Айзада Бахытжанова

346

Күндерден жаңылу

***

Мен өмірді сүйдім, Тәңір!

Тағдыр  тамшы, тамбауынан тәубе етіп,

Жазымышымды таңба етіп атты таң

Баяу әрі жарық тым.

Іңір ала есінейтін ерке елесі бақыттың

Орала ма екен?

Ояна ма екен?

 

Мен жылдарды қимай ұзаттым,

Сағынышыммен, саусақтарымнан сәттер үзіле

Шалалығым жүр қалқып жүзінде айлардың

дәурені өткен,

Жан ауырған шақты да дауасыз дерттен

Аңсайды екенмін,

Шаршайды екенмін.

 

Мен өзімді кешіре салғам,

Бәрін де... наласыз ғұмыр жеңілдеу шығар.

Өмірдің мәні берілмеу шығар...

Сынақтың мәні мойымау!

Іштей де болсын жеңілгеніңді мойындау

Батады екен жаныңа.

 

 

***

Сенімнің шайқалғанын,

Жігердің мұқалғанын,

Үміттің үзілгенін

 

Сен сездің сөзімнен,

Мен сездім сөзіңнен.

 

Біздің жан  торыққан жан...

Өткенге өкінуден.

Тереңге батырарын,

Қол бұлғап шақырарын.

 

Сен көрдің көзімнен,

Мен көрдім көзіңнен.

 

Біздің жан  егілген жан...

Сәттерді қия алмаудан,

Ойлардан буға айналған

Есіңді жия алмаудан.

 

Мен өзімді таптым,

Сен өзіңді таптың.

 

Біздің жан  шаршаған жан...

Шеңберге сыя алмаудан,

Өзгеше қиялдаудан.

 

Сен мені тауып,

Мен сені тауып.

 

Біз бәлкім кетерміз

Бірге ұшып.

Аспанға.

 

 

***

Сен менің үмітімдей жалындаған,

Жетелейсің жыраққа көптен үзіп.

Бұл күнде әз-бақыт та, жаным маған,

Бұлқынатын тәрізді көк теңіз боп.

 

Содан соң, тұнық ойдың жағасында,

Теңізге бір, саған бір қарайлаймын.

Мен солай от пен судың арасында,

Қараусыз қалып қойған баладаймын.

 

Демегін, қалқажан-ау, налалы ма ең,

Жауа алмасам не пайда нөсерлетіп.

Мен қылдан да нәзік боп жаралып ем,

Нәзіктіктен қалған жоқ есем кетіп.

 

Шешілмеген жұмбақтай қиындаумын,

Тұрсадағы күлімдеп күн дидарым.

Жүректі емес ар ісін жиі ойлаудан,

Тағдырыңа бақ болып бұйырмадым.

 

Бәрі өзінен қашып жүр, сұмдығын-ай!

Жараспас жат адамды сомдауымыз.

Тыныштық орнасыншы көңілге ұдай

Ұшыраспай қойса екен жолдарымыз.

 

 

***

Уысымнан ағытыла десте гүл...

Күлтесінде қытығы бар сырларым.

Толқын-толқын, бұйра бұлттар кешкенім,

Тамшысынан төгілердей жырларым...

 

...Сіз бар әлем сыйып тұрған жанарды

Жат көздердің қарауына қимадым.

 

Сенім  рух, сезім  мінез, серт  қайғы.

Қарашада қалғанымды-ай қамығып...

Көз қарайлай, жан қимасын жоқтайды

Оңашада күткені оның сағынып...

 

Селт етері ішінде ғой жанардың,

Ал мен бүгін күтуден де жаңылдым.

Мен болып тос сағыныштың самалын

өркеудеңмен,

мен боп жаура, қадірлім!

...

Уысымнан ағытыла десте гүл...

Күлтесінде қытығы бар сырларым.

Сары ала жер, сары уайым кешкенім.

Сағынарсың күзге айналса сырғалың...

 

 

***

Күндерден жаңылу.

 

Антұрған серттерге өкпелі жанымның азасын сығамын қашанғы?

Көгімнен тайқусыз қадалған көздердің жасына шөліркей,

Күй қылы тағы да қағынды.

 

Адасқақ жолдардың тоң болған шеріне неліктен соншалық тұншығам?!

О, бәлкім, менің Күн дегенім, түнегін ұйытқан түн шығар.

 

Болжаусыз тағдырдың бұйығып жататын балауса шаттығын аңсауым,

Сезілер, селт етсе сетінеп тұратын жанардан жарқ етіп тамса мұң.

 

Міз бақпай қадалу, қайрылмас сәттерге өкпем де айтылмай қалған-ды,

Шаттығын қия алмас жанымның қайғысы – мойындай алмауы жалғанды.

 

 

***

Күзді айтпаңыз,

Мен оған өкпелімін.

Тас төбемде ойнатқан төкпе мұңын.

Гүл сыйлаған есімде бір кездері,

Қызғалдағын солдырып көктемімнің.

 

Күзді айтпаңыз,

Мен оны жек көремін.

Уысында шаттығым кетті менің.

Аңсарым ауа кезіп құшқан сезім

Білмеппін текке туып, текке өлерін.

 

Күзді айтпаңыз мен оған налалымын.

Жан жылады оты өртеп жанарымның.

Түк мәнісі қалмады одан кейін

Қарашаның қиыла қарауының.

 

Күзді айтпаңыз, мен оны жек көремін.

Күзге айтпаңыз.

Айзада Бахытжанова

Айзада Бахытжанова 1999 жылы 26 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Ханкөл ауылында дүниеге келген. 2017 жылы Қаратөбе мекпет-гимназиясын тәмәмдап, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіне филология факультетіне оқуға түсті. Бірнеше облыстық мүшәйралардың жүлдегері. Қазіргі таңда М.Өтемісов атындағы БҚУ-де қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында магистрант.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon