Асель Анди

230

Ғажайып бұлт

Қазақ тіліне аударған: Балым Әлібек

 

— Мәссаға-а-ан! — деді Лена көзін жыпылықтатып.

Алдында басын салбыратын құрбысы Әнел тұр. Қолын мыжғылап Ленаның бетіне қарай алмайды. «Ол мені кешірмейді. Қайдан ғана «тәтті бұлт» туралы өтірік айттым?!» — деп өткенді ойлап қысылды. Сол оқиға болған күн есінде анық сақталыпты: сейсенбі, 2 тамыз.

Әдетте Екібастұзда жаздың аяғы жаңбырлы болады. Бірақ ауа райының қолайсыздығына қарамастан, құрбылар уақытын үйде өткізгісі келмеді. Өйткені күз басталса Лена бірінші сыныпқа барады. Бұрынғыша таңнан кешке дейін ойын ойнауға мүмкіндік болмасы анық. Сол себепті қыздар осы жазды барынша қызықты өткізгісі келді. Әнел неше түрлі ойындар ойлап тапты. Ленаға ағаш бұтақтары мен жапырақтарды тауып, қарындаштар мен ойынға қажетті басқа да заттарды алып келуді тапсырды. Саятшылық дүкенін ашып ойнады. «Тропика қызының құпиясы» сериалындағы апалы-сіңлілердің рөліне еніп ойнады. Маймылдар сияқты секіріп, жаңбыр астында қуаласпақ та ойнады.

Сол сейсенбіде басқа да қызықты ойындар тауып ойнағанда бәрі жақсы болар еді. Әнел жарты сағат бойы белтемірді айналып жүріп: «Көптен бері ойнамаған қандай ойын бар еді?» — деп күңкілдеді. Олар кем дегенде бір ойынды еске түсіруге тырысты.

— Мен қазір келемін, — деді Әнел.

 Анасынан бор алып, сыртқа жүгіріп шықты.

Лена, қарашы, менде не бар екенін білесің бе?! Кейін жаңбыр шайып кетсе де, бірнеше «классика» сызуға жетеді.

Керемет! Онда қиыршық тастарды алып ойнайық!

Жоқ, ол лақтырған кезде домалап кетеді.

Ал шыны ше? Ана жерде бұталардың арасында сынған бөтелке жатыр. Мен барып алып келейін...

Жоқ! Шифер керек! Үйдің артындағы құбырдың жанынан қарап көрейік.

Әнел епті екен, жылу трассасының қалың құбырына оңай көтерілді. Кенет альюминий қаптамасы бүгіліп, қырт ете қалды. Әнел сонда да берілмеді. Жиырма қадам жасамастан: «Шиферді көрді-і-і-м», — деп айғайлады. Лена бірден құбырдың астына төрт аяқтап түсіп, қалтасына ойық бөліктерді сала бастады. Оның көк шалбары сұрға айналды. Бірақ тапқанына мәз болып, үстін топырақ пен жапырақтан тазартты. Қыздар бес қабатты үйден ұзап кетті. Әнел секіріп алға қарай жүріп бара жатып, кілт тоқтады. Жан-жағына қарап үлгермеген Лена оған бар күшімен соқтығысты. Қыздар құлап қала жаздады, бірақ тепе-теңдігін сақтап қалды. Сол сәтте қалталарындағы шифер түсіп кетіп, асфальтқа шашылды.

— Әй! Мұның не... — деді Лена Әнелдің үнсіз қарап тұрғанын байқап.

Жанындағы орындықта жаңа шоколад қорабы тұр екен. Шетелдік! Қызғылт «Tom&Jerry құлпынайы». Әнел оларды жаңа жылда бір рет жеп көрген. Содан бері шоколадты суфле жеуді армандады. Лена да тәттіден бас тартпайды. Қыздар сыбырласа бастады:

— Бұл қайдан шықты, Әнел?

— Білмеймін!

— Көршілерің ұмытып кеткен шығар?

— Мұндай тәттіні сатып алатын көршілерім жоқ.

Біраз үндемей тұрғаннан кейін, Лена шыдай алмай:

— Жаңа сияқты. Ашылмаған. Алуға болады деп ойлайсың ба?

— Ее, олар ешкімдікі емес. Сондықтан... мүмкін! — деп Әнел кәмпитке қолын созды, бірақ Лена бірден оның қолын қағып жіберді.

— Әй, тоқта! Егер ол басқа біреудікі болса ше, біз оны ала алмаймыз ғой.

Олар біздікі болса ше?

Олай да бола ма?

Екеуі де сол сәтте біреудің келіп, қораптағы кәмпитті түгел жеуге рұқсат беруін қатты қалады. Қандай тамаша болар еді! Бірақ ешкім келмеді. Әнел күрсінді. Дәптер парағына оралған борды алып шығып жатқанда, аяқ астынан біртүрлі гуіл естілді. Ол жоғары жақтан келді. Қыздар жоғары қарады. Аспанда үлкен сұр бұлт тұр. Оны биік теректің басына ілінген дирижабльге ұқсатты. Міне! Шешім өздігінен пайда болды.

— Лена, бұл «тәттілер бұлты» ғой!

— А?!

— «Тәттілер бұлты»! Одан тәттілер түседі! Біз үшін!

Қыздар оған бірден сенді. Қораптағы кәмпиттің «тәттілер бұлтынан» түскені ақылға қонымды шешім болды. Лена мен Әнел жиырма минут бойы әр суфленің орамасын үрейлене ашып, құлпынайдың хош иісін жұтып, сонан соң тістеп жеді. Саусақтарын бас бармақтан кішкене бөбекке дейін жалап, Әнел Ленаға қарады. Ол кәмпит орамдарын жинап жатып:

— Ее, енді сәттілік болмайды. Әкемнің айтуынша, ғажайыптар ешқашан көп болмайды, — деп күрсінді.

Әнел онымен келіспеді. Ол Ленаның ойын өзгертіп, ғажайыпқа сендіргісі келді.

— Жоқ, мен мұндай бұлтты бұрын да көргенмін. Ол сейсенбі сайын осында келеді. Сейсенбі сайын. Кейде бесенбіде де болады.

Лена:

— Сонымен, оны келесі апта күзетеміз бе?

Иә, — деп Әнел басын изеді.

Арада апта зулап өтті. Бүгін сейсенбі. Күн ашық. Алайда бейсенбі күні таңертең жауын жауа бастады. Ауладан:

—  Әнел, шығасың ба? — деген дауыс естілді.

— Иә, қазір! — деп сыртқа асыға жүгірді.

Екеуі көшеге жүгіріп шығып, аспанға қарады. Өткендегі «дирижабль» сол қалпында ілулі тұр. Қыздар көңілді. Орындықта ештеңе болмағандықтан, қыздар ауланы айналып іздей бастады. Бір кезде Лена белтемірдің жанындағы шөпке секіріп жатып:

— Таптым! — деп айғайлады. Оның алақанында он дана «Маймақ аю» болды. Әнел ысқырды. Қыздар бар тәттіні тең етіп бөліп алды.

Тағы бір апта зымырап өтті. Жаңа аптаның сейсенбісі. Тағы да жауын жауып тұр. Шөптің үстінде кәмпиттер жатыр, тек бұл жолы «Қарлығаш». Леня мен Әнел оны ұнатпады. Бірақ «тәттілер бұлтын» құрметтегендіктен жеп қойды. Содан кейін тағы да жаңа сейсенбі келді. Тағы да жаңбыр жауды. Тағы да тәттілер. Бұл жолы «Алтын кілт» ирисі.

— Түй, өткендегі тәттілер жоқ қой, — деп Лена күрсінді.

— Бергенді же!

— Жеймін ғой, бірақ олар менің тісіме жабысып қалады. Әй, сені Гуля апай шақырып жатқан сияқты.

— Әне-е-ел, қане, үйге кір!

Иә, бұл анам ғой. Мен онда қазір келемін.

Жарайды, мен әткеншекте боламын.

Әнел үйіне қарай жүгірді. Үйге қонақтар келген екен. Үлкендер шай ішіп отыр. Гуля апай қызын шақырып алып:

Бұл не? деді.

Кәмпит орамасы.

— Іші бос, кәмпит жоқ. Неге рұқсатсыз аласың? Мен саған не дедім? Бұл қонақтарға арналған. Бүгін тоңазытқышты ашсам, «Қарлығаш» та жоқ, «Маймақ аю» да жоқ, тек ирис қана қалыпты. Сен бәрін жеп қойғансың ба?

Әнел жылап жіберді. Ол жауап беруге тырысты, бірақ жылағаннан сөздері мүлдем түсініксіз шықты. Біраздан кейін, әйтеуір өзіне келіп, анасына бәрін айтып берді.

Сонда сен бір ай бойы Ленаға тәтті апарып жүрдің бе? Оның ғажайыпқа әрі қарай сенуі үшін бе? — деп күлді анасы Әнелді құшақтап. — Бәрі түсінікті. Жарайды, басқасын сатып аламыз. Ал сен Ленаға бәрін айтып беруің керек.

Анашым, жоқ, олай болмайды! Ол ренжіп қалады, менімен дос болмай қояды.

Енді оны әрі қарай алдай алмайсың. Ол сенің ең жақын құрбың емес пе?

Бірақ бұл алдау емес еді ғой...

— Қызым, шындықты айту керек.

Мұны Әнелдің өзі де түсінді. Өйткені өтірікті жалғастыра беруге күші де, кәмпиті де қалмады. Ол әр қадамын санап басып, баспалдақтан баяу түсті. Қолымен қоршауды сипалап, көзін жерден алмай келеді. Сыртқы есікті сықырлатып ашып, аулаға шықты. Лена иристі санап жатыр екен.

— Шықтың-ау, әйтеуір!

— Лена, саған бірдеңе айтуым керек.

Не?

Тек сен ренжімеші. Жағдай солай болып қалды. Сен қызғылт кәмпит жеп едің ғой. Содан соң енді қайтіп ғажайып болмайтынын айттың. Ал мен басқаша ойладым. Сосын сейсенбі туралы айттым. Сенің «тәтті бұлтқа» сенгеніңді қаладым. Солай тәттілерді шөпке шашып жібердім. Кешірші...сөзін аяқтауға көзінің жасы кедергі болып, Әнел жылап жіберді.

Мәссаға-а-ан! — деді Лена көзін жыпылықтатып. Ол неге екені белгісіз, алақанын кеудесіне қойды. Жүзі абдырап, ыңғайсызданып қалды. Көзіне жас алып, құрбысына қарады.

— Жылама, Әнел, қайта сен мені кешір. Мен де кінәлімін. Бәрін білдім ғой. Иә, кәмпит туралы да, шөпті де. Сен екеніңді де. Бірақ мен айтпадым. Себебі оларды жегім келді. Кешірші!

— Ааа? — деп Әнел таңғала басын көтерді. Мұрнын сүртті. Жылағаны бірден күлкіге ауысты.

— А-ха-ха-ха! Сен біліп пе едің? А-ха-ха-ха! Шынымен бе? Ай, Лена-ай! А-ха-ха-ха-ха!

Екеуі құшақтасты. Осылайшы бұл жаз ұмытылмайтын дәмге толы болды.

Асель Анди

Асель Анди — прозаик, поэтесса. Автор рассказов для детей и взрослых. Окончила писательский курс у мастера Оксаны Трутневой в ОЛША. Также прошла обучение писательскому мастерству «Щеглы» российской писательницы Ирины Щегловой. Окончила авторский курс креативного письма «Академия» писателя Юрия Серебрянского. Резидент писательского сообщества USW, куратор Книжного клуба OREGON.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon