Тілеубек Батыс

381

Хиджаб киген ойларым тұншықтырып меланхолия

***

Жалғыздықты үлкен қалалардан

іздеу керек

 Рене Декарт

 

Мен еркінмін дейді бұқпа ойлар.

Мен еркінмін дейді жасық мінез.

Тәуелді мұң өзінің тәуелсіздігін

айтады,

Азатпын дейді жымысқы бір тірлік.

 

Көшеде маңдайына қат-қабат

тағдырды жазған сабылысқан

адамдар.

Сарғайған шамдар,

Қуарған жапырақтар,

Қайта бүрлеген өрік гүлдері

Барлығы тынымсыз тыныштықта.

 

Кім бұзар екен мынау өлі

тыныштықты?

Қандай күш бөлшектер екен бұл

ұлы құпяны.

Ертеңіне сенген өлеусіреген үміт пе?

Қалтарыс бір бұрышта жан азасы

иықтаған ескірген естеліктер ме?

Белгісіздік…

 

Дүние тұңғиық.

Еркін аспан әлемі үнсіз.

Мен бостандықтамын деген

асқақ сана да бұған қарсы дау айтуға қауқарсыз.

 

Жауабын іздеуге парасатым әлсіз,

Құлқым жалқау,

Ғайып ымырасындағы бейсанам да көмектеспейді.

Хиджаб киген ойларым тұншықтырып…

 

Ертең дейді бір үн,

Ертең, ертең дейді бір үміт,

Ертең, ертең, ертең…

 

 

КӨШКЕН ДАУЫС

Айқайы ма біреудің?

Аяны ма Құдайдың?

Түн жарымда құлағыма әлсіз дыбыс естілді.

Түсіме кірсе де сене алмайтын сол дыбыс,

Түршіктіріп денемді,

Шымырлатып жүйкемді…

Тымық ауадан сұраймын.

Салқын санадан сұраймын.

 

Алтыншы атамның айтылмай кеткен әні ме?

Жетінші атамның шертілмей қалған күйі ме?

Боркемік ой мазалайды қайтадан.

 

Ол мүмкін,

Хас сұлудың ғашығына айта алмай кеткен зары,

 Белгісіз мүсәпірдің қаңғыбас жел айдаған тағдыры,

Немесе,

Алжыған ақынның ерте шетінеген ойы.

 

Көз алдымнан көлбей өтеді сол дауыс…

 

Ол  Ғаламның ашылмаған құпия тілі секілді тұңғиық,

Қайталап тыңдасам бабаларымның

жер қойнына кетердегі өсиетіндей ажарлы.

Ал, бірде кеше ғана араздасқан көршінің

өсегі сияқты жеңілтек.

 

Дертті күндердің шығарған дауысы

сағат айналып соғып отыратын,

Сағат айналып құлағыңды тұндыратын.

Баяғыдай көзіңді қаймыжық жас илейтін.

 

Түсімдегі бейне сол дауыс,

Жүректегі үн сол дауыс.

Қашан, қайдан естігенімді білмейтін

сол таныс дауыс.

Көшіп барады көз алдымда.

 

 

ТАРИХТЫҢ АҚЫРЫ

Осыдан мыңжылдықтар бүрін…

Түсімде,

Әлі жазылмаған сөздерге ғашық болдым.

 

Мен,

Сахара дабылына,

Домбыра тиегіне,

Жылқының дүбіріне еліттім.

Шыңғыстың жанарынан көзімді тайдырып әкеттім.

Сосын,

Өркениеттен ауылы алыс

Варварлықтарды көрдім.

Испан алтындарына қызығып,

Магеллан кемесін сүйдім.

Бірде,

Давинчидің құпясына үңіліп,

Хайямның шарабын ішкім келді.

Әрине, бұның бәрі тек менің

түсімде ғана еді…

 

Тарихтың ақыры жоқ,

Мен болашаққа көзсіз сендім.

 

2022.

Қазақстан.

Мен әлі де орындалмаған ертегілерге сенемін…

 

 

ҚАЛАМДЕРТ

Ол  ғаламның тілін білетін Мылқау,

Ол қураған ақсүйек,

Мінезі мысықтың мұрынындай

сұп-суық

Музасы-Кроран аруы.

 

Егер бұлтқа жолықсаң,

Сол досыма сәлем айт!

Сәлем айт досыма!

Күдігі үмітін үзбегесін

Тағдырын жаңбырдан іздемесін,

Іздемесін Құдайды, нұрды

Іздемесін өнерді, жырды,

Алқара аспан, салқар құм, шалқар теңіз

Оның жүрегіндегі кірбіңнің садағасы.

 

Досым,

Фибоначчи сандарын сен де білесің,

Сен де тапқырлай алатын едің сол сиқырлы сандарды.

Себебі,

Біздің өміріміз өткен күндердің көшірмесі…

Екі жасар бала мен қарт адамның

дене мүшесі ұқсамайтынын оның білетіні сияқты,

Өнер мен өмірдің,

 Адам мен ғаламның,

Әрбір тыныс алған демнің,

Кішкентай бір дүниенің қауызына

сыйып кетерін сенің түйсігің сезетін еді.

 

Досым,

Сенің кешкен өміріңнен

сенің ойлағаның әлде қайда аянышты.

Байқасаң,

Алматының Париж бен Римнен несі кем?!

Көкейіңдегі ойлар саулайды сыртқа бұлғақтап,

Бақыр басыңды, маңдайыңды аноооу күн қақтап.

«Ақындары» көп, сөз оқылмайтын кештерде,

Ерлан Жүністің «Бозы» оқылмайтын кештерде,

Кездессек досым!

 

Кездессек досым алғашқы сәттей соңғы рет,

Әлемнің тазалығы мейірбан көзіңде мөлдіреп,

Бейшара қалпыңмен менің жанашырлық сезімімді оятпай

Ең ұлы туындыңды шерленіп тұрып жайып сал!

Содан кейін кездеспейік!

 

 

АДАСҚАНДАР

Бұл қалада бәрі адасқан.

Құлағыңа адасқан дыбыстардың алуан түрі естіледі.

Қасірет іздеп келген ақындар,

Сүйіп қоштасқан ғашықтар,

Адасқанын біле тұра тағы да

адасу жолын таңдаған қилы тағдырлар.

 

Көз алдымда

әлдебір жастықтың күшімен адасып келген

бомж шал қайыр сұрайды.

Буырқанған алып күштің қайтқанын

Еңкіш тартқан тұлғасы,

Әжім басқан әлпеті айтып тұрғандай.

Әлсіз жанарының шүңетіне батсаң

Өткеніне деген өкініш,

Ертеңіне деген сенімсіздікті оқыр едің.

Адасқанын жасыра алмайтын ауыр хәлді оқыр едің.

Әлден уақытта,

Мен де осындай бомж болып қалмаймын ба

 деген күдікті өймен тағы бір адасқан жас өтіп бара жатты қасынан.

 

Бұл қаладан барлық адасу белгілері табылатын.

Бәрі адасады…

Жолынан адасқан көліктер,

Ізінен адасқан адамдар,

Болашағынан адасқан балалық,

Балалығынан адасқан ересектер…

Мен де адасып кеткенімді біле тұра кетіп барамын.

Бағытсыз.

Бағдарсыз.

 

Бәріміз адасқандармыз!

Тілеубек Батыс

Тілеубек Батысұлы — 1999 наурыздың жетінші жұлдызы ҚХР Тарбағатай, Майлы тауында дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Өлеңдері «Құдай туралы ойланатын қала» атты жас ақындардың антологиясына енген.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon