Сағадат Ордашева

350

Ұрылар

Бір актілі пьеса

 

Сахна екіге бөлінген. Екі түрлі үй. Оң жақта ұйқыдан жаңа оянған блогер ақ халатта бөлмені ары-бері кезіп жүр. Сол жақта үстел үстінде қара киімде орта жастағы жігіт телефонын шұқып, әлдене жазып, теріп, әлдекімдермен сөйлесіп отыр.  

 

Блогер.  Таң атады, оянасың инстамен,

Сторисің лүпілдерге, директке хат толған,

сүйіп, құшып еркелетіп братандар,

пранкқа толған, рекке шыққан рилстер...

Сіздерге, осы, не қызық? «NNN қашан сыйлық ойнатады, қайда жүр, не жеді, қандай пранк жасайды?» деп телміріп қарап, қашанғы отырасыздар? Білем, сіздерде жеке өмір жоқ, менде де. Күнұзаққа контент жасауды ойлаймын. Сторис, пранк... Иә, сіздерді алдау... (Бір қолымен тісін щеткамен ысқылап, бір қолымен телефон шұқиды.)

Бүгін не істесем екен? (Біреуге қоңырау шалады.) Оу, братишка, қалайсың? Че там, брат? Ұйқыдан ояндың ба? Бүгінге не план? Оу, сен ба, мен ба, менеджер? Басыңда идея деген құжынап жату керек сенің! Не?.. «Далбаебсің ба, айтшы, сен, далбаебсің ба?». Аххахаха. Братишка, давай, лақтыр пашкі-пашкі идеяңнан. Давай, күтем... Ұйықтап жатыр ғой әлі, сағат 12 болды. (Кенет ол тоқтап, тұрып қалады. Аузында әлі де тіс щеткасы бар.) Осы мен бар ғой, түсінбеймін, бар ғой, кейде ше, бар ғой, не істеп жүргенімді түсінбеймін. Қызық, бар ғой, менің өмірім ше, менің 7 миллиондай подписчигім бар, мыңнан асатын достарым бар, ну, екі-ақ шынайы досым бар дейікші. Өмірім бар ғой, ертегідей ше... осы адамдар «сынақ келді басыма» деп, «қараңғы түн туды» деп қайғырып жатады ғой... Менде ше, соны сезіну жоқ. Қашан шынайы қайғырып жылағаным есімде жоқ. Кейде тірімін бе өзі деп ойлаймын ше... Түсінесіздер ме?  Қайбір жылы бәрін нөлден бастаймын деп, барлық дүниемді қайрымдылыққа деп тараттым, тұттай жалаңаш қалып қыста, есіңіздерде ме, видеоға түскенім. Пранк қой! Ха-хха-ха. Тұттай жалаңаш NNN. Бүкіл дүниемді беріп жібергенмін. Дым жоқ қой үйде. Дүкенге бардым да, бір пар іш киім, шұлық, бас киім, спорт киімін алдым да, өмірімді жаңа парақтан бастадым ғой. Бәрін таратып жібергенсің ғой. Қайбір жылы көлігімді пранк үшін өртеп жібердім. О-о-о-о, сол кездегі улап-шулаған халықты көрсең, ағыл-тегіл ағылған подписщиктерді көрсең.... Айтпағандары жоқ. Қайбір жылы көлігімді тегін бере салдым ойнатып. Бірақ, шүкір дүние деген, ақша деген қайта жиналып, байып шыға келе берем ше. Жалпы, менде бәрі жақсы. Мына алтын басым еш қиындыққа түспепті, қайта өзім тілеп алып жүрмін ғой оны. Түсінбеймін ше? Инстаграмды ашсаң, бірақ, бәрібір бақытты жұрт. Өтірік қой. Неге өздеріңді алдайсыңдар? Мен NNN-мін, «Нет ничего невозможного!» Иә, өмірімде осыған точно көзім жетті. Бүгін де қараңыздар да, тұрыңыздар, мүмкін емес дүниені жасайтын болам. (Сырт киімдерін киіп, таранып, бөлмені ары-бері кезіп, ойластыра бастайды.) Мен ше? Мен бар ғой. Шынымен, өмірді қайта бастасам деймін.

Ашық аспан, жаз таңы, қайғырудың жоқ мәні,

Жан азынап тұрса да, аспанның жоқ еш шаруасы...

Иә, асылып қал, иә атыл...

Мыңқ етпейді ау, Алатаудың тау-тасы...

Странно да? Кейде бар ғой, кинодағыдай жалғыз саяхатқа шығып, шытырман оқиғаларды бастан кешіріп, бір өлімнен қалып, өмірге қайта оралатын кейіпкер болсам деймін. Кейде ше... Құдай ау, неге мен өлімді ойлап кеттім? Пранк деген не істетпейді? Маған ше, мана ой келді...  Мен асылып көрем... иә, көрем... (Сахна ортасында үстел үстіне шығып арқан байлайды. Жақсылап тартқылап қояды.) Егер маған осы 5 минут ішінде ешкім хабарласпаса бар ғой, асылып өлуге тура келеді. Уәде, уәде! (Телефонын үстелге қойып, құлағына сымсыз құлаққап киіп алады. Мойнына арқанды іліп тұрады да қолын әлдекімге созады.)

Мен ше, сондай ерке бала боп өстім. Айтқанымның бәрін жасайтын әкем мен анам. Мені ешқашан жазалап, бұрышқа тұрғызбапты. «Ақылды тентегім» дейді анам. Анам менің. Әкем менің. Мені мәпелеп, баптап өсіріп, қымбат оқуда оқытты. Өздері таусылып жүрсе де, менен аямайтын. Әкем мұғалім, анам дүкенде сатушы. Жалғыз қарындасым екеумізді жұрт қатарында емес, жұрттың алды етіп өсірді. Сөйткен мен, оқуымды бітіріп, адам құсап жұмыс жасамадым ғой. Блогер болдым да кеттім. Байып шыға келдім. Ата-анама, қарындасыма үй, көлік алып бердім. Олар мәз. Мен ше? Бақыттымын ше... Бірақ ше, мен ше, кейде өз өзімді жазалағым келеді.  Мен... Мен ұрымын ғой. Иә, адамдардың уақытын, назарын ұрлаймын. Уақытын ұрлаймын. Менің жүрген-тұрғанымды, ішкен-жегінімді қарап қаншама уақытын сарп етеді адамдар. Ұтыс ойындарыма қатысып, дәмеленіп қаншама уақыт бекершілікпен отырады. 7 миллион тірі адам, ойлаңыздаршы. (Ол сағатына қарайды.) Екі минут өтті. Ешкім хабарласпады. Мәссаған... (Ол мойнындағы арқанды бір іліп, қайта босатып, уақытты қайта-қайта қарайды. Уақыт өткен сайын үрейленіп, қорқа түседі.)

Ешкім хабарласпайды ма? Ешкімге керек болмағаным ба? Бір минут қалды. Ешкім, құдай-ай, ешкім, осы бес минутта мені ешкім есіне алмағаны ма? Менің не жазығым бар? Не күнәм бар, құдай? Тапқан табысымды садақадан аямаймын, өзің білесің. Сонда осылай бес минут ішінде өлімге қия салғаның ба? (Аяқ астындағы үстелі қисаяды. Телефон шылдыры естіледі.)

Уф... жаным-ай, өле жаздадым ғой. Алло? Кім?

Ұры. Сәлеметсіз бе! Сіз Нұрдәулет Нұрболұлысыз ба? «Каспи банк» бөлімшесінен хабарласып тұрмын. Менеджер Батыр Ерболатұлы боламын.

Блогер. Иә, өзі, менмін.

Ұры. Сіздің карточкаңыздан 5 миллион теңге шешіп алуға талпыныс жасалды. Бұл операцияны жасаған өзіңіз бе?

