ пен қара, Инь мен Янь, өлім мен өмір секілді. Жарық сөніп, қайта жанады. Бір-біріне арқасын беріп, сүйеніп отырады. Еркек Құдайға сыйынуда. Әйел — бір нәрсені армандап, санап әлек. Еркек орнынан тұрып кетеді де ары-бері жүре бастайды.
Әйел (жан-жағына қарайды). Неге... тып... тыныш?
Еркек. Иә... тыныш!
Әйел. Тыныш... тық... тан... қорқа... мын...
Еркек. Қорықпа... тыңдашы... естимісің... тыныш... тық... тық... тық... тық... ай... қай.
Әйел. Ай... қай?
Еркек. Иә... ай... қай!
Әйел. Тыныш... тық... үрейлі!..
Еркек. Т-с-с-с...
Әйел. Билейікші...
Екеуі тағы билейді. Еркек кетіп қалады.
Әйел жалғыз... отыр. Бір кезде зерігеді. Ыңылдап ән айтады. Билейді. Бидің аты — Жалғыздық. Әйел кітап тауып алады. О кітап біз көріп жүрген кітаптан өзгеше... мүлде басқа... Жұқалтаң кітап. Жұп-жұқа. Қылыштың қырындай, тура. Мынандай! Иә, мынандай! Оқиды. Кітап бірден тарта қоймайды. Бірақ, оқиды. Кей жерін түртіп алады. Ол кітапті лақтырып жібереді. Тағы бір кітап табады. Ол да қызықсыз көрінеді. Оны да лақтырады. Тағы тауып алады. Оны да лақтырады. Тағы, тағы, тағы, тағы... Көптеген оқылған, оқылмаған кітап... өте көп... Еркек келеді. Әйел оны сағынады. Әйел мен Еркек билей бастайды.
Еркек. Сен... мен! Мен... сен...
Әйел. Мен... сен... сен... мен-н-н-н...
Әйел лоқсып, жүрегі айниды. Ішін ұстайды. Әлгі биден кейін ішіне бала бітіпті. Құдайдың қалауымен. Әйел темірге жерік болады. Роботтар, машиналар, урбанизация, техникаға кіндігімен байланған балалар туралы баян ететін проекция. Эволюция, даму, адам, соғыс, қақтығыс, антимораль, сатқындық, капитал, ұрлық, өтірік, аштық, жойылу, атом бомбысы, жою, тазару, тазарту, қартаю, прогресс, өнер, өлім, ажал, сенім, сағыныш, футбол, бұқаралық сана, дін, дәстүр, құрлық, жүйе, гегемония, Жаннат, Тозақ, Жаратушы. Әлем картинасы.
Әйел. Бәрі... жеңіл...
Еркек. Бәрі... оңай...
Әйел. Менің... қарным... аш... ашпын...
Еркек. Сен... тоқсың...
Әйел. Мен... ашпын...
Еркек. Бәрі... мүмкін!
Еркек Әйелдің ерніне қарады. Шиедей қып-қызыл. Қолымен ұстап көрді. Жұп-жұмсақ. Тамақтандырды. Асы — айрықша. Нұр ма, сәуле ме, жарық па, Күн бе, сондай, әйтеуір. Ас кеңірдектен өткенше ғана ләззат сыйлар... Ләззат деген не? Пауза.
Әйел. Жылағым... кеп... тұр...
Еркек. Жылама... Күл... иә... күл...
Еркек күледі.
Әйел. Қарғыс...
Еркек (қорқып). Қарғыс?
Әйел. Қарғыс!..
Жаңбыр жауды. Еркек Әйел үстіне киім жапты. Қап-қара. Мұздайды ғой. Жауып жатқанда сыңарына деген жылылық, мейірімділік оянды. Мейірімділік деген не? Ол сезім бе, сонда? Әйел Еркекті аяды... үсті — малмандай су. Мұздады. Бірақ, ішкі жылудың әсерімен Еркек ешнәрсені сезбеді. Әйел киімді шешті де лақтырып жіберді. Музыка. Би. Пауза. Қараңғы. Жарық. Бірінші — Еркек, одан кейін барып Әйел Көкке қарап жалбарынады. Еріндері қозғалады. Жаңбыр тоқтар емес. Екеуінің үсті-басы малмандай су болады. Күн күркірейді. Қазбауыр бұлттар артынан жұлдыз көрінеді. Сөйтіп, жұлдыздар Жерге жауады. Ең алғашқы Жұлдызды Еркек Әйелге сыйлайды... құшақтайды. Әйел оны итереді. Еркек қайта құшақтайды.
Әйел. Мен... сенбеймін... (Пауза.) Еш.. кімге... сенбеймін...
Еркек. Не-ге?
Әйел. Сен-беймін... еш... кімге... ешкімге... (Жаңғырық.)
Еркек қайта құшақтайды. Әйел қорқа-соқта барып қана келіседі.
Әйел. Аспан!
Еркек. Әлем! (Екеуі күледі, шаттанады.)
Музыка. Проекция. Элегия.
Әйел. Өлең!
Еркек.
Шексіздіктен сен де бірде оралдың,
Шексіздіктен мен де бірде оралдым...
Жанарына құйып алып ғаламды,
Біздің ортақ Тағдырымыз жаралды!
Пауза. Көктен жылт-жылт еткен күміс түстес тозаң түсе бастайды. Иә, тозаң.
Әйел. Бұл... жұл... дыз... тозаңы...
Екеуі шеңбер жасап айналады. Тұман. Пауза.
Әйел.
Жазмыш бізге ортақ Тағдыр жазғасын,
Шаттығымыздың нұры ойнаған көз
жасын
Сақтауы үшін,
маған сенген әз басың,
Сақтауы үшін,
саған сенген өз басым,
Жылынамыз бірімізге біріміз,
Сыйынамыз бірімізге біріміз!
Алла Тағала, сіз де өзіңіз біліңіз...
Еш құдаймен бөліспейміз мұны біз!
(с) Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.
Музыка. Жағаға ұрған асау толқын даусы... Оны найзағай алмастырды... тыныштық...
Еркек. Тағы...
Әйел. Тағы... тыныштық! Тыныштық... қорқынышты...
Еркек. Өлең...
Сені сүю — күрсініп, күнде күту
хатыңды...
Әйелдің терең тыныстағаны естіледі. Қобыз... домбыра... Этножады... Музыка.
Хат жазам деп мен де сан, түнге қалам
матырдым.
Түнге қалам матырдым, жаныма іздеп
бәтуә,
қаламымның ұшында ауылымның
оты бар.
Самайымның тұсынан аққан күнді
санадым.
Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр
тарату.
Азап болса, әрдайым, мен сен үшін
тартайын!..
Аспан, Жер, Ғалам, Әлем туралы галограмма...
(с) Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.
Жаңғырық өлеңнің соңғы жолын жаттап ап, қайталай берді, қайталай берді...
Әйел. ...сен... мені... сүйесің бе?..
Еркек. Біл-мей-мін... Қиын... сұрақ...
Еркек билей бастайды. Жалғыз. Әйел теріс қарап отырады. Бір кезде сахнаның дәл ортасына Жер түседі. Гүрс-с-с-с-с-с... Екеуі — аң-таң. Ақырындап жақындай түседі. Ұстап көреді... жұп-жұмсақ. Еркек оны жылжытып көреді. Осы әрекетті Әйел де қайталайды. Айналдырады. Құшақтайды. Екі жағынан ұстап айналады. Жоғары көтереді, түсіреді, қайта көтереді де түсіреді. Пауза. Қараңғылық. Еркек пен Әйел екі жақта тұр. Пауза. Ұзақ пауза. Ұзақ. Әйел кеткісі бар. Бірақ, Еркек оны жібермейді. Қолынан қысып ұстап тұр. Әйел алдыға қарай ұмтылады. Бәрі — бекер. Әйел жылайды, аласұрады, ашуланады... тазарғысы келеді. Әйел билейді. Биі — өзгеше. Нәзік жаратылыс иесі шапалақ жейді... ерінен. Әйел іші томпайыңқырап, байқалып қалған... мазмұн бар. Мазмұн — би, ән, күй, транс, динамика, қозғалыс, өмір, сезім, ләззат, махаббат... және бала!.. Екеуінің ортасында тұрған Жер арлы-берлі домалайды. Еркек — ашулы. Әйел де... ашулы... ол бала туғысы жоқ, түсік тастамақшы... Еркек — қарсы. Ортада сурет жатады... Ұлдың суреті. Еркек пен Әйел оны ары тартады, бері тартады, сөйтіп ортасынан жыртып тынады. Ері аузын бұртитып, балаша ренжіп тұр. Әйел өз үстемдігін көрсеткісі келіп... Пауза. Музыка. Екеуі Жермен ойнай бастайды. Итереді. Тебеді. Домалатады. Әйел өз ішін өзі ұрғылайды. Ері оның қолын бұрайды... қайырады.
Әйел. Тын-ыш-тық... қор-қын-ыш-ты...
Еркек. Қор-қын-ыш-ты...
Әйел кетіп барады. Еркек оның алдын бөгейді. Екеуі билейді. Еркек Әйелді ұрады. Әйел жерге құлайды. Тағы жаңбыр жауады. Олар ортада тұрған Жерді домалатып ойнайды. Тебеді. Әйел Еркекке, Еркек Әйелге итереді. Ақсақал-тарих адамзат өміріндегі айтулы уақиғаларды қойын дәптеріне түртіп алды. Қаламының ұшында қан, тер, су, түкірік бар. Еркек мен Әйел шеңбер жасап айналды. Еркек – ашулы. Қайдасың, мейірімсіз заман? Қайдасың, сынаптай сырғыған уақыт? Қайдасың, жүрегі — тас, қолы — темір көсем? Мені паршалап тастасаң да өз еркің. Кімді аяп едің. Мен Арман патшалығынан Зұлымдар мекеніне қадам бастым. Мені қарсы ал!
Әйел. Ақиқат... қайда?..
Пауза.
(Жымияды) Мен... сені... кешірдім!..
Еркек. Мен... мен... кешіре... алмаймын...
Әйел. Бәрі... мүмкін!
Әйел мен Еркек бір-бірін төмпештейді. Беттері қан болады. Соңында, бөшке-құрсаққа кіріп тынады... екеуі де... Сахна қап-қараңғы боп, шақалақтың ащы даусы естіледі. Бала туды. Ол ортадағы доп-домалақ Жердің үстінде тұрады... Жарық соған түседі. Көк, қызыл, сары, қоңыр, сұр, жасыл, қара, ақ, күлгін, сұрғылт... Әке-шешесі Жер-перзентке қолдарын созады... Бірақ, олар бөшке-құрсақтың ішінде тұрады.
Жер. Ақырзаман орнағанша... ақырзаман орнағанша... бәрі... мүмкін!..
ШЫМЫЛДЫҚ
Әлiбек Байбол 1987 жылы 3-ші қарашада Алматы облысы, Райымбек ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Алматы қаласында №147 мектеп-гимназиясын, 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Қазіргі кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші болып қызмет істейді. 2010 жылы «Теміржол вокзалы» атты повесты Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің ынталандыру сыйлығына ие болды. 2014 «Тәуелсіздік танытқан таланттар» фестивалінде драматургия номинация бойынша бас жүлде алды. 2015 жылы Халықаралық Махмұт Кашқари атындағы сыйлықты иеленді. «Теміржол вокзалы» мен «Құлдар патшалығы» кітаптарының авторы.