Асель Искакова

131

Екі ағайынды

Қазақ тіліне аударған: Аружан Тұрғын

 

Баяғыда екі ағайынды өмір сүріпті. Үлкен ағасы — Емен және інісі — Терек. Олар ескі лашықта жалғыз өздері, кедей болып өмір сүріпті. Жалданып жұмыс істеп, аң аулап, балық аулап нанын тауып жепті.

Бір күні Терек түс көреді. Ол аттың үстінде, әдемі жасыл алқаптан түсіп бара жатқандай. Ол жерде жеті өзен ағып жатыр екен, жеті үлкен ағаш өсіп тұр екен және жеті ауыл орналасқан екен. Терек түсін ағасына айтып береді. Ол: «Бұл тағдыр алдамшы — күліп қарап, басыңды шыр айналдырады. Біз – байғұс жетімбіз. Мұндай өмірді ешқашан көре алмаймыз» дегенде Теректің көңіл-күйі түсіп кетеді, бірақ ол түсін есіне жақсылап сақтап алады.

Тағы бір күні Емен аңға шығып, алысқа кетеді. Кенет жел соғып, қорқынышты бір гуіл естіледі. Дүние дүр сілкінеді. Ағаштар қозғалады. Құстар өліп жатады. Емен алдынан шыққан сұлу қызды көреді. Ашық жүзді, қара көзді, қалың қасты. «О сұлу пері, сен кімсің?» — деп сұрайды жігіт таңғалып. Сұлу жымияды. Қыздың қарасынан Еменнің басы айналып қалады. Оның суық тырнақтары тамағын қысып жатқанда ғана Емен есін жияды. Бұл мүлде пері емес, жалмауыз Жезтырнақ екенін аңғарады. Ол қанжарын суырып алып, оның басын кеспек болады. Бірақ Жезтырнақ бір мүмкіндік беруін сұрайды. Сөйтіп ол салт аттыға бір дорба алтын уәде етеді. «Бір ғана шартым бар: дорбаны алғаннан кейін оны ініңмен бөліспе» дейді. Емен ойланып қалады. «Қашанғы бір-біріңді ойлай бересіңдер? Тым болмаса біреуің бақытты боласыңдар», — деп оған біреу сыбырлайды. Ол Жезтырнақтан алтын алып, алысқа кетеді.

Терек ағасын жеті күн, жеті түн күтеді. Шыдамай, оны іздеуге шығады. Ұзақ жүріп, шаршайды. От жағып, соңғы нанын шығарады. Ол отқа біреудің жақындап келе жатқанын сезеді. Қараса, қарсы алдында ұзын бойлы қария тұр екен. Аппақ киініп алған. Інісі қарияға отқа қарай жақындауын өтінеді. Оған су беріп, нанын бөліседі. Жігіт қарияға өз оқиғасын баяндап береді. Қария: «Уақыт келеді, ағаңды табасың. Қазір ұйықтап, таң ата жолға шық. Күннің артынан ер. Қалың орманның ішінен үңгірді кездестіресің. Кірерде ерінбей, алдын тазала. Ол жерден тапқаныңның бәрі сенікі. Тағдырдың саған жібергеніне разы бол, оны ақылмен пайдалан және басқаларға бөліп бер», — дейді де, жоқ болып кетеді.

Терек үңгірді табады. Ұзақ уақыт жұмсап үңгірдің алдын тастардан тазартады. Кейін алдамшы, бұралаң жолдармен жүріп адасып қалады. Сөйтіп ол енді артқа бұрыла бергенде, алдынан бір сәуле жарқ етеді. Жарықтың соңынан еріп, сыртқа шығады. Ол жерде жіңішке аяқты ат тұяғын шыдамсыздана тебініп тұр екен. Аттың аяқ жағында жебедей жылдам тазы отыр. Мерген аң аулауға арналған мылтықты күзетіп тұр екен. Ал ер-тоқымның үстінде бүркіт отыр. Терек атқа отырып, мылтықты арқасына іліп, бүркітті иығына қондырып, итке қасында жүгіруді бұйырады. Қарияның айтқаны есіне түсіп, күннің артынан ере береді.

Күндер өтеді. Терек мықты аңшыға айналады. Аты тіл алғыш болып шығады. Бүркіт өткір көзді, жылдам. Тазы болса тез әрі айтқанын екі етпей  бұйрығын орындайды. Мылтық нысананы дәл атып, әр сәтте іске асады. Жігіт көп олжаға кенеледі. Өзіне де жетеді, кедейлерге де бөліп береді.

Бірде, жолында бір ауылды кездестіреді. Киіз үйлердің түтіні көрінбейді. Бөтен адамды сезсе де иттер үрмейді. Не ауыл балалары алдынан жүгіріп шығып, қарсы алмайды. Тыныштық орнаған ауылдың ең соңғы киіз үйіне дейін барады. Оның алдынан қаралы киінген әйел мен қыз бала шығады. Олар Терекке таңырқай қарайды. Бір-біріне үнсіз бірдеңені күбірлейді. Олар Теректі дастарханға отырғызып, ет асып, шәйін береді.

Терек: «Апа, мұнда неге бәрі тыныш?» деп сұрайды. Сонда әйел: «Бізге мейірімсіз біреу қарғыс айтты. Бәрі Жезтырнақтан басталды. Ол малымыздың бәрін қырды, содан кейін еркектерімізді алды. Жігіттеріміз оны жеңуге тырысты, бірақ нәтиже болмады. Жастар қалмаған соң, оның соңынан қарасақалдар кетті. Сонда да оны  жеңе алмады. Былтыр күйеуім де оны өлтіруге жолға шыққан еді, сол күйі оралмады. Ауылда балалар, қарттар мен әйелдер ғана қалды. Қандай бейшара едік! Шамасы, біздің елдің дәм-тұзы таусылды!».

Терек ашуланып: «Ақсақалдар неге көмек сұрамайды? Неге басқа ауылдардың жауынгерлері көмекке келмейді?» дейді.

Әйел былай деп жауап береді: «Жезтырнақ біздің ауылды сиқырлап кетті. Ауылға ешкім кіре алмайды да, шыға алмайды да. Сондықтан сені көргенімізге таңғалдық».

Терек  Жезтырнақпен шайқасқа дайындала бастайды. Мылтығын тазалап, қанжарын қайрап алады. Ол атқа жем беруге сыртқа шығады. Сонда үй иесінің қызы қасына келіп: «Жігіт, бізге көмектесемін деп шешсең, онда біле жүр: оның маңдайында үшінші көзі бар. Ол болашақты көре алады. Соның көмегімен Жезтырнақ сенің не істейтініңді біледі. Сондықтан ол үнемі жеңіске жетеді. Бірақ ол ұзын тырнақты, жалмауыз кемпірдің күйіне енсе ғана сен оның үшінші көзін көре аласың. Оны сұлу қыздан кәрі кемпірге айналуына мәжбүрле, сөйтіп үшінші көзін жұлып ал, сонда ғана оны жеңе аласың» дейді.

«Қара көзді ақылдым, сенің атың кім?» — деп сұрайды Терек. Қыз ұялып, көзін төмен түсіріп: «Менің атым — Аққайың. Жеңіспен оралуыңды күтемін, батыр!» дейді.

Терек алыс жолға шығады. Кенет жел соғып, қорқынышты бір гүріл естіледі. Дүние дүр сілкінеді. Ағаштар қозғалады. Құстар өлі күйінде кездесе бастайды. Терек алдынан шыққан сұлу қызды көреді. Ашық жүзді, қара көзді сұлу. «Әй, сен,  қарғыс атқыр, шашыңды сермеудің қажеті жоқ! Кет бұл жерден, бұл елді жайына қалдыр!» — деп қорқыта айқайлады жігіт. Сұлу жымиып, мүләйімсіп Терекке қарайды.

«Көзіңмен алдаудың керегі жоқ! Тағы да айтамын: бұл жерден кет, адамдарға тиіспе!»

«Әй, сен, жаңа келген күшік! Мен емес сен кетесің қазір бұл жерден, тас жетім неме», – деп сұлу кейпінен жалмауыз кемпірге айналады.

Жезтырнақ ысқырып жіберіп, ұзын, сойқан тырнақтарымен жігітке қарай ұмтылады. Терек оған қараса үшінші көзі көрінбейді: Жезтырнақтың шашы ұзын, маңдайына түйіп қойыпты. Терек оның шашынан ұстап, үшінші көзін жұлып алады. Жезтырнақ жалынып, оған бір дорба алтын уәде етпекші болады.

«Ал, — дейді ол, — алтынды ал да ағаңа бар. Оны қайдан табу керек екенін айтамын!»

«Демек, Еменді жолдан тайдырған сен екенсің ғой, қане, жауап бер, қайда ол?»

Жезтырнақ айласын іске асырмақ болып: «Мені жіберсең ғана айтамын, үстіне тағы екі дорба алтын беремін!» дейді.

«Әй, ақылсыз-ай! Не істеймін сенің алтындарыңды? Ал ағамды мен өзім табамын», — дейді де оның басын шауып алады.

Содан бастап халық тату-тәтті өмір сүре бастайды, малын қайтарады, батырға алғысын білдіреді. Терек Аққайыңды әйелдікке алып, олардың жеті ұлы болады. Терек әрбіреуінің құрметіне киіз үй тігіп, ағаш отырғызып, су арнасын жасайды.

Терек пен оның  жаңа туыстары бақытты өмір сүреді. Бірақ ол ағасын еш ұмытқан емес. Бір күні ол ағасын іздеуге шығады. Кезінде екеуі кедей болып өмір сүрген ескі лашыққа барады. Келе жатып, біреудің дауысын естиді. Кірсе, Емен ауырып, қиналып жатыр екен. Терек үш күн, үш түн бойы ағасына қарап, ол жерден шығарады. Емен осы уақытқа дейін өзіне не болғанын Терекке баяндап береді. Бір дорба алтынға мал сатып алып, бай ауылға қоныстанып, бірінші байдың қызын әйелдікке алғанын айтады. Бір күні жұт болып, мал қырылып, ауылды жау басып алды, – дейді.

«Терек, сені тастап кеткенім үшін кешірші. Бұл маған жақсылық әкелмеді».

Екі ағайынды бірігіп Теректің ауылына келеді. Екеуі биік таудан асып, ғажайып жасыл алқапқа аяқ басады. Қараса – ол жерде жеті өзен ағып жатыр, жеті ағаш өсіп тұр, жеті ауыл ораналасқан екен. Осылайша інісінің түсіндегі арманы өңіне айналады.

Асель Искакова

Асель Искакова родилась в 1971 году в Алматы. Окончила Алматинский государственный медицинский институт по специальности «педиатрия». С 1994 занималась научно-исследовательской и преподавательской деятельностью. С 2020 по 2022 проходила обучение в Открытой литературной школе Алматы на семинарах «Детская литература и проза» и «Драматургия». Рассказы были опубликованы в журнале Angime, в литературном сборнике «Курак корпе».

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon