Дактиль
Нурбек Нуржанулы
Күзгі жапырақтар масайған қайыршының адымындай әр жерде шашылып жатыр. Әдетте Алматыға күз ерте келіп, құстар да жылы жаққа қамдана бастайды. Халық болса жылы киініп, жанын жасыра түседі. Ағаштың сары жапырақтары қолына шам ұстаған қариядай алдыңнан тосып алатыны бар. Атырап түгел жанған білте шам ба дерсің. Айналаң — жап-жарық, шат-шадыман. Осынау көрініске көз тойдырған оқушылар жүк көтерген құмырсқадай сөмкесін арқалапап, томпаңдап мектепке бара жатады. Оларға қарап тұрып, ертеңің бүгінгіден де жарық боларына иланғандайсың.
Анау бір «Ымырт» дүкені үстіндегі қайың жапырағы сарғайып барып жерге әнтек құлады. Ешкім байқамады да. Мына қым-қуыт тірлік барлығынан бейхабар. Сар жапырақ жасыл ғұмырын тауысып, өмірінің әлі түгесілмегенін, ендігі ғұмыры көше жағалаған жолаушыдай кезбелік екенін енді ұққандай, самал-желмен тербеліп отырып, кісі қарасын кес-кестеп сырғи берді. «Неге мені байқамайсыңдар-ей» дегендей балаққа оратылған күшіктейін, ана бір, мына бір қараның аяқ астынан табылады.
Бұл сапарының бірінші тарауында алғаш өмір құрсағында жатқан, көктемде туып гүл ашқан кішкене «бөбек» бүр еді. Өмірге гүл көзімен қарап, мына бір әлемді жасыл жанарымен бағып, өткен-кеткенді аялай саясын түсірген шағын қолшатыр, титімдей жаппа болатын. Ал, жапырақ-бауырларымен бірге кәдімгідей үлкен баспана тақылеттес. Леп соққанда, самал ескенде хормен ән айтып сыңсығаны тіптен ғажап. Олардың бұл әнін жұрт ұйып тыңдамаса да, бұлардың бар екенін тіпті ойламаса да, жәй ғана бақ орындығында отырып-ақ жан тыныштығына бөленетін-ді. Адамзат рухын әлдебір сиқырлы әлемге әкетіп, көңіл ауанын түрлі күйге бөлейтін. Бұлар секілді адамның жан тереңіне бойлай алатын ешбір аспаптың, қайбір әуен мен әншінің табылмасы хақ. Міне, сондағы балаң ғұмырында бұл жапырақ өмірін әлі алда көріп,мезгіл саяхатында сапар шеге берді. Кейін жаз келді. Есейген жапырақ мына өміріне қанағатсыздық танытып, өзінің де бір қайың, алып ағаш болғысы келетінін жарияға жар салды. Оның бұнысын тып-тыныш қана талда ілініп тұрған жапырақтар ақымақтыққа балады. «Сен қайта өмір сүріп жатқаныңа рақмет айт. Бұнда өмір сүрмесең енді қайда тіршілік етпексің. Қарт жапырақтардың айтуынша, мына өмір біз ойлағаннан да қатал. Кез-келген сәтте бізді тып-типыл қылатын күштер бар дейді. Сол үшін әр күніңнің қадірін біл» деп оған кеңес айтқан болады. Бірақ, жапырақ тырбанған үстіне тырбанып, мына бір шеңберден шыққысы келді. Уақыт өте келе жапырақ бауырлары айтқан сөздің жаны барын аңғарды. Соққан бораннан желкесі үзіліп кетердей мең-зең күйге түскенде, көшеде ойнап жүрген бұзық балалар ағаш бұтағын сындырып жатқанда, құстар саңғырып кеткенде, ыстықтан шыжыған шіліңгір шілдеде, төпелеп жауған нөсерде олкөне жапырақтардың бұларға қалдырған өсиетін қайта-қайта есіне ала берді. Ол осындай ауыр кезеңдермен шыңдалды, ержетті. Сөйтіп, Өмір мәнін түсіне бастағандай еді. Әлден уақытта күз келіп, атырапқа оның бауыр-жапырақтары бірінен соң бірі жер құшып құлап жатқанын көргенде қайғыдан қамықты. Осы күнге дейін кешкен ғұмыр ол үшін мәнсіз, бос, ертең болса – қараңғы көрінді. Ақыры оныңда жазмышы орындалып, сап-сары күйінше сабағынан үзіліп түсті. Жойылдым, жолдың соңы деп ойлады, бірақ бәрі де енді басталып жатқан-ды.
Желкенін кере тартқан яхтадағы теңізшідей жапырақ самалға мінгесіп ағаштан да үлкен, бақшадан да алып қала ішіне саяхат жасады: шаһар тұрғындарының қым-қуыт тіршілігіне куә болды. Базарда алып-сатар саудагерлердің у-шуы, көшедегі кептеліс, бейберекетсіздік, күз кейіптегі тіленшілердің ұсқынсыз бейнесі, тасада кеп қалған өлім, өкпе-реніш, төбелес – барлығы нәп-нәзік жапырақты одан бетер терең мұңға батырды. Бұл әлем ол ойлағаннан да қатал екен. Самалды қанат қылып самғай берді. Тау аралады, көлден өтті, орман кезді. Сонда мына дүниеде үреймен қатар сұлулықтың, тыныштықтың да бар екеніне иланды. Осы бір тыныштықта қалуды ұйғарғаны сол, жел оны көтеріп, кезекті шытырман сапарға әкетті. Жалғыз жапырақ қала ортасындағы мектеп алдындағы терезе жақтауына кеп қонды. Ал, терезенің ар жағында адамға тән тіршілік көрініс тауып жатты.
Жаңадан сегізінші сыныпқа келген оқушыны анасы мен ұстазы оқушылармен таныстырып жатыр. Жаңа оқушы Бақытнұрдың бойы қысқа, кербез, бірақ алақ-жұлақ еткен көзінде болып жатқан кез-келген оқиғаны құр жіберіп алмайын дейтіндей ынтызарлық білінеді.
— Бақытнұр бұл өзі талантты бала. Суретші. Салған суретімен республикалық байқаулардың лауреаты, жүлдегері. Айналайындар, талантты адам өзі басқалардан өзгеше келеді. Бұ да сондай. Аутизм дертінің аздап белгілері бар демесең, сабақ оқығанына, сурет салғанына қарап қайран қаласың. Сендерден өтінерім ұрыспай-таласпай, тату-тәтті болсаңдар. Намысына тимеңдер, ренжітпеңдер! — деді көзілдірік таққан, төртбақ әйел аңқылдап, әрі жуаси сөйлеп.
Соңғы партада отырған қара баланың бірі сыныптасының шынтағынан түртіп:
— Айтам да, төбеттей баласын не көрінді сонша өбектеп, — деді жақтырмай.
— Соны айтам, — деді көршісі оған қосылып.
— Бақытнұрдың анасы айтқанын ұқтыңдар ғой? — деді мұғалима оқушыларынан дүдәмалданса да, жаңа келген оқушы мен анасын шошытып алмайын дегендей өтірік жымиып.
— Иә, — деді бәрі жамырап.
— Енді қазіргі балаларды өзіңіз білесіз — бағынуы қиын. Сонда да Сіз еш алаңдамаңыз.
— Айналайын, бас-көз бол! Рақмет! — деп анасы сөмкесін қолтықтап, басын қайта-қайта изеп, баласын әскерге жіберіп жатқандай қимай бөлмеден әзер шықты.
Бақытнұр болса тырысқан арық саусақтарын құдды бір ауада күйсандық ойнап, перне басқандай қозғалтып жатыр. Бәрі де жамырай күлді.
— Орныңа отыра ғой, Бақытнұр! — деді Шынар апайы жұқарған жүйкесін әзер ұстап. Орнына отырып жатып аһылап-уһілеп алды. — Әй, сендер адам болар ма екенсіңдер, – деді қабағын шытып, басын шайқап.
Бақытнұр отырам дегенше сыныптастары оны ала көзімен атып, жақтырмай қарап өтті. Ол бірінші қатардың үшінші партасындағы бос орынға жайғасты. Қасында отырған Сырым есімді аласа бойлы, қушықтай келген бала бұған еш арам ойсыз қарайды. Бақытнұр да оған қарап еді, әлгі көздер жасқана, тайқып кетті. Бақытнұрға қаралған көз қанша жерден суық болсын, оның көз қарасындағы суықтық бәрінен асып түсетін. Ал, терезенің ар жағындағы күзгі ызғар Бақытнұрдың жанарынан өткен суық еді...
Сыртынан қарасаң сүп-сүйкімді-ақ, моп-момақан бала. Қасына жуықтап кетсең, өткір көзінен денең түршігеді. Оған көршісі Сырымнан басқа ешкім жуитын емес. Бәрі айналсоқтап өтеді. Сырым еш жатырқамастан онымен танысты.
— Суретті керемет салады екенсің! — деді алдындағы параққа бұлыңғыр аспан мен көкке созылған күзгі ағаштарды кестелеп жатқан Бақытнұрға.
Ол естісе де, естімеген сыңаймен ақ парақты шимайлай берді.
— Мен де бала күнімде бейнелеу өнерінен сурет салатынмын. Ұстазым сонда маған «сенде қабілет бар» дейтін. Кейін сурет өнерін қойып, сызудан сабақ беретін Арман ағайдың дәрісіне қызығушылығым оянды. Қазір небір нысандардың схемасын, есебін мүлтіксіз сыза аламын. Сен ғимарат салғанда сызғышсыз, көзбен өлшейсің бе?
Бақытнұр өзін бұл сынып түгілі, мына өмірге бөтен сезінетін. Бұны көрген адамдар не мүсіркеп, не жек көріп қарайды. Әйтеуір олардан өзгеше қимылы үшін бұны кінәлап тұрғандай: тиісіп қалуға, мазақ етуге бейім. Содан қатты жараланған жаны қорғанысқа әдеттеніп қалған. Енді мына Сырымның аузын жаппай сөйлеп жатқаны, еш арам ойсыз тілдесуі бұның қоғамға деген тоң боп қатқан өкпе-ренішін жібітіп жатқандай. Қисайған аузынан сырғып бара жатқан сілекейін жеңімен сүртіп жіберіп:
— Иә-иә... — деді басын шұлғып.
— Не «иә»?
— Көз-көз-бен ес-ес-ептей-мін... — деді кекештеніп жақ еттері дірілдеп.
Ал, көрші партада отырған ірі қара оқушы Бақытнұрға ысқырып қалды. Көзін аударғаны мұң екен, ортаңғы саусағын шығарып мазақ қылып тұр. Бақытнұрдың бойын демде ашу билеп кетті де, альбомның жаңа парағын ашып қызбаланып сурет сала бастады. Сырым оның неге сонша асығыс сурет салып, ызбарланып кеткеніне қараса, әлгі ортаңғы саусақтың шұжықтай туралып жатқаны суреттелген сурет көлбең ете қалды. «Ол ашуын, сезімін, жүрек зарын бәрін суретпен жеткізеді екен» деп ойлады Сырым. Расында да, ол суретсіз өмір сүре алмайтын, сурет жанының бір бөлшегіне айналып кеткен-ді.
Қоңырау соғылған соң, оқушылар ат шаптырғандай сыныпты шаңдатып жіберді. Алысып-жұлысып, жүгіреді-ай кеп. Бақытнұр бір бұрышта өз ойымен өзі боп тұр. Терезеден түнерген аспанға көз тастады. Аспан да жер жүзін жатырқап, жақтырмай тұрғандай. Кенет терезенің ар жағындағы жақтауда оқырманға етене таныс қайың жапырағы жатқанын көрді. Бақытнұр дереу терезені ашып сарғыш жапырақты алды. Уысында жапырақ емес, өкпек күз тұрғандай әсерленді. Осы бір жапырақ бүкіл күзді бойына сіңірген негізі секілді. Жапырақты алып альбом дәптерінің арасына салып қойды. Ол өзінің кезекті суретіне жаңа тақырып тапқан-тын.
Сыныптастары бұны «жат планеталық» деп мазақтайтын. Көңіліне қанша жерден тисін-тимесін — міз бақпай отыра береді. Түс ауа Бақытнұрды анасы ертуге келгенде сыныптастары жан жақтан "әй, мамасының баласы" деп тағы ыржақтайды. Онсызда жүрегі нәзік суретші үшін мына жаңа ортаға, қоғамға сіңісу қиынның қиыны боп барады.
— Мектептегі бірінші күнің қалай өтті?
— Жа-жа-ма-а-н...
— Неге?
— Оқы-ғым кел-мей-ді, — деді Бақытнұр күбіжіктеп.
— Қой, олай деме! Қарашы барлық бала оқып жатыр ғой. Сен де оқы. Сөйтіп ержетіп мына жалғыз шешеңді бағасың. Мені сенен басқа кім бағады?
— Ме-е-ен бағам, — деді басын қисалаңдатып.
— Ой, құлыным сол!
Үйге келе салысымен өзге балалар құсап ойын ойнамайды. Болмаса сабақ оқымайды. Екі ермегі бар: бірі — сурет салса, енді бірі — телефонға үңіліп алып ойын ойнайды. Баласының тұмшаланған, қатулы мінезіне анасы ем-шара таба алмай дал. Психолог, дәрігер, емші дей ме, не керек, бәрініңтабалдырығын тоздырғалы қашан. Туабітті бұл дерттен айығуы екіталай екен. Бірақ, мына Құдай берген таланты оның осы бір дертін бүркемелеп тұрғандай. Қаншама жылдық тәжірибесі бар қайраткер суретшілердің өзі оның салған суретіне қарап тұрып, таңдай қаға: «Бұл нағыз тума талант. Бұлай сурет салу университет оқып, диплом алған бәзбіреулердің қолынан келмейді, тіпті» деп баға берген еді. Анасы баласының басына қонған бағымен қатар, соры да осы сурет пе деп қам жейтіні бар. «Неге» десең, кейінгі кездері күрең, сұр, сүреңсіз түстерге бейім келіп, үрейлі суреттерді көп шималайды. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана құстарды, гүлзар бақты, тоғай, тау-қыратты бейнелейтін. Қай суретінен де жылулық есіп тұрғандай. Ал, қазір түнек ішіне жұтылған әлдебір жартылай адам, жартылай хайуанды бейнелепті.
— Балам, неге бұндай қорқынышты суреттер өрнектейсің? — деді бірде анасы.
— Ұ-ұ-най-ды, — деді ұлы қысқа-нұсқа.
Қайран шеше ұлдың бұл қылығын неге топшыларын білмей дал. Не де болса «жәй ғана сурет қой» деп, ақыры қазбаламай қоя салды.
Бұл мектепке ауысқан себебі — анасы осы маңнан ипотекаға жаңа үй алған. Қуаныштары қойнына сыймай, жаз бойы ана мен бала жақсылап тұрып үйге евро-ремонт жасаған. Енді баласының оқуы таяп қалғаны есіне түскен ана үй мен мектеп арасы бірер сағаттық жол екенін ойлап басы қатты. Сөйтіп бір күннің ішінде баласын үй қасындағы мына мектепке ауыстырған болатын. Ал, Бақытнұр әлгі бір мектепке үйренісіп қалған-ды. «Қалам да қалам» деп қиғылық салмаса да, ол мектеппен іштей мұңайып қош айтысқан. Бұл сезімі де «Жат мектеп» деген атаумен картина боп төріне ілінді. Енді мына жаңа мектепке де уақыт өте келе үйренісіп келеді.
Мектеп директоры өнерді түсінетін болса керек, мектепаралық байқауларда қазылық етіп, талай ұланның жұлдызы жануына септігін тигізген-ді. Бақытнұрдың да сандаған суретіне тамсанып, түрлі байқауларға қатысуына мұрындық болды. Жас суретші жүлде артынан жүлде алып жатты. Мектептегі директордан бастап, бәрі Бақытнұрды мақтан тұтып, суретін «Біздің мақтаныш» деген ең үздік оқушылар қабырғасына іліп қойды. Аз уақыт ішінде осындай абырой иеленген Бақытнұрды сыныптастарының кейбірі көре алмай, салған суретіне сия төгіп, былғап, жыртып кетіп жатса, енді бірі оны қолпаштап қорғауға тырысатын. Осылай сыныптың өзі екіге жарылды. Бірі – Бақытнұр жақ, екінші жартысы – оған қарсы. Осы кезде Бақытнұрдың суреттеріндегі түнекке там-тұмдап жарық сәулелер пайда бола бастаған. Ол сәуленің құпиясын өзінен басқа ешкім білген жоқ. Анасы мына жетістіктермен байланыстырса, психологтар «жаңа ортаға бейімделіп келеді» деді. Бақытнұрдың өзі болса, жасырын альбомына алдыңғы партада отыратын Айқыздың бұрымын сала беретін. Оның шашынан, қарасынан, жымиысынан көз алмай отыратын да қоятын. Оны өзінің қиялында перизат кейпінде бейнелеп, адамзаттың қолы жетпес биікке бір-ақ шығарған. Ал Айқыз бұны мазақтамайтын да, жақсы ілтипат та танытпайтын. Шыны керек, көзіне де ілмейтін. Бақытнұр оның көзіне ілігу үшін жарыстардан жарыстарға қатысып, марапаттар мен медальдар алып келіп жатты. Атағы бүкіл қалаға аспандап кетті, тіпті. Әрбір жиналыстааты аталмай өтпейді. Ешбір марапат Айқыздың бұған қарағанынан жоғары емес-тін. Түнерген суреттерін Өмір десе, оған жағылған азғантай бояуды Айқыз деп атады ол.
— Апай? — деді бірде сабақ үстінде Айқыз қолын көтеріп.
Тақтаны бормен тақылдатып ұрып жаңа дәрісті түсіндіріп жатқан апайдың қолы бір сәтке кідіріп қалды. Басын сәл бұрды.
— Шығып келсем бола ма? — деді Айқыз қысылыңқырай жауап қатып.
— Жаңа сабақ өтіп жатырмыз! Қайда барасың? — деді мұғалім дүрсе қойып.
— Дәретханаға, тез... — деді Айқыз дауысы қысыңқы шығып. Қиналып тұрғаны анық.
— Бар, — деді мұғалім зілді.
Осы сәтте Бақытнұрдың көңілі Айқыздан анық қалды. Оның көңілі бұлай ешбір адамнан қалып көрмеген шығар. Ол басын құрыстырып, олай бір, бұлай бір теңселіп отырып, альбомдағы түрлі-түсті ашық бояуды өшіре бастады (оған ерекше таланты үшін мектеп директоры кез-келген сабақта сурет салуға рұқсат еткен). Ішінде алай-дүлей боран соғып жатқанын альбом арасындағы әлгі кепкен қайың жапырағынан өзге ешкім байқамады да. «Мен періште көріп жүрген ару дәретханаға баратыны қалай? Мүмкін емес. Ол да басқа адамдар құсап демек алдай алады, өтірік сөйлей де біледі. Іші ауырып, тісі түседі. Ол да кәртейіп, сағаты келгенде өмірден өтеді. Ол да біз секілді адам екен...» деген оймен көңілі қалды. Айқыз есікті баяу ашып сыныпқа кірді де, орнына жайғасты. Осы аралықта, былай қарасаң, ештеме де болған жоқ, бірақ Бақытнұр үшін аспан айналып жерге түскендей. Ол мына қоғамдағы жалғыз сұлулығынан, жалғыз музасынан айрылып қалды. Көңіліндегі сурет көрмесіне түсіп тұрған күн шуағын қайтадан бұлт басты.
Альбомының арасына қыстырған әлгі жапырақты бірер сағат ішінде өрнектеп, жаңа параққа салып шықты. Анасы кешкі ауқат ішеміз дегеніне де қараған жоқ. Сосын осы суретке күн сайын қайта оралады да, әне жерін бір, мына жерін бір өңдеп, жониды. Жапырақтың ар жағында түрлі-түсті бояулар және бар. Оның бәрі мына өмірді әспеттеп тұрғандай. Бұл картинаны қабырғадағы көп картинаның қатарына іліп қойды. Бірақ, осы суреттен соң ол жарытып сурет те салған жоқ. Мең-зең күйде ұзақ уақыт жүрді де қойды. Мектеп директоры болса оның арқасынан қағып, жиналыста:
— Бұл бала ерекше дарын иесі. Сонау Моцарт, Пушкин, Пикассо тектес. Бұның түрлі қылықтары бізге ұқсамайды, сол ұқсамағаны үшін де ерек. Бұл біздің достығымызға, бауырмашылдығымызға мұқтаж. Шеттетпейік! Балалар, мазақ қылмаңдар, дос болыңдар! Ертең-ақ мектеп түгілі еліміздің абыройын әлемге асқақататын болады. Мен бұған жақында бір кабинет дайындап қоямын. Қалаған уақытында шығармашылықпен айналысып, жұмыс жасай береді. Бұндай таланттарды бірге қолдайық! – деп Бақытнұрдың мерейін өсіріп қойды.
Анасы директордың осы бір жақсылығына іші жылып, қуанып қалды. Бірақ, баласы үшін бәрібір еді. Ол өз әлеміне тұмшаланып өзгелердің тірлік қамына бас қатырған да жоқ. Анасы ұлының жанын кеміріп жүрген әлдебір ойдың барын түсінді. Кері кетіп бара жатқанын және білді. Жеткіншек жастан шығар, деп көп ана құсап қоя салды. Тамақты да жарытып ішпейді, сурет те жөндеп салмайды. Меңірейіп отырады да қояды. Сыныптағы оқушылар да ақырындап оны мазақ қылуды қойды. Ешкім кедергі болмады. Жолы ашық еді. Жолынан өз көлеңкесінен басқа кедергі ешкімді көрген жоқ. Бірер аптадан соң кенеп матаға сурет салуды қайта қолға алды. Анасы мұнысын жақсылыққа жорып қуанды. Бірақ, бейнелеген суреттері тіпті қорқынышты еді. Сырым досы да ондағы бұл өзгерістерді анық байқаған. Сурет пен жанының егіз ұғым екенін түсінген. Бір күні Сырым оның альбомында бейнеленген арықта мүрдем қатып жатқан мысықты көрді. Анықтап қараса мектеп ауласында ылғи жүретін ала мысық. Осы суретті ешқандай ой-қамсыз, бірақ түршігіп қараған-ды. Кейін сабақтан қайтып бара жатып, Бақытнұрдың әлгі мысықты тұншықтырып, жауыздықпен өлтіріп арыққа лақтырып жібергеніне куә болды. Сонда барып Сырымға «Ол суретін іске айналдырады» деген қорқынышты ой келді. Ойлағаны жазбай шындыққа айналды. Келесі күні альбомына сынған бұтаның суретін салыпты. Сабақтан қайтып барып аңдаса, ауладағы ағаштың бұтағын сындырып жатқанын және көрді. Ол аздай альбомына қабырғаға түрлі боқауыз жазылған сөздерді де байқады. Оны да дәрістен соң мектептің артқы бір қабырғасына бояп жазып жатқанын аңғарды. Сырым онымен сөйлесу керек екенін топшылады.
— Бақытнұр, сабақтан соң, доп тепсек қалай қарайсың? — деді оны барынша әңгімеге тартып.
Ол кезекті суретін альбомға шимайлап жатқан-ды. Сырым «Бұл тағы нендей сұмдық етпекші» деп дүдәмалданып,кезекпен оған, сосын альбомына қарайды. Бақытнұр көзге тік қарап көрген емес. Көзіне қарасаң, болды басын ала қашады. Не жарытып жауап та қатпайды.
— Қалай ойлайсың, мүмкін паркке барып аттракционға отырармыз?
Еш жауап жоқ. Шимайланып жатқан аппақ парақ. Алыстан бажайлап қарасаң, қап-қара қою бояудың ар жағында жанұшырып жатқан адамның бейнесі көлбеңдейді. Құдды бір тордағы тұтқын ба дерсің. Сол тұтқын Бақытнұрдың өзі секілді...сурет салу арқылы сонау бір қапастан құтылғысы келетіндей шимайлай береді. Бірақ, Сырым оның түрлі ақымақтығына тосқауыл болу үшін суреттен алыстату керек деп ойлады. Сол күні Бақытнұр аспашамға асылып тұрған өзінің өлі суретін салып шықты. Мұны байқаған Сырым қатты түршігіп барып, мұны енді анасына айтпаса болмас деген оймен әуелі апайына тіл қатты. Ұстазы анасына жеткізді. Қайран шеше, шыж-быж боп, жанұшырып психологпен, дәрігерлердің табалдырығын тағы тоздырды. Баласын көзден таса қылмай, бас-көз болып жүр. Көзі іліне кетсе болды, жыбыр-жыбыр етіп әлдене іздеп жүрген ұлын көреді. Ақыр-аяғы бұл хабар директорға да жетті. Керек десең, еңбек сабағынан беретін Кекен Бақытнұрдың мектеп терезесіне тас лақтырып, шағып жібергеніне куә болған-ды. Жүгіріп барып, желкесінен ала бергені сол, қақпанға түскен аңдай шыр-пыр боп тыпырши берген.
— Есің дұрыс па, сен баланың? Мұның қалай? — деп дүрсе қойғанын шыбын шаққан құрлы көрген жоқ.
Өзін кінәлі сезіну, ұялу, кешірім сұраудан ада. Ой-пошымы тек — қолынан сытылып құтылу.
— Директорға барамыз! Алдыма түс, — деп Кекен Бақытнұрдың құлағынан бұрап отырып директор кабинетіне барады.
Директор мұғалімнің барлық уәжін тыңдап болған соң, Бақытнұрға көңілі қалғандай бір қарады, терең әрі ауыр тыныс алды. Бұл күрсінісінен «мен сенен бұндай күтпеп едім» деген өкініш оқылғандай.
— Жарайды, Кекен мырза! Бұл баланың анасымен сөйлеселік. Шынында бұл — дарын. Бұндай талант иелеріне кей ақымақтық та жарасады. Бір жолға кешірейік, бірақ, анасына ескертелік. Таланттар осылай қоғамға еркелеп тұратыны бар, — деді барынша Бақытнұрдың бұнысын ақтаған болып.
Кейін директорға Бақытнұрдың суреттегісін өмірде қайталайтыны туралы сыбыс жетеді. Енді Бақытнұрдың әрбір адымы мектептегілердің көз алдында. Әр басқан сайын аңдып, оны бақылауда ұстайды. Алайда қолдан сусып кете беретін құм секілді ол суреттегі ойын заттандыру үшін, әйтеуір, бір айла-шарғы ойлап табатын.
Бір күні математика пәнін жанын сала түсіндіріп жатқан мұғалімді құлаққа ілмеген оқушылардың бірі телефон шұқылап, тағы бірі құр қиялдап, енді бірі шынында сабақ тыңдап отырса, Бақытнұр ақ парақты айызы қана шимайлап кескіндеп жатқан. Бұл әрекетіне қайран қалған Сырым оның шатпағын ұғатын емес. Математика пәніне қызықпаса да бұл жолы Сырымның құштарлығы ашылды ма — есеп шығарып, тақтадағы жазуды көшіріп отыр. Ал, сабақ аяқталарда көз қиығымен Бақытнұрдың альбомына көз салғаны мұң екен, аяқталуға жақын қалған қорқынышты суретті аңғарды. Суретте білегін сынық шишамен тіліп жатқан бала бейнеленген. Қолынан сорғалап қан ағып жатқанына шейін үрейлі суреттелген. Сырымның денесі түршігіп кетті де оның тағы бір ақымақтығы болып жүрмесін деп, мұғалімге қарап дереу «апай» дей бергені сол, Бақытнұр сезгендей-ақ етті. Қалтасынан бөтелке шишасын шығарып ап (әдейі ойластырып дайындап келген көрінеді), білегін енді тіле бермекші еді, Сырым алысып отырып қолын ұстап үлгерді. Сынып іші азан-қазан. Мұғалім шыр-пыр боп жатып бір оқушыға директорды шақырып келуді бұйырды. Ол демде зытып отырып есіктен шығып кетті. Ал Сырым Бақытнұрмен алысып-жұлысып, басқа балалардың көмегімен, не керек, қолынан шишаны алды-ау. Осы кезде енді босата бергені сол, Бақытнұр дүлей соққандай алдында тұрған қалам ұшымен білегіне сұққылай берді. Терісін жыртып, тамырын жарып қан шапшып аға бастады. Директор есікті жеңіл ашып кіріп келгенде өз көзіне өзі сенбей, ауаны қармана жұтып, жүрегі бір сәтке қысылып кетті. Бақытнұр қолынан қаны сорғалап парта үстіне шығып алды да, келесі партаға секіріп сыртқа беттеп бара жатқан. Есікке қарай ұмтыла бергені мұң екен, директор секіріп бара жатқан оны кеудесінен итеріп, мұрттай ұшырды. Көзі қанталаған Бақытнұр ешкімге көз салмастан, бақсыдай жерде бұралаңдап жатты да қойды.
— Бала емес — пәле! Не сұмдық! Айдың-күннің аманында қолыңды тіліп. Не деген бассыздық, — деді директор жан даусымен кабинетті басына көтеріп, – Звандаңдар жындыханаға, сонда барсын. Бұның орыны сонда... – деді жабырқап қинала.
Көңілі қатты қалғаны зарлы дауысынан білініп тұр. Балалар Бақытнұрды орнынан тұрғызып, бетіне су бүркіп, орындыққа отырғызды. Сәл өз-өзіне келген соң, сояудай тырнағымен партаны тырмалап кезекті «өлім» суретін салып жатты. Қаумалаған балалар кедергі болмақшы еді, директор:
— Тиіспеңдер, көрелік! Орнына қалам мен қағаз беріңдер — деді оның қимыл-әрекетін аңдып.
Қалам мен қағаз қолына тие салысымен, Бақытнұр рөлге отырған шопырдай зуылдап жылдам сурет сала жөнелді. Жоқ, бұл жолғы суреті өлімге ұқсамайды. Жап-жасыл ағаштан құлап бара жатқан жалғыз жапырақты бейнеледі. Сол құлап бара жатқан жапырақтан сырғыған бір тамшыны тағы бейнеледі. Балалар шу ете қалды.
— Қан шығар анауысы!
— Ж-ж-ж-а-с-с, — деді альбомнан көзін алмай өне бойы дірілдеп тұрған Бақытнұр.
Мектеп директоры, ұстаздар және оқушылар Бақытнұрды қалай жындыханаға алып бара жатқанына куә болды. Бұл жолы ол еш қарсыласқан жоқ. Ал, анасы алып-ұшып бала соңынан кетіп бара жатқаны анық.
Бақытнұрдың бөлмесіндегі компьютер үстелі мен оның жоғарғы тұсындағы сөреде алған грамота, медаль, марапаттары жарқ-жұрқ етіп, күзгі күн шуаққа шағылысып тұр. Оған қарама-қарсы қабырғада көркем картиналары көлбеңдейді. Ал, оқырманға етене таныс қайың жапырағы терезе жиегінде жата-жата қуарып, Бақытнұрдың анасы әлдеқашан қоқысқа лақтырып жіберген. Сол жапырақтың өмірде бар болғанын айғақтайтын жалғыз белгі — күзгі жапырақ бейнеленген картина. Әлгі жапырақтың енді үшінші сапары басталды. Ол — енді картина кейпіндегі жапырақ. Жапырақ та құдды бір тұтқындай — бояу мен қағаз, жиектеме ішінде естелік болып қамалды да қалды. Ал, оның арманы — самалмен көшу, көктемге жету, еркіндік еді. Бақытнұр да өзіне тән реңкпен боялған мына әлемді өзгеше бір түрге бөлеп тұрғанды. Анау құлап жатқан сар жапырақтардың да әрқайсысының өзіндік жолы мен сапары бартын.
Нурбек Нуржанулы родился 29 мая 1995 года в селе Акермен Меркенского района Жамбылской области. Окончил факультет журналистики КазНУ им. Аль-Фараби и магистратуру университета Ардахан (Турция). Финалист литературной премии Qalamdas, посвященной памяти Ольги Марковой, в номинации «Проза».