Үміт Зұлхарова

349

Әңгімелер

Депутат отыр партада...

 

— Балалар, заман талабына орай біз енді «Саясат» деген сабақ өтеміз. Қазіргі уақытта саясатты білмесең... саясатты білмесең...

— Саясатты білмеген — мәмбет! — деді бір бала.

— Жоқ, мәмбет емес, саясатпен мәмбеттер де айналыса береді.

— Саясатты білмеген — сауатсыз!

— Жоқ, ол да емес. Сауатсыздар да саясаткер бола алады. Саясаткерлер де сауатсыз бола береді.

— Бәлкім «отсталый» шығар? — деді тағы біреуі орысша сөзбен орағытып.

— «Отсталый» дейсің бе? Отсталый саясаткер... Жоқ бұл да емес. Қысқасы, балалар, саясатты білмеген — әрбәле! Енді сабағымызды бастаймыз. Сендерге түсінікті болу үшін қарапайым мысал. Мәселен, мен — Үкімет, сендер — депутатсыңдар делік. Мына сыныпты Парламент үйі деп аламыз. Біз халықтың жағдайын жақсарту үшін неше түрлі мәселелерді шешеміз. Мысалы...

— Ағай, мәселе деген не? 

— Мәселе ме, ол... проблема деген сөз.

— Ал, проблема деген ше?

— Проблема деген ол... мәселе ғой.

— Ағай, ол сонда Үкімет пен Парламенттің басында бола ма?

— Жо-ға, ол біздің, сендердің, сендердің әке-шешелерің мен туған-туыстарыңның басында ғана болады. Сондықтан бұл сұрақтың толығырақ жауабын ата-аналарыңнан сұрап алыңдар.

Сонымен, балалар, мен сендерге тапсырма берем, сендер сол тапсырманы орындайсыңдар.

— Ағай, сонда депутат деген тек қана орындай ма? 

— Жоқ, негізінен, депутат айтады, үкімет орындайды ғой. Бірақ, енді ойлап қараңдаршы, сендердің айтқандарыңды мен орындауым керек пе, әлде сендер менің айтқанымды екі етпеулерің керек пе? Мен дегенің Үкімет, тойыс, сендердің ағайларыңмын ғой!

— Сіз ағыл-тегіл айтуыңыз керек, ағай!

— Е, міне, тәрбиелі балалар осындай болады. Ал егер бір ұсыныс айтқыларың келсе менен рұқсат сұрайсыңдар. 

— Ағай, сонда Парламентте отырған депутаттар біз сияқты қол көтеріп, «мен айтайыншы!» дей ме? 

— Әрине, өйтпесе бола ма! Бірақ депутаттардың арасында да кейбіреулерің сияқты тіл алмайтын тентектер болады.

— Ағай, ағай, Үкімет тәртіпті ме?

— Әрине! Үкімет тәртіпті, сыпайы, биязы, бипаз, бір сыдырғы, тілалғыш, елгезектігімен де депутаттарға үлгі-өнеге, ғибрат, ұлағат, тәлім көрсетеді, балалар!

— Ал, сонда оппозиция дегендер кімдер?

— Е-е, балалар-ай, мен олар туралы айтуды ұмытып кетіппін ғой. Ол үшін тағы бір мысал келтірейін. Мәселенки, мына оң қатардағы парта — депутаттар, сол қатардағы парта — оппозиция болсын делік. Мен сол баяғы Үкіметпін. Оппозицияның міндеті — Үкіметті сынап, «ә» десе «мә» деп, кемшілікті бетке айту. Қане, сол қатарда отырған оппозиция мына бізге — Үкімет пен Парламентке сын айтыңдаршы. Бірақ, шын айтыңдар!

— Үкімет «үф» десе ұшады, «сүф» десе қонады!

— Тоқтай тұр, сен бала не дедің? Мынауың масқара ғой! Үлкенді сыйлау деген бар ма өзіңде?

— Өзіңіз ғой, ағай, сына деген...

— Мынауың сын емес — сұмдық! Ойнап сөйлесеңдер де, ойлап сөйлеңдер қане!

— Мен айтайыншы, ағай!

— Ал, айта ғой.

— Депутаттар — демалыңдар!

Ойбай, өшір үніңді! Осы да сын ба?! Сынағанда тарс еткізіп қойып қалмай, былай, кішкене жұмсартып дегендей... айту керек қой!

— Тү-у, ағай, өзіңіз сына деп аласыз да, ұрса бересіз. Жарайды, ендеше, депутаттардың арасында өнер иелері көп қой, өлеңдетіп айтайықшы. 

— Е, бәсе, сөйтсеңдерші.

— Депутат отыр партада, 

Екі қолы қалтада.

Оппозиция сы-на-са...

...Мас-қа-ра!

— О не масқара? Ұйықтап қап па?

— Жоқ, ағай, өзіңіз қарасаңызшы ана партада отырған депутаттарға.

— Е, оларға не бопты? Көріп тұрмын, ұйықтап отырған жоқ, тыңдап отыр.

— Соны айтамыз, ағай. Не айтса да бас шұлғып, үнсіз отыра бергенше бірдеңе демей ме?

— Е-е, «Жақ ашпайды, масқара!» дегілерің келген екен ғой? 

— Иә, ағай...

— Оппозиция дұрыс айтады, құрметті депутат мырзалар, тойыс, депутат балалар! Сендер қойдай меңірейіп отыра бермей, ортаға аздап қоғамдық ой тастап, оппозицияға уәж қайтарып, Үкіметке, яғни маған депутаттық сауал жолдап, қимылдап отырсаңдаршы.

— Өзіңіз ғой, ағай, «сыбырламаңдар, жыбырламаңдар» деген.

— Енді-і... жәймен құлағыма сыбырлауларыңа болады ғой. Қане, кім айтады?

— Үкімет ағай, сауал жолдасақ «бес» қоясыз ба?

— Әрине, қоямын. Тек сауалдарың зауалға айналып кетіп жүрмесін.

— Ағай, сонда ше, біз, сіз, олардың өстіп бір-бірімізді мазақтағандағы мақсатымыз не?

— Балар, сендер өзі түкті түсінбейтін милаусыңдар ма немене? Әлгінде айттым ғой, мұның бәрін с-а-я-с-а-т дейді! Арғы жағын қазбалаудың сендерге тіпті қажеті жоқ. Осы айтқанымның бірін қалдырмай дәптерлеріңе жазып алыңдар.

— Сонда ше, ағай, халық қайда? Сіз олар туралы бірде-бір рет айтпадыңыз ғой?

— Халық дейсіңдер ме? Негізінде, балалар, халық деген ол өз алдына бөлек тақырып. Оған уақыт жетпейді. Сондықтан ол туралы бір реті келгенде айтармын.

— Ағай, онда министрлер мен әкімдер туралы айтыңызшы...

— Е-е, олар мына менің, тойыс, Үкіметтің туған балалары ғой.

— Үкімет балаларын еркелететін шығар, иә, ағай?

— Жо-ға, Үкімет қатал. Алда-жалда бейбастақтық жасаса, туған балалары екеніне қарамастан отырған жайлы орындарын бір-бірімен ауыстыре-еп-ауыстыре-еп тастайды.

— Сонда ол байғұс балаларды кім еркелетеді, ағай?

— Ойбай-ау, халық бар емес пе?

— Халық олардың еркелігін көтере  ме?

— Көтермегенде!

— Тіпті халықтың басына шығып кетсе де ме?

— Керек десең төбесінде ойнақтаса да!..

— Түу, ағай, халық қандай шыдамды!

— Е-е, балалар-ай, халық деген адамдар өте мәләдес болады.

— Сонда біз мәләдес екенбіз ғой, иә?

— Кім? Біз бе? Біз... Е-е, құдай-ай, мен сендерге уақытша Үкімет боламын деп шынымен Үкімет басында отырғандай бөсіп кетіппін ғой. Әрине, біз қарапайым халықпыз, балалар. Бізден жуас, бізден момын, бізден көнбіс, қысқасы, бізден мәләдес ешкім жоқ. 

Сабақ осымен тәмам. Үй тапсырмасын жазып алыңдар.

— Баға қойсаңызшы, ағай.

— Өздерін өте тәртіпті ұстап, дымдарын шығармағаны үшін депутаттарға — «бес», ойға келмейтін сұрақ қойып, біраз ойқастағаны үшін оппозицияға — «үш». Ал, сау болыңдар...

 

 Тәбет

 

— Дәрігер, не істерімді білмеймін. Соңғы жылдары тәбеттен айырылдым. Көмектесе көріңіз!

— Қазір көреміз... Қане, аузыңызды ашып, тіліңізді шығара қойыңыз. (Қарап.) Жақсы. Асқазаныңызда ақау жоқ сияқты. Мына жеріңізді басқанда шаншып ауырмай ма?

— Жоқ, ауырмайды.

— Ас ішкелі жатқанда жүрегіңіз айнып, запыран келе ме?

— Жоқ, ондай ештеңені байқамадым. Керісінше, асқазанымның бүлкілдей бастағанын, сілекейімнің аздап шұбыра бастағанын сезгендей боламын. Бірақ бәрібір ештеңе жей алмай қор болатыным-ай...

— Сонда қандай тағамдарды көргенде әлгіндей сілекейіңіз шұбырады?

— Көбіне сол еті мол тағамдарды көргенде. Әсіресе көшеде асхана, кафе, мейрамханалардың жанынан өтіп бара жатқанда солай болады. Қалай үйге келіп, асханаға бас сұғам, бітті, тәбет зым-зия жоғалады.

— Імм... Қызық екен... Дегенмен өзіңізді күштеп еті мол тағамдар мен жемісті көбірек жеп, жеміс шырынын жиі-жиі ішуге тырысып көріңіз.

— Көкөніс базарының жанынан өтіп бара жатқанда қалайда жеміс жеуім керек деп өзімді күштегендей боламын. Бірақ үйге келгенде... 

— Үйіңіздің тәбетіңізді бездіріп жіберетіндей не құпиясы болды екен, түсінбеймін? Әлде, отбасыңызда жанжал көп пе?

— Жо-ға... О не дегеніңіз... Біздің үйде ұрыс-керіс деген атымен болған емес. 

— Керемет қой! Онда өзіңізді қинап болса да күніне екі жүз грамм анар шырынын ішуге тырысып көріңізші. Сосын қалайда екі тал мандарин жеңіз. Бұлар тәбетті ашуға өте жақсы көмектеседі. Айтпақшы, дастарқаныңызда көкөніс қосылған салаттың бірнеше түрі қалайда тұрғаны дұрыс. Бұлардың бәрінің дәруменге бай екенін білетін шығарсыз. 

— Атамаңыз! (Жыларман болып.) Ондай нәрселерді айтпаңызшы, өтінем!

— Ал ананас пен банан ше, оларды да жегіңіз келмей ме? Болмаса жаңғақ, кептірілген өрік, мейіз жеңіз. Қалайша сондай дәмі тіл үйірер тағамдарды көріп тұрып тәбетіңіз ашылмайды?

— Ондайларға мен жоламаймын да...

— Сіз алдымен дәмін татып көрсеңізші. 

— Мен дәмін татып та көре алмаймын олардың. Көргім келеді... бірақ... көре алмаймын... Үйге бас сұғам, бітті!..

— Түсінсем бұйырмасын, үйіңізде соншалықты не сыр бар?

— Сыр болғанда... былай ғой... тоңазытқышты ашып қалғанда тәбет тартатын ештеңе болмай қалады да... сосын...

— Е-ей, құдай-ай! Бағанадан бері тәбет, тәбет деп неменеге басымды қатырып отырсыз?!. Сізде тәбет емес, ақша жоқ қой!..

Үміт Зұлхарова

Үміт Зұлхарова — 1975 жылы 28 қаңтарда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қаратөбе ауылында туған. 1999 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика бөлімін бітірген. 2003-2011 жылдар аралығында Республикалық «Ара.kz» сын-сықақ журналында сықақшы-журналист, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2006-2008 жылдары «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының әзіл-сықақ «Қымызхана» бағдарламасында сценарист; 2011-2013 жылдары «Аруна» балалар баспасында үйлестіруші редактор; 2014 жылы «Астанафильм» кинокомпаниясында редактор; 2014 жылы Республикалық «Айқын» газетінің «Ара.kz» қосымшасында Бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. «Депутат отыр партада», «Есебіңді білесің бе?», «Келеке керек пе?» атты сатиралық кітаптардың авторы. Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon