Дактиль
Айзат Рақыш
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт әдебиеті дамудың өзгеше жолына түсті. Бұл қазақ әдебиетінің даму кезеңінде Тәуелсіздіктен кейінгі ұлт әдебиеті болып қалыптасты. Айрықша зерттеуді қажет ететін де осы айтулы кезең болып табылады. Сондай-ақ, дәл осы шақта тағдырдың түрлі талайымен өзге елдерге тарыдай шалыған қандастарымыздың көптеп оралғаны да белгілі. Әсіресе, Моңғолия мен Қытайдан қоныс аударған бауырларымыз қолдарына қалам ұстай келіп, төл әдебиетіміздің бір пұшпағын илеуге кірісті. Сондай тағдырлы тұлғалардың бірі-ақын, жазушы Ерболат Баятұлы.
Ерболат әдебиетке алғаш өлеңмен келген. Тырнақалды өлеңін жиырма жасында жазып, кейін прозаға бет бұрған. Қазір проза мен поэзияда қатар қолтаңба қалдырып келе жатқан қаламгердің «Жұмақ әуендері» кітабын оқығаным бар. Ұлы тұлғалардың өмір жолдарын негізге ала отырып, қысқа әңгіме жазу Ерболат қаламының бір ерекшелігі десе болар. Ал ендігі сөздің нысаны-өзім әлеуметтік желіден оқыған «Бальзактың соңғы махаббаты» атты эссе-хикаяты.
Әлемге әйгілі француз жазушысы Оноре де Бальзакты Баятұлы қазақ оқырмандарына шынайы оқиғалар желісі негізінде ұсынады. Ұлы тұлғаның тағдырынан алынған өмір шындығын жазушы Ерболат көркем шындыққа айналдыра алды ма? Енді айтылар сөздің мәйегі осы жөнінде болмақ
Алдымен оқиға желісі тұрғысынан алсақ, шынайы өмірдегі, яғни, тарихи деректердегі Бальзактың жеке өмірі турасындағы ақиқат сақталған. Бальзактың жылдар бойы хат жазысқан оқырман әйелмен ақыры Щвейцарияда кездесіп, махаббат алауын жаққандары, кейін араға қаншама жыл салып, әупірімдеп жүріп некелескендері-барлығы шындық бояуын толық сақтаған. Ал Ерболат жазушының осы шындықты жеткізудегі көркем тілі, кейіпкерлер портреті, олардың жан әлемі, жалпы хикаяттың көркемдік табиғаты қандай? Төменде осы сұрақтар төңірегінде тарқатып, талдап айтатын боламын.
Сөз басында кейіпкерлердің портреттеріне тоқталайық. Бальзакты өзіне ғашық еткен Евалина Ганская несімен таңғажайып еді? Хикаяттан Бальзактың ғашығының портретін келтірейік: «Биіктеу қыр мұрны маңдайдан тік түскен. Ұшы сәл желбіреп тұрғандай. Басына ақ зер жиекті қоңырқай шляпа, үстіне қара сия көк түсті мақпал көйлек киіпті. Шляпаның астынан бұйралана толқындаған қайратты қоңыр шаштары көп нәрседен хабар беріп тұрғандай. Тепсініп тұрған қуаттың хабаршысындай. Иығына қона қалған ақ жұмыр мойын, алқымы сәл ашылған көйлектің ойысынан төменіректе тебініп тұрған қос анар еріксіз ынтық шақыратындай еді». Бұл Бальзак пен Евалина алғаш рет ұшырасқан сәтіндегі сұлудың «жарты портреті». Портретті жарты деуімнің себебі-мұрын, шаш, мойын, қос анармен ғана шектелген. Бальзакты тәнті еткен Евалинаның портретін хикаятты оқу барысыеда іздеуге кірістім: «ортадан сәл биік бойына үйлесе қалған толықтау, шымыр денесін, жұмыр санын, тоқ балтырын сезініп, елестетіп тұрған болатын». Ұлы жазушы сүйіктісін енді бой, дене, сан, балтыр тұрғысынан елестетіп, сезіне бастайды. Мүлде ұшыраспаған екі ынтызар жан тұңғыш рет жолығысқанда, жанармен, жүректі тербеткен сезім ұшқындарымен сыр алмасса жарасар еді. Ал Бальзак Евалинаны мұрыннан бастап «тоқ балтырына» дейін сезінсе де, әлі жанары жанарымен ұшыраспады. Көзі жоқ сұлудың портреті кездесудің екінші күнінде жанарға ие болды, яғни, суреттеле бастады: «сәулелі отты жанарлары нұрға толып, аршыған жұмыртқадай майда, әжімсіз беті алаулап, балбырап отырған болатын». Бұл портреттегі бір тілдік қате және бұған дейін кездескен «шаштары» деген секілді-«жанарлары» деген сөз. Қазақ тілінің заңдылығына сәйкес табиғаттан жұп болып, көп болып жаратылған нәрселер, құбылыстар көпше түрде қолданылмайды. Сондықтан «жанары» деп қолданылса қатеден аулақ болар еді. Ұлы жазушының өмірлік махаббатына айналған Евалинаның портреті «жас байталдай жанығып, ойнақшып тұрған бұла келіншек» деген сипаттамамен еліктірме сипатқа ие болады. Ендігі сәтте автор «жас байталдай жаныққан бұла келіншектің» жоғары жағын суреттей бастайды: «Басындағы ақ жиекті шляпасын шешіп қойғанда, Евалинаның кең маңдайы күмістей жарқырап көрінеді екен. Толқынды, қалың шаштарын желкесіне қарай түйіп алған. Тек самайынан төмен қарай еркін, бос жіберген тұлым шашы бұйраланып көрініп, сырғалығына таққан жүбәржат сырғасымен үйлесіп, үлкендеу құлағының болымсыз мінін жасырып тұрғандай еді». Бұл ретте қаламгер Ерболаттың «кең маңдайы күмістей жарқырайды екен» деген теңеуі Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» теңеуін қайталау болып табылады. Сұлудың портретін мына сөйлемнен де «көріп қалдым»: «Саусақтары ақсүйек бикештердікіндей нәзік, жіңішке емес екен». Евалинаның портретін енді сөйлемнің ішінен тауып алған сөз тіркестерімен құрастырып көрсек, былай шығады: «аппақ мойны мен төсі, тепсініп тұрған қос анар, құштарлықты арттырып, құмарлықты қоздыратын бәден. Ұялы, отты көздер, кірсіз, аппақ тістер, әдемі ерін». Хикаяттың өн-бойында келіншектің портреті осылай там-тұмдап толыға түседі. Ерболат қаламгер сөзбен салған сұлудың портретінің көзі бар, кірпігі жоқ, саусағы бар, қолы жоқ. Әдебиетке сұлу қыздың толық портретін алып келген Абайдай болу баршаның маңдайына жазыла бермесі анық. Алайда көзді сипаттап тұрып, кірпікті айналып өтуі, саусақты айтып тұрып, қолын «ұмытып кетуі» кейіпкер портренін жартыкештендіріп тұр.
Ал хикаяттың басты кейіпкері Бальзактың портреі тым жұтаң. Әр жерде айтылған жекелеген сөздерді екшейтін болсақ, мынадай жұпыны портрет шығады: «етжеңділеу, әлеуетті, қармаулы, денелі». Бальзактың портретімен салыстырғанда Евалинаның сырт тұлғасы жақсы шыққандай қалып танытады.
Келесі кезек қос ғашықтың мінездемесіне келіп жетті. Бір айтарлығы-автор кейіпкерлерінің мінезін оқырманға жұмбақ етіп ұсынбайды, өзі кесіп-пішіп түйіп тастайды. Мінездемеге келгенде де, Евалина бейнесі Бальзактың бейнесімен салыстырғанда анағұрлым ашылған. «Үш тідде еркін сөйлеп, жаза алатын, білімді, ойлы, өжет, тым еркін, кербез, батыл, бірбеткей, сезімтал, сенгіш, ақ жүрек, арманшыл». Жазушы дәл осы сөздерімен Евалина сұлудың ішкі жан-дүниесін әйгілейді. Бір келіспеген жайт-әйелдің мінезін танытуда «өжет» деген сөз бірнеше жерде қайталанған. Қазақ тілінің аса бай тіл екенін ескерсек, жазушының бір сөзді әлденеше жерде қайталап қолдана беруі оның жеке сөздік қорының, өзіндік тіл байлығының деңгейін көрсетсе керек.
Бальзактың мінез әлемін автор тылсыммен тұмшалап, оның әрекеттеріне астарлап тастаған. «Бәрібір Еуропа әдебиетінің шыңына шығамын!» деген асқақ та тәкаппар, арманшыл да айқын ұстаным» иесі ретінде паш еткен. Ұлы тұлғаның ішкі әлемін ірікпей көрсететін мұнан өзге тіркестер жоққа тән. Өзге қасиеттерін оқырман кейіпкердің әрекеттері арқылы өздері салмақтай алады. Алайда көңілде бір сұрақ жан таптырмайды. Егер Бальзак шын мәнінде тек қана Еуропа әдебиетінің шыңына шығуды армандаса, тәкаппар кейіпте қалам тербетсе, онда мәңгі өлмес ғажайып туындыларды дүниеге әкеле алар ма еді? Әдебиеттің шыңын ғана ойлаған жанның төмен етекте қалып қояры даусыз ақиқат. Бұл ойыма дәлел Ахмет Байтұрсынұлының мына бір ғаламат даналық сөзі: «Әдебиетті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады, ұлтының қажетін өтейді сөйтіп». Сондықтан әлемге мәшһүр Бальзактың бейнесіне мұндай «туабітті өлермендік қасиет» беру тым артық секілді. Ерболат Баятұлы «туабітті өлермендік қасиеті» деп бейнелеген Бальзак әлем әдебиетінде осы пендешіл кейпінің арқасында аты қалды ма? Әрине, жоқ! Оноре де Бальзактың ұлы тұлғасын биік деңгейде, тұнық күйде беру шындықтың шырайын келтіру болып табылатын еді. Ал оны «өлермен, тәкаппар» етіп қойып, күйкентай пендеге айналдырып жіберу ақиқаттың тонын теріс айналдырғанмен тең.
Ерболат Баятұлы өзінің бұл туындысын «эссе-хикаят» деп атаған. Эссе жанрында болғандықтан ба, автордың әрбір сөйлемі дерлік бұрынғы өткен шақ формасында аяқталып отырған. Бұл халық ертегілеріндегі «болған екен, бллыпты» деген формаға жуықтайды. «Оқырманымды бірсарынды баяндаулардан жалықтырып аламын-ау» деп қорықпастан, қаламгер осы өткен шақ тұлғаларын тым жиі қолданған. Эссе-хикаятта шынайы деректің бұрмаланған сәті де бар. Евалина некелі күйеуінен он жеті жас кіші болғаны тарихи деректерде көрсетілген. Автор бұл ақпаратты бұрмалап, біресе «жиырма жас кіші еді» десе, біресе «жиырма бір жас» деп жаңылысады.
«Тоғыз жыл хат жазысты» деп көрсеткен қаламгер қос ғашықты танысудың екінші күнінде-ақ төсек маңында тырбыңдатып қояды. «Жас байталдай жаныққан бұла келіншек» «денелі еркектің» төсегінде «солығын басады». Осылайша еуропалық махаббаттың суретін қазақ аудиториясына әкеледі. Хикаят Евалина мен Бальзактың ұзақ жылдан соң некелесіп, жазушының қайтыс болуымен аяқталады.
Қазақ оқырмандарына Ерболат Баятұлы Бальзактың соңғы махаббатын шынайы деректермен ұсынса да, өзіндік ерекше тіркестермен түрлендіре алмады. «Аршыған жұмыртқадай аппақ өң, тоқ балтыр, жұмыр сан, күмістей кең маңдай» тіркестері-әдебиетте бұрыннан бар, әбден таптаурын болған сөз қолданыстары. Ерболат Баятұлы қаламынан туған тың тіркестер жоқтың қасы. Жазушы тек баяндаумен берген туындысы өзіндік нақышта құбылмайды, жаттанды тілдік кестелерге ғана сүйеніп, көркемдік тұрғыдан бірсарындылыққа ұласады.
Ерболат Баятұлы — тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде ұлт әдебиетіне келіп қосылған есімдердің бірі. Ешкімге ұқсамайтын өз жолын салуға тырысатыны жазушының тақырып таңдау, ұлы тұлғалардың тағдырындағы нақты деректерге сүйеніп жазу дағдысынан байқалады. Алайда шындықты бояп, Бальзактай ұлы жазушыны «туабітті өлермен» деу ақиқатқа қиянат жасаумен пара-пар. Сондықтан ұлылардың ғибратты ғұмырын жазғанда, биік бейнеде берілуін айқын мақсат етсе игі еді. Әйтпесе Бальзактың тек төсек маңында тыпырлаған төмен тірлік иесі емес екені, аты өлмес мәңгіліктің жазушысы екендігі қазақ оқырмандарына ежелден-ақ белгілі.
Айзат Рақыш — Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, сыншы, драматург. Қаламгер 1983 жылы 23 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Жиделі ауылында туған. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ филологиялық факультеті бітірген. Төрт прозалық кітаптың авторы.