Дактиль
Қуаныш Жазай
Қарағым, айналайын, бүлдірген көз,
Сені де сағынта ма бір жүрген кез?..
Еркелеп сен күлімдер,
Мен «күнім» дер,
Кез ғой ол!
Жүрегімді сол тілімдер.
Сыңғырлап, ой-хой, күміс теңгелері,
Дариға-ай, қайда кетті шолпы-күндер?!
Соны іздеп қарсы жүздім толқынға көп,
Толқындар жарға соқты...
Жел:
— Тыңда! — деп,
Жеткізді бұлақ үнін,
Елең еттім,
Сыңғырлай күлген күміс шолпың ба деп.
Шашыңа жарасатын еді шолпың,
Күлкіңмен таласатын еді шолпың.
Шолпың бір, күлкің екі сыңғыр қағып,
Әлі де оятады мені сол күн.
Қайтейін, өзім едің, жаттай болдың,
Шолпыңды неге солай тақпай келдің?
Жоғалтып алдым дейсің.
Шолпыңды емес,
Күлкіңді тонап кеткен,
Сақтай гөр!
Кім?
Ойымда ештеңе жоқ ала бөтен,
Көзіме көз алмастан қара, көкем,
Тоналған күміс күлкің ғана ма екен,
Жоғалған күміс шолпың ғана ма екен?..
Қарағым, айналайын, бүлдірген көз,
Сені де сағынта ма бір жүрген кез?
Шолпыдай сыңғырлаған қайран жастық,
Бізден де қалатынын кім білген тез?..
Бақай атам сезіммен бір керемет,
Туған жерін сүйеді мүлде бөлек.
Айнымайтын бір түрлі әдеті бар,
Айналса да жер шарын шыр көбелек.
Ұшқын атып жүзінен от шырайлы,
Одан өзге «құбыла» жоқ сыңайлы,
Қайбір үйге қонбасын, ұйықтар сәтте,
— Нарынқолың қай жақта? — деп сұрайды.
Бұл сұрақты сен қалай ұғынасың,
Жауап таппай еріксіз бұғынасың.
Көз іле алмай,
Әр тұсқа басын түзеп,
Кетеді іздеп өзінің «құбыласын».
Қиналмайды, әйтсе де, қарт ұста көп,
Таңғаламын кеудесі компас па деп.
— Ә, осында екен ғой... — деп тыншиды,
Нарынқолға қараған дәл тұсқа кеп.
Болғанына төзе алмай «астаналық»,
Жатады атам сақалын жасқа малып.
Ой-хой, сосын басады қорылына,
Туған жерін басына жастап алып...
Шумақталды қылды тұзақ —
Көтерілді бір құйын.
Түсіне алмай жүрдім ұзақ,
Табиғаттың бұл биін.
Мазалаймын қос әпкемді,
— Ол не? — деймін, — неден бұл?..
...Ағам ойыншық жасап берді,
Зырылдауық деген бір.
Зырылдауық, зырыл қағып,
Шыр айналды құйындай.
Қарай бердім күлім қағып,
Екі езуім жиылмай.
Жер әлемнің «жынын қақтық»,
Мен және сол періште.
Алма-кезек зырылдаттық,
Аспан — сыртта, мен — іште.
Зырлайсың-ау, жанды жеген,
Ой, өмір-ай бес күнгі.
Зырылдауық қалды менен,
Бой түзедім, ес кірді.
Жылап-күлем ешкім жоқта,
Сәби шақты ойлап бір.
Аспанға әлі ес кірмепті, ә?
Зырылдауық ойнап жүр...
Жаңбыр жауды, керемет! —
Пай-пай!
Жердің босап қалған топырағын,
Жатыр Аспан шегелеп.
Балғасынан дүркін-дүркін шығып от,
Шытынады шыны көк —
Білеуленген тамырына бұлттардың,
Ток жүгіртті құдірет.
Бұлт үстінен сүйреп өтіп қаңылтыр,
Шертіп ойнап Тәңір тұр.
Шертіп қалса, қаңылтырға толған су,
Сау ете ғап... Ал, іркіл...
...Жеті түрлі жіпті іліп,
Өз жолымен жөней берді мықтылық.
Күнге ұмтылып, гүлдер басын көтерді,
Табанына нық тұрып...
Туған жер!
Сен дегенде дара шауып,
Көргем жоқ алды-артыма қара салып.
Бір тентек қиядан тас домалатса,
Биігің қала ма деп аласарып –
Шарқ ұрам кеткендей-ақ құдай безіп,
Дұғамды күбірлеймін түн, ай кезіп.
Әлгі тас жанарыңнан домалай кеп,
Менің дәл жүрегіме құлайды езіп.
Шап-шағын болмысыма сыйып кеткен,
Өзіңді бұлай сүю биік неткен!
Өзіңді бұлай сүю биік неткен!
Тұрмын мен теңестіріп иық көкпен!
Жол жүрсем, қимастықпен бара жатып,
Қараймын отты көзді саған атып.
Білмеймін, сені аңсасам, тас па, жас па,
Отырам әлденені домалатып...
Мен жаралғанда, менімен бірге жаралған,
Жұлдыз!
Жалықты ма екен үздіге саған қараудан
Бір қыз?
Жалғыздан-жалғыз өзіңе қарап мұңданып
Қырда,
Көріне ме екен, көз салшы жерде бір жарық
Тұр ма?
Бәрінен айқын, бәрінен жарық, көрдің бе?
Ол — сол!
Мұңайса мұңай, теңселе қалса, сен бірге
Теңсел.
Көкірегін оның сағыныш толы ән керген,
Тыңдап,
Кірпікте жасы ілулі болса, сәулеңмен
Құрғат!
Сұраса мені жер бетіндегі ең жарық
Нүкте,
Ол дағы сені сағынды деп айт. Жол бағып
Күт де!
Тек үміт үзбей, қарасын көзін талдырып
Күнде.
Барады деп айт, болады деп айт мәңгілік
Бірге!
Ал, оған дейін кірпігін сүртіп жас тамған,
Жұбат.
Ол үміт үзсе, кеткейсің ағып аспаннан,
Бірақ...
Қазір емес.
Жапырақ,
Кешір мені, тентек іні,
Есерлік болды ағаңның еркелігі.
Айтпауым керек еді мүлде саған,
Күнікей жайлы қызық ертегіні.
Ол менің өз ертегім — баяны жоқ,
Басы бар, білесің ғой, аяғы жоқ.
Мен жазған ойлаппын ба сонда сені,
Ғашық боп,
Күнге алақан жаяды деп.
Жетпеді оған қолым, сен білесің,
Сондықтан Күнікей деп бердім есім.
Сондағы мен қараған көзқараспен,
Жазған-ай, көкке бекер телміресің.
Күн сенің қайдан ұқсын жан мұңыңды,
Қайталап нең бар менің тағдырымды?
Сағынып, сарғаю ол тек маған тән,
Жап-жасыл сол қалпыңда қал бұрынғы.
Күз келсе үзілетін — адамдар бұл,
Сенікі ұзақ ғұмыр.
Соны арман қыл.
Ойнап-күл өз теңіңмен...
Ал, сол мұңлы
Сағыныш жайлы жырды маған қалдыр,
Жапырақ...
Неге ертерек сөнді сезім,
Неге өзгерді шешімің?
Сағыныш па енді сенің
Есімің?
Саған бақыт мен тіледім,
Жасадым да кешірім.
Жалғыздық па енді менің
Есімім?
Тоқта!
Бөліп алайық:
Алматының жарты бұлты — сенікі,
Алматының жарты бұлты — менікі.
Біздің жаққа бұлт аумайды деуші едің,
Ала жаздай бір тамбайды деуші едің.
Кетіп бара жатырсың ғой ақыры,
Ал, ала кет... құзырыңда ол сенің.
Жадырасын аспан да сұр,
Жер де сұр,
Бар, нөсерлет,
Гүл біткенді шөлге өсір.
Екеуміздің қайғымызды той қылып,
Екі жақта ел қуансын көл-көсір.
Көш, көше бер, керуеніңді тоқтатпа,
Мұнда — шуақ,
Онда — нөсер жоқтатпа...
...Менің бұлтым желді күні —
жел жаққа,
Күн көзіне төселеді — аптапта.
Менің бұлтым —
Қалса ашылып етегі,
Аруларды киіндіріп өтеді.
Анда-санда сағынғанда өзіңді,
Алматыны жылатуға жетеді.
— Аға, әкем қайда?
— Тауда-а-а...
Сейіл құрып бейуақта «тауға кеткен»,
Сағынып жүр әкесін ол да көптен.
Шың басына бұлт шөксе қуанады ол,
Қарс айырам кеудемді «Алла!» деп мен.
Қайғы маған бұлттан да бұрын шөгіп,
Бірін сөгіп тастаймын, бірін сеуіп.
Бұлтқа қарай береді...
«Менің әкем
Тау басында отыр, — деп, — шылым шегіп».
Ерттеп мініп қиялдың тарланбозын,
Сезінеді бақытты жалғанда өзін.
Енді аз күтсе, әкесі «менмұндалап»
Қол бұлғардай алмайды таудан көзін.
Тауға қарай жайылса әсте қолы —
«Кел, әкешім! Бауырыңа бас!» дегені.
Шыдай алмай ақ нөсер төпелейді,
Түсінеді балақай жас деп оны...
Бала алдында сөз таппай айтар өңге,
Сора-сора болып бұлт қайтады өрге.
Бұлттар жайлы шындықты мен де айтқам жоқ,
Сен де әкесі өлгенін айта көрме...
Қуаныш Жазай – 1994 жылы 5 сәуірде Алматы облысы Райымбек ауданы Талас ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының түлегі. Қайнар университетінің филология факультетін тәмамдаған. Республикалық, халықаралық жыр мүшайраларының жеңімпазы. «Толқынға қарсы» атты жыр жинағының авторы.