Дактиль
Елена Клепикова, Ксения Земскова
Орыс тілінен аударған Бақытгүл Салыхова
Шағын мейрамхана иесі Арманға балық әкелген күн жаздың жайма шуақ таңы болатын. Ол қорапты ашты.
Балық өлекселерінің арасында су перісі жатыр. Бірақ су перісі ерекше екен, кішкентай, ұзындығы ақсеркедей. Сыртқы пішіні балықтан аумайды: қабыршақтары, қанаттары, құйрығы бар. Тек қана басы адамдыкіндей.
Арман көзін тарс жұмып алды.
— Сонымен, — деді ол, — жүйкем тозған сияқты, түкке жарамайды. Күйген майдың түтінін көп жұтып қойғандаймын.
Ол қорапты айналып өтіп, ішіне қайта үңілді.
Су перісі әлі сол жерде жатыр. Оның жүзі нәзік, бозғылт мөлдір терісі және күлгін бұйра шашы бар.
— Сусыз өмір сүре алмаймын, өлемін ғой. Оған қоса бұл жер суық, — деді ол көзін ашпай.
Арман аһ ұрып, тыпыршып кетті.
Балықтарға арналған аквариумға шлангы лақтырып, жылы суды қосып қойды.
— Қазір, қазір, — деді ол. — Біраз су құйып жіберейін.
Аспаз су перісін абайлап көтеріп алып, аквариумға салды. Су перісі қанаттарын қозғалтып, көзін ашты, Арман оның көзінен мұхиттың тұңғыйығын көргендей болды.
— Сен кімсің? — деп, таңырқағаннан тырп етпей қалды.
— Мен — Таймамын.
Су перісі аквариумды бір айналып, Арманның қасына оралды.
— Бұл жерге қалай тап болдың?
— Есімде қалғаны үлкен ау, онда балық көп еді. Ауды палубаға тартып, шығарып алып, балықшылар балықты жәшіктерге сала бастады... содан соң басқа ештеңе есімде қалмапты.
— Сізге қалай көмектессем екен?
— Сіз көмектесіп қойдыңыз. Суықтан тоңып өлуден құтқардыңыз, жылыттыңыз.
Аяқ астынан терезе ашылып, ас үйге қара бұлт еніп, күн күркіреп, төбеден қара жаңбыр құйып кетті. Арман шкафтың артындағы үлкен қолшатырын алып, өзін және Тайманы жауыннан қорғамақ болды.
Қара шалшық болып су жиналып, кейін ол қап-қара Зұлым Сиқыршыға айналды.
— Құтқарушыңды таптың ба? — деген бейтаныс дауыс естілді.
— Не болып жатыр? — деп сыбырлады аспаз.
— Зұлым сиқыршы, яғни менің әкем келіп қалыпты ғой, — деп, су перісі аквариумның бұрышына тығылды.
— Балық мейрамханасы, қолшатыр астындағы аспаз, — деп күбірледі бейтаныс адам, — тыңда, Қолшатыр Балық. Мен бұл жерді сиқырлап тастаймын! Бұл жерде елсіз аралдағы Робинзон Крузо сияқты отырасың. Ешкімнен көмек күтпе, өйткені менің рұқсатымсыз қызымды құтқаруға ешкімнің де батылы бармайды!
— Әкетай, мұныңыз қалай, мен тек бәрінің жақсы болғанын қалап едім. Сізді емдеп шыққым келген, — деп сыбырлады Тайма, бірақ зұлым Сиқыршы оны естімеді.
— Мына қолшатырдың астына тығыла беретінің не? — деді қолшатырды бір соғып өтіп:
— Саған арналған қарғысым да дайын: Қолшатыр Балық, енді сенің есімің осы, сондықтан шын есіміңді ұмыт. Сондай батыл болсаң, Таймамен бірге осы мейрамханада мәңгілікке қал. Тамақсыз, байланыссыз, интернетсіз. Сендер туралы ешкім білмейді, ешкім де есіне алмайды. Бірде бір адам сендерге көмекке де келмейді.
Зұлым Сиқыршы қарқылдап күліп, жерді бір теуіп, ас үйден түнерген қара бұлт болып ұшып кетті. Терезенің жақтауы желдің екпінінен сарт еткенімен, толық жабылмады — ұмыт қалған тұз салғыш кедергі болды. Қолшатыр Балық көзін уқалап ашқанда, Тайма басын судан шығарып алғанын көрді. Оның беті дымқыл еді, бірақ неден екені түсініксіз — судан ба немесе көз жасынан ба?
— Сізді де дуалап тастады. Енді не істейміз, қалай әрекет етеміз?
Аспаз ауыр күрсінді.
— Білмеймін... Ойлануым керек. Мені неге дуалағанын түсіндім: саған көмектескенім үшін. Бірақ сені не үшін дуалаған? Сен не істедің?
Тайма көз жасына ерік беріп, желбезектерімен суды шашыратып, мына оқиғаны баяндады.
Алыстағы таңғажайып патшалықта Сиқыршы әмірін жүргізеді. Бір кездері ол зұлым емес, мейірімді болатын. Бірақ бір күні оның іші ауыра бастайды, іші қатты ауырған сайын Сиқыршының да ашу-ызасы күшейе түседі. Сиқыршыға патшалықтың түкпір-түкпірінен дәрігерлер шақыртады, бірақ ешкім ештеңе істей алмайды. Содан кейін әлемнің түкпір-түкпірінен емшілерді шақыра бастайды, ол да бекер болады, зұлым Сиқыршының денсаулығы жақсара қоймайды. Дәрі-дәрмек те, сорпа да, жақпа майлар да, екпе де көмектеспейді. Тіпті ағзасын тазартса да әсер етпейді.
Зұлым сиқыршы дәмді тамақты көп жегенді жақсы көретін. Егер тауық еті болса, онда сирағы немесе қанаты ғана емес, майға қуырылған және ащы тұздық қосылған тұтас тауықтың біреуі ғана да емес, екеуін бірақ жейтін. Аспаз тамаққа ащы дәмдеуіштерді көп себетіні сонша, қызметші тағамды дастарханға апарарда бетперде киіп жүретін. Шайға арналған тәттіге — кілегей мен шоколад молынан құйылған торт пен тау болып үйілген тоқаштар берілетін. Сонда әміршінің қызы ақылына көркі сай Тайма сұлу дұрыс тамақтанбасаң ешбір дәрі көмектеспейтінін түсінеді. Денің сау болу үшін дұрыс тамақтанып, диетаға отыру керек.
Тайма әкесін қатты жақсы көргендіктен, ол үшін алаңдайтын. Ол аспаздардың бәрін қуып жіберіп, әкесіне өзі тамақ әзірлей бастайды. Аспаздық өнерді оқымаса да, ол балық пен көкөністерді пісіруді білетін. Тез дайындалады және денсаулыққа пайдалы. Түскі асқа әміршіге буға піскен шалқан, балық және сусын әкеліп береді. Сиқыршы таңғалады, бірақ қарны аш болғандықтан бәрін жеп қояды. Тамақ дәмі ұнамаған соң, ол ренжіп бос табақты ашулана итере салады. Ал ашуланған кезде, ол сиқырлай алмай қалатын. Бұл оны одан сайын ашуландырады. Әмірші аспаздарды қайтаруды сұрайды. Қызы оның айтқанына мойынсұнбай, екінші күні оған шпинат қосылған балық дайындап береді. Зұлым сиқыршы жұдырығымен үстелді бір ұрып:
— Маған піскен майлық сияқты быламық емес, кәдімгі тамақ әкел! Мен сиқырлай алмай қалдым! — дейді.
— Әке, сиқыр мен дуадан гөрі сенің өмірің қымбат. Мен сенің деніңнің сау болғанын қалаймын.
Үшінші күні зұлым Сиқыршы балконда теңізге сағынышпен қарап отырған еді. Тайма табаққа салынған сәбіз бен балық әкелді.
Сиқыршыны ашу кернейді. Орнынан атып тұрып, қолын көкке көтереді. Күн күркіреп, найзағай жарқ етеді:
— Мына балығыңмен қоса сені мәңгілікке қарғыс атсын! Балыққа айнал да, өмір бойы теңіз-мұхиттарды шарлап жүзіп жүр!
Ауыр күрсінген Тайма балыққа айналып, балконнан көк теңізге шолп етеді. Оның артынан айқайлаған Сиқыршының дауысы ғана естіледі:
— Бұл дуаның сиқыры сен маған әлемнің түкпір-түкпірінен әкелген ең сирек, ең дәмді бес тағамды дайындағанда ғана бұзылады.
— Иә-а-а, — деп Қолшатыр Балық сөзін соза түсті. — Ащы тамақ әкеңнің мінез-құлқын мүлде бұзып жіберді. Өз қызын балыққа айналдыру деген не сұмдық!
— Жоқ, ол негізі жақсы адам, — деп Тайма әкесін жақтады. — Оны тек емдеп алуымыз керек. Бірақ мұны мен сиқырдан құтылғанда ғана жасай аламын. Ал ол үшін әлемнің дәмді және ерекше тағамдарын әзірлеуім керек. Бірақ мен мұны қалай істеймін, менің тіпті қолым да жоқ қой?
— Ал менің қолым бар! Мен сені құтқарамын! — деп айқайлады аспаз және бірден ойға шомып кетті. — Бірақ мені де сиқырлап тастаса, маған тіпті қолым да көмектеспейді ғой.
Қолшатыр Балық мейрамхананы бір айналып шықты, есіктерді жұлқып ашып көрді. Олар ашылмады.
— Бекітіп тастапты, — деп қатты дауыстап айтты. —Мен қазір терезелерді тексеріп шығайын.
Терезелердің бәрі де жабық екен. Тек тұз құтысы кедергі жасаған ас үйдегі жалғыз терезе ғана ашық қалыпты. Оның өзі де кішкене ғана. Бірақ Қолшатыр Балық қанша тырысса да, ол бұл саңылауды миллиметрге де кеңейте алмады.
— Ал балтамен істеп көрсем ше? — деп түңілген аспаз су перісіне оралды.
— Құр бекер әуре боласың, — деп қабағын түйді Тайма, — сиқыр.
— Тұзаққа түстік! Қоршаудан шығуға дайындалайық, — Қолшатыр Балық тоңазытқышты ашып, қандай тамақ қалғанын қарай бастады. — Менің мейрамханам бар ғой! Қоймада ұн мен жарма, біраз көкөніс бар. — Міне, әкелген балық та, — ол аквариумға қарады, — ойбуй, бірақ сен де балық екенсің ғой...
— Иә, — Тайма мұңайып қалды, — түрім балыққа ұқсайды. Бірақ мен сиқырланған адаммын.
— Бір-екі айға шыдауға болады. Әйтеуір мысықтың сыртта қалғаны жақсы болды. Аш болса да, еркіндікте жүр.
— Бір-екі ай өмір сүре аламыз, ал содан кейін ше? Бәрібір өлеміз ғой, — деп су перісі құйрығын бұлғаң етті.
— Тоқтай тұршы, егер қазір әкеңе әлемнің ең дәмді тағамдарын дайындасақ ше?
— Қажет азық-түлік пен дайындау жолын қайдан аласың? Оны таңғалдыру оңай емес — қамалда ең жақсы аспаздар жұмыс істегенін есіңнен шығарма.
— Иә, — деді аспаз қапалана күрсініп, — мен балық тағамдарының шеберімін, ал мұнда тек ақсерке бар. Бұл аздық етеді. Байланыс та жоқ, интернет те істемейді — бәрі сиқыршы айтқандай болып жатыр, — аспаз шкафқа пайдасы жоқ телефонын лақтырып жіберді.
Қолшатыр Балық асүйде әрлі-берлі жүріп, терең ойға беріліп кетті.
— Екеуіміз де осы жерде бірге өлетін болдық, — деді Тайма.
— Бірақ сен оның туған қызысың ғой! Ол сені өлімге қимас?
— Аурудың кесірінен әкемнің есі ауысты. Ештеңені білмейді, түйсінбейді. Енді оның өзі де өлімнен қорықпайды.
— Жарайды, мұңая бермеші. Біз бірдеңе ойлап табамыз! Менде не бар екенін білесің бе, дәмді бауырсақ бар, жегің келе ме?
Тайма басын изеді.
Аспаз оған бауырсақ берді, ол басын ыңғайсыз бұрғандықтан, бауырсақ суға түсіп кетті.
Қолшатыр Балық оны судан сүзіп алып:
— Судан тез алсаң, су сіңіп қалмайды! Аузыңды ашып, бір тістесеңші.
— Мені жеме, саған бір пайдам тиері сөзсіз, — деген жіңішке дауыс естілді. Аспаз саусақтарын жазғанда, бауырсақ үстелге құлап түсті. Оның қолы мен аяғы өсе бастады. Көзі бақырайған ол, алдымен су перісіне, сосын аспазға қарап: — Тек мені жемеңдер! — деп жалбарынды.
Қолшатыр Балық бозарып кетті, бір күнде тым көп керемет болып жатқандай. Тізесі әлсіреп, буыны бүгіліп, еденге жалп етті. Су перісі Тайма ақырын ғана аквариум түбіне түсті.
Тостағандар мен кәстрөлдердің артына тығылып жүріп Бауырсақ терезе жақтауына асықпай жетіп алды. Құтылғандай сезімде болғанда, демін алды: «Қашып үлгердім ғой! Әйтпесе, тірі екеніме де қарамай жеп қояр еді. Енді терезеден шығып кетсем, орнымды сипап қаласыңдар!» Ол саңылаудан қысыла өтіп, сыртқа домалай кетті.
Сиам мысығы Карузо терезенің кең ернеуіне секірді. Асүйден балықтың жағымды иісі жетіп жатыр, ал аспаздың ойына түскі асқа шақыру да келмеді. «Басы немен қатып жүр? Ашылатын уақыт болды ғой, ал мейрамханаға кіре де алмайсың», — деді мысық мияулап.
Ол әйнектен ішке қараса да ештеңе көре алмады. — Асханада ешкім жоқ па? Адамдар қашан да қиындық тудырмаса жүре алмайды, — деп Карузо талап қойғандай мияулады.
Жауап жоқ, сол баяғы үнсіздік. Шамалы ашық терезеден жетіп жатқан балықтың иісі сондай тартымды. Әрі қарай шыдамы жетпеген мысық өзінің әйгілі зар еңіреп шыңғыратын дауысына көшті. Осы дауысы үшін оған Италия опера әншісінің құрметіне Карузо деген лақап ат берілген.
— Қазір, қазір, — деген досының әлсіз даусын естіп, оның еденнен тұрып жатқанын көрді.
— Күндіз болса да ұйықтап жатқаны несі?! — мысық айқайын қайталағысы келді, бірақ аяқ астынан аквариум түбінен көтеріліп келе жатқан біртүрлі балықты байқады. Балықтың басы адамдікіндей еді.
Сонда ол ашуланғаннан айғайлап жіберді:
— Асүйімде тағы не болып жатыр?
Терезенің ернеуінде тұрған Бауырсақ дәл Карузоның алдында аздап күйбеңдеп қалды. Бірақ мысық оны байқамай, ештеңеге мән бермеді. Ол бар күшімен терезе жақтауын итеріп жатса да, ол икемге келмеді. Саңылауға тұмсығын тықса да, тек мұрны ғана сыйды. Ал оның мұрны жаңа піскен балықтың еліктірер хош иісін сезіп қойды.
Бауырсақ мысықты аяп кетті:
— Бекер тырысып жатырсың...
Мысық бір сәтке жұмысын қоя салды да, сөйлеп тұрған Бауырсаққа бұрылды. Желке жүні тікірейіп кетті. Карузо ықылық атып, есінен танып қалды.
— Е-е, мынау да бір, — деп Бауырсақ сенімсіз бір орнында тыпыршыды — қашып кетейін бе, қалайын ба?! — Бәрі сонша әлсіз болып кеткен бе? Жарайды, қолымнан келгенше көмектесейін. — Ол мысықтың қасына келіп, қолының бұжыр жағымен мұрнын сипалады.
Карузо терең дем алып, ыңырсыды.
— Мен қуырылған қамыр жемеймін.
— Саған ешкім ұсынып та жатқан жоқ. Негізінде, мен қазір «қуырылған қамыр» емес, нағыз тірі жанмын... — деп ойланып кетті Бауырсақ, бірақ не айтарын тез тауып, — ...өніммін, — деді.
— Тірі... — мысық орнынан тұрып, Бауырсақты иіскеп, тіпті жалап та көрді. — Атың кім?
— Бауырсақ. Бірақ сен тентек болма. Бұл жақта ойға келмейтін нәрселер болып жатыр!
— Маған айтып берші!
Сөйтіп Бауырсақ болған жайттың бәрін жайып салды: балық салынған жәшік туралы да, су перісі туралы да, зұлым сиқыршы туралы да, сиқыр мен дуа туралы да. Мысық тыңдап отырса да, басқа нәрсені ойлап отырған еді:
— Сөйлеуді қалай үйрендің?
— Үйренетіндей дәнеңесі жоқ емес пе? Ессіз сиқыршы үстіме жаңбыр құя бастағанда, мен бәрін естіп, түсіне бастадым. Ал су перісі бар аквариумға түсіп кеткенде, біржола тіріліп кеттім, — деп Бауырсақ қолын жұмыр бүйіріне қойып, жерді теуіп қалды. — Мен сондаймын! Қолы мен аяғы бар үлкен баспын.
Карузо оған мұқият қарады.
— Тірі өнім... Досым ас үйде менсіз қалды! Балық пен су перісімен. Маған жетпегені енді сиқыр еді, — деп қайғыра көзін төңкерді мысық: — Сонда мен енді қай жерде тамақ ішемін?
— Әй, күлкімді келтірмеші! Сенде, әне, айналаңда түрлі құстар мен тышқандар да бар, ұста да, жей бер. Амал жоқ болса, қоқысқа түсерсің.
Мысық айбат шегіп, арқасын бүгіп, құйрығын тік көтерді:
— Карузо мен қоқыс — үш қайнаса сорпасы қосылмайды!
— Бірақ мен ше, менің жағдайым не болады? Ара-тұра майға шыланып отырмасам, құрғап қаламын ғой. Біткен жерім сол болар. Оған қоса суға да түсіп алдым. Қазір бір майлы орта болса ғой.
Мысық табанын құлағын тырналады да:
— Қазір келемін, — деп жоқ болды.
Бауырсақтың алдына жылтыр қаңылтыр құты жалп етті. Оның артынан Карузо да секіріп түсті.
— Қазір бәрі болады, — деп құтының кілтін тырнағымен іліп алып, тартып, қақпағын ашты, міне, алдарында майға шыланған майшабақ тұр.
— Бұл не үшін керек? — деп таңғалды Бауырсақ.
— Бұл, — деп жауап берді мысық аузын майшабаққа толтырып жатып, — артқы аулада жасырын қойма жасап, ас үйден бірнеше құтыны алып кеткенім бекер болмағанын дәлелдейді.
— Аш қалмайтыныңды әлдеқашан түсіндім, — Бауырсақ аяғын салбыратып, жақтауға отырды, сөйтіп мысықтың балықты қылқытып жатқанын бақылады. — Ал бұл маған қалай көмектеседі?
Карузо соңғы майшабақты іліп алды да, шайнай бастады, сонан соң құтыдағы майды нұсқады.
— Өтінемін, шомылуға келіңіз. Майлы монша.
Бауырсақ көзін алартып, есінен танып қалды.
Мысық оны жұмсақ табанымен құтыға итеріп жіберді:
— Біртүрлі жан екен, өзі майлы монша сұрады. Әлде бақыттан басы айналып, есінен танып қалды ма?
Бауырсақ есін жиып, жиіркене мұрнын тыржитты.
— Енді мен балық саситын болдым ғой, — деді ол көз жасына ерік бермеуге тырысып.
— Е-е-е, досым-ау, өмір сүргің келсе, қай жер болса да сүңгірсің. Ал иіс бірте-бірте жоғалады, — деп жуынып отырып, жауап берді Карузо.
Бауырсақ аһілеп-үһілеп «моншасынан» шығып, күйіне күбірледі:
— Барлық жерім майланды. Бір аптаға жетіп қалар. Жарайсың, жақсылық істедің десек те болады.
Карузо жауап бермей, мырс етті.
— Дұрыс айтасың, иіс деген сөз боп па, — Бауырсақ өз аяқ-қолына қарап, көзін уқалап саңқ етті: — Не десе де, тірімін! Ешкім, естисің бе, енді мені ешкім жеп қоя алмайды!
Сөйтіп ол билей бастады. Бүйірлерінен аққан май тамшылары жан-жаққа шашырады:
— Өйткені мен қашып кетемін, табанымды жалтыратамын, зып етемін, қолды-аяққа тұрмай, зу еткенде, байқамай да қаласыңдар!
— Осының бәрі кімнің арқасында? — деді мысық жүніне май тамып кетпесін деп алысырақ жатып, — аспаз досымның арқасында.
— Қолшатыр Балықтың арқасы ма? Керісінше, зұлым сиқыршы мен оның қызы, су перісіне көп рақмет.
— Оларға да, көп рақмет! — деді Карузо ыңғайсыздана мияулап. — Бірақ Қолшатыр Балық болмаса, су перісін кім жылытар еді? Оған қоса сені де түскі асқа жеп қояр ма еді?
— Білемін, жеп қояр еді, — деді Бауырсақ басы салбырап, — бірақ сен не айтқың келіп тұр?
— Біз аспазды құтқаруымыз керек. Оған қоса балық-ханымды да. Мен балық мейрамханамсыз қалай өмір сүре аламын? Өмірім өмір болмайды ғой. Қандай да бір ойың бар ма?
— Иә, өзім де көмектесу керек деп ойлап отрығанмын, — деп мойындады Бауырсақ, Қолшатыр Балық пен Тайма ақырын сөйлесіп тұрған ас үйге көз тастап. — Олар менің ата-анам сияқты — аспаз илеп, жайды, ал су перісі қайта тірілтті.
Ол басын мысыққа қарай бұрды да, сенімсіздеу сөйлей бастады:
— Жүр, ағатай. Сен маған дүние жүзіндегі сирек кездесетін дәмді тағамдардың дайындалу жолдарын табуға көмектесің. Зұлым сиқыршы айтқандай енді оларға адам көмектесе алмайды. Бірақ біз — Бауырсақ пен Карузо — көмектесеміз!
— Дұрыс шешім, — деп пырылдады мысық, — бірақ мынаны айтшы. Сенің мысық тілін түсінетінің анық, бірақ одан басқа тағы қандай тілдерді білесің?
Бауырсақ сәл ойланып алып, былай деп жауап берді:
— Кез келген тілді білемін деп айта аламын. Мен — нанмын, ал нан — бәрінің бастауы. Яғни, мен бәрін түсінемін.
— Иә, нан — бәрінің бастауы, онда сапарда менің аудармашым боласың. Абайла, мені ұятқа қалдырып жүрме!
Қолшатыр Балық терезеге жақындады. Әйнектің артында аспазды шақыра-шақыра сарылған Карузо күтуден шаршады.
— Әй, мысығым, мысығым, менсіз қалай өмір сүріп жатырсың? Сені кім еркелетіп, тамағыңды кім береді? Жүр, ең болмаса саған балық берейін.
Карузо пырылдап, бүкіл денесімен шыны әйнекке жабысты.
— Сізге тамақты үнемдеу керек! — деп Бауырсақ зығырданы қайнады. — Ал мына құйрықты жаңа ғана бір құты майшабақты жеп алды.
— Сүйікті досымнан ешнәрсе де аямаймын, — деп аспаз балықтың бір бөлігін саңылаудан өткізе салды. Бірақ балық сыртқа шықпай жатып, жым-жылас жоқ болды.
Карузо балық жерге түсіп кетті деп ойлап, секіріп түсіп, тексеріп келді. Төмен жақтан оның ренжіген мияуы естілді. Бір секундтан кейін мысық қайтадан өз орнына келді.
— Ашуланбашы, жан досым. Қазір тағы бір кесегін беремін.
Бірақ балықтың екінші бөлігі де сыртқа шығар-шықпастан, жоқ болды.
— Естімеген елде көп деген, — Бауырсақ таңдана өзін бастан-аяқ қарап шықты. — Мен қалай жоқ болып кетпедім. Мен де жаңа ғана осы саңылаудан өттім ғой... Бірақ мен осындамын, аман-есен алдыңда тұрмын?
— Дәл солай, — деп Карузо оның сөзін іліп алды, — сен аман-есенсің, бірақ балық жоғалып кетті...
Бір кезде аквариумнан Тайманың дауысы шықты:
— Бауырсақ жай ғана тірі емес, ол – сиқырлы.
— Онда түсінікті, — деп аспаз қолымен әйнекті сипалады, терезе сыртындағы мысық бақыттан көзін жұмып мияулады. — Менің жақсы мысығым, Карузом менің, енді кім мені жұмыс уақыты болды деп оятады. Ойбуй, енді менің жұмысым да жоқ екен ғой...
— Қымбатты әке-аспаз, уайымдамаңыз, — деп сөзге араласты Бауырсақ, — Карузо екеуміз сізге көмектесеміз. Біз әртүрлі елге барып, дәмді тамақ мәзірін жинаймыз. Үйге келгенде сізге айтып береміз. Сөз жоқ, сиқырдан арыласыз.
Аспаз жұдырығымен шақырылмай келген көз жасын сүртті. Ал Бауырсақ болса сөзін жалғастырды:
— Карузо маған мысық құрдасы Пырсмырсаниге келіп қамқор болуын сұрайтынын айтты. Алда-жалда бірдеңе бола қалса, ол мысық байланыс арқылы бізге бәрін жеткізеді.
Достар аспазбен қоштасып, терезеден су перісіне қол бұлғады. Мысық Бауырсақты абайлап тістеп алып, жерге секірді.
— Ары қарай өз аяғыңмен жүр.
Ауладан енді ғана өте бергенде, Бауырсақ тоқтап қалды:
— Ал біз түрлі елдерге қалай барамыз?
— Сені де ақылды дейді-ау, нан — бәрінің бастауы деп едің, — деді Карузо, — ол жерге кәдімгідей жетеміз. Мысықтар бауырластығы көмектеседі. Енді Пырсмырсаниге қонаққа барайық, оның теңіз капитаны болып істейтін досы бар. Бізді, әйтеуір, бір жерге дейін жеткізіп тастар.
Олар қақпадан шығып бара жатқанда, Карузо өз мейрамханасына бұрылып қарады, аспаз досы әлі де терезе алдында тұрғанын көріп, бажылдағанда, ағаштардан жапырақтар саулап түсті:
— Досым, сені құтқарамыз! Күте тұр! Мықты бол!
Қара сиқыршы ұйықтай алмады. Әдеттегідей іші ауырып жатты. Ауру жанына батып, азаптап, улап жатыр. Сиқыршы өмір шырағы сөніп бара жатқанын сезінді. Сиқыры қиыспай, дуасының күші жойылып жатты.
— Ақтық демім таяп қалғанының белгісі болар, — Сиқыршы бүкірейіп, аяғын сүйрете басып шайы дайын тұрған дастархан басына отырды. Дастарханда не жоқ десеңізші — қант қосылған нан мен түрлі-түсті шәрбат жағылған тоқаштар, балқаймақ пен кілегей қосылған торттар, зефир мен шоколад кәмпиттер.
Бірақ Сиқыршы бұл тәттілерге қараған да жоқ. Ол қиналып тұрса да, сөреде тұрған үш аяқты қола тіреуішті сенімді көмекшісі — алтын науасымен бірге алды. Ол қант салынған ыдысты итеріп, тіреуішті үстелге қойды.
Сиқыршы науаны кең жеңімен сүрткенде, ол алтын сәуле түскендей жарқырай түсті.
— Қызымды көрсет, — деп бұйырды үй иесі.
Табақтың тегіс, жылтыр беті көмескі тартқандай бұлдырлап барып, ашылды және Сиқыршы ашық терезеден таныс асүйді көрді. Котлет пен қарақұмықтың дәмді иісі сезілді. Қолшатыр Балық пеш қасында қыбырлап жүр, күлімсіреген Тайма аквариумнан басын шығарып, оған бірнәрсе деп жатты. Өкініштісі сөздерін түсіну мүмкін емес.
Сиқыршы ашудан селк-селк етті. «Жағдайына қарамастан күледі екен ғой! Ештеңе етпейді, сұлуым, өзің тағы бір-екі ай диетада отыра тұр. Сонда қалай сөйлейтініңді көреміз».
Бір кезде ол, мейрамхананы қоршап қойған сиқырлы сақинадан да өтіп кеткен, қуырылған қамырдың әлсіз иісін сезді. Әрі қарай иіс мысықтікімен араласып мейрамхананың сыртына, терезе жақтауына дейін жетті.
«Қамыр» мен «мысық» ауладан өтіп, бастары ауған жаққа кетіп барады. Сиқыршы бұл иісті әуеде, ұшақта сезді. Алтын науа Бауырсақты көрсетті. Майлыққа оралған Бауырсақ жолаушының қалтасында ұйықтап қалыпты. Көгілдір көзді сиам мысығы жақын маңдағы орындыққа жайғасып, жиналмалы үстелде тұрған түскі астан көзін алмай қарап отыр.
Жамылғы көрпе таратып келе жатқан жолсерік мысыққа назар аударды:
— Тірі мысықтан аумайды екен.
— Жо-жоқ, жай ғана жұмсақ ойыншық. Сыйлыққа апара жатырмын. Жақсы жасалған, солай емес пе? — деп жолаушы мысықты құлағынан тартып, бүйіріне құлата салды.
— Мен атамнан қашып кеттім дегің келеді ғой, — деп сыбырлады Сиқыршы. — Мұны қалай жүзеге асырдың? Өзіңмен бірге мейрамхана мысығын да ала шыққаның қызық болған екен. Аспаз бен менің қызыма көмектескілерің келгендей ме, қалай?! Қай жеңгенің — менікі, көрейік. Сиқыршы аталарыңнан қашып құтыла алмайтындарыңды, біле жүріңдер, менің жақсыларым.
Ол үстелде тұрған қант ыдысын алып, еденге лақтырып жіберді. Фарфор сынықтары жан-жаққа ұшып, қант түйіршіктері қап-қара түске боялды.
— Қап-қара түйіршіктерім, тәп-тәтті түйіршіктерім, жорғалаңдар, ұшыңдар, жамандық атаулыны маған әкеліңдер, — деп Сиқыршы дуасын айтып болғанда, түйіршіктер де бөлмеден жылан сияқты сырғып шығып кетті. — Енді маған не көрсетпексің, Алтын науа?
Бауырсақ баяғыдай жолаушы қалтасында ұйықтап жатты, мысық көрпенің астында бүк түсіп оранып алған, ал жолаушы болса, тәбеті ашылып түскі асын ішіп отыр.
Карузо мен Бауырсақ алыстағы жапон қаласына досын құтқару үшін ұшып бара жатты, бірақ ол жақта өздерін Қара Қант күтіп тұрғанын білмейтін еді.
— Иә, Жапония сіз үшін «жердің бір жері» емес, — деп Карузо көңілін көтерді. Ұзақ ұшқандықтан денесі ұйып қалыпты. — Токио да сізге екі-ақ үйі бар ауыл емес. Адамның санында шек жоқ!
— Адасып қалмаймыз, — деп Бауырсақ алақанын уқалады, — мейрамхананы тез тауып, тағамдарын көріп, пісіру жолдарын біліп алайық. Сосын түнде капитанымыз өз кемесімен кері қайтады.
— Үлгереміз, — деп мысық бір орнында секірді. — Бірақ сені көтеріп жүруге рұқсат етші, әйтпесе, байқаусызда таптап кетер.
— Тағы да аузыңа салып жүресің бе? Олай істегеніңді қаламаймын, тістерің өткір екен, мені тістеп аласың ба деп қорқамын...
— «Өлмес құлға, келер жаз», — деген мақал бар. «Ең бастысы — аман қалу». Сен күшіңді босқа жұмсама. Саған барлық рецепті есте сақтау керек. Біз жазып ала алмаймыз. Оған қоса, сені әрдайым алып та жүре алмаймын. Тек қазір және ана-а-а тұрған балық деген жазуы бар мейрамханаға дейін апарамын.
Мысық досын іліп алды да, адамдар арасынан жол тауып, орағытып жүріп, алға ұмтылды. Ол ас үйдің есігіне жеткенде, тоқтады. Бауырсақты жерге түсіріп:
— Міне, қара, мұнда фугу балығын пісіреді. Бұл балықтың уы — қорқынышты. Теледидардан шоу-бағдарламада көрдім. Тіпті ең кішкентай тамшысы да адамға зиян — біткен жерің сол! Өмір жолың тез және біржола аяқталады.
— Мүлдем аяқтала ма? Ойбай, онда оны неге жейді?
— Бірақ дұрыс дайындаса — өте дәмді. Ал кейбіреулер осылай жүйкесін тексергісі келеді.
— Әлде сиқыршыны осылай «фугулатып» аламыз ба? Кем дегенде біраз уақытқа.
— Оның еш мәні жоқ, алдымен оны тауып алу керек. Екіншіден, тауып алып «фугулатсаң» да дуа жойылмайды. Достарымыз солай ас үйде мәңгі қалады.
Қара қалпақ, қара форма киген аспаз екеуінің жанынан жүгіріп өтті. Карузо Бауырсаққа:
— Артынан тез жүгір, — деді. — Қара киген аспаздар — ең мықты.
«Қара аспаз» асүй есігінен кіріп, ар жағында ғайып болды, Бауырсақ оның артынан әрең кіріп үлгерді. Ол бір леген балықтың артына тығылып, бақылап тұрды да, қара киімді аспаздың балықты жұлып алып, үлкен пышақпен кесіп жатқанын көрді. Үстел басына қарт шеф-аспаз келіп, оның істеп жатқанын көріп, айғайға басты:
— Не істеп жатырсың, канаси фукуро, қандай ебедейсізсің! Осындай балықты бүлдіріп. Сен адамдарды улайсың ғой. Сені лицензияңнан айыру керек, ол да аздық етеді! Полицияға тапсыру керек! Осы балықты өзіңе жегізу керек!
Қара киімді аспаз пышағын тастай салып, еденге баяу шөге бастады. Ол құм түйіршіктеріне айналды — киімі мен қалпағы еденге құлап, құм түйіршіктері есік астындағы саңылаудан ағып кетті. Қарт аспаз нағыз самурай сияқты шыдамдылық танытып, оның заттарын қоқыс жәшігіне лақтырып жіберді. Ол зұлым рухтарды қуу үшін еденге бірнеше бұршақ лақтырып, жұмысына кірісті. Ол дұрыс кесілмеген фугу балығын лақтырып тастап, мәрмәр үстелді тап-таза қылып жуды, сонан соң жаңа балық алып, мұқият тазалап, бөлшектеді. Ішек-қарны мен терісін алдымен тығыз қапқа орап, сонан соң темір қорапқа салып, бекітіп қойды. Ол удың ешқайда жайылып кетпеуіне басымен жауапты. Үстелді қайтадан мұқият жуып алып, содан кейін фугу балығын жұп-жұқа етіп тілімдерге кесіп шықты және әдемілеп тәрелкеге салды.
Бауырсақ оның әр қимылын жаттап алды. Сонан соң жерге секіріп түсіп: «әуелі желбезек, сосын тері, содан соң ішек-қарны» деп өз-өзіне қайталай жүріп, досына қайтты. Бірақ бос қайтпай, ас үй еденінде қалған бірнеше қара түйіршікті де өзімен бірге ала кетті. Түйіршіктерді Карузоға ұстатып жатып, былай деді:
— Қара киімдегі ең мықты аспазың неге айналғанын көр.
Карузо абайлап иіскеп те, дәмін татып та көрді.
— Түу! Бұл қант қой. Қара қант. Аспаз болып еді, енді қантқа айналыпты... Бұл зұлым сиқыршының сәлемі емес пе екен?
Келесі күннің таңын мысық пен оның досы үлкен жүк кемесінің палубасында қарсы алды. Палубада тауар тиелген контейнерлер сығылысып қатар-қатар тұрды, ал серуендейтін орын кеменің тұмсығында ғана бар.
— Ұза-а-а-қ сапарға дайындалыңдар, — деді капитан.
Карузо бірінші күннен бастап капитан каютасынан шықпай қойды, өйткені ол судан өлгенше қорқатын еді. Ол қорқынышты түс көрді – палубадан мұхитқа құлап, суға батып бара жатыр, батып бара жатыр, батып бара жатыр. Мысық оянып кетіп, мұңая мияулайтын, сонда капитан оны қасына алып, сипап, жұбататын.
Бауырсақ кеме аспазымен достасып алып, камбузда, яғни, кеме асханасында уақытын өткізетін. Ол жерде аспаз өнерінің қыр-сырын зерттеп – азық-түлікті қалай сақтау, дайындық жасау, нан пісіру және, әрине, экипажға дәмді және пайдалы тағам дайындаумен айналысатын. Жаны мейірімді аспаз Бауырсаққа үлкен бір кесе май бөліп берді, ол жерде қалағанынша шомылып, демалуға мүмкіндігі бар.
— Мысалы, сен майға шыланып демаласың, ал теңізшіге не керек? — деді кеме аспазы. — Түскі асқа дейін аман жету үшін таңғы асты жақсылап жеп алу, ал кешкі асқа дейін түскі асқа тойып алу. Қайнатылған жұмыртқа, омлет және тост наны — таңертең, борщ, картоп және ет — түсте, ал кешке — қарақұмық пен шұжық. Ал ұйықтар алдында қарны ашып қалғандар болса — асханаға келіп, тоңазытқышты ашса, ол жерде әрқашан шұжық пен кесілген ірімшік тұрады!
Қандай да бір портта аздап аялдағаннан кейін теңізшілерге жеміс-жидек пен көкөніс салатын ұсынатын. Аптасына бір рет, жексенбіде аспаз палубаға шығып алып балық пен асшаяндарды грильде пісіретін.
Карузо досын көргісі келген кезден басқа уақытта каютадан сирек шығатын. Бауырсақ оны палубаға шығып, теңізге қарауға көндірмек болған, бірақ мысық әрқашан бас тартатын.
Бір аптадан кейін Бауырсақ досына: «Қазір мен қара қантты барлық жерден көремін», — деді.
— Қара қант? Жапон асханасынан алып келген қантты айтасың ба?
— Иә, сол баяғы қара түйіршектер. Мен палубада әрлі-берлі қыдырып жүрсем, көз алдыма елестейді. Ал бүгін аспанға қарасам, ол жерден де қара қантты көрдім. Бүкіл аспан қара түйіршіктерге толып кетіпті, оған қоса ұшып жүр!
— Сен сондай әсершілсің, — деп жауап берді мысық, — мүмкін, олар аспандағы жұлдыздар шығар?
— Сен де айтасың-ау, көк аспандағы қара жұлдыздар, — деп ашуланды Бауырсақ, — менімен жүр, өз көзіңмен көресің!
— Қойшы, жоғарыға шыққым келмейді, — деп мысық бас тартты, — барып жина да, осында әкел.
— Жинай алмаймын! Мен бірнешеуін алғанмын, бірақ олар бірден жоғалып кетті!
— Е-е-е-й, ағатай, сенде теңіз ауруынан галлюцинация басталған болар, — деді мысық.
— Менде ешқандай да теңіз ауруы жоқ! Карузожан, қымбаттым, жүрші, өз көзіңмен көрші, жүрші? Ең болмағанда көзіңнің қиығын салшы, сосын бірден кері қайтамыз.
— Жарайды, барайық, — деп мысық мұрнын тыжырайтты.
Олар палубаға шықты. Карузо суды, шексіз көгілдір мұхитты көріп, көзін жұмды. Ең жақын контейнерге сүйкенді:
— Жүр, тез көрсетші.
Бауырсақ алға кеме тұмсығына қарай жүгірді. Мысық оның соңынан еріп келе жатып, толқындар соғып жатқан жаққа қарады.
— Міне, қара! — деді Бауырсақ салтанатты дауыспен, Карузоның көзі бұлдырап кетті: қоңыр түске боялған жылтыр палубаның әр жерінен қара қант үйінділері көрінді.
— Аспанда да ұшып жүр, бәрі мен айтқандай! Мәссаған, олардың тіпті қанаты да бар екен!
Мысық басын көтерді. Семіз қара шағалалар оларға қарай ұшып келеді екен.
— Шоқып тастайды, тез жасырын! — деп айтып үлгерген ол, басы мен бүйірінен құс қанатының қатты соққысын сезді де, шағалалардың оны күн сәулесіне жарқырап жатқан палуба шетіне қуып бара жатқанын түсінді. Шағаланың мықты тұмсығынан құтыламын деп қашып бара жатып көз қиығымен Бауырсақтың контейнер арасындағы саңылауға жасырынып үлгергенін байқап қалды. Сөйтіп өзіне тықыр таянғанын сезді.
Сосын палубаға жата жабысып, бар күшімен бақырып жіберді. Бақытына орай, қасынан бір теңізші өтіп бара жатқан.
— Мысығым-ау, неге айқайлап жатырсың? — деп Карузоның қасына жетіп келді. Қара шағалалар мен қант жым-жылас жоғалып, көзден ғайып болды. — Неден қорқып кеттің? — теңізші мысықты көтеріп, кабинаға апарды. — Осында отырғаның жөн.
Бір кезде мыжылып қалған бүйірін уқалап жүріп, жыламсырап Бауырсақ келді:
— Көрдің бе, ал сен галлюцинация деп едің.
— Менің бұйрығымды тыңда, — деп айбат шекті мысық. — Адамдарға жақын болсақ, қауіпсіз екен. Қант адамдардан қорқады, бірден жоғалып кетеді.
Саяхаттың соңына дейін достар палубаға шықпай қойды.
Саяхаттың жиырмасыншы күні болғанда олар Мельбурнға жетті. Күн нұрын шашып, тап-таза жел аспанға ақшыл ақ бұлттарды айдап жатыр. Бауырсақ қуана күлді, бірақ Карузо азаптың біткеніне сене алар емес.
— Енді мен білгір аспазбын, — деп мақтанды Бауырсақ мысыққа баспалдақпен түсіп бара жатқан кезде. Үш апта бойы теңізде болған Карузо екі жаққа теңселіп жүріп, суға қорқа қарады. Бір жұбанышы: бірнеше қадамнан кейін көптен күткен жерге түседі.
— Ал мен дәмді сорпа, ет қосылған картоп, шұжық пісіре аламын.
— Онда мен сенен австралияның дәмді тағамын күтемін, — деді мысық. — Бірақ теңіз ауруы мені әбден шаршатты.
Кешке достар мейрамханаға барды.
— Дәмді балық жеп көрейік, — деді Карузо, капитан оларды ас үйге алып бара жатқанда.
— Тағы балық па? Жапонияда фугу дайындап еді, — деп ашуланды Бауырсақ. — Мен ұн тамақ жейміз деп армандап едім.
— Уайымдама, қамыр болады, — деп күлді оларды пештің жанында қарсы алған Австралия аспазы, — біз аборигендердің қалтқы бәліші мен каштан дайындап жатырмыз.
— Қалтқы бәліш? Бұл не? — деп Бауырсақ таңғалды.
— Бір тостаған қою бұршақ сорпасындағы ет бәліші.
— Егер қалтқы болса, онда балық та қармаққа ілінер, — деді мысық міңгірлеп, бірақ оның сөзіне ешкім құлақ аспады.
— «Қалтқы бәлішке» бізде жиі тапсырыс береді, не десек те ұлттық тағам ғой, — деп түсіндірді аспаз, — сорпаға арналған бәліштер мұздатқышта үнемі дайын тұрады.
Ол осындай бір жартылай фабрикатты алып, дайындау үшін пешке салды. Содан кейін зәйтүн майында пияз бен сарымсақты қуырып алды. Сорпаны отқа қойып, кәстрөлге жасыл бұршақ лақтырды. Сорпа дайын болып, оны ыдысқа құйып, австралиялық «веджимайт» соусы құйылған бәлішті жаю ғана қою қалғанда, Бауырсақ шыдамсызданып:
— Маған, маған бола ма? Өтінемін, құрметті аспаз, — деп жүгіріп барды ол аспаздың қасына. Аспаз мұндай әрекетті күтпегеннен, оқыс қимылдап қолындағы бәліш еденге былш етті.
— Әде-е-мі бәліш, — деп тамсанып жатқан мысық, — етімен төмен құлады, — бірден іркіліп қалып: — Ой, — деді.
— Бұл не пәле! Сендермен жай ғана көресіңдер деп келістік қой! Қазір мен сенің өзіңді бәліштің орнына сорпаға саламын, — деп, аспаз кінәліге қадала қарады.
Бауырсақ бұл қарастан бүрісіп, үрпиіп қалды:
— Кешіріңіз, мырза, мен енді олай жасамаймын, — деп былдырлады.
— Енді қонаққа не ұсынамын?
— Қонақты көрсетіңізші, мен бәрін реттеймін, — деп уәде берді Бауырсақ. — Ал еденді тазалаудың қажеті жоқ, — деп қолына швабра ұстап жүгіріп келе жатқан тазалаушы әйелді тоқтатты, — Мысық көптен бері бұлай тамақтанбаған.
Ол залға кетті. Үстел басында Капитан отыр. Жаңағы «Сорпадағы қалтқы бәліш» сол үшін дайындалып жатқан еді. Сондықтан бәрін реттеп, Бауырсақ ас үйге оралды. Аспаз қуанып кетті:
— Жолымыз болды деген осы!
Карузо гуілдеп, едендегі етті жеп бітіріп жатқан, ал аспаз пешке жаңа бәліш салып үлгерген еді. Көп ұзамай «Қалтқы бәліш» залға қалықтады.
— Осымен, достар, кездесуімізді аяқтайық, — деп қолын жайды аспаз. — Әрі қарай каштанды өзім қуырамын.
— Мейлі, жүр, — деп келісті Бауырсақ, — қазір көшеге шығып, каштан жинап аламыз да, кемеде өзіміз қуырамыз.
— Болмайды, ешқашан олай істемеңдер! Австралия каштаны улы, алдымен оны ұзақ уақыт бойы суға салып қою керек, содан кейін ғана қуыруға болады, — деп аспаз басын шайқады, — мұны өздерің жасай алмайсыңдар.
— Онда бізге «Қалтқы бәліш» те жеткілікті. Шынымды айтсам, мен түрлі улы өнімдерден шаршадым, — деп Бауырсақ бас аспазға иіліп ізет көрсетті:
— Рақмет, құрметті аспаз! Жолға шығатын уақыт келді.
— Бүгін біздің Қара «досымыз» көрінбеді ғой, — деп Бауырсақ кемеге оралғанда байқағанын айтты.
— Бірақ сен бүгін қолыңнан келгеніңнің бәрін жасадың! — деп мысқылдап мияулады мысық, кейін досының қабағының түйіліп кеткенін көріп, жұмсара қалды. — Жарайды, ондай ондай ханның қызында да болады. Бірақ «қара достарымыз» туралы ұмытпайық. Құлағымыз түрік жүрсін.
Карузо мен Бауырсақ Африка портындағы контейнерлер арасынан жол тауып жүріп келеді.
— Кемеде — контейнер, жерде — контейнер. Көзім қарауытып, бұлдырап кетті. Мынау бір шытырман лабиринт қой, — деп күбірледі Бауырсақ үрейлене, — өмір бойы адасып жүруің мүмкін ғой.
— Қорықпа! Жол тауып шығамыз, — деп Карузо досын жігерлендірді. — Есіңде ме, капитан Дуала Камерунның ең үлкен порты екенін айтып еді ғой. Ал Камерун — үлкен ел болмаса да, қызық ел. Ол жол айрығында тұр — бұл жерде құрлық пен теңіз жолдарының бәрі тоғысады. Мұнда қандай тағамдар болуы мүмкін екенін көз алдыңа елестетіп көрші! Ас мәзірінің түр-түрін аламыз, рахатын-ай.
— Аяқ астыңа қарасаңшы, — деп бұрқылдады Бауырсақ, — басқан сайын шалшық. Бізге жетпегені енді суға бату еді.
— Африка болса не болыпты, мұнда жаңбыр жаумайды деп ойлайсың ба? Жауады, жауғандай қандай, төбесі тесіліп кетердей жауады! Ол бізде ғой, жаз мезгілі — жаз сияқты, ал бұл жерде қазір — қыс.
Сөйтіп, бір әңгімеден екінші әңгіме айтып жүріп, «Жозеф ағайда» деген кафеге жетті. Кең де жарық ғимаратқа тамақ ішуге порт жұмысшылары келетін. Үлкен тақтада бормен күнделікті мәзір жазылған:
Квакоко
Ндомбо қосылған ндоле
Няма-няма
минотумба
фуфу
фу-фу
— Паһ шіркін! — деп Бауырсақ ас мәзірін дауыстап оқып шықты.
— Пай-пай! — деп қолдады Карузо.
— Енді не істейміз?
— Біз ас үйге жасырынып барып, ол жерде алдымен не пісіріліп жатса, соны пісіруді үйреніп аламыз.
— Дәмді болмаса ше?
— Мұндай атаулары бар тағамдар дәмсіз болуы мүмкін емес, — деп Карузо Бауырсақтың басынан сипады.
Ас үйді зор денелі Жозеф ағай басқаратын. «Няма-няманы дайындаймыз», — деп саңқ етіп бұйрық берді ол. Аспаздың көмекшісі пешке табаны қойып, тез арада жабайы қаражидек жапырақтарын, пияз бен қызанақты толтырып салып, үстіне аздап сорпа құйды. Жозеф табаның қақпағын жауып: «Бұқтырыла берсін. Ал енді квакоко дайындайық!» деді. Аспаздар қазанға туралған таро түйнектерін, шпинатты, ысталған балықты салып, молынан қызыл май құйып, дәмдеуіштермен дәмдеді, қайдан шыққаны белгісіз асқабақтан жасалған құмыра — қара калебас пайда болды. Ол ақырын ғана ауада қалқып келіп пешке жақындады, болашақ няма-нямның үстіне келгенде, қимылсыз тұра қалды. Аспаздар қимылдамай қатып тұр, ал калебас еңкейгенде қазанға лай сұйықтық құйыла бастады.
— Залым рухтар менің тамағыма не үшін фу-фу құйып жіберген?! — деп Жозеф құдайына сыйынды да, ыңылдап әнін айта бастады. Аспаздар мен аспаздың кішкентай көмекшілері әуенге қосыла кетіп, пешті қоршап тұрды, ырғаққа сәйкес қол соғып, зұлым рухтарды қуу үшін би бастады. Қазандағы ас қайнап, қара бу көтеріліп, қалың бұлт калебасты орап алды. Бұлт сыртқа ұшып кеткенде, Жозеф оның артынан шөмішін лақтырды. Аспаздар айқайға басты:
— Бізге кедергі келтіруге жол бермейміз!
Барлығы әбігерге түсіп, жаңа қазан дайындап жатқанда, Карузо мен Бауырсақ ас үйден шығып кетті.
— Бәрін есіңе сақтап алдың ба?
— Сақтамағанда ше! Оған қоса Африка елінің тағамдары туралы көп әңгіме естідім.
— Олар қара зиянкеспен епті күреседі екен, — деп, мысық мұртын қимылдатты, — зұлым рухтарды қуу үшін Африка әндерін біз де үйреніп алсақ па?
— Сен үйрен, — деп жауап берді Бауырсақ, — бірақ мен үйренбеймін. Маған тамақ пісіру жолдарын жаттау керек. Ештеңені шатастырып алмау үшін ретімен мәңгілікке көкірегіме құйып алуым керек.
— Ол да дұрыс. Ас дайындау жолын есіңе жақсылап сақта. Үйге келгенде мен фу-фу тамағын жеп көргім келеді. Балық сорпасына ұқсайды екен, – деп Карузо ернін жалады.
– Дәмді болып көрінгеннің бәрі — дәмді емес, — деп күлді Бауырсақ, — фу-фу сорпа емес, үлкендерге арналған жүгері сусыны болғандықтан фу-фу. Бірақ фуфудың дәмін татып көруге әбден болады — бұл жүгері жармасынан жасалған домалақтар. Бірақ саған ұнамайды, ол балық емес!
Осылай әңгімелесіп жүріп, достар әуежайға қарай асыға жөнелді.
Африка әуежайының күту залы ылғал әрі ыстық болды. Карузо мен Бауырсақ кондиционерге жақын тұрған орындықтардың астына тығылса да, көмектеспеді.
— Ол тез арада келеді деп ойлайсың ба? — деп Мысық сыртқы есіктен көз алмады.
— Ұшқыш па? Бір сағаттан соң келуі керек сияқты, — Бауырсақ қабырғаға сүйеніп, аяғын созып отырды, — әзірше демал.
— Аспанда демаламыз, — деп мырс етті Карузо.
— Соншалықты мұңайып отырғаның не? Әрі қарай кемемен емес, ұшақпен ұшатынымызға қуануың керек сияқты еді.
— Жоқ, әрине, қуаныштымын. Капитан таныс ұшқышымен келіскенін естіген бойда-ақ, қуанғанымды көрсең! Енді ол бізді әртүрлі елдерге апарып, рецепт алуға көмектеседі. Мен капитанды жақсы көріп кеттім, ол жақсы адам, онымен қоштасқым келмейді. Бірақ айналадағы шексіз су есіме түссе, — мысық селк ете қалды, — жоқ, бетін аулақ, мен одан әрі ауа жолымен жеткенім жөн!
— Олай болса сені мүлде түсінбей отырмын. Неге мұңайдың?
— Үйімді, балық мейрамханасын сағындым. Нағыз өмір сол жерде еді — күн сайын балық, жегенің алдыңда, жемегенің артыңда. Аспаз досымды сағындым. Менсіз оның хәлі қалай болып жатыр екен? Мен дүниеде бәрінен де жақсы көретінім балық деп ойласам, шын мәнінде, досымды одан да көп жақсы көретін сияқтымын.
— Қолшатыр Балықты сағынып отыр екенсің ғой, — деп Бауырсақ мысыққа жанашырлықпен қарады.
— Осы залым Сиқыршының кесірінен де оның лақап аты соншалықты қисынсыз, ерсі болып кетті. Ал менің қайда жүргенімді бір құдайдың өзі білсін. Қой, барып жүріп келейін, тым болмағанда созылып, бой жазып алайын, — Карузо орнынан тұрып, мұңайып кетіп қалды.
— Мияу-мияу, — аяқ астынан шабадандардың ар жағынан нәзік дауыс естілді. Карузо ақырын барып, сөмкеде отырған Абиссин мысығын көрді.
— Карузо атты саяхатшы мысық сіз бе?
— Мен-мен-мен! — деп растады, — Ұзақ күттім ғой! Аспаз досымнан хабар келгені ме?
— Дәл солай! Әлемдегі ең мықты мысық байланысы бойынша. Досыңыз аман-сау. Сонша уақыт қайда жүргендеріңізді сұрап жатыр. Олардың азық-түлігі таусылып, суы да азайып қалды.
— Құтқарушым менің! — Карузо мұрнын есікке сүйкеді. — Бас аспазға айтыңызшы, бізге енді тек екі рецепт табу ғана қалды. Жақында қайтамыз.
— Келген бойда хабар беремін. Бастет құдайы сізге жар болсын, — деп мысық ізгі ниетпен жауап берді де, бүктеліп жата қалды.
Мысық Бауырсаққа мүлде басқа көңіл-күймен оралды. Ол бақытты еді — көптен күткен жаңалығын естіді. Досының хәлі жақсы екенін білді.
— Тездетуіміз керек, — деп Бауырсақты оятты. Аспаз бен су перісінің тамағы таусылып жатыр екен.
— Оны қайдан білдің? — деп шошып кетті досы.
— Мысықтар бауырластығы — әрқашан ояу.
— Сізде ұялы байланыс бар ма?
— Одан да жақсырақ. Біздің даусымыз бар. Терезе түбінде мысықтардың бақырғанын естімедің бе? Дәл осыны мысықтар байланысы деп атайды. Айналадағы бар жаңалық әп-сәтте тарап кетеді. Бір елден екінші елге де хабар жеткізуге болады, — деп Карузо Абиссиния мысығымен кездескенін айтып берді.
— Мәссаған! — деп тамсанды Бауырсақ. — Тыңдашы, көптен бері сұрағым келіп жүрген — сен де нағыз Карузо сияқты өз дауысыңның күшімен стақанды сындыра аласың ба?
— Пішту, сол да сөз болып па, стақан дегенің жолда қалады, — мысық табанымен мұртын тегістеді, — әне, аспаз да менің мияуымнан басы қататынын айтып жүр. Қара, біздің ұшқышымыз да келді! Тездетеміз бе?
— Менде шұғыл жеткізетін жүк бар, сондықтан тек Кейптаунға жанармай құю үшін бір рет қонамыз... Сосын бірден Оңтүстік Америкаға тартамыз, — ұшқыш, Бауырсақ пен Карузоның жаңа танысы, ұшу жолы көрсетілген картасы бар планшетті орындыққа қойды да. — Өздеріңе ыңғайлы орын тауып алыңдар, — деді. Ұшқыш та капитанға қатты ұқсайтын. Сол сияқты ұзын бойлы, мықты, алтын жолағы бар әдемі форма киген.
Ұшқыштың кабинасы тар екен, бірақ екеуі ұшқышқа кедергі келтірмейтіндей ыңғайлы орналасып алды. Ол ұшуға дайындалып жатты.
— Қанттан жасалған бас сүйектерге барамыз ба? — Карузо үміттенгендей алақанын ысқылады. — Тырнақтарымызды қайрап алуға болады!
— Жоқ! — деп, ұшқыш кесіп айтты, — бас сүйекке тырнақты қайрамайды. Оларды жылына бір рет Мексикадағы мереке кезінде мехраб үстелін безендіруге қолданады. Сонан соң оны жеп қояды. Бұл — символ. Бірақ біз басқа елге ұшып барамыз. Ол жақ — ащы қызыл бұрыш өсетін жер және оның өзі бұрыш собығына ұқсайды.
— Ол қай ел?
— Чили. Ал келесі күні Чилиден солтүстікке қарай ұшамыз. Исландияға барамыз.
— Тамаша! — деп Бауырсақ пен Карузо қуанып кетті. — Чилиге қарағанда Исландия туған Қазақстанымызға жақынырақ — аспаз-досымызға көзді ашып-жұмғанша жетуге болады.
— Чилиде аз уақыт боламыз — түсте ұшып келеміз де, кешке қайтадан жолға шығамыз.
— Үлгереміз, — деп екеуі бір-біріне қарады, — басқа амалымыз жоқ.
Ұшақ шағын Чилое қалашығына қонып, әуежайдан шыққанда, ұшқыш былай деді:
— Сонымен, Исландияға басқа ұшақпен ұшамыз. Қайтып оралғанда бірден сол ұшаққа көтеріліңдер. Ол тұрақта бірінші тұрады. Ал енді ана жерде жиналып жатқан адамдарды көрдіңдер ме?
— Көрдік, көрдік.
— Онда сол жаққа қарай жүгіріңдер. Ол жерде арнайы тағам — куранто — дайындалады.
Карузо мен Бауырсақ бірде-бір маңызды сәтті, бірде-бір ұсақ-түйекті жіберіп алмау үшін асығып, жүгіріп кетті. Олар үлгерді. Үлкен тасқа жайғасып алып, театрдағыдай қойылымды тамашалады.
Адамдар топқа бөлініп, бір мезгілде үйлесімді жұмыс істеді. Біреулері шұңқыр қазды. Басқалары тастарды отқа қыздырып, түбіне күрекпен төсеп шықты. Енді біреулері шұңқырды азық-түлікпен толтырып шықты. Онда қалағаныңның бәрі бар еді: бұршақ пен үрмебұршақ, ет, балықтың бірнеше түрі, картоп пен сәбіз, бұрыш, мидия мен асшаяндар. Әрбір қабат бір-бірінен рауғаш пен қырыққабат жапырақтарымен бөлінген. Шұңқырда бос орын қалмағанда, оның үстіне дымқыл мата жауып, үстіне топырақ салып, оның үстіне шым төсеп шықты.
— Алып тез бұқтырып пісіретін қысым пеші екен, — деп Бауырсақ тәнті болды.
— Қайдағы алып қысым пеш?! — Карузоның желке шашы тік тұрды. — Бұны тіпті жеуге болмайтын сияқты ғой. Не екені түсініксіз қойыртпақ қой.
— Ойбуй, мысығым, қорытынды жасауға асықпа. Бір-екі сағат шыдасаң, не екенін түсінесің. Қателеспесем, асқазаның қуанып, рақмет айтады!
Екі сағат көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шықты. Бірақ шұңқырдан тараған ыстықтан Бауырсақ бірте-бірте құрғай бастады. Адамдар «алып қысым пешті» ашқанда, сондай керемет хош иіс шығып, Карузо тастан жерге секіріп түсті.
— Ал мен не деп едім? — деп Бауырсақ мырс етті де, есінен танып қалды. Ол кішкентай және бақытсыз көрінді, Карузо болса шошып кетті. Көмек сұрап адамдарға жүгірді. Адамдар оны түсініп, көмектесіп жіберді.
Мысық Чилое әуежайына асығып, қайтып бара жатты. Аузында жүгері майы құйылған пластик шелек. Ал оның ішінде есін жинап жатқан — Бауырсақ.
Тұрақта оларды ұшақ күтіп тұрған. Түсі біртүрлі ұшақ. Қою сұр ма не қоңыр ма, түсініксіз. Немесе тіпті ақ болуы да мүмкін, тек өте лас екен. Мысық оның алдында сілейіп тұрып қалды да, басын шайқағанда, бетонға май төгілді. Карузоның табандары екі жаққа сырғып кеткенде, шелегі бір жаққа, өзі екінші жаққа кетіп, тұмсығымен тура ұшақ баспалдағына соғылды. «Бірдеңе дұрыс емес», — деп ойлап үлгерген мысық, қара баспалдақты жалап көріп, «Қант!» деп айқайлап жіберді:
— Қашыңдар! Бас сауғалаңдар! Аман қалуға тырысыңдар!
Осы кезде ұшақ қирап, бөлшектерге бөліне бастаған. Достар тау боп үйілген қара қант астында қалды. Мысық Бауырсақты тістеп алып, бар күшін салып, табанымен туннель қаза бастады. Бауырсақ мұңын шағып, қүңіреніп:
— Ой, ауырып тұр! Әй, мені тістеп тесіп жіберме, желі шыққан доптай болып қалмайын.
Ақыры Карузо бостандыққа шығып, Бауырсақты босатып жіберді де, мияулады:
— Ауырып кетті дей ме... Қазір қайтадан көміп тастайын ба, қалай шықсаң, олай шық.
Ұшақжайдан шыққан бульдозер-тазалаушы тұрақтағы қара қантты тазалап шықты.
Қажалған табанындарын ақсаңдай басқан мысық қажет ұшақты бетке алып, ілгері жылжып келеді, Бауырсақ болса оның соңынан қалмай, жүгіріп жүр:
— Карузожан, жарайсың, Карузотай, құтқарушым менің, сенсіз не істеп, қайда барар едім...
— Жағымпаздануды доғар, міне, нағыз ұшағымыз мына жерде, — деп күңкілдеді, — ауада майсыз шыдай аласың ба?
— Әрине, шыдаймын, досым.
Исландияның астанасы Рейкьявикке қонғанда достар ұшқышпен қоштасып, Қазақстанға қалай қайтуға болатынын ойластыра бастады.
— Қанша ойланып-толғансаң да, бірақ шешім аяқ астынан келеді. Жол табамыз. Бізге тағы бір рецепт керек. Қазір қайда барамыз? О, қарашы! Маңдайшада «Хаукартль» деп жазылған. Кіріп көреміз бе?
— Жоға, ол жерде акуланың суреті салынған. Бізде балық, ет, теңіз өнімдері және көкөністер де бар. Бізге десертке тәтті бірнәрсе керек сияқты. Қарашы, мұнда сүт өнімдері көп екен, — Бауырсақ бір қарағанда түсініксіз, не ірімшік, не сүзбе құйылған ыдыстар тұрған витринаны нұсқады, — көлікпен бір фермаға барып, олардың не дайындайтынын көріп келсек пе екен?
Жолшыбай өтіп жатқан көліктерге отырып жүріп, достар фермаға да жетті. Ферма иесіне өздеріне не қажет екенін айтып түсіндірді. Ол мал-мүлкін, қора-жайын көрсетті. Оған қоса табиғи өнім өндіреді екен. Фермада бәрі бар еді: картоп алқабы, сәбіз, шалқан және қырыққабат егілген атыздар және хош иісті шөптер өсетін жылыжай. Қоршалған шалғында бір отыр қой мен сиыр табыны жайылып жүр.
— Барлығы бар. Біз алқапта саңырауқұлақ жинаймыз. Ал жидектерден — қаражидек пен қызылжидек керек. Мен оларды жай ғана скирге қосамын. Бұл исландия сүзбесі, — деп мақтанды фермер.
Карузо мен Бауырсақ бір-біріне қарап: «Сүзбе... тым қарапайым сияқты. Біздің елде де мұндай тамақ толып жатыр», — деді. Ал Бауырсақ болса қызығушылығы артып, сұрақ қойды:
— Айтыңызшы, хаукартль дегеніміз не?
— Хаукартль деген не дейсің бе? Бұл — поляр акуласынан дайындалған дәмді ас. Оны үлкен кесектерге бөліп, содан кейін екі ай бойы қиыршық тасы бар бөшкеге салады, содан соң төрт ай бойы күн астында қақтайды. Содан кейін қабықшасын кесіп тастайды, ал ішіндегісін — кішкене бөліктерге бөліп, дастарханға ұсынады.
— Дәмді ме? — деп мысық қарлыға мияулады.
— Әркімге әрқалай, біреулері сасып кеткен ет десе, басқалары шіріген ет дейді. Ал бұл болса, пісіру әдісі, тағам осылай дайындалады. Менде аздап акула еті бар, дайындап көргіңіз келе ме?
— Сізде тағы қандай ерекше тағам бар?
— Итбалықтың тұздалған желбезектері мен кит етінен жасалған фрикаделька — үлкен сұранысқа ие.
Карузоның тұмсығы ағарып кетті, бірақ мысық өз-өзіне келіп, ойын Бауырсақ арқылы сыпайы жеткізді:
— Рақмет, әуре болмай-ақ қойыңыз, мен скирдың дәмін татып көрсем жеткілікті.
Скир мысыққа ұнады, ол тостағанды жалап-жұқтап, Бауырсаққа сыбырлады:
— Өте дәмді сүзбе, бір жағынан ірімшікке де, йогуртқа да ұқсас екен. Берсе, мен көбірек жер едім.
Бауырсақ үй иесінен бұл скир несімен ерекше екенін сұрады.
— Өйткені оны тек осында, Исландияда дайындайды. Басқа еш жерде дәмін тата алмайсыз. Бұл викингтердің тамағы және күш беріп, шыдамдылықты дамытады. Рецепті мың жылдан астам уақыт бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Скирды сорпаға, салатқа қосуға, нанға жағып жеуге және сарымсақ-тұзбен де қосуға болады, ал егер үстіне жидек пен бал қоссаңыз, десерт ретінде жеуге болады.
Карузо мияулап:
— Алу керек! Рецептін есіңе сақтадың ба?
— Арнайы исланд ашытқысы болмаса, ештеңе де шықпайды, — деп қынжылды Бауырсақ.
— Өздеріңмен бірге бір бөтелкесін құйып бергенімді қалайсыңдар ма? — деп ұсынды фермер.
— Оһо, көп рақмет! Тек оны өзімізбен бірге алып кете алмаймыз. Ашытқыны үйімізге жібере аласыз ба? Ал қазір, біздің де кетуіміз керек. Әуежайға тезірек жетудің жолын айтып жібере аласыз ба?
— Дұрысы, қонып қалыңдар, — деп ұсыныс жасады үй иесі. — Таңертең менің қызым Гудрунмен бірге барасыңдар. Ол Исландия халық ән-би ансамблінің хорында ән айтады. Ертең ансамбль алыстағы Қазақстан еліне ұшады. Ол елде концерт қояды.
— А-ла-а-а-а-қай, бізге де сол жаққа бару керек! — деп Бауырсақ пен Карузо қуаныштары қойнына сыймай, билей жөнелді.
Кешке достар ұйықтай алмады — терезеден қарасаң, далада күндізгідей жарық, мысық сыртқа шыққысы келді.
— Шынымен де таңғаларлық ел екен, — деп Бауырсақ аспанға қиялдай қарады, — ақ түн, жердің орнына — жанартау күлі, үйлер мен жылыжайларды гейзер суымен жылытады. Ал кешкісін жергілікті тұрғындар дәмхана мен мейрамханаларда емес, ыстық су бассейндерінде жиналып, тауға тамсана отырып, соңғы жаңалықтарды талқылайды.
— Қауіпті ел, — деп қарсылық білдірді мысық, — жер сілкінсе не жанартау оянса ше? Есіңде ме, фермер от шашқан тау бүкіл елді күлге орағанын айтып беріп еді ғой. Тіпті ұшақтар да ұша алмаған.
— Иә, табада шыжғырылып жатқандай өмір сүреді, — деп келісті досы.
Көшеге фермердің қызы Гудрун шықты.
— Мүлдем ұйықтай алмай жатырмын, — деп шағымданды ол, — шабаданым дайын, ертең жолға шығамыз, бірақ мен бір жамандықтың боларын сезіп тұрмын.
Кенет жер дірілдеп, гуілдей бастады. Мысық пен Бауырсақ бір-бірін құшақтай алды.
— Э́йяфьядлайёкюдль тағы оянғаннан сау ма?! — деп қорқып кеткен ферма иесі үйден жүгіріп шықты. Күндіз шалғында сиырлар жайылып жүрген жерде нағыз жанартау пайда болып, жанартаудың өзегінен қара күл атқылап жатыр.
— Ай-ай-ай, бұл тағы да Зұлым Сиқыршының «сыйлығы». Біткен жеріміз осы сияқты, — деп Бауырсақ көзін алақанымен жауып алды.
— Әке, кету керек, көлікті қосыңыз, — деп Гудрун кері шегінді. Жарылыс естіліп, жанартаудан магма төгіле бастады.
Гудрун достарын қолына алып, көлікке секіріп мінді. Фермер бар жылдамдықты қосып үйден қашықтай берді.
— Қош бол, ертеңгі рейс, — деп сыбырлады Гудрун жанартауға қарап.
— Қош бол, туған жер, — деп Бауырсақ оны мақұлдағандай қайталады.
— Қоштасудың қажеті жоқ. Қашанғы зұлым қара сиқыршыдан қаша береміз? Көлікті тоқтат, — деп бұйырды Карузо.
Мысық көліктен секіріп түсті, жоны тікірейіп, қорқынышты дауыспен айбат шеге бастады. — Әй, бәлем, Қара қант, шаршаттың сен мені, сенен әбден жалықтым! Сен әлі Карузоның кім екенін білмей жүрген сияқтысың. Біз оңайшылықпен берілмейміз! Мен үстіңнен су құйып, сені әлі шәрбатқа айналдырамын!
Бірақ бұл әрекет оларды құтқармады. Жанартау гүрілдеп, лава ысқырып, аспанды қою қара түтін басып жатты.
Сонда шарасыз Карузо былай деп айқайлады:
— Мен бар өмірімді құрбан етіп, бар күш-қуатымды берсем де, бірақ қазір аспаз досым, Бауырсақ пен су перісі Тайманы қорғауға шығамын. Достарым үшін жаным пида. Маған берілген бір өмірді ғана сүрсем де, қандай қиындыққа шыдау керек болса да, біз рецепттерді елге жеткіземіз! Мен әлем мысықтарының бәрін куә болуға шақырамын!
Оның қаһарлы және жанкешті мияуына әлемнің бар мысығы қосыла кетті. Ұлы хор алқапты жайлады. Гудрун мен фермер құлағын жауып, жанартаудың жер астына кіріп жоқ болғанын көрді, ал Қара күлді мұхитқа қарай ұшырып алып кетіп, сол жерде оны толқын шайып кетті.
— Тоғыз сағатқа жуық ұшуымыз керек, уақытты тез әрі қызықты өткізуге тырысайық, — қағаз пакетте отырған Бауырсақтың дауысы құмыға шықты.
— Қажеті қанша? — Карузо тәтті есінеп, Гудрунның қасына домаланып жата қалды, — онан да жақсылап ұйықтап алайық.
— Жарайды, ұйықта, ұйықтап ал, «қоян»-қашқын, — деп күңкілдеп жауап берді Бауырсақ, — ал мен рецептерді қайталай беремін.
— Өзің «қоянсың», — деп мысық күбірледі де, ұйықтап қалды.
Бауырсақ пен Карузо үйлеріне ұшып бара жатты. Исландия халық хорының әншісі Гудрун оларды сөмкесіне салып ұшақ салонына алып кірді. Бұл арнайы тікелей рейс болатын. Ерекше жолаушылар жиналған: ән-би ансамблі, Исландия симфония оркестрі және Рейкьявик университеті ғалымдарының делегациясы.
Ұшқанымызға үш сағат болғанда динамиктен жиналмалы үстелімізді дайындауымызды сұрады — кешкі ас уақыты болды. Карузо оянып, иіскелей бастады. Біртүрлі иіс шығып жатты.
— Арнайы тамақ, — стюардесса кішкентай арбамен кабинаның ортасына барып, бірнеше қорапша берді. Фольганың сыбдырлаған дыбысы естілді, мысық гумустың, жеңіл тұздалған қызыл балықтың және маринадталған көкөністердің иісін сезді.
— Веган тағамына кім тапсырыс берді? — Бірнеше адам қол көтерді, стюардесса оларға да қорабы бар жайпақ табақты берді. Жолаушылар сөйлесіп отырып, қораптарының қақпағын ашып еді, саяхатшылар бірден дәмдеуіштердің хош иісін сезді.
Мысық қобалжып кетті, Бауырсақ та қағаз дорбадан басын қылтитып шығарып алды. Гудрун оларды жұбатып:
— Карузо, енді күнделікті тамақтар таратылады, — деді.
Шынында да, үлкен арба сүйреген тағы бір стюардесса шықты. Ол әр орындыққа еңкейіп: — Тауық па, балық па? — деп сұрап, борт тамағын бере бастады. Мысық Гудрунға табанын тигізгенде, ол мысықтың желкесін қасып, түсінгенін көрсетті.
— Уайымдама, мен балық аламын.
Өзі күріш жеп, Карузоға балық салынған пластик қорапшаны берді.
— Тамақпен бірге тәбет те келеді деген бос сөз, — деп күңіренді мысық, — менің тәбетім әрқашан бар.
Бауырсақ дорбадан шығып:
— Ал мен? Мен ше? Мен қазірдің өзінде құрғап барамын...
Гудрун оны босаған тәттінің ыдысына салып, үстіне салат тұздығын құйды. Бауырсақ жай ғана күрсінді.
— Балық майына шомылғаннан кейін, мен ешнәрседен қорықпаймын.
Стюардессалар кешкі астың ыдыс-аяғын жинап жүргенде, салонда отырғандардың бірі ән шырқай бастады.
— Бұл біздің ән, «Спрейнгисандюрде» деп аталады. Бұл жерден көне жол өткен, ол жерде бұрын да, қазір де елестер өмір сүреді дейді білетіндер, — деп түсіндірді Гудрун әнге қосыла бастағанда.
Мысық пен Бауырсақ мұқият тыңдап отырды, бірақ: «Үйіме тезірек жету үшін аттарымның ең жақсысын беруге даярмын» деген сөздерден кейін, Карузо шыдамай кетіп, құйрығын бұлғап, сыбырлады:
— Қазір ән саламын!
— Дәтің бармасын! — Бауырсақ оның аузын жабуға тырысты. — Оның не сенің, ұшақ құлап кетеді ғой!
Карузо ренжіп, еденге секіріп түсті де, орындықтың астына тығылды. Ол жер суық болғандықтан, аз-маз ренжігенсіп мысық ашуын мейірімге ауыстырып, Гудрунның тізесіне қайта секірді.
Ұшақ қонуға бағыт алып, төмендей бастап, бұлт қабатынан өтті. Жер география картасын еске салды. Оң жағында шексіз дала, сол жағында таулардың қара жотасы. Таң атып, күннің алғашқы сәулелері бізге таныс қарлы шыңдарды алтын нұрға бөледі. Карузоның көзінен жас ағып, жай ғана сыбырлады:
— Амансың ба, туған жер...
Біз балық мейрамханасына тез жеттік.
— Біз ұзақ уақыт болмасақ та, мұнда ешнәрсе өзгермепті, — деп мысық мияулады да, таныс кранизге секірді. Бауырсақ саңылауға кіріп ас үйден бір шықты.
Арықтап қалған Қолшатыр Балық орындықта отыр. Оның алдындағы үстелде соңғы үш картоп қана. Тайма болса аквариум түбінде көз шырымын алып жатыр.
— Міне, біз де жеттік рецептерді алып, — деп Бауырсақ аяғымен жерді теуіп қалды.
— Әйтеуір, келдіңдер-ау, — деп қуанды аспаз. Оның даусынан су перісі оянып, құйрығын қуана бұлғады.
— Мен де осындамын, досым, — деді Карузо мияулап, терезенің алдында серпіліп.
Бауырсақ жер шарын аралаған ұзақ сапарында жаттап алған барлық рецепттерін салтанатты түрде айта бастады. Аспаз асыға-үсіге бәрін дәптерге жазып алды:
— Ал бұл дәмді ме?
— Саусақтарыңды жеп қоятындай — дәмді.
— Бірақ біз азық-түлікті қайдан аламыз? — деп ойланып қалды Қолшатыр Балық.
— Оны маған қалдырыңыз. Әкемнен сұрайын, — Тайма судан секіріп шығып, дереу кері сүңгіп кетті.
Ол сиқырлы дуасын айтып, ернін жыбырлатты.
Аспаз залға кіргенде, таңғалғаннан ысқырып жіберді. Үстелде ет, балық, асшаяндар мен кальмар салынған жәшіктер, ұн мен жарма салынған қаптар, көкөністер мен көк шөптер салынған қаптар үйіліп жатыр. Сондай-ақ дәмдеуіштер мен майлар да бар.
— Қарашы, тіпті Исландия фермасының жаңа ашытқысы да осында! — деп Бауырсақ қуана шапалақтады.
— Мәссаған, қандай керемет! Ал біз соңғы екі апта бойы аш отырмыз, — деп мырс етті Қолшатыр Балық жымиып, — мүмкін ертерек сұрау керек пе еді?
— Әкемді білемін ғой, ол жайдан жай бермес еді, — деген Тайманың даусы шықты. — Ал енді қолымызда рецептер болған соң, бәрін жіберді.
Азық-түлікті сұрыптап жүріп аспаз бір бөтелке қымыз тауып алды:
— Паһ шіркін, мынауың сыйдың сыйы ғой, — деп қақпағын ашып, жартысына дейін ішіп алды, — міне, енді, күш те бар!
Тайма қызығып кетіп:
— Бұл не? — деп сұрады.
— Қымыз — бие сүтінен жасалатын сусын. Бізде «Бір тостаған қымызда екі тостаған ауа бар» дейді. Емдік қасиеті бар дәмді сусын. Бір оқиға айтып берейін, — Қолшатыр Балық су перісіне жақындап отырды, – біздің Қаныш Сәтбаевты жас кезінде ауыр дерттен қалай емдеп алғаны туралы. Ол ауырып қалғанда дәрігерлер оған ауылға барып, таза ауада жүріп, қымыз ішуді қатаң тапсырады. Сөйтіп, оның ағасы түнде мал бағуға кеткенде торсыққа қымыз құйып, ішіне бір кесек қазы мен емдік дәрі салатын. Түні бойы торсықта қымыз шайқалып, қазы да, дәрі де еріп кететін. Қаныш бұл шипалы сусынды екі ай бойы ішіп, сырқатынан айығып кетеді. Ол атақты ғалым болады.
— Қымыз асқазан ауруын емдей ме? Әкетайыма да құйып берейік те, — деп ұсыныс жасады Тайма.
— Бұл туралы дәрігерлерден кеңес сұрау керек, бірақ мен диеталық бірдеңе дайындаймын, керек боп қалар.
Аспаз қымызын ішіп болып, жеңін түріп, жұмысқа кірісті. Ең алдымен, Чили асы курантоны пісіруді ұйғарды – ол біраз уақытты талап етеді.
— Оны үлкен жер шұңқырда пісіреді. Оны қайдан аламыз? — деп аһілеп-үһіледі Бауырсақ.
— Не болса да тәуекел, — деп, Қолшатыр Балық көңілді жауап берді, — еденді сындырамыз!
Жертөледен сүймен мен күрек әкелді, Бауырсақ шай қасықпен қаруланды, көп ұзамай залдың ортасында үлкен шұңқыр пайда болды. Олар от жағып, аквариумнан алынған тастарды шұңқыр түбіне салды. Олар чили курантосын қырыққабат жапырақтарымен жауып шықты, содан кейін қаппен жауып, үстіне жер төсеп тастады. — Латын Америкасының қысым жедел пеші іске қосылды! — деп Бауырсақ қасығын мақтанышпен көтерді.
Содан соң Қолшатыр Балық жапон балығы фугуды тазалап шығып, оны жұқа кесектерге кесіп, ұшып бара жатқан тырна бейнесінде табаққа орналастырды. Ары қарай ол көкөністерді тартылған етпен қуырып, Австралия қалтқы бәлішінің қамырын иледі. Жасыл бұршақ сорпасын пісірді. Африка тамағы квакоко мен няма-няма дайындады.
Бауырсақ дайын скирды қасықпен абайлап араластырды.
Арман асүйден залға үстел әкеліп қойып, дастархан әзірледі. Үстелдің қақ ортасында жапон тырнасы ұшуға дайын тұр, қасында табақта «қалтқы бәліш» қалқып жүр. Квакоко, няма-няма және курантоның буы бұрқырап тұр. Қызыл жидектермен безендірілген скир да өз орнын тауыпты. Тайма әкесін шақырды.
— Қазір жаңбыр жауады! — аспаз сиқыршының ас үйге алғаш рет қалай келгенін есіне алды. Шкафтың артында тұрған сол қолшатырды алып, мерекелік дастарханның үстіне ашты.
— Қош келдіңіз, әкетайым, — деп жымиды су перісі.
Сиқыршы сәлемдеспей дастархан басына қабағын түйіп жайғасты. Ол фугудың дәмін татты, бір қасық сорпа ішті, няма-няма мен курантоны шұқылап жеді, скирды жалады.
— Бәрі өте дәмді. Мені таңғалдырдыңдар — мен ешқашан мұндай тағамдар жеп көрмеппін. Дегенмен ішім әлі ауырып тұр ғой!
— Дәмді, — деп қайталады сиқыршы мазасыздана. — Өте дәмді. Бірақ ауырып, қиналып тұрмын!
— Ал сіз әрқашан қинала бересіз! — деп жауап берді Қолшатыр Балық. — Алдымен емделіп сауығып кету керек, сонан соң тамақтан ләззат аласыз. Ал жалпылап айтсам — сіз өзіңізге зиян келтіріп жүрсіз.
— Менімен қалай-қалай сөйлесіп тұрсың, түкке тұрғысыз аспаз?!
— Әй, бірақ! — деп аспаз қолын бір сілтеді. — Маған бәрбір, ұтатын да, ұтылатын да ештеңем жоқ. Бұдан жаман болмас. Ал сізге жаман болады! Тым кеш болмай тұрғанда, емделіңіз.
— Ал сен маған қалай емделуге кеңес бересің?
— Дүниедегі ең жақсы көретін нәрсеңізбен, — аспаз соңғы ыдыстың қақпағын көтерді, — тамақпен. Бірақ денсаулыққа пайдалы дұрыс тағаммен.
Күміс табақшада тауық еті қосылған күріш сорпасы, бұқтырылған көкөністер мен жидек сусыны болды. Бір жағынан, ашық түсті тағам көздің жауын алып, қуантса, екінші жағынан, жағымды иісі рахатқа бөледі.
— Жарайды, мені аямасаң да, тәуекелге барайын, — деп күңіренді Сиқыршы, шанышқыны алып, кәдіні шұқылап дәмін татып көрді. Асқабақтың бір бөлігін аузына салғанда, қабағын көтеріп қайран қалды. Ойлана, асықпай шайнады. Сосын шанышқыны қойып, қасықты алды да, көзді ашып-жұмғанша тәрелкелердегінің бәрін жеп қойды. Соңында жеміс сусынын ішті де, орындығына шалқая отырды. Оның жүзі бал-бұл жайнап, рахатқа бөленді.
— Сонда бұл не болды? Көп жылдан бері бірінші рет еш жерім ауырып тұрған жоқ.
Аспаз иығын қиқаң еткізіп, адамның бақыты өз қолында екенін айтты. Сиқыршы орнынан асықпай тұрып, екі қолын екі жаққа жайып, саусақтарын сырт еткізді. Ештеңе болған жоқ: күн күркіремеді, найзағай ойнамады, қара түтін шықпады. Тек қана самал жел ас үйді желдетіп шықты. Бауырсақ орамалдың астынан қарап, шиқ етті:
— Алақай!
Мейрамхана асханасының есіктері мен терезелерінің бәрі айқара ашылды. Сиқыршының қасында алтын түсті көйлек киген сұлу қыз пайда болды. Терезеден қатты мияулаған Карузо ұшып кіріп, аспаз досы Арманның құшағына секірді.
Аспаз Арман мен Тайма үйленді. Сиқыршы мейрамханаға ұзақ уақыт келіп тұрды. Диета оның денсаулығын жақсартты. Ол зұлымдықты қойып, өз иелігіне оралды. Бірақ бәрібір аптасына бір рет Арман мен қызына қонаққа келіп, дастарханнан дәм татып тұратын.
Мейрамханаға үлкен веранда қосылды, айналасына ағаштар мен гүлдер отырғызылды. Қақпаға «Табақтағы сиқыр» дәмді тамақ мейрамханасы» деген жаңа маңдайша ілінді.
Жаңа рецепттердің арқасында мекеме өркендеді. Енді мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген экзотикалық тағамдар ұсынылды. Дүйсенбіде — Азия, сейсенбіде — Австралия, сәрсенбіде — Африка, бейсенбіде — Оңтүстік және Солтүстік Америка, жұмада — Еуропа, сенбіде — қазақ тағамдарын, ал жексенбі күні қонақ не қаласа, соның дәмін татуға болатын. Арман көмекшілер алып, өзі бас аспаз болды. Тайма сиқыр жасап, әлемнің түкпір-түкпірінен азық-түлік алдыратын.
Залдың қақ ортасында, биік тұғырға қызыл барқыт жастық қойылды. Ол жерде мөлдір, хош иісті, майдан жылтыраған Бауырсақ отырды. Ол қонақтарға сыпайы қарап, өзіне жақындағандардың барлығымен сөйлесетін. Аспаз бен су перісінің құтқарушысы мейрамхананың бойтұмарына айналды және бұл құрметті орын оған тиесілі еді.
Карузо да аспаз досымен енді ешқашан айырылыспады. Сапардан кейін ол жақсы тамақтанып, бабына келді, опера вокалының сабақтарына жазылды. Мұндай дауыстан айырылу күнә ғой.
Мысықтың да плинтус жанындағы орындық-тақтың үстіне қойылған барқыт жастығы болды. Ол еркін мысық болып өмір сүрді және ылғи жеке істерімен айналысып қайда жүргені белгісіз еді. Сондықтан Карузо өз орындық-тағында тек жексенбі сайын отбасылық түскі ас кезінде, Сиқыршы ұшып келгенде ғана отыратын.
Елена Клепикова — писатель, прозаик, публицист, лауреат международных и республиканских премий. Пишет для детей, подростков и взрослых. Ксения Земскова (Рогожникова) — поэт, детский писатель. Елена Клепикова и Ксения Рогожникова — преподаватели Открытой литературной школы Алматы. Пишут в соавторстве для детей.