Аманжол Қазыбек

713

Алло!

Бір актілі пьеса

(құрсын мұнда жанр көп)

 

 

Қатысушылар:

 

Саят

Кемпір

Әйел

Еркек

Олжас

Сәнім

Келіншек

Біреу

Медбике

Дауыс

 

 

1-телефон

 

Көше, телефон дүңгіршегі.

Саят телефон дүңгіршегінің қасында гитара ойнап ән айтып отыр қайыр сұрап.

 

Саят. Айтшы жаным қайда жүрсің қайда?

Шақырады арман үнің айға!

Қызғалдағым көктемім боп жайна!

Аңсағаным!

 

Шляпа киген бір өтіп бара жатқан адам Саяттың қасына тоқтап  сол қалтасын қарайды ештеңе таппайды, оң қалтасын қарайды ештеңе таппайды, төс қалтасын қарап ішінен 50 теңге алып шығып ол ақшаға мұқият қарап барып, Саятқа 50 теңге лақтырып кетеді.

 

Саят. О, 50 теңге 1 минутқа жетеді.

 

Саят гитарасын қойып 50 теңгені алып телефон буткасына салады.

 

Саят. Алло, бұл Ломоносова  147 ма? Маған Ләззат Темірболатқызы керек еді, Ләззат, Л, Лә-Ләззат. Қалай түсінбейсіз? Лэ! Лиза?  Жоқ , Ләзз... Алло? Алло! Сук...! Уақыт бітіп қалды!

 

Телефонды бір ұрып, қайта гитарасын алып ән салады.

 

2-телефон

 

Екі үй екі түрлі бөлме, сағат кешкі 00:30. Олжас жазып отыр телефоны шырылдайды.

 

Олжас. Алло?

Сәнім. Алло, сәлем!

Олжас. Сәлем? Бұл кім?

Сәнім. Танымайсыз!

Олжас. Жарайды, онда пока!

 

Телефонын тастай салады да қайта жазып бастайды, телефоны қайта шырылдайды.

 

Олжас. Алло!

Сәнім. Неге тастадыңыз? Сізге ұнамаймын ба не?

Олжас. Ой, қатты ұнайсың!

Сәнім. Хэх, не істеп жатсыз?

Олжас. Сенімен сөйлесіп отырмын.

Сәнім. Өлең айта аласыз ба?

Олжас. Жоқ, шпагатқа отыра аламын, соңғы кезде кетіп жүр 1 метр ғана жетпей тұр

Сәнім. Атыңызды айтыңызшы?

Олжас. Неге не істейсің оны?

Сәнім. Жай біліп жүрейін.

Олжас. Родриго деші.

Сәнім. Қойыңызшы.

Олжас. Пожалуйста.

Сәнім. Жоқ.

Олжас. Диего деші хотя бы.

Сәнім. Қумаңызшы.

Олжас. Или бүйтіп айт Паблито.

Сәнім. Паблито?

Олжас. Или олай айтқың келмесе Фернандес деп айтшы.

Сәнім. Білмеймін.

Олжас. Ладно, Мигель деші, Мигель.

Сәнім. Диего деген жақсы сияқты үнсіздік.

Олжас. Сен телефонды үзгің кеп тұр ма? Өйтіп жүрегіме жара салма.

Сәнім. Не істеп отырсыз?

Олжас. Инемен құдық қазып отырмын.

 

Біреу есік қағады.

 

Олжас. Қазір кейінірек сөйлесемін біреу келді.

 

Тұтқаны қояды.

 

3-телефон

 

Түрме, әйнектің біржағында әйел, бір жағы бос, әйел әлде біреуді күтіп отыр әйелдің қолында сумка бар, сәлден соң әйнектің келесі жағына бір еркек келеді, еркектің үстінде түрме киімі, Әйел әйнекке жабысқан телефонды алады.

 

Әйел. Ал!

 

Еркек алмайды, әйел қимылмен телефонға көрсетеді, еркек қиналып алады.

 

Еркек. Тағы қорлауға келдің бе?

 

Әйел телефонға қарқылдап күледі де қайта түзеліп ащулы үнмен.

 

Әйел. Неге?

Еркек. Айттым ғой менің кінәм жоқ деп, қанша рет айтуға болады, тіпті түрмеде де мұрша берші, өзіммен өзім жазамды өтейін.

Әйел. Жоқ сен әдейі жасадың? Оңбаған!

Еркек. Айт! Бәрін айт! Енді ештеңе өзгермейді, түсінші, бәрі өтті кетті!

Әйел (жылайды). Суайт, қаныпезер, мақұлық, сука!

 

Еркек телефонды тастап кетіп қалады.

 

Әйел. Тоқта! Меннен енді қашып құтылмайсың, осы түрмеде шіріп өлесің! Тоқта!

 

1-телефон

 

Көше, телефон дүңгіршегі.

Саят телефон дүңгіршегінің қасында әлі гитара ойнап ән айтып отыр.

 

Саят. Айтшы жаным қайда жүрсің қайда?

Шақырады арман үнің айға!

Қызғалдағым көктемім боп жайна!

Аңсағаным!

 

Шляпа киген бір өтіп бара жатқан адам Саяттың қасына тоқтап  сол қалтасын қарайды ештеңе таппайды, оң қалтасын қарайды ештеңе таппайды, төс қалтасын қарап ішінен 50 теңге алып шығып ол ақшаға мұқият қарап барып, Саятқа 50 теңге лақтырып кетеді.

 

Саят. О, 50 теңге.

 

Ақшаны алып дүңгіршекке салмақ болып, қайта алады.

 

Саят. Жоқ, қазір тағы уақыт жетпей қалып жүрсе.

 

Қайта гитарасын алып ән шырқайды.

 

 4-телефон

 

Диванда біреу жатыр.

 

Біреу. Алло, бұл полиция ма? Аты жөнімді айтпаймын, мен бүгін біреуді өлтіремін, мені тыңдаңыздар, менің бір шартым бар, алло мені естіп тұрсыңдар ма өзі? Барлығына сендер кінәлісіңдер, мен қазір счет жіберемін егер сол счетқа дереу жарты миллион ақша аудармасаңдар өлтіремін, айтпады демеңдер. Келіп те әуре болмаңдар ей! Егер келсеңдер ол өлді дей беріңдер. Счетті жазып алыңдар, 44552369874110. Сабыр сақтамаймын мен! үнсіздік Ол сондай жақсы жігіт еді, оқуды жаңа бітірген, албырт, тас түгіл тау қопаратын, алдады ғой алдады. Сұп сұлу жігіт еді, қыздардың бәрі қыр соңынан қалмаушы еді, биді қалай билейтін (билейді), ой төбелесті де қатырушы еді. Тіпті нокаут жасаудан чемпион болатын. үнсіздік Жібердіңдерме ақшаны? Мен қазір орындықты тебе саламын, қиқ шаруа бітті. Не? Айтпаймын адресті, мен маспын? Ішіп алғам иә? Кім ішпейді? Ішіп көлік жүргізіп тұрғам жоқ, заң бұзбадым, енді қалғаны ішіп алып телефонмен сөйлескенге штраф салыңдар, сендер ана жақтағылар сендер мектеп бітірдіңдер ме өзі? Ана ақшаны аудармаяқ қойыңдар керек емес, шарт өзгерді, маған ана Заңды ойлап табатын біреуіңе берші, соған бір екі айтар сөзім бар, жеткіземіз, тфі мә жеткізесіңдер, өткен жолы әкімге бір жапырақ қағазға қол қоятын өтінішімді тфуй жеткіздіңдер, шақыр! Алло! Сендер түсінбейсіңдер ме? Мен қазір адам өлтіремін. Өй сайтаналғыр. Алло сенбе заң ойлап табатын? Көкемау не заң анау? Сен сабақ оқыдыңба өзі? Көшеге шығасыңба былай? Қыдыру, таза ауа жұту деген жоқпа сенде? Алло?

 

Телефон үзіліп кетеді.

 

5-телефон

 

Кемпір қозғалатын орындықта отыр.

 

Кемпір. Шал-оу-у-у-у. Қалайсың? Ол жақ қалай? Еее бізде бәрі аман, немерелерің ойнап жүр, иә.

Ана бұрыштағы дүкеннің балмұздағы қымбаттап кетіпті, бақандай 25 теңгеге, шал-оууу, ана бұрыштағы дүкенді айтам, сондағы балмұздақтың бағасы қымбаттаған, бұрын 150 тиын тұғын, қазір 175 тиын! Бір жүз елу теңге, иә, ал қазір бір жүз жетпіс бес теңге, пенсия көтерілгені не керек балмұздақтың бағасы да бірге көтеріліп тұрған жоқ па! Не? Шатымаш жаман шал! Тоқал аламының не? Саған кім қарайды!

 

Телефонын тастай салады.

 

Кемпір. Қазір хабарласады, үнсіздік, жаман шал, тоқал аламын дейді ғой, үнсіздік,  не қып хабарлсапай жатыр ей! Әлде тоқалына хабарласып жатырма екен! Жоқ ей, ол маған сөз салғанда сеннен артық жар табылмас деген... жоқ мүмкін ойы өзгердіме , жоқ менің шалым ондай емес. Аа иә оның көзі дұрыс көрмей телефонның нөмірін таба алмай отқан шығар, ее шалым-оуу. Қазір хабарласады. Үнсіздік. Ендігі хабарласатын шал хабарласатын болды ғой, ах тұқымың таралғыр жаман шал тоқалыңмен сөйлесіп жатыр ма екенсің, Бәлем қазір көрсетейін мен оған тоқалды.

 

Телефонын тез алып қайта хабарласады.

 

1-телефон

 

Көше, телефон дүңгіршегі.

Саят гитарасымен ән айтып тұр.

 

Саят. Айтшы жаным қайда жүрсің қайда?

Шақырады арман үнің айға!

Қызғалдағым көктемім боп жайна!

Аңсағаным!

 

Шляпа киген бір өтіп бара жатқан адам Саяттың қасына тоқтап  сол қалтасын қарайды ештеңе таппайды, оң қалтасын қарайды ештеңе таппайды, төс қалтасын қарап ішінен 50 теңге алып шығып ол ақшаға мұқият қарап барып, Саятқа 50 теңге лақтырып кетеді.

 

Саят. О, 100 теңге болды.

 

Телефон дүңгіршегіне салады.

 

Саят. Алло? Тағыда сәлеметсіз бе! Мені Ләззат Темірболатқызымен байланыстырыңызшы! Бұл Ломоносова 147 ғой! Иә. Ләззат! Екі «З»! Жоқ мен сізге ақыл айтып тұрғаным жоқ! Жәй шатасып кетпесін деп анықтап айтып жатқаным. Иә, сіздікі дұрыс, өте дұрыс, мен... (телефон үзіліп кетеді) қап! Ашулан ба! Оларға күніне 1000 адам хабарласады, сондықтан ашуланудың реті жоқ.

 

Қайта 50 теңге салады.

 

Саят. Алло! Қайырлы күн! Маған өтініш Ләззат Темірболатқызы керек еді, сонымен байланыстырсаңыз! Күтіңіз! Аха рақмет! Уф таптым ау! Үнсіздік. 

Қанша күтуге болады? Менде уақыт аз еді, қазір үзіліп кетуі мүмкін! Иә әрине шыдаймын ғой, егер сенсеңіз 1040-шы рет хабарласып тұрмын. Иә. Қосылды?! Ооо! Алло! Ләзкә?

 

Телефон үзіліп кетеді.

 

Саят (айқайлайды). Сука! 1 секунд, 1 секунд қана шыдасаң болмайма, сука!

 

Артынан бір келіншек келеді.

 

Келіншек. Кешіріңіз, сағатты айтып жібересізбе? Уақыт?! Уақытты... рақмет. Әлі ерте екен ғой, қазір келіп қалар...

Саят. Түсінбедім?

Келіншек. Ол маған кешікпеймін деген, ол сондай сері жігіт. Тағы да сағатты айтып жібересізбе?

А-а, рақмет, әлі уақыт болмапты ғой.

(Көйлегін түзеп.) Үстімдегі көйлек, ол екеуміздің алғаш кездескендегі көйлегім, ал ол бүгін, қара күрте, қара шалбар, қара көзілдірігін киіп келеді, көзәйнегінен қараған аңшы көздерімен мені іздеп келеді! Мен оған өзімнің сағынышқа толы көзқарасыммен қараймын, сон соң ол келіп менің қолымнан қатты қысқан күйде белімнен өзіне тартып сүйіп алады, біз құшарлана сүйісеміз, ұзақ уақыт сүйісеміз...

Кешіріңіз сағат қанша болды? Аз ғана қалыпты, ол қазір келеді...

Ол маған біркүні әзіл айтқан, қалай еді, а иа (күледі) оның әзілдері күлкілі еместі, бірақ мен күле берем

«Аюдан жасырынамын деген құмырысқа, аюдың табанының астына тығылыпты»

Бұл әзілден гөрі қайғылы оқиғаға жақын.

Сіз жаңа уақыт қанша болды дедіңіз?

(Ерекше жмияды.)

Уақыт келді, күннің түсуіде желдің уытқуыда дәл біз жоспарлағандай. Ол қазір келеді.

(Үсті басын жөндейді, сөмкесінен айна алып шығады, далаб алып шығады, Айнаға қарап сәнденеді.)

Енді бәрі дұрыс! Қалай бәрі жақсы болып тұрма? Ерінім ше?

Рақмет! Ол келіп қалмады ма екен?

Қараңызшы... Ол көрінбейме? Уақыт қанша болды? Ол енді келуі керек?!

Көйлегім дұрыс тұрма? Ерінім? (Асыға түседі, күтумен қобалжиды.) Уақыт? Уақыт қанша болды? Тез? Тезірек айтыңызшы? Сағат? Көйлегім дұрыс тұрғой иә? Ол келеді иә.

Сіздің сағатыңыз дұрыс па өзі? Ол неге келмейді? Ерінім? Ім? (Тағы бояйды, бірақ, жаман қып бояйды.) Ол келуі керек, ол келуі тиіс, уақыт? Ана құрығыр уақытыңызды айтасызба жоқпа? Ол неге келмейді? Әлде келдіме? Мені сыртымнан бақылап танымай өтіп кетті ме екен? Менің түріме қарап дұрыс сән байқалмаған соң кері бұрылып кетті ме? 

Осының бәріне сіз кінәлі! Сіз! Сіз маған, жөндеп уақытты айтпаған, ол сондай нақты адам дәл уақытында келетін жан. Жарайды мүмкін әлі келмеген шығар, кінәлағаныма кешірім сұраймын! Ол келмесін, мен оны енді күтпеймін! Уақыттыңда қанша болғаны маңызды емес! Айнаныңда енді қажеті шамалы?! Бәлкім, ол келгісі келмеген болар. Ол басқа біреуді тауып алған шығар. (Ойланып, қызғаныштан.)

Сіз менің қасыма келіңізші. Менің қасыма! Менің қасыма келіп үндемей тұрсаңыз болды. (Күшпен Саятты қасына алып алады.) Ол қазір келеді, уақыт қанша болды? Қолымнан ұстап тұрыңыз?! Ол келіп қалады. Бақытты жұптың рөлін ойнап беріңіз! Күлдіріңіз мені? Әзіл айтыңыз, жоқ мен сізге айтайын? 

«Аюдан жасырынамын деген құмырысқа, аюдың табанының астына тығылыпты». Неге күлмейсіз? Жарайды орныңызға барыңыз, сізде керек емессіз, сіздің уақытыңызда бес тиынға қажеті жоқ! Ол келмеді ғой! Мен де кетемін. Ол қазір келіп, мені күтіп қиналсын!

Ол келсе сізді ешкім күтпеді деңіз. Жоқ, олай айтсаңыз ол менің өтінгенімді біліп қояды, ол өзі сұрағанда айтыңыз, иә «сары көйлек киген әдемі келіншек келмедіме» деп сұраса, жоқ деңіз. Күтсін, қиналсын! Егер көп күтіп уақыт өлтірмек болып әзіл айтатын болса күлмеңіз. Мен кеттім! Біреуді күтіп қиналғаннан, күттіріп кінәлі болған әлдеқайда жақсы. Сау болыңыз.

(Кетіп бара жатып тоқтайды) Уақытты айтып жібермеймісіз?

(Сәл кідіріп, үстін дұрыстайды, күтеді де кетеді.)

Саят түк түсінбей артынан қарап қалады!

 

4-телефон

 

Диванда біреу жатыр.

 

Біреу.  Алло! Бұл Әзима Қуандыққызы ма? Иә. Мен қауіпсіздік департаментінен хабарласып тұрмын. Бұл өте шұғыл мәселе. Мұнда сіздің банк счетіңізді алаяқтар бұзып жіберіпті. Сол себептен сіздің банк картаңызға доступ керек. Түсінемісіз? Иә. Апай! Тездетіңіз, қазір жедел түрде маған банк карточкаңыздың артқы 3 санын айтпасаңыз, алаяқтар сіздің атыңыздан кредит алуы мүмкін. Иә Құдай көріп тұр алдамаймын. Сөйтіңіз. 377? Иә! Жақсы үлкен рақмет.

 

Телефонын қояды.

 

Біреу. Ех, мойыным ауырып кетті ғой! 377, хе! Ақымақ!

 

2-телефон

 

Екі үй екі түрлі бөлме, сағат кешкі 01:15. Олжас жазып отыр телефоны шырылдайды.

 

Олжас. Уайнөу! Уайнөу?

Сәнім. Сізге тамақ жасап беретін, киімдеріңізді үтіктеп беретін, әдемі қыз керек емес пе?

Олжас. Керек, как раз қарным ашып отыр еді! Такси жібердім қазір алып кетеді!

Сәнім. менің адресімді білмейсіз ғой?

Олжас. Мен періштелермен жақсы араласамын олар өздерінің қарындастары қайда тұратынын білетін шығар.

Сәнім. Білмейді олар.

Олжас. Неге? Періштелер бәрін біледі ғой!

Сәнім. Білсе менің талай тілеген армандарымды құдайға жеткізетін еді ғой!

Олжас. жеткізген шығар қайдан білесің?

Сәнім. Егер жетсе результат қайда?

Олжас. Мен ғой результат, олар саған менің нөмірімді берген!

Сәнім. Ой! Қатырасыз!

Олжас. Рас! Мен визиткамды періштелерге тастап кеткем өткенде!

Сәнім. Шыныменде қызық екенсіз.

Олжас. Сіз, сіз! Дей бересің жасың нешеде өзі?

Сәнім. Қыздың жасын сұрамайды.

Олжас. Меннен кіші екенің анық! Біле білсең! Мен охооу жасым бірталайға келген!

Сәнім. Білем!

Олжас. Білем? Ал нешедемін ал?

Сәнім. Шамамен 35-36-дасыз!

Олжас. Дұрыс, ал сенше сен нешедесің?

Сәнім. 16 дамын.

Олжас. Ой, қарындасым екенсің ғой! Жоқ! Тіпті сен менің қызыммен жастысың ғой! Давай! Ұйықта! Әке шешең ұрысады!

Сәнім. Менің әке шешем жоқ!

 

Телефон тастай салады.

 

5-телефон

 

Кемпір қозғалатын орындықта отыр.

 

Кемпір. Шал-оу-у-у! Бұл мен ғой! Кім мені несі? Кемпіріңнің дауысын танымай қалдың ба? Жаман шал! Неге хабарластың дейсің бе? Маған бір ой келді! Есіңде ме? Сен командировкаға Батысқа кеткенде, екеуміз телефонмен небір қызық нәрселер жасаушы ек қой! (Дауысын сексуально қылып.) Сағыныш үндері! Есіңде ме, шааал-оу-оу-оу! Қалай? Тағы еске алғың келе ме? Онда ыңғайланып отырып ал! үнсіздік

Мен бөлмеге аяғымды қиғаштап басып кірдім! Кірдім де, кірпігімнің астымен айналаға көз тастадым. Бөлме сондай ыстық екен! Амалсыз үстімдегі пальтомды шешуге тура келді. Алдымен ең үстіңгі түймені босаттым, одан соң нәзік саусақтарыммен ең астыңғы, астыңғы түймені шештім, содан жалғыз түйме ғана қалды, ол түймені ағытпай пальтомның жеңінен қолымды алып, үстімнен көйлек секілді сырғытып жерге тастай салдым, бірақ пальтосыз да бұл бөлменің жылуы азайған жоқ. Ақырын носкиімді шеше бастадым. Не? Носкиі несі бұтыңдағын шеш? Шал сен шыдамсызсың! Бұрын қалай шыдамсыз ең, әлі сондайсың? Бұтымда екі қабат шалбар бар ал? Оның ішінде колготкиім бар! Барлық қызықты бұзып! Не? Кетші-ей бар, ренжідім! Іренжідім!

 

Телефонын тастай салады.

 

4-телефон

 

Диванда жатыр.

 

Біреу. Иә, иә! Рақмет! 50 пайызын жібересің ғой! Жақсы!

 

Телефонды қояды, телефонның тоғын үзеді.

 

Біреу. Бүгінге жұмыс бітті! (Ақшаны санайды.) Құдай берді деген осы! (Есінейді.) Ұйықтайтын уақыт болған сияқты!

 

Жаңа ғана үзіп тастаған телефоны қайта шырылдайды. Біреу түсінбей ақырын телефонды алады.

 

Біреу. Ал-ло?! Бұл кім екен?

Құдай. Бұл Құдай! Сенің қолың бос па? Сөйлесуге уақыт таба аласың ба?

Біреу. Түсінбедім? Сіз ойнап тұрмысыз?

Құдай. Сенде уақыт барын білемін, сондықтан бір сөйлесейік.

Біреу. Ей! Менің қазір уақытым жоқ, мен ұйықтаймын.

Құдай. Ал менде уақыт жетерлік, сенің қазір ақ жүрегіңді тоқтатып, жүзбе-жүз отырып сөйлесуіме болатын еді. Бірақ, саған бір мүмкіндік бергім келіп отыр.

Біреу. Сенің есің сау ма? Не алжып отырсың? Мені өйтіп бопсалама! Сен кімсің өзі?

Құдай. Мен саған басында айтып ем ғой кім екенімді.

Біреу. Құдай??? (Күледі.) Ей сайқымазақ, мен де саған басында айтқанмын мен ұйықтағалы жатырмын. Сау бол!

 

Телефонын қояды. Төсегін салып жатқанда телефон қайта шырылдайды.

 

Біреу. Мен телефонды үзіп тастап ем ғой? Алло?!

Құдай. Алло!Тыңда! Маған ешкім дауыс көтермеген, өтінемін сәл ауызыңа ие бол, бәрі жазылып жатыр.

Біреу.  А-а-а, КНБ? Біліп ем. Мен ештеңе істегенім жоқ! Босқа маған хабарласып уақыт құртып отырсыңдар.

Құдай. Ех, Құдай ай десем өзіме тиеді. Сен әлі сенбей отырсың ба?

Біреу. Неге сенуім керек?

Құдай. Бұл дүниеге мен қанша себептер жібердім сендіруге, соның өзінде сенбейтін не деген жаратылыссыңдар өзі!

Біреу. Бауырым! Базар жоқ! Образға жақсы еніп тұрсың, даусыңды төмендетіп, андай интргамен сөйлейсің, бірақ, ренжіме мені алдай алмайсың.

Құдай. Ал сенуің үшін не істейін? Үстіңдегі киіміңнің түсін айтып берейін бе?

Біреу. Ал айт ал?

Құдай. Ақ майка, қарныңда кофенің дағы бар, 52 өлшемді, бұтыңда дамбал жуылмағалы 2 апта болған.

 

Біреу түсінбей үстіне қарайды, сон соң жан жағына қарайды.

 

Біреу.  Мұнда камера бар ма? Айт қайда тықтың? Қашаннан бері мені бақылап жүрсің айт?

Құдай. Сен туылмай тұрып, бақылап жүрмін пендем ау!

Біреу.  Мен сендердің система схемаларыңды білем, олай бала құсап алдамайақ қой!

Құдай. Жарайды бұған сенбесең, онда телефоныңның тұтқасын құлағыңа тосып тұрып, өшіретін кнопканы басшы.

 

Біреу оның айтқанын істейді.

 

Біреу.  Ал істедім? Алло! алло! айттым ғой алаяқтар деп.

Құдай. Кім алаяқ?

Біреу (шошып). Сен? Сайтанбысың? Қалай сөйлеп тұрсың?

Құдай. Сен айтқан сөзді ұғасың ба жалпы?

 

Біреу телефонды қолына ұстап терезелердің жапқышын жауып жатыр.

 

Біреу. Білесің бе?  Мен көптеген фильмдер көргем.

Құдай. Терезені не үшін жабасың? Қорықпа! Сыртта ешкім жоқ!

 

Біреу басын қасиды.

 

Құдай. Сенің басың қышып тұрған жоқ! Сенің миың қышып тұр.

Біреу. Болды! Жарайды! Үлкен адамдармыз ғой! Үлкендерше сөйлесейік, саған не керек?

Құдай. Сенімен сөйлесу керек.

Біреу. Бағанадан бері сөйлестік қой! Одан артық не керек? Мен тіптті үйдегілермен де бұдан ұзақ сөйлеспеймін. Понимаешь?

Құдай. А зря!

Біреу. Сен не орысша білесің бе? Құдай орысша сөйлеп тұр ма?

Құдай. Сенің ше қай тілде сөйлеуім керек?

Біреу. Білмеймін.

Құдай. Мен өз тілімде сөйлеп тұрмын, сен өз тіліңде түсініп тұрсың.

Біреу. Ой, болды жетер! Еер сен шынымен де сол болсаң.

Құдай. Кім?

Біреу. Әлгі өзің айттың ғой жоғары да!

Құдай. Мені жоғарыда деп кім айтты.

Біреу. Құдай! Құдай болсаң, бір чудо жасашы, сол кезде сенемін.

Құдай. Жасадым.

 

Біреудің дауысы жіңішке болып өзгеріп кетеді.

 

Біреу. Дым болмады ғой! Әлде далада күндіз болып кетті ме?

 

Даланы қарайды дала қараңғы.

 

Біреу. Сен шыныменде біртүрлі екенсің.

Құдай. Сен аңғармай тұрсыңба? Өзіңді тыңдашы.

Біреу. Не деп өзімді тыңдаймын? (Өзінің дауысы жіңішке екенін естіп қалады) Өз. Өз. Менің дауысым? Ей! Сен! Ой сіз! Құдай! Қайтар менің дауысымды!

 

Дауысы қайта өз орнына келеді.

 

Біреу. Қайтар! (Дауысы түзелгенін естіп тұтқаны қоя салады.) Не болып кетті өзі? Құдайм сақтай гөр! Бұл жәй ғана түс! Мен ұйықтап жатырмын, немесе мен қатты шаршап қалдым мен сандырақтап жатырмын, иә мен сандырақтап жатырмын.

 

Телефоны қайта шырылдайды.

 

Біреу. Алмаймын! Ал көрик!

 

Төсекке жатып көрпенің ішіне оранып алады, телефон ұзақ шырылдап, өздігінен громкоговорительге қойылады.

 

Құдай. Пендем ау! Не болды? Мен ғұмырыңда бір хабарласып қалғанда телефон көтермейтінің не? Алло! Егер көтермесең телефоныңды не үшін ұстайсың? Сен көрпеге оранып басыңды бүркеп жатқаныңмен мені естіп тұрғаныңды білемін, келсеңші бір сөйлесейік. Қаншама миллион жан бар менімен бір тілдескенін қалап жүрген, сол миллионнан бір мүмкіндік саған келіп тұрғанда, мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?

 

Біреу көрпені ақырын ашады да жатып сөйлеседі.

 

Біреу. Неге мен? Сол сізбен сөйлескісі кеп жүргендермен неге сөйлеспейсіз?

Құдай. Маған қазір сен қызық болып тұрсың.

Біреу. Ал маған қазір ештеңе қызық болып тұрған жоқ. Мен жәй ғана ұйықтағым келіп тұр.

Құдай. Неге? Мен енді гәрі хабарласпауым мүмкін? Сен телефонмен сөйлескенді ұнатушы ең ғой!

Біреу. Енді ұнатпаймын! Мүлде сөйлеспеймін деп шештім.

Құдай. Рас па?

Біреу. Рас!

Құдай. Құдай үшін деші?

Біреу. Құдай үшін!

Құдай. Қалжың! Олай айтпайақ қой. Жақсы онда, телефонмен енді сөйлеспесең болғаны, басқа жұмыс көп қой, солай емес пе?

Біреу. Иә, иә! Ертеңнен бастап басқа жұмыс іздеймін.

Құдай. Жақсы онда сау бол пендем!

Біреу. Сау болыңыз, а айтпақшы.

Құдай. Иә, айта ғой?

Біреу. Сіз сонда қай құдайсыз?

 

Үнсіздік. Жарық сөнеді.

 

1-телефон

 

Көше, телефон дүңгіршегі.

Саят гитарасымен ән айтып тұр.

 

Саят. Айтшы жаным қайда жүрсің қайда?

Шақырады арман үнің айға!

Қызғалдағым көктемім боп жайна!

Аңсағаным!

 

Шляпа киген бір өтіп бара жатқан адам Саяттың қасына тоқтап  сол қалтасын қарайды ештеңе таппайды, оң қалтасын қарайды ештеңе таппайды, төс қалтасын қарап ішінен 50 теңге алып шығып ол ақшаға мұқият қарап барып, Саятқа 50 теңге лақтырып кетеді.

 

Саят. Кешіріңіз! Тоқтаңызшы! Сізге айтам! Шляпа киген мырза! Сіз тіпті менің әндерімді тыңдамайсызда ғой!

 

Шляпа киген адам түк те естімеген адамдай кетіп қалады.

 

Саят. Бірақ рақмет! Сіздің салған ақшаңыздың бәрін есептесек, ол ақшаға бір гитара сатып алуға болады. Маған текке бергенше өзіңіз тегін ән айтар едіңіз! Немесе мен сіз берген бар ақшаны жинасам, өзіме бір телефон сатып алар едім, сонда мына құрғыр! Қарғыс атқыр телефонға тәуелді болмас едім!(Телефон дүңгіршегін ұрады.) Кешір телефон! Өзімді ұстай алмай қалдым.

 

Саят гитарасының қабындағы жиналған ақшаларды алып шығады.

 

Саят. 50, 100, 200, 350 о! Жеті минутқа жетеді!

 

Ақырын телефон дүңгіршегіне 50 теңге салады да телефонды құлағына тосады.

 

2-телефон

 

Екі үй екі түрлі бөлме, сағат кешкі 01:30. Олжас жазып отыр телефоны шырылдайды.

 

Олжас. Алло!

Сәнім. Алло! Сіз әлі ұйықтамағансыз ба?

Олжас. Сен звандап маза бермесең, қалай ұйықтаймын! Саған не керек өзі? Кімсің? Нөмірімді қайдан алдың?

Сәнім. Мен негізі сізден тек жалғыз нәрсе сұрағым келген.

Олжас. Сұра.

Сәнім. Сәл ыңғайсызданып тұрғаным!

Олжас. Сағат түңгі он екі жарым, енді уже ыңғайсызданатын түк жоқ! Ақша керек пе? Не болды?

Сәнім. Маған сіздің ақшаңыз керек емес! Білесіз бе! Қалай түсіндірсем екен! Осыдан 17 жыл бұрын сіз Ақтөбе қаласында студент болдыңыз ғой?

Олжас. Так! Иә примерно сол кезде оқығам, иә?

Сәнім. Сол кезде қысқа таман бір вечерге бардыңыз.

Олжас. Ол кезде вечердің гүлі едік қой! Не бопты?

Сәнім. Сол күні сіз Үміт деген қыздың туған күніне барғансыз!

Олжас. А, иә, иә! Мен кішігірм тамада болғам сол күні! Ех жастық шақты еске түсіріп жібердің ғой! Сосын енді оның бәрін қайдан білесің?

Сәнім. Сол Үміт деген қыздан туғанмын, ол менің мамам! Ол мені, Жайсан балалар үйіне әкеліп тастап кетті, сосын тәрбиешіге хат қалдырыпты, хатты тек 16 жасқа толған кезде ашуыма рұқсат етті! Бүгін менің туған күнім!

Олжас. Түсінбедім? Менің бұл оқиғаға не қатысым бар?

Сәнім. Хатта сізді менің әкем деп жазыпты, толық аты жөніңізді справочниктен қарап телефон нөміріңізді тауып алдым.

 

Телефонын тастай салады. Қайта звандайды.

 

Олжас. Алло! Сен олай айтпа? Сен қателесіп звандап тұрған шығарсың? Кім біледі? Қазір, әрі түн болды! Ертең дұрыстап сөйлесейік жарай ма?

Сәнім. Мен мазалағаныма кешірім сұраймын, бірақ бүгін менің туған күнім еді.

Олжас. А, иә, туған күнің құтты болсын, жасыңа жас қосылсын. Ата анаңның үмітін, ой кешір. Үлкен азамат болып өс!

Сәнім. Рахмет, бірақ, маған бір ғана нәрсе қажет болып тұр, тек соны орындасаңыз бүгінге енді мазаламаймын.

Олжас. Иә, айта ғой ол не?

Сәнім. Сізді папа деуге болады ма?

Олжас. Ы-ы-ы. Енді! Ол жағы белгісіз ғой! Ертең сөйлесейік, ә?

Сәнім. Мен 16 жасыма дейін ешкімге папа деп көрмеп едім, тек 1 ақ рет айтайыншы, ең болмаса 1 ақ рет!

 

Үнсіздік.

 

Олжас. Жарайды.

Сәнім. Папа!

 

Сәнім Телефонды тастай салады.

 

3-телефон

 

Түрме, Еркек пен Әйел.

 

Әйел. Қалай ғана?

Еркек. Тағы қорлауға келдің бе?

Әйел. Жауабын білмейінше күнде келемін.

Еркек. Жауабы міне осы, мен түрмедемін, басқа не жауап керек?

Әйел. Мен сенбеймін.

Еркек. Басқа не істейсің сенбегенде, шындығы осы!

Әйел. Неге? Ол сенің жан досың еді ғой?!

 

Үнсіздік.

 

Әйел. Сол түні үйде тек үшеуіміз ғана болдық! Иә! Мас болғанша іштік, білем. Соның кесірінен де ештеңе есіме түсіре алар емеспін! Бірақ... ол ондай жаман адам емес еді ғой! Бір рет шалыс басып басқа әйелдің төсегінде болғаны болмаса, ол мені сүйетін. Бірақ, ол сен дегенде ішкен асын жерге қоюшы еді, сені бауырындай көретін, сен қалайша өз бауырыңды

Еркек. Болды қойшы!

 

Әйел сөмкесінен қанға боялған жейдені алып шығады.

 

Әйел. Міне көрдің бе? Мен күнде осы жейдені құшақтап жылаймын, түнімен осы қанға боялған оның жейдесін иіскеймін, қалайша сенің дәтің барды! Неге? Қайтар! Қайтар менің күйеуімді! Қайтар! Қайтар менің жанымды! Қайтар!

Еркек. Жетер! Тоқта! Білесің бе? Мен неге түрмеде отырмын. Өйткені.

Әйел. Не «өйткені»?

Еркек. Өйткені мен сені сүйем!

Әйел. Не?

Еркек. Мен сені баяғыдан ұнататынмын, ең алғаш ол сенімен танысқанда, мен бұрын көз салғанмын, бірақ досым меннен бұрын сені жақсы көріп қалғандығын айтты, ол бақытымды таптым деді, болашақ балаларымның анасын таптым деді, мен соны ести тұра, оның бақытты көздерін көре тұра қалай өз сезімімді айтамын, сөйтіп махаббатымнан бас тарттым.

 

Үнсіздік.

 

Еркек. Соңғы уақыттары ол сені басқамен ауыстырып жүргенін көріп, сол уақытта неге өз сезімімді айтпадым деп қатты өкіндім, тіпті сенің жасырын жылайтыныңды да естідім. Егер сен менімен болғаныңда мүмкін бақытты боларма ек!

 

Үнсіздік.

 

Әйел. Сонда сол үшін оны өлтіру керек болды ма?

Еркек. Тыңда, сол күні үшеуіміз сендердің 5 жылдықтарыңа жиналғанбыз. Іштік сен де, мен де, ол да қытты мас болдық. Бір уақытта ол дәретханаға кетіп қалды. Сен маған оның көзіңе шөп салып жүргенін білетініңді айттың, және одан кек алғың келетінін айттың, маған жабыса кеттің, бірақ мен сеннен қарағанда есімді білетінмін. Мені құшақтап сүйе жөнелдің. Ал мен сені бір сүюді алғаш көргеннен аңсағанмын, сол сүйістен соң, мен оның барын ұмыттым. Екеуіміз ұзақ уақыт бойы аймаластық, ал ол бәрін көріп тұрды. Біз де оны көріп қалдық. Сон соң екеуің ұрыса жөнелдіңдер де ас үйге кіріп кеттіңдер, мен өзімді кінәлі сезініп бір орында отырып қалдым. Аздан соң оның айқайлаған дауысын естідім, шошып орнымнан атып тұрып ас үйге кірсем оның кеуде тұсында пышақ қадалып тұр екен, ал сен дым болмағандай ұрысты арымен қарай жалғастырып тұрсың, оған неге жауап бермейсің деп айғайлап жатырсың. Содан сені көтеріп алып ваннаға кіргізіп суық суды қосып кеттім. Өзім ас үйге барып досымнан пышағын суырып жатқанымда, полицейлер кіріп келді. Содан бар кінәні өз мойныма алдым. Сенің түрмеде отқаныңды көргім келмеді.

 

1-телефон

 

Көше, телефон дүңгіршегі.

Саят телефонмен сөйлесіп тұр.

 

Саят. Иә, иә! Ләззат Темірболатқызы! Әрине күтемін! Менде уақыт жетерлік! Иә! Әрине!

 

Үнсіздік.

 

Саят. Алло! Ләзкә? Мені естіп тұрмысың? Алло! Бұл мен ғой Саят! Алло! Қалайсың? Бәрі жақсы ма? Балалар қалай? Тыңдашы менде уақыт аз, мені тонап кетті, барлық документтерім жоғалды! Бірақ менде бәрі жақсы! Уайымдама! Тек маған ақша аударып жіберші, билет алуға! Мен көп ұзамай келемін, мен қазір адресті айтайын, Іі. Қазір! есімнен шығып тұрғаны! Сен тек трубканы тастама!

 

Қалтасынан қағаз іздейді таппайды, гитараның чехолынан іздейді таппайды.

 

Саят. Алло! Алло! Ләзка? Алло! Мен!

 

Шляпа кейген бейтаныс адам тағы өтіп бара жатып қалтасынан 50 теңге лақтырады.

 

Саят. Кешіріңіз, бұл жердің адресін айтып жіберемісіз?  (Телефонға.) Алло қазір, сен тек трубканы қойма жарайма!

 

Бейтаныс адамды тоқтатып алады.

 

Саят. Ей! Жауап берсеңші? Бұл жердің аты қалай? Мен қайдамын? Сенің тіл аузың бар ма өзі? Сен естимісің? Ей! Ей!

 

Бейтаныс адам кетіп қалады.

 

Саят (телефонға жүгіріп келеді). Алло, Ләзкә! Мен... алло? Алло? Алло?  (Телефон үзіліп кетеді.) Сука-а-а-а! Сука-а-а-а!

 

Артынан бір келіншек келеді.

 

Келіншек. Кешіріңіз, сағатты айтып жібересізбе? Уақыт?! Уақытты... Рақмет. Әлі ерте екен ғой, қазір келіп қалар...

Саят. Түсінбедім?

Келіншек. Ол маған кешікпеймін деген, ол сондай сері жігіт. Тағы да сағатты айтып жібересізбе?

Саят. Мен білмеймін, білмеймін...

 

5-телефон

 

Кемпір қозғалатын орындықта отыр.

 

Кемпір. Шал-о-о-о-оу! Ақ шал! Жаман шал! Бүгін үлкен қыз келіп кетті, ұлы келіншек алып кепті. Жақында тойы болады екен, сен қашан келесің үйге? Шал-оу! Көрші әйелдің қызы тұрмысқа кетіп жатыр оныңда ұзатуы болады, сен қашан келесің үйге шал-оу! Кіші немерең биыл мектеп бітіреді, сен қашан келесің үйге шал оу, күйеу балаң әкімшілікке жұмысқа тұрды, сен қашан келесің үйге шалым ау. Кемпірің сені сағынды! Сен қашан келесің үйге шалым ау. Ең болмаса мені алып кетші, шалым ау. Шал-о-о-у-у-у-у! Мен шаршадым! Мені неге өзіңе шақырмайсың шал-оу!

Медбике. Ләззат Темірболатқызы, сіз тағы да дәріңізді ішпегенсіз бе?! Жүріңіз! Не мынау? Баяғы әдетіңізге қайта басқансыз ба? Айтып ем ғой бұл телефон жасамайды деп!

 

 СОҢЫ

Аманжол Қазыбек

Аманжол Қазыбек — Ақтөбе облысының Мартук ауданы Аққайың аулында дүниеге келді. Астана қаласы мемлекеттік Әзірбайжан Мамбетов атындағы драма және комедия театрының актеры болып жұмыс істейді. Драма.KZ фестивальдің шорт-параққа енген пьесалары: «Тук-Мар қонақ үйі», «018-автобус», «Алло». «Ұрылар» пьесасы Павлодар қаласында Аймауытов театрында жүріп жатыр.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon