Дактиль
Ержан Қожас
Бұның дерті басқаларға түк ұқсамайды. Тіпті он бес жылдан астам бір төсекте қатар жатқан қосағы да осыны түсінбей-ақ қойды. Қырықтан асқан күйеуі кісікиік болатындай, шынымен, не көрінді? Енесі де осы жалғызының кісіге жұғыспайтынын білетін. Біле тұра сөйлейтін.
— Қарағым-ау, шағын ауылдағының көбі өз ағайының. Анау әкеңмен немере Шәріпбайдың ұлы мына Қазалыдан қыз алып қашқанға ұқсайды. Кешірімі беріліп, келім-кетімі саябырсыпты. Енді ертең беташары, кешке тойы. Қатыныңды ертіп барып неге қызмет қылмайсың? — деп еді-ау қайбір жылы. Оны елең қылған ұл қайда?
— Ай, апа-ай, ендігі қалғаны Шәріпбайға қызмет қылу ма? Менен басқасы да жетер. Өзіңіз тойына қатысарсыз. Барса, келініңді жібер, менен рұқсат, — деген Матығұлдың сөзін әйелі Күнзираш та естіген.
— Ее, бауыр өзіңдікі, қарғам. Ағайынмен араласпасаң жатқа айналасың. Кәрі сүйегімді сүйретіп мені қашанғы жүрер дейсің? — деген енесінің сөзіне селт етпеп еді күйеуі шіркін.
Күнзираштың әлі есінде. Келін боп түскелі осы үйге туыстың бар қуанышы мен қайғысына енесі екеуі баратын. Матығұлдың мұндайға мүлде жоламайтынын білгенде әдепкіде таңырқаған. Әрі-бері көндірмек болып еді, зілді даусын естіді. Біртоға, сөзге аса жоқ күйеуімен көп жауаптаса қоймайтын Күнзираш одан кейін бұл әңгімеге бармаған. Келе-келе өзі де үйренді. Жақындарының тойы мен қазасына енесін жетектеп кете беретін.
Мектептен соң оқуға құлықсыз болған Матығұлдың бар ойы қайтсе баю еді. Дүние жинап, мал басын құрап, жоқ дегенде орыстың «Нивасын» желдіртіп жүрсем дейтін. Содан шығар, үйіне келіп, әлдене сұраған ауылдастарына «жоқ» деген сөзді жиі айтатыны. «Бұл жұрт неге сұрамсақтана береді?» дейтін ішкі ойы кейде тіс арасынан сыздықтай боқтық сөзбен араласа шығады.
«Ешкімге ештеңе бермей, ешкіммен қатыспай-ақ отырайын. Әйтпесе, бұл ағайын маған қара жинатпас». Матығұлдың ішкі түйсігі осы. Кейде апасымен осыған бола сөзге кеп қалады. Ауылда той болмай тұрмайды. Тумақтың өлмегі және бар. Мұндайда жақын ағайынның қуанышына ортақтасып, ақша апаратыны рас. Болмаса ауылдағы жұрт мал атап жатады. Қайғы орын алған шаңыраққа да осы кәде-қаумет жүреді.
— Қали атаң қайтыпты. Әкең өлгенде жамбасы жерге тигенше қызмет қылып еді. Көңіл айтып барып шық. Ана қорадағы көп жандықтан біреуін ата. Сойысқа қоңдылауын бергенің дұрыс қой. Арық-тұрық мал атапты деген сөз естігім келмейді, — деген Салиха шешесіне Матығұл күңк еткен.
— Қали көкеме мал атамасаң болмайтын ба еді, апа? Бір он мың теңге мен екі метр шүберегіңді бере берсеңізші. Ана жаққа Қали тұрмақ одан зоры кетсе де мал жоқ.
Күнзираш сонда қатты ренжіп еді. Үнсіз қалған енесінің көңілін қалай ауларын білмеген. Матығұлдың мұнысы несі?! «Қали атамның шаңырағынан басқа бұлардың қай ет жақыны бар?». Осындай сұрақтың жауабын іздеп таппаған Күнзираш. Күйеуінің қылығына көпке налып жүрді.
Ене байғұс іштен шыққан соң шығар, ұлымен артық-ауыс сөзге бара қоймайтыны. Бір-екі рет ескертеді, оған мойын бұрар Матығұл болмаса, қалған шаруаны келініне әмір беріп істетеді. Үкімет берген аз зейнетақының көбі жақын ағайынның қызық-шыжығына кетсе де қабағын шытқан Салиха кемпірді көрмейсің. Марқұм шалы да қонақжай еді, көп жанды отбасыдан шыққан бұл да жастай осы шаңырақты аттап, күн-түн демей қонағын күтіп, дастарханды келін атанды емес пе?! Тамағынан бұрын қабағын ұсынар Салиханың қонақ күтісіне ата-енесінен бөлек, әулетке жақын қайнаға-абысыны түгелдей риза еді-ау. Бұл күнде сол жайсаңдардың жер астына кеткені қай заман? Айтсаң, бәрі ертегі. Кісі жатырқамайтын Салиханың кейде осыны жиі ойлап, жалғыз ұлдың жайына алаңдайтыны бар.
Матығұлдың жаратпайтыны осы. Өзі жеке шаруашылықтың жұмысында жүріп, айлығын жырымшылап мал жиды. Екі сиыр, бір тайынша, жиырма шақты қой-ешкі. Күнзираш жұмыссыз. Шешесінің зейнетақысын азық-түлікке жаратып, тетелес екі ұл мен бір қыздың мектепке киер киімін түгендеп жүргені. Ал ағайын арасындағы той-құдайы жолында қайсысына мал атап, ақша беріп жүреді бұл? «Апам да тапқан екен ақымақты. Бір атадан тарайды екенбіз деп жиған дүниесін осындайға жарата берсе не қалмақ?». Ойы солай Матығұл шіркіннің.
Дүние жинаймын деп тыраштанған Матығұл үйленген соң бірге оқыған кластастарымен де араласудан қалған. Кей-кейде қисалаңдап келген екі-үш құрдасын ит қосып қуғаны бар. Күнзираштың өлердей ұялғаны-ай сондағы. «Құдай-ай, көп болса, бір аяқ бермешелін жеп, бір шынысын ғана ішер. Неге өйттің?» деген бұған Матығұлдың жауабынан бұрын құлаштай лақтырған керзі етігі жеткен. Жалтарып үлгерді.
— Ябтва... Не сандалып отырсың? Бұлар бір дәніксе, үйіңнен шықпай... Соларды суарып отыратын арағың толып тұр ма еді?!
Түкірігі шашырай жындана айқайлаған күйеуіне Күнзираш бұл жолы да қарсы келмеген. Үндемей құтылды.
Содан кейін ғой бұған лақап аттың таңылғаны. Қуақы бір кластасы «Аллергия» депті. Алғашында Матығұл бұған шамданып жүрсе де, кейіннен құлағы үйренді. Кейде «Ел не демейді, есек не жемейді, әкесінің тап аузы, оған басымды ауыртпадым ал» дегендей қасақы мінезбен қасқайып жүре беретін.
«Аллергия» атануының себебі жоқ емес. Адам шіркін түрлі жемістен, шаңнан, ыстықтан, әйтеуір бір дүниеден аллергия болып жатады ғой. Түшкіртіп-пысқыртып, мазасыз күйге түсіретін бұл аурудың машақаты көп. Ал Матығұлдыкі? Әлгі іші кепкір құрдасы бұны «кісіден аллергиясы бар» деп бір отырыста қағытқан. Сөз осыдан шығып, азан шақырылған есімге «Аллергия» атауы жабыссын енді. «Аллергия Матығұл». Өзі де жоламай, өзгені де жолатпайтын бұл мінездің тауып берген теңеуін қарасаңызшы...
Бұл атау да Матығұл ана дүниеге кетем дегенше айтыла берер ме еді, кім білсін, мына бір оқиға орын алмағанда...
Иә, Матығұл өзгермес пе еді? Бірақ өзгерді. Өзгерткен сол бір жағдай. Көңілінде өшпестей із қалдырыпты.
Бір жыл бұрын шешесі «табылмайтын түйесін қарап кеткен». Ағайын арасына сыйлы қарияны Құдекең де көп әуреге салмапты. Түскі шәйдан соң кішкене мызғып алатын Салиха кемпірдің «басымның шаншуын-ай» дегенін Күнзираш келін ғана естіп еді. Бесін уақытында аһылап-уһілеуі көбейді. Бұл кезде жұмыстан оралған Матығұл да шешесінің бұрын-соңды бұлай ауырмағанын көріп, абыржыңқырап қалған.
Салиха күн ұясына қона бере үзілді. Кетерінде бір-екі ауыз ғана сөз айтты. «Ағайыннан ажырама, жалғызым. Мені әкеңнің қасына жайғастырған соң... Иә, солардан қол үзбе...»
Осыны айтты. Бырқ-бырқ етіп жылаған Матығұлға «апам-аулаған» Күнзираштың қосыла шыққан зарлы жоқтауын көрші-көлем түгел естіген еді. Біртіндеп ел ішіне жайылған қаралы хабардан соң қазалы үйге ауыл адамдары аяңдай берді.
— Сүйегі асыл ғой, жеңешемнің, — дейді көңілқос айта келген әрі туыс, әрі рулас ағайынның үлкені Шәріпбай. — Ешкімге салмақ салмастан, ауырмай-сырқамай кете барыпты-ау жарықтық... Солай деп қол орамалымен жасаурай көзін сүрте сөзін қайта жалғады.
— Шырағым, Матығұлжан, Салиха саған шеше болғанмен, мына маған жеңге, мына отырған ағайынның біріне апа, біріне шеше іспетті еді. Алланың әміріне не шара?! Жазмыштан озмыш жоқ. Бұйрық келді ме, талқаны таусылған қай пендең де бұл жалғанда тұрмақ емес. Ендігі мәселе – жеңешемді оң жаққа орналастырып, шамамызша кәде-қауметімен аттандыру. Сүйегіне түсетін адамды реттерміз. Ана сырттан келер жақын-жуыққа хабар бергіз, қонақасы мен намазына сояр малды даярла. Ләк[1] қазуға жігіттерді мына Бекболат ұйымдастырар. Ал, ағайын, бұл шаруадан ешқайсысың да қалыс қалушы болмаңдар!
Сөзінің соңын қатқылдау аяқтаған Шәріпбай шалдың сөзіне барлығы да кеу-кеулесіп, қосыла кетті. Ауылдағы үлкен сөзінен аспау дейтін тәрбиеден бұл жиналғандар мақұрым емес еді.
Шешесінің ағайыннан бөлек, ауыл ішіне сыйлы екенін сонда көрді емес пе, Матығұл? Сүйекті ауыл сыртындағы қорымға қойғанша барлығы тік тұрып қызмет етті. Шәріпбай шалдың өзі жеңгесінің аруағы риза болсын деді ме, былтыр қысыр қалған қасқа сиырын атады. Енді бір туыстары қазалы үйдің қажетіне деп ақшалай тапсыруда. «Жетісі бар, қырқы не жүзіне соярсың» деп руласы Бекболат та екі жасар тай өгізін бұның қорасына қамаған. Ағайын жабыла кетсе, жыртық көңілдің жамалатынын сонда білді Матығұл. Көршілері әр бейсенбілікке сояр ұсақ малды өз аттарынан қағазға тіздіріп жатты.
Салиха кемпірдің жамбасы жерге тиген күннің ертеңіне Бекболат тізім жазылған дәптер мен жиналған қаржыны Матығұлдың өзіне тапсырған. Есептеп, барлығын тәптіштеп түсіндірді. Ірі қара мен қой-ешкі атаған туыстарын атап көрсетті. Сондағы Матығұлды таңғалдырғаны — кластастарының жинаған қаржысы. Бақандай 200 мың теңге. Әдейілеп әрқайсысының аты-жөнімен тізіпті. Тіпті анау Алматы мен Жамбылдағы Сәбит пен Нұрлан да Салиха кемпірдің қазасына бейжай қарай алмаған сияқты.
— Иә, кластастарың ұйымшыл екен, Матығұл. Апамның басын қарайтуға осылар берген ақша да жетіп қалады-ау. Цемент пен кірпішті Қазалыдан менің газигіммен алып келерміз. Тәуекел, апта соңында осыған кірісейік.
— Мақұл, — деген бұл да. Расы керек, Матығұлға мұндай жөн-жоралғы мен той-қазада атқарылар істің қай-қайсысы да беймәлімдеу. Содан шығар, Бекболаттың әр сөзіне тек бас шұлғи берген.
Сол күні кешке тұншығып ұзақ жылады. Әрі шын жылады. Күнзираш та бір үн қатпады. Қосағының ішкі қиналысын әбден шығарып алғанын ол да қалағандай.
«Апамның аруағын сыйлады-ау бұл жұрт. Әйтпесе, мен кімнің шікірәсі едім? Осы кезге дейін кімге қайырым тиді? Тым өлермендікпен өзімшіл болып, боқ дүниені қуғанда тау тұрғыздым ба? Қайдам. Бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір ағайынның той-қуанышына да қатыспаппын. Өлім-жітіміне көңіл айтпаппын. Сондағы шыққан ұшпағым қайсы? Сырттай сынайтын ағайынның айтатынындай-ақ бар екен-ау, кінә өзімде...» Ішін өртеп өткендей болды әлдене. Бір бөлмеде жалғыз өзі дөңбекши жатып, таңға дейін солығын баса алмаған еді сонда Матығұл.
Осы жайттан кейін ғой Матығұлда мың өзгеріс пайда болғаны. Шешесінің жылдық асынан соң Шәріпбай шал да ұзамаған. Сексенге тақап қалған қарттың ескі дерті – сол баяғы шаншу еді. Ақыры алып тынды.
Хабар келгенде Матығұл азанғы шайды енді аузына ала берген.
— Маке, Шәріпбай көкем кетіп қалды ғой. Соның хабарын жеткізіп жүрмін, — деген рулас інісінің сөзін естігенде қолындағы кесесін түсіріп алды.
— Не дейді мынауың, шал кеше ғана почтадан пенсиясын алғалы тұр еді ғой.
— Түнде ұстапты. Сол баяғы колхозда жылқы бағып жүргенде тапқан шаншуы ғой. Балалар қалаға алып кетпекші болған екен, өзі қарсы болыпты. Әлі бір сағат болмады қайтыс болғанына.
«Апам сияқты көп қиналмастан кетіпті Шәкем де». Басына бірінші келген осы ойды лезде ысырып, Матығұл суық хабар әкелген інісіне «мен қазір жетем» дегеннен басқа түк демеді. Ол кетісімен көз жасын әлгінде ғана сығып алған Күнзирашқа «жиналайық» дегені.
— Қайда?
— Қайдасы несі? Шәкемнің үйіне. Барып қызмет қылайық. Сояр малы мен басқа да тіршілігіне жәрдемдесейік. «Бұл қазақ өлікке көңіл айтып келгенмен, бірі жылап, бірі сынап келеді» дейтін еді апам. Ағамның соңғы рәсімінде мен жүрмесем, кім жүреді?
Күнзираш Матығұлдың бетіне аңырая қараған. «Мынауың шынымен біздің бай ма еді?» дейтіндей таңырқаулы көзқарас.
— Әй, неменеге бақырая қалдың. Балалардың түскі тамағын дайында да артымнан кел. Мен өзім бара берейін...
Сол күні Матығұл Шәріпбай шалдың қазасына екі сиырының бірін жаздырды. Екі білекті сыбана мал сойып, жіліктеп те үлгерді. Көңіл айта келгендермен де көрісе жүріп, қорымдағы мәңгілік жатар орнын дайындауды жақын інілеріне тапсырды. Мәйіт алдындағы тірінің міндетін түгелдей атқармаса да, араласып баққан. Әрі бұның бәрін шын көңілден жаныға жүріп істеп еді-ау.
Қызығы сол, Шәріпбай шалдың қазасынан кейін елдің аузындағы сөзі Матығұл болған. Суыртпақ жіп сұраса бермейтін сараң жігіттің бұл қылығы көп ағайынды сарсаңға салып қойғанын несіне жасырайық?! Тіпті Күнзираштың өзі күйеуінің бұл өзгерісін неге жорырын бірталайға дейін білмей жүрді.
Арада көп уақыт өтті. Қай ағайынның да қызығы мен шыжығында Матығұл мен Күнзираштың жүретініне елдің көзі әбден үйренді. Ал кейде өзі білетін «Фатиха», «Ықыласты» оқып, балаларымен бірге әке-шешесінің басынан ауылға қарай аяңдаған бұрынғы «аллергия Матығұлды» мен де жиі көремін. «Аллергиядан» айықтырған өз ағайыны екенін ол да іштей білетін секілді...
[1] Ләк — көр
Сағат қанша екені белгісіз. Әйтеуір үйдегі қызыл қораз қақылдағалы біраз болған. Кей-кейде түнгі үште шақыратыны бар оның да. Мұндайда жеңгейдің ұйқысырай бір жағына аунап, «басын шабатын бәле екен өзі» деп кіжіне сөйлейтіні келесі бөлмедегі маған да естіледі. Оған мән беру жоқ, басыңды жастық астына тыға ұйқыны әрі қарай жалғастырасың.
Елге демалысқа келген соң ба, ағам да, жеңгем де мені оятқан емес. Бірақ ауыл ішіндегі шақырыспаға барар болса, ескертуді жөн көреді.
Сондай бір күн еді. Ләзкө жеңгей үстіне барын ілген. Кеше әрірек тұратын рулас ағамдыкіне баратынын айтқан. Соған жиналған беті ғой. Кетерінде төргі бөлмеде тырайып жатқан мені оятуды ұмытпады.
— Үйде боласың ба, Ежөк?
— Ы-ы.
Терезесі газетпен тұмшаланған бөлмеден ұялы телефонымды сипалай іздеген күйі еріне жауап бердім. Түнімен кино қараған «сөткінің» өзінен бұрын, ешкінің ащы ішегінше шұбатылған құлаққабы қолға бірінші тиді.
— Иә-ә, тұрсаң ана холодильникте айран бар, ашыған бар. Тамақ жегің келсе, жылытып же. Кешегі ет тұр. Қарбыз же, шөлдесең.
— Жақсы.
Қайда кеттің деп сұрамасам да өзі айтатынын жақсы білем.
— Біз Ұрымхан апамдыкіне кетіп барамыз. Ағаң да сонда. Қаладағы үлкен қайнаға балаларын осында піштірген ғой. Құдайы жолы бермекші.
— Тұрсам өзім бірдеңе етермін.
Солар келгенше ештеңе жемейтінімді білсем де, көңіл жықпастықпен айта салғанмын.
— Ал, мен кеттім, — деді Ләзкө жеңгей қолтығына әлденені қыстырған күйі. Дәл осы жерде жеңгеңнің қолтығындағы не болды екен деген сұрақ туатыны заңдылық. Айтайын. Онысы екі метрлік көйлектік тауар. Жалпы бұл ауылдағы жеңгейлер барар жеріне құрқол баруды өте ұят санайды. Шақырған жерге міндетті түрде осындай түрлі матаны метрлеп тасып жүретінін көресің. «Ютубтың» ішінен толып жатқан киноларды сапырылыстырып отырғанымда Ләзкө жеңгей де қайтып келді. Бұл кезде түс ауып кеткен. Жаныма жалп етіп отырғанда байқадым, үстінен еттің иісі шығады. Кәдімгі қазанға асылған ет.
— Тамақ астың ба, бара сала? — дедім мен күліп.
— Иә, да. Абысындар төрге отырғызбас. Келін болған соң қазан қайнатпағанда не істейсің?!
Осылай деді де қолындағы пакетті былай қойды. Ал екінші пакеттегісі сарқыт.
— Мынадан ауыз ти, Ежөк. Шәй қойып жіберейін. Қаным кеуіп барады, құрсын...
Шәй ішіп отырып, бірінші пакетті ашқан. Біздің ауылдың өзінің салты ма әлде басқа жерде де сондай ма, маған белгісіз. Белгілісі, манағы қолтығына қыстырған матаның орнына той не құдайы жолының иесі де осындай бірдеңе беріп қайтарады. Дәл сондай мата. Бірақ басқа түрі. Онсыз болмайды. Салты сол шығар, мен оны қайдан білем?! Ес білгелі апам да, шешем де, жеңгем де осылай пакет тасып жүргенін ғана көремін.
Ләзкө жеңгей соны қарап отыр. Пакет ішіне қолын тығып алғандағысы каропкадағы көйлек болып шықты. Кәдімгі арзанқолдау ер адам киер, Қытайдың өнімі. Бірақ, сыртқы қорабы әдемі еді.
— Мана мұғалім келін алым-берімді өзі реттеп жүр еді. Біздің үйдегі қайнағасына көйлек салайыншы деген шығар, — деді қорапты көріп мәз болған Ләзкө.
— Осындайды қатты елейсіңдер, иә-ә, — дедім мен сөйлеткім келіп жеңгемді.
— Елемей ше, көңіл ғой, — деді Ләзкө де қораптағы көйлекті әрі-бері аударыстырып отырып. Сәлден соң көзі дөңгеленген күйі «тұра тұршы» дегені.
— Өлә, Ежөк, — деді сосын ішегін тартқан күйі маған қарап. — Мынау біздің үйден шыққан көйлек ал. Мына бұрышындағы скотчталған жерін қарашы. Өзім жапсырып едім.
— Ой, мұндай көйлек көп емес пе?!
— Ибай, рас айтам, менің сандығымнан шыққан «мөжски» көйлек қой. Өткен айда арғы беттегі Света абысынның қай қызы еді, абысында қыз көп екен-ау, ә-ә, — деп сәл ойланды да, сөзін жалғай берді. — Білмеймін, бір қызы сәлем беріп келгенде осы көйлекті апарғанмын ғой. Арасына ай салып, енді өзіме қайтып келіпті.
— Енді бұны не істемекшісің?
Бұл сұрағыма жеңгей астыңғы ернін тістей сәл ойланып алды. Сосын көйлекті пакетке қайта салды. Салып жатып айтқаны мынау.
— Ұрқыны құрсын, «бәлінсә» жақтағы абысындардың бірі той жасай қалса, соларға қарай жіберемін. Сөй деді де, әлдеқашан суып қалған кеседегі шайын ұрттады.
Солай. Сандыққа қыдырымпаз көйлек қайта салынды. Әлі оның қанша үйдің тойына кіріп-шығатыны белгісіз.
Ержан Қожасов — 1988 жылдың 26 тамызда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келген. 2005-2009-жж. Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін тәмамдаған. Білімі жоғары, мамандығы «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні мұғалімі. Арал ауданы №74, №67, Тараз қаласындағы №54 орта мектептерінде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Республикалық «Ел тілегі» газетінде тілші-менеджер, «Сыр медиа» ЖШС, Ақпараттық талдау орталығында интернет кеңістігі бойынша сарапшы, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінде тілші болған. Қазір облыстық «Сыр бойы» газеті «Экономика» бөлімінің тілшісі, «Саясат және әлеумет» бөлімі басшысы қызметінде. Бірнеше республикалық және облыстық шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. 2021 жылы «Мен ауылдың ұлымын», 2023 жылы «Жылы жүрші» атты кітаптары жарық көрді.