Блогер.  Мен емес. Мен...

Ұры. Онда бұл алаяқтар болуы мүмкін. Жеке куәлік номеріңізді, карта номеріңізді айтсаңыз, ұрлықтың алдын ала аламыз.

Блогер. Өзіңіз алаяқ емессіз бе?

Ұры. Тыңдаңыз, мен «Каспи банк» менеджерімін, сізге өте шұғыл хабарласып тұрмын. Қазір ғана сіздің жеке есеп шотыңыздан ақша алынып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Егер сіз карта номерлеріңізді айтсаңыз, біз бұл операцияны тоқтата аламыз.

Блогер. Тоқтатпай-ақ қойыңыз, маған бәрібір, ала берсін, мен қазір асылып өлгелі тұрмын. Маған ақшаның керегі жоқ.

Ұры. Онда... ол ақшаны беріп кетсеңізші. Ой... Босқа өлудің қажеті қанша? Ақшаны қайырымдылыққа жұмсауға болады.

Блогер. Мысалы..

Ұры. Мысалы... менің көршім... өте нашар үйде тұрады, алты баласы бар. Соған беруіңізге болады.

Блогер. Алаяқ мырза, мені тыңдашы, мені құтқара аласың ба? Менің мойныма арқан байлаулы, қазір бір минуттан кейін бұл әлемде болмаймын. Егер құтқара алсаң қалағаң ақшаңды берем.

Ұры. Саған сенбеймін. Жалған. Сендей адамдар өлмейді. Картаңда ақша өте көп, қалай қиясың өмірді?

Блогер.  Сен ұры, алаяқ, қайдан білесің, бұл өмірді, түсінесің бе? Ұрлауды білесің тек. Ол ақшаны саған ұқсап ұрлықпен тапқаным жоқ.

Ұры. Ал, немен таптың? Айтшы?

Блогер. Мен... күнде блог жүргізіп, адам құсап, пранктар түсіріп, жарнама сатып... миымды мылжа етіп идея ойлап... Түсіндің ба?

Ұры. Мен сияқты азапты көріп өссең осылай шалқаяр ма едің? Әкем бухгалтер болды. Әр тиынды «қайда жұмсадың» деп тергеуші еді. Әр тиынды санайтын. Тамақты, нанды өлшеп жеуші едік, артық жесем аямай ұрып соғатын. Үйде ас көп, бірақ, ашаршылықты айтып, бар тамақты өлшеп беретін. Қызғанатын. Тойып тамақ ішкен емеспін. Анам болса ауылдағы колхоз қоймасын басқарды, тамақ ұрлап әкеліп әкеме көрсетпей жеуші едік.

Блогер.  Солай де... анаңнан өткен ұрымын де...

Ұры. Ұрлық туралы не білесің? Егер әр жеген дүниеңе есеп беріп, таяқ жей берсең көрер едің. Мен тапқан дүниемнің бәрін бір аптаға жеткізбей шашып тастаймын. Шетелдегі ең қымбат отельдерде демалып, ең қымбат қызметтерді пайдаланам. Мені ешкім шектей алмайды, түсінесің бе? Басқалар шалқып өмір сүруіне болады да, менің ақым жоқ па оған?

Блогер.  Мұны, сен бала, әкеңе айтуың керек еді...

Ұры. «Әкең» деме! Әке жоқ менде, ол әлдеқашан жоқ болған.

Блогер. Бәрібір ол әкең сенің. Сосын доғаршы болды, сені тыңдайтын уақытым жоқ, бүгін иә асылып өлем, иә өмірді қайта бастаймын. Құтқармасаң жоғал. (Телефонды қойып тастайды.) Бір адам құсап асылып тұрсам ұры хабарласқаны несі? Әкесі қатал адам екен. Жазалапты аяусыз. Мені ешкім жазаламаған. Қол көтермеген. Сонда да ұрымын. Мына алаяқ өзін ұрымын демейді, өзін ақтап жатыр еще. Мен неге онда өз ісімді қаралауым керек? (Телефон шырылдайды.)

Блогер.  Алло?

Ұры. Мен ғой.

Блогер. Тағы сен ба? Құтқарасың ба?

Ұры. Құтқару үшін не істеуім керек?

Блогер. Менің мойнымдағы арқанды шешіп ал. Бүгін Кібісе күні, 4 жылда бір рет туатын күн. Бұндай күні өлген адамның жаны жай таппайды екен о дүниеде, жаның барыңда құтқар мені. 

Ұры. Денің дұрыс па сенің? Қай жердесің?

Блогер. Алматыда. Горный Гигантта. Қазтуған жырау көшесі, 50 үй, 42 бөлме.

Ұры. Мәссаған, мен 43-те тұрам. Қазір  барам, өлмей тұр.

Блогер (залға қарата). 7 миллион подписчик, екі-үш миллионнан астам қаралым жинайтын көрермендер қайда? Мен кейде камерадан, «Инстаграмнан», танымал болудан қатты шаршаймын. Кәдімгі адам болғым келеді. Ешкім танымаса екен. Жалықтым, бар ғой. Мына алаяқ ұры келсе, қазір барлық ақшамды қолына берсем бе екен? (Мойнындағы арқанды шешпей тұра береді.) Неге бұлай тұрмын? Менің атым NNN. «Нет ничего невозможного». Мүмкін емес дүние жоқ. (Кенет үйге алаяқ кіріп келеді.)

Ұры. Сен бе NNN? Есікті жаппапсың. Мойныңдағыны шеш, қане!

Блогер. Шешпеймін.

Ұры. Шынымен, қуады екенсің. «Шеш» дедім.

Блогер. Сен осы айтшы, ұрлығыңа өкінесің бе?

Ұры. Кейде өкінем. Қартайған әже-аталарды алдап соққанда анам есіме түседі. Анам ұрлай-ұрлай ұсталып қамалып кетті, мойнында үлкен қарызы бар, төлеп жатыр түрмеде.

Блогер. Көмектеспейсің бе?

Ұры. Анама бостандық керек емес. Түрмеде де керемет күн көріп жатыр.

Блогер. Маған жұмысқа тұрсаңшы, төлеймін. Менде ақша бар.

Ұры. Оны неге жеткізем? Қатырасың. (Мырс етіп күледі.) Түс, қане, мойныңнан ал арқанды.

Блогер. Сен мейірімді адамсың, ұры. Жаман адам емессің.

Ұры. Мен талай адамды қан қақсатқанмын. Сені де қазір жер жастандыра салам. Миың болса, дүниеңнің бәрін маған бер.

Блогер. Бүгін Кібісе күні, құдайтағала ерекше рақым ететін күн дейді. Бір жақсылық жасайықшы. Менің жинаған ақшамның бәрін сен алдап соққан адамдардың шотына аударайық.

Ұры. Алданған адам — сол алдауға лайықты болған.

Блогер. Құтқарайық, бәлкім дәл қазір біреуі мен секілді асылып тұрған шығар, ә? Ұры, кел, бүгін мейірімді болайық. Сенің күнәңді мен көтерейін.

Ұры. Маған ешкім осылай жылы сөйлемепті, түсінуге тырыспапты. Бәрі желкемнен түйіп, жағымнан осып жіберетін ұстап алса. Жазалайтын.

Блогер. Егер өлім аузында тұрсаң қайтер едің? Бүгін екеуміз де ана дүниеге аттанардай күнәмізді жуайық.

Ұры. Білесің бе, жақында бір келіншекті алдадым. Өзі еден жуушы екен аурухада. Күнін әзер көріп жүрген бейбақ қой. Маған 3 млн теңгесін бере салды. Кел, ендеше, ең әуелі соған аударайық. (Блогер мойнынан арқанды алып, жерге түседі. Екеуі отыра қалып, әлгі келіншектің номерін тауып, каспиін теріп, ақшасын аударады.)

Ұры. О-о-о-о, «Каспиі» сол номерде екен. Дұрыс, Беркімбаева Айнұр еді. УУУһһһуу, мәз болып қуанып жатқан шығар. (Екеуі екіге бөлінген бөлмені біріктіріп, ары бері жүгіріп, қуаныштан секіреді.)

Блогер. Тамаша! Керемет! Тағы кім бар?

Ұры. Қазір, қазір... Ақтөбеден бір орыс әйелді алдап соққам, соны да қайтарайық.

Блогер. Қанша?

Ұры. 5 млн теңге. Ольга Юрьевна екен, мінекей, каспи номеріне сала ғой.

Блогер. Салдым, міне, дұрыс па номері, өй, алдап соқпа мені де.

Ұры. Өмірімде өтірік айтпаған күнім осы шығар. Қандай еркіндік бұл. Кеудем керіліп, тынысым ашылып қалды білсең. Өтірік айтатын адамдар жан дүниесін бұғып жүреді екен ғой. Желкемнен жүк түскендей. Айтпақшы, Талдықорғаннан бір кісіден 10 млн теңгені қағып кеткем, соны да қайтарайық.

Блогер. Ал, кетті 10 миллион.

Ұры. Не деген жомартсың.

Блогер. Маған жұмысқа тұрасың ба? Ана жатып ішер менеджерді қуып шығамын. Бір дұрыс пранк ойлап таба алмайды.

Ұры. Білмеймін. Мен алаяқпын ғой. Ұры.

Блогер. Сенен ше, жақсы блогер шығады, менімен әлемді аралайсың, мобилографияны меңгересің, менеджер боласың. Білесің бе, мүмкін емес дүние жоқ, бәрі өз қолыңда. Бүгін, міне, көрдің ғой, ойламаған нәрселерді жасадық. Мен барлық ақшамнан айырылдым. Ал, сен күнәңнан арылдың. Енді бұл жұмысты қой. Атың кім, брат?

Ұры. Бекзат. Сен менен қорықпайсың ба?

Блогер. Жоқ, бауырым, менен ұрлағың келгенді ұрла, менен тек өзімді ұрламашы. Білесің бе, мен үшін шынайылық қымбат, менімен шын сөйлесші, ұрласаң да айта бер «ұрладым» деп. Айналамда ше, кіл күлегеш, мақтағыш, бедел дос көп, сен сияқты ештеңеден қорықпайтын адам керек.

Ұры. Бәрін басынан бастаймын ба?

Блогер. Бүгін Кібісе күні, 30-ақпан таңғажайып күн, төрт жылда бір туады. Бәрін қайтадан бастаймыз. Бүгінгі оқиғаны сториске де, ешқайда салмаймын деп шештім. Шынайы бір дүниені ешкімге айтпақ-ақ, көрсетпей-ақ қояйыншы... (Телефоны дызылдайды. Блогер көтермейді.)

Білесің бе, сені ауылға апарам, әкем бар, шешем бар, олар да саған әке-шеше бола алады. Олар мені ешқашан жазалап, қол көтермепті. Осы қазір кеттік пе ауылға?

Ұры. Кеттік онда. 

 

Екеуі үйден шыға бере алдынан мылтық кезенген бір топ әскерилер кіреді.

 

Полиция. Тоқтаңдар, ұсталдыңдар, алаяқтар! Өздеріңді ұстап бердіңдер ғой.  Қайда барасыңдар, ұсталмай. Таптық-ау, әйтеуір.

 

Екеуі қолын жоғары көтеріп тұра береді. 

 

Блогер. Қап... Бүгін Кібісе күні еді.

Ұры. Саған сенбеуім керек еді.

 

Соңы.

Сағадат Ордашева

Сағадат Ордашева — жазушы, аудармашы, «Кек жуған» прозалық шығармалар жинағының авторы. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы баспасөз хатшысы. «Әдебиет. Рух. Қоғам - 2023» республиалық әдебиет байқауының жүлдегері.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon