Ернұр Сағатбек

307

Біз неге байлықтан қаштық

Психолог сөзімнің бәрін ұйып тыңдады да:

— Білесің бе, адам бір нәрсені қанша қаласа да, сол қалауын санасында дұрыс, нақты бейнелей алмаса, ол оған жете алмайды. Мысалы, сен бай болуды қалайсың, бірақ «бай» дегенде көз алдыңа жақсы адам елестемесе, байып кетуің неғайбыл! Сол үшін, бірінші, байлыққа деген көзқарасты өзгерт. Ары қарай тәнің, жаның, санаң бірге қаласа, кез-келген нәрсеге таза рухтың өлшеусіз күшімен қол жеткізуге болады.

Ойлана бастадым… Бейсанамдағы бай адам бейнесі қандай? Ол — елмен араласпайтын немесе жұрт оны жақтырмайтын адам. Шығайбайдың дәл өзі! Неге? Ой, Алла-ай, бұл түсінік санама қайдан сіңді?

Иә, бәрі бейқам балалық шақта басталған екен. Тоқсанның соңы, екі мыңның басында теледидардан көретін жалғыз мультфильміміз «Алдар көсе» еді. Ондағы байекеңнің қандай дүниеқоңыз, қандай сүйкімсіз образ екені айтпасақ та айдан анық, бесенеден белгілі ғой. Кемпірін көрсем, тіпті жүрегім айнитын! Ал үрерге иті, сығарға биті жоқ кедейді қандай керемет қылып көрсеткен десейші!

Енді екінші қызықты қараңыз! Сол уақта біздің ауылда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жалғыз Құрманғали деген кісіні ғана «Бай» дейтін. Тіпті оқушы кезде ойланып «Байдың шын аты кім екен осы?» деп жүруші едік. Қазір де марқұм Құрманғали ақсақалдың бала-шағасын ауыл елі «Байдың балалары» деп айтуынан айнымаған.

Өз басым бұл кісілердің шық бермес Шығайбайлығын көрсем, көзім шықсын! Жалғыз ғана жазығы: колхоздан берген үлесін шып-шырғасын шығармай шыр айналдырып, елден ерте оянып еңбекке етін пісіргені. Дегенмен көпшіліктің де күндеуі орынды! Неге? Ой, неге деріңіз бар ма? Біріншіден, жұрт өз жігерін жанып жұмсаусыз жұмыс істеп көрмеген. Тұтқиылдан тап келген тәуелсіздік мұндай елді есігі жоқ енжарлыққа тәуелді етпей қайтсін? Екіншіден, көпшілік айлығын шайлығына ғана арнап дағдыланған. Енді колхоздан тиген үлесін сатып, құртып, бір сәтте тақыр кедей болып шыға келуден басқа не бар? Үшіншіден, жалқаулық пен жоқшылық жүрген жерде шайтан су емін-еркін сайран салды дейсің!

Осындай орта қалайша өзінен өзгешеленгендерді өзегінен теппесін?! Елден ерек егін егіп, жұрттан жырақ жұмыс жасап дәулетін дөңгелеткен Байға бажырая қарайтындардың басы арта түсті. Оның үстіне біздің үйдегі құрып қалғыр көк сиырдың аңсары сол ауқатты кісінің астығына ауатын да тұратын. О байғұстың да жазығы жоқ негізі! Бүкіл аңызда жалғыз егін сол ғана болса, басқа батпан құйрықты Байдан таппай, қайдан тапсын? Екі бүйірін қампитып екі аптада бір қамалып тұрғаны. Ойбай, ол егінге түскен күні менде маза жоқ. Үйдің үлкені болғандықтан сасық немені «абақтыдан» алып шығуға менен басқа адам бармайды. Мазамның кететіні: жұрттың бәрі әзірейіл етіп көрсеткен Байдың алдына бару — бір азап болса, ат шаптырым ауылдың арғы басына табанымнан таусылып шығу — екінші азап, ал үшіншісі — топалаң келгірді тынышымды алған тылсым сырлы қыздардың есік алдынан тышқақтатып айдап өту. Ас болмағыр-ай, астықты асап жатқанда артын ойламайды-ау, ойламайды!

Не керек, азаптанып барып азаттыққа шығарып аламын. Сонда деймін да, елдің бәрінің атын айтып атын үркіткен ауқатты атам маған бір рет те «Атаңның аузы» деген емес. Көк сиырды шығарып алуға барам. Балалары: «Сиырларыңа неге ие болмайсыңдар-ей? Егінге обал емес пе? Кір де, шалмен сөйлес. Рұқсат берсе, шығарып беремін!» — деп ренжіген кейіп танытады. Амандасып ақсақалдың қасына жайғасамын. Сұлу жеңгем сырлыаяқтан сызылып қымыз құяды. Үлкен кісі салтты сақтап саулық сұрайды, артынша менің атамды айызымды қандырып тұрып мақтайды. Бабы келіскен бал қымызды ішіп отырып «Күріштің арқасында күрмек су ішіпті» деген осы шығар, ә!» деп іштей балқып отырамын. Бай атам бір кезде күзеттегі баласын шақырады да «Өй, Айгерімнің кләстәсі екен ғой! Сиырын шығарып беріңдер!» дейді. Бары осы!

«Келер жылы қатықсыз қара су ішсек те, мына сасықты ауылға алып қалмаймыз!» деп жарылатын жанартадай жұлынып үйге жетемін. «Үүүүйііібәй, мынаны қара! Көлдетіп отырған сол көк сиырым емес пе? Бұл байғұстың құрты жақсы, майы жақсы да, өзі жаман болып қап па? Ондай деген әңгіме жоқ! Күзде киетін киімдеріңді де осының бергенін сатып шығарып отырмын ғой!» — дейді шешем. Дәл осы сценарий айна қатесіз келер жылы тағы да қайталанады. Сонда мектепті бітіріп кетпесем құтылмайтыныма көзім анық жететін.

Иә, Бейекеңнің бар жазығы: бай-қуатты өмірді басқалардан бұрын таңдағаны. Сол кісінің немересі Айгерім екеуміз бір сыныпта оқыдық. Бірнеше жыл парталас болдық. Біздің сыныпта кітап жетіспеушілігі бар еді. Соның өзі балалардың бай-кедей деп екіге бөлінуіне үлкен себеп болатын. Қорда бар кітаптың көбін мұғалімдер өздері айтатын «жағдайы жоқ жанұядан шыққандарға» үлестіреді. Ал бізге «Сендер байдың баласысыңдар ғой! Әке-шешелеріңе айтыңдар, бір малын сатып алып берсін!» деп бірнешеуін береді. Қызығы: біз олардың бетіне «жағдайы жоқтың баласы» деп баспағанымызбен, олар ә десе, «Байдың балалары» деп бықсытып әкетеді.

Рас, атам малды болғанымен, молшылыққа малтыққан бағлан бала болу маған бұйырмады. Оқулықтың өзін шешем қалада мектепте істейтін бір абысынынан «әкем-көкем» деп жүріп алып беретін. Оларды оқу жылы аяқталғанда жыл құстары сияқты қайырымды ыстық мекеніне қайтарып жіберетінбіз. Жарықтықтар-ай, жәй кетпей өздерімен бірге бір мүшек картошка ала кететінін айтсаңшы! Құрт пен майды да ұмытпайды ғой, шіркін! Бірақ еңбектері бар: осы қазір отты сөзді орағытып, сауатты да сапалы жазып отырғаным солардың арқасы!

«Байдың баласы» деген қиқу біздің құлақтан оңайлықпен кете қойсын ба? Мерекелерде ақша жинайтын болсақ, сүмірейіп соңынан беруіме болмайды, кітаптарымның тысы қапсыз болуына болмайды, тіпті «жоқ» деген сөзді айтуыма болмайды! Құдай сақтасын, ондай жағдай бола қалса, қазақ тілі апайымнан тартып «Үүүйбәәй, байлар, сендерге не жоқ-ей!», «Еее, бишаралар, сендердің "жағдайларың жоқ қой", қайтесіңдер!», «Біз сияқты сіңірі шыққан кедей болсаңдар бір сәрі!» дейді. Сол күні мектепке жердің бетімен барып, астымен қайтамын! 

«Неге ғана жағдайы жоқтың бірі болып тумадым екен!?» деп өкінемін! Әке-шешемнің ұртын алып мұртына жалғап, жетісіп жүрмегенін мұғалімдер мен оқушыларды түгел шақырып келіп көрсеткім келеді. Сөйтіп бір бетімді ашып алсам ғой, шіркін! Ол арманым орындалмады! Қуантарлығы: «жоқ» деген сөздің жазбаша нұсқасы үшін ешкім «етімді кесіп алмайтын»! Әйтпесе әлдеқашан «Менің атым Қожадағы» Сұлтан сынды «Бүйткен мектебінің әкесінің!» деп безіп кетер ме едім! 

Айтпақшы, егінге түскен сиырдың зарын есім кетіп айтатыным есіңізде шығар, ә!? Соның әр нотасын жаттап өскен қарындасым Аружан 5 жастан мектепке барды. Тілі балдан тәтті еді. Сынып жетекшісі көрген сайын бір қызығын айтып ішегімізді он жерден түйіп кететін. Бір күні апайы мектепке шолақ жең көйлегін киіп келіпті. Білімпаз оқушысы білегіндегі түгін көріпті де: «Ойбаай, Майгүл тәтей, сіз түкті кісі екенсіз ғой!» — депті. Сасып қалған апайы: «Ой, бұл байлықтың белгісі ғой! Иә, мен баймын ғой, білмейсің бе не?» — дейді. Сонда «тәтем» тұрып: «Мәә, апай, кім ала жаздай біздің көк сиырды қамап қойып, көкемді зар қақсатады десем… Сіз екенсіз ғой!» — деген екен. Ал мыныны естіп күлмей көр!

Одан да қызығы: амандасқан адамның бәріне «Байдың баласы» дейтін Қисабай Серік ағамның сөзі. Ұсақ балалар бір-бірімізге көрген жерде Серік ағамша «Өй, "байдың баласы" дейміз. Сонда біреуміз: «Қой-ей, бізде қайдағы байлық? Сендерде жеті сиыр, төрт бұзау бар ғой! Сен шығарсың нағыз байдың баласы!» — десек, екіншіміз: «Сендерде трактормен қосқанда екі мәшине бар ғой! Мені "Байдың баласы" деп айтуға аузың қалай барады-ей?! Жұрт естімесін мынаны!» деп бәріміз бай деген атаудан басымызды ала қашамыз. «Байдың баласымын» десек, біреу туырлығымызды турап, репрессиядағыдай тура итжеккенге айдап әкетердей қорқамыз.

Бүгін де қала қазағының қолданысынан «Әл-Фарабиден жоғары тек "жағдайы жоқтар" тұрады!», «Есілдің сол жағалауында тек "кедейлер" ғой!» деген кекесін мен «Қайтсін енді, оларда жоқ қой!», «Ол сияқты жағдайым болса, мен де сөйтіп жүрер едім!» деген күндестік сөзді көп естимін. Бірақ осының көбі кеңестік саясаттың салқыны тиген буынның сөзі. Аллаға шүкір, жаңа ғасырда туғандардың молшылыққа деген көзқарасы да жаңару үстінде.

Осы саралаудан түсінгенім: адам басқа біреудің бай-қуатты өмірі үшін қуана білмегенде және дүниені дұрыс басқаруға дайын болмағанда дәулет бітпейді. Тіпті одан бұрынғы алғышарты: қолда бар, сұратпай тегін берген қастерлі қазыналарға шүкір ете білу. Олар біз бағалай бермейтін баға жетпес игіліктер: денсаулық, ой, рух, үміт, мақсат-мұрат, талпыныс, интеллект, махаббат, отбасы, достар және бала-шаға. Бұларды еш жерден сатып ала алмаймыз. Ал мал-мүлік Аллаға тәуекел етіп терін төккен адамның қорасына да, қалтасына да үйір келеді.

Иә, мұсылман қазақ бай болуы керек! Өйткені бізден барында бере алатын жомарт байлар көп шыққан. Кешегі зиялы қауым өкілдердің көбі байдың балалары немесе байлар қолдау білдіріп оқытқан қарасирақтар еді. Жалған дүниедегі жиғанымыз ақиреттік амалдарымызды арттыруға арналсын. «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деп ақ пейіл Алаш бекер айтпаса керек! Мен байлықты жақсы көремін! Біз бай-қуатты өмір сүруге лайықтымыз!

Ернұр Сағатбек

Ернұр Сағатбек — Алматы облысы Райымбек ауданы Талас ауылының тумасы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі. Гуманитария ғылымдарының магистрі. Филолог.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon