Данила Тоқтасынова

254

Адамның өткінші сезімі өмірлік өкінішке әкеліп соғуы мүмкін: Алишер Рахат «Махаббатым — constant»

Адамзаттың өңсіз сұр тіршілігінде әдебиет пайда болғалы мәңгі жырланып, талайларды тамсандырған, талайларды толғандырған тақырып — Ұлы махаббат емес пе еді? Алайда кейбіреулер: «Бүгінде көріп-естіп, оқып жүрген махаббат бұрынғы Махаббат емес. Қазіргінікі тек әр гүлдің дәмін татып, лайк пен “внимание” жинаумен әуре болып жүрген әлеуметтік араның жұмысы секілді» дейді. Дәл осы пікірге қарсы аргумент ретінде Алишер Рахаттың «Махаббатым — constant» романын ұсынғым келеді. Бір көз жүгіртіп оқығанда ХХІ ғасырдағы адамдардың шын сүйе алмайтындығын дәлелдейтін туынды болып көрінгенімен, терең бойлай алған адамға шығармадағы басты мәселе махаббат емес, адамдардың тұрақсыздығы болып беріледі. Махаббат — сол баяғы бәз қалпы сезімдердің ең ұлысы болып қалғанымен, адам мінезінің, ойларының, қалауының тұрақсыздығы шын сүюге бара жатқан жолдан тайдыратын кедергі деп көрсетіледі. Автор заманның секунд санап құбылып, адамның «өзгеріске бейім болуымыз керек» деп ұрандауы шынайы көңілдің түбіне жетіп бара жатқандығын; қыс қамын ойламайтын, жазды күні ән салумен болатын шегіртке іспеттес рахатқа батып, бір күндік ләззатын сатып алатын жастардың пәлсапасын түсіндіруге тырысады.

Сюжет. Автор Ерасыл есімді жас жігіттің өксікке толы өмірлік тәжірибесінен сыр шерте отырып бүгінгінің «модерн махаббатын» егжей-тегжейлі сипаттайды. Бала күнінен ата-әжесінің қолында өскен кейіпкер ата-анасынан бастап сүйген қызына дейін жасандылықты көріп жиреніп, адам атаулыдан көңілі қалған кейіпкер бейнесін жан-жақты ашып көрсетеді. 

«Кейде адалдығын сақтамақ ниетпен бастапқыда ғашық болғаны үшін қарым-қатынасты бұзбауға тырысып, бойжеткеннің ығына жығылатын. Не айтса, соны істейтін. Бірақ, керісінше, солай қарағаны сатқындықтан екі есе ауыр секілді еді. Өйткені біреуге деген адалдығы, өзіне деген шынайылығымен үйлеспей, бәрі өтірік болар еді: сөз де, күлу де, сүю де, сыйлық та…»

Қытайдан келген тауарларды сататын менеджер болып жұмыс жасайтын кеңседе, Элина есімді ақтаулық ару келгенге дейін, Ерасыл өткен өмірінің елес естеліктерінен қашып жүреді. Барлығымызға белгілі, қашқанмен проблемалар көбеймесе азаймайды. Оқиға шиеленісіне келгенде Элинаның ең үлкен қорқынышы Ерасылдың елес естеліктеріне қосылып, шұбар жыландай екі жасты арбауына түсіреді. Сюжетті айдаладан айналшықтап, шет-жағасын ғана айтып отырғанымның себебі: Алишер романның орта беліне дейін Ерасылдың басынан өткергенін айтпай сары майдай сақтап отырады да, ортасынан аса бергенінде оқырманнан тығып отырған күзір-картасын бомба сияқты тастай салады. Жазушы мұның бәрін жоспарлап жасағандықтан, оның алдын орап сіздерге романда не болатынын айтқым келмей отыр. 

Көтерілетін мәселе. Жалпы, романда қазақ халқының жиырмасыншы ғасыр аяғында, жаңа ғасыр басында нендей тіршілік кешкенімен қоса, Алматы қаласының жастарының бәріне таныс, бәрі басынан өткеретін ең қарапайым оқиғалар баяндалады. Сонымен қатар, бүгінде өзекті, бір ұлтты кері тартып отырған, адам жанына түсетін айықпас дертке айналған проблемалар да айтылады. Мәселен, жігітке күйеуге тимей аяғы ауыр болып қалатын немесе әйелі бар екенін білмей алданатын ару; отбасы құрудан қорқатын немесе жауапкершіліктен қашатын жігіт; толық емес отбасында өсетін өмірге өкпелі бүлдіршін немесе бір адамның махаббатына тоймай көшедегі әр пендені қаратқысы келетін қомағай пендешілік; жан баласына ішіндегі атомдық жарылысты түсіндіре алмай жалғыздан-жалғыз бықсып, өз түтініне тұншығатын немесе өзінің іштей сөніп бара жатқандығын көре тұра ештеңе жасай алмайтын сорлылар жайлы айтылады.

Конвенциялар. Алишер Рахат (Айтуар) — 1995 жылы 11-қаңтарда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «кинотеледраматургия» мамандығын бітірген. Д.Исабеков, С.Балғабаев секілді Қазақстанға еңбегі сіңген жазушылардан тәлім алған жас жазушы.

Қаламгердің туындысымен танысуым осы роман болды. (Қаламгердің осы романы арқылы шығармашылығымен таныстым.) Автор (дың өзі де) бас кейіпкері Ерасыл секілді шынайылықты тым қатты бағалайтыны бірден байқалды. Ешнәрсені де, ешкімді де көркемдеп, әдемі етіп көрсеткісі келмейді. Керек жерінде өз кейіпкерлерінің әрекеттерін өзі түсіне алмағандай өзіңе сұрақ қояды. Көбіне ойды аяқтамай, етістіктерін көсемшемен бітіре салады. Жиі әдеби құралдарды қолданудың орнына көпшілікке таныс салыстыруды қолданғанды ұнатады. Кейде оқиғаны Ерасылдың атынан жас жігіттің көзімен баяндаса, кейде Элинаның атынан, бойжеткен психологиясымен көрсетеді. Мұның барлығын жазушы оқырманның қандай жаста болмасын, қандай маман болмасын, таным көкжиегі қандай деңгейде болмасын түсінуіне жеңіл еткісі келіп жасағаны (болғанын қалаған) ғой деймін. Әрі, жоғарыда айтқанымдай, ақиқатты, ешбір бояусыз өмірді қағазға риясыз етіп түсіруді мақсат еткенінде(еткен) деп білемін.

Бұнымен (Оған) қоса Алишер тек заманауи шығармаларда ғана кездесуі мүмкін сөздерді пайдаланады.

«Домино принципімен», бір құлаған сенім өзімен бірге талай сенімнің құлдырауына әкелетіндей».

«Кәмиланың жасандылыққа беріліп кететіні…Әркімнен бір қашып, ерігіп жүрген қызыл телпек мінезі…Ойын-сауық орталықтарында жүргенде жанынан жігіттер өтерде жөнсіз жымиятыны…»

«Ерекең ертеңгі күні екеуінің қарым-қатынасы қалай боларын ойласа, солқылдаған миында #error шығып, жауап бере алмайды».

Пікір. Бірде группаласым «Нағыз махаббат туралы, жан-дүниемнің түгін қалдырмай талқандап тастайтын адам сезімінің құдыреті жазылған шығарма айтшы. Сондай бар ма өзі?» дегенінде бірсыпыра әлем классикаларының туындыларын тізіп бергенмін. Ол болса басын шайқап «олардан таппадым” деген болатын. «Онда білмедім» дедім де, мен де жүре бердім. Бұл тақырып аса қызықтырмаған соң ба, оның сол кездегі сұрағының тереңдігіне мән де бермеппін. Қазір қарап отырсам, әр адамның дүниеге шыр етіп келе сала іздейтіні махаббат екен: ананың махаббаты, әкенің махаббаты, досыңның махаббаты, сүйіктіңнің махаббаты т.с.с. Әйтеуір кейбір бақытты жандар талмай іздеп, соған жетеді ғой. Ал енді біреулеріне ондай ұлы сезім бұйырмай қалып жатады. Соған көндіккілері келмей көрінгенді «өмірлік серігім» деп қалып, сүрініп те жатады. Алишер Рахаттың «Махаббатым — constant» романында да әр оқырман сол шынайы махаббатты еріксіз іздеумен болады деп ойлаймын. Камиланың, Беріктің, Русланның, Лилияның образдарынан құсқылары келгендері сондай — сүю жолында адасудың, адамның сезім деп жүріп анайы әрекеттерге баруына іштей анализ жасап, қайталамауға тырысады деп үміттенемін.

Данила Тоқтасынова

Данила Тоқтасынова — жазушы әрі сыншы. 21 жаста, Жамбыл облысында тұрады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тамамдаған. Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Әдеби сын» аталымында.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon