Игорь Котюх

321

Табиғи айрықша оқиға

(Орыс тілінен аудармасы)

Орыс тілінде жазатын эстон ақыны, аудармашы, баспагер Игорь Котюхтің афоризм сипатты фразалары басым прозалық өлеңдері біздер үшін әзір таңсық дүние. Тосын оралымдарымен, қызық шендестіруімен. Бірақ, түсінікті болғаны үшін де таныс болып көрінсе керек. Бір анығы — алғаш оқығаннан-ақ баурап алады. Несімен? Өзінің мәнерінде айтсақ, тосын теңеулері, түйіндері, терең пайымы, байқампаз суреткерлігі һәм суреткер байқампаздығы, мейірімді юморы, азаматтық позициясы адамды, адамзатты сүйетін үлкен жүрегі, жаны мен түсінігінің кеңдігі көркем өрілген шынайы өміршең ойлары мәтіннен менмұндалап тұрады.

Сондай дүниелерінің біразын назарларыңызға ұсынамыз.

 

Айнагүл Садықова — жазушы, аудармашы,  «Дактиль» әдеби журналының қазақ тіліндегі «проза» бөлімінің редакторы.

шілденің 23-і

ол біресе ойнақыланып, біресе көрінеу сыпайы бола қалатын, біресе дүниеге дарын-қабілетін аян ғып, теріскей шұғыласындай жарқылдаса, біресе қарбаластан қажып, саяқсып кететін. Бір бойына экстраверт пен интровертті қатар сыйғызған ол – кейде өзін киімнің сыдырмасындай сезініп, бойындағы қайшылас қасиеттердің басын қосып, сыдырманың тиегін сырғаната, әрбір үзікті қарама-қарсы жақтағы екіншісімен жұптастырып, бекітетін.

 

қазанның 17-сі

техникасы мен алғыр ақылы алаңдағы әрекеттерін болжауға әсте мұрсат бермейтін футболистер болады. поэзиямен де солай: қиялыңды шырқ үйірер небір өрнекті өлеңдер бар, тамсанбасыңа қоймайды. Мысалы: биік стиль мен қарадүрсін жазуды араластыратын, метафораларды жол-жолға моншақтай тізетін, әдепкі әңгімені әлдебір ғажайыпқа айналдырып жіберетіндер бар. Неткен керемет, неткен керемет десеңші!

(Сан-Симон)

 

қарашаның 2-сі

өзім ұнататын поэтесса, дорис карева, бір интервьюде қызын шыншылдыққа арнайы үйретпегенін мойындаған еді, өйткені, адал болу — табиғи қасиет. ал ересек өмірге аяқ басқан қызы, кейін шешесінен: сен неге маған үйден тысқары өмірдің өзгеше екенін айтпадың? деп сұрады. мен дористен жас, ал оның қызынан үлкенмін, бірақ екеуінің де жайын ұға аламын. Өзім дәурен кешкен бала кезімде адамды еврей болғаны үшін жек көру мүмкін-ау, бір жұмыстың ақысын ерлерден гөрі, әйелдерге кемітіп төлеуге болады-ау, қаншама сарыбас бала мектепте шашының түсіне бола сабалды-ау деген, тіпті, ойыма да келмес еді. Ах, дорис! Ах, балалық шақ!

 

қарашаның 13-і

арада екі үстел тұрған жерден мінсіз-ақ әлпет еді: жұмыр бас, майда ақша бет, үлкен көкшіл көз. Екі жыл мезгілі, екі таза түс: қыс пен жаз, қардай аппақ және көлдей көкшіл. Арада бір үстел тұрған жерден бұл әлпет табиғат ғажайыбынан суретшінің туындысына айнала берді. Сансыз көп шыны сынықтарынан тұратын портрет, опа-далап, қым-қиғаш әжім мен әнтек жымиыстан құралған әйнекті сурет дерсің. сүйкім деген осындай-ақ болар?!

 

қарашаның 30-ы

— университетте нені оқыдың?

— ... (музыка қатты ойнап тұр, анық естілмейді).

— қайда жұмыс істедің?

— ... (музыка қатты ойнап тұр, анық естілмейді)

— қазір немен айналысасың?

— ммм... өмірдің рақатын көріп жүрмін, деуге болады.

Әйел сұрайды, еркек жауап береді, жұмыртқа ликері, екеуі де, шамамен, 60-та.

 

желтоқсанның 30-ы

сөз бостандығы идеология желінің өтінде сөз бостандығы болудан қалады ол әбден пісіп жерге ұрылғанда жарылатын талшын жемісіне қысқаштың құрсауындағы жаңғаққа айналады ол жаңғақтың ішінен көп ұзамай жанын суырып алады сөз бостандығы үнсіздік киімін бүркеніп, ішкі диалог шегінен шықпастай болғанда, сөз бостандығы бола алмайды.

 

қаңтардың 13-і

Мынау қайда барады-әй! Кел, келе ғой, Осы сен ғана түсінесің, мені. Осы ұйықтағаның да жетер. Қой енді тентек болма! Бұның жарамайды. Сүйкімдім менің дейтін апам мысық пен итке сиыр мен атқа Тұмсықтарын сипап алақанынан жем жегізетін. О кісіге немесе әлгілерге бұл әңгімелер не керек десеңші? Осындай риясыз таза мейірім қайдан шығады екен?!

 

ақпанның 26-сы

таныс тас жол түнде жаттай көрінеді. Жолдың түп-түзу бөлігі бұралаңдай бастайды, ал үйреншікті бұрылыстар бұрынғыдан бетер кілт бұрып есті шығарады. Жол бағандары өз көлеңкесімен тұтасып-айырылып, дөңгелек астына түсердей ергежейлілерге айналады. Түнгі тас жол сиқырланып арайлы күннің алдында күшінен айырылуға айналған әлем іспетті.

 

сәуірдің 22-сі

музыкалық мектепте, оқушылар фортепианода ойнап пьеса жаттайтын тар кабинетте қабырға жарылды. Үлкен жарық төбеден қабырғаның ортасына жетіп, төмендеген сайын жіңішкеріп, жыпырлаған ұсақ жарықшақтарға тармақталады, бейне салаланған өзендей, бейне уақ талқыларға түскен келелі әңгімедей, бейне жіңішкеріп жоғалған мән-мағынадай.

 

маусымның 11-і

burnout тәнді құрсап барады – құдды, тесілген қайықты су басқандай. неғұрлым ары жүзген сайын, соғұрлым есу қиындап, соғұрлым су түбіне тарта береді. талантты отыз бір жасар жазушы талантты отыз екі жасар жазушының өліміне қазанама жазып отыр. шын көңілден, ұстаммен, ақылға салып, сөйтсе де, бала сынды бұндайға шорқақтығы кей-кей жерінен білініп қалады. жастардың өлімі мен қазанамасы табиғатқа жат әм қисынсыз жайт. өлім жайлы жазу үшін, ұзақ өмір сүру керек.

 

маусымның 21-і

«сен тек ертең маған қоңырау шалып, жай-күйің жақсы екенін айт», - деп өтінеді жұбатушы науқастан. «әрине, өзі де солай болады», - деп жымияды науқас. сырқаты сәл ғана сыр берсе де я ертеңіне көз жұмса да, ол осылай дейді. содан ғой өз дертіңнен гөрі, өзгенің уайымы қаттырақ батады әманда.

 

қазанның 14-і

үлкен қаланың тұрғыны табиғатты сирек ойлайды, ауылдық жердің тұрғыны кең бульварларды сирек ойға алады. оңтүстіктің тұрғыны әлдебір жерлерде қазанның ортасында-ақ үсік жүретінін елестете де алмайды. солтүстік ендіктердің тұрғыны жыл он екі ай жазға таң-тамаша қалады. Кез-келген тезиске антитезис табылады, қалыптасқан бір ахуалға өзінше қалыптасқан және бір ахуалды көлденең тартуға болады. Мен өлеңдерімде белгілі бір мекен, нақты орынға азырақ байланып, жер шарының тұрғындарына көбірек үн қатуым мүмкін еді, өлеңдерімде әлеуметтік мәселелер азырақ, гуманистік идеялар көбірек болуы мүмкін еді. Өзім де осыншалық албырт, осыншалық бірбеткей, осыншалық сөзуар емес, әлдеқайда есті, әлдеқайда сабырлы, әлдеқайда сыпайы бола алар едім. 

(Порту)

 

қазанның 13-і

психологтар демалыстар кезінде әлеуметтік желілерден бас тартуға кеңес береді, өйткені, алыс елдерде түсірілген айшықты суреттер күйзеліс тудыруы мүмкін екен. Үйден жырақта, көзіңмен де, телефоныңа да алуан түсті ұядай үйлер мен ескі алаңдарды, эйфельдің жобасымен салынған көпір мен соның үстінен алақандағыдай көрінетін мұхит пен тауларды суретке басып жүргенде осы кеңесті еске түсірген жөн-ау. Сырбаз-сылқым әм сан-сапат әдемілікке біреулердің еті үйренген, енді біреулердің тебіреніп, көзіне жас келеді, үшіншілері жабырқап қалады. Бүгін мен бақыттымын.

(Порту)

 

қазанның 12-сі

өлеңдер кейде болашақты болжай алатын болса, онда оларға бұндай мүмкіндікті жиі берген жөн. ой келді ме – жаз! идея келді ме – жаз! соны сезім кештің бе – жаз! өлеңдеріңнің бірі өрге жетелер жарық жұлдызға айналуы ғажап емес қой

(Милан)

 

қыркүйектің 17-сі

бардағы үстел, автобустағы кресло, серуендегі күрте, моншадағы сөре, балық аулаған кездегі қайық, шаштараздағы қайшы болғың келеді — тек, әйтеуір, адамдардың қалай өмір сүретінін білсең, титтей де болса.

 

Айнагүл Садықова — жазушы, аудармашы. ҚР Жазушылар Одағының мүшесі. Ғылым магистрі. Абай атындағы ҚазМПУ филология факультетінде оқытушы, телеарналарының дубляж бөлімінде аудармашы, М.Әуезов атындағы драма театрының аудармашысы. Лесковтың «Хайуан» әңгімесінің аудармасы үшін 2004-жылғы Республикалық Жас жазушылар, сыншылар, эссеистер мен аудармашылар байқауының «Көркем аударма» номинациясы бойынша бас жүлдегері («Раритет» баспасы). 2022-жылғы Mecenat.kz конкурсының финалисі (шорт-парақша).

Игорь Котюх

Игорь Котюх — 1978-жылғы мамырдың 22-нде Эстонияның Выру қаласында туған. Эстон поэзиясын орыс тіліне аудара жүріп, әдебиетке келді. 2000 — 2005 жж. Тарту университетінде эстон тілі мен әдебиетін оқып-зерттеді. 2004/2005 оқу жылында Таллин университетінде ауызша және жазбаша аударма курсын тыңдады. 2007-жылдан — Kite баспасының бас редакторы. 2010-жылы Таллин университетінің магистратурасына «әдебиеттану» мамандығы бойынша оқуға түсті. Мәдениет саласында баспагер, әдебиетші, колумнист, шаралар ұйымдастырушы ретінде жұмыс істейді. Санкт-Петербург Мемлекеттік университетінде және Тарту университетінде қазіргі эстон әдебиеті және Эстониядағыорыс әдебиеті бойынша дәріс оқыды.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon