Нұрасыл Иса

820

Теоремалы аксиома

Moon

Рас болса Ай екенің,

Ай екенің рас болса,

Жарғанаттай сен бар түнде жортамын.

Құрсауынан бұлттардың,

Тұмшалар деп жүзіңді

Мен пенделік жүрегіммен қорқамын.

 

Ал Күн болсаң — күнбағыспын топ ішінде тым ерек,

Саған қарай талпынамын тамырымнан түрегеп.

...Саған деген махаббатты олар сірә білер ме,

Сенің өзің білмесең?!

 

 

49

Сағымдар арасынан да,

Сағыныш реңін байқағам.

Сағаттар тілін қаққанда

Мен сені көрдім қайтадан.

 

Маркетті маңайласам да,

көремін сенің атыңды.

Тәттілертаусылмасыншы

Дәл менің тағатым сынды.

 

Көліктер жүйіткігенде

Нөмірін көзім шалады,

Естелік елес береді

Есімің есімді алады.

 

Көркемім көзіңді жұмсаң,

Тұрамын алдыңда гүлмен.

Бұл тарту өзіңе сосын

Құрметім тағдырға деген.

 

 

Теоремалы аксиома

Зерге бір,

Зергерге бір

Зер саламын.

Пендәуи күйге енгендер пәлсапашыл.

Қоғамда

еңку-еңку жер шаламын

Жел сөзге дуаланып пенде басым.

Діндарлар ғашықтықтан дем салады,

Санамның жарлығына мөр соғады.

Дүние жалған десе, бас изеймін,

Тірлікте мән бар десе, таң қаламын.

Дінсізді ғаріп десе, мойындаймын,

Дүние жарық десе ойланамын.

Періште жүрегімді тілмегесін.

Құлдардың айтқанына иланамын,

Шеңберден шығуға да ұяламын.

Құдайдың өзі нұсқап қоймағасын,

Табытқа сыйып кетер армандарым.

Қалыпқа сыймады деп

Қиналамын...

 

 

Solo

Кешкі бұлттар

қирандылары көне қаланың.

Мен сені ойлап, іңірге батамын.

Құлан иекті қарсы алған ұйқысыздықпен,

Күмән есіктерін естіртпей жауып...

Басыңда сары бояуға малынған қара қылқалам,

Мен – мольберт күңгірт парақты.

(Алқызыл)

Ерніңнің бояуын жақшы!

Есерсоқ сезімдер бой бермей,

Рефери тоқтатқан шарасыз.

Бірақ та,

(Ережелерді екеуара ымыраласып) —

Сол түні тым ұзақ қадалдық

Жап-жарық түнекке...

 

Көздерің шаршаңқы,

 

Дүние мәңгілік ұйқының алдында тұрғандай мүлгіген,

Есінер шақтарда еріксізтөгілген жасыңды

Сүртсеңші қолымнан жасалған сүлгімен.

Бізжалғыз емеспіз,

Бірге де емеспіз.

Кетесің сен жырақ,

Сонда мен қырғыннан бір өзім қалғандай,

Қаламын тұнжырап,

Кетпеші...

 

 

SHE?!

Жаңбыр жауса, жапыраққа тамсану,

Жалқы үмітті жалғыздықпен қарсы алу.

Мұнша нәзік болар ма еді жүрегі,

Мұнша ғафыл болар мА еді аңсары?!

 

Аңқылдаған ажары саф ақылдым,

Жанарыңның шарасында жатыр мұң.

Күн нұрына жуықтайды күлгенің,

Ал жүрегің жүрегіндей ақынның.

 

Күлгенің де, жүргенің де, тым жақсы.

(Күз аялдап көктем тосып тұрмақшы)

Мың қиялға елітеміз екеуміз,

Бір тағдырға жөн сілтейді жүз бақсы.

 

 

Торығуға ұқсайтын хәл

Жан жағыңды жалмағанды үрейлі ой,

Бәрін-бәрін түсінемін, білем ғой.

Сан ғасырлар қойнауынан адамға

Тек күн ғана нұрын шашқан түнермей.

 

Құштарлықты зорлықпенен жүгендей,

Барды-жоқты саусақ санап түгендей.

Дүниені айналдырған тамұққа

Тұлғаларға сайтан сайқал күлердей.

 

Ізгіліктен тоспай-ақ та қайтарым,

Жан даусыңмен жүрегіңнің айт әнін.

Бәрін-бәрін байқамайды екенбіз,

Мен осыны байқадым.

 

Кәделі іске жараңдаршы, жарандар.

Қараға да, аққа да бір қараңдар.

Дүниеден жоғалмайды одан мән,

Дүниені тәрк ететін адамдар.

 

Жан-жағыңдыжалмаған-ды үрейлі ой

Бәрін-бәрін түсінемін, білем ғой.

Бәрін неге байқамайды екенбіз?

Бәрі-бәрі біз сияқты біреу ғой.

 

 

Алдану

Дүниенің солар шақта бар гүлі,

Нұр боп тамған жанарыңның жаңбыры.

Жанымыз да,тәніміз де тым жақын.

Қандай жақсы дүниенің тарлығы.

 

Дендер шақ па,

Дендержақта сенделгем,

Сағынып та,қамығып та үлгергем.

Мұңнан соққан шылбырымды үзген күн,

Тыңнан соққан самалаға тербелгем.

Ғайыптағы ғажайыпты білгенмен,

Сенім деген тұнып тұрған сергелдең.

 

Ең алғашқы сәулесіндей көктемнің

Өзегіме өлең құлап көктен-дүр.

Дөп түскенде дәптер ойға леп белгі,

Сені сонда жарық болып өпкенмін.

Нұр тамшыдан жүрек жарып өскен мең,

Қош деп әсте айтпас үшін қош келген.

Саған мені жақсы көрген ұнаса,

Маған сені ұнайды екен жек көрген.

 

Өмір екен өткен істің барлығы,

Өлең екен ақындардың тағдыры.

Жаман екен дүниенің тарлығы,

Жақын болып сезілгенде барлығы.

Нұрасыл Иса

Нұрасыл Иса — 2003 жылы Атырау облысында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінде оқиды.

daktil_icon

daktilmailbox@gmail.com

fb_icontg_icon