Дактиль
Айжарық Сұлтанқожа
(үш бөлімді пьеса)
Кейіпкерлер:
Уақыт — басты кейіпкер
Мирас
Жансая
Әлия
Дидар
Сағи
Сөре реттеуші жігіт
(Кейіпкерлердің жасы 27-30 арасы)
Қараңғы. Жарық тек Жансаяға түсіп тұр.
Жансая. Менің ең бейкүнә балғын естеліктерімнің бірі — ауылда ойнаған «ақсерек-көксерек» ойыны. Көк шалғында қос қатар болып тізіліп, жамырай айқайлап, бір-біріміздің атымызды атап, алма-кезек шақырысып жатамыз. Сосын, кенет менің де есімім аталады. Сол мезетте жүрегім аузыма тығылып қобалжимын. Күллі әлем маған қарап, барлығы менен бір ерлік күтіп тұрғандай... Сосын жұдырығымды тас қып түйіп алып, бар екпініммен жүгіріп барып, балалардың бір-біріне матасқан білегіне құлай кетем, қанша қатты жүгірсем де, тастай берік қып ұсқасқан қолдарын үзе алар емеспін, өйткені мен әдейілеп тұрып ең мықты деген екі баланың арасын таңдап алатын едім...
(Пауза)
Ал қазір... әлі де сол ойынды ойнап жүргендеймін. Ауыл маңындағы көк шалғыннан ешқайда ұзап кетпеген сияқтымын. Тек, қарама-қарсы бетте менің құрдас-құралпы достарым емес, кіл өзім ғана тұрмын. Мен... және тағы да қол ұстаса тізілген Менің бірнеше нұсқам. Бірі басына орамал тартқан. Бірі костюм киген. Ал тағы біреуінің түрі мүлдем маған ұқсамайды. Олар... ұстасқан қолдарын тербетіп, қайта-қайта «ақсерек-көксерек» деп әндете айқайлап, менің есімімді атайды. Олар да менен бір ерлік күтетін секілді. Бірақ мен жұдырығымды түйген күйі, қаққан қазықтай қатып, орнымнан бір табан қозғала алар емеспін. Қайсібірінің арасын үзсем екен...
Жарық сөнеді.
Пауза.
Жарық қайта жанғанда сахнада Мирас.
Мирас. Белгісіздіктің тағы да зерттеп кеңдігін,
Өлі күндерді сөреге тізіп, қояр кім?
Мен бүгін тағы бағытсыз өтер сенбінің,
Аялдамасында ояндым...
Сіздерге аялдамалар ұнай ма?
Маған қатты ұнайды, әсіресе кеңестік кезеңдегі аялдамалар. Социалисттік өнердің кездейсоқ жауһарлары. Біртектілік пен тәртіптен қашқан архитекторлардың ішкі еркіндігі дәл осы аялдамаларға барып жасырынғандай.
Біздің ауылда түрлі-түрлі шыны сынықтарымен безендірген мозайкасы бар аялдама болатын.
Құдды бір ауылдың көрнекі ғимараттарының бірі дерсің.
Таң қылаң бере анаммен бірге қалаға жүретін автобусты күтіп аялдамада әлгі шыны сынықатырынң әртүрлі формаларына таңдана қарап тұрушы едім. Сөйтіп тұрғанда автобус та келеді.
Ауыл... аялдама... мозайка... автобус...
(Пауза)
Қазір де... естеліктерімнің сынықтарынан құрап алған аялдамамда тұрғандаймын. Нені күтем... кімді күтем...
Автобустар толассыз келіп-кетіп жатыр: оқу, жұмыс, ақша, үй – қайсыбіріне мінсем де қайта айналып келіп осы бір аялдамадан түсіріп кетеді. Ал мұнда тек мен ғана. Жанымда ешкім жоқ. Кейде мүмкін әлдекім қасымда болғанда, келесі автобусты күту дегенің соншалық мұңды болмас па еді деймін. Біреулер бұл аялдаманы жалғыздық дейді. Меніңше олай емес. Бұл тек менің ішкі уақытымның аялдамасы. Кеудемде мезгілдер қанша ауысқанымен, әлгі аялдама өзгеріссіз, қаз қалпында тұра береді.
Әне тағы біреуі келе жатқан секілді...
Дархан қалтасынан неке жүзігі салынған шағын қорапшаны шығарады. Ашып қарайды. Езуіне күлкі үйіріліп әлденеге үміт еткендей сахнадан кетіп қалады.
Гипермаркеттің іші. Бірнеше қатар сөрелер.
Сахнада сөре реттегіш жігіт, өзінің киімін киіп, алжапқышын тағып жұмысқа кірісе бастайды.
Ақтілек пен Қуаныш гипермаркеттің ішінде. Екеуі ойлана баяу басып жүріп келеді. Құдды бір түстің ішінде қалып кеткендей.
Диспетчердің дауысы. Құрметті сатып алушылар, түнгі ауысымға байланысты барлық қассалар уақытша жабылады, кассалар енді 15 минуттан кейін бір-ақ ашылады.
Мирас. Әне, үлгермей қалдық.
Жансая. Сен шаршаған жоқсың ба?
Мирас. Жоқ, сен ше?
Жансая. Жоқ.
Екеуі сөрелерді аралай бастайды.
Мирас. Иә (ойыншық машиналардың бірін көрсетіп) кабриолет!
Жансая. Түсі онша емес.
Мирас (Қуыршақтар арасынан ұл қуыршақты алып). Сәлем, Барби!
Жансая. Жек көрем қуыршақтарды.
Мирас үнсіз қуыршақты орнына қояды. Екеуі әрі қарай жүре береді.
Мирас. Маған осындай жерлерге түнде келген ұнайды.
Жансая. Адамдардың жоқ болғаны үшін бе?
Мирас. Иә, түнгі сауда орындарының тыныштығында әлдебір тылсым бардай.
Жансая. Саған сонда базар ұнай ма?
Мирас. Мүмкін, бірақ адамдары емес.
Жансая. Ал маған, керісінше, адамдар қызық. Түрлі адамдарды жолықтырасың. Олардың алған заттарына қарайсың.
Диспетчердің дауысы (қайталап). Құрметті сатып алушылар, түнгі ауысымға байланысты барлық қассалар уақытша жабылады, кассалар енді 15 минуттан кейін бір-ақ ашылады.
Мирас. Иә, мұнда бір романтика бар.
Жансая. Романтика демекші, тауға қашан барамыз?
Мирас. Тауда қазір кене бар.
Жансая (ренжіп). Қазір кене бар, сосын тым ыстық болады, сосын қар, сосын сенің қолың тимей қалады, сосын біз бәріміз өлеміз...
Мирас (дауысын құбылтып). Мен таулықпын, таудан мен жаратылғам, Тау менің дара тұлғам, ана туған...
Жансая. Кетші.
Мирас. Ренжіп қалдың ба?
Ыдыс-аяқ тұрған сөреден бокалдарды алып.
Мирас. Кел.
Бір стаканды оған беріп, бірін өзі алып, брудершафт ішкісі келеді.
Мирас. Екеуіміз үшін!
Жансая. Жоқ.
Стаканды орнына қояды.
Жансая. Қылжақбас.
Пауза.
Мирас. Кеше жұмыстан маған премия беретін болды. Соған...
Жансая. Соған?
Мирас. Қалай ойлайсың?
Жансая. Нені?
Мирас. Ақшаны айтам?
Жансая. Білмеймін.
Мирас. Тауып көр.
Жансая. Мамаңды қажылыққа апарасың ба?
Мирас. Хммм... ол кейін.
Жансая. Мені қажылыққа апарасың ба?
Мирас. Ал сен баратын ба едің?
Жансая. Жоқ.
Мирас. Ешқашан бармайсың ба?
Жансая. Білмеймін, мүмкін кейін...
Мирас. Қашан?
Жансая. Білмеймін... қойшы болды.
Мирас. ...Греция
Жансая. Греция?
Мирас. Екеуіміз.
Жансая (Сенбей). Өтірік айтып тұрсың.
Мирас (телефонын ашып, билетті көрсетеді). Міне.
Жансая (қуанып). Шын ба?
Мирас. Жоқ, жай.
Артынан барып мойнына асылып. Бетінен сүйеді.
Жансая (Кенет тоқтап). Тұра тұршы қане қайтадан көрсетші. (Билетті қайта қарап, көңіл күйі түсіп.) Мирас!
Мирас. Не болды?
Жансая. Неге дәл бұл уақытқа алғансың?
Мирас. Енді осы уақытта екеуіміз отпуск алсақ.
Жансая. Ол кезде мен бара алмаймын. Жұмыстағы жобаның ашылуы болады. (Көңіл күйі түсіп.)
Мирас. Мейлі, ештеңе етпес, басқа күнге ауыстыра салармыз. (Жансаяны құшақтап.)
Пауза. Екеуі қайта жүре бастайды. Мирас үнсіз.
Жансая. Не болды?
Мирас. Не «не болды»?
Жансая. Бірдеңе болған секілді.
Мирас. Бәрі жақсы деймін.
Жансая. Жоқ, сенің үнсіздігің бөлек.
Мирас. Қандай үнсіздік?
Жансая. Сен өтірік қуанғың келген кезде осындай түр жасайсың.
Мирас. Бәрі жақсы, шын айтам.
Жансая. Жоқ, сен мен «өзіңді мұңайып тұр» деп ойламас үшін өтірік осылай істейсің.
Мирас. Мүмкін. Бірақ қазір мен қуанып тұрмын. Біз Magnum-да қалып қалдық. Сен қасымдасың. Басқа не керек. Оған қоса сен менің көңіл күйімді аңдып отыруға міндетті емессің.
Жансая. Иә. (Пауза.) Бірақ мен сенің маған барлығын айтқаныңды қалаймын.
Мирас. Мысалы?
Жансая. Білмеймін ғой, мысалы менімен әлемді аралағың келмейтінін.
Мирас. Түуу, басталды.
Жансая. Жоқ, сен мені «сенікі эскапизм» деп кінәлайсың.
Мирас. Ол не тағы?
Жансая. Іш пыстырарлық өмірден қашу.
Мирас. Ол енді өтірік пе?
Жансая. Өтірік емес, бірақ сен мені сол үшін кінәлайсың. Бірақ мен әлемді көргім келеді. Мен екеуіміздің бірге көргенімізді қалаймын.
Мирас. Ол да болады... бұйырса.
Пауза.
Жансая. Сенің осы сөзің бар ғой...
Мирас. Енді ертең кім бар-кім жоғын білмейміз ғой.
