Дактиль
Аманжол Исламғали
Аманжол Исламғалидың «Көңілсіздігімен көрікті көрінген бақ іші» деп басталатын жыр жолдары — жақсы поэзияға тән көркем сөз бен образды анағұрлым бойына сіңіре алған туынды деуге татырлық. Дәстүрлі ұйқасы болмаса да еркін, ырғақты. Қатып қалған қағидаларды ұмыта алмай, шығарманың техникалық мінсіздігіне көбірек шырмалған «кәсібилікке» ұмтылыс бұл жерден байқалмайды. Керісінше, көңілсіз естеліктері мен жанды жабырқатса да, сонысымен аяулы, сонысымен қастерлі бір сәтті барынша ұстап қалуға талпынған көркем шумақтар.
Жабырқаулы сәттерде жолығып қалғаным,
Жаңбырмен тазарғанк ештердің жан сүйген жұпары,
Жапыраққа жайғасқан жылтыркөз тамшылар,
Аяулышақтардың сырлы өңі жұқарып,
Қайғысы қалың қараңғы көшенің жүрегі (шаншыған)…
«Өңі жұқарған аяулы сәттердің» бояуын айшықты көрсете алу — кез келген өнер туындысының өлшемі деуге де болады. Біз көз жүгіртіп өткен автордың бірнеше өлеңі «осындай өлшемдерге сай, төгіліп тұр» деуден аулақпыз. Жас қаламгердің шығармашылық қуатын алдағы ізденісі, эстетикалық талғамы көрсетері анық...
Ырысбек Дәбей — жазушы, ақын
Сөздер сусып уысымнан,
Сезім сөніп соңғы шамдай.
Жел сеніммен жыл ұшырған
Жалқы жарқын жол құшардай.
Кезек-кезек құбылып күн,
Ой тамшылап, сана шұрық.
Бәрі алыста бүгін ұқтым,
Бүгін сездім қала суық.
Көше кезген естеліктер,
Өткен күннің «балғын бәрі»
Келмей кетті кештер күткен
Бір сәт түгел таңды ұрлады.
Сәулесі өлі сығалайды
күн бұлттардың бүйірінен.
Болжап түнде туар ойды
Шамдар жерге иілуде...
Ақ арманымды іздедім көшелерден,
Жоғалған үнді іздедім ескі шаһардан.
Түндердің мәні қалмады кеше көрген,
Кімдердің жолы алдады біздің қатардан?
Жоққа ілескендердің жанарындағы от сөнгенде,
Кінәмшіл ойлар — тұрағы.
Кіл өңі жылы кейіпке енді де «өр кеуде»,
оңаша қалып жылады.
Жалқының қандай тағдыры,
Жыл артса сосын кінә ауыр?
Сенімін артып пенде біткеннің барлығы
Құз басында ұзааақ тұрады...
Табысу менен адасулардың арасы —
аялдамайтын айналым.
Ызғарын сезіп, кеземін тағы қала ішін,
күтеді мені тасада қалған ойларым.
көңілсіздігімен көрікті көрінген бақ іші,
бұрын жүріп көрмеген жолдардың шамдары,
сүйкімі кеткенше сенделген шақтармен
қиялымда қауышып,
жабырқаулы сәттерде жолығып қалғаным,
жаңбырмен тазарған кештердің жан сүйген жұпары,
жапыраққа жайғасқан жылтыр көз тамшылар,
аяулы шақтардың сырлы өңі жұқарып,
қайғысы қалың қараңғы көшенің жүрегі (шаншыған),
мағынасыз мүмкіндіктерге апаратын тротуардың тозған тәні,
көп қабатты ғимараттардан құлаған сенім сынықтары,
біреудің жыл күтіп жазғандары —
біреудің сәт ішінде ойлап, ұмытқаны —
қаланың жүрегінде сақтаулы...
Бұлт арасынан сығалайтындай өткенім,
— Бұл мен бе?
Кешегі болмыс, кешегі мүсін
Бұлт артындағы өткенімменен бірге өлген.
Кешегімді іздеп күрең тартады бұл күйім,
— Келер ме?
Мен армандаған күллі арман неге тым биік?
Мен ойламаған ой, бәлкім, жатыр тереңде.
Соны ұқтым, сосын сүйкімі қашты бүгіннің,
— Үміт бар!
Ертеңге елеңдеп, жоғына өткеннің жығылдым,
Сенім де кейде үмітімізге кіріптар.
Күн қызара қап мұң шаққан сәт те көз ілген,
Жанымда қазір жоқ адам!
Келе ме қайтып кештерде қалған сезімдер,
Ораламын ба мен оған?
Күрең, күлгін, ақ, қара...
Қара түннің құшағында қала бұл,
Өз бояуын жоқтаған.
Жыл жүдеткен қаланың
кеудесіне түрлі — түрлі үй түскен.
...Жан байқаған жалғыздықтың жанары,
Тым күңгірт боп көрінеді кей түстен.
Күңгірт ойға малынған,
сәт ішінде бояп кеткен жаныңнан
шам іздеген боласың.
Бұл қалада кей құстардың тым ерте
мұң бояған қанатын.
Тұрғындардың өз шындығы күнелтер,
Шеңберінде шам сәулесі қонатын.
Күрең, күлгін, ақ, қара...
Біз қаланың ең қадірлі тұрғыны
өз бояуын таппаған...
тоналып бара жатқандай көркі қаланың,
өткеннің орнын қай сәттер толтыра алады?
қала аспанында қалтырап көшкен бұлттар да...
күрең көшенің бойында естелік қалған.
қимас жаныңды сағындың тым жырақ кеткен,
қимас шағыңның табылса бұлдырап кеткен
елесі.
сенімді үркіткен сөздерді ұмытқаныңа,
жалғыз жаныңның ішінде үміт барына сенесің.
Кеше ештеңе күтпедім
ешкімнен,
Мен шарасыздыққа шалдыққам.
(Бүгін де мұңлы әуен естілген.)
бүгін де жалғызбын сондықтан.
Тек сол сәтті сағындым.
Ада қалып бәз баяғы қалпынан,
Бәрі де оның өзгерді.
Көз алдымда өліп кетер сәттің де,
Сағынышқа көміп кетер сәттің де,
Оралмасын сезгенмін.
Оралмайды
жыл ішінде жылтыр сәт,
Оны күтіп батқанымен күн баяу.
Жанарларда жалқы-жалқы мұң тұрса,
Жүректерде бір сағыныш жүр ме ояу?
Санама мезгілсіз соққан тұрақсыз ойлардың шеруі,
Бәрі де өткенін ұмытқан кейіпте...
Жақын жандардың жанарындағы үміттің өлуі
немесе жап-жарық көңілдің сөнуі —
Сенімді лақтыру биіктен.
Оралғым келетін мекенде күтпесе ешкімім,
Оралмау керегін кеш білудің
сезімді жоғалтып алу ма аяғы?
Өзіңді жоғалтып алуға жолыққым келмейді.
Ең жылы сәттерде жаураған жанымды,
Кеш сайын өзіңе тым ерте жолдағандарымды,
Ертең де еске алғым келеді,
Жаным қалаған шақтарға бүгін де кеш барғым келеді.
Аманжол Исламғали — ақын. 2000 жылы 24 шілдеде Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. Облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті.