Дактиль
Гульжан Амангелдыкызы
Оянып кеттім. Күбір-сыбырдан. Әкем мен шешем сөйлесіп отыр. Құлағымды түрсем, мен жайында, менің тағдырым жайында сөз етісіп отыр екен. Ұйқым шайдай ашылды. Әкем даусын қырнап қойып сөйлеп отыр.
— Баласыз емеспіз. Ғайнияны берейік. Баласындай көріп кетер. Ол да бір құрсаққа зар болып жүрген бақытсыз жан да.
Шешем мұрнын тартып, пырсылдай бастап еді, әкем:
— Доғар,-деп күңк етті. — Басқа балаңды жеткізіп ал.
Қатігездеу, дөрекі дауыс. Жүрегім атқақтап, тас төбеме бір-ақ шықты. Мені бала қылып біреуге бермекші! Кімге екенін ішім сезетіндей. Мен білсем, кіші інісіне. Он жыл өтсе де баласы жоқ. Әйелі құрсақ көтермеген. Ішім әлем-жәлем. Ішегімнен бастау алған бір түйін көтеріліп, тамағыма келіп тірелді. Көзіме шып-шып жас үйірілді. Әншейінде ойбайға басатын басым, дыбысымды шығаруға әкемнен жасқанып, жастыққа қойып кеттім. Іштей әкеме деген қарсылығымды оқша бораттым. «Көзі қиып, қалайша біреуге бермекші екен. Жақсы көрмейді де. Неге мені? Менен басқа балалары ше? Сонда мені олардан кем көргені ме? Олай болса несіне өмірге әкелді?»
Ертең көзім жәудіреп, басқа үйде отыратынымды елестеттім. Өз әке-шешем бола тұра жетім баланың күйін кешетінімді ойлап қамықтым. Ішімнен бір ыстық жалын бас көтеріп, өне бойыма жайылды. Жүрегімнің басы ауырғандай болды. Қисық біткен үйімнің қабырғалары бұрынғыдан да ыстық көрінді. Бұл сезімнің қимастық сезімі екенін білдім. Осы сәт шешем еңкейіп келіп, бетімнен сүйді. Өтірік ұйықтағандай, көзімді жұма қойдым. Қайран, менің шешем-ай. Білемін, қимайды. Бірақ амалсыз. Осы сәт жаңағы түйін жібіп сала берді де, көзімнен моншақ болып төгілді. Алғаш рет тығылып, көз жасымды ешкімге көрсетпей жыладым.
Бір-ақ күнде тағдырым өңін теріс айналдырып, өзгеріп шыға келді. Әкемнің шығарған үкімімен мен ертесі інісінің төл баласы болдым. Өмірім қалай тез өзгерсе, өзім де солай өзгеріп сала бердім. Бұрынғы Ғайния жоқ. Тұйық... Момақан күйге түстім. Жаңа әкем мен шешем мені айналып, толғанды. Өздерінше. Бірақ маған бәрі жасанды сияқты көрінді.
— Тамағыңды іше ғой. Ұйықтай ғой, -— деген жеңешемнің даусы іштен құмығып шығады.
Көп уақыт өтпей-ақ үйімді сағына бастадым. Әсіресе шешемді. Күлімдеген жүзі көз алдыма келген сайын көзім боталап, жылағым келеді. Жүрегім сағынышқа толды. Бір күні шашымды тарап отырған жеңешеме ақырын ғана:
— Жеңеше, мен үйге қайтайыншы. Мені апарып тастаңызшы. Бөпеңіз жоқ болса, кейін үлкейгенде бөпе әкеп беремін,-деп алдай бастадым.
Жеңешем жауап қатпады. Үнсіз қалғанға жасып қалдым. Әлде жылап қорқытсам ба екен деп, жылауға оңтайлана беріп, бір кезде оқыс шыққан дауыстан селк еттім.
— Ешқайда да бармайсың. Ұмыт. Ендігі шешең мен болам. Екінші рет «жеңеше» деген сөзіңді естімейтін болайын. Ұқтың ба?
Жеңешем көгеріп-сазарып кетті. Алғашында не болғанын түсінбедім. Қорыққаннан жылап жібердім. Жеңешем болса, ашудан селкілдеп кетті. Түріне қарап, менен одан сайын ес кетті. Қашуға дайындалдым. Әйтпесе мына түрімен өлтіріп қояр деп қорықтым. Бұл көргенім түк емес екен. Жеңешем бір кезде шындап жынданайын деді.
— Қасқырдың баласын қанша асырасаң да, тауға қарап ұлиды деген рас екен ғой. Қара өзін. Жылы жұмсағымды қанша аузына тоссам да «шешем» деп өзеуреуін. Ұмытасың. Ұмыттырам. Ұқтың ба?
Бір кезде қолымнан дедектетіп, сүйреп ала жөнелді. Әкелді де бөлмеме кіргізіп, есігін тарс жапты. Мұндай қорлықты көрмеген басым, жасып қалдым. Төсегіме барып, етпетінен құлаған күйі жылап жатып қалдым. Осының бәріне әкемді кінәладым. Өзімді ешкімге керексіз сезіндім. Бір кезде ағатайым есікті ашып:
— Ғанеке, — деді ақырын ғана.
Даусында жылылық бар. Қасымда күлімсіреп қарап тұр. Мойнына асыла кеттім. Көрген барлық қорлығым сыртқа атылып, жылауымды одан сайын үдете түстім. Ағатайым үнсіз бауырына қысып, құшырлана сүйді.
— Ғанеке, ақылың бар ғой. Жыламашы. Сен кетсең мен не істеймін? Мұңайып төмен қарады. Еңкейгенде зор денесі кішірейіп кеткендей болды. Қайтсін, бұл да мен сияқты бақытсыз адам ғой. Бәріне кінәлі жеңешем. Егер ол бөпе тапқанда мен бүйтіп жүрмес едім, ағатайым бұлай мұңаймас еді деп ойладым. Кішкентай жүрегімде аяныш сезімі пайда болды. Қайғысын жеңілдеткім келіп, мойнынан құшақтай алдым.
Оң солымды танып, ақылым кіре бастаған бес жастағы кезім. (Бұл оқиғадан кейін тіптен есейіп кеткендеймін.) Жылай бергеннен пайда жоғын біліп, ақырындап үйренісе бастадым. Анда-санда жеңешеме қолғабысымды тигізіп қоямын. Оның да маған дегенде мейірімінің шамалы екенін білемін. Әйтеуір бір үйде үш адам, іштей бықсып-жанып, өмір кешіп жаттық. Бірақ, шешеме деген сағынышым үдей түспесе, басылмады. Маған енді ол үйдің табалдырығын аттау жоқ екенін түсінгендей болдым. Қолымнан келгені түнімен құдайдан жалбарынып, жеңешеме бала беруін тіледім. Шешем жатар алдында күбірлеп, «Е, Алла, балаларымды аман ете көр» деуші еді. Мен де құдайдан жалбарынып сұрасам, бала береді деп ойладым. Жатарда, көз ілмес бұрын күбірлеймін: «Е,Алла, ағатайыма бала бере көрші»
Осы тілегім қабыл болды ма, он жыл бала көтермеген жеңешемнің аяғы ауырлады ғой. Сөйтіп, төрт айдан кейін мен өз үйіме қайта оралдым. Қайтып келгеніме шешем қуанып жүр. Бәрінен бұрын менің қуанышымда шек болмады. «Құдай ата, сіздің бар болғаныңыз қандай жақсы...» деймін іштей...
— Есетжан-ау, тұршы. Ана ит тағы бір нәрсе бүлдірген бе? Әкең ашулы, — деп апасының жұлқылап оятқанынан Есет атып тұрды.
Әкесінің түрі өрт сөндіргендей екен. Есетті көрді де, бар ашуын осыдан алғысы келгендей, қасына жетіп келді.
— Мен саған айттым ғой, көзін құрту керек деп. Қашып кетті, атаңа нәлет... Тауып кел ана итті. Көзін құртам!
Әкесінің мінезі белгілі. Ашуланса жан-жағының бәрін қырып кетеді. Есет басы салбырап төмен қарады. Осы итті еркелетіп жаман өсірген өзі. Сол үшін үндемей құтылды.
Іші сезіп тұр. Ақтабан бір нәрсе бүлдірген. Кейінгі кезде итінің мінезіне түсінбей жүр. Тауықтарды тістелеп қуатын әдет тауыпты. Анау жолы бір тауықты мойнынан қысып, тістелеп жатыр екен. Көріп қалып, ажыратып алған. Бірақ тіс жарып ешкімге айтпаған. Қазір де әкесінің не нәрсеге ашуланып тұрғанын түсіне қойды. Яғни бір тауықтың басы жұлынған.
— Әй, табыңдар дедім ғой. Не ғып состиып тұрсыңдар. Тауып, байлаңдар ана итті.
— Құдай-ай, сол итте не құның кетті. Обалына қаласың ғой. Киесі атады. Ертең өзіңе жаман болып жүрмесін, — деп апасы шыж-быж болды.
Әкесі тыңдамады.
— Ақтабан кә, кә...
Есеттің даусын естіп, Ақтабан жетіп келді. Құйрығын бұлғаңдатып, еркелей қыңсылады.
— Ақтабан, бұның не? Енді сені әкем өлтіретін болды, — деп, Есет жыламсырады.
Ақтабан да бір нәрсені түсінгендей аяғына басын қойып, жата кетті. «Құтқаршы» дейтіндей. Есеттің жаны ашыды. Әкесінің мінезіне түсінбейді. Бір тауыққа бола...
Әкесінің ашуы тарқағанша деп, Есет Ақтабанды жардың ішіне байлап қойды. Тамағын көрсетпей әкеп беріп тұрды. Бірақ әкесінің ашуы жақын арада тарқай қоймады.
— Қашып кеткен ғой. Қуын қарай көр өзінің. Ұстармын бәлем, — деп тістенді.
— Қойшы соны. Өлтіремін деген сөзді айтпашы. Бәлесі жұғар, — деп апасы азар да безер болды.
Содан біраз күн иттің мәселесі айтылмай, тынышталғандай болды. Есеттің де көңілі жайланды. Есесіне үйлерінде басқа әңгіме айтылды. Есеттің мектепке баратыны жайында. Әкесі көрші — қолаңды жинап, тұңғыш ұлына той жасаймын деп марқайды. Ұлының маңдайынан сүйіп қойды. Әкесінің Ақтабан жайында ұмытқанына Есет іштей қуанды.
— Бәйбіше той қамына кіріс. Кімдерді шақырамыз...
Сол күні бұл шаңырақта басы артық әңгіме айтылмай, үшеуі әдеттегіден де көңілді отырды.
Күннің ыстығынан Ақтабанның таңдайы кепті. Иесі бүгін тамақ әкелмеді. Іші де пыса бастады. Арсалаңдап жүретін еркіндігін аңсады. Ары-бері жұлқынып еді, мойнына байланған темір шынжырды үзе алмады. Көрші дос иттерін ойлады. Сол шаңырақтың тыныштығын күзетуге келген күнін есіне алды. Өзіне аса мейіріммен қараған кішкентай иесі болды. Ал үлкенін ұнатпайды. Ары өтіп, бері өткен сайын еркелей аяғына оралған бұны бір теуіп кетеді.
Өзінің бұлайша күнұзақ байланып жатқанының себебін сезетін сияқты. Тауыққа тисейін деген ойында жоқ. Осы пәлені үйреткен көрші үйдің иті – Тузик. Тауық етінің дәмді болатынына дәніктірген де сол. Енді оған еліктеймін деп, жатқан жатысы мынау. Кішкентай иесі де келмеді. Ол да ұмытқан тәрізді. Ақтабанның көңілі құлазып, жылағысы келді. Бұрынғы өмірін, үйін сағынды. Осының бәрін сыртқа шығарғысы келіп еді, әбден ішқұса болған көңілі ұлып сала берді.
— У-у-у...
Үй иесі атып тұрды.
— Әй, кемпір, тұр. Мына ит келіпті. ...даусы қандай жаман. Ұлуын қарашы. Қазір жағын семдірейін...
Дамбалшаң атып шықты. Артынан әйелі де сүріне-қабына жүгірді. Бір сұмдық болатынын сезді. Жаман ырымды бастап мына иттің де ұлуын қарашы. Қора жақтан сүймен темірді алып шыққан шалын көріп, баж ете түсті.
— Қоя қойшы. Бір қырсығы тиер. Ашуыңды қишы, — деп аяғына жығылды.
Әйелінің аяғына жығылғанына да қарамады, сілкіп тастап жар жаққа қарай асығыс аяңдады.
Көзіне қан толып, еш нәрсені көрер емес.
— Ә, таптым ба, бәлем. Жатқан жатысын қара. Мә, саған...
Бар күшін салып, құлаштай ұрды. Қаңқ еткен иттің аянышты даусы маужыраған түннің тыныштығын қақ жарды. Осы сәт тағы да бір ауыр күш келіп, басынан соғып өтті. Сол сәтте бәрі де жым болып, өмірде болмаған тас қараңғы тыныштық орнады. Иттің даусы шықпады. Үй иесі де қолындағы темірін тастай салып, отыра кетті. Тек...
— Құдай-ау, не істегенің? — деп шыңғырған әйелінің даусы жардың жаңғырығымен түннің тыныштығында қалқып тұрып алды.
«Не істегенің.. не істегенің...» Осы сәтте...
Бәрін көріп тұрған тағы бір адамның жанайқайы айтылмай, іште тұншығып қалды. Оның да айқайлағысы келді. Бірақ ештеңе айта алмады. Өйткені, әкесінің жауыздығы оның мәңгілікке тілін байлап тастаған еді. Енді ол әкесінің қатігездігін ешқашан ешкімге айта алмайды...
— Апа, Әділ бар ма?
Түпкі бөлмеде сабақ қарап отырған Әділ бұл келген баланың Мұрат екенін сезіп отыр. «Ой осы да тоқтамайды екен безілдеп. Мен құсап сабақ қарап, үйінде тыныш қана отырмай ма? Кісінің мазасын алмай...» Досын іштей сыбап алды.
Әділдің бұлай тас-талқан болатын да реті бар. Өзі — өз болғалы бірінші рет сабаққа дайындалғаны еді. Бір-ақ күнде бұлай өзгере қалуының себебі не дейсіз ғой. Жақында сыныптарына бір қыз ауысып келген. Шашына үлкен етіп ақ бантик таққан талдырмаш, сүйкімді... Аты — Гүлнәр. Келгеннен-ақ Гүлнәр көзге түсті. Тіпті қыздардың бәрі үйріліп соның маңайынан шықпайтын болыпты. Мұның бәрін көріп, біліп жүрген, аты шулы сотқар Әділ Гүлнәрді ұстап алып:
«Сонша сен кімсің-ей? Келмей жатып бәрінің басын айналдырып? Әкең дәу біреу шығар?» — деп тиіскен.
Басқа қыздардай ол да: «Менде не шаруаң бар? Мен сені мұғалімге айтамын» деп долданатын шығар деп ойлаған. Бірақ, Гүлнәр өйтпеді, қайта:
— Өзің бір қызық бала екенсің, — деп сызылып тұр.
Әділ сол орнында тілін жұтқандай сілейіп тұрып қалды. «Мынау өзі не деп тұр? «Қызық бала екенсің»? Мен емес, өзі қызық екен». Гүлнәрдің үлкен кісілерше өзін байсалды ұстауы Әділді шынымен-ақ таң қалдырды. Басқа қыздар «ә» десе, «мә» деуші еді. Кейбірі, тіпті, тілін шығарып мазақтап кететін. Ал намысына тиетін сөз айтып тұрса да қыңқ етпейтін қызды бірінші көруі. Аяғын тық-тық басып кетіп бара жатқан Гүлнәрдің соңынан Әділ біразға дейін қарап тұрды.
Осы оқиғадан кейін Әділ өзгерді. Бұрынғыдай қыздардың бұрымынан тартқылап берекелерін алмайтын болды. Сабақ үстінде себепсіз сөйлеп, тәртіп бұзбайды. Тіпті Әділ өзінің бұлайша өзгергенін сезбей де қалып еді. Сонда бұған әсер еткен Гүлнәр болғаны ма? Оны өзі де білмейді. Әйтеуір бойына бір өзгерістің енгені анық.
Қазірде оңашаланып алып сабақ оқиын деп отырғанда досының сап ете түскенін жақтырмай қалды.
— Әділжан, досың келіп тұр. Шықсаңшы. Не ғып бүгін үйден аттап баспай қойдың? — деп, әжесі есіктен қарады.
Немересінің кітап бетіне үңіліп отырағанын көріп іші жылып сала берді.
— Өй, айналайын... Кітап оқып, адам болғаныңнан сенің, — деп, басы-көзіне қарамай немересін шөпілдетіп сүйе бастады.
Өзін үлкен жігіт қатарына қосып жүрген Әділге әжесінің кішкентай балаша аймалауы ұнамай қалды.
— Ту, әже-ай. Сіз де қызық екенсіз. Мені бір кішкене бала көргеніңіз не? — деп ренжіп қалды.
Әншейінде мойнына асыла кететін немересінің бүгін өзгере қалғанына таң қалған әжесі аңырып тұрды.
Әділ алба-жұлбасы шығып, ентігіп тұрған досын көріп, тыржиып қалды.
— Неге келдің?
Бүйтіп «неге келдің?» деп сұрамай, келсе болды үйден жүгіріп шығатын досына Мұрат көзі бақырайып қарап қалыпты. Шынымен бұл өзі Әділ ме?
— Ойнауға.
— Мен ойнамаймын. — Әділдің үні үзілді-кесілді шықты.
Оны әзілі деп ұққан Мұрат:
— Өй, өстіп қылжақтасып қарап тұрамыз ба? Жүр кеттік, — деді.
— Мен саған не айттым? Ойнамаймын. — Әділ досынан тез құтылғанша асықты.
— Өй, саған не болған? «Осының есі ауысып қалған жоқ па?» дегендей досына таңдана қарады Мұрат.
— Ей, баршы-ей өзің. Сенімен қылжақтасып тұруға уақытым жоқ, — деп Әділ үйіне кіріп кетті.
Әншейінде сабаққа кешігіп кірмесе ішкен асы бойына тарамайтын Әділ бүгін мектепке балалардың алды болып келді. Алғашқы сабақ «Ана тілі» пәні болатын.
Мұғалім сынып журналына бір, оқушыларға бір қарап, іштей түгендеп алды да:
— Қане, үй тапсырмасын кім айтады?» — деді.
Осы сөзді кешеден күтіп жүрген Әділ қол көтере қойды. Балалар тым — тырыс. Бөлме іші ысып кетті. Әділ... мұғалімнің өткір көзінен тасаланып үлегермеді.
— Қане, келе ғой, — деді мұғалім.
Әділ тақтаға шығуын шықса да өзіне тесіле қарап қалған балаларды көріп, сасқалақтап қалды. Қысылғаннан терлеп кетті. Өмірінде ел алдына шығып сабақ айтып көрді ме екен Әділ? Партаның шетінде тұрып «апай, оқығаным жоқ» десе, мұғалімдер: «Әй, сенен не шығады дейсің» деп, онша қыстамай отырғыза салушы еді.
— Әділ, бастай ғой, —– деді мұғалім.
— Апай, ұмытып қалдым.
Әділ төмен қарады. Балалар жамырай күлді. Әділдің ұяттан беті қызарып кетті. Гүлнәр отыратын жаққа жалт қарады. Ол да мені мазақ етіп күліп отырған шығар деп ойлаған. Мүлде олай емес екен... Орнынан атып тұрып:
— Балалар, несіне күлесіңдер? Әділ сабаққа дайындалып келген. Бірақ тақтаға шығып көрмегендіктен, қысылып қалды. Онда тұрған ештеңе де жоқ, — деді.
Әділ ішінен Гүлнәрға риза болып кетті. Көзі ұшқындап, даусы жарықшақтанып кетті де, «Жазғұтұры қалмайды қыстың сызы...» деп саңқылдай жөнелгенін өзі де байқамай қалды. «Ұр-р-ра!». Енді оларға оқығанның көкесін көрсетеді әлі.
Сабақ соңынан Әділ Гүлнәрді күтіп алды.
— Гүлнәр, сен анау күнгі сөзіме ренжіме, иә, — деді төмен қарап.
— Қай сөзге?
— Анау күнгі ше? Әділ одан сайын қысылып, терлей түсті.
— А, а... мен оны ұмытып та кеткенмін, — деді Гүлнәр жымиып.
— Рас па?
— Рас.
— Сен, сен.. жақсы қызсың...
Деуін десе де, артынша құлағына дейін қызарып кетті. Тіпті, осы сөздің аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды. Әділдің қысылып тұрғанын Гүлнәр мүлдем аңғармағандай.
— Әділ, ендігәрі екеуміз сабаққа бірге дайындалсақ қайтеді...
Әділ жалт қарады.
— Рас айтып тұрсың ба?
— Әрине.
— Ой, қандай жақсы болды... Келістік қой, иә, — деп қуаныштан жүзі бал-бұл жанды Әділдің.
Сәлден кейін Гүлнәр мен Әділ қол ұстасқан күйі жүгіріп бара жатты.
Гульжан Амангелдыкызы — бұрынғы Семей облысы, Үржар ауданы Бірінші май ауылында туған. ҚазҰУ–дың журналистика факультетін бітірген. Әңгімелері республикалық баспасөзде және ұжымдық жинақтарға енген. 2010 жылы «Үштаған» атты әңгімелер шоғыры дәстүрлі «Дарабоз» бәйгесінің ынталандыру сыйлығын еншілеген. ҚР Мәдениет министрлігінің «Балаларға арналған үздік шығарма-2020» байқауының 2-орын жүлдегері.