Дактиль
Нүркен Нұрғазы
сен
ертең
Абай даңғылына барасың,
өзіңді даңғыл жолға түстім деп
жұбата алмайсың бірақ...
сені ерініңе жаққан далап та,
еріген қар да,
ерімеген сезім де,
еркіндікті ұран еткен
ермелер де жұбата алмайды.
ерек өскен гүлді өзіңе
апаратын мен де қоңырау шалмаймын
ерегескенде.
осының бәрін біле тұра
ерте оянасың
ертең...
жайдақ су деп кешіп жүрген тұнығың
жағалауы боп шықпасын мұхиттың,
түсінерсің толқынымен ұрғанда...
білесіз бе,
менің ауырып қалуым оп-оңай
сізбен.
бүгін
шашыңызды жайып,
көйлегіңізді киіп шықсаңыз болғаны.
біраз бұрын
ол өзінің сүйгені өмір сүретін
үйдің мұржасына қарап отырып
шылым ойлап тапты.
бүгінде
мен де сол үйге ұқсаймын,
сіз де сол үйге ұқсайсыз,
жүрегімізде сүйгеніміз
өмір сүретіндіктен.
даяшы қыз мəзір ұсынғанда неліктен қобалжимын осы
тағамдар тізімінде менің есімім жазылып тұрғандай?
мəзірді дереу шолып шығам сосын. есімім жазылмаған.
иə, менің жанымды қомағайлар əлдеқашан жеп тынған.
жарығым,
менің күртешемнің
сол жақ жанқалтасында
өткен түннен
қалып қойған
қараңғылық бар.
қазір ол
бұлқынып,
тырбанып
жұлқынып жатыр
басына
орамал салынған
қыздай еріксіз...
сол қараңғылықты
келер түнге жеткізуім керек,
күннің сəулесіне талатып алмай,
оттың ыстығына құлатып алмай.
тек сол қараңғылық
жүрегіме сіңіп
үлгермесе
болғаны,
жарығым...
Нүркен Нұрғазы — 1997 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданында өмірге келген. Аудандық, облыстық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Республикалық «Мен жастарға сенемін!» байқауының екінші орын иегері. Өлеңдері журнал, порталдарда жарияланып, топтамаларға енгізілген. 2018 жылы Түркістан облысының «Үздік жазушысы» атанған.