Дактиль
Дмитрий Богославский
Орыс тілінен тәржімалаған: Алишер Рахат
Қатынасушылар:
Қыз.
Жігіт.
Теңіз жағалауы және ол екеуі. Олардың репликалары — диалог емес, олар бір-бірін естімейді. Екеуі бір мезетте сөйлегенімен, екеуінің арасын 100-150 метрге жуық қашықтық бөліп тұр. Бірақ мәселе қашықтықта емес, жан дүниенің жақындығында болса керек.
Жігіт (шылымын біреше рет сорады да, темекіні құмға тұншықтырып, өшіреді). Маған ес жию керек. Міне, жағалау... Осындамын. Қазір шешінемін де, суға түсемін. Бітті. Аяқ киімімді шешемін де, түсемін. Бүгін күн суық. Қазір... Аздап жылынып алайын, сосын түсемін. (Аяқ киімін қайта киіп, темекі тұтатады.) Қазір, шегіп алайын, сосын барам. Болды, ақыры солай деп шешкен екенмін, сөйтемін. Болды... Болды! Болды дедім. Алдыңкүні бәрі жақсы болып еді, бүгін онша емес. Жо-жоқ... Алдыңгүні сенімен өткен күнім керемет болған, бүгін нашар. (Темекіні тұқылын құмға басып, ләззаттана мыжып өшіреді де, теңізге ұзақ қарайды.) Қорқынышты, ә?! Несіне қорқасың?..
Қыз. Күн суық... Мынадай күнде теңіз жағасында не істеп жүр? Жеңіл киініп алыпты, еще... Ауырасың ғой. Сенің ауырғаныңды қаламаймын. Керісінше, сенде бәрі жақсы болса екен деп тілеймін, жаным... кешірші мені. Солай дұрыс. Солай болғаны саған жақсы. Сен үшін... Аяқ киімін шешкені несі?.. Мынадай суықта суға түсетіндей жынды болып қалған ба? Темекісін қайта-қайта шегіп... Тастаймын деп уәде берген едің. Жоқ, аяқ киімін қайта киді. Ақылды! Ақылдым сол!
Танысқан кезімізде ең бірінші не дегенің есіңде ме? Менің есімде. «Сіз сақтай... сақтана... ой, сақтандырасыз ба?». Сол кезде менің саған күлгеніме, ренжіме. Сен сондай күлкілі көріндің. Сондай тартымды... Өзіне сенімсіздеу... Жоқ, сен өзіңе сенімдісің. Ең сенімді жігітсің. Менікісің. Сүйем сені! Қатты! Жаным!
Жігіт. Сатқындық қой. Тастап кетті. Неге телефоныңды алмайсың! Мен саған баламын ба? Түсіндіріп айтшы маған!.. Давай, тағы бір рет... (Телефонын алып, нөмер тереді.) Гудоктар... қайдағы жоқ музыка... Давай, алсаңшы енді. Трубканы ал, әйтпесе мен енді қайтып звондамаймын. (Құмға телефонды тастайды.)
Қашанға дейін? Гудоктың орнына музыка қоюды қай иттің баласы ойлап тапты екен? Адамның жүйкесін жұқартып жібереді ғой. Мен саған хабарласқанда, сен телефоныңды алсаң, мен сені қалай қатты жақсы көретінімді айтып, кездесіп, құшақтап, ұрысып, сенің сатқын екеніңді, жүрегің қатты екенін айтып, быт-шытыңды шығарар едім. Мұның бәрі сені қатты сүйіп қалғаннан ғой.
Күн салқындап кетті ғой, тегі.
Қыз (сөмкесінен телефонын алады). Мен сөйлесе алмаймын, ренжіме. Кешірші... Кешір, мен өйте алмаймын. Осылай дұрыс болады. Сен үшін осылай болғаны — дұрыс, шын айтам. Кешір, кешір... Болды! Қалтаңа сал. Иә, енді дұрыс болды. Тағы да темекі шегіп жатсың ба? Темекісіз-ақ жүре аламын деп едің ғой. Мүмкін, темекі ішіңдегі ауырлықты жеңілдететін шығар. Кеш мені... Ұмытшы... Кешір...
Жігіт. Мен сені сүйемін. Осы сөзді қайталай бергім келеді. Осы сөзді сен тағы да естісең ғой... Ал сен... Бәрін басында-ақ бетіме айта салуың керек еді. Жарайды, ең құрмағанда ертесі айтсаң да болар еді ғой. Жоқ. Басында айтқаның жақсы болушы еді. Мені сүймейтініңді, түрімнің онша еместігін, сенің талғамыңа келмейтінімді, бір-бірімізге сай емес екенімізді, менімен бірге өмір сүруге дайын еместігіңді, айнып қалуың мүмкін екенін бетіме тіке айта салуың керек еді. Себебі оның бәрі маңызды ғой. Сөйтіп айтсаң, қалғанын көзіңе қарап тұрып-ақ біліп алар едім. Маған шындықтан басқа ештеңе қажет емес. Бірақ сені сүйетінімді тағы да айтқым келеді. Біліп жүр...
Бетіме айтсаң жеңіл болар ма еді?.. Ең болмаса телефонмен айтсаң да. Ал сен жоқсың. Еш жерде жоқсың. Жұмысыңа барсам, отпускке шығып кеткен дейді, үйіңе барсам, үйде ешкім жоқ, таңға дейін подъезіңде күттім, бірақ жоқсың. Еш жерде жоқсың. Жынсың ба, перісің бе?.. Жоқ, әлде сені түсімде көрдім бе?
Қыз. Мен сенің жаныңдамын... маған сен!
Жігіт. Сенің ойыңша, мұның бәрі бекер ме?.. Бір сәттік сезім бе?.. Көбелектер құсап бір күн өмір сүреді де, өледі деп ойлайсың ба? Жоқ, қателесесің. Мен үшін қиын... Саған сонда біреудің жүрегін ауыртқан ұнай ма? Суып қалдың ба? Сенде осындай жиі болып тұра ма, мезеттік махаббат?.. Ал менде олай емес. Менде осыған дейін бұндай махаббат болмапты. Енді ешқашан болмайды да... Однолюбпін (Төлегенмін), бля... (Темекісін шегеді.)
Машинаны сақтандыратын агенттікке келдім. Страховкамның уақыты өтіп кетті. Келдім. Таныстық.
Қыз. Мен сен жақсы көремін. Неліктен екенін білмеймін. Сен... сенің... сенің ешкімге ұқсамайтының үшін. Қандай екеніңді білмеймін, бірақ сен сияқты адам осы өмірде жалғыз. Басқаларға мүлдем ұқсамайсың. Мен білсем... сенің жүзіңде нұр бар. Жарқырап тұратын... Күлкілісің... жоқ, күлкілі емес, көңілдісің. Бала секілдісің... Бала болсаң да, көңілді болсаң да, қандай болсаң да, менікісің.
Страховкаңды жасауға көмектескеннен кейін, менің жұмыстан шыққанымды күтіп тұрғаның есіңде ме?.. Мен ұмытқан жоқпын. Сіркіреп жауған жаңбырдың астында горшоктағы кактусты ұстап алып тұрғансың... Үсті-басың малмандай су. Шашыңнан да, қасыңнан да, бетіңнен де тамшылар ағып тұрды.
— Мұнда не істеп тұрсың?— дегенімде, сен:
— Мына кактусты саған сыйламай тұрып, суғарып алайын дегенмін. Кеттік пе? — дедің. Мен:
— Қайда? — деймін.
Сен: Аздап жаурап қалдым, жылынып алу керек еді, — дейсің.
Сенің жылынып алғың келді, ал мен сол сәттен бастап-ақ сенікі болғым келді. Тек сенікі...
Жігіт. Сені мүлде танымағаным жақсы еді, бля. Не деп сандырақтап отырмын, ренжіме. Жоқ, мен сенімен танысқаныма қуаныштымын. Сенің мұңыңды сезіндім... Жоқ, сен сыйлаған өз мұңымды дегенім дұрыс шығар. Мұң деген бұлай аяқ-асты келмеуі керек қой. Екеуіміз де мауқымызды басып, бір-бірімізге әбден тойғанда келмей ме... Сенің кесірің, сука... Кешір. Сен мені естіп тұрсың, білемін, кешір, бірақ менің жаным ауырып барады.
Біз танысқан күні сенің жұмыс уақытың біткенін күттім. Жаңбыр жауып тұрған, қырсыққанда жан-жағымда қалқа да, аялдама да болмады. Асхана да жоқ, ең болмаса. Жауынның астында күттім. Сен келдің. Не істеп жүргенімді сұрадың, ал мен сыйлыққа алған кактусым туралы бірдеме дедім де, жаурағанымды, жылынуым керектігін айттым. Бірақ менің қалағаным бір-ақ нәрсе еді: сенің жаныңда болу.
Қыз. Сен маған басқа әлем сыйладың... Басқа әлем, мен бұрын білмеген, көрмеген... Осыны өзіңе айтқым келіп еді. Алайда әр нәрсенің өз уақыты бар екен. Жігіттермен жүріп көрмедім емес, көрдім. Олар... олар ақшаны қуып өмір сүреді. Ақшаға қолы жеткен соң, бәрін сатып алам деп ойлайды, бірақ олай емес... Махаббат та, денсаулық та, бақыт та сатылмайды ғой. Мен сені әлі жақын танымайтын шығармын, дегенмен сенің ондай емес екеніңе кәміл сенемін. Неге сен ондай емессің? Сондай жігіттердің қатарынан болғаныңда, маған да оңай болушы еді...
Мен саған айтпадым, бірақ қазір сыртыңнан, сені алыстан бақылап тұрып айта аламын. Көзіңе тіке қарап айтуға батылым бармас еді. Ұзақ уақыт бойы жігітпен жүруден қорықтым. Соңғы жігітім мені ұрды... Шарты түрде сотталды. Оның олай сотталғанын қайтейін?.. Мен оны өлтіруге даяр едім, өлім жазасына кессе екен деп тіледім. Ол да мені сүйетін... Білмеймін, өзі солай дейтін.
Жігіт. Неге осы бір қателікті қайталай беремін? Біреуі көзіме шөп салды. Кешіріп едім, онысын қойған жоқ, керісінше ұялмайтын болды. Екіншісіне менің үйім маңызды болды, үйдің кілтін сұрады, пропискаға тұрғысы келді. Үшінші қыздың бар арман-тілегі күні-түні қаңғыру, қыдыру, шопинг жасау. Ал маған тыныштық қана керек еді ғой. Тыныш үй. Жылы төсек. Әлде, мен үлкен кісілер секілді ойлаймын ба?..
Қыз. Жаным менің...
Жігіт. Сен үй болуға дайын емес секілдісің.
Қыз. Сенің не қалайтыныңды білемін. Мен де соны қалаймын. Жылы нәски мен қалың жемпір киіп алып, сенің жұмыстан келгеніңді күтіп отырсам... Итімізді серуендетіп... Иә, екеуіміз бірге тұратын болсақ, міндетті түрде ит асырайтын едік. Сен секілді мейірімді... Көзі мұңлы...
«Махаббатты жырлайтын» ақын-жазушылар – көпіре береді (оттай береді)! Ешбір өлеңде, ешқандай романда, бірде-бір фильмде – сезім жоқ. Екеуімізде ғана бәрі шынайы. Өйткені олар ойдан шығарылған кейіпкерлер, ал біз бұл өмірде бармыз.
Сен маған кактус сыйладың. Мен саған ұлтарақ сыйладым. Болды. Ал көркем шығармалар шындыққа мүлде жанаспайды. Олар букет-букет роза, қымбат сағат... Жоқ. Кактус пен ұлтарақ қана.
Жігіт. Мені үйіңе әкелгенің есіңде ме? Кинодағыдай... Мен сені үйіңе дейін шығарып салдым, ал сен мені кофеге шақырдың. Біз есіктің алдында сүйістік, ал кофені таңертең бірақ ішіп едік. Таңертең ваннаға кіріп бара жатып, туфлиімді батареяның үстіне кептіріп қойғаныңды көрдім де... Сол сәтте не сезгенімді айтып жеткізе алмаймын... Ішімде әлдебір жылы сезім қылп ете қалды. Мен сені одан әрмен жақсы көре түстім. Тура сол кезде мен саған ауадай қажет екенімді ұқтым. Танысқанымызға 17 сағат болған, сол сәтте. Екеуіміз де бір-бірімізге зәру екенімізді сонда барып түсіндім.
Қыз. Бәрі екеуіміз танысқан алғашқы күніміздегідей қалуы керек еді, қазір ойлап отырсам. Сенің документтеріңді тіркеп, ана кабинетке бір, мына кабинетке бір кіріп, ары-бері шапқылап не сорым?.. Оның бәрінің түкке де керегі жоқ еді ғой. Әрбір документті жасап жатып, әркімнен қайта-қайта сұрағыштадым ба... Сені ертіп алып, кабинеттен-кабинетке сандалып, бірнеше қағазға мөр бастырып, қол қойдырып жүрдім де қойдым, айналып келгенде оның саған түк те қатысы жоқ еді. Тіптен, сенің страховкаңа да. Бірақ мен сенің жаныңда жүрдім. Сенің қасыңда болғым келді...
Жігіт. Екеуіміз бір-біріміз үшін жаратылғанбыз деп ойлаппын. Шынымен, солай ойлап қалыппын. Машинамды сақтандыратын жерге қалай келдім, солай жұмыс қаптап кеткендей көрінді. Бірнеше кабинетке кіріп шықтық, сен әрқайсынан «бәрі дұрыс па?» деп қайта-қайта сұрайсың, мөр басылғанын, қол қойылғанын қайта-қайта тексересің, менің документтерімді құшақтап жүріп, ара-тұра маған ұрланып қарайсың...
Қыз. Сен бәрін түсініп қойдың. Мені жұмыстан кейін күтіп алатыныңа сенімді болдым. Күні бойы сені күттім, жұмыс уақытысы зу етіп өте шықты. Жұмыстағы қыздар сенің кім екеніңді сұрап жымыңдасады. Мен де оларға қосылып күліп қоямын. Кім көрінгенге олай бәйек таппай жүгірмейтінімді олар біледі ғой.
Жұмыс уақыты бітетін кезде секунд санап кеттім. Сенің күтіп тұрғаныңды білдім. Біздің жұмыста барлау саласы жақсы дамыған, оның үстіне 14 қызметкердің тоғызы отызға толмаған, оның алтауы тұрмыс құрмаған қыз-келіншектер.
Офистен бірінші болып мен шықтым. Сен шыға берісте тұрғансың. Үсті басың малмандай су, жаурағаныңды да байқадым, бірақ сен сондай бақытты көріндің. Жанарыңнан байқадым. «Жылынып алуым керек» деп өтірік айтқан сияқтысың, себебі адам бақытты болса, ол ыстықты да, суықты да сезбейді, меніңше.
Жігіт (телефонын алады да, нөмер тереді). Алшы... тағы да мына музыка ма... Одан да телефоныңды неге өшіріп тастамайсың? Телефонды алмайтыны бар, несіне ұстайды? Бұл сөйлесу үшін жасалған нәрсе ғой. Керек кезде адамдар хабарласа алмаса, не үшін ұстайды? (Шылымын ұзақ шегеді де, орнынан тұрады. Телефонын теңізге лақтырады да, жалп етіп отыра кетеді.)
Ал енді... Осылай болсын! Бәрі бітсін! Бір-бірімізді мүлдем таппай қалайық. (Орнынан атып тұрып, тізесіне дейін теңізге жүгіріп кеп, түседі.)
Неге, бля? Неге сенің аяқ-асты жоқ боп кеткенің менің жүрегімді ауыртады? Бар-жоғы үш-ақ күн танитын саған бола неге сонша жүрегім ауырады?.. Неге сен жоғалып кеттің? Неге? Неге деймін?
Қыз. Не істеп жатырсың? Қойшы! Тоқта! Тоқташы!!!
Жігіт (теңізден шығып, құмға отырады). Жоқ, мен өйте алмаймын... ол да бұлай болғанын қаламас еді. Маған не болды сонда? Қой, есіңді жи! Үп-үлкен жігітпін, жұмысым бар, үйім бар, әке-шешем бар. Фотоальбомым мен жинап жүрген музыкаларымның коллекциясы бар. Бір итім мен 24 балығым бар. Мен болмасам, олар аштан өледі. Дартс ойнағанды жақсы көремін, сыра ішкенді ұнатамын, жалпы бұл өмір маған ұнайды.
Жел соғып кетті.
(Жігіт күртешесін шешіп, өз аяғына жабады.)
Қыз. Байғұсым ай... Менің кесірімнен жүрегің ауырып жатыр ғой... Ғашық болып қалатындай кішкене бала емессің ғой. Ақыл есі дұрыс жігітсің, кішкене өз есебің, бір ойлағаның болуы керек қой. Бүйтіп жүрегіңді ауыртып, жаныңды жейтін жастан өтіп кеттің емес пе? «Махаббаттан аузым күйген» деп өзің де айтып едің ғой. Естисің бе, сен бұрын да күйгенсің. Бұрын да айырылғансың. Қазір емес, мен үшін емес, біз үшін емес. (Менен көрме).
Мен де саған кішкентай қыз емеспін. Маған бәрібір. Тереземнің алдында әр түрлі гүлдер өседі, үйімнің іші айнадай, тап-таза. Жеті жыл бойы жұмыс істесем де, бірде бір рет сөгіс алмаппын. 130 километр алыста тұратын мамам бар... Екеуіміз күн сайын телефонмен сөйлесіп тұрамыз, ол маған ай сайын банкімен тұздалған қияр беріп жібереді. Құрбыларымды шақырып, арақ аламыз да, әлгі қиярды жеп аламыз. Менде бәрі жақсы... Бәрі! Менде рак... (Қимылсыз отырады да, қалтылдаған қолымен құмды сипалайды.)
Маған демеу болар адам керек... Сүйеніш бола алатын... Біреуге сүйенбесем болмайды. Ішімдегіні шығаруым керек... ойымдағының бәрін айтқым келеді... айтуым керек...
(Құмға шалқасынан құлайды да, бұлтты аспанға қарап жатып, қолымен құмды тырмалайды.)
Үш күн... Үш-ақ күн. 72 сағатты махаббатпен өткізіп, енді 48 сағатты ішім қан жылап өткізудемін. Неге қазір солай болуы тиіс, а?.. Жеті жыл бойы адамдарды, олардың меншігіндегі заттарды сақтандырып жүріп, өз өмірімді сақтандыра алмағаным ба? Денсаулығымды сақтай алмадым ба?
Жаным, менде рак... Анализ тапсырған едім. Кеше жауабы келіпті...
Жігіт. Менің бір-ақ нәрсені білгім келеді: неге маған бұлай жасадың?
Қыз. Бізге бірге болуға болмайды... Мен сенің жаныңда болмауым керек.
Жігіт. Маған соны ашып айтқаныңда ғой... «Сен кінәлісің» десең...
Қыз. Сенің ешқандай да кінәң жоқ, өзіңді жей бермеші... Мен ғана кінәлімін мұнда.
Жігіт. Мен сені алдады деп ойлаған шығарсың? Өзімді ерекше қып көрсетуге тырысқанымнан солай ойлап қалдың ба? Әйтсе де соның бәрі саған ұнау үшін ғой. Сенің көңіліңді табу үшін... Мейрамхана... Мейрамханаға барғанымыз есіңде шығар?
Қыз. Алғашқы күні мені әбден күлдіргенсің...
Жігіт. Үстелдің үстіне сыйға тартқан кактусты қойдым, официант кеп, ортамызға майшам жақты. Глинтвейн мен қуырылған ірімшіктен басқа ештеңеге тапсырыс бермедік. Террасада отырғанымызда даяшы екеуімізге көрпеше әкелді.
Қыз. Көрпешеге оранып, сүйкімді болып отырғансың. Маған әлсіздігіңді жасырмайтының, менің алдымда әлсіз көрініп қалуға қорықпайтының қатты ұнады. Глинтвейн іштік. Шынымды айтсам, мен бірінші рет... Терассадан аспан да, теңіз де анық көрініп тұрған. Аспан мен теңіз бірігіп кеткен сияқтанып еді. Бір-біріне шағылысып... Мен-теңіз, сен-аспансың деп ойладым, сол кезде.
Сол күні сен көп сөйледің. Мен көбірек тыңдадым. Қызықты оқиғаларыңды бірінен соң бірін тоқтамай айтып жатсың, айтып жатсың, қарқылдап күлеміз кеп... Мен уақыт өткен сайын саған ғашық болып барамын, ал сен одан да қатты сүйе түсуім үшін, әңгімеңді тоқтатпайсың...
Жігіт. Саған қалай қатты ұнағым келгенін, білсең ғой. Болмайтын бір әңгімелерді айтып жатырмын, сен болсаң, менің көңілім үшін күлетін секілдісің. Бірақ маған екеуіміздің уақытты бірге өткізгеніміздің өзі жеткілікті еді. Яғни, сен менің жанымда болсаң болғаны... Ал менің жүрегім онсызда саған байланып қалған.
Мен жұлдыздардың орналасу жүйесі жайлы, олар неліктен теңізге шағылысатынын түсіндіруге тырысып-ақ жатырмын, әрине болмашы әңгіме, бірақ сен мұқият тыңдадың. Сенің бар ойың менің тілімнен шыққан сөздерге байланып жатты. Ал мен сені одан әрмен байлай түсу үшін жанталасамын... Сосын әлгі мим (әртіс жігіт) келді ғой, жынды сияқты. Ол тұрмақ, Карузоның өзі келсе де, жағаласып әндетер ем. Тіптен, одан жақсы шырқайтын едім.
Қыз. Бәрін өз қолыңа алғың келді. Даяшыны мәзірге жұмсадың ба, террасаның терезесін ашыңдар дедің, әйтпесе теңіз иірімдерінің үні естілмейді дейсің бе, «музыканы ақырындатсын, мен туралы жұлдыздардың не деп сыбырласқанын естімей қалдым» дедің бе, әйтеуір әбден қудың. Бірақ сол қалпыңда сен сондай сүйкімді едің. Неліктен, кім үшін бұлай отырғаныңды мен білемін ғой... Сосын әлгі мим келді. Театр факультетінің студенті ме екен, әйтеуір қарапайым жас жігіт. Ал сен бар өнеріңді салып, онымен жарыстың кеп... Барыңды салып, оның қимыл-әрекетін қайталайсың, ой күлкіден өлдім-ау. Ламбада биледің бе, мұз боп қатып қаласың ба, оның мимикасы мен жүріс-тұрысын қайталадың ба, маңдайыңнан тер сорғалап ағып жатса да, көзге көрінбейтін шар үрлеп мимге (әртіс жігітке) сыйладың ба, біресе қиялдағы сусынды бірге іштіңдер ме, моншада парда отырғандай оны венникпен ұрдың ба, әйтеуір мені күлкіге қарқ қылдың. Менің олай күлмегеніме көп болып еді...
Жігіт. Әлгі мим (әртіс) қанымды ішті ғой. Қашан кетеді деп қоямын. Мен де аңқылдап, атып тұрдым ғой, бала құсап.
Дегенмен сен күлген сайын, жалғастыра бергім келді. Өйткені сенің қуанғаның бәрінен де маңызды еді.
Қалай қобалжып, саған ұнау үшін жанымды салғанымды байқадың ба?..
Бірақ ондай ондай болады ғой, мысалы сенің де маған ұнағың келген шығар?.. Ну, мен солай ойлаймын.
(Темекі шегіп, теңізге ұзақ телміреді.)
Екеуіміз теңіздің екі жағасында қалып қойған шығармыз, бәлкім? Әлде, баяғыдан бері екі бөлек жағалауда болдық па?.. Өмірдің екі жағалауында... Мүмкін, біздің кездесуіміз маңдайымызға жазылмаған шығар?.. Ал біз аяқ-асты, ойда жоқта жолығып қалдық... Сол себепті көзді ашып-жұмғанша бір-бірімізден айырылып қалдық па екен, а?.. Ойлап көрші, екеуіміз осы теңіздің қарама-қарсы екі жағалауында өмір сүреміз, біз ешқашан кездеспеуіміз керек. Міне, менің жағалауыма күн шақырайып түседі. Қапырық. Тіптен, ағаштың саясында жатсаң да, қашып құтыла алмайсың. Себебі күн менің жүрегім бар екенін біледі де, жүрегімнің ішіндегі махаббаттың соңғы тамшысына дейін күйдіреді. Ал мен қайық жасаймын да, жағалаудан біржолата кетемін... Теңіз толқыны қайда айдаса, солай, басым ауған жаққа жоғаламын. Бұл теңіздің аты... Хмм...
Қыз. Мен енді түсінген сияқтымын — біз мүлдем жолықпауымыз керек еді. Егерде екеуіміздің тағдырымызды басқарып тұрған біреу бар болса, онда Ол бізге қиянат жасады деп ойлаймын. Қиянат емей немене?.. Неге осы адамдар бір-бірінен жылу іздейді? Сүйіктісінің мінезі мен әдетін ұзақ зерделейтіндері, сосын бір-біріне үнсіз ұз-а-ақ телміретіндері, алақандары жабысқанша қолұстасып, бір-бірінен жылы сөз күтетіндері неден? Соның бәрі қоштасу үшін бе? Жоқ әлде, екеуін өлім айыруы үшін бе?
Ғашықтар бір күнде өлмейді ғой?.. ертегіде болмаса... Біреуінің өлімі екіншісіне ауыр қайғыдан басқа не әкеледі?..
Сенімен қоштасқым келмейді, жаным... Өмір сүргім келеді. Иә, мен өмірді жақсы көремін. Жаспын, өмір сүруге қақым бар. Кісі өлтірген жоқпын, біреуді алдаған жоқпын, ешкімді тонаған жоқпын?.. Онда неге мен өлуім керек?
Жігіт. Алыс сапарға кішкентай ғана қайықпен шықсам да, найзағай ойнап, дауыл соғып, теңіз асау мінезін көрсетсе де, берілмеймін. Мені мына теңіз сенің жағалауыңа жеткізбейінше, берілмеймін... Денемде әл қалмай, құмда етпетімнен жатқанымда, мені орнымнан тұрғызуға талпынған қолдың иесі сен екеніңді білетін боламын. Сен де әлсіреп жатқан адамның мен екенімді бірден танышы.
Өзі де солай болды ғой. Тағдыр мені сенің жағалауыңа айдап апарды, ал сен мені тұрғыздың. Тіпті мені жаныңа жақын адам қылып қабылдаған да шығарсың. Алайда үш күн өткен соң, мен ұйықтап жатқанда қайығыма мініп, теңізге шықтың да кеттің... Менің жүрегімді ұрлап...
Кетіп бара жатқаныңды қалай естімей қалдым? Жиналып жатқаныңда қалай оянбадым екен? Кофе ішіпсің... Жуылмаған ыдыстан байқадым. Таңертең неге оянбадым екен? Оянып, ең болмаса бір рет көзіңе тіке қарасам ғой... Бәрін түсініп алар ем...
Қыз. Кеше жұмысқа кетпес бұрын, төсекте біраз отырдым. Саған қарап... Еш уайымсыз, бейқам... Жұмысқа барып келген соң, екеуіміздің кездесетінімізді ойша қиялдап, елестетіп... Сен мені күшті бір жерге апарамын деп едің ғой. Түсте анализімнің қорытындысын барып аламын да, саған кеп, денсаулығым жақсы екенін, бақытты екенімді, сенің арқаңда осылай шаттыққа бөленіп жүргенімді айтамын деп ойладым. Ал бүгін жүрісімді қарашы... Таксидің терезесінен, дүкеннің қуысынан, кафенің ішінен сені сыртыңнан бақылап, сығалап жүрмін. Жаным, сенің өміріңнен біржолата кетуім керек, ештеңе білмегенің жөн. Кешір... Кешірші! Кешіре қойшы! Осы сөзді қайталай беруден жалықтым?.. Осы сөзді жек көремін! Ал менен кім кешірім сұрайды? Кім?..
Жігіт. Теңіз бен жел. Екеуі біріксе, оларды ештеңе тоқтата алмайды. Мен сені сүйемін... Теңіз бен желдің алапат күшіндей махаббатпен сүйемін... Өзім де теңіз бен жел сияқты болғым келеді.
(Орнынан атып тұрады да, жағаға соққан теңіз толқынын теуіп бастайды.)
Теңіз күші! Түкіргенім бар! Теңіз деймін! Түкірдім! Желге де! Желге де түкіргенім бар. Бәріне түкіргенім бар! Жүгір! Ұмыт! Жүгір! Теңіз бен желдің күші! Махаббат деген — теңіз бен жел! Теңіз, жел екеуіңді ештеңе де жеңе алмайды! Бірақ... Сен жоқсың... Жел тұрып дауылдатпаса, теңіздің де күш-қуаты әлсіз. Онсыз махаббат болмайды. Мүсәпірге айналады. Желсіз теңіз дегенің — толқыны жағаға баяу, әрең соғатын, өмірге өкпесі қара қазандай, мұрнының астынан міңгір-міңгір ететін, бейшара болып қалмай ма?..
Ең қиыны — теңіз шынымен өмірге өкпелеп қалады ғой. Оған ендігі тағдыры қорқынышты. Желдің қайтып келгенін, күш-қуатының бұрынғыша қарқынды болғанын, жалғыздықтың қамауынан қашып шыққанын қалайды. Сол кезде, оның алапат қуаты қайта пайда болар еді. Сосын теңіз бен жел аласұрып билейтін еді, әрі олардың биін ешкім де ешқашан тоқтата алмас еді.
Қыз. Не істеп жатыр?.. Мен де ашуланып тұрмын, сенің жаныңда бола алмайтыным маған да қиын, жарқыным, бірақ өз-өзіңді ұсташы, өтінемін. Сабыр сақташы, жаным. Қоя қойшы, жарығым...
Сен оданда екеуіміздің бірге жүргенімізді, қыдырғанымызды, күлгенімізді, жұрттың көзінше сүйіскенімізді елестетші... Соны елестетші, өтінемін, тынышталшы. Отыршы...
Жігіт (ол құмның үстінде айналып-айналып шалқасынан құлайды). Болды, шаршадым. Қайғырып, сұраншақтанып... Шаршадым.
3-17-2-2-2. Домофоныңның коды. Сегізінші этаж. Сосын солға коридормен жүрсең, ағаш есік болады. Звоногың істемейді. Ағаш есіктің арғы шетінде ашық түсті обои жапсырылған керегелер, кіре берісте жұп-жұмсақ тәпішке, сосын кофенің иісі шығып тұрады.
Екеуіміз сенің ас бөлмеңде кофе ішіп отырмыз. Сен мармелад пен овсяное печеньені жақсы көресің. Мен кофе ішу мен саған қарап отырғанды ұнатамын. Екеуіміз де ақыл тоқтатқан, ересек адамбыз, бұдан кейін не боларын екеуіміз де жақсы түсініп отырмыз. Сен аздап ыңғайсызданып отырсың, ал менің қол-аяғым дірілдей бастаған. Неге дірілдеп жатқанын білмеймін. Қобалжып отырмын ба... Иә, біз ересекпіз ғой, не болатынын бәрін түсініп тұрмыз. Сен көніп қойғансың. Ал мен әлі дірілдеп отырмын. Сені құшақтауға қорқып отырмын... Мұның бәрі лезде болады деп ойламаппын. Маған сабыр сақтау керек. Сол үшін, мен өзіме екеуіміздің ересек адамдар екенімізді қайталай беремін, қайталай беремін, неге екені...
Тура осы кезде свет өшеді. Терезеге қараймыз, түгел аудан бойынша өшіп қалыпты. Мен одан әрі дірілдеймін...
Қыз. Міне, енді дұрыс болды. Сабырсызданбай, осылай тыныш отыршы. Сол кезде менің үйімдегідей...
Мейрамханадан кейін менің үйіме келгеніміз есіңде ме? Менің үйімде қыздардың ғана тәпішкесі бар ғой. Ал сенің аяғың тәпішкеге әрең сыйып еді. Кофе дайындадым. Овсяной печенье мен мармелад алдым. Негізі, мармеладты көп жемеймін. Үстелге қарама-қарсы отырып алдық та, үнсіз кофе ішіп... Мейрамханадағыдай даңғырлаған дауысың да, алып-ұшқан екпінің де басылып, салмақты, ұяң жігіт болып отырғаның, көз алдымда. Ішіңде не болып жатқанын ұққандай болдым. Мен сенің кезекті бір қызың емес екенімді, мені құрметтейтініңді, аздап жауапкершіліктен қорқатыныңды да сездім. Мен де қорыққанмын. Бірақ әйтеуір әрмен қарай тағдырдың өзі бізді бір-бірімізге итермелеп тұрды ма... аудан бойынша свет өшіп қалды. Сен терезенің жақтауына сүйеніп тұрғансың. Майшам жағып, қасыңа жақындап ем, маған телміріп ұзақ тұрдың да...
Жігіт. Шамның жалыны сенің көзіңе шағылысып тұрды...
Қыз. Қолымнан ұстадың да...
Жігіт. Сенің қолыңды ұстадым да... Жоқ, сен менің қолымнан ұстап па едің, есімде жоқ. Қазір түс секілді көрінеді. Бір-біріміздің қолымыздан ұстадық. Сенің қолың дірілдеген... Менікі де. Менің қолым беліңе, сенікі иығыма оратылды да, құшақтастық.
Қыз. Ернімнен сүйдің...
Жігіт. Сүйістік...
Қыз. Баяу...
Жігіт. Өте баяу...
Қыз. Әрбір клеткамыз тітіркеніп... Аяқ-асты свет жанды. Сен бірден мені жібере салдың. Шошынған кішкентай бала секілді...
Жігіт. Сосын, свет жана қалды. Сен менің құшағымнан сытылып шықтың. Көзіңде түсініксіз үрей болды. Сені өзіме қарай тарттым да, тағы да сүйдім...
Қыз. Өзімде аздап ыңғайсызданып қалдым-ау деймін. Бірақ біз бір-бірімізге қайта жақындадық. Бір қолым иығыңда, екінші қолыммен светті өшіруге асығып жатырмын. Сен дір-дір етесің... Мен де... Дірілдеуімізді тоқтата алмадық. Тоқтатудың қажеті де шамалы еді. Ересекпіз ғой... Өмірден біраз нәрсе көрдік, ақыл тоқтатқанбыз. Бір-бірімізге әлсіз жерімізді көрсеткенде тұрған ештеңе жоғын екеуіміз де білдік.
Жігіт. Таңертең сен өзіңді еркін ұстадың. Құдды бір екеуіміз баяғыдан таныс секілді. Ұйқыдан тұрған соң, төсекте кішкене жата тұрғанды жақсы көретінімді саған айтпаған шығармын, бірақ сен сол кезде мені оятпадың.
Таңғы ас дайын болғанша ұйықтай тұрсын деген шығарсың. Ал мен сенің ары-бері жүргеніңді, табаныңның еденге тигенін естіп жаттым. Сосын, сен ән айттың. Ән емес, бір әуенді ақырын ыңылдап айтып жатқансың. Сол әуеннің фонында сенің күлімсірегеніңді елестетіп жаттым. Сосын төсектің бұрышына кеп отырдың да, маған телміріп ұзақ қарадың. Сенің жанарыңнан шыққан беймәлім күш менің жүзімді қалай сипап өткенін, сосын иығымнан бастап аяғыма дейін қалай жанап өткенін сездім. Сен күлімсіредің...
Қыз. Ертесінде сен мені паркке апардың. Тротуарда шашылып жатқан үйеңкінің түрлі-түсті жапырағынан маған букет жасап, сыйладың. Сен мейрамханадағыдай көтеріңкі көңіл күйде болғансың. Парктегі барлық аттракционға отырғызғың келді. Мен сенің баладай әппақ көңіліңе, аңғалдығыңа қарсы тұра алмадым. Аттракциондарға отырдық. Бірге... Саған қараған сайын көзіңнен бақыт көремін...
Жігіт. Қызбен кездеспегеніме қанша уақыт өтті екен?.. Тіптен кездесуде қайда бару керегін, не істеу керегін ұмытып та қалыппын. Парк деген ойыма бірінші келді. Басқа қайда барасың? Паркте үнемі адам көп болады, серуендеп жүрген адамдардың көңілдері де тоқ, оның үстіне бар қызықтың бәрі паркте емес пе? Бірақ сені паркке әкелгенім үшін өз-өзімді іштей әбден боқтадым. Не ол бала құсап? Дегенмен, басқа қайда барасың? Театр деген қазір кімге қызық? Гонкаға апарар ем, (просто) өзім машинасыз болып қалдым, хоккейге апарайын десем, тура сол күні матч болмады. Бильярд пен боулингке де барсақ болушы еді. Бопты, парк – классика ғой, ал классика қашанда модада.
Қыз. Мені тирге апардың. Тирде тұрған кісі қуанып кетті, өйткені көп жігіттер қызбен жүргенде қызының көзінше мақтанғысы келіп, нысынаға дөп тигенше ата береді ғой. Ішіп алған болса, ойыншық үйрекке тигізем дейді де, көп ақша жұмсайды. Алайда сен өзің атпадың. Сенің көз алмай қараған нысанаң мен болдым. Құшақтадың... Тирде тұрған кісі сенің мақтаншақ емес екенініңді байқаған соң, сырасын алып, орындығына көңілсіз жайғасты... Әрине, басында біз ештеңе ұтпадық...
Жігіт. Аттракционды қойшы... екеуіміз паркте жүрдік. Тәтті мақта жедік, саған жапырақтардан букет жасап бердім, қанша қаңғысақ та, шаршамадық. Тирде мен шампан ұтып алғаннан кейін, парктің бір қуысындағы скамейкада отырып іштік. Сен маған қарай тығыла түстің... Байқасам, аздап жаураған секілдісің. Бір білерім: сенің ешқайда да кеткің келген жоқ, ештеңеге асықпадың, керісінше маған жақындай түсіп, иығыма басыңды қойғансың... Сосын, жылынып алу үшін бір-бірімізді қуаладық... Жапырақтарды шашып... Мен сені қуып жеткенде, жерге жантая кеттік... Сосын... ұза-а-ақ сүйістік.
Қыз. Тирдан шампан ұттың. Көпіршігі төгіліп жатса да, бөтелкенің аузынан іштік қой. Күлеміз... Күн салқын болғанымен, ешқайда кеткім келген жоқ. Парктің бір бұрышындағы жалғыз скамейкада сенімен шампан ішкен маған қатты ұнап еді... Сенің құшағыңа тығылып, иығыңа басымды қойғанымда, мен солай өмір бақи отыруға бар екенімді түсіндім. Жылынайық деп, бір-бірімізді қуалап ойнадық па... жерде жатып сүйістік пе... Нағыз махаббат, меніңше, жерде жатып сүйісу секілді. Көк шөптің үсті ме, сары жапырақтың ба, әлде қардың ба, әйтеуір жерде жатып сүйісу деген – бәрін ұмытып, шынайы берілу сияқты.
Жігіт. Сосын паркте серуендеп жүріп, бір музыканы естіп қалдық. Би алаңын айнала жарықшамдар қоршап тұр. Жап-жарық. Үрмелі аспаптардан жасақталған оркестр музыка ойнап тұр екен.
Қыз. Музыканың қайдан шыққанын іздеп жүріп, бір топ шал-кемпірге тап болдық. Қызық, иә?.. Үрмелі аспап оркестрінің музыкасына әлгі кісілер билеп жүр. Оңып кеткен пәлтө мен плащ киген шал-кемпірлер әлгі әуеннің ритмімен баяу вальс биледі. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын... Олардың түр-келбеті есіңде ме? Олар сондай сезімтал, сондай таза, сондай нәзік көрінді. Үнсіз, жымиып қойып, тербеліп билейді. Кеуделеріндегі ордендері жылт-жылт етіп... Шалдар жағы баяу қозғалса да, кеуделерін тік ұстауға тырысатын тәрізді, ал кемпірлер болса, баяғыдай еліктіріп әкететін сұлулықтары болмаса да, болмыстарын жоғалтпаған, өздерін сондай сыпайы ұстайды. Оларға қарап тұрған екеуіміздің де бойымызда бір нәзіктік, жылылық пайда болған сияқты. Мен сені қатты-қатты құшақтап алғанымда, сен... (Музыка ойнайды да, қыз баяу вальс билегенсиді.)
Жігіт. Би алаңында өңшең қарттар билеп жүрді. Құдды бір, олар менің балалық шағымның кейіпкерлері секілді еді. Аяқ-асты, балалық шағыма оралғандай болдым. Олардың баяу вальс билегеніне қарап, сенің таңданғаныңды да, қуанғаныңды да байқадым, сосын табаныңды аяғымның үстіне қойып, олармен бірге билей жөнелдік. (Жігіт орнынан тұрып, музыканың ритміне қарай билейді.)
Қыз. Сол күні біз сенікіне бардық.
Жігіт. Сол түні менікіне келдік.
Қыз. Кофені өзің дайындадың.
Жігіт. Кофе дайындайын дегенмін, бірақ... Плитаның үстіне тасып-төгіліп кетті ғой. Амалсыз, вино іштік. Сен малдас құрып, диванда отырдың. Мен креслода. Сосын мен Лед Зеппелиннің музыкасын қостым-ау деймін. Көшедегі светтің жарығы бөлменің ішін алакөлеңке етіп тұр. Ал біз тым-тырыс отырмыз. Вальс билеген қарт кісілерді ойлап... Екеуіміз бұл дүниеде біраз қиыншылықты бірге өңгеріп келе жатқан, бір-бірін ұзақ жылдар бойы танитын жақын адамдар сияқты сезімдім.
Қыз. Ертесі таңертең мен ұйықтап жатқанда, магазинге барып, попкорн, жеңіл-желпі тамақ, газдалған сусын, тағы бірдеңелер, сосын махаббат туралы фильмдердің дискісін әкелдің. Мен бұрын-соңды атын естімеген актерлер ойнайтын фильмдерді күні-бойы көрдік.
Жігіт. Ертесі күні біздікінде болдық. Сен менікінде қалғың келді. Мен де соңғы демалыс күнді бірге, жылы жерде, жылы үйде, көрпеге қымтанып алып өткізейік деп ойладым. Дүкеннен майда-шүйде бірдеңелерді, жолай 40-50 жылдардағы америкалық фильмдерді ала келдім. Көрпешені жамылып алып, попкорннан ауыз тиіп қойып, сүйісіп, кино көрдік. Кеудеме басыңды қойып жатып, қалғып кетіпсің... Оятып алмас үшін, түнімен қозғалмай ұйықтадым. Алайда, таңертең оянсам... сен жоқсың...
Қыз. Сен шырт ұйқыда жатыр екенсің, оятқым келмеді...
Жігіт. Неге оятпадың?
Қыз. Бетіңнен сүйіп ем, ұйқылы-ояу бірдеңе-бірдеңе дедің де, қайтып ұйықтап қалдың.
Жігіт. Кетеріңде бетімнен сүйген сияқтысың... Қоштасып... Сол сенің соңғы рет сүйгенің екеніне сене алар емеспін... Тұрсам, сен жоқсың... Ойымда ештеңе болған жоқ. Тұрдым, душқа түстім, тамақ іштім. Кешкісіні сені қала сыртындағы Көктөбеге апарамын деп ойлағанмын. Ол жерден бәрі анық көрінетін. Біздің қала... Түнгі қала... Қаламыздың түнгі көрінісі қандай әдемі екенін көрсеткім келген. Оның үстіне, машинам да ремонттан шығатын болған. Түскі асты бірге ішсек болады ғой деп ойладым да, саған хабарлассам, тұтқаны алмадың. Одан кейін телефоныңды көтерген жоқсың... Жұмысыңа барсам, отпускі алған дейді.
Телефоныңды көтерші... Тұтқаңды көтерші, өтініп сұраймын!
Домофоныңның коды 3-17-2-2-2. Сегізінші қабат. Коридордан солға бұрыласаң, ағаш есік бар. Есігіңнің звоногы істемейді. Ағаш есіктің арғы шетінде ашық түсті обои жапсырылған керегелер, кіп-кішкентай, жұп-жұмсақ тәпішкелер мен кофенің иісі... Ашшы! Сені біраз күттім де, үйіме қайта келдім. Әйтсе де тыныштала алмадым. Бұл қалжыңың ба? Өстіп те адам қалжыңдай ма екен? Тағы да сенің пәтеріңе оралдым. 3-17-2-2-2. 8 этаж. Коридордан солға. Ағаш есік. Звонок істемейді. Ағаш есіктің арғы шетінде ашық түсті обои жапсырылға керегелер, жұмсақ тәпішкелер, кофенің иісі... Ашшы деймін! Естіп тұрсың ба? Аш!
Қыз. Не істерімді білмей қалдым. Неге бұлай болып жатқынын түсінбей... не істесем болады? Анализ ғой бәріне кінәлі, анализ... бұл енді қанда бар нәрсе ме, білмеймін, дәрігер не деп айтады. Сұрайын десем, тілім күрмеліп... Мен сонда... бұл деген... ашық айтыңызшы... мұның емі бар ма?.. Неге кеш? Сонда маған... маған сонда... қанша өмірім қалды?
Нашатырьдің иісі... Жо-жо-жоқ, бәрі дұрыс, менің кетуім керек, кешіріңіз. Иә, иә, ертең міндетті түрде. Енді не істеймін?.. Болды, өз-өзімді қолыма алуым керек. Аяғым тәлтіректеп... Кім звондап жатыр... Жо-жо-жоқ, кешір, сенімен қазір сөйлесе алмаймын. Мен кішкене өзіме келіп алайын, сосын өзім хабарласамын. Жоқ... сен ештеңе білмей-ақ қой. Сенің өміріңнің тас-талқанын шығарғым келмейді. Менімен бірге қиналуға міндетті емессің.
Алло, Константин Георгиевич, маған отпускі жариялаңызшы, өз есебімнен. Иә, иә, бәрін түсініп тұрмын, бірақ мен бүгін... Бүгін мамама баруым керек, өте тығыз шаруа. Кету керек. Болмаса жұмыстан шығара салыңыз... Иә, түсініп тұрмын ғой. Жақсы, мен сізге бір хабарын айтамын. Рақмет.
Жігіт. Сенің ағаш есігіңнің алдында тың тыңдап отырдым. Үйдің ішінен аяқ дыбысын естіп қаламын-ау деп ойладым. Сен үйіңде болмадың, әйтпесе еститін ем. Бірақ басқа қайда барасың? Мен не істей аламын? Қолымнан келер қайран жоқ...
Қыз. Үйге бардым. Есікті тоқылдатуыңды тоқтатқанша айнаның алдында қыбыр етпей отырдым. Есіктің арғы шетінде сен екеніңді білдім.
Аяғымның ұшымен жатын бөлмеме бардым да, көрпешені бетіме дейін жауып алып, жаттым. Тоқылдатқаныңды қойшы. Есігімді қақпашы, өтінемін... Кетші... Ұмыт, таста мені... Қойшы деймін!!! Қой!!!
Жігіт. Сені кімнен сұраймын? Кімге звондаймын? Қайдан іздеймін? Саған не болуы мүмкін? Мамаңа бірдеңе болып қалды ма екен, бірақ телефоныңды алып, айтсаң болады ғой. Неге айтпадың, айтсаң мүмкін менің көмегім тиер ме еді? Көмегім тимесе де, қасыңда болар едім. Мен жаныңда болсам, жеңілдеп қалар ма едің? Неге жауап бермейсің?
Сонда мен кінәлімін бе? Ішіңді пыстырып жібердім бе? Әлде ойнап-ойнап болдың ба? Ойнап-ойнап, жалыққан сияқтысың ғой. Демалысыңды жақсылап өткіздің, енді ертең маған «біз бір-бірімізге сай келмейтін сияқтымыз» деп звондап айтайын деп тұрсың ғой! Иә, сөйтесің! Мынауың иттік... Кешір... Кешірші... қайдасың? Қайдасың деймін? Алсаңшы телефоныңды!!!
Сабыр... түш... Болды... Сабыр сақтау керек...
(Жігіт орнынан тұрады да, асықпай крассовкасын шешеді. Үстіндегі киімімен теңізге қарай тұра ұмтылады.)
Қыз. Не істеп жатырсың? Оның не? Жаным, керек мес, кешірші мені! Кешірші! (Қыз да теңізге жүгіреді. Жігіт суға сүңгіп кетеді.)
Жаным... Жарқыным...
Қыз теңізге жетіп, тізерлеп отыра кетеді де, жылайды. Жігіт судан шыққанда бетінен су тамшылары ағып тұрғандықтан, оның жылап-жыламай тұрғаны белгісіз. Жігіт қыздың жанына баяу басып келеді де, алдына (қарама-қарсы) отырады. Екеуі бір-біріне үнсіз ұзақ қарайды. Жел үдеп, жағаға соғатын толқын күшейе түседі.
Дмитрий Богославский — белоруссия драматургы, режиссёр, актёр. 2005 жылы Минск мемлекеттік өнер колледжін «бұқаралық шаралар мен мерекелерді басқару, мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастырушы» мамандығы бойынша бітірді. 2010 жылы Беларусь мемлекеттік өнер академиясын «Драма театры/эстрадалық режиссер» мамандығы бойынша бітірді. 2008 жылдан 2019 жылға дейін Богославский Беларусь мемлекеттік жастар театрының әртісі болды. 2019 жылдан бастап Республикалық Беларусь драма театры жанындағы Беларусь драматургия орталығының режиссері болды. Дмитрий Богославский альтернативті драма студиясының (САД – жас белорус драматургтерінің қауымдастығы) ұйымдастырушыларының бірі. Минск қаласында тұрады және сонда жұмыс істейді.