Жансая. Жоқ, ол сенің келісімшатрттағы кішкентай әріптермен жазылған, жауапкершіліктен қашу әдісің. Бұйырса! Бұйырса тауға шығамыз, бұйырса шетелде тұрамыз, бұйырса үйленеміз. Бұйырса, бұйырса, бұйырса!
Мирас. Енді, бәрі құдайдың қолында ғой.
Жансая (сәл сабырға келіп). Мирас...
Пауза.
Мирас. Жақсы дегенің болсын, ұрыспайықшы тек. Одан да маған эскапизм жайлы айтып берші.
Жансая. Айтпаймын.
Мирас. Адам өз-өзінен қашып кете ала ма?
Жансая. Қашып кете алсам қайтпексің? Мүмкін мен өзімді әлі таппаған шығармын. Сен саяхаттың адамды қалай өзгертетінін білмейсің.
Мирас. Мүмкін мен өзгергім келмейтін шығар. Өзімді Ирландияның жағалауынан немесе Париждің Монмартрінен табатыныма күмәнім бар.
Жансая. Ал сен Монмартрда болып көрдің бе?
Мирас. Жоқ.
Жансая. Онда, үндеме! Кейде өзге жаққа, өзіңді қайта көру үшін өзіңе жаңа адам болып оралу үшін барасың.
Мирас. Мен де саяхаттауды сүйемін.
Жансая. Иә, бірақ сен саяхатқа сенбейсің. Сен үшін ол тек... Сен үшін ол маңызды емес.
Мирас. Бәрі өз ретімен болады.
Жансая. Болмайды, біз мәңгі жас болып қалмаймыз. Ертең қартайғанда алжып жүріп саяхаттағанның не мәні бар?
Мирас. ...Онда сені жыл сайын шетелге апаратын жігіт тауып ал.
Пауза.
Жансая. Кім біледі, тапсам тауып алармын. Сені де ешкім ұстап тұрған жоқ.
Мирас. Білемін.
Пауза.
Мирас. Мен, сен үшін өзімнен асып түсуім керек пе айтшы?
Жансая. Сонда өзіңмен-өзің болуға мен кедергімін бе?
Мирас. Сұраққа сұрақпен жауап бермейді.
Жансая. Таяқтың екі ұшы емес пе. Сенің маған деген көңілің мен өзіңе деген көңілің.
Мирас. Мүмкін... мүмкін мен жай ғана қорқақ шығармын. Бұл құдды бір ойын секілді. Махаббат шеңберінің ішінде екі адам, егер кім өз еркімен шығамын десе шеңбердің ішінде қалған адам ұтылады. «Олар-бізді-сүймеуі-мүмкін» неткен қорқынышты үкім.
Жансая. Өзіңнің алдыңда әлденені мойындау да — ерлік!
Мирас. Иә.
Баяу ән қосылады.
Екеуі сөреден клоундардың басына тағатын заттарын алып бір-біріне кигізеді, қызыл мұрнын, басқа тағатын шашақ, т.б.
Мирас. Мен сені жақсы көремін.
Жансая. Мен де.
Жарық сөнеді.
Сахнада сөре реттеуші. Үстінде қызыл жилеткасы бар, құлағында құлаққап. Сөрелерді жинастырып жатып, ақырын билей бастайды. Ән Махаббат жайлы бірақ көрермен әнді естімейді, ыңылдап айтып, қимыл қозғалыстары ебедейсіз, күлкілі, бірақ еркін.
Біраз билеп жүргеннен кейін көрермендерді көріп қалады.
Сөре реттеуші. Не қарайсыңдар? Билеген адам көрмедіңдер ме? (Куклалар мен ойыншықтар тұрған сөрені реттеп жатып.) Осының бәрін кім шашып кетеді. Ақыры алмайды екен, несі бар тиісіп.
Жұмсақ ойыншықтардың арасынан пілді алып, біраз қарап тұрады да қайта сөреге қояды да, кетіп қалады.
Диспетчердің дауысы. Құрметті сатып алушылар, барлық қассалар қайта ашылды.
Сахнада қайтадан, Жансая мен Мирас.
Екеуі кассаға жаққа қарай баяу жүріп келеді, әркім өз ойына беріліп, әлдене жайлы ойланып.
Жансая. Мен саған ренжімеймін, тек қорқамын. Ертең келін болсам қайтем. Мен тұрмыстан қашпаймын, бірақ кейде ерте емес пе деп те ойланамын.
Мирас. Білмеймін, белгілі бір жасқа жеткен соң бәрібір үйленуің керек секілді.
Екеуі бір-біріне емес, алға қарап, басқа бір адамға айтып жатқандай.
Мирас. Құдды бір кешке таман қарның ашып, алайда не жейтініңді білмей, сөйтіп, жабылғалы жатқан дүкенге келгендей.
Жансая. Иә сосын, сөрелердің аралап жүріп, уақыт қанша болды деп сағатқа қайта-қайта қарап, қорқа бастайсың.
Мирас (диспетчердің дауысын келтіріп). Құрметті сатып алушылар 5 минуттан кейін дүкен жабылады.
Жансая. Сосын, амалсыз таңдау жасайсың.
Мирас. Жай ғана жақсысын таңдау жеткіліксіз.
Жансая. Мінсіз таңдау жасай алмайтыныңды да білесің, дегенмен қателесуден де қорқасың.
Мирас. Негізі, дүкенге ертерек келсең іздеген затыңды асықпай тапсаң да болар еді.
Жансая. Бірақ оған қолың тимейді. Өйткені сабақ, сосын жұмыс, оған қоса өз-өзіңді де түсінгің келеді.
Екеуі қол ұстасады.
Кассовый аппараттың шиқылдаған дыбыстары естіле бастайды.
Мирас. Сөйтіп, жабылғалы жатқан кассаға, осы жарап қалар деп, қолыңа іліккенімен тұра қаласың.
Жансая. Және үйге жеткенше өз таңдауың көңіліңнен шықпай қалуы әбден мүмкін.
Мирас. Сол үшін үйге қарның аш қайтқан дұрыс шығар.
Кассовый аппараттың шиқылдаған дыбыстары жиі есіледі.
Екеуі бір-бірінің қолын жіберіп, екі кассаға кетеді.
Жансая айнаның алдында бояуын кетіріп. Үстінде пижама. Беріректе үстел қасында Әлия, қайшымен журналдағы суреттерді қиып алып «Карта желаний» жасап отыр.
Жансая. Білмеймін, Әлия, мен шаршап тұрмын, үнемі-үнемі шаршап жүремін.
Әлия. Жақында ғана отпусктан келдің емес па?
Жансая. Иә... енді қайтадан жұмыс.
Әлия. Айтпақшы, жұмысың қалай, қалатын болдың ба?
Жансая. Иә, қазір жұмыстан кетсем аштан өлетін жайым бар. Жақында біздің бөлімдегі менеджер қыз тұрмысқа шықты, тойға бару керек енді, маған қыз жолдас боласың ба дейді, мен бас тарттым.
Әлия. Менің тойымда сондай әдемі болдың. Жігіт жолдас сені әлі сұрайды.
Жансая. Ол әлі үйленбеген бе не?
Әлия. Солай сияқты... Мирас қалай?
Жансая. Жүрген шығар...
Әлия. Жап-жақсы бала еді. Екеуің жарасатын секілдісіңдер.
Жансая. Иә, бірақ мәселе онда емес.
Әлия. Сені түсініп болмайсың, біресе, анау дейсің, біресе, мынау дейсің.
Жансая. Енді қайтем, менің жұлдызым сондай...
Пауза.
Әлия. Ал менің жұмысқа шыққым келеді.
Жансая. Екі баламен ба?
Әлия. Мһм...
Жансая. Ал мен өзімді, керісінше, үйде отырған келін ретінде елестете алмаймын.
Әлия. Мен де...
Жансая. Меніңше сен керемет анасың. Керемет жарсың.
Әлия. Қайдағыны айтпашы.
Жансая. Жоқ, шынымен, мен сенің істеп жүргеніңе қараймын да, өзімнен ондай шықпайтындай күмәнданам.
Әлия. Шығады, тек сен оны өзің де білмейсің.
Пауза. Жансая басына орамал тартып, айнаға қарап.
Жансая. Білмеймін, дегенмен қорқынышты. Батылдық керек...
Әлия. Бәлкім...
Жансая. Ақымақтық та жоқ емес шығар.
Әлия. Ол да мүмкін, он сегіз жасымда еш нәрседен қорықпайтын, десе де ессіз едім. Алайда қалай болу керек болса, солай болды.
Жансая Әлияның қасына барып суреттерді қарай бастайды.
Әлия. Балалы болғанға дейін, кейбір әйелдердің бала көтеруге асықпаңдар дегенін естігенде түсінбей қалатынмын. Ал қазір... кейде анама қараймын да. Балаңды қалай тәрбиелесең де, ол кейін өскен соң сені бәрібір кінәлайтын секілді.
Жансая. Мен кейде анамның өмір жолын қайталаудан қорқамын.
Әлия. Сенің анаң бақытты көрінеді.
Жансая. Иә, ол жұрт оны бақытты санау үшін бәрін жасайды.
Әлия. Ал сен ?
Жансая. Не мен?
Әлия. Сен бақыттысың ба?
Жансая. Білмеймін, оны ертең сұрашы... Біреу менен қай жерде тамақтанған ұнайды десе, бөлмемді қандай түске бояғың келеді десе, қандай кітап алғың келеді деп сұраса, жауап бере аламын, бірақ бақыт жайлы тіпті өз-өзіммен сұрауға құлқым жоқ.
Әлия. Ал мен бақыттымын. (Пауза.) Яғни... менің бақытты болмауыма еш себеп жоқ. Денім сау, күйеуім жақсы, жағдайымыз жаман емес. Әрине, үйде отыру, бала бағу – оның бәрі оңай емес, тіпті екіншісін босанғаннан кейін жынданып кетем деп ойладым, бірақ мен өзім ойлағаннан да төзімдірек екенмін.
Жансая. Сол үшін сен жақсысың.
Әлия. Ал сен ше, жақсы емессің бе?
Жансая. Жоқ, мен... саған жетпеймін.
Әлия. Өтірік айтасың.
Орнынан тұрып бөлмені жинай бастайды.
Әлия. Шынымды айтсам, сенің мені мақтағаның маған ұнаймайды, мен өзімді, неге екенін, ыңғайсыз сезінемін.
Жансая. Неге?
Әлия. Сен мені аяйтын секілдісің
Жансая. Мен сені не деп аяймын.
Әлия. Білмеймін, мүмкін, мен сен секілді еркін бола алмағаным үшін, оқымағаным, жұмыс істемей үйде қалып қойғаным үшін.
Жансая. Қайдағыны айтпашы.
Әлия. Қайдан, білейін, мен өзімнің күйімді жаман дей алмаймын, тек өзіме көңіл бөлуге уақытым көп емес, ал сен өзің білесің, қыдырасың, білмеймін, мүмкін мен ана болудың қадірін білмейтін шығармын.
Жансая қасына барып құшақтайды.
Жансая. Жоқ, олай айтушы болма.
Екеуі айнаға қарап біраз отырады.
Жансая орнынан тұрып.
Жансая. Білмеймін... Әлия, мен сені аяйтын хәлім жоқ... Білесің бе, кейде отырып маған біреу көйлегің әдемі десе екен деймін... Еш нәрсені уайымдама десе... Тіпті маған не істеу керегін, нені ұнатып-ұнаптау керегін, қандай тамақ жеу керегін, қандай әндер тыңдауды... Осының бәрін өзім таңдаудан, үнемі шешім қабылдаудан кейде сондай... Ал кейде мына біздің қоғамға жыным ұстайтыны сонша — бәрін тастап, көшіп кеткім келеді.
Осы сәтте есікте қоңырау соғады. Әлия барып есікті ашады, келген адам сөре реттеуші жігіт бірақ бұл жолы доставщик кейпінде (Glovo, Yandex) арқасында үлкен төртбұрыш қорабы бар. Әли тамақты алып есеп айырысады.
Әлия. Тамақ келді, жүр, шай ішіп отырып, асықпай айтып бересің.
Жарық сөнеді.
Тау, орман арасы.Үш жігіт шоққа кәуап әзірлеп отыр. Кешкі уақыт, айнала қараңғы, тек оттың жарығы.
Мирас, Сағи, Дидар үшеуі отырып әркім өз бетінше ойланып отыр. Бір-бірін тыңдап не бір-бірінің бетіне қарап та жатқан жоқ. Ауыздары қозғалыссыз, тек үшеуінің дауыстары ғана естіліп тұр. Әркімнің ішікі ойлары, бірінің үстіне бірі жағаласып шығып жатыр.
Мирас. ...Жігіт пен қыз, еркек пен әйел. Иә, бұл — мәңгілік мәселе.
Дидар. ...Ақша жағынан қамтамасыз етіп тұрамын.
Сағи. ...Кейде өз-өзіңді құрдымға өз қолыңмен сүйрейсің. Я құдайым, нәпсіме жеңдіре көрме.
Дидар. ...Сосын кетемін. Астанаға жұмысқа. Түсінеді сол кезде қадірімді.
Мирас. ...Қанша жерден ұрыс-керіс болсын — оның бәрі, бәрібір махаббат. Кешкі серуендер. Ал менде ғаламтордағы меңіреу хаттар ғана.
Кенет кәуапты айналдырып отырып темірін түземекші болған Мирас қолын күйдіріп, тез тартып алады.
Дидар. Айттым саған, ана немен тартып шоғын сындыр дедім.
Мирас. Немен?
Дидар. Көсеуді көрсетіп. Әне жатыр ғо.
Мирас. Енді не ол? Атын айтсаңшы.
Дидар. Атын не дейтін еді?
Сағи. Соны да білмейсің бе?
Дидар. Сен білсең, айтшы ал.
Сағи. Айтпаймын.
Дидар. К..к..к-ден басталады әйтеуір. Ка...Ке...
Мирас. Касабланка... Кастет...
Дидар. Тұра тұршы шатастырмай.
Сағи. Білмейсің.
Дидар. Жарайды ал, білсең, сен айтшы.
Сағи. Қысқаш,
Мирас. Ой, кетші-ей, қайдағы қысқаш, ол басқа нәрсе.
Мирас көсеуді алып кәуаптың шоғын қозғай бастайды.
Пауза.
Сағи. Мирасқа. Ал сен ше? Сен білесің бе?
Дидар мен Сағи Мирасқа қарап қалады.
Мирас. Кочерга!
Дидар мен Сағи келеке ете күліп жібереді.
Дидар. Сені арамыздағы кішкене ауыл көрген ғой деп жүрсек...
Мирас. Мен ауылда бес жасыма дейін ғана болғанмын.
Сағи. Зато сенің ауылың болды.
Дидар. Ал біздің ауылда туыстардан ешкім қалмады.
Сағи телефонын алып ғаламтордан іздей бастайды.
Сағи. Таптым. Көсеу!
Дидар. Аа, айттым ғой К-ден басталады деп!
Мирас. Бәрібір көсеу мен кочерганың қандай айырмашылығы бар?
Сағи. Заттарды өз атауымен атаудың қандай мәні бар?
Дидар. Меніңше, көсеудің атын ұмытпау керек.
Мирас. Оның несі ұят? Біз күнде көмір тасып пеш жағып жүрген жоқпыз.
Дидар. Ол да рас, бірақ қазір сенің қолыңда тұрған не? Көсеу. Оны көсеу деп атау керек.
Сағи. Меніңше, қысқашты да ұмытпау керек.
Дидар. Иә, қысқашты да ұмытпау керек.
Мирас. Жарты жылда бір рет тауға шығамыз, енді ғана қолыма көсеу алып отырмын. Осы уақытқа дейін кочерга, темір, тартқыш деп келдім. Неге бүгін ғана ұяттарың оянып қалды сонда?
Сағи. Ештен кеш жақсы.
Дидар. Білесің бе, Мирас (әдейі) мәселе сенің ол сөзді ұмытып қалғаныңда емес. Есіңде сақтағың келмейтінінде. Сенің жүрегіңнен өз ұлтыңа деген махаббатты көсеумен тартып шығару керек. Мәселе сенің деколонизацияға сенбейтініңде.
Мирас. Әне, қайтадан басталды. Осы тақырыпты қозғайтыныңды біліп едім. Қашаннан бері ондай болып кеткеніңді... қазір тіпті жоқ жерден оталатын болыпсың. Бас десе, көт дейсің.
Сағи. Құлақ!
Дидар. Қандай құлақ?
Сағи. Бас десе — құлақ.
Дидар. Вот!
Мирас. Жалпы, ол тақырыпты лажы болса қозғамай-ақ қойсақ. Әркім қай затқа сенемін десе – өз еркі. Мені бұлай ұялтатын сендер емес. Біз мұнда демалуға келдік, жігіттер, дискурс үшін емес.
Дидар. Бұл дискурс емес... бұл тіпті де дискурс емес! Мен тек сонша жыл бойғы досымның өмір жайлы, біз сүріп жатқан қоғам жайлы көзғарастарын білгім келеді. Өйткені кейде менің ішімде «сен өзіңді бізден жоғары қоятын сияқты» күдік болады. Әркім қай затқа сенсе өз еркі дейсің. Сонда сенің өмірлік ұстанымдарың қандай? Меніңше, талқылауға тұратын тақырып. Айтшы, маған қызық. Сонда біз неге сенуіміз керек?
Мирас (біраз үнсіз отырып). Қымбат үйге сен, машина мен жоғары жалақыға сен. Тойларға сен. Бізнесіңе сен. Имамдарға сен. Сосын мына жалған намыс пен ашынған патриотизмнен уақыт өте өзің де жалығасың. Ол сенің ішіңдегі намысың емес, орны толмаған комплекстерің секілді. Одан да кешке қонаққа барып бажаларыңмен тойотаның моторы жайлы әңгіме айт.
Дидар. Тойотаның моторына не болып қалыпты?
Сағи. Один Эм зет!
Мирас. Болды
Дидар. Сонда, ненің қадірі бар?
Мирас (шаршап). Жә, болды. Бәрінің қадірі бар. Мен жай айттым. Жеке басыңа қабылдама. Ұлттың арын сен-ақ арқалап жүре бер.
Дидар. Ақылсыну. Шетінен бәрі ақылды. Мен де ондай ақылды бола аламын. Бірақ шындығына келгенде өзің үшін не қымбатын айтып көрген емессің.
Сағи (Дидарға). Сонда, өзің неге сенесің?
Дидар. Мен... өзіме сенемін. Ата бабама, тағдырға, дәстүр мен қасиетке. Қанға сенемін. Кешегі күннің қасіретіне, сол қасірет бізді айналып өтпегеніне.
Пауза.
Мирас. Иә, оның бәрі — тарих, Дидар. Оны мен де жоққа шығарған емеспін. Қазір, құдайға шүкір, бәрі жақсы. Әркім өз күнін өзі көреді. Сенің әке-шешең аман. Қандай қасірет шегіп жүрсің?
Дидар. Ешқандай қасірет шегіп жүрген жоқпын, бірақ... білмейімін менің кейде әкем жоқ секілді.
Сағи. Сенің әкең тірі. Үшінші подстанцияда жұміс істейді.
Дидар. Иә, бірақ, мен одан көп табамын.
Мирас. Мұнда сенің әкеңнің жалақысының не қатысы бар?
Дидар. Білмеймін қандай қатысы бар екенін. Просто, көп табамын. Мәселе ақшада емес бірақ... Ол маған әлдебір шындық қарыз секілді, мен білмейтін шындық, бірақ оны өзі де білмейді, бәлкім.
Пауза.
Мирас. Ал мен күнде ерте тұрам, темекі тартамын, жұмысқа барамын, кешке келемін. Қайта темекі тартамын. Анда-санда тауға шығамын, киім сатып аламын. Сендерді көрем. Жаттығуға барам. Кредит жабамын. Менің өмірім осы. Егер менен неге сенесің деп сұраса... Мен құдайға сенемін деп айтамын. Кім біледі құдайға шын сенемін бе, әлде тек солай жауап беру ыңғайлы болғаннан шығар.
Пауза.
Дидар. Біз кімбіз сонда?
Мирас. Джеки Чанбыз?
Сағи. А?
Мирас. Есіңде ме, кезінде сондай кино болатын еді «Кто я?» деген. Сонда жадын жоғалтқан Джеки Чан африкалық тайпаның қолына түсіп қалады, сонда олар оның атын сұраса, ол «кто я?» деп жауап береді, сөйтіп, тайпадағылардың бәрі оны «Ктоя» деп атап кетеді. (Тастың үстіне шығып.) Кто я-я-я!
Сағи. Сен ақымақсың.
Мирас. Жоқ, мен чигачкукпын.
Дидар. Чингачкуктың кредиті жоқ.
Мирас (сарказммен). Есесіне рух бар. Намыс бар.
Сағи сағатына қарап.
Сағи. Маған намаз оқып келу керек еді.
Дидар. Машинада жайнамаз бар.
Мирас. Сенде жайнамаз бар ма?
Дидар. Жұмаға барғанда керек.
Сағи. Машшалла! Жарайды, мен барып оқып келейін.
Мирас пен Дидар екеуі жалғыз қалады.
Мирас ақырын сөмкеден темір фляжканы шығарып Дидарға ұсынады.
Дидар. Арақ па?
Мирас. Виски.
Дидар. Жоқ ішпеймін, за рулём.
Мирас. Сағи айдай салады.
Дидар. Жоқ, бүгін емес.
Мирас өзі ішеді.
Мирас. Сонымен не істейтін болдың? Жалғыз басты әке болуға дайындалып жүрсің бе?
Дидар. Білмеймін, сұрамашы.
Мирас. Айттым кезінде саған
Дидар. Иә, сен бәрін айттың. Өзіңнен басқа жұрттың бәріне ақылың жетті. (Пауза.) Неге екенін, мен үнемі сенің болашағың жарқын болады деп ойлайтын едім.
Мирас. Жетер, болды бүгін мен сенің отбасы институтың күйреп, ал менің қаржылық жағдайымның мүшкіл екенін айтпайсың. Бүгін бізде демалыс. Қарашы одан да! Қандай керемет. Тау-тасты аралап жүріп жоғалып кеткің келмейді ме осы сенің?
Дидар. Мен бала кезімде ешқашан тауға барып көрмеппін.
Мирас. Қайдан барасың, сенің тіпті ауылың да болмаған.
Дидар. Білмеймін, бірақ қатты күйзелген кездері тауға ұзақ қарап тұрсам, жаным байыз тапқандай болады. Ертең балам өссе, бірге тауға жиі шығып тұрғым келеді.
Мирас. Әумин.
Артынан Сағи келіп қалады.
Сағи. Әумин, әумин! Не айтып жатсыңдар?
Дидар. Жай, ештеңе сенің досың орамалға оранған қыз алам дейді.
Сағи. Әй, қайдам, орамал тақпаса да, әйтеуір, мұсылман болса, хайыры. Не болды, ет пісіп қалды ма?
Мирас пышақпен кесіп тексеріп көріп.
Мирас. Ортасы әлі піспеген.
Осы кезде арттарында үкінің дауысы шығады. Үшеуі жалт қарап үнсіз тыңдап қалады.
Мирас қалтасынан фляжканы шығарып ұрттайды. Оны Сағи көрсе де үндемейді.
Мирас. Ее, жігіттер. Жұлдыздарға қараңдаршы. Сағат, компас, календарь, синоптик бәрі төбеңде, өзіңмен әрдайым бірге. Тіпті сенің кім екеніңе дейін айтады табиғат.
Сағи телефонын ашып әлденелерді қарай бастайды.
Дидар. Иә, сенің де жұлдызың солардың арасында жүрген шығар.
Мирас. Мүмкін... әлде мен мен өз жұлдызымды өзімнің темірқазығыма айналдырып алғандаймын.
Сағи. Телефонынан басын алмай Иәә ол ауыр.
Дидар. Білмеймін, Мирас кезінде сенің осындай теңеулерің маған қатты өтуші еді, қазір тыңдап тұрып күлкім келеді.
Мирас. Шынымды айтсам, менің де күлкім келеді. Мүмкін өзімді солай алдаған ұнайтын шығар. Айналып келгенде бәріне өзім кінәлі болғандықтан.
Дидар. Иә, өз-өзіңді алдаудан саған тең келер ешкім жоқ.
Мирас. Айтқаныңа рақмет, өзім білмей жүр едім.
Дидар. Оқасы жоқ.
Сағи. Дидар, не болды саған, мазаң кетті ғой.
Дидар. Маған не болушы еді? Досыңа айтсаңшы.
Мирас. Жоқ, мен ренжіп тұрған жоқпын, Дидар. Тек ішімдегіні сендермен бөліскім келген.
Дидар. Психотерапевт келесі кабинетте.
Пауза.
Мирас. Ал сен өзіңді ешқашан алдамаймын дегің келе ме?
Дидар. Алдасам, алдайтын шығармын, бірақ, маған шынымды айтсам, бәрібір. Өзіңді кешіру, тану, өз-өзіңмен сырласу, психологиялық травмалар... Осының бәрі маған жат.
Сағи. Сенің травмаларың жоқ па сонда?
Дидар. Бар шығар... әрине, бар. Бірақ мен ондай адам емеспін. Терапевтке барып керемет болып кете қоймаспын. Мен өзімді тапқан адаммын. Жігіт деген анық басып жүруі керек, жақындарыңа қамқор болу, ақша табу. Құдайдың қалауымен бәрі болады. Ал гештальд-мештальдарыңды өздеріңе қалдырыңдар. Менің терапиям міне (айналасын көрсетіп) тау-тас, табиғат!
Мирас. Кім жаңа маған өзін-өзі алдау жайлы атып жатқан?
Дидар. Кешір, Мирас, бірақ сен менімен өзіңді салыстырма. Сен менің өмірімді сүріп көрген жоқсың.
Мирас. Өмір сүру деген сонда өзіңе ұнамсыз кәсіп істеп, әйеліңді жек көріп, әке-шешеңнен қорқып өмір сүру ме?
Дидар. Иә, сол... Ал сен тек қателіктерден қашып жүріп, өзгелерді сынау үшін өзіңе ыңғайлы үңгір тауып алғансың. Ақылыңа сөз жоқ, бірақ сол білімнің бәрін өмірге тіке қарай алмағаныңды ақтап алу үшін секілді. (Пауза.) Мектепте бізде Оралхан деген математикадан берген ағайымыз болатын. Барлық оқушылар тіпті арасында математиканы жақсы көрмейтіндері де әлгі ағай үшін сабағына асығатын. Сол ағай бірде сабақта есеп жасырды. Қиын есеп. Ешкім жауап бере алмады. Сынып үнсіз, мен қолымды көтердім, көтердім де ойыма келген алғашқы затты айттым, бүкіл сынып менің қате жауабыма күліп жіберді. Ақымақсың ба дегендей. Сонда ағай: «Мүлдем жауап бермегеннен, тым болмаса қате жауап берген жақсы», — деді. Сол үшін мен өз қателіктерімді ойлап өкінбеймін.
Мирас. Енді сен өзіңді ақтап алып жатырсың. Құдды бір тағдырың өз қолыңда емес адамдай.
Сағи. Ал сенің тағдырың өз қолыңда ма?
Мирас. ...Жоқ. Бірақ мен досың айтпақшы өзімнің бейшаралығыма тіке қарағым келеді.
Дидар күліп жібереді.
Дидар. Сен бе бейшара?
Пауза.
Сағи. Болды, жігіттер... сабыр... кәуәп күйіп кетті. Бәрі жақсы болады, иншалла.
Алыста орманда ағаш құлайды, алыстан бір пілдің дауысы еміс-еміс естілгендей болады.
Мирас. Кешір, Дидар. Сенікі рас. Қазір саған да оңай емес білемін. Уайымдама. Бұйырса, ертең мен де үйленем, қарыным шығады. Шашым ағарып, баламның сөмкесін арқалап, әлі-ақ өздеріңмен бірге келесі жазда қайда демалу керегін жоспарлап отырамын.
Дидар. Бұйырса.
Мирас. Сенде де бәрі жақсы болады, досым.
Дидар. Әрине...
Үшеуі кәуапты оттан алып, бір-біріне күле қарап әңгімелесе жей бастайды.
Сахнаға сөре реттеуші жігіт шығады.
Үстінде тауға шығатын экипировка.
Сөре реттеуші. Сіздер піл көрмедіңіздер ме?.... Қап. Бағана осы жақтан дауысы шыққан секілді еді.
(Шаршап, сөмкесін шешіп, ұзақ ойланып отырады. Кенет орнынан тұрып.)
Сіздерге бірнәрсе айтайын ба? Сіздер, өмірде пілдердің үйірін көрдіңіздер ме? Зоопарктегі пілдер емес, еркін, шынайы пілдер.
(Пауза.)
Болашақ!
Болашақ кейде сол, алыстан сағымданып көрінген пілдердің үйірі секілді мен үшін.
Асықпай, ерініп басқан, алпауыт, қырсық пілдер.
Сен олардың артынан қуасың ал олар жеткізбейді.
Олар жалпақ құлақтарын желпи қаққан сайын аспанға қалқып, дәл осы тұсқа, дәл біздің қасымызға, ұшып-ақ келетіндей.
Бірақ келмейді әлгі пілдер. Олар келмейді. Олар тіпті бұл жақты мекендемейді де.
Біздің бала арманымыз, үмітіміз бен қорқынышымыздың пілдері. Болашақ бізге уәде еткен пілдер. Кішкентай кезімізде нағашы атамыз сүндет тойда атап, кейін ұмыт болған тай секілді. Ертең есейгенде, үлкен болғанда, осының бәрі сенікі болады! Үлкен бір даңғыл жол.
Жылдар бойы ілгері ілбіп басып, өзіңді қамшылайсың келіп, әлдебір маңызды, қол жетпес затқа асығасың да, ақырында бәрінен құр қалдым ба деп қорқасың. Әуелбастағы тік мінез батыл ойларың, кенет өткенге жалтақтай бастайды. Сол ойларың асу-асу жылдардың жадыңда, тағдырыңның таңбалы тастарындай қалып бара жатқанын көресің. Заңғар шыңдарды бағындырамын деп жүріп, шүбәлі сәттерге шырмалып, күмәндеріңнің сай-саласында адасасың, дегенмен жол тауып шығасың. Еңсерген қай биігім менің ақырғы шыңым болды екен дейсің. Бәрі өз ретімен жүріп жатады. Бірақ та... жастық деп атай алмайтын жылдардың даңғаза жаңғырығынан сонда да айықпайсың. Өзіңе мойындағың келмейтін бір сүркей үрей... Сосын, не керек, өзіңді... өзіңмен қоса жақындарыңды ешқайда қалдырып кете алмайтыныңды біліп, жұмыс істей бересің... істей бересің...
Тыныштық кенеттен оралса,
Төзімді қай жерден сұрарсың?
Балалық — сағымдай жоғалса
өзіңді сағынған шығарсың.
Сезімге сәттерді аясаң,
Жүрегің алдында ақталмай.
Өзіңнен басталған саяхат,
Өзіңе апара жатқандай.
Сіздер пілдердің жылай алатынын білесіздер ме?
Олар да қайғырады.
Не деп қайғырады? Қалай қайғырады? Менің болашағымның пілдері...
мен деп жылайтын секілді. Мен оларды ұмытты деп жылайды білем.
Менің бала жанымның өз-өзін сағынып жылайтынындай.
Шымылдық.
Айжарық Сұлтанқожа – ақын, аудармашы, драматург. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. 2016 жылы Сүлеймен Демирел атындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. «телеграмма қабылдап алыңызшы» атты өлеңдер жинағының авторы.