Маруана Хамзақызы

372

Қабыл болған анамның ақ тілегі

Көркем-әдеби эссе

Барша аналарға арналады

«Дені саудың мың арманы бар, ауру адамның жалғыз арманы — денсаулық» демекші, жуырда нағашым Ерліктің қызы қатты сырқаттанып, екі апта бойы жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатты. Ә дегенде сырқатының емі табылмай, жанұшырған ата-анасы емші, балгерлерге жүгініп, құрбандық мал шалды. Қара суықта емхананы аласұра айналып, күні-түні баласының шыбын жаны үшін  Құдайға жалбарынып, онсыз да тілеулес болып жүрген ағайын-туғанға «Сендер де Алладан баламыздың саулығын тілеңдер» деп еді амалдары таусыла. Иншалла, көп тілегі қабыл болып, екі аптадан соң қызымыз есін жиып, беті бері қарады. Осы оқиға еріксіз әулетіміз өткерген бір қиын жағдайды есіме түсірген еді.

1984 жылдың жазында інім Әлімов Әжмат Хамзаұлы, үйдің де, ұлдың да кенжесі Львов жоғарғы әскери-саяси училищесін үздік бітірген еді. Дәп сол жылы Түркменстанның Кушка қаласында қызметін атқарып жүрген жерінен өз еркімен Ауған соғысына аттанды. Тумасынан ерекше, елгезек те бауырмал бауырымыз майданға аттанғанда, біздер артынан қан жылап қалдық. Неге екені белгісіз, сол жылдары «Бекзатым» әні жиі айтылатын. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, жұрт осы әнді салшы деп қолқалағанда,  азар да безер болып, бас тартатынмын. Базбіреу шырқай жөнеліп, «Биттәйден өскен бекзатым-ай, жанымда жүрген жайдарлым-ау, жаутаңдаған көзіңнен айналдым-ау» деп қайырған кезде, жанарым еріксіз жасқа толатын.

          Біздер су ішіп жүрген кезде жаратылысынан жаны нәзік, балажан байғұс анамыз сүткенжесін ойлаумен күнде у ішетін. Топырлаған немерелерін бағумен күннің қалай өткенін байқамай, кешке үйді-үйіне таратқан соң,  майданда жүрген балапанын ойлап, күбірлеп, «ботам, қозым, құлыным» деп, аһ, ұратын. Ертеңіне көзінің алды кіреукіленіп, мас адамша теңселіп жүрсе де, біздерге сыр бермеуге тырысып, анамыз бар қайғы-мұңын ішіне жасыратын.

Әжмат бұл кезде Бадахшан провинциясы, Файзабад қаласында орналасқан әскери полктің арнайы үгіт-насихат бөлімін басқарып жүрген. Өзі өрімдей жас, жиырма екі жасар лейтенант әскерге жаңадан тартылып, аузынан ана сүті кетпеген жауынгерлердің өмірі мен өлімі үшін жауапкершілікті мойнына алған. Қан майданда көрген қиындықтарын біздерге айтпаса да, ардагерлер басқосуларынан шеттеп, ондаған жылдар бойы соғыс жайлы тіс жармағанынан-ақ, көп нәрсені сезетінбіз. Тек бертінде, жан жарасы жазылғаннан соң барып, соғыстың қасіретке толы естеліктерімен бөлісіп, майдандас достарын егіле еске алды. «Сонда бораған оқ пен оттың арасында өзімді бір беймәлім тылсым күштің қорғап жүргенін де әрдайым сезетінмін» дейді бауырым.

 «Майданға жаңадан келген кезім. Терең тау аңғарымен колонна бастап алдағы машинада келе жатқанмын. Ирелеңдеген жолға үңіле-үңіле шаршап, әнтек шалқайғанымда, сол күш дәл көздеп атқан жау снайперінің оғын маған дарытпай, жанымдағы жүргізушінің бар тісін күл-парша етіп, маған тіпті шағылған терезе әйнегінің ұшқынын да тигізбеп еді.

Көктемнің жаймашуақ тағы да бір күні БТР-мен колонна бастап келе жатып, тау асып, жазыққа көтерілдік. Алдымыз көкорай майса, аспанда менмұндалап шырылдаған бозторғай, жайқалған  алуан гүлдер... Құдды аталарым жайлаған Үшқоңырдың жайлауына көтерілгендей сезіндім өзімді. Сақтықты ұмытып, құлашымды кең жайып БТР-дан секіріп, көкмайса шөпке етпетімнен құлай кеткенімде көлігім минаға жарылып, көкке  ұшты. Сол кезде де сол беймәлім күш мені аман сақтап, талай рет жаныма түскен снаряд жарықшақтарынан қорғаған» - дейді Әжмат.

«Соғыстың аты соғыс, бірақ ұрыстың біруақыт тыншитын кездері де болады. Бірде кілең жас офицерлер мен дәрігерлер бас қосып, көңіл көтеруге ұйғардық. Арамызда Надя есімді медбике бар-тын. Осы келбеті келісті Дон орыс-казак қызының көріпкелдік қасиеті бар деген алыпқашпа әңгімені жиі еститінбіз. Отырыс әбден қызған шақта офицердің бірі «Надюша, осы жұрт сені болашақты болжай алады деп жүр. Сол сөз рас болса, бізді алда не күтіп тұр, соны айтып берші» деп өтінді. Өзгелер де қызығып, қызды қолқалауға кірісті. «Жігіттер, қойыңдар, бұл сендерге ойыншық емес. Майданда жүрсіңдер ғой!» десе де, қызып алғандар райынан оңайлықпен қайта қоймады. Бір кезде қыз ренжи «онда өздеріңнен көріңдер» деп қолын бір-ақ сілтеді де, айнала қаумалаған біздерге қап-қара отты көздерін тесірейе қадады.

Көз жанары өңменіңнен өтердей екен. Жаңа ғана жамырасқан жұрт ойнаймын деп от басқандарын енді түсініп, демдерін ішіне тартқан күйде, абдырап, үнсіз қалды.

Надя болса біршама үнсіздіктен соң, селқос қана, «Мен сендерге ешнәрсе де айтпаймын, — деді. Содан соң: 

— Бір айтарым, осы отырған бесеуден тек жалғыз адам денесіне бір сызат түспестен үйіне оралар. Анасы періштедей пәк жан көрінеді. Күндіз-түні Құдайға жалбарынып, баласының тілеуін тілеп жүр, сол ананың тілегі қабыл болады. Ал өзгеңнің болашағың әр қилы» деді. Бұл болжамды тарқатып сұрауға ешкімнің жүрегі дауаламай, әңгіме осымен тынды.

 Надяның  айтқандары айдай келіп, сол отырыстағы екі жауынгер үйіне әр түрлі жарақат алып оралса, екі боздақ еліне қара ұшақпен жөнелтілді» деді Әжмат әңгімесін тәмамдап. Және де бір әңгімесінде қан майданда елді аңсап, анасын қатты сағынған кезінде, «бала кезден ынтыға армандап, осы мамандықты несіне таңдадым екен? Бұдан да ауылда, ақ мамамның қасында жүргенім артық емес пе еді» деген ойдың басына талай келгенін де жасырмады.

Бауырымыз Отан алдындағы борышын абыроймен толық орындап, 1986 жылдың қыркүйегінде елге оралды. Ел үшін атқарған ерен қызметі жоғары бағаланып, «Жауынгерлік Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Кеңес өкіметі ыдыраған соң, үшінші дәрежелі «Отанына Қызметі үшін» ордені де араға жылдар сала өз иесін іздеп тапты. Бұл кезде кешегі майдангер-лейтенант Әлімов Әжмат, полковник шенінде, Қорғаныс Министрлігінің Сыртқы Байланыстар Басқармасын басқарып жүрген еді.

Денсаулығына біраз нұқсан келтірген безгек ауруын жұқтырып келгені болмаса, Әжмат сол соғыстан денесіне бір сызат түспестен, дін аман-сау оралып, біздермен сағына қауышқан еді. Тек сол кезде ғана анамыздың өзінен екі жылда бір көз ілмей, әр түні баласының  тілеуін тілеп, әр таңды кірпік қақпай атырғанын естідік. Сұрапыл соғыста бауырымызды оттан, оқтан  қорғап, қалқалап-сақтаған құдіретті күш - Алла қабыл еткен, анамыздың ақ тілегі екенін білдік...

 Күлшәйім анамыз бойшаң келген, жылы жүзді, жұқа өңді, ақсарының әдемісі еді. Аса мейірімді адам болатын. Оның жүрек жылуы айналадағы барша жанды шуағына бөлейтін. Марқұм өмірінде бір кісімен шәй деспестен, күндерінің соңына дейін жүрегінің пәктігін сақтай білді. Үш ұл, үш қыз, көзі тірісінде он төрт немере өсіріп, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып, алпыс бес жасында, 1989 жылдың 12 қазанында  дүниеден озды. Анамызды ақтық сапарға шығаруға шыққан жұрттың қарасы үш шақырымға созылды...

Ақ мамам төрт жолдың торабында, ұлдары мен күйеу балалары ақ кірпіштен ардақтап өрген зәулім үйінде, бабалар қорымында мәңгіге жайғасты...

Пайғамбарымыз Мұхаммет (с.ғ.с.) хадисінде: «Біріншіден нендей тілек қабыл болады?» дегенде, «Алдыменен ата-ананың баласына, баланың әке-шешесіне деген тілегі қабыл болады» делінген екен.

 Сондықтан біздер, артынан қалған ұрпағы, түн ұйқысын төрт бөліп, біздерді мәпелеп-өсірген, ақтық демі біткенше тілеуімізді тілеп өткен, анамыз Күздеубайқызы Күлшәйім, бір Алланың ризашылығымен, жарқын жүзі нұрланып, Жұмақтың нақ төрінен орын алса екен деп тілейміз.

Осы шын жүректен  шыққан тілегімізді қабыл ете көр, Жаратушы Ием! Әумин!     

Эссе автордың «Қайран әкем» кітабынан алынған

Маруана Хамзақызы

Маруана Хамзақызы — жазушылар Одағының мүшесі, Ресейдің «Писатель года» байқауының 2017, 2020 жылғы номинанты, «Иван Бунин» медалінің иегері, Әзірбайжанның Dede Gorgud қорының Қазақстандағы өкілі, халықаралық «Әзірбайжан дүниясы» журналы редакциясының алқа мүшесі.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon