Дактиль
Нұртай Мәжит
Сенен лалагүлдерінің иісі аңқиды,
мен оның жұпарын жұтып көрмегем.
Сенен ауыл түндерінің самалы еседі,
арманымдай аңсаймын күнде мен.
Сені жоғалған ғарышкердің өміріндей көремін
ғарышта күн кешу — мәні бар өмірге ұқсас.
Сені «беймәлім сәуле» деп білемін
сүймесе бояуы санаға жұқпас.
Сен — қарақшы көздерден қорғалған қазынасың
махаббат аралында мәңгілік мекенің.
Ешкім оқымайтын кітаптың парағына жазылғансың
мен жазылмаған шығармалар қадіріне жетемін.
Сенен дала гүлдерінің жұпары аңқиды,
мен сені жақсы көремін...
күрсіде әлдебіреу тербеліп отырып
балаң ойларымды қайталайды
«мен сені шексіз сүйемін»
«мен саған риясыз сенемін»
құдайым
төменде бұлақ сыбырлайды
төбеде жоспарсыз жұлдыз.
санамда қайғым жыбырлайды
«біз тағдырдың қуыршағымыз»
күрсіде біреу жан дәрмен айтады дәріс
ауызынан төгілген әр әріп алтын.
түсімде дұға ма, күбір ме беймәлім дыбыс
алпыс екі тамырымды суалтып жатыр...
сенетін секілді боламын бірде
сөнетін секілді боламын бірде.
көзімді ашып қалсам:
айналам толған мүрде.
олар да сенген шығар.
күрсіде біреу күрсілдеп,
тәкәппарлығы түбіне тартты.
мен:
иланып тұрмын,
қиналып тұрмын,
ол меңзейді табыт жақты.
күрсіде біреу әндетеді ылғи,
ылғи оның үкімі үстем.
өңім мен түсіме есік ашады ол
тылсым күшпен...
Күнәсіз күндерімнің
кінәлі қолға түскен естеліктері!
Сендерді ескі деп санау маған да қиын.
Бос күліп жүріп,
Ойлап кетемін кешкілік нені?
Дейтіндей барша ісім:
«Жаппар иеңе сиын!»
Ойларға жолсерік әжей,
қолымнан жетектеп жүріп,
Өкіну аялдамасына кетеді тастап.
Сағынсам суретке қарап кешемін маймылдың күйін,
Жылу мен жарықты білмей,
от жаққан тастан.
Хауа мен атамыз Адам,
күнәні тістерде не ойлап қалды,
Не суық, не жылы түстер елестеді ме оған?
Абыл мен Қабыл да болмаса мәңгі,
Естеліктермен өлтіру қалады маған.
Жаратқан құстардың қанаты сиқырлы күзгі ән,
Сермесе сарнайды сағыныш жұпары сәлкем.
Болашақ күндерге үмітім зор дейді Адам
Өткенді ойлаймын ал мен…
Жанып-өшкен пәтердің «отына» қарап
Сағынышпысың деймін де, өкініп қалам.
Сен тұрмысқа шықты деп ел айтып жүр ғой
Сенің сүймегенің де өтірік маған…
Өлтіріп болғам іштегі, жанның дерттерін
Өкінішімді қалдырып өзімді ап кеткенің.
Есімде емес, қалқам-ау, сүймеші деуің
Қалшы деудің орнына кешір деп пе едім?
Кешім өтпеді, жалғыздық, жаға ма жанға
Махаббат өрттен құралған, қаламаудан да.
Сені есіме салады Жайық толқындар
Есімді алып қалады жағалау ғана.
Бағалау керек деп еді кезінде алтынды
Сен кеткелі өзім жоқ, кезім бар мұңды.
Өмір деген — данагөй, сені іздеп жүріп
Сені таппай, үйрендім төзім табуды.
Көзімді іліп аламын, түсіме кел деп,
Сезімдер қалды шектеулі, өзімнен бөлек.
Сенсіз сенбеспін деп едім, сенімсіз қалдым,
Өштім дей алман. Сені… өшірдім, демек.
Мен келем дегенше,
Ендігі түндерің жалғыздық кеше ме?
Саған бақытты еселеп қайтару үшін,
Мен ауылыма кетіп барамын.
Біз кезіккен таулардың төсінде —
Сенің кішкентай етігіңнің ізі қалады.
Балаларымызға жыр етіп айту үшін,
Әр минут сайын сені есіме аламын.
Таксиде екеуміздің қоштасуымыз,
Қимастық деген сезімдерден асып өтті.
Білесің бе, сенімен түсініксіз достасуымыз
Ерінің мен көздеріңе ғашық етті.
Сенің тас жүрегің жібісе,
Бүкіл мұзды мұхит іштей кәлимасын оқиды.
Егер осы көктем сені көрмесем,
Құстардың қанаттары толқиды.
Сен бар қала көңілсіз бола ма екен?
Қандай бақытты Алматы кеші.
Ұзаққа ұшқан ұшағым қона ма екен?
Кетіп барамын ғой,
«Жақсы көремін» деші…
Қалтамда біздің музейге алған билетіміз —
Бір ересек,
бір студент.
Мен көрсін деп
жария еткен менің өлеңім де,
төс қалтамда.
Қастеев — тұңғиық.
Елітіп тұрады тіршілік толы түтін кеудеңді.
Қастеев махаббатын көрсетеді:
еліне,
жеріне.
Маған деген махаббатыңды
көргім келеді сенің де.
Сезіміңді суреттеп берші:
ісіңмен,
көзіңмен.
Сөзіңмен ең кемінде…
Қалтамда
сен қалдырған білезік жатыр.
Көзмоншақ,
қолыңды аңғасан қол.
Сөзді аңсап жүрген жүрек жатыр.
Ғазалым,
Ғашықтық дертінен,
Ғаріпке айналдым, аяшы.
Жүздесіп қалайық көзіңде
Он сегіз көктемің оянып.
Құрбыңа қарашы, көктемнің
Бар күнін өзіңмен өткізген.
Түсімді шарпиды от демің
Жаурадым, жасыдым көп күзден.
Дауысыңа құлағым тосамын
Әр әуен сағыныш сыйлайды.
Түнекте тауысып көз нәрін
Суретің санамды қимайды.
Ғажабым таусылды ғаламат
Қаламмын сиясы төгілген.
Қашқынмен — артыма қарамақ
Халім жоқ, қинама өтінем.
лек-легімен келіп жатыр адамдар
оны көруге.
тек төгілген жанардағы құмар
тәннің бойымен өрілген.
мыңдаған көрермендердің ортасында
сахнаға түсірілген жарық,
айнала бір сәт қараңғы...
сенің санаңда секіріп жүрген бақсы
бірдеңені сыбырлап қалады:
«...қандай ынтызар едің, адам
құба бел асып, шалғайға хабар қылсаң,
ну орманына тағатсыздан тұмсығыңды тығып,
тіміскіленген түлкідей жердің төсегін түріп,
ақ қояныңда тауып алсаң»
өзімді қоярға қойылым таппай,
қараймын,
қарайды олар маған.
«...тәнің қандай тәтті еді, мадам,
асау тай жұлқынып басып,
көзіңді сен маған сатшы,
мен саған аспан мен жердің
ортасын сүйгізем» п.с: Бақсы.
жазықсыз көздерім енді,
жарықсыз түнегімде енді,
қызғаныш алауын айнала басып,
билейді,
билейді келіп.
«...қолқаңа қолыңды салсам,
айнала ақ төсеніш,
қара отауыңды тапсам,
күтемін қапысыз қадам,
келсінші,
келсінші ақшам...»
Нұртай Мәжит — Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген (қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының). №33 Қ.Қайсенов атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі (Атырау).