Мұратхан Махметұлы

402

Торы жорға

Әңгіме

— Ата-а-а-а-а!

Биік таудың басынан айғайлаған дауыс аядай ғана қыстау ішін жаңғыртып барып тоқтады. Жұмыр дөңбектерден қаланған, шағын ғана, жұпынылау үйден жүгіріп шыққан Сәмет шал биік тауға күн сала сығырая қарады да, «О, мына жүгірмек ақыры шыққан екен ғой» деп күбірледі. Қартаң тартып, сола бастаған шопанның жанары тау басындағы немересінің сұлбасын шырамытып тұр. «Қайт» дегендей қолын бір бұлғады да қайта үйге еніп кетті.

— Не бопты? — деді төрде ұршығын иіріп отырған Сақыпжамал кемпір.

— Жәй, ана Ермек қой баяғы. Тауға ақыры шығыпты. Шыға алмай қорқақтап жүр еді, жаман неме...

— Аяғы тайып, мерт болып жүрмесін, барсаңшы.

— Түсер, бұл тауды биік демесең, шығып түсуге қатты қиын емес қой...

— Дегенмен де, қаланың ақ алақан баласы ғой. Құлап бір жерін ауртып алып жүрмесін.

Иә. Қалаға балалары кетіп, қыстауда кемпірі екеуі ғана қалған соң, Сәмет шалдың көңілі қатты құлазып қалған. Бұрынғыдай емес, көрші қыстаудағылардың да келім-кетімі азая бастаған. «Осыларға не болған екен?» деп бір ойлады да «әй, мына қыста өздерімен өздері әлек болып жетіспей жатқан шығар» деп оларды да мүсіркеп қалды шал. Қайта осы демалыс кездерінде немересі келіп, үй у-шу болып думанданып қалады.

Ермектің алғаш келген кезі қызық. Есік алдындағы қой-қозы қашып, үйге келіп тығылған. Бара-бара көзі үйреніп, малға жақындай бастаған. Бір жолы батырсынып шығып еді, қайтадан қашып кірген үйге.

— Ау, не болды батыр, қорықпайтын едің ғой?

— Қорықпаймын, бірақ, ана сиыр ашулы...

Ал, келіп күлсін ақсақал. Қорада болған аз-кем «келіспестіктен» қораластары сазайын берген тынышсыз қоңыр құнажынның көзі көгеріп, алыстан, шынымен алайып көрінетін-ді. Бала да байқапты.

Сол Ермек қазір он бірде. Түрі де, мінезі де тура атасының өзі. Өткенде тауға жібермей қойып еді. Міне, өзі ұрланып қашып шығыпты. Енді аман түссе болды да...

Шал қайта қарады тауға. Бала көрінбейді. Зады, ары айналып кетсе керек. Таудан түсуге сол жағы ыңғайлытын. Суалған жанарын тіге әлі қарап тұр ақсақал. Кенет арт жағынан «Ата» деген дауыс шаңқ етті. Қараса екі иығынан дем алып, жалаң басынан бу бұрқырап Ермек тұр. Қоңыр малақайын шешіп, қолына ұстап алыпты. Жауды жапырып қайтқандай жанарында бір паңдық бар. Шал баланың қылығына сүйсініп кетті. «О. Келдің бе батыр, не бар екен тауда?» — деп басынан сипап бауырына басты.

Тауда көрген қызықтарын Ермек әлі айтып тұр. «Иә, иә» деп басын изеген болады атасы. Енді ше, осы таудың әрбір тасы мен бұта-бүргеніне дейін таныс ақсақалға. Сонау сексенінші жылдары заман оңалып, саясат түзеле қалғанда осы жер өздеріне тиіп, азын-аулақ малымен келіп еді. Қазір шіріген бай болмаса да, ел қатарлы мал жиып қалған. Өзінен туған жалғыз ұлы оқу деп, жұмыс деп қаладан келмегелі қашан. Тек демалыстарда Ермекті атасына әкеліп тастайды. Қазір сол Ермегі өзіне кәдімгідей қолғанат.

Ермектің сөзі сәл азая бастағанда атасы «Апаңа айтшы, шәй дайындай берсін, ішіп алып, кетуіміз керек», — деп тапсырды да, өзі малға су беруге қораға беттеді.

Малды өріске жіберіп, бір-екі күнде туады-ау деп бірнеше қойды алып қалған еді. Солардың шөбін, суын берді де, қораның есігін жауып, үйіне жақындағанда:

— Атам «шыға алмайсың» деген. Шықтым ғой бәрібір, — деген Ермектің дауысы естілді құлағына.

Сәмет шал сәл езу тартты. Мақтансүйгіштігі де өзіне тартқан ба, қалай?

Қашан еді? А, иә, сол жылы екен ғой. Қыстаудың қасынан ең алғаш дүкен ашылған жылы ғой. Жігіттермен қосылып арақ ішемін деп, бір ұятқа қалғаны бар Сәметтің. Ол кезде осы Сақыпжамалға енді үйленгелі жүр еді. Қой ванналауға қайын жұртына бара жатқан Сәмет дүкеннен сәлемдеме ала салуға кірген. Кірсе өзінің балдыздары бар бірқанша жігіт дүкеннің шетін ала орнатылған пештің қасында дулап арақ ішіп отыр екен. Жездесін көргесін балдыз жігіттер аянсын ба, қоярда-қоймай мақтауын жеткізіп бір рюмка алғызып жіберген. «Жездеміздей мықты жігіттер арақты күшті көтереді» деп, екіншісін, сосын үшіншісін алғызған... ары қарай есінде жоқ. Таңға жуық біреудің оятуымен көзін ашқан. «Тұр,  малды алдымен суарып алайық. Сосын ваннаға ...» деген дауысты естіген. Кешегі балдыздары екен деп ойлаған ғой сонда мастығы толық тарамаған Сәкең. «Өздерің іше беріңдер, өздерің» деген кепкен кенезесін қырнап. «Мына қызталақ бізді малға теңеп тұр ма?» деп қолындағы сынық сапты қамшысымен бір тартқан қайынатасы. Сонда ғана есін жиған Сәкең есіктен бір-ақ ыршыған. Мақтап-мақтап арақ берген, онымен қоймай, үйіне алып келген балдызына біразға дейін өкпелеп сөйлемей қойған. Кейін Қайынатасы қайтыс болып, ауылға сол жігіт ие болып қалған соң, қайта араласқан. Тек арақты енді аузыма алсам итпін деп қасам ішкен. Содан бері арақтың аты аталса болды лоқсып тұратыны бар.
«Ол да бір заман еді-ау» деп ойлады ақсақал. Осы кезде өзінің қора мен үйдің ортасында тұрып қалғанын енді аңғарды. Қақырынып үйге кірді.

Үй ішінен жағымды опырма шайдің иісі мұрын жарады. Қара пеште лаулап жанған оттың дыбысы пен Ермектің дауысы шәйнектің ысылын басып тұр.

— Шәйіңді дайындап жібер, бәйбіше, — деді Сәмет шал Ермектің сөзін бөліп. — Әліпбайдың жылдық асы да болайын деп қалды. Ермекті ертіп, бала-шағасының жағдайын біліп, мал батасына қатысып қайтайын.

— Иә. Ол да дұрыс екен. Марқұм біздің үй дегенде шығарда жаны бөлек еді, — деп кемпірі де көзі жасаурай дастарқан әзірлей бастады.

Сексенінші жылғы жер бөлінісінде осы қыстау Сәмет пен Әліпбайдың үлесіне тиген еді. Шағын қыстау екі бірдей отбасына тарлық еткеннен кейін, Әліпбай қарт алыстау, жайыты нашарлау болса да, басқа жер тауып, осы қыстауды Сәметке қалдырып, өзі көшіп кеткен.

«Ол жерге мен барайын. Жасың үлкендеу. Сен осында қал», — деп жығыла жабысқан Сәметтің сөзін елемеген. Елегені былай тұрсын, қатқыл дауыспен «Әй, Сәмет, әкең Байқадыр кезінде осы өңірге танымал сұңғыла қарт еді. Қырқыншы жылдары елмен босып осы өңірге келгенде атамыздан көрмеген жақсылықты сенің әкеңнен көріп, адам қатарына қосылғанбыз. Енді тақыр жер үшін сені алысқа жібере алмаймын. Арамыз алыс болғанымен, араздығыз жоқ адамбыз. Келіп-кетіп тұралық» деген де кеткен.

Сол Әліпбай өмірден өткелі де жылға жуықтапты. Сәмет ақсақал осы жолы әрі аға, әрі дос болып өткен Әліпбайдың орнына құран оқытып, марқұмның жылдық нәзір жұмыстарын ақылдасып, Әліпбайдан қалған жалғыз ұлдың жағдайын біліп қайтпақ.

Шай ішіліп болған соң ұзақ бата жасалды. Сәмет шал қыстық қалың қара шапанын, түлкі тымағын баса киіп, малының құты мен көркі, көрген адам қызыға қарайтын торы жорғасын ерттеп, Ермекті артына мінгестірді.

«Ал, кемпір, жан ұяда болса ертең қараңғы түспей келіп қалармыз. Сәлден соң, қойыңды қорадан шығара сал. Біраз қар жеп, аяқ жазсын. Түнде қайта қоралауды ұмытпа» деп тапсырды да «шү, жануар» деп тебініп қалды.

Малсақ шопанның күтімінде жылтырып, жұтынып тұрған торы жорға тайпалып ала жөнелді. Сәмет шалдың жердегі бейнесі бір бөлек те, осы торының үстіне отырған кездегі түрі бір бөлек-тұғын. Торы жорғаның үстіне шыққанда хан екеш ханға да сәлем берместей маңғаз, тәкаппарлық білінуші еді шалекеңде.

Оны-мұны айтып, ет асым уақыт жүргесін Әліпбайдың ауылына ат басын тірей тоқтады жолаушылар. Ат тұяғының тарсылын естіп, ағаш үйден шыққан Әсет пен мал батасына жиналған ақсақал, қарасақалдар жігі-жапар болып қонақтардың атының басын ұстап, қолтықтап түсіріп әлек.

Әсет те Әліпбайдың жалғыз ұлы. Жоғарылап оқи алмай әкесінің таяғын мұралап, қой шетіне шыққан. Таяғы дұрыс болмады ма, әлде Әсеттің ебі келмеді ме, әйтеуір Әліпбайдан қалған малдың басы сиреп өспей қалған. Қазір де осы өңірдегі жұртпен салыстырғанда Әсет тұрмысы нашар отбасылардың қатарына жатады.

Аз-кем амандық сұрасқаннан кейін, Сәмет ақсақал үй ішіне айнала көз тастап:

— Ал, Әсет. Әкең Әліпбай кеткеннен кейін, осы әулетке өзің ие болып қалған жәйің бар. Құдайға шүкір. Әзірге жаман атың шығып, көштен қалған емессің. Басың аман болса дүние-боқ өзі құралар иншалла, — деп бір тоқтады. — Сосын, осы жолы келгенім, алдымен сені мен келіннің амандығын білейін дедім. Одан кейін жасы үлкен болса да, дос болып өткен Әлекеңнің жылдығының жәйімен танысайын деп келдім. Не айтасың осыған. Дайындығың қалай? Бізден, ағайын, туыстан не көмек керек? — деді алдымен Әсетке, одан кейін айнала отырған қонақтарға бажайлай қарап.

Әліпбай шалдың аузынан түсе қалғандай ірі денелі, кем сөзді Әсет сәл ойланды да:

— Иә. Аға. Әкең өлсе өлсін, әкеңді көргендер өлмесін деп бұл қазақ қалай дәл айтқан. Сізді көргенде қатты қуандым. Өзім де ақылдасуға сізге барайын деп отыр едім. Шаруадан шыға алмай отырмын. Жылдық нәзірге деп тәтті-пәтті алдырып, бауырсақ, нанын пісіртіп қойдым. Тек... тек жылдыққа соямыз деп отырған қоңыр өгізіміз сәл арықтау болып тұрғаны, — деді жерге қарап.

«Қане, көрейікші» деп қарайған шал-шауқанды ертіп, қора жаққа барған Сәмет шалдың көңіл-күйі түсіп кетті. Жылдыққа сойылар қоңыр өгіз сылып алар еті жоқ, арса-арса арық мал екен. Кәрілік те жеткен бе, қалтылдап тұр.

Мынау сәл емес, мүлдем арық қой, Әсет. Басқа мал табылмай ма екен? Туыс-туған не дейді, — деді қабағы түйіліп кеткен Сәмет ақсақал.

— Бары осы болып тұр, аға. Дұрыстауын алуға ақша жағы да табылмай тұр- деп тағы жерге қарады Әсет.

Айнала қоршап тұрған Әсеттің туған-тумаласынан үн жоқ.

— Ау, ағайын. Өздеріңіз білетін Әліпбай мал жиып, билік құрмаса да, адамдығын жоғалтпай, еңсесін тік көтеріп өткен жан. Марқұмның жылдығына мына сияқты көтерем мал сойсақ біздің елдігімізге де сын. Адамгершілігін ту етіп өткен марқұм Әлекең де сонау зеңгір көктен бізге қарап тұрған шығар. Марқұмның нәзірін аруағы разы болатындай, келген жұрт сөкпей қайтатындай етіп өткізбесек несіне бірге тудық, несіне бірге жүрдік — деп Сәмет қоршаған жұртқа бір көз тастап өтті. Жұрт тағы да үнсіз. Менде мал бар еді, менде ақша бар еді дей қоярлық туыстың қарасы да көрінбейді.

Кенеттен, бағанадан бері ақырын сөйлеп тұрған Сәмет ақсақалдың түрі күрт бұзылып, Әсетке қарады да қатқыл үнмен:

— Әй, Әсет. Сырты түк, іші боқ кез-келген мал Әлекеңнің жолына садаға. Сой менің торы жорғамды, — деп саңқ етті.

Торы жорғаның даңқын білетін, Сәмет шалдың өзінің де, малының да көркі екенін білетін мұндағы жұрт аңтарылды да қалды. Өзгені қойып, «атама не болған» дегендей ауызы ашылып Ермек тұр.

— Тұрма, Әсет. Торыны дайындай беріңдер. Алыс-жақыннан хабар тимегендер болса нәзірдің хабарын жеткізіңдер. Қатын-қалаш дастарқан қамына кіріссін. Ел болып, жұрт болып Әлекеңінің жылдығын өткізейік. Жанымыз аман болса мал табылар», — деді де үйге қарай беттеді.

Ермекте әлі үн жоқ. Шынымен торы жорғаны соя сала ма енді? Ой, Алла...

Бір айтса, дегенінен қайтпайтын, ағайыны үшін жанын беруге дайын Сәмет ақсақалдың сыры мұндағы жұртқа бұрыннан мәлім. Әсет құралпы жігіттер торы жорғаны алып кетті. Әйелдер жағы қазақ-ошаққа от жағып, шай қамына кірісті... Жас балалар хабар таратуға жан-жаққа шапты...

Әліпбайдың жылдық нәзірі де өтті. Қыстау өңірінде Сәмет ақсақалдың өзі мініп келген торы жорғаны қалдырып, ер-тоқымын Әсет берген жабағы тайға артып, ауылына жаяу қайтқаны күні бүгінге дейін жыр.

Шалының жаяу келгенін көрген Сақыпжамал кемпір тіс жарып ештеңе айтпады. Тек Ермекті қолынан жетектеп «шаршадың-ау, құлыным. Айран ішесің бе?» деп кемсеңдей берді. Кемпірінің Ермекке жаны ашығанын, я Торы жорғаны қимай тұрғанын бұл жолы Сәмет ақсақал біле алмады. Білгісі де келмеді. «Аруағың разы болсын, Әлеке. Біліп-білмей ренжіткен жерім болса кешіргейсің» деп күбірлеп қора жаққа бара жатты...

Мұратхан Махметұлы

Махмет Мұратхан (15 желтоқсан 1983 жыл) — Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Академиялық мәселелер департаментінің директоры. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің Кәсіби стандарт әзірлеу бойынша сараптама мүшесі, РАТТ мүшесі, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Ғылыми Кеңес мүшесі. Магистр, аға оқытушы.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon