Вика Смирнова

335

Жан жылуы

Қазақ тіліне аударған: Ақжан Анапия

 

Сөредегі жемпір ыңғайлы жайғасып, ұйықтағалы жатқанда Саяжанның жылап жатқанын естіп қалды.

Жемпір бұл қызды ұзақ уақыт көрмеген еді, бірақ анда-санда қонуға келіп тұратынынан білетін. Саяжан бірінші сыныпқа барғалы әке-шешесі қызды ата-әжесіне сирек әкелетін болған. Жемпір қыстан бері осы шкафта тұрып жатыр. Қыздың әкесі Батыр жаңа жылдық кешкі астан кейін кереует үстіне қалдырып кеткеннен бері бұл жемпір осында. Батырдың сұр жемпірін Саяжанның әжесі шкафтың жоғарғы сөресінде тұрған әртүрлі хош иісті сабындары бар қораптың жанына бүктеп жинап қойған. Содан бері бәрі оны ұмытып кетті.

— Саяжан, — деп сыбырлады жемпір басын көтеріп.

Қыз солқылдап жылап жатты, шамасы бетін жастыққа тыққандықтан дауысы үңгірден шыққандай, алыстан әрі дүңгірлеп естілді.

Жемпір құлағын түрсе, Саяжанның жылағанынан бөлек, атасы мен әжесі шәй үстінде жаңалық көріп, Марғау атты мысығы доппен ойнап жүрген дабыстар да естілді. Ешкімді оятып алмайын дегендей жемпір шкафтың есігіне қарай сырғыды. Есіктің артына тығылып, жеңін есік пен қабырға арасындағы саңылауға тықпақ болды. Бірақ есікті итеруге күші жеткен жоқ.

Шкаф шеткері қарай ашылады, астынан біреу итеріп жіберсе, ашылып кетер деп ойлаған жемпір біреуді көмекке шақырмақ болды.

— Ей шалбар, осындамысың? — деп сыбырлады ол жинс шалбарға.

— Кеше жуылып қайттық, не болды? — деп үн қатты шалбар.

— Маған көмектесші! Мына шкафтан дереу шығуым керек, — деді мән-жайды түсіндіріп жатқан жемпір.

— Дәл қазір ме? Таңға дейін күтуге болмай ма, біреу-міреу есікті ашып қалар, — деп таңырқады шалбар.

— Дәл қазір ашу керек! — Ана жақта Саяжан жылап жатыр!

 — Жыласа не болыпты? — деді Саяжанның әжесінің ұйықтарда киетін көйлегі ұйқысынан оянып. — Неге елді дүрліктіріп жатырсыңдар?

— Мен бе, мен… Білмеймін, — деп ойға шомып кетті жемпір. — Жәй ғана оны құшақтасам деймін. Біреуді құшақтап, жылытпағаныма біраз болыпты… Саяжан сәби болғанда Батыр екеуіміз, оны тербетіп, ән айтып, ұйықтағанша көтеріп жүретінбіз… Сондықтан шкафтан шығуым керек!

— Оян, ата! — деп көйлек жеңімен Саяжанның атасының белбеуін түртіп қалды. — Балаға көмектесуіміз керек!

Белбеу ұйқылы-ояу күңіреніп, саңылаудан сыртқа қарады да, қалғандары саңылаудан шыға алатындай етіп шкафты ашты. Бәрі бірігіп есікті күшпен итеріп жіберді, есік солға қарай жылжыды. Жемпірдің жеңі мен мойыны сыртқа шығып, қалған бөлігі шкафта қалып қалды. Жан-жағына қараса, кереует жанындағы кішкентай аласа шкаф үстінде шам жанып, аяз қатқан терезеден еденге күн сәулесі түсіп тұр. Есік сәл ашылып қалыпты. Диктордың дауысы табақашаға соғылған шәй қасықтардың дауысымен астасып кетті. Саяжан жантайып жатыр, жылай-жылай дірілдеп кеткен, ал кішкентай ғана доп-домалақ мұрны көрпе астынан көрініп тұр. 

— Не қылдың? Шыға алдың ба? — деп сұрады белбеу жемпірден. — Көмек керек пе?

— Иә, — деп өтіне жауап берді жемпір.

— Есікті жабыңдаршы! Ұйқы қысып барады! — деді біреу жақтырмаған үнмен.

Белбеу жемпірді итеріп жіберді, ол болса еденге құлап түсті.

Есік ақырын әрі тез жабыла қалды.

Саяжан тып-тыныш болып қалды да, көрпесінен басын шығарып қарады.

— Марғауым, бұл сен бе? — деп қыз шкаф жаққа көз тастады.

Мысықтың дыбысы шықпағасын Саяжан төсектен атып тұрды. Ол жемпірге жақындап, оны қолына алды.

— Саяжан, сені көргеніме сондай қуаныштымын! — деп жемпірдің жан дауысы шықты. — Сен менің дауысымды естісең ғой…

— Мынау әкемнің жемпірі ғой! Сен қайдан шықтың? — деп жүрегі елжіреп, жемпірді құшағына басты. — Анамсыз, әкемсіз ұйықтай алар емеспін. Әжем келіп ертегісін оқып кетіп қалды, ал мен әлі жатырмын.

— Мені өзіңмен бірге алып жат! — деді қуанып кеткен жемпір.

— Сені өзіммен алып жатпасам! — деп жымиды Саяжан. —– Әкемнің иісі саған сіңіп қалыпты. 

Осылай екеуі құшақтасып тәтті ұйқыға батты, ұзақ уақыттан бері сезінбеген жылуды сұр жемпір енді сезді.

Вика Смирнова

Вика Смирнова — режиссер документального проекта на YouTube «Семейный портрет», автор детских книг. Родилась и выросла в Казахстане, окончила Санкт-Петербургский государственный университет кино и телевидения. Проходила обучение в мастерской детской литературы в Creative writing school и школе Band. Участник XIV фестиваля молодых писателей «Как хорошо уметь писать» в Санкт-Петербурге в 2022 году. Серия детских книг опубликована в издательстве «Питер» и переведена на китайский язык.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon