Еркеғали Бейсенов

226

Олжа

Детектив

 

Олжастың ауылда іші пыса бастады. Оңай олжалаған бір сөмке ақшасын қайда жұмсарын білмей, сытырлатып санай береді. Өзінше бірнеше жоспар құрып көргенмен, ойы орта тұсынан шашырап, бір жүйеге келмей-ақ қойды. Қаладан пәтер алғысы, табиғат аясынан әдемі баспана тұрғызғысы, одан артылған ақшасын жеке есепшот ашып, соған салып тастағысы келеді. Алайда бұның бәрі — құр қиял, орындалмас арман ғана. Көңілінде бір зор күдік бар...

 

Олжас Сапабаев — нағыз сайыпқыран спортшы. Ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы. Лақап аты — «Уличный боец». Қылмыс әлемінің серкелері оны негізінен осы лақап атымен таниды. Қарапайым жұрт арасында да Уличный боец туралы шындықтан алшақтау «аңыз» желдей есіп тұр. Көшеде такси тоқтата қалсаң, көлік жүргізушілерінің аузындағы әңгіменің әлқиссасы — сол. «Әнеугүні Уличный боец отыз жігіттің ортасына кіріп кетіп, бәрін бес минуттың ішінде жайпап тастапты», «Оның қолы күректей екен. Жынына тисең, алақанын басыңа кигізе салатын көрінеді», «Бір дәу спортшы жігіт Уличный боецті жекпе-жекке шақырып, Уличный боец оны айналып келіп бір-ақ тепкенде, бейшара отыз екі тісін жерден санап алыпты ғой» деседі. Ал сыраханада дуылдасып отырған жас жігіттер сәл қыза бастағаннан-ақ сол көрмеген кейіпкерлеріне еліктеп, жондарын күжірейтіп, дауыстарын зорайтып, жаргонға көбірек иек артып, маңғаздана сөйлейді. Аяқтарын тең баса алмай, онсыз да тәлтіректеген мастарды жалғыз соққымен жалп еткізуге құлшынып тұрады.

 

***

 

Шын мәнінде, бұл аты аңызға айналған қазақ жігіті тұл жетім еді. Үш жасында әкесі жол апатына түсіп, шешесі сол қазаның құсасынан көз жұмған. Арттарында аңырап қалған жалғыз ұл әке жағынан туыстары болмағандықтан, қаладағы нағашы ағасының қолында өседі. Өзінің бес қызы бар нағашысы бір ұлға зар болып жүргенде, бұны Құдайдың бергені санап, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» тәрбиелейді. Бес жасында боксқа, он жасында күреске, он үш жасында таэквонд оға қатыстырып, шыңдайды. Осы үш сала арқылы қарсыласын ұрудың, тебудің, көтеріп алып лақтырудың әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген ерке ұл он жеті жасында мектеп бітіріп, нағашысының қалауы бойынша университеттің экономика факультетіне оқуға түседі. Сол сәттен бастап төрт жыл айналысқан таэквондосын тастап, тек кітапханада отыруға бел буады. Бірақ оқып жүргені жанына жақын мамандық болмағандықтан, екінші курста сабақтан өз еркімен шығып кетеді. Туыстарының жекігеніне қарамастан, оқымай-ақ, оңай жолмен ақша табудың қамын ойлайды. Сол үшін жеке өмір сүргісі келіп, киім-кешегін жинап алып, нағашысының үйінен де кетіп тынады. Үйден шығып бара жатқанында әке орнына әке болған нағашы ағасы көзіне жас алып тұрып, бұның қалтасына 100 мың теңгені сүңгіте салады да, теріс бұрылып кетеді.

Содан бұл қаланың шет жағынан арзанға ескі жатақхананың бір бөлмесін жалдап, сонда жатып алып, смартфонынан интернет арқылы жұмыс қарастыра бастайды. Жұмыс дегені сол — байлар ақша тігетін көше төбелесі. Оны табады да. Осылайша, үш жекпе-жектен ұтқан ақшасын қалтаға басып, дәмхана, түнгі клубтарды кезуге көшеді. Солардың бірінде ойындағыдай бір сұлу қызбен кездесіп, сонымен сөз байласады. Иә, содан бастап уайымсыз күндері мен тәтті түндері зымырап өтіп жатады. Тез жалыққыш жігітке бірсарынды бұл тірлік те ұнай қоймайды. Бойына сыймаған бұла күшін әр жекпе-жектен алатын 200 мыңға жұмсамай, ендігі сәтте бірден байып кетудің амалын ойластыра бастайды.

 

***

 

Уличный боец. Осы бір лақап есім Олжастың өзі тұрып жатқан қаладан асып, республикалық деңгейде естіле бастайды. Шын аты-жөнін білмесе де, жұрттың бәрі оны сырттай құрмет тұтып, өзіне жарасымды лақабымен-ақ дақпыртын асыра айтуды әдетке айналдырады. Шын мәнінде ол осы дақпырт үшін бірнеше қаладағы спорт секцияларын аралап, жаттықтырушыларды өз спорт залдарында жекпе-жекке шақырып жүреді. Бәрін ойсырата жеңіп, содан кейін көше бұзақыларының арасында аты-сойы бар «атамандарға» қарсы күш қолдана бастайды. Асқан жеңімпаз болғанымен, өзі де зақымданудан аман емес, әрине. Басы бірнеше жерден жарылып, қасы, ерні жырылған, бір иығы шыққан, денесі оншақты жерден пышақталған. Түнде төбелесуді күнделікті әдетіне айналдырған, сол үшін пойызға мініп алып, басқа қалаға барып келе салатын қайтпас қайсар жігітті қарсыластарының өзі сыйлап, тіпті, көбісі онымен достасып та алған.

Міне, осындай бір сәттерде қылмыс серкелері де қарамағындағы он жігітке бір өзі татитын бұның дақпыртына әбден қанығып алады. «Іздегенге — сұраған» дегендей, енді өзімен жекпе-жекке шығуға лайық ешкім қалмаған Олжасқа керегі де сол еді.

 

***

 

— Олжас Сапабаев деймісің? Мхммм... Как раз, бізге осындай тұл жетім, бойдақ, қарулы жігіт керек емес пе? Қай жағынан алып қарасаң да талапқа жақсы келіп тұр.

Есірткі бизнесімен айналысатын миллионер шабарманынан Олжас туралы жақсы мінездеме естіп, бір марқайып қалды. Бес саусағына алтын жүзіктер таққан быртиған шолақ қолымен рөмкедегі вискиінен ара-тұра бір ұрттап қойып, жуан сигарасының түтінін көзін сығырайтып тұрып құшырлана сорып, оны аһ ұрғандай деммен дөңгелете үрлеп жіберіп, шабарманына ойлы жанарын қадады.

— Иә, жақсы төбелеседі екен. Сөйлесіп жүрген қызы бар дейді. Ішпейді, шекпейді. Достарының көбі мықты спортшылар... Тағы қандай қырларын білдің? Минусы, әлсіз жері не?

Шабарман күмілжімеді. Галстугын түзеп, сәл жөткірініп алды да сайрай жөнелді.

— Басеке, біз оның өте жақын араласатын достарына дәмханада стол жасап, оларды қымбат ішімдікпен сыйлап отырып сөйлестік. Шын сырларын жасырған жоқ. Ең әлсіз жері — әке-шешесіндей болып кеткен нағашы жұрты екен. Қазір олардың қолында бес қызы бар. Ал минусы — бәрінен тез жалығады. Тіпті, өмірден баз кешіп кетуге де даяр тұратын күйгелек көрінеді...

— Жеткілікті. Бара бер! Аа, тоқта!.. Маған Шрамды жібере салшы!

Шрам дегені – миллионердің оң қолы. Шын есімі — Құлжа. Самбодан спорт шебері. Еңгезердей алып жігіт. Түрі тым сұсты. Онысына оң жақ бетінің пышақ кескен үлкен тыртығы жараса қалған. Есірткі саудасы барысындағы келіспеушілікте қарулы алты жігітті бір тапаншамен-ақ жер жастандырып, олардың басшыларын мейрамханада дүйім жұрттың көзінше атып кетіп көзге түскен дүлей.

— Шрам, —деді креслосын оңды-солды айналдырып, мойнындағы жуан алтын алқасын ермек етіп уқалап отырған миллионер. — Анау Уличный боецті сол қолым етіп қабылдамақпын. Енді маңызды жұмыстарда үнемі үшеуміз бірге жүретін боламыз. Кейін қылтың-сылтыңы көбейіп бара жатса, кепілдікке нағашысының қыздарын аласыңдар. Ал қазір сол жігіттің өзін менің алдыма алып кел! Сөйлесіп көрейік.

— Жақсы, — деп гүр ете қалды, жай тұрғанының өзі ашуланғандай кейіптегі Шрам.

 

***

 

Олжекеңнің бұрынғысы — бұрынғы ма, қазір тіпті миллиондап санайтын болған. Шрамның кең сарайдай үйіне жайғасты. Алдында араласқан достарының біріне де жоламайды. Себебі қожайындары өз орталарынан басқа адамдармен араласуына қатаң тыйым салған. Жұмыстары туралы ұйықтап жатып та сандырақтауға болмайтындай ұстанымға әбден дағдыландырып алды. Олжасқа өздерінің алғашында кинодағыдай әрекеттері ұнай бастаған еді. Мыртық миллионер бастаған отыз жігіт келісілген нүктеге қойындарына шолақ автоматтарын жасырып барып, бір сөмке есірткіге сондай бір сөмке доллар айырбастап алып қайтады. Мейрамхана, сауна дегендерің екінші үйлері сияқты, күнара барады. Ең әдемі қыздар – осылардікі. «Маңдайынан шертіп жүріп» таңдайды. Алайда Олжас бұл бірсарындылықтан да жалыға бастады. Бұл жолғы жалығысы алдыңғыларынан мүлде бөлек. Жасы отызға тақап, ақылы толысқан шағында өмірге деген көзқарасы да өзгере бастапты. Бастығы он жылдан аса уақыт бойы үйлендірмей жүрген өзінің бұрынғы қызымен отбасын құруды ойлайды. Пәтер алғысы да, оған қосымша үй салғысы да келеді. Балалы болуды армандайды. Бірақ, алда өзін арманына жету жолындағы үлкен күрес күтіп тұрғандай сезінді. Бұларға ақшаны айына 200 мың теңгеден ғана жалақы ретінде беретін, анда-санда болып тұратын атыс-шабыс кезінде алғыс ретінде Шрам екеуіне 1 миллион теңгеден, өзгесіне 500 мың теңгеден ұстататын мыртық миллионерден еңбегінің ақысын әдемілеп тұрып өндіріп алуға бейіл.

Ақыры мазасыз ойы маздаған Олжас қаланың бір елеусіз түкпірінен жатақхана жалдап алды. Онда тұратынын ешкім білмейді. Одан кейін смартфондағы кейбір керекті телефон нөмірлерін қағазға жазып, сим-картасын сындырып, қоқысқа тастай салды. Смартфонын досына беріп, өзіне оның орнына ең арзан телефон сатып алды. Ғашығына жарты немесе бір жылдай кездеспеу керектігін, себебі сол аралықта тындырып алатын шаруалары бар екенін шегелеп айтып көндіріп, одан қай күні болса да өзін күтетін уәдесін алды. Ендігі меже – мыртық миллионердің лас тірлікпен айналысатын «апанына» табан тіреу.

 

***

 

— Уличный боец қайда? Бір жұма бойы неге хабарсыз кетті? — деді мыртық миллионер Шрамды шақырып алып.

— Білмедім, басеке. Киім-кешегі үйде. Өзі «сендерді араластырмай, бір аптаның ішінде шешіп алатын жеке мәселем бар» деп кеткен. Көп ақша да алған жоқ. Телефоны өшіп тұр. Енді бір-екі күн күтейік. Болмаса, өзім іздеп табамын оны, — деді Шрам.

— Давай, ол не мәселе екенін біл! Өлі ме, тірі ме өзі? Жердің астына кіріп кетсе де тап! — деп түсін суытты дегбірсіздене бастаған бастық.

 

***

 

Олжас жұмысына шықты. Бастығын бұрынғы бір қарсыласынан кек алып қайқанына сендірді. Бұдан былай ондай жеке шаруаға сұранып кетпейтінін айтып, кешірім сұрады.

Одан кейін есірткі саудасы әдеттегідей жүре берді. Бірде мыртық миллионер теңгемен сауда жасалатынын, атышулы қылмыс серкесі бұлардан 500 миллион теңгенің есірткісін сатып алатынын жеткізді. Олжастың да күткені осы сәт еді.

Екі тарап бұрынғы бетон зауытының ескі ғимаратында жолығатын болды. Мыртық миллионердің екі мергені бір-бір винтовкамен сыртқа жасырынып, өзге отызы ішке енді. Бастықтар өзара келісіп, ақша мен есірткі алмасқан сәтте Олжас екі жақты атыстыруды ойлады. Дереу ақша толы сөмкені ұстаған әріптесін ту сыртынан шап беріп қылғындырып алды да, оның шекесіне тапанша кезеп:

— Тырп етпеңдер! — деп айқай салды.

— Түсінбедім. Бұл не шоу? — деп тыжырынып, басын қисайтты қарсы тараптың бастығы. Сөйткенше болған жоқ, Олжас олардың бір адамын атып салды. Одан кейін қару ұңғылары жарқ-жұрқ етіп, іштен де, сырттан да оқ жаңбырша жауды. Олжас әріптесінің қолындағы былғары сөмкені ала қашып, бетон артына жасырынып үлгерді. Бұл сәтте ішке сырттан бірнеше газды түтіндер түсіп, автоматтары ажал құсқан арнайы жасақ та топырлап кіре бастаған еді. Олардың осы жерге алдын ала келіп алуына мүмкіндік жасаған Олжас ылдым-жылдым қимылмен атыс орнынан сытылып шықты. Қолында — 500 миллион теңге! Алайда, ол мыртық миллонер, Шрам, тағы басқа оншақты жігіттің де қашып үлгергенін байқамады.

 

***

 

Олжас жатақханада тығылып жатыр. Түнде жүзін жасырып шығып, жақын маңдағы дүкеннен ішіп-жемін алып келеді. Қалған уақыттарда бірыңғай іште. Ал Шрам бастаған топ оны іздеп, темір жол, автовокзалдар мен әуежайды күнде торуылдайды. Сондай-ақ нағашысы мен сүйікті қызын кепілдікте ұстап отыр. Оларды іздеп баратын Олжас жоқ. Қалтасындағы умаждалған қағазынан бір нөмірді теріп, көлігі бар ескі танысына хабарласты. Келген соң оған мән-жайды түсіндіріп, екеуіне ортақ ақшамен соның шалғайдағы ауылына барып жасырынуға көндірді. «Бұл ақшамен туыстарыңның бәрі байиды», — деп үміттендіріп қойды.

 

***

 

Олжастың ауылда іші пыса бастады. Оңай олжалаған бір сөмке ақшасын қайда жұмсарын білмей, сытырлатып санай береді. Өзінше бірнеше жоспар құрып көргенмен, ойы орта тұсынан шашырап, бір жүйеге келмей-ақ қойды. Қаладан пәтер алғысы, табиғат аясынан әдемі баспана тұрғызғысы, одан артылған ақшасын жеке есепшот ашып, соған салып тастағысы келеді. Алайда бұның бәрі — құр қиял, орындалмас арман ғана. Көңілінде бір зор күдік бар...

Сотталып кету мен есірткі мафиясының жендеттері қолынан қаза табу үрейінен арыла алмай, қалжырап жатып, ұйықтап кетті. Осы кезде ауылға екі джиппен Шрам бастаған, шолақ автоматпен қаруланған сегіз жігіт кіріп келе жатты...

 

***

 

Мыртық миллионер түрмеде отыр. Ал ауылдың аткөпірін шығарып, Олжас орналасқан үйдің тұрғындарын қынаша қырған Шрамдар облыс орталығынан тікұшақпен жеткен арнайы жасаққа қарсыласу кезінде оққа ұшты.

Спортшы жігіттің нағашы жұрты мен сүйікті қызы дін аман. Тек қастарында Олжас жоқ. Өйткені ол қалалық ІІД ғимаратында тергеушінің сұрақтарына жауап беріп отыр...

 

***

 

Сырттан ентіге жеткен досы Олжасты жұлқылап оятты.

— Тұр тез! Ауылға екі джип келе жатыр...

Ұшып түрегелген Олжас досын тыңдамастан, сөмкесін асынып үлгерген бойда сыртқа ытырыла қашты. Ауыл іргесіндегі тоғайда ағыл-тегіл жылап, жүрегі езіліп отырып, досының, оның ата-анасы мен бауырларының үй алдында кезек-кезек жер құшып жатқанын көрді. Досы өліп бара жатса да Шрамға ауылына бұның келмегенін айтып әлек.

Есеңгіреп қалған Олжас біраздан кейін көзін ашса, ауыл үстінде тікұшақтың тырылдаған дыбысы шығып жатыр.

Еркеғали Бейсенов

Еркеғали Болатұлы Бейсенов — 1984 жылы мамырдың 4-інде Қостанай облысының Аманкелді ауданына қарасты Сарыторғай елді мекенінде дүниеге келген. 2001-2006 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Журналистика» кафедрасынан білім алған. 2003-2013 жылдар аралығында, яғни, 3-курс студенті кезінен бастап «Қазақ радиосының» Астана студиясында бағдарламалар редакторы, «Таң» телеарнасында тілші және бірнеше басылым мен сайттарда бөлім меңгерушісі, бас редакторы қызметтерін атқарған. Қазір «Halyq Uni» порталының шеф-редакторы. 2006 жылы өткен кезекті Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Журналистика» номинациясы бойынша І-орын иегері. 2011 жылы «Қайран, құндылық!..» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрген. 2016 жылы «Алтын тобылғы» байқауының «Ең үздік поэзия» номинациясы бойынша жеңімпазы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon