Дактиль
Данила Тоқтасынова
— Өз үйім болмаса, пәтерден пәтерге көшіп жүріп шаршадым, — деді Жібек риелторге, — Рысқұловтың айналасынан екі бөлмелі болса… — ол бұндай сөздер айтатын күннің туғанына сенер-сенбесін білмей қобалжып отырды.
Жапониядан мұнда көшіп келген соң бір жыл өтпей анасы қайта тұрмысқа шықты да, Жібек оқуға түсіп, жатақханадан орын алды. Содан бері көшпендінің күйін кешіп жүргеніне 8 жыл болыпты. Әжесімен бірге қала бергендерінде, бойжеткен бір киімін тозғанша киюге мәжбүр болмайтын еді. Әкесі Тобио тірі болғанда бір күнде бұлай қаңғыртып қоймас еді. Тіпті нан да сатып алмайтын. Диетасыз-ақ азып жүргенін айтып өз-өзін жұбатып қоятын. Дегенмен, Жібектің онсызда терісі сүйегіне жабысып тұратын. Осы жыл алты аялдамадай кеңсесіне дейін жаяу жүріп, аяқтары да тоза бастаған. Жұмыс пен үйдің ортасында өткен жастық шағын ойласа жүрегі ауырады. Байқаса, жылы баспанадан басқа ешнәрсе де бұлай қызықтырмайды екен. Риелтор мырзаның көкірегіндегі төсбелгіде «Ағапаша М.» деген жазуға қарап, «Демек, тегі түрік болғаны» деп топшылады Жібек. Ол кісі құжаттарды толтырып әлек боп жатқанда, Жібек әйнек есіктен сыртқа қарап отырған. Кенет бұларға қарама-қарсы беттегі ғимараттың алдында әрнеге соғылып жүрген кішкентай сары ала мысыққа көзі түсіп кетті. Итке ұқсап біресе тұмсығымен ауаны, біресе жерді иіскейді. Сосын есігі айқара ашық тұрған аяқ киім дүкеніне кіріп кетті де, сәлден соң қайта атып шықты. Іштегілер қуып шыққанға ұқсайды. Оны риелтор де байқап қалды да, бір күрсініп:
— Рұқсат етсеңіз, марғауды иесіне апарып берейін. Байғұс көрмейді. Туғалы көрсоқыр. Анау жердегі зоодүкенге орыс кемпірмен келетін еді. Қазір... жылдам келемін. Айып етпеңіз, — жасына қарамай, қыз күтіп қалып ашуланып кете ма деп қауіптеніп, балаша жүгіріп барады. Алайда Жібектің ашуланатын ойы болған жоқ. Керісінше, өзінің бала кезіндегі зағип досы есіне түсіп, өшкен естеліктердің ұшқыны бір-біріне соғылып, ауада сағыныш сезімі қалқып, қыздың басынан төмен түсіп, тұтас денесін баурап алғандай болды. Құдды біреу оны ата-әжесімен Жапонияның Хоккайдо аралында тұрғанында Соскенің адасып кетіп үйіне кіріп кеткен күнге лақтырып жібергендей, ойлары аралдағы үйге қарай дүние кезіп кетті.
Соскенің көзі мүлдем көрмей қалғаннан кейін ол бірінші рет сол күні сыртқа шығуға бел байлаған. Көзіміздің қадірін білмей, көрген таңға шүкірлікті ұмытқан бізге, ешқашан күн шықпайтын түнек орманында өмір сүргеннің қандай болатынын түсіну қиын. Бірақ Жібектің сол жапондық досы бірде өз орманының мүлде қараңғы емес екенін айтқан болатын. Себебі, Соске жарқырауық қоңыз сияқты. Өзгенің жарығын керек етпейді, өзімен бірге жүрген жеріне көмескі нұр сыйлайтын өз жарығы бар. Ал Жібек сол жарық қоңыз мекендейтін көлшігі бар орманға пана іздеп барған еліктей еді.
Жібек аудиокітап тыңдауды да, гүлдерді күтуді де, ағылшын тілін де содан үйренген. Ямазакидің ойнай білмейтін аспабы жоқ еді. Жаңбыр жауғанда пианинода, күн ашық болса арфада ойнауды әдетке айналдырған. Күнде сабақтан соң Жібек сонда барып нешетүрлі музыка тыңдайтын. Қыз сол кездің өзінде суретті жақсы салатын. Скечбуктерінің парақтарын Соскені салумен толтыратын еді. Бірде Соске Жібек екеуі ойнап жүріп шалынып қалып, оңбай құлаған. Сонда ол қанаған тізесін ақырын сипап:
— Құдай мені сынағысы келеді, Жибек. Маған Хиросима-Нагасакиге атом бомбасын тастағандай ауыртпалық салып, жігерімді құм қылмақшы. Бірақ, Соске Ямадзаки әлемдегі аз мықтылардан! — дегені есіне түсіп қыз мырс етті. Сол кездері Жібек тағдыр он төрт жасар баланың өмірге деген құштарлығын қос жанарынан айырып, сөндіре алмаған екен деп ойлаған.
Әлемде тағы неше адам өз жанын денесіндегі тар қапасқа қамап қойып, құтқарушысын күтіп, зарығумен жүр екен? Жер бетінде тағы неше жан өзінің де сәуле шаша алатынынан бейхабар екен?
Ағапаша М. марғаудың иесін таппаған-ау, бала ұстағандай көкірегіне басып қайта кірді.
— Енді қайттік? Кемпірдің үйін білмейтін едім. Дүкеншіге айтып кеттім іздеп келсе маған жібер деп... — сосын мұрнының астынан міңгірлеп. — Жұбайымның мысыққа аллергиясы бар еді, — деді.
Жібек бір күнде екі бөлмелі кең пәтер мен сары ала мысықтың уақытша иесі боп шыға келді.
— Ал құтты болсын! Қызығын көріңіз! Бұл бірінші өз үйіңіз ғой иә? Қашан көшіп келесіз? Мына бұзықтың атын кім деп қоясыз? Кемпір мысығын іздеп келсе не айтайын? Сіздің үйге жіберейін бе?- Жібек риэлтордің тек бір сұрағына ғана жауап берген жоқ. Мысыққа қандай есім берерін білмеді. Ойланып қалды.
— Атыңды не деп қояйық? — деді біраздан соң Ағапаша М. кетіп, марғау екеуі оңаша қалғанда.
Қыздың кроссовкиінің бауымен ойнап тұрған марғау Жібектің өзіне сұрақ қойып тұрғанын түсінгендей басын көтеріп жоғары- дауыс шыққан жаққа қарады. Өзі сондай ақылды. Осындай кезде Соске не дер еді? «Мен сен сияқты қарапайым қара халықтан емеспін. Мен ерекшемін. Мен оның көкірегіндегі жарық қоңызды көріп тұрмын. Сен көре алмайсың, әрине. Мен оның тілін де түсінемін. Есімінің кім екенін де айтып берді маған. Жарық қоңыз!» Соскенің төсекжапқышты басына салбыратып жамылып алып жасайтын бірқызық қылықтары есіне түсіп, Жібек өзінен-өзі күліп жіберді де:
— О! Хотарү*[1] болсын! Саған Хотарү деген есім ұнай ма? — деп мысықты көтеріп алып бетіне бетін тигізіп қылтимаға алып шықты. Ақшамның енді кірген уақыты еді. Күн алыстағы таулардың арасына көйлегін сүйреткен қалыңдықтай төгілген шапақтарын жинай алмай, асығыс кетіп барады екен. — Білесің бе, Хотарү. Сен де менің көкірек көзімді аштың ғой деймін. Әйтпесе күннің батқаны сондай ғажайып көрініс екенін бұрын байқамайтынмын…
[1] Жапон тілінен аударғанда «Жарық қоңыз»
Данила Тоқтасынова — жазушы әрі сыншы. 21 жаста, Жамбыл облысында тұрады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тамамдаған. Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Әдеби сын» аталымында.