Нұрсұлтан Сағатбек

558

Махаббат – координат өсі

Махаббат — координат өсі

 

Сел болған сезімімді қор қылмашы…

Сағыныш — махаббаттың формуласы!

 

Артық кетсем, аяулым, кешір мені!

Деп жүрме, — осы болар есіргені…

Мен — икс, сен — игрек, біле білсең

Алгебра, координат өсіндегі.

 

Түсінші, шексіз мынау күйді күнім,

Минус, плус арасы үйді мұңын…

Өтінем, алшақтама иксіңнен

Сүйіктім, белден басқан игрегім!!!

 

Мен-икс, горизонталь, шөлдеп қалған,

Қашан да вертикальсің , өр боп қалған…

Қиылысқан жеріміз нөл болған соң

Сағынышың сенің де нөл боп қалған…

 

 

Жылқы бақтым

 

Жылқы бақтым

Мал басын құрайын деп,

Ауыл жаққа тізгінді бұрайын деп.

Төккен термен келетін несібемді,

Оңашада тәңірден сұрайын деп.

 

Жылқы бақтым

Өзімді сынайын деп,

Қылқұйрықтың қылығын ұғайын деп.

Құрық бойлар тұсы жоқ қу заманнан

Арқан бойы биіктеу тұрайын деп.

 

Жылқы бақтым

Асауды мінейін деп,

Өмірімді қазақша сүрейін деп.

Адамы да тұсаулы тас қаладан

Ат шаптырым алыстау жүрейін деп.

 

Жылқы бақтым

Жел сөзді бақпайын деп,

Баламды ертоқымда баптайын деп.

Алтын тақтан ат жалын артық көрген

Бабалардың рухын сақтайын деп.

 

Жылқы бақтым,

Тау — төсек, гүл мекенім,

Айға үміт артамын, күнге сенім.

Ат үстінде күн кешкен қазағымның

Тектілігін әлемге үлгі етемін.

 

 

Мұқағали емеспін

 

Алдап мені кеткен жоқ ұлы арманым,

Кешір, аға, сертімде тұра алмадым.

«Мұқағали боламын» деген тілек

Қарашы жылқышы ғып шығарғанын.

 

Қариялар сұраса тоқтай қалып,

Өлеңіңнен жібердік оттай жанып.

Еліктейтін басқа ешкім тумағандай

«Мұқағали боламыз» деп қоймадық.

 

Кітабыңды жастанып өскен едік,

Өлең жаздық өзінше көшпен еріп.

Ақын бола алмаған кей досымды

Ащы су арбағынын ескерелік.

 

Жүген-құрық ілінген іргесінде,

Ат жүгіртіп бекіндім күн кешуге.

«Қазақтың малы ырысы малы бағы»

Деген сөзің санама сіңгесін бе?

 

Түк көрмеген түлейдей малды ұрмадым.

Шоқтығына ер батса, салдырмадым.

Өзің бір күн үйіме түсетіндей

Баптап ұстап қымызды бал қылғаным.

 

Аш белінен тақымдып қанды лақтың,

Қазандықтан атымды қарғылаттым.

Жалын тартып міндім мен көкпаршы боп,

Өмір дейтін шу асау арғымақтың.

 

Тентегіме үйретіп тай-құлынды,

Жырыңменен бөлістім қайғы-мұңды.

Қазаққа бір өзің де жетерсің деп,

Жылқышы боп азнаттым айғырымды.

 

Қасқыр аз, боп жатқан жоқ жылқы шығын,

Сіз жақ қалай, қойды ма қырқысуын.

Сәлем айт… Қамбар бабам жүрген болса,

Қош бол, аға, мен нағыз жылқышымын!

 

 

Еркелеп шықшы

 

Маңдайың үшін көптей бір басым,

Бәйбіше сөзің салдыр ғой.

Дидарың шуақ төкпей тұрғасын,

Дию екен деп қалдым ғой!

 

Күн көріс емес өмірдің мәні,

Өмір дегенің — ақ арман,

Еркелемейтін әйелдің бәрі

Жасын төгеді жанардан.

 

Бітеді тірлік күйбеңі өлгенде,

Келгенбіз жерге аз уақыт.

Еркелеп шықшы үйге келгенде,

Көңілдің отын маздатып.

 

Еркелетуге уақыт бөлейін,

Бақыт берейін ұдайы.

Қабақтан тоңды уатып келейін,

Қарсы алшы күліп шынайы.

 

Әзәзіл кетсін, ойнап бағайын,

Әзілің бал мен шекер деп.

Жадырап шықшы, ойлап қалайын

Жұмаққа келдім екен деп.

Нұрсұлтан Сағатбек

Нұрсұлтан Сағатбек — 1997 жылы 25 ақпанда Алматы облысы Райымбек ауданы Талас ауылында туған. Әлеуметтік желіде жылқышы-ақын атымен танымал ауыл еңбеккері.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon