Оралбек Өтеғұлов

371

Ностальжи

Әңгіме

 

Күздің қарасуық күндерінің бірі еді. Әлем елдерін әбігерге салған, шаруашылықтарды тұралатқан биологиялық соғыстың зардабы әлі басылмаған уақыт. Оқушылардың бәрі онлайн форматқа көшкен. Мектепте директордың орынбасарлары, кітапханашы, күзетші, еден жуушы сияқты санаулы қызметкерлер ғана жұмыстарын жалғастырып жатты. Сондай күндердің бірінде облыстан 300 шақырымдай қашықта жатқан шағын ғана ауылға республикалық бір мекеменің бір топ қызметкері күтпеген жерден сау ете қалды.

Екі күн бұрын ауылда екпіні қатты боран соғып, салдарынан интернет байланысы үзілген. Үзілген байланысты бүгін түске таман ғана қалпына келтірді. Мұғалімдер бөлмесінде әлеуметтік ара-қашықтықты сақтап, әрбір жерде, уақыт өткізе алмай, іштері пысып отырған бірнеше қызметкер «Интернетті қосыпты», «Интернет істеді» деп бір-біріне қуанышты жаңалықты жамырай хабарлады. Сол-ақ екен, қалталарында жатқан ұялы телефондарын қолдарына алмай жатып-ақ екі күннен бері жиналып қалған хат-хабарлар қарша борады. Терезеден сыртқа қарасаңыз дала да борап тұр. Жерде қалың қар мен үскірік жел.

Бәрі де қолдарына телефондарын алып, толассыз келіп жатқан хабарламаларды асығыс оқи бастады. Арада 4-5 минут өткенде мұғалімдер бөлмесіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш апай жүгіріп келді:

— Мектебімізге жоғары жақтан адамдар келе жатыр екен. Тез дайындалуымыз керек! Аудандық білім бөлімінен хабарды кеше түсте жіберіпті. Біз жаңа алдық. Енді не істесек екен? Дастархан жайып та үлгермейміз...

— Ол не қылған адамдар екен, мынадай боранда ерігіп жүрген?.. — деді директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Мәлік ағай.

— Білмеймін. «Охотпромнадзор» дей ме, сондай бірдеңе, — деп қолындағы қағазына қарады да. — А, «Охотзоопром», — деп дұрыс нұсқасын оқыды.

— «Охотзоопром» дейді? Ол қандай мекеме? Бізде қандай шаруасы бар екен?

— Білмеймін. Кім болса да ерігіп жүрген біреулер шығар, — дей беріп еді, терезеге жалт қараған кітапханашы апай: «Міне, өздері де келді» деді Қарлығаш апайға қайырыла.

Бөлмедегілердің бәрі мойындарын терезеге қарай бұрды. Күн қатты суық. Қар борап тұр сыртта. Соған қарамастан тура мектептің қақпасының алдына әлдебір жол талғамайтын көлік келіп тоқтады. Ішінен әскери қалың киім киген төрт ер адам түсті. Қолдарында кішкентай сөмкелері бар. «Енді не істедік? Қап, ұят болды-ау! Дым дайындықсыз отырмыз», — деп безек қақты директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Карантин басталғалы мектепке жоғарыдан ешқандай комиссия келмеген. Қырсық шалғанда дәл сол күні мектеп директоры да қалаға кетіп қалған еді шаруаларымен. Аяқ асты дастархан жая қоятын мектепте де ешқандай азық-түлік жоқ. Мектеп асханасы өз жұмысын әлдеқашан тоқтатқан. Директордың қонақ қабылдайтын бөлмесіндегі тоңазытқыш та бос тұр. Карантин басталмай тұрған уақытта ауданнан тексеріске күн құрғатпай келетін адамдарды директор осы бөлмеге жинап шай беретін. Оларға шай беру үшін мектеп басшылығы мұғалімдер мен қызметкерлерден ақша жинап, шайлық оны-пұны сатып алып, бәрін дайындап қоятын. 7-8 айдан бері бұл іс те тоқтап тұр. Қалдық азық-түлікпен әлдеқашан шай ішіп тастаған. Енді не істемек керек...?

— Сәлеметсіздер ме!

— Сәлеметсіздер ме!

— Борандатып келіп қалдық ауылдарыңызға, — деді ішке кірген қонақтардың біреуі.

— Қош келдіңіздер! Сіздердің келетіндеріңізді жаңа ғана білдік. Екі күн ауылда интернет жұмыс жасамап еді... — деп Қарлығаш апай ақталып жатыр.

— Жарайды ештеңе етпейді. Біз жай киік туралы лекция оқып жүр едік. Суретке түсіп, командировка қағазына қол қойып берсеңіздер болды. Басқа ештеңенің керегі жоқ, — деді табиғат сақшыларының бірі.

Қарлығаш апай мектеп қызметкерлері мен қонақтарды интерактивті тақтасы бар кабинетке қарай нұсқады да, өзі телефонына шұқшиып корридорда сәл кідірді, сосын 2-3 минутқа кешігіп кірді.

Интерактивті тақта қосылды. Қызметкерлердің бірі флешкасын компьютерге қосып, киіктер туралы слайд көрсете бастады. Мектеп қызметкерлері оқушылар тәрізді алдыңғы қатардағы парталарға қаз-қатар тізіліп отыра қалды. Әлеуметтік қашықтықты сақтау жайына қалды. Екінші бір табиғат қорғаушысы сөмкесінен киіктер туралы бірнеше дана брошюраны шығарып, апайлар мен ағайларға таратып шықты. Үшінші бір қызметкер қолына ұялы телефонын алып, киіктер туралы лекцияны тыңдап отырған мектеп қызметкерлерін айналып, әртүрлі ракурста суретке түсіріп жүр.

Лекцияны тыңдап отырған бар болғаны 7 адам: директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары — Қарлығаш апай, шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары, отыздардың шамасындағы Мәлік ағай, кітапханашы — Альбина апай, жылу қазандығының операторы — Серікбай, екі техничка мен мектепке кезекшілікке келген бастауыш сынып мұғалімі, жас маман — Нұршат апай. 

Лекцияға қызығушылық танытып отырған ешкім жоқ, ашығын айтқанда. Бәрі де селсоқ, амалсыздан, әдептілік сақтап тыңдаған болып отыр. Оның үстіне слайд орыс тілінде болып шықты. Таратқан брошюраларында киіктердің әдемі суреттері мен олар туралы мақал-мәтелдер және аздаған мәліметтер ғана жазылған екен. Брошюраның жартысынан көбі сурет.

100 пайыз қазақ тілді аудиторияға орыс тіліндегі презентация алып келгеніне ыңғайсызданып қалған қызметкер слайдтағы материалдарды өзінше қазақшалап айтуға тырысты. Сондағы айтқан мәліметтері: «Киіктер Қазақстан мен Орта Азияны мекен етеді. Жыл сайын мамыр айында төлдейді. Қыста жылы жаққа кетеді» деген сияқты бірдеңелер. Мүмкін бұл балаларға қызықты шығар, бірақ үлкендерге таңсық дүние емес. Киік туралы мұндай мәліметтерді әрбір қазақ біледі емес пе?

Отырғандардың көпшілігі брошюраларды асығыс бір парақтап шықты да, қолдарына ұялы телефондарын алып, екі күннен бері жиналып қалған хабарламаларын қарай бастады. Әлеуметтік желілерде отырмайтын, алпысты алқымдап қалған Серікбай ғана киіктердің суретін көріп, көзі жайнап кетті. «Пах, шіркін! Мына киіктің бірін атып алсам ғой» деді ішінен. Кезінде киік атқан кездері есіне түсіп, аузына киік етінің дәмі келіп, сілекейі шұбырып, дегбірі қашты...

Шаруалық жөніндегі орынбасар Мәлік те бала кезінде әкесімен еріп 1-2 рет киік аулаған. Киік етінің дәмін ұмытса да, аулауға барған кездерін есіне түсірді. Ол кезде бала болса да, еміс-еміс бірдеңелер қалыпты есінде.

Соңғы рет бұл ауылға киік 2000-жылдары келген. Содан кейін 20 жыл бойы бірде-бір киік келген жоқ. Жасы алпысқа таяп қалған, тапал бойлы Серікбайдың бәрі де есінде.

— Кезінде қынадай қырушы едік. Бұл жарықтықтар да көзден бұлбұлша ұшты ғой бұл күнде, — деп ақырын ғана әңгімесін бастады қасында отырған Мәлікке қарап.

— Киік келмей кетті ғой ауылға, — деп Мәлік те оны қоштады.

Брошюраға бір қарап, интерактивті тақтаға бір қарап, өткен күндерді еске түсіріп, Серікбай байғұс ностальжи болып отыр.

3-4 минуттың ішінде лекция да аяқталды. «Сұрақтарыңыз бар ма?» — деген баяндамашының сұрағына аудитория хормен «жоқ» деп жауап берді. Соңында бәрі қорытынды топтық суретке түсті. Қарлығаш апай бірнеше минуттың ішінде қонақтардың командировка қағазына қолын қойып, мектептің мөрін басты да, «Біздің үйден шай ішіп кетіңіздер» деп келген қонақтарды өз үйіне ертіп әкетті. Жаңа корридорда сәл кідіргенде үйіндегі келініне хабарласып, шай дайындатып қойған екен. 

Лекция бітісімен қолына брошюралардың бірін ұстап, мектептің жылу қазандығына қарай беттеген Серікбай әлі де ностальжи болып келе жатыр. Кезінде, әсіресе өткен ғасырдың 80-90 жылдары жаздыгүні кешкісін ауылдың жанына су ішуге келген киіктерді ауылдың жігіттері болып жаппай қыратын. Кеңестік үш дөңгелекті «Урал» мотоцикліне мініп алып, киікті соңынан қуып жүріп атқан кездері де есіне түсті. «Жаз бойы мал соймаймыз. Күн сайын киік қуырдақ. Рахат еді-ау сол заман» деп қояды күбірлеп...

Аңшылық кезінде абайсызда мылтық атылып кетіп немесе мотоциклден аударылып талай жігіт қазаға ұшыраса да киік аулауды тоқтатпады ғой бұл қазақ. Енді міне, киік те жоқ, мылтықтарды да полиция тәркілеген, «Урал» мотоциклді де ешкім мінбейді қазір. Киік аулауға бірге шыққан жігіттердің де қатары сиреп қалған бұл күнде. «Енді міне, үкіметтің 5-10 тиын жалақысына қарап қалдық. Жарытып ет те жемейміз» деп естілер-естілмес күбірлей брошюраны бұрыштағы кішкентай үстелдің үстіне тастай салған Серікбай ауыр күрсінді...

Қонақтар кеткен бойда таратылған буклеттердің көпшілігі қоқыс себептіне тасталды. Бұл оқиғаны лекцияға қатысқандардың ешқайсысы талқылған жоқ.

Ертеңіне мектептің инстаграмдағы парақшасына табиғат қорғаушыларымен түскен сурет жарияланып, астына келесідей мәтін жазылған пост пайда болды: «2020 жылдың 20 қарашасында мектебімізге «Охотзоопром» Республикалық мекемесінің қызметкерлері келіп, бірлескен түрде табиғатты, оның байлықтарын қорғау, сақтау мақсатында «Киікті ұрпаққа сақтайық!» тақырыбында брошюралар таратылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді».

Екі күннен соң бұл оқиға ешкімнің де есінде қалған жоқ. Тек Серікбай ғана бірнеше күн бойы киіктердің суретіне қарап өткен күндерді еске алып, оңашада көзіне жас алды...

Оралбек Өтеғұлов

Оралбек Жұбаналыұлы Өтеғұлов — 1992-жылы 10-маусымда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Өңірлік Мемлекеттік университетінің «Шетел тілдері» факультетін және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университетінің магистратурасын «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша бітірген. Гуманитарлық ғылымдар магистрі. Ағылшын және француз тілдерінің маманы. Әңгімелері «Qalamger.kz» порталында және «Үркер» журналында жарық көрген. Қазіргі таңда университетте ағылшын тілінен сабақ береді.